Өткен жылы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы нысандарын жаңғыртуға 61 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді

Оның 60,7 млрд. теңгесі немесе 99 пайызы игерілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Құрылыс істері және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі агенттіктің төрағасы Серік Нокин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда 81 мыңннан астам жұмыс орны құрылған. 862 жоба жүзеге асырылды, ағымдағы жылы 13 жоба жалғастырылатын болады. «Өткен жылы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында 288 шақырым жылу трассасы, 737 шақырым электр желісі, 284 шақырым газбен жабдықтау желісі, 1029 шақырым сумен жабдықтау желісі және 172 шақырым су тарту құбыры салынды және жөнделді», деді агенттік төрағасы. Оның сөзіне қарағанда коммуналдық салаға жүргізілген сараптама нысандардың 70 пайызының тозғандығын көрсеткен. Тозудың мұндай деңгейі тиісінше, ресурстарды айтарлықтай жоғалтуға әкеледі. Мәселен, жылу энергиясының шығыны 35 пайызға, ауыз су 32 пайызға жетіп отыр. Сондықтан да агенттіктің қызметі келешекте тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын реформалауға, ең алдымен инженерлік желілер мен құрылғылардың техникалық жағдайын жақсартуға бағытталатын болады.