«-ов, -ев, -вичтерден қалай арыламыз?» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Халықтың ұлы таңдауына - 20 жыл» атты мақала басты. Әр елдің тарихында белесті оқиғалар болады. Сол белесті оқиғаларды бастап беретін ұлы күндер болады. 1991 жылдың 1 желтоқсаны біз үшін сондай күн.
Ресми түрде алғанда ол күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президентін сайлау өткізілді. Бірақ бұл ресми түрде ғана. Бодандықтың күні әне-міне бататынын, Тәуелсіздік таңының әне-міне ататынын әркім де біліп отырды. Ол күнді бүкіл халық күтіп отырды. Шын мәнінде ол күні болашақ Тәуелсіз Қазақстанның тағдырын айқындайтын Азаматтың жолы ашылатыны баршаға белгілі еді.
1991 жылғы 1 желтоқсан күні сайлау учаскелеріне кәрі де, жас та ағылды. Сайлаушылар тізіміне жазылғандардың 88,28 пайызы дауыс беруге келді. Бұл - 8 миллион 788 мың 762 адам. Олардың 98,78 пайызы дауысын Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Бұл - 8 миллион 681 мың 276 адам. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің Тұңғыш Президенті болып сайланды. Бүкілхалықтық қолдауға ие болды.
Содан бері Елбасымыздың жеңісті жолы жемісті жалғасып келеді.
Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, Мемлекет пен халықтың тәуелсіздігі сол дәуірге, ол туғызған қауіптерге сәйкес келеді. «Ал дәуірдің парадоксы мемлекет тәуелсіздігі жаһанданумен үйлесімде болады. Кейбір сарапшылар әрқашанда жаһандану жеңеді дегенді айтып қалып жүр. Алайда, әлемдік қаржы дағдарысын еңсеру тәжірибесі көрсеткендей, тәуелсіз мемлекет ұғымын мұрағатқа жіберу әлі ерте екендігін дәлелдеді. Тиісінше, тәуелсіз елдердің рөлі артып шыға келді. Сондықтан тәуелсіздік жаһандық үдерістерге кірігуді білдіреді. Оның арқаулық басты элементтері ақпараттық-технология және инновация. Президент инновацияны дамудың басты кілті етіп алғаны да сондықтан», - деп жазады «Егемен Қазақстан». Бұл мақаланы осы басылымының бірінші бетіндегі «Қазақстанның бейбітсүйгіш саясаты - ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің ерен үлгісі» атты мақаладан оқисыздар.
«Айқын» басылымының апталық санында «Ортақ валюта бола ма?» атты мақала басты. Басылымның жазуынша, бірыңғай валютаға көшу үшін валюталық нарықтың бірыңғай базалық шарттары болуы тиіс. Әзірше бірыңғай валюта туралы айту ерте болғанына қарамастан, елде әртүрлі пікірлір көбейіп барады. Ал сарапшы Қанат Берентаевтың айтуынша, Еуроодақ елдерінің жаңа экономикалық жүйеге көшуіне, оның ішінде ортақ валюта бар, 20 жылдай уақыт қажет болды. Сондықтан біздің жаңа құрып жатқан ортақ Кедендік Одағымыз бірыңғай экономикалық кеңістігімізде ортақ валюта туралы әңгіме қозғау әлі тым ерте. Бұл мәселенің жай-жапсарын «Айқын» басылымының бүгінгі санынан толыққанды білуге болады.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, Исламның шұғыл дамуы қылышпен жүзеге аспаған. Керісінше, қарапайымдылығы, және пайғамбарларының кішіпейілдігі,уәдеге беріктігі, туыстары мен барлық мұсылмандарға деген мейірімділігі арқылы адамдардың көңілінен шығып, жүректерінен орын алған. Ислам діні о бастан әлеуметтік әділеттілікті бұйырған. Жаратушы мен жаратылғанның арасында жеке бір құрылым болмайды. Құрән Кәрімді оқыған әрбір адам Алла тағаланың бұйрқтарын меңгеріп, оған мойынсұнады. Ислам діні қадір-қасиеттері мен оның мән-мазмұны жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Ислам дінінің құдіреті неде?» атты мақалада.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Болашақтың валютасы энергия екенін толыққанды сезініп отырмыз ба?» атты мақала жариялады. Басылымның жазуынша, халықаралық қоғам өмірін зерттеу орталықтарының болжамы бойынша, алдағы 10-15 жылда қуаттың жаңа түрлерін игеруге жаппай көшу, өндірісте аса берік, шыдамды, жеңіл, қызмет атқару мерзімі ұзақ заттарды пайдалану, үрдісі арта түсуі тиіс. Мұндағы негізгі мақсат - жер қойнауынан өндірілетін шикізатқа деген тәуелділікті азайту, қоршаған ортадағы табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру, сөйтіп, бұқараның өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау болып табылады. Ал бұл үдеріс қалай жүзеге асады деген сауалға жауапты «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санынан оқисыздар.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, кешегі Кеңес Одағы таңып берген азаматтардың аты-жөндеріндегі -ов, ев, вичтерден арылатын уақыт жетті. «-ов, -ев, -вичтерден қалай арыламыз?» атты мақалада бұл мәселені кезінде Алаш көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейхановтың да көтергені айтылады. Алайда Кеңес Одағы жүргізген сұрқия саясаттың кесірінен қазақ өзінің қазақ екенін де айта алмай келді. Дегенмен сол Кеңес Одағының «қол астында» өмір сүрген кейбір ұлт өкілдері өздерінің ұлттық үлгісінен айырылмаған. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санынан кеңірек білуге болады.
***
«Казахстанская паравда» басылымының жазуынша, осыдан 20
жыл бұрын 1991 жылдың 1-ші желтоқсанында Қазақстанның алғашқы бүкілхалықтық сайлауы өтті. Онда қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 98,7 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. «Бұл қиын да күрделі, соған қарамастан нақты әрі сәтті жүргізілген саясаттың негізін қалаған қоғамдық санадағы серпіліс болатын»,- деп жаза келе басылым, еліміздің қалыптасу тарихы мен мемлекет жүріп өткен жолдар тарихына талдау жасайды. Бұл мақала «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Нурсултан Назарбаев - народый Президент» атты тақырыппен басылған.