19:54, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Өткен жылы салық органдары бюджетке 400 млрд. теңгенің түспей қалғанын анықтады - Д. Ерғожин
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өткен жылы салық органдары бюджетке 400 млрд. теңгенің түспей қалғанын анықтады. Бұл туралы бүгін журналистермен кездесу барысында ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен 2008 жылы салық органдары республика бойынша 73 мың 984 кешенді тексерулер жүргізді. Оның ішінде 21 мың 500 заңды тұлға және 52 мың 185 жеке кәсіпкер тексеруден өтті. Тексерулер нәтижесінде жалпы сомасы 400 млрд. теңге қаражаттың бюджетке түспей қалғаны анықталды. Қазіргі уақытта бұл қаражаттың тек 30 млрд. теңгесі ғана өндіріліп алынды. Қалған сома салық органдары тарапынан тиісті тәртіппен сотқа шағымдалуда. Сондықтан да, алдағы уақытта сот тәртібімен қосымша 50-ден 100 млрд. теңгеге дейін өндіріп аламыз деп жоспарлап отырмыз», деді Д. Ерғожин. Оның айтуынша, өткен жылы енгізілген ықпалдастық зерттеулердің ақпараттық жүйесі нәтижесінде мемлекеттік сатып алулар бойынша да бірқатар айырмашылықтар анықталған. Ал бұндай ақпараттық бағдарламаның енгізілгені туралы жарияланғаннан кейін, кәсіпкерлер 2005-2008 жылдар бойынша 100 млрд. теңге шамасында қосымша декларациялар тапсырған. Осы декларацияларға сәйкес, кәсіпкерлер тиісті салықтарын төлей бастаған.
Сондай-ақ 2008 жылы жарияланған мораторий нәтижесінде тексерулер тек қана банкроттық жағдайда және құқық қорғау органдарының сұрау салуы бойынша жүргізілгеніне тоқталған комитет төрағасы, 2009 жылы кешенді, кезектен тыс тексерулер жүргізілетінін атап өтті.