«Отырар» кітап-альбомы орны бөлек туынды
Жинақтың алғысөзінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР Ұлттық Ғлым академиясының академигі Өмірзақ Айтбайұлы: «Отырар - жүрегімнен орын алған киелі ұғым, қазақ тарихында алар орны өзгеше өлке. Оның табиғаты мен тарихы - сыры таусылмайтын шежіре. Ғасырлардан ғасырларға ұласып жатқан шерлі тарихтан алар тағылым мол»,- деп жазыпты.
Бір өңірдің қалыптасу кезеңін тереңнен толғайтын кітапта мемлекет қайраткері болған Өзбекәлі Жәнібектің «Отырар - біз үшін қазақ тарихының алтын бесігі, Куликово, Бородино алаңы, Ватерлоо алаңы секілді ерлік алаңы» деген сөзі жазылған. Сондай-ақ осы кітаптан ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның «Отырар - бір кездегі атақты астана, толып жатқан керуен жолының торабы, әйгілі мәдениет, сауда орталығы... Х-ХV ғасырларда Сырдария жағасында мұнан үлкен қала болмаған» деп берген бағасын да оқуға болады.
Бұл жинақта қасиетті Отырар өңірінің тарихы, географиясы мен этнографиясы, мәдениеті мен өнері түгел қамтылған. Сонымен бірге «Отырар өрендері», «Өлкетану өрісі» айдарларымен осы өңірден шыққан немесе киелі өлкенің тарихын жаңғыртуда айрықша еңбек сіңірген тұлғалардың, ақын-жазушылардың суреттері мен өмірбаяндары да берілген. Белгілі ақындардың Отырар жайлы өлеңдері де жинаққа енген.
Бұл еңбек Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» Ғылыми орталығының ғылыми кеңесінде талқыланған және мақұлданған. Осындай құнды дүниені шығаруда «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабековтің еңбегін айта кеткен жөн. Жазушы Тұрсын Жұртбай, «Менің Отаным - Қазақстан» сериясының бас редакторы Қуат Құрмансейіт, баспаның бас редакторы Раушан Тұрлынова, баспаның жетекші дизайнері Жеңіс Қазанқапов, баспа қызметкерлері Гүлжаһан Бектібаева, Бибісара Рахатова және Динара Кенжебековалар ортақ істің ойдағыдай бітуіне атсалысқан. Жинақта ғалым Карл Байпақов қорының суреттері, Еркін Қыдыр ұсынған және Жеңіс Кәкенұлы, Серік Ахметов, Олег Белялов арнайы түсірген фотосуреттер пайдаланылған. Әдемі безендірілген кітап-альбом 35 баспа табақтан тұрады.
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен елеулі еңбектің таныстырылымында сөз бастаған ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, жазушы Әлібек Асқар танымал академик, тарихшы Карл Байпақовпен бірге өткен жылы қасиетті өңірді аралап, Отырар төбенің басына шығып, етегіне түсіп, жан-жақты зерделегенін айтты. «Елбасы Қазақстанның үш брендін жасау жөнінде тапсырма берді. Олар: Берел мен Есік қорғандары, Түркістан мен Отырар екені анықталып отыр. Соған орай ежелгі Отырар мен Түркістан қалаларының тарихи орындарында туристік инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі күн тәртібінде тұр. Біріншіден, қалыпқа келтіру жұмыстары сапалы жүргізілуі керек. Бұл жұмыстар жыл сайын жасалып жатса да, қарқыны баяу екені жасырын емес. Екіншіден, ежелгі тарихи орындарға алып баратын республикалық маңызға ие автокөлік жолдарын қайта жаңарту қажет. Бұл бағытта қазір «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізінің жобасы іске асырылуда. Үшіншіден, туристік индустрия нысандарын салу да аса маңызды. Бірқатар министрліктерге этно-мәдени орталықтар салу жөнінде тапсырма берілді.»,- деді Әлібек Асылбайұлы.
Келесі кезекте сөз алған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Шалатай Мырзахметов өзінің Отырар өңірінде қызмет еткенін Алланың сыйы деп білетінін айта келіп, сол өңірдің тарихынан сыр шертті.
Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Дүкей Тәлиев Отырардың жанында қалалар болғанын, олардың Пышақшытөбе, Алтынтөбе, Марданкүйік, Көкмардан, Дастарбасы деп аталатынын айтты. Ал ақын Серік Тұрғынбек қаламынан жаңа туған «Отырар туралы ой» өлеңін оқып берді.
Республикалық ескерткіштер қоғамына басшылық жасаған, мәдени мұраны ежелден түгендеген Отырар ауданының бұрынғы бірінші хатшысы, Үкімет кеңсесі мен Президент әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған Мұқаметқасым Шәкенов 1988 жылы Отырар ауданына барған кезінде Арыстан баб кесенесіне қара құлып салынып тұрғанын, оны аштырған соң, өз елімізден ғана емес, көрші республикалардан да тағзым етушілердің көп келгенін айтты. Одан әрі: «Қазақстанды Г.Колбин басқарып тұрған шақта, 1988 жылы 19 қараша күні аудандық партия конференциясының күн тәртібіне шығарылған мәселелердің бірін Арыстан баб пен Отырар төбеге арнадық. Тарихи орындарды қалыпқа келтіру мәселесін қойдық. Және де тәу етуге келетін адамдардың тоқтайтын, қонатын жерін жасау жөнінде де жазылды. Тәуекелге салып, жазаласа, мойнымызбен көтерейік деп осы істі қолға алдық. Ол кезде мұндай шараға ақша бөлінбейді. Аудандағы жүректі де иманды азаматтардың арқасында біраз жұмыстар атқарылды»,- деді М.Шәкенов. Сондай-ақ ол Отырарда әлі де проблема көп екенін сөз ете тұрып, алдағы уақытта тарихи мекенге археологиялық жұмыстарды жүргізуде ұлттық, мемлекеттік және келер ұрпақтың көзқарасымен қарау керектігін ескертті.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов: «Отырар - қазақтың киелі, қасиетті бойтұмары. Қазақтың байтақ даласы қымбат жәдігерлерге тұнып тұр. Отырар - адамзаттың екінші ұстазы әл-Фарабидің отаны. Бұл кітаптың мемлекеттік тілде шыққаны өте орынды болған. Енді бұл жинақты ағылшын, араб, орыс тілдеріне аударып шығарса, еліміздегі құндылықтарымызды басқа мемлекеттерге кеңірек таныстыруға мүмкіндік болар еді. Өйткені бір жыл бұрын Дамаск қаласында болғанымызда, араб елдерінің әл-Фарабиге, Бибарыс сұлтанға деген құрметтері айрықша екенін байқадық. Олардың Қазақстанға деген құштарлығы зор, Елбасымызды ерекше құрмет тұтады», - деп ой толғады.
ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омарұлы өз сөзінде осы тамаша кітап Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза басқаратын Мәдениет министрлігінің қолдауымен шығарылғанын айтып өтті.
Осы басқосуда қазір еліміздің 160 ауданы бар екені, соның ішінде тарихы терең, шертер шежіресі мол аудандарды қамту жайлы ұсыныс айтылды. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей Орда ауданының шежіресі қазақ халқының, мемлекеттігінің тарихымен астасып жатқаны анық. Сол секілді Маңғыстау, Наурызым, Торғай, Бурабай, Баянауыл, Катон-Қарағай, Қарқаралы, Жамбыл, Түлкібас, Қазығұрт, Шиелі, Жаңақорған, Еңбекшіқазақ, Райымбек және басқа да табиғаты сұлу, киелі де қасиетті өңірлерде бір-бір энциклопедияға татырлық құнды дүниелер тұнып тұр!
Аталған жинақтың авторы, ҚР Президенті сыйлығының иегері танымал журналист Еркін Қыдыр: «Отырар - барлық қазақ мақтаныш ететін қасиетті өңір. «Менің Отаным - Қазақстан» сериясымен бұған дейін «Ұлытау», «Ойыл», «Ерейментау», «Қазығұрт» кітаптары жарық көрді. Ұлытаудан басталған көш жалғасып келеді. Міне, бесінші болып «Отырар» кітабы шығып отыр. Мен ашығын айтайын, Отырарда туып-өссем де, осы кітапты дайындау барысында туған мекенімнің әр бұрышындағы өзім білмейтін жерлерді көрдім. Бір топ азамат Отырар өңіріндегі небір тарихи орындарды арнайы барып көріп, фотосуретке түсіріп, тарихын жазып алдық», - деп ой қорытып, қолдау білдірген азаматтарға және шығармашылық ұжымға алғысын білдірді.
Осы басқосуды жүйелі жүргізе білген ақын-жазушы Әділбек Алпысбай сиясы кеппеген жаңа туындыда кең-байтақ қазақ даласының қасиетті бір өңірі саналатын өлкенің арғы-бергі тарихы хатталғанын айта келіп: «Бұл туынды Елбасының бастамасымен дүниеге келген, елімізде кең көлемде жүргізіліп отырған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарыққа шығып отыр. Тәуелсіздік тізгінін қолымызға алып, ел ретінде дербес дами бастаған тағдырымызды тұшынған тұста, алты алаштың баласы ат басын Астанаға келіп тіреді. Ай шуақты шаһарда ұлттық ес-жадымызды, ежелгі құндылықтарымызды, ата-баба мұрасын бұрынғыдан да ширақ түгендей бастадық. Бүгінгі «Отырар» кітабының тұсаукесері егемен еліміздің рухын асқақтату деп ойлаймын. Ендеше, қазақ халқының рухы биік, санасы саф алтындай таза болсын»,- деді.
Рухани байлыққа кенелткен басқосуда Астана ұлттық өнер университетінің оқытушысы, мәдениет қайраткері Жанғали Жүзбаев Арқа күйлерін шертсе, аталған өнер ордасының тағы бір ұстазы Әлия Шажалиева ән шырқады.
Қысқасы, туған өлке тарихын зерделеуде «Отырар» кітап-альбомының орны бөлек туынды екені анық.