Өткен жылы қалың көпшіліктің арыз-шағымдары негізінде 36 кеден қызметкері жауапкершілікке тартылды

Олардың 25-і бойынша шағымданушылардың арыздары дұрыс деп табылып, кеденнің 36 қызметкері түрлі деңгейдегі жауапқа тартылды. Бұл туралы бүгін Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің 2009 жылы атқарған жұмыстарына байланысты өткен баспасөз мәслихатында аталмыш комитеттің Ішкі қауіпсіздік басқармасының аға маманы Ербол Шынәділ мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтеріне қарағанда, көпшіліктің арыз-шағымдары негізінде кеден саласының тағы бірқатар қызметкерлерінің әрекеттері бойынша қылмыстық іс қозғалып, олардың есеп картішкелеріне жемқорлық әрекетіне барғандығы жөнінде арнайы белгі қойылған. «Қазіргі таңда кедендік бақылау комитеті тарапынан делдал компаниялар тарапынан жасалатын алаяқтық әрекеттердің алдын алуға да барынша күш салынуда. Олар жымысқы әрекеттерін сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды «кедендік рәсімдеу шараларын жеңілдетіп беремін» деген сылтаумен қосымша қаржы талап ету арқылы жүзеге асырады. Ал бұл әрекет кеден қызметінің беделін түсіреді», деді ішкі қауіпсіздік комитетінің өкілі.