22:41, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Өткен жылы облыс жолдарында жол көлік оқиғаларын азайтуға қол жеткізілді
АҚТАУ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Өткен жылы облыс жолдарында жол-көлік оқиғалары 250-ден 239-ға, яғни 4,4 пайызға, қаза болғандар саны 142-ден 87-ге, яки, 38,8 пайызға және жарақат алғандар саны 261-ден 254-ке, демек, 2,7 пайызға азайды.

Бұл туралы бүгін жыл қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізген басқарма басшылығы хабарлап, жыл бойында жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейте түсу бағытында мақсатты түрде жасалған жұмыстардың арқасында жол апатын азайтуға қол жеткізілгендігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ОІІД Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Өткен жылы жүргіншілерді қағып кетуге қатысты 98 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 20 адам қайтыс болып, 85 адам жарақат алған. Бұл жердегі негізгі себеп, жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін өрескел бұзуынан болып отыр. Жүргіншілерден де кеткен қателіктер жоқ емес. Сондай-ақ осы уақыт аралығында 62425 жол қозғалысы ережесін бұзу анықталған. Бұл 2007 жылғы 38615 фактіден 59 пайызға көп. Соның ішінде қозғалыс жылдамдығын арттыру бойынша 5845 ереже бұзу, 3802 мас күйінде көлік айдаған фактілерді атай кетуге болады. «Биылғы атқарылған жұмыстар ? негізінен, алдын алу шаралары. Облыста жол апаттарын азайту үшін «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Абайла, балалар» жедел шаралары жүргізілді. Ақпарат құралдарын тартумен қатар ішкі істер органдарының өзге қызмет өкілдерімен біріге отырып, тұрақты рейдтер өткізілді. Ақтау қаласы бойынша орнатылған бейнекамералардың да жүргізушілердің қозғалысқа сергек қарауына үлкен әсері болды. Былтыр бұл құрылғылар арқылы 5066 жол қозғалысын бұзу фактілері тіркелді. Сондай-ақ әкімшілік заңнамаларға жол қозғалысы ережесін бұзғандардың жауапкершілік жазасын күшейту нормаларының енгізілгендігі де оң нәтижесін берді. Өткен жылы 218 адам әкімшілік қамауға алынды. 3805 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айрылды. Жалпы сомасы 162 млн. 029 мың теңгеге айыппұл салу туралы 48709 қаулы шығарылып, оның 131 млн.342 мыңы өндіріліп алынды», - дейді ЖПБ бастығы Жанат Әбдірахманов.