Отырарлық 150 оқушы ЕХРО-ға аттанды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданынан 150 оқушы «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне аттанды. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов еліміздің келешегі - балаларды елордаға өзі бас болып шығарып салып, ақ жол тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.  
None
None

Таңғажайып көрмені облыстан кемінде 4 мың баланың тамашалауын ұйымдастыру жөнінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы тапсырма берген болатын. Осыған орай, Отырар ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен 200-ге жуық шәкіртке арнайы жолдама берілді. Олардың арасында күллі әлем көз тігіп отырған  «ЕХРО-2017» көрмесін тамашалау бақыты  алдымен 150 отырарлық шәкіртке бұйырды.

«ЕХРО-2017» халықаралық көрмесінің елімізде, оның ішінде Астана қаласында өтуі - үлкен жетістік.  «Бүгінгі оқиға - ертеңгі тарих» деп айтқандай, сіздер, еліміздің ғаламат жетістіктерінің куәсі болмақсыздар. Әлемнің үздік деген мемлекеттерінің ұсынып отырған ғажайыптарымен танысасыздар», - деді аудан әкімі оқушыларды шығарып салу салтанатында.

Сонымен қатар, Ерлан Айтаханов балаларға Астана қаласында алған әсерлері жөнінде арнайы шығарма жазуға шақырып, үздік деп танылған шығармаларға аудан әкімдігінің арнайы жүлдесі тапсырылатындығын жеткізді. Еліміздің бас қаласына жол тартқан керуенге ақ жол тілеген өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 

Соңғы жаңалықтар