Отызыншы жылдар зобалаңы ешқашан ұмытылмайды - З.Сисенғали
![None None](/static/img/plug.webp)
Оның айтуынша, «Мен қазақпын мың өліп мың тірілген» деп ақиық ақынымыз Жұбан Молдағалиев айтқандай, халқымыз сталиндік саяси қуғын-сүргін зобалаңын да бастан кешті.
Осы дүрбелеңде Жаңақаланың екі бірдей басшысы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мағауия Өтегенов пен аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Есет Тоқсанов бірінен соң бірі ұсталып, арыстай азаматтар атылып кетті. Тіпті «хазіретті қонақ еттің» деген желеумен ауданның Машер, Кәкім деген қарапайым адамдары да ұсталып, қайтпас сапарға аттанса, Дәулеткерей Кеженов, Досқазы Имашев, Ғұмар Салықов, Біләл Сәркенов сынды партия, кеңес қызметкерлерінің алды атылып, соңы ұзақ жылдар тар қапаста отырып, түрменің тауқыметін тартты.
Ал Мәскеу қаласында көрнекті мемлекет қайраткері Д.Қонаевпен бірге оқып, кейін Балқаш кен байыту комбинатында қатар қызмет атқарған жаңақалалық Қасым Байғанин де жазықсыз жаланың құрбаны болды. Кейін бұлардың бәрі де ақталып, азаматтық құқықтары қалпына келтірілді.
Елбасымыздың Жарлығымен 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл күн қашан да қасіретті де қасиетті күндер тізбесінде қала бермек.
Жыл сайын Жаңақала ауданында саяси қуғын-сүргін құрбандары мен жазықсыз жапа шеккен жандарды еске алу шаралары өткізіледі. Осыдан екі жыл бұрын аудан орталығындағы саябақтардың бірінде аудан әкімі Лавр Хайретдиновтың бастамасымен сол бір сүреңсіз кезеңді еске түсірер әрі қуғын-сүргін құрбандары рухына арналып ескерткіш-белгі қойылып, онда олардың тізімдері ілініп, бейнелері мәрмәр таспен кескінделді. Оның ашылу рәсіміне аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болған Есет Тоқсановтың баласы Вилен қария ұлы Ерланмен, басқа да бейкүнә жандардың ұрпақтары қатысты.
Тарих дөңгелегі кері айналмайды. Әйтсе де адамзат кешкен жақсылықтар мен жамандықтардың, сәттіліктер мен сәтсіздіктердің, жеңістер мен жеңілістердің қай-қайсысы да уақыт бедерінде айшықты белгілерімен қалады.
Сталиндік жазалау да тарихымыздың қасіретті беттері бола бермек.
З.Сисенғали елі үшін еңбек етіп, еңбектері еш болған боздақтарға арналған ой-толғамын мына өлең жолдарымен түйіндеді:
Гүл басып, қу мекен тақырды, Атой сап ер ұлдар шарқ ұрды. Оятып ұлтын да ұйқыдан, Азаттық, теңдікке шақырды.
Ту етіп Алаштың ұранын, Көтерді төбеге Құранын. Күн болып қазақтың көгінде, Жандырды туған ел шырағын.
Сұм заман неліктен сорлады, Аспанды қара бұлт торлады. Дариға-ай, шошынған қырандар Тұғырға қайтып кеп қонбады.
Көрді де тағдырдың салғанын, Көтеріп уақыттың салмағын. Тарихқа айналды тұлғалар, Қалдырып ұрпаққа арманын.