Өтіп бара жатқан жылдың өзекті өртеген оқиғалары

чп
Коллаж: Kazinform/midjourney/gov.kz

Өтіп бара жатқан Қоян жылы еліміз үшін күрделі, ауыр жыл болды. Жыл ортасында Абай облысындағы орман өрті, Қарағанды облысындағы шахтадағы апат ондаған адамның өмірін жалмады. Осы екі оқиғаға байланысты Президент Жарлығымен 2 мәрте жалпыұлттық аза тұтыну күні де жарияланды. Kazinform агенттігі жылды қорытындылап, елімізде болған қайғылы оқиғаларды еске алды.

өрт
Фото: ҚР ТЖМ

13 адамның өмірін жалмаған орман өрті

Осы жылдың 8 маусымында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» Республикалық мемлекеттік мекемесінің Бородулиха, Новошульба және Семей филиалдары аумағында ірі өрт болды. Бастапқыда қызыл жалын Новошульба филиалының аумағында шығып, осы мекеменің 14 қызметкері өртті сөндіруге жедел аттанған еді. Алайда, өкінішке орай олар қайтып отбасыларына оралмады.

Төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы алдын ала белгіленген Вьетнамға сапарын кейінге шегеріп, Абай облысына барды. Президент өртенген аумақты тікұшақпен шолып, тілсіз жаумен арпалыста қаза болған азаматтардың отбасына барып, көңіл айтты. Өрт салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстанда 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Мемлекет басшысы өз сөзінде өрт жайлы бір күн өткен соң ғана, 9 маусым күні кешке тиісті министрліктерге хабарланғанын айтты. Тілсіз жаудың алдын алуда шарасыздық танытқан Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді сол сәтте қызметінен босатты. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады.

Мемлекет басшысы былтыр Қостанай облысында болған өрттен қорытынды шығарылмағанын, берілген тапсырмалар атүсті орындалғанын қатаң сынға алды.

«Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Болжам дұрыс жасалмады. Нәтижесінде табиғат апаты тиісті дәрежеде әрі дер кезінде ауыздықталмады. Демек, тиісті алгоритмдер жұмыс істемейді», — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы өрт аймағында өткен жедел штаб отырысында министрлерді сынға алған еді.

«Бұл — ең алдымен, осындай апаттарға жол бермеу қажет, сонымен қатар төтенше жағдай болған кезде тиісті шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек деген сөз. Біздің жағдайымызда кәсіби салғырттық, адамдардың тағдырына мүлде немқұрайлы қарау байқалды. Қазір бұған тағы да көз жеткіздім. Ал, қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет. Министрлік, оның басшылары өз қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай апаттар орын алып отыр», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Семей резерватындағы өртке қатысты сала маманы ретінде пікір білдірген эколог Лаура Мәлікова Экология министрлігі мамандарының да жауапкершілікті мойындарына алғысы келмейтіндігін айтады.

«Семей орманы мен басқа да ормандар — мемлекеттің қорғауындағы ерекше аумақтар. Ормандарда ағаштар отырғызу, күтіп-баптау және өрттен сақтау — орманшылардың міндеті. Орман саласында тілсіз жаудың алдын алуға мүмкіндік беретін технологиялар бар. Айта кету керек, 30 жылдың ішінде мұндай төтенше жағдай болған жоқ. Демек, мәселе жүйеде емес, мәселе Экология министрлігінде отырған кадрларда. Олар өз саласын білмейді және жауапкершілік алғысы келмейді», — деді Лаура Мәлікова.

Айта кетейік, Тілсіз жаумен күреске ТЖМ-нің, Орман шаруашылығы комитетінің, жергілікті атқарушы органдар және Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдары, еріктілер — шамамен 1500 адам және 300-ден астам техника қатысты. Сондай-ақ өрт ошақтарын аэровизуалды тексеруді және су шашуды жүзеге асыру үшін 14 тікұшақ тартылды. Өртке қарсы күрес кезінде әуе кемелерімен көлемі 2000 тоннадан асатын 777 су шашылды. Өрттің жалпы ауданы — 63 333,5 гектар, оның ішінде, орман іші — 54 915,7 гектар, орман маңы — 7703,8 гектар, орманға жатпайтын алқап — 714,0 гектар болды. Толық материалдық залал — 161 555 125 335,0 теңге. Оның ішінде тікелей материалдық залал — 32 395 607 477,7 теңге және жанама материалдық залал — 129 159 517 858,0 теңге.

костенко шахтасы
Фото: Kazinform

Костенко шахтасындағы апат

28 қазан күні сағат 02:33–те Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты Костенко атындағы шахтада апат болып, 46 кенші мерт болды. Осыған байланысты Қазақстанда 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Бас прокуратураның апатты тергеудің алдын ала қорытындыларына сәйкес, жарылыс бастапқыда № 48К3-батыс лава көмір өндіру учаскесінде К2 астындағы көмір қабатынан шығатын метан-ауа қоспасының орналасуынан болған. Бұл жарылыс шахта өндірісіндегі көмір шаңының кезең-кезеңмен жарылыстарына әкелген. Себебі, оның концентрациясы рұқсат етілген нормалардан айтарлықтай жоғары болған. Тергеу барысында қайғылы оқиғаға шахтаны пайдалану кезінде өндірістік және өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ еңбекті қорғау ережелерін көптеген бұзушылықтарға жол берілуі тікелей байланысты екені анықталған.

Қазіргі уақытта көмір өндіру кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпеді деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық жауапкершілікке 7 адамнан тұратын шахтаның басшылығы мен инженерлік-техникалық құрамы тартылатыны мәлім болды. Қылмыстық процестік кодекстің 128-бабына сәйкес күдіктілер Қарағанды облыстық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал Костенко атындағы шахтадағы жарылысқа ұласқан өрттің себептерін тексеру жөніндегі Үкімет комиссиясының қорытындысына сәйкес жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз анықталып, жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты тұлға нақтыланып отыр.

Есте болса, осы жылдың 17 тамызында осы компанияға қарасты «Қазақстан» шахтасында да өрт болған еді. Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адам жер бетіне жедел көтеріп шығарылды, сегізі зардап шекті. Сонымен қатар 5 жұмысшы мерт болды.

Осы оқиғалардан кейін Қазақстан Үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын мемлекет меншігіне қайтару жұмысын бастап, табысты аяқтады. Таяуда ғана Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» және Ақтау құбыр зауытының құны 3,5 млрд доллардан 286 млн долларға дейін төмендетіліп, мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлімдеді. Мәмілені жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен бірде-бір теңге жұмсалған жоқ. Ал жаңа инвестор — отандық бизнесмен Андрей Лаврентьев. Сонымен қатар «АрселорМиттал Теміртау» ресми түрде QARMET болып өзгерді.

Осыдан бірнеше күн бұрын Qazaqstan Steel Group (QSG) компаниясы атынан кәсіпкер Андрей Лаврентьев Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге ArcelorMittal Temirtau активтерін сатып алу келісіміне қол қойды.

Келісім шарты бойынша QSG АМТ активтері $286 млн-ға сатып алынды, сондай-ақ жыл сайынғы 4 рет тең жарнамен төленетін $450 млн мөлшеріндегі қаражат кепілді түрде кейінге қалған төлемді жүзеге асырады. Сонымен қатар, келісім жабылған кезде тағы АМТ-ның өтелмеген топішілік қарызын төлеу үшін 250 миллион доллар төленеді. Кейіннен $3 млрд астам қаржыны инвестициялау міндеттемесін өзіне алады, оның ішінде 1,3 млрд доллар келесі жылы инвестицияланады.

4 баланың өмірін жалмаған өрт

25 қазанда Аягөз қаласында жеке үйлердің бірінде 20 шаршы метр аумақта жиһаздар мен жеке заттар өртеніп, оқиға орнынан төрт баланың мүрдесі табылды. Осы қайғылы оқиғаға байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова пікір білдірді.

«Қазіргі уақытта комиссия жұмыс жүргізіп жатыр. Балалардың әкесі жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейді, анасы азық-түлік алуға шығып кеткен. Балалар үйде жалғыз қалған. Негізі балаларды жалғыз қалдыруға болмайды. Бұған дейін Астанада, Жамбылда болған оқиғаға бәріміз куә болдық, қазір Аягөзде болып отыр. Сондықтан қазіргі уақытта комиссия өз шешімдерін шығарады. Біздің тарапымыздан тек қана жәрдемдесу — психологиялық қолдау көрсету», — деген еді Еңбек министрі.

Хостелдегі өрт: Алматы әкімдігі қаза тапқандардың денесін тасымалдауға көмектеседі
Фото: Александр Павский/Kazinform

Ажал уын сепкен хостел

30 қарашада Алматы қаласындағы хостелден шыққан өрттен 13 адам қаза тауып, 5 адам зардап шекті. Мерт болған 13 адамның төртеуі — шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы — Қазақстан Республикасының азаматтары. Хостелде барлығы 72 адам болған, олардың дені — студенттер мен жас жұмысшылар. Пәкістан мен Үндістаннан келген медицина университетінің студенттері де бар.

Алматы әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, Әди Шәріпов көшесіндегі «Almaty Hostel» Halyk Bank меншігіндегі ғимаратта орналасқан.

«Хостел бір жарым ай бұрын ашылған, ғимарат Halyk Bank-ке тиесілі. Банк оны кепілмүлік ретінде жалға берген. Бұл хостел Алматы қаласының жоғары оқу орындарымен студенттерді орналастыру үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған жоқ», — деп атап өткен еді әкімдіктен.

Мемлекет басшысы Алматы қаласындағы хостелдердің бірінде қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты.

«Қайғылы жағдайға кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады. Үкімет пен әкімдікке зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету тапсырылды», — делінген жеделхатта.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, еліміз бойынша қауіпсіздігі, жайлылығы және басқалары сақталған шамамен 170 хостелмен, Алматыда 85 хостелмен келісімшарт жасалған. 20 мыңға жуық студент хостелдерде тұрып жатыр. Осы ретте Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасасқан хостелдерге ғана мониторинг жүргізілетіндігін жасырған жоқ.

«Дегенмен, студенттердің баспана таңдауына — пәтер жалдап, хостелдерде тұруына шектеу қоюға құқығымыз жоқ. Мұндай есеп жүргізу өте қиын, мүмкін емес десек те болады. Өйткені, жатақханадағы орыннан бас тартатын студенттер де бар», — деді ол.

Соңғы жаңалықтар