«Отпантау» тарихи-мәдени кешенінде мерекелік шаралар өтті - Маңғыстау

АҚТАУ. 9 мамыр. ҚазАқпарат-  Көрісу күнінен бастау алған шат-шадыман мейрам жыл сайын «Отпантау» тарихи-мәдени кешенінде жалғасын табатын.
None
None

Биылғы ауа райының қолайсыздығынан 14 наурыздан мамыр айына ауыстырылған мерекелік шара Жеңістің 67 жылдығымен және бейбітшілік мерекесімен тұспа-тұс келді.

Кейінгі ұрпақтың бір-бірімен танысып, бірлік пен татулықты насихаттаған мейрам Ұран отын жағу рәсіміне ұласты. Өткен жылдың наурыз айында сегіз арыс Адайдың ішіндегі ақпан руы Ұран отын балықшы аталығына аманаттаған болатын. Осыған орай биыл балықшы руының үрім-бұтағы Қазақстанның барлық аумағынан жиналып, бір-бірімен көрісіп, хал білісіп, жай сұрасып, құшақтасып табысты.

Арғысы Өзбекстан, бергісі Алматыдан келген балықшы ағайындар қонақжайлылық көрсетіп, құдайы ас беріп, Ұран отын лаулатты. Сонымен қатар, «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп, ауызбірліктің айқын үлгісін көрсетіп, бірліктің туын көтерген тектілері Ер Қармыс, Тұрыш ата, Балуанияз батырға кесене орнатып ұрпақтық парыздарын өтепті.

 Тойды ұйымдастыру алқасының төрағасы Қылышбай Көшербаевтың айтуынша, Ұран отын бұрын биік шоқылардың басына елге жау келгенде белгі беру үшін тұтатқан. Бейбіт заманда өмір сүріп жатқан Адай атаның ұрпақтары ол отты татулық пен бірліктің, өрлік пен тәуелсіздіктің нышаны етіп жалғастыруда.

Бұл бір рудың басқосуы емес, күллі қазақтың ортақ қазаннан дәм татып, ортақ батамен бет сипап, тілеулес жан тілектестігін білдірткен, татулықты мызғымас қазық деп түсінген тағылымды кездесу.

Мәні терең кездесуге облыс әкімі Бауыржан Әлімұлы келді. Өлке басшысы бастаған топ барлық бақилыққа арнап Құран оқытты. Мұнан кейін өлкетанушы Отыншы Көшбай «Отпантау» тарихи-мәдени кешенінің сәулетімен таныстырып, жай-жапсарын баяндады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев облыс басшысына бұл мекеннің құнарлы өлке екендігін, жақын маңда Шайыр, Тұщыбек ауылдарында бір кездері жеміс-жидек жайқалып, судың мол қоры сақталғанын айтып өтті.

«Адай ата - Отпантау» МКҚК директоры Асқар Санауовтың айтуынша, тарихи-мәдени кешен әлі де болса қамқорлықты қажет етеді. Осыған орай жөндеу жұмыстары мен кешен сәулетінің салтанатын асыратын қыруар шаруаларға облыс әкімі тарапынан 3 техника сыйға тартылды. Облыс басшысы киелі жердің кемел істерге ұйытқы болуын, бірлігі жарасқан Отанымызда қазақ халқының әрдайым ынтымақты өмір сүруін тіледі.

Облыс басшысы мұражайды аралап көріп, өткеннен хабар беретін құнды ескерткіштер мен археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлерді қарап шықты. Сондай-ақ бұл мекендегі бұлақ көздерінің мол екендігі, келешекте жасыл желекті орманға айналдырып, өнер ауылын ашу туралы ұсыныстар айтылды. Қазір бұл жерде екі мың түп ағаш отырғызылған.

Атадан балаға жалғасқан игі істі тағы да жаңғыртқан Балықшы руы Ұран отын салтанатты түрде Бұзау руына табыстады.

Соңғы жаңалықтар