18:22, 12 Ақпан 2013 | GMT +5
Өткен жылы жол-көлік оқиғалары салдарынан 3 мыңнан астам адам қаза болды
АСТАНА. 12 ақпан. ҚазАқпарат - 2012 жылы жол-көлік оқиғалары салдарынан 3 мыңнан астам адам қаза болды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Жол жүрісі туралы» заң жобасын талқылау барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлік Кененбаев мәлім етті.

Министр орынбасарының айтуынша, жол полициясы тарапынан қабылданып жатқан шараларға қарамастан еліміздің жолдарында апаттылық жағдай күрделі күйінде қалуда. «Шындығында 2012 жылы елімізде 14 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ондай оқиғалардың салдарынан 3 мыңнан аса адам қайтыс болып, 17 500-ге тарта азамат түрлі дәрежеде дене жарақаттарын алды», - деді Ерлік Кененбаев. Оның айтуынша, 2012 жылы 2011 жылмен салыстырғанда жол-көлік апаты 18 пайызға дейін артқан. Ал ондай оқиғалардың салдарынан қайтыс болғандар саны 11,6 пайызға өссе, жарақаттанғандардың саны тиісінше 24,9 пайызға артып отыр.
«Осы тіркелген 14 мыңнан астам жол-көлік оқиғаларының 400-ге жуығы көлікті мас күйінде жүргізуден туындап отыр», - дейді Е. Кененбаев.