18:53, 31 Қазан 2016 | GMT +5
«Ойыннан шыққан от» - баспасөзге шолу
ОРАЛ. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің биылғы қазан айындағы нөмірлеріне жасалған шолуды ұсынады.

Газеттің 1 қазан күнгі нөмірінде тілші Гүлжамал Жолдығалидың «Мақтаулы білім ошағы» атты мақаласы жарияланған. Онда биылғы тамыз кеңесінде облыстық “Ең үздік орта білім беру ұйымы” байқауының жеңімпазы атанған Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі туралы жазылған.
«Біз ол жерде ұстаздармен, мектеп басшысымен кездесіп, жеңіске жетудің қыр-сырын сұрадық.
Ұққанымыз жетістікке жетудің сырының ең бастысы – ұжымдағы бірлік пен жауапкершіліктің жоғары болып, мұғалім мен оқушының өз ісін тиянақты аяғына дейін жеткізе білуінде. 2010 жылдан бастап мектеп-лицей болып ашылған білім ошағында оқығысы келетін балғындар ең әуелі емтихан тапсырады. Одан әрі іріктеу нәтижесінде бағы жанған балалар осы мектеп-лицейде 5-сыныптан бастап, оқуын жалғастырады.
Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Баймолдинаның айтуынша, мектептегі жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі шәкірттердің білім сапасы, жетістігі және ҰБТ арқылы бағаланады. Мектеп-лицейдің оқушылары жыл сайын қалалық, облыстық, республикалық білім додаларына қатысып, ылғи жүлделі орындармен оралып жүр. ҰБТ-дан қала бойынша үздік бестіктің құрамында. Ал жыл сайын мектеп бітірген түлектердің жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсуі 50 пайызды құрайды. Мәселен, жаздағы ҰБТ қорытындысында мектеп бітірген 34 түлектің 16-сы мемлекеттік грант иегері атанған. Біз аталмыш мектеп-лицей директоры Шынар Октябрьқызынан “Ең үздік орта білім беру ұйымы” байқауының жеңімпазы болып иеленген 18 млн. 287 мың теңгенің қандай қажеттілікке жұмсалып жатқанын сұрадық.
- Бұл қаражат мектептің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға берілгендіктен, ең бірінші әр мұғалімді компьютермен қамтамасыз етудеміз. Содан соң оқушылар мен ата-аналардың жиі болатын мәдени орны – акт залдағы перделерді жаңартып, жаңадан безендіруді жоспарладық. Жаңадан музыкалық аппаратураға, интеракивті тақта, моноблок алуға тапсырыс бердік. Кітапхана қорын толықтыруымыз қажет. Ол үшін қазіргі күнде әр мұғалімінің сұранысы бойынша жұмыстанудамыз. Әр сыныпқа қажетті картадан бастап, әр оқушының алдына глобус, әдістемелік құралдар, өзге де қажетті кітаптарды сатып алмақ ниеттеміз. Мектептің әр бұрышына Wi-Fi орнатып, мектептің сайтын жасатып жатырмыз. Әдістемелік кабинет, қыздарға арналған технология кабинетіне қажетті құрал-жабдықтар, керекті жиһаздармен қамтамасыз етуге, спорт құралдарына және роботтехника үйірмесіне қажетті заттарды сатып алуға тапсырыс бердік, - дейді мектеп-лицей директоры.
Мектеп директорының ғылыми - әдістеме ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Мұхтарова лицей шәкірттерінің өз шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұстаздарымен бірлесе отырып, жиі ізденетінін айтып қалды. Тағы бір бізді қызықтырған дерек, бұл білім ошағының балғындары кітапты өз беттерімен қызығып, іздеп жүріп оқиды екен. Әңгіме түйінін Гүлдана Сәрсенғалиқызы былай тарқатады:
- Біздің мектеп-лицейде әр пән өз ерекшелігіне сай өтеді. Баланы қызықтыра білу – мұғалімінің шеберлігіне байланысты. Көбіне сабақтың материалын ғылыммен байланыстыра отырып, оқушыға өз бетімен ізденуге тапсырмалар береміз. Оқушыға тек тапсырма беріп қана қоймай, оның орындалуын да жіті қадағалаймыз. Баланы кітап оқуға баулу да мұғалімнің қызықтыруына байланысты. Ұстаз шәкіртін жетелей білсе, ол да талпынады. Мәселен, өткен оқу жылын 298 оқушымен аяқтасақ, солардың жартысына жуығы – түрлі сайыстардың жеңімпаздары. Атап айтар болсақ, олардың 36-сы – олимпиада жеңімпаздары, жетеуі – облыстық, үшеуі – республикалық олимпиаданың жүлдегерлері, 30 оқушы – ғылыми жобалар сайысының жеңімпаздары, олардың оны – облыстық ғылыми жобалар сайысының, екеуі – республикалық олимпиаданың жеңімпазы. Жеті оқушымыз халықаралық олимпиадаға қатысса, оның төртеуі жүлделі орындармен марапатталды.
Міне, осылай біздің шәкірттеріміздің жетістіктері жалғасып кете береді. Бұл жерде орын алған әр шәкірттің артында оның жетелеп, бағыт беруші, шырақшысына айналған ұстазы тұр. Сондықтан біздің бағындырған әр биіктігіміз бен жеткен жетістігіміз – бұл оқушы мен мұғалімінің біте қайнасқан еңбегінің нәтижесі.
Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінде 37 педагог қызмет атқарады. Бар өмірін ұстаздыққа арнап, мектеп абыройын асқақатып отырған ұстаздар көшінің басында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Гүлзиһан Тасқарина, Гауһар Ажкеева, Ақмарал Баймолдина, физика пәнінің мұғалімі Алтынай Хасымова, математка пәнінің мұғалімі Қанат Иманғалиев, биология пәнінің мұғалімі Шынар Қаратаева, география пәнінің мұғалімі Гүлмира Сағатова, тарих пәнінің мұғалімі Шынар Сағынғалиева тұр. Бұл мұғалімдердің шәкірттері тек облыста ғана емес, республика көлемінде де өңіріміздің мерейін асқақтатып жүр.
Мектеп-лицей ұжымы ата-аналармен тығыз байланыс жасайтындықтан, тәрбие жұмысы да жақсы жолға қойылған. Мектебіміздің ең үздік атануына тек ұстаздар мен оқушылар ғана емес, ата-аналарымыздың қосқан үлесі зор. Олар баламен бірге жұмыстанып, мектепке жиі келіп, біздің әр қадамымызды қолдап отырады. Бұның өзі мектеп үшін – үлкен абырой, - дейді ұстаздар.
Біз мектеп-лицей директоры Шынар Сағынғалиевадан қазіргі заманда әр түрлі гаджеттерге байланып отырған оқушыны өз еркімен кітап оқуға отырғызатын, әр түрлі білім додаларынан жеңімпаз болатын шәкірттерді дайындайтын мұғалімді қалай таңдап, тауып алатынын сұрадық.
- Негізінен, біз осы білім ошағының бұрынғы директоры Дайыр Сапаровтың бағыт-бағдары бойынша жұмыстанып келеміз. Педагогтар құрамын мектептің бұрынғы кадрлары құрайды. Жалпы әр мұғалім – психолог. Сөйлесіп отырып, тумысынан мұғалім болу үшін жаралған адамды көзінен тануға болады. 2010 жылы осы мектеп-лицей ашылғанда көп ауыстүйіс болды. Мұғалімдердің кейбірі келгісі келмеді, кейбірі лицейде жұмыс жасауға жүрексінді. Көп қиындық болды. Бірақ қазір оның бәрі артта қалды. Біз өз арамызда тәжірибе бөлісу арқылы бір-бірімізді дамытып, толықтырып жұмыс жасаймыз. Ортамызға келген жас маман, жаңа мұғалімнің тез сіңісіп кетуіне жағдай жасаймыз, - дейді Шынар Октябрьқызы.
Мектеп мерейін асырып, ұстаз үмітін ақтап жүрген шәкірттердің тізімінен көз сүрінеді. Біз республикалық және халықаралық білім-ғылым додаларында топ жарған мақтаулы шәкірттердің есімін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Олардың қатарында Гүлзаман Меңдігереева, Дана Ерғалиқызы, Әнел Ғиззат, Асыланбек Ибрагимов, Аслан Тайманов, Гүлшанат Самигуллаева, Таймас Байқатов, Ильдар Бақтығали, Оралхан Зағыпар, Елшат Төлегенов, Айдарбек Төлегенов, Мария Гладкова, Шабхат Бержанов бар.
Бір «әттеген-айы» мақтаулы мектеп-лицейдің өз спортзалы жоқ. 5, 6, 7, 8 - сыныптар кішкентай екі сыныпта дене шынықтыру пәнін өткізсе, 9, 10, 11- сынып оқушылары М. Өтемісов атындағы БҚМУдың спортзалына барады. Сондай-ақ сан түрлі тарихи сәттерді басынан өткерген көне ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Өңіріміздегі үздік білім ошағының бұл мәселесіне құзырлы орындар назар аударып, оңынан шешілер деген сенімдеміз», делінген мақалада.
Осы автордың «Бақыттың гүлі» атты репортажында Қ. Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегері, республикалық «Алтын қалам», «Үркер-үміт» әдеби байқауларының жүлдегері, атыраулық ақын Бақытгүл Бабаштың «Бақыттың гүлі» атты шығармашылық кеші өткені айтылады.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен өткен рухани кешке жыр сүйер тыңдармандар жиналды. Фаризадай ақын туған жердің түлегі, өлеңдері сырлы сезімге толы ақын Бақытгүл Бабаштың шығармашылығын оқырманға кеңінен насихаттауды мақсат еткен әдеби кеште өңіріміздің белгілі ақындары Дариға Мұштанова, Айтқали Нәріков кеш иесіне ақ тілектерін айтса, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Ғайсағали Сейтақ ақын қарындасына арнап жазған өлеңін оқып берді. Ән-жырмен әрленген әдемі кеште ақын Бақытгүл Бабаш өз өлеңдерін оқып, жеке өмірінен сыр шертіп, жыр өлкесіндегі қолдаушы піріне айналған Фариза ақын туралы естеліктерімен бөлісті. Нәзік те сыршыл өлеңдерімен, әсіресе, жастар арасында кеңінен танылған Бақытгүл Бабашқа көрермендер тарапынан да сұрақ көп қойылды. Өзін кеңінен танып-білгісі келген жандарға ақын өлеңдерімен, қара сөзбен шынайы жауап берді. Сахнаға шығып ән салған ақынның ұлдары да көрермен көңіліне шуақ сыйлап, әдемі кештің ажарын аша түсті. Кеш иесі ағынан жарылып, сыр төккен, жыр төккен әдеби кеш жоғары деңгейде өтті.
Бақытгүл Бабаш 1981 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Ол Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультетін, аспирантурасын тәмамдаған. Кейіннен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті және журналистика кафедрасында оқытушы, республикалық «Алтын орда», «Жас қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі, облыстық «Атырау» газетінің мәдениет, білім, денсаулық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда Қазақ радиосының Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі қызметінде.
Өлең өлкесіне қалам тартып жүрген өңіріміздің жас ақындары Айнұр Ұябасова, Мәрлен Ғилымханов, Раббина Бату, Жадыра Ерманова рухани кеште өз өлеңдерін оқыды. Кеш соңында жыр сүйер тыңдармандар ақын Бақытгүл Бабашпен естелік суретке түсіп, қолтаңба алды.
Жәнібек ауданынан Нұрымбек Жапақов «Мүбина апайдың арманы» атты мақаласында еңбек ардагері туралы баяндайды.
«Биылғы қаңтар айында 92 жасқа толған Мүбина апай, тіл-көз тасқа, әлі тың көрінеді. Оны сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басынан танитынмын. Балалық шағымда әке-шешем аудан орталығында Дүйсен аға, Мүбина апамен қоңсы отырды. Апайды жақында кездестіріп қалдым, тіпті сол кезде сексеннің сеңгіріне шыққан атам мен әжемнің әке-шешеммен бірге тұрғанын ұмытпапты. Әңгіме арасында менің кейпімнің атама тартқанын айтқанда, осыншама жасқа келген кейуананың жадысының мықтылығына тәнті болдым. Апай бала кезімде көргеннен көп өзгере қоймапты. Жүзіндегі молайған әжімнің пердесін ойыммен ептеп сырып тастағанымда, сол балалық шағымда қырықтың ол жақ бұл жағындағы Мүбина апай көз алдыма келе қалды...
Ол Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Өнеге ауылында дүниеге келіпті. Әкесі Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен. Шешесі беріректе, 75 жасында дүниеден озған. Соғыс кезінде апай Өнеге ауылында дүкенші болып, ат-арбамен аудан орталығынан тауар тасыған. Колхозда қоймашы, тракторшылар шапқан шөптің жерін өлшейтін есепшілік қызметті де істеп, егін орып, ат, өгіз айдаған.
- Сол кезде жастарды бос отырғызбайтын, - дейді кейуана бізбен әңгімесінде, - Қай жерде қол күші жетіспесе, сонда жұмсайтын. Осындай қауырт жұмыстарды атқара жүріп, Дүйсен ағаңмен таныстым. Біз тұрмыс құрған жылы соғыс басталды. Дүйсен колхоздағы бастауыш мектепте сабақ беретін әрі осындағы цехтық бастауыш партия ұйымының хатшысы болатын. Соғысқа бармай, броньмен ауылда қалды. Ауыл адамдарына үйлерінің есігінің алдынан окоп қаздырды. Бас көтерген ер адамның бәрі соғысқа кетіп, окоп қазуды кілең әйелдер атқардық. Жау ұшақтары келе жатқанда, окопқа барып тығыламыз. Сол кезде ауылда 20 шақты үй бар еді, әйтеуір, Құдай сақтап, соның біреуіне де бомба түскен жоқ. Фашист ұшқыштары жымырайған там үйлерді байқамады білем, бомбаны далаға тастайтын. Соғыстың бұдан басқа да қиыншылығы жетеді ғой, шырағым. Аштықтан арам өлген малдың етін, тулақ жегендер, дұрыстап ас ішіп, тамақ жемегесін, ісіп кетіп, ана дүниеге аттанғандар да болды. Тышқан аулап, терісін астық, шайға айырбастап, аштан өлмей қалдық. Сабыр сақтап, жеңіске жететінімізге имандай сендік.
Соғыстан соң Дүйсен аға мен Мүбина апа аудан орталығына қоныс аударды. 1953 жылдан бастап апай Жәнібек ауылындағы дүкендерде сатушы болып жұмыс істеді. Қызметінде абыройсыз болған жоқ. Талай рет грамоталар мен алғысхаттарға ие болды. Жұртшылық Хамзиндер отбасын Жәнібектегі үлгілі отбасылардың бірі ретінде сыйлап, құрмет тұтатын. Дүйсен аға ұзақ жыл сауда саласында қызмет атқарып, 1981 жылы 65 жасында дүниеден озды. Балалық шағымда байқағаным - олардың үйінен қонақ арылмайтын, қашан көрсем де, есігінің алдында алыс-жақыннан келген көліктер толып тұратын. Солардың біреуіне қабақ шытпай, ауласында жүзінен күлкі үйіріліп жүретін Мүбина апайды көретінмін. Тағы бір есімде қалғаны - бұл үйден ер балаларды емес, Сәния, Ғалия, Лиза, Надя, Люция атты кілең қыздарды көретінмін. Үлкен қыздары шешеммен шамалас. Біздің үйдің қасына келіп, шешеммен бірге шемішке шаға отырып, әңгіме-дүкен құратын. Сол әңгімеден Люцияны сәби кезінен Дүйсен аға екеуі бауырына басып алғанын білдім.
– Бесеуі де Құрмаш қайын ағамның қыздары. Люцияны тым жас кезінен бауырға басқасын, ол өзімнің қызым болып есептеледі. Қайын ағам ертеректе жол апатынан қаза тапты. Абысыным да ауырып, екі жылдан кейін ерінің соңынан қайтыс болды. Артында аңырап шиеттей төрт қыз қалды. Дүйсенмен ақылдасып, төртеуін де бір жерден бағып, өсірейік деген ұйғарымға келдік. Қартым екеуміз бәрін де оқыттық. Жоғары білім алды. Қазір олардың алдының жасы жетпістен асты. Өз алдарына түтін түтетіп отыр, - дейді Мүбина апай өз сөзінде.
Апай 1982 жылы зейнетке шыққаннан соң да қарап отырмай, аудандық дайындаушылар кеңсесінде жұмыс істеді.
- Қазір үш немерем, сегіз шөберем бар. Барлығы да Орал қаласының айналасында тұрады. Солардың тілеуін тілеп отырамын. Жаратқан тек ақылымды ауыстырмай, балалардың алдында алып кетсе екен. Қыз-күйеу балам Люция мен Қорқыт та «қолымызға кел», деп күн сайын телефонмен хабарласып жатады. Ажал жетсе, осы қартымның мекенінде көз жұмсам деп армандаймын. Қазір қолымда қайын інімнің қызы тұрады. Алып бара жатқан сырқатым жоқ, аздап аяғым ауырады, - дейді өмірге құштар кейуана», делінген онда.
Газет тілшісі Гүлбаршын Әжігереева «Қысқы маусымға дайындық пысықталды» деген мақаласында осы өзекті мәселені қозғайды.
«Облыстық әкімдіктің кіші залында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысында азаматтық қорғау күштері мен құралдарының 2016-2017 жылғы күзгі-қысқы, көктемгі маусымға дайындық жұмыстарының барысы, азаматтық қорғау бойынша облыстық қызметтердің өз міндеттерін орындауы мәселелері қаралды.
Жиынды ашқан облыс әкімі табиғи техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға азаматтық қорғау жүйесіндегі күштер мен құралдардың тұрақты дайындығы облыстың жағырапиялық, экономикалық, инфрақұрылымдық және климаттық жағдайына негізделетінін атап көрсетті. «Көктемгі және жазғы ауа райының қолайлы жағдайы шөптің шығымдылығына, астықтың және мал азығының мол жиналуына мүмкіндік берді. Экономиканың даму үрдісі өндіріс нысандарының және тұрғын үй, әлеуметтік құрылыстың өсуіне әкеледі. Бұл азаматтық қорғау жүйесіндегі әдістерді жетілдіруге, тұрғындар мен аумақтың, шаруашылық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді міндеттейді. Азаматтық қорғаныс аумақтық және салалық принцип бойынша құрылып, әрбір орындаушыдан өз аумағында басқару формаларын және әдістерін жетілдіру, үйлестіру және өзара әрекетті талап етеді», – деді Алтай Көлгінов.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев алдымен барлық аудандарда орын алатын төтенше жағдайларға жанжақты тоқталды. Биыл өңірде мал азығының екі жылдық межесі жасақталған. Жылыту маусымына бюджеттік мекемелердің отынға деген қажеттілігі 4,4 мың тонна көмір мен 1,4 мың сұйық отынды құрайды. 645 білім беру нысаны түгелдей, 407 денсаулық сақтау нысанының 403-і, 379 әлеуметтік нысанның 376-сы, 1269 тұрғын үйдің 1140-ы қысқа дайын. Облыстық жолдар мен көпірлер қызметімен 1392 шақырым республикалық маңыздағы және 1758 шақырым облыстық маңыздағы жолдар күтіледі. Қысқы суықта жолдағы жолаушылардың амандығы үшін 21 жылыту пункті әзірленген. Жалпы 228 қар басуы ықтимал жол телімдері анықталған. Облыс бойынша қыста төтенше жағдайларды жоюға 182 техника, 458 адам жұмылдыру көзделген. Қыс кезеңіне басқару құрылымдары мен күштердің, құралдардың дайындығы «Қыс - 2016» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу барысында облыстық штабпен тексеріледі. Облыс басшысы қыс мезгілінде адамдардың жоғалуы сол адамдардың өздерінің және оларды іздейтін құтқарушылардың өмірлеріне қауіп төндіретінін айтып, мұндай фактілерді болдырмау мақсатында қандай іс-әрекеттер алуға болатыны жайында ой бөлісті. Ж. Жұмашевтың айтуынша, аудандардағы, екі ауылдық округтегі өрт сөндіру бөлімшелерінде тек өрт сөндіру техникалары бар болғанымен, олардың жолсызбен жүре алмайтынын, сондықтан арнайы жабдықталған техника алу қажеттігін алға тартты. Облыс басшысы азаматтардың қауіпсіздігі үшін мұндай техниканы алуға тиісті құжаттарды дайындауды тапсырды.
Ж. Жұмашевтың айтуынша, Ақжайық, Сырым, Қазталов аудандары өткен жылғы маусымда жол тазалауға атүсті қараған. Осыған орай онлайн режимінде жиынға қатысып отырған аталмыш аудандардың басшылары «орындарынан» тұруға мәжбүр болды. Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов күре жолдан Алғабас ауылдық округіне дейінгі 38 шақырым жол дұрыс тазаланбағанын мойындады. Биыл гидроторап бөлігіне арнайы «К-700» техникасы бөлінбек. Жаңадан автогрейдер техникасы да алынған, сондықтан қиындықтар болмайды деп сендірді ол. Сырым ауданында биыл былтырғы кемшілікті болдырмас үшін облыстық жолды бір компания және аудандық жолдарды өзге компания қарап, күтетін болған. Сонымен қатар 32 шаруа қожалығымен 36 техника тартуға келісімдер жасалған. Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайырдың айтуынша, аудандағы 719 шақырымдық жолды қардан бір күнде тазалау қиын, бұл жұмыстардың 3-4 күнге созылғаны жасырын емес. Алтай Сейдірұлы аудан басшыларынан өткен жылғы кемшіліктердің биыл қайталанбауын шегелеп тапсырып, қысқа дайындықты ширатуды талап етті. Сондай-ақ «Қазавтожол» БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Бауыржан Темірхановтан көктайғақ кезінде жол қозғалысына қатысушылардың өмірін қауіпсіз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылатынын сұрап білді. Өткен жылы транзиттік жолдарда қар кептелісі болғаны аян. Б. Темірхановтың айтуынша, жолға себілетін инертті материалдар 25 пайызға дайын, 49 техниканың 67 пайызы әзір және қысқа дайындық 1 қазанға толықтай аяқталмақ.
Жиында жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзиева баяндады. Оның баяндауынша, биылғы 8 айда 23 мыңнан астам жіті респираторлық аурулар тіркелсе, соның 83-і тұмау болды. Бұл өткен жылғыдан едәуір төмен. Жергілікті бюджет есебінен тұмауға қарсы 45 мың дозалық ресейлік вакцина сатып алынған. Тұмауға қарсы дәрімен тұрғындардың 7 пайызы, соның ішінде медқызметкерлер, балалар үйлері мен сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері, созылмалы аурулы, иммунитеті нашар балалар мен ересектер, жүкті әйелдер егіледі. Сонымен қатар кеңес отырысында қысқы маусымда шалғай ауылдардан ауруларды орталыққа жеткізу жайы да сөз болды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев те қысқы маусымға дайындық жайын баяндады. Алдағы қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізуге және бюджеттік мекемелерге отын түрлерін сатып алуға 6,9 млрд. теңге бағытталды. Бүгінде қажетті 1126 тонна сұйық отын (жоспардың 80 пайызы), 3234 тонна көмір (47 пайызы) жеткізілді. Білім беру нысандары түгелімен, денсаулық сақтау мекемелері 99 пайызға, әлеуметтік 379 нысанның 99 пайызы дайын. 1269 тұрғын үйдің 1140-ы ғана жылыту маусымына әзір. Жоспарлы 11,8 шақырымның орнына 12,3 шақырымдық жылу желілері жөнделген немесе жаңадан салынған. Жоспарлы 18,9 шақырымдық құбырдың орнына 14,5 шақырымдық су құбыры және кәріздік желі, 666 шақырым электр желісі жөнделді. Жылу-қуат орталығындағы жылу қазандықтары да жөнделген. Облыстағы 465 жылу қазандықтары қысқы кезеңге дайындықтан өткен. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары жылыту маусымы басталғанша толықтай аяқталады деп күтілуде. Ал Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халеловтың айтуынша, 16 жылу қазандығы қысқа дайын. 105 көпқабатты үйлер де дайындық құжаттарын алған. Ақсай қаласының төртінші және бесінші шағынаудандарын жылумен қамтитын жаңа Германиядан әкелініп, орнатылған жылу қазандығы жағылатын газды 30 пайызға үнемдемек.
Бұдан кейін «Қазавтожол» БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Бауыржан Темірханов қыс кезіндегі жолдың сапасын назарда ұстау, қар басып қалудан сақтау, күту, жол қозғалысының қауіпсіздігі хақында баяндады. Облыс басшысы республикалық маңызы бар жолдарды қарайтын мекеме басшылығына Атырау-Орал, Саратов, Ақтөбе бағытындағы күре жолдарда қыс уақытында қиындықтар тумас үшін қосымша техниканы жалға алуды ұсынды.
Кеңес отырысында «Қазгидромет» БҚО филиалының өкілі қысқы маусымға емес, тек қазан айындағы ауа райы жөнінде мәлімет берді. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ж. Жұмашев аталмыш мекемеден қысқы маусымдағы ауа райы болжамын сұратқанын, бұл қыстың және қардың, мұздың қалыңдығы қанша болатынын біліп отыруға, соған сай әрекет етуге қам жасауға көмектесетінін айтып, наразылығын білдірді. «2006 жылы өзен-көлде мұз қалың болып, тонналаған балық қырылып қалды. Мұндай жағдай 10 жылдан кейін қайталануы мүмкін. Мұз 7 сантиметр болса, балық қырылып қалады. Ондай жағдайда мұз ою жұмыстарын жүргізуіміз ке-рек. Маршруттарды жасауымыз керек», – деді Ж. Жұмашев.
Комиссия отырысын облыс басшысы қорытындылап, қысқы маусымға дайындықты уақтылы аяқтауды тапсырды», делінген мақалада.
Бөрлі ауданынан Айым Нұрғалиева аудан әкімі Алдияр Халеловтен «Ауылдағы ағайынның тілегі маңызды» деген тақырыпта сұхбат алған.
-Бестау және Березов ауылдарын қауіпсіз аймаққа көшіру мәселесі жөнінде Бөрлі ауданында қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Екі ауылдың тұрғындарын аудан орталығына көшіру қолға алынып, көшірудің бірінші кезеңінде жалпы 82 отбасы, оның ішінде Березов ауылынан 75, ал Бестау ауылынан 7 отбасы, жалпы 416 адам Ақсай қаласындағы 5-шағынауданда орналасқан 80 және 75 пәтерлі тұрғын үйлерге көшірілді. Бұл кезеңге ең алдымен әлеуметтік әлсіз топқа жататын және 2014 жылдың 28 қарашасында зардап шеккен балалар көшірілді. Әр отбасыға 1000 доллар және отбасындағы әрбір адамға 200 доллардан, сонымен қатар шаруашылық құрылыстарға, жер телімдері мен бау-бақшаларға жәрдемақы төленді. Ол отбасылармен биыл бірнеше рет кездесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдадық. Тұрғындардың өтініші бойынша балаларға ойын алаңдарын салып, егде адамдар тынығатын арнайы орын да салып бердік. Жуырда ғана 22 бала Орынбор қаласындағы «Солнечная страна» шипажайына барып, демалып қайтты, - деген онда аудан басшысы
– Екінші кезең бойынша не айтасыз, ауылда қалған тұрғындардың талап-тілегі қандай?
– Көшірудің екінші кезеңімен 373 үйдің тұрғындары қамтылады. Оның ішінде 349 үй Березов ауылынан, ал 24 үй Бестау ауылынан. Барлығы 1455 адамды көшіреміз деп отырмыз. Бүгінде Ақсай қаласының орталығындағы Қарашығанақ-1 шағынауданында 153 пәтерлі 9 қабатты екі үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Аталмыш екі үйдің құрылысын «АзияТехСтрой» және «АТК» компаниялары салуда. Жобаға сәйкес бір бөлмелі 36 пәтер, екі бөлмелі 54 пәтер, үш бөлмелі 27 пәтер және төрт бөлмелі 27 пәтер қарастырылған, көлемдері сәйкесінше 52, 68, 88 және 102 шаршы метр. Одан бөлек Ақсай қаласының Аралтал шағынауданында бір қабатты 100 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бас мердігер «Марасант» ЖШС үш бөлмелі 50, ал мердігер «Строительная Инициатива» ЖШС төрт бөлмелі 50 пәтерді салып жатыр. Жоба бойынша үйлердің көлемі сәйкесінше 90 және 100 шаршы метрге жуық. Үйлерге қоса қосалқы шаруашылық нысанның құрылысы да қаралған. Үйлер барлық сәулет-құрылыс тарапына сәйкес жобаланған, жұмыстар кестеге сай жүргізілуде.
– Жалпы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына Березов және Бестау ауылы тұрғындарының көңілдері тола ма?
– Қос ауылда да ашық есік күнін өткізген болатынбыз. Сол кездесуде ауылдықтардың құрылыстың сапалы жүргізілуіне байланысты талап-тілектеріне орай тұрғындар арасынан комиссия құрылды. Аталған комиссия апта сайын Ақсай қаласына келіп, құрылыс жұмыстарының барысын қадағалауда. Құрылған комиссияның құрылыс барысымен келіспейтін тұстарын өз тарапымыздан қарап, оң шешімін таптық. Техникалық су мәселесін шешу мақсатында комиссия мүшелері бізге өз тілектерін айтты. Біз тапсырыс беруші «ҚПО б.в.» компаниясының қосымша қаржыландыруымен әр үйге құдық қазып беретін болдық.
– Аталған мердігер компаниялар үйлерді қашан тапсырмақшы?
– Бұл мәселе облыс басшысы Алтай Көлгіновтің тікелей назарында. Қай құрылыста да ең алдымен сапа болуы міндетті. Бұл – алғашқы талап. Бүгінде құрылыстың 70 пайызы толық аяқталды деп толық айта аламыз. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында барлық үйлер толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі.
– Ал Аралтал ауылында бой көтеретін әлеуметтік нысандар және инженерлік инфрақұрылым жүйесі жөнінде не айтар едіңіз?
– Аралтал ауылында 300 орындық мектептің құрылысы тамыз айында басталып кетті. Бас мердігер «РаЗаСтрой» ЖШС аталмыш нысанды 2017 жылдың тамыз айында тапсырады. Ал екінші мәселеге келетін болсақ, Аралтал шағынауданында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысын бас мердігер «KSG» ЖШС тамыз айында өз жұмысын бастады. Жобаға сәйкес сумен қамту, газ отынымен қамту және көшеаралық жолдардың құрылысы қаралған.
Ал Қаршығанақ-1 шағынауданында 320 орындық балабақша құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бас мердігер «УральскСтройИнвест» жаңа жылға тамаша тарту жасамақ. Сонымен қатар келер жылы Аралтал шағынауданы мен Ақсай қаласының тұрғындары үшін аудан орталығының солтүстік бөлігінде де балабақша салу жоспарда тұр.
– Салынып жатқан барлық үйлер пайдалануға ағымдағы жылдың желтоқсан айында берілгенімен, ауыл тұрғындары биыл көшкілері келмейтіндіктерін айтқан. Бұған не дейсіз?
– Облыс басшысы Алтай Көлгіновке 362 ауыл тұрғыны атынан өтініш келіп түсті. Ол өтініште ауыл мектебінде білім алып жатқан оқушылар 2016-2017 оқу жылын Березов орта мектебінде аяқтауын және мал бағып отырған отбасылар жер аяғы кеңейген соң көшіруді сұраған. Әрине, ауылдық ағайынның бұл тілегі орынды. Демек, алдағы 2017 жылдың мамыр-маусым айларында екі ауылдың тұрғындары да толығымен аудан орталығына көшірілетін болады.
Сонымен қатар тұрғындардың денсаулықтары да басты назарда. Күзгі каникул кезінде 30 баланы қазақстандық шипажайлардың біріне ем алу үшін жібереміз деп отырмыз. Қазіргі кезде келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Тыл және еңбек ардагері Бақытжан Салахатдинов «Жеңістің қос қанаты» деген шағын мақаласында ескерткіш мәселесін қозғайды.
«Біздің өңірімізге келетін қонақтар Жайық пен Шаған өзендерінің ортасына орналасқан, сәні мен салтанаты жарасқан әсем шаһарымызды сүйсіне тамашалап, жоғары бағасын беріп жатады. Олар, әсіресе, Жайық бойына жайғасқан, Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне арналған алаңды аралап, көкке созылып тұрған Стелланы көріп, «Мына ескерткіш қалай аталады?» деп сұрайды. Сөйтсек, мұны дәлдеп атау қажет екен.
Жұртшылық ұғымында ол жеңімпаз майдангерлер мен сарбаздарды азық-түлік, қару-жарақпен мүлтіксіз жабдықтап отырған тыл еңбеккерлерінің біртұтастығын бейнелейтін жеңістің қос қанаты іспетті. Солай болса, келушілер сұрап жатпай-ақ, өздері көріп-түсінуі үшін осылай деп тасқа ойып, таңба салынса, қателік кетпейтін шығар және сонымен бірге ойға алынған тағы бір шаруа нәтижелі шешімін тауып қалар еді. Олай дейтінім, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында тыл еңбеккерлеріне арнап ескерткіш орнату мәселесі қозғалған-ды. Бірақ қазіргі экономикалық жағдайға байланысты ол кейінге ысырылғандай. Демек, бұл мәселені майдангерлер мен тыл қаһармандарының бұлжымас бірлігін айнытпай паш еткен мына қасиетті қос қанаттың өзі-ақ шешіп тұрғандай.
Бұл тамаша кешен кезінде өңірімізді басқарған, Ақ Жайықтың асыл қыраны, белгілі мемлекет қайраткері Мұстақим Ықсановтың басшылығымен және тікелей қатысуымен жүзеге асырылған. Олай болса, дара дарынның 90 жылдық мерейтойына орай ұсынысым қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді», делінген онда.
«Діни басқарма түсінік бермек» - бұл ақпаратта Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті бірқатар БАҚ беттерінде еліміздегі мешіттерде ресми уағыздардан кейін қосымша түрде оның орыс тілінде түсініктемесі айтылуы қажет деген мәселе төңірегінде туындаған талқылауларға қатысты түсіндірме беруді қажет деп есептейтіні айтылған.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде жекелеген мешіттерде уа-ғыздардан кейін имамдардың орыс тілін пайдалануы туралы мәселе министрлік тарапынан емес, осы шараға қатысушылардың бірімен көтерілген болатын. Сәйкесінше, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі аталған іс-шара барысында осы мәселе төңірегінде журналистер тарапынан сұрақтар қойылғаннан соң біршама түсініктеме берген.
Министрлікке исламға қызығушылық танытып жүрген бірқатар діндарлардың мешіт имамдарының уағыздарын толық түсінбейтіні туралы ел азаматтарынан өтініштер түсіп отырады. Өтініштерде сондай діндарлардың осы себепті ислам туралы ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми көздерінен тыс жерлерден, оның ішінде теріс діни ағымдардың ұстанушыларынан алуға мәжбүрлік танытатыны туралы айтылады. Сәйкесінше, өтініш жасаушы азаматтар халықаралық тәжірибені ескере отырып, мешіт имамдары ресми уағыздардан кейін қазақ тілін айтарлықтай меңгермеген азаматтар үшін орыс тілінде түсіндірме беруді ұсынады.
Осы ретте аталған мәселе тұрғындарының құрамы көптеген ұлттардан тұратын елді мекендердегі жекелеген мешіттерге ғана қатысты екендігін айта кетуіміз керек.
Министрлік өз кезегінде азаматтардан түсіп отырған кез келген өтініштерді қарастыруға және оларды талдап отыруға міндетті. Осы орайда министрлік құзыретіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ішкі мәселелерінің шешімін табу кірмейтінін айта кеткіміз келеді. Сондықтан жоғарыда аталып отырған мәселе бойынша мешіттерге келушілердің пікірлерін ескере отырып, шешім қабылдауы тиіс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласуды ұсынамыз.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті еліміздің Конституциясында кепілдік берілген сөз бостандығына құрметпен қарай отырып, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дін тәрізді өткір салада туындап отыратын мәселелер туралы екіұдай ақпарат беруге жол бермеуге және тұрғындарға шынайы ақпаратты дұрыс жеткізуге шақырады.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі
Дін істері комитетінің баспасөз қызметі».
Нұрбек Оразаев «Мәңгілік елдің ұстазы» атты репортажында облыстық қазақ драма театрында ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өткенін жазған. Онда шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов арнайы қатысып, ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтаған.
Бүгінгі ұстаздар мейрамы – барша адамзат үшін ортақ мереке. Себебі ұстаз бүгін мен ертеңді жалғайтын алтын арқау, келешекке жол көрсететін шамшыраққа тең. Білікті де білімді маман қай заманда да елдің мықты тірегі болғаны белгілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев егемен еліміздің әрбір ұрпағының сапалы білім, саналы тәрбие алып, өмірде өз орындарын табуды әрдайым басты бағытта ұстауы да соны меңзейді. Бүгінгі күні еліміздің белсенді жастары шет мемлекеттерде білім алып, елге оралып, туған жерінің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Халқымыздың біртуар батыр ұлы Мәлік Ғабдуллин ағамыз «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, мінезімен, сыртқы келбетімен әрбір оқушының санасына әсер етіп, болашағына жол сілтейді» - деген болатын. Тәуелсіздіктің туын тіккен егемен елімізді өркениетке бастар жолының шыңында елге, халыққа, Отанға деген сүйіспеншілік жатыр. Осы ұлы сезімдерді шәкірт бойына сіңіріп, оларға талмай білім мен тәрбие беру жолындағы мәртебелі де ұлы қызметтеріңізге табыс тілеймін, - деді Марат Тоқжанов.
Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары білім саласында елеулі қызмет атқарып жүрген бірқатар ұстаздарға облыс әкімінің алғысхаттарын табыс етті. Олардың қатарында Орал қаласы, А. Макаренко атындағы №6 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Александр Мозжухин, Сервис және жаңа технологиялар колледжінің өндірістік оқыту шебері Лариса Наботова, дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Тілепова, Орал қалалық физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі география пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Бегжанова сияқты тағы да басқа ұстаздар бар.
Жақында Астанада өткен «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары - Орал қалалық А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмара Траисова, Бөрлі ауданы, №3 мектепке дейінгі ұйымның педагог-психологы Ботагөз Еділбаева, технологиялық колледждің арнайы пән оқытушысы Гүлшат Сүйінова да сахна төріне шақырылып, марапатталды.
Ал Орал қаласындағы №17 ОЖББМ директоры Тамара Рудич, Теректі ауданындағы Әйтиев бастауыш мектебінің меңгерушісі Шолпан Таңатарова, Бөкей ордасы ауданының Ш. Жексенбаев атындағы ЖОББМ директоры Ардақ Әлиева сынды бір топ өңір ұстаздары «Іскерлік жаршысы» аталымына ие болды.
Сонымен қатар мерекелік шарада Теректі ауданы, Долинск негізі орта мектебінің ұстаздары Дмитрий, Елена Полосиндер, Орал қаласы, №37 ЖОББМ-дан Мәлік Бижанов пен Гүлбаршын Орынова, Бөкей ордасы ауданы, Жәңгір хан атындағы мектептен Жаслан Бекеев пен Табиғат Арынова және теректілік Қуаныш Ислам мен Баян Махимова «Ұстаздар отбасы» аталымымен марапатталды.
Республика, облыс деңгейінде жетістіктері және 25 жыл еңбек өтілі бар ұстаздарға арналған «Мерей» аталымымен марапатталған 25 ұстаздың қатарында Қазталов ауданы, К. Меңдалиев атындағы ЖОББМ орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлфайруз Хабибуллина, Орал қаласы, №28 мектеп лицейінің химия пәнінің мұғалімі Ольга Сорокина, Жәнібек ауданы, Е. Ниетқалиев атындағы ЖОББМ орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Рита Мамбеталиева есімді ұстаздар бар.
Жаңақала ауданы, №3 ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі Айдана Садықова, Зеленов ауданы, Ульянов ЖОББМ математика пәнінің мұғалімі Гүлжамал Қапашева, Шыңғырлау ауданы, Ащысай ЖОББМ математика және информатика пәндерінің мұғалімі Әсел Садықова сынды жас мамандар мерекелік шарада ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай «Біз тәуелсіздіктің құрдасымыз» аталымымен марапатталды.
Барлық аталым иелеріне білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитеті атынан естелік сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді.
Ұстаздар күні мерекесіне арналған шара өңірдегі өнер шеберлерінің қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты.
Газеттің 4 қазан күнгі нөмірінде Нұртас Набиоллаұлының «Діни ахуал депутаттар назарында» деген ақпаратында облыстық мәслихат жанындағы ұйымдастыру-құқық және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссия мүшелерінің өңірдегі діни ахуал жайын қаузаған жиыны өткені айтылған.
- Біз бүгінгі таңдағы өте күрделі мәселені қозғап отырмыз. Яғни қоғамды діни экстремизм мен терроризмнен сауықтыру шараларын талқыламақпыз. Бұл мәселеге дін істері басқармасы ғана емес, барлық депутаттық корпус жұмылуы тиіс деп есептейміз. Облысымыздың аумағында заңсыз діни ұйымдардың өз жұмысын жүргізіп отырғаны бізді қынжылтады. Және қазіргі таңда олардың әрекетін тоқтату қиынға соғуда. Өйткені олар жұмыс жасау тетіктерін жан-жақты жетілдіріп алған. Бүгінгі басқосуымыздың нәтижесінде ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттарына заңсыз діни ұйымдардың жұмысын заңмен тоқтату мәселелерін жетілдіруге өтініш жасайтын боламыз, - деді аталмыш комиссияның төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Ляна Тұрсынова.
Жиынға қатысқан облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовтың айтуынша, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, республикалық дін істері комитеті секілді құзырлы органдар тарапынан да еліміздегі дінге қатысты заңдарға өзгерістер енгізу мәселесі талқылануда.
- Өңірдегі дін саласы мамандарының атынан біз де өз ұсыныстарымызды Парламентке жолдадық. Атап айтқанда, елімізге шетелден келетін діни әдебиеттерге тосқауыл қою, дін тақырыбындағы оқулықтар мен әдебиеттерді ортақ бір бағытқа түсіру, қажылық пен ұмраға баруда қызмет көрсететін туристік фирмалардың жұмысын қадағалау және еліміздің азаматтары қажылыққа барған кезінде Отанымызға жат діни ілімді алып келмеу мәселелерін көтердік. Оңтайлы шешімдер қабылданады деген ойдамыз. Жыл басынан бері барлық қоғам мүшелерін осы мәселені көтеруге шақыру, әр азаматтың жауапкершілігін ояту, жастарымыздың бойында терроризм мен экстремизмге қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында екі мыңдай шара ұйымдастырылды. Ол облыстағы барлық мекеме-ұйымдарды қамтыды, - дейді Талғат Рақымұлы.
Осы автордың «Инвестбағдарламаның орындалуы ойдағыдай» деген ақпаратына «Электр желілерін қайта құрылымдау және жаңғырту» тақырыбында өңірдегі БАҚ өкілдері қатысқан пресс-тур өткені арқау болған. «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ мен табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық департаменті бірлесе ұйымдастырған шара барысында журналистер «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ға қарасты нысандарды аралады.
«Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ өткен жылы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасымен келісіп, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық департаменті басшысының бірлескен бұйрығымен бекітілген 2016-2020 жылдарға арналған қолданыстағы активтерді жаңғырту мен қолдау бойынша инвестициялық бағдарлама жасақтаған. Соның нәтижесінде 2016 жылы «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ қаражатынан бөлінген 220 миллион теңгені игеру мақсатында облыстағы электр желілерін қайта құрылымдау және жаңғырту жұмыстары басталған. Бұл бағыттағы жұмыстарға аталмыш мекемеден бөлінетін қаржы 2017 жылы 312,9 миллион, 2018 жылы 301,3 миллион, 2019 жылы 331,6 миллион, 2020 жылы 439,2 миллион теңгені құрамақ.
Бүгінгі таңда 2016 жылға бөлінген 220 миллион теңгенің 205 миллионы игерілген. Қаражаттың қалған бөлігі жыл соңына дейін толықтай игерілмекші.
Журналистер пресс-тур кезінде электр жабдықтары жаңартылған 110/10 киловольттық «Западная» және 110/35/10 кВ-тық «Омега» қосалқы стансаларында болды. Деркөл шағынауданындағы, сондай-ақ Бортау ауылы аймағындағы жаңартылған электр желілерін көрді. Деркөл шағынауданында әбден тозығы жеткен 31 дана тірек ауыстырылып, ұзындығы 4,5 километрді құрайтын АС-70 сымы жаңартылған. Екі дана РЛНД-10 кВ айырғыштары орнатылған. «Омега» қосалқы стансасындағы майлы ажыратқыштарды 35 кВ вакуумды реклоузерлерге ауыстырған. Бұл атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана.
- «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ның инвестициялық бағдарламаны орындауы бойынша пресс-тур өткізіп отыр. Аталмыш мекеме биылғы жылға алған өз міндеттемелерін іс жүзінде толықтай атқарған деуге болады. Бүгінгі таңда бұл мекеме 2016-2020 жылдар бойынша арнайы бекітілген бес жылдық тарифпен жұмыс жасауда. Одан түскен қаражаттың 30 пайызы ғана «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ға тиесілі екенін айта кетейік. Соған қарамастан кәсіпорын кірісі есебінен инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға міндетті. Негізі ескірген электр желілері мен жабдықтарды жеделірек ауыстыру үшін тариф әлде де көтеріңкі болуы қажет. Алайда біз еліміздегі дағдарыс жағдайын ескере отырып, бағаны көтеруге рұқсат бере алмаймыз. Мекеме инвестициялық бағдарламаны тиісті деңгейде жүзеге асырмаған жағдайда біз олардан өтемақы (компенсация) ретінде тарифті төмендетуді талап етеміз, - дейді облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары Клара Әлиева.
Бөкей ордасы ауданынан Гүлнәр Қадырова «Бизнес орталығы жаңартылғанын» хабарлайды.
Таяуда Сайқын ауылындағы бизнес орталығы күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылған қалыпта кәсіпкерлер игілігіне ұсынылды. Бұрын шаштараз, тігін цехы, фото- салон көпшілікке өз қызметін ұсынып келсе, бүгінде олар «Victoria» ағылшын тілі клубы, балаларға арналған ойын орталығы және етікші бөлмесімен толықты.
Нысанның ашылу салтанатында аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов жеке кәсіп иелеріне сәтті қадам тіледі. «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова, ауыл тұрғыны Уақия Ермекқалиева, зейнеткер Елдос Кенжеғалиевке қоса, «Victoria» клубының жетекшісі Ақжүніс Нұрланованың ұстаздары Бибігүл Бектілеуова, Жаңылсын Насимоллина, өзге де ниеттестер ақ тілектерін айтты.
Есікке керілген лентаны аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы мен Уақия Ермекқалиева қиып, қазақы дәстүрмен шашу шашылды.
Салынғалы жөндеу көрмеген ескі нысан әдемі түрге енген. Төбелері, есік, терезелер жаңартылып, кеңейтілген. 20 жылдан аса шаш қиюмен айналысып келе жатқан тәжірибелі маман Раушан Жүнісова мен ерлер салонының шаштаразы Сағынбек Харесовтердің қатарында енді етікші Зейнолла Әлжанов, тігіншілер Нұрғаным Мұхатова, Жұлдыз Әбдірешева, фотосалонда Асхат Өтешқалиев, балалар ойын орталығында Ғабит Қонысбаев және ағылшын тілінің мұғалімі Ақжүніс Нұрланова келушілерге қызмет көрсетпек. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы іскерлік қырларын одан әрі дамытуды көздеп отырғандарға жиналған жамағат шынайы пейілден өрілген ізгі лебіздерін жолдады.
Прокуратура ардагері Мұрат Тұйғынбетов «Құндыз ішік жамылып, қалы кілем төсеніп...» деген мақаласында өткен өмірінен сыр шерткен.
«Ішкі істер органдарындағы қылмысты іздестіру бөлімі қызметкерлерінің мерекесі күні қарсаңында қолыма қалам алдым. Оған себеп, өзінің қысқа ғұмырының азғантай ғана жылдарын қиын да шытырман жұмысқа арнаған, әріптес, қатар жүрген жолдас болған жан туралы, Мақсот Ізғалиұлы Нұғыманов жайлы баяндағым келіп отыр. Иә, қырық жастың қырқасынан көп аса алмаған подполковник Нұғымановтың тергеушілігі жайында, басшы ретіндегі жанкешті еңбегі хақында таңды-таңға ұрып әңгімелеуге болады. Мен бүгін азаматтың тек бір ғана жұмысын баян-дамақпын. Мақсот Нұғыманов Қарағанды жоғары милиция мектебінің түлегі еді. Екеуміз Чапаев АІІБ-де бірге қызмет атқардық. Тіпті екеуміз Құдай қосқан көрші болып, жанұямызбен мидай араластық. Жұмыс бөлмеле-ріміздің есіктері де қарама-қарсы-тұғын. Ол аудандық ішкі істер бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімшесіне басшылық жасады. Мақсоттан қылмысты іздестіру, істі жүргізу, қылмыскерлердің ізіне түсу, қолдағы бар материалдарды сараптау, елеу-екшеу секілді қатпары мол, машақаты көп тергеуші қызметінің қыр-сырын үйренгенімді, талай нәрселерді ойыма түйгенімді жасырмаймын.
* * *
1983 жылдың қыркүйек айы. Жұмыста отырғанбыз, телефон безілдеп қоя берді. Хабарласып тұрған Мерген ауылдық кеңесінің төрағасы. Абыржып, асығып айтылған сөздерден ұққанымыз – Мергеннің әмбебап дүкенін біреулер үптеп кеткен. Біршама тауар ұрланған сияқты. Шұғыл атқа қонған тергеушілер тобын, яғни біздерді Мақ-сот Нұғыманов өзі бастады. Қылмыстық жағдай орын алған жерді қарау, тексеру барысында анықтағанымыз - ұрылар жаяу келіп, жаяу кеткен. Дүкенге кіретін белдеме темірлермен мықталған, мығым есіктің ауыр құлыптарын сом темірмен қайырып тастаған. Іздерге қарағанда, ұрылар бірнеше адам. Автокөлік немесе мотоцикл, арба іздері сол маңайды қанша шиырласақ та, байқалмады. Мерген ауылдық жұмысшылар кооперациясын ол кезде Зәуреш Жұмағалиева деген көпке сыйлы, іскер апай басқаратын. Тергеушілер өздерінің жұмыстарын аяқтаған бойда апай комиссия құрып, ұрланған заттардың нобайын анықтауға кірісіп кетті. Мақсот Нұғыманов ауыл адамдарынан сұрастырып, сол ауылдағы ми-лицияның өкілі Серік Абдушев және оның штаттан тыс көмекшілерімен сөйлесе отырып, анықтау жүргізгенде, ауылға бейсауат адам, көлік келмеген. Той-томалақ, кештерден шыққан жастар тентектік жасады деуге де күдік болмады. Келесі күні Мақсот бастаған бір топ, яғни біз Жайықтың бойын жағалай, Горячкин ауылына қарай кетсек, екінші топ төмен қарай, Ілбішін ауылын бетке ұстады. Олай еткеніміз - сол жылдарда Жайық бойына қызыл балықты жасырын аулауға берісі Самара, Орынбор, әрісі Башқұртстан, Татарстан жақтан адамдар келеді. Кейде олар тоғай ішінде жертөле қазып алып, жаз бойы жатады. Олардың ішінде неше түрлі адамдар болатын. Біздің топ «Полигон» аталатын маңайдан жайбарақат қойын жайып жүрген малшыға кездесті. Алайда ол ештеңе көрмеген, дым да байқамаған болып шықты. Әлгі малшы кетейін деп жатқанымызда, біздің темекі тартпайтынымызды біле тұра шылым сұрады. Мақсот былай шыға бере, «Осы бірдеңе білетін сияқты, бірдеңені айта алмай тұрған тәрізді, кешке оның үйіне қайта соғайықшы» - дегені. Кешкі апақ-сапақта, қойшы ма-лын қамады-ау деген шамада біз жетіп бардық. «Шаршап келдік, мүмкін болса, шай ішейік деп едік» - деп Мәкең рұқсат сұрады. Қойшының әйелі қабағы ашық, сірә, қонақжай жан болса керек, дастарқанын жайып, бәйек болды. Үй иесі үндемейді. Мәкең бағана «пайдаға асар» деп екі бөтелке арақ ала шыққан еді. Әлгіні шығарғанымызда қойшының қабағы жазылды. Екі-үш рюмканы бірінің соңынан бірін тастап жібергеннен кейін тіпті батылданып, сөйлей бастады. «Анадан тағы біреуін құйып жіберіңдерші, сосын таза ауаға шығып, темекі тартайық» - деді көп ұзамай. Сыртқа шыққасын «Бағана басым пәлеге қалар деп қорқып айта алмап едім, енді көрген-білгенімді айтайын» - де-ді иығынан ауыр жүк түскендей терең тыныстап. Сөйтсе, дүкен тоналатын түні қойшы таңға жақын малын қарайын деп сыртқа шығады. Сол кезде Жайыққа қарай кетіп бара жатқан 3-4 адамның сұлбасын байқайды. Арқаларында ауыр заттары бар, тоғайға кіріп жоғалады. Сол түні қойшының үйіне қонып шыққан біз таң ата Жайық жағасына келдік. Адамдардың ізі сайрап жатыр және жағаға сұғына келіп тоқтаған қайықтың ізі де анық түсіп қалыпты. Мақсот екеуміз әлгі маңайды біраз шарлағаннан кейін бұл адамдар арғы бетке өтіп кеткен деген жорамалға келдік. Сол бойда Мерген ауылына барып, телефон арқылы басшыларымызға мән-жайды баяндадық, екінші топтан көмекке қызметкерлер алып, Жайықтың арғы бетіне өттік. Тоғай ішінде ұзақ із кесіп, жаяу адамдардың елеусіздеу етіп салған жалғыз аяқ жолын қуалай келіп, қалың жыныстың арасындағы жертөленің үстінен түстік. Қызықты қараңыз! Ылғи қымбат, қалы кілемдерді төсеп тастап, үстінде үш азамат тырайып ұйқыны соғып жатыр. Ол да ештеңе емес, үшеуі де (қыркүйек айы, тоңған болар) үстеріне әйелдердің құндыз жағалы қысқы пальтоларын жамылып алған... Жағалай шашылған армян коньягінің бос бөтелкелері. Әлі ішіліп үлгермеген бір жәшіктей коньяк және табылды. Қалы кілем төсеніп, құндыз жағалы ішік жамылып, «жып-жылы» жатқан үшеудің қолдарына сол бойда кісен салдық. Тінту кезінде екі жәшік коньякқа қоса, кілемдер, әйелдердің бағалы пальтолары, ер адамның костюмдері және құжаты жоқ, тіркелмеген қос ауызды аңшы мылтығы оқтарымен табылды. Ұрылар негізінен бес адам екен, қашып үлгерген екеуін кейін Орал қаласынан ұстадық. Содан көп ұзамай Мақсот Нұғымановты қызметінде жоғарылатып, Қазталов аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары етіп жіберді. Тағы бірер жыл араға түскенде ол Жалпақтал аудандық ішкі істер бөліміне бастық болып тағайындалды. Жайсаң азаматтың бағындырар биігі әлі де алда еді, бірақ қатал тағдыр оған үлгертпеді...», делінген онда.
Газет тілшісі Айша Өтебәлі «Алаш» порталы таныстырылғанын» паш еткен.
«Осыдан бірер күн бұрын Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында жергілікті өнім өндіруші компания өкілдері Атырау қаласынан келген «Algoritme KZ» ЖШС мамандарымен кездесті. Отандық өнім өндірушілерді мемлекеттік сатып алу ісінде қолдау бағытында ұйымдастырылған бұл жиынды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин жүргізіп отырды» деп басталған ақпарат.
Күн тәртібіне сәйкес облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының экономика жөніндегі орынбасары Марат Нұрғуатов жиналғандарды палатаның мемлекеттік сатып алу саласында атқарған жұмыстарымен таныстырды. Оның сөзінше, облыстық кәсіпкерлік палатасы сатып алу ісінде отандық үлесті арттыру үшін барлық мүмкіндікті қарастыруда. Бұдан кейін сөйлеген «КПО б.в.» компаниясының өкілдері Ғайша Длимова мен Раиль Валиев жергілікті кәсіпкерлерге компанияның сатып алу ісіндегі талаптары мен тендер үдерісін түсіндірді.
Келесі кезекте атыраулық «Algoritme KZ» ЖШС-ның өкілдері Марк Лу, Бақтыгүл Болатқали және Бақтыгүл Қуаталиева сөйлеп, жиналғандарға «Алаш» порталын таныстырды. «Algoritme KZ» ЖШС бизнесті дамыту бойынша директоры Марк Лудың айтуынша, аталмыш портал Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қолдауымен жасақталған. «Алаш» порталының басты мақсаты – «КПО б.в.», НКОК, «Теңізшевройл» компаниясы секілді жер қойнауындағы пайдалы қазбалармен жұмыс істейтін ірі компаниялар мен жергілікті мердігерлерді тіркеу. Бірыңғай деректер базасы арқылы отандық компаниялар бір-бірінің өнімдерімен жете танысуға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда бірыңғай деректер базасында, яғни «Алаш» порталында қазақстандық 1000 компания тіркелген, соның 100-ге жуығы Батыс Қазақстан облысының компаниялары. «Algoritme KZ» ЖШС маркетинг бойынша менеджері Бақтыгүл Болатқалидың сөзінше, бірыңғай деректер базасы ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап іске кіріскен. «Алаш» порталы операторлар мен мердігерлердің уақыттарын үнемдеп, бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы порталға тіркелген компаниялар бір-бірінің тыныс-тіршілігін еш кедергісіз бақылап, жұмыстарындағы өзгерістерді өздері енгізіп отыруына болады. Алдағы уақытта аталмыш порталға тек қазақстандық компаниялар ғана емес, сонымен қатар халықаралық компаниялар да тіркелетін болады. Тіркеу бөлімінің менеджері Бақтыгүл Қуаталиеваның мәлімдеуінше, бірыңғай деректер порталда үш тілде – қазақша, орысша және ағылшын тілінде жазылады. «Алаш» порталына тіркелу қазақстандық компаниялар үшін тегін. Аталмыш порталға тіркелгісі келетін шетелдік компаниялар 500 АҚШ доллары көлемінде ақы төлеуі тиіс.
Жиын барысында аталмыш портал жұмысына қатысты түрлі пікірлер айтылып, ірі компания басшылары тарапынан ұйымдастырушыларға көптеген сұрақтар қойылды.
Г.Әжігереева «Әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар мен тротуарлар жөнделеді» деген көлемді ақпаратында Орал қалалық әкімдігінде қалалық мәслихаттың 7-ші кезекті сессиясы өткенін хабарлаған.
Сессияда халық қалаулылары Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевтің есебін тыңдады. Оның баяндауынша, Орал шаһарында жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп, жолдар мен желілер жөнделіп, аулалар абаттандырылуда. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. 2016 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 77,2 млрд. теңге құрап, 2%-ға елеусіз кеміген. Кему өнеркәсіптің өңдеу өнеркәсібінде, электрмен жабдықтау саласында, тау-кен өнеркәсібінде, сумен жабдықтау саласында орын алған. Орал қаласы бойынша биыл 4,6 мың га жерге жаздық дәнді дақылдар егіліп, толықтай жиналып алынды. Биыл қаланың агроқұрылымдарының өз қаражаты есебінен жылыжайлардың аумағы 4 мың шаршы метрге өсіп, олардың жалпы аумағы 15 мың шаршы метрді құрады. Таяуда ауданы 12 мың шаршы метр болатын «Орал жылыжай» ЖШС кешені пайдалануға берілмек. Сонымен қатар аумағы 50 мың шаршы метр болатын өнеркәсіптік жылыжай кешенін салуға, жеке инвесторлар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Индустрияландыру картасы шеңберінде биыл жыл соңына таман Оралда 97 адамға жұмыс ұсынатын құны 5,6 млрд. теңге болатын үш жоба іске қосылады. Олар қара уылдырық және тауарлық бекіре етін өндіретін аквакешен, «Зенит» зауытының құрғақ салмағы 600 тоннаға дейінгі жаңа класты теңіз кемелері өндірісі, «СпецСтройСервис» ЖШС-ның ұсақ бетон бұйымдары өндірісі зауытының құрылысы жобалары.
Қала басшысының айтуынша, қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Биыл барлық бағдарламалар бойынша 20 үй (2498 пәтерлік) салынуда, оның жетеуінің құрылысы келесі жылы жалғасады. Қаланың Деркөл, Зашаған кенттерінде, қаланың солтүстік-шығыс және орталық бөліктерінде жаңа мектептер ашу қажеттілігі туындап отыр. «Үш тілде оқыту заман талабы болып табылады. 2013 жылдан бастап қаланың 22 мектебінде көптілділікті енгізуге дайындық бойынша жоспарлы жұмыс атқарылуда. Биылғы оқу жылының басында 13 мектепте (математика, физика, биология, география) кейбір пәндер бойынша сабақ көптілділік негізгі қағидаттарын қолдана отырып жүргізілуде», – деді Нариман Төреғалиев.
Биыл 23 шақырымды құрайтын 19 қала көшесі жөнделуде. Өткен жылы құны 833 млн. теңге болатын 38 аула аумағын абаттандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Биыл 30 ауланы жөнге келтіру көзделіп, соның 20-сында жұмыстар басталған. Қалған он ауланы жөндеу бойынша конкурс жарияланған.Одан басқа 31 аула аумағын абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттама жасалмақ. Сөйтіп, келесі жылы 40 аула ретке келтіріліп, соның 30-ына спорттық алаң құрылғылары орнатылады. Қала әкімі тағы бір жақсы жаңалықпен бөлісті: алдағы жылы қалалықтарға қолайлы жағдай туғызу үшін қаладағы барлық әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар мен тротуарлар салынады немесе жөнделеді. Мұндай нысандар саны 150-дей, олардың 30 пайызы жайландыруды қажет етеді.
Сессия жұмысында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының күзгі-қысқы маусымға дайындығы туралы мәселе қаралды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиевтің хабарламасына сүйенсек, қаладағы 1164 тұрғын үйдің 1035-інің жылыту желілері қысыммен тексерілген және олардың жылыту маусымына дайындығы 89%-ды құрайды. Коммуналдық кәсіпорындардың қысқы маусымға дайындығы жаман емес. «Жайықжылуқуат» АҚ жабдықтарды, желілерді жөндеу жұмыстарын 100%-ға, “Батыс су арнасы” ЖШС жөндеу жұмыстарын 86%-ға орындалған. Бірқатар қала көшелеріндегі су құбырын қайта жөндеу жұмыстары қазан айына дейін аяқталмақ. “БҚЭЖТК» АҚ ҚФ-ның, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ӨФ-ның жылыту маусымына дайындығы аяқталған.
Сессияда Орал қаласының 2016 жылға арналған бюджетін нақтылау мәселесі қаралды. Орал қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Бибігүл Ниетқалиева қала бюджетін 569 850 мың теңгеге және соның ішінде облыстық бюджет есебінен 8184 мың теңгеге, қалалық бюджеттің кірістері есебінен 561666 мың теңгеге нақтылауды ұсынды. Мұндағы облыстық бюджеттен бөлінген қаржы қала мектептеріне оқулықтар сатып алуға бағытталды. Ал қала бюджетінен бөлінген қаржының негізгі бөлігі бөлімдердің ағымдағы шығындарына, жол-көпір шаруашылығын ұстауға, көгалдандыруға, жолдарды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауға қарастырылған. Сонымен қатар бюджет қаражатын қайта бөлу бюджеттік бағдарламалар әкімшіліктерінің хаттарына сәйкес бағдарламалардың іс-шаралары ішінде 111143 мың теңге шамасында қарастырылған және оның негізгі бөлігі жөндеуден өткен №36, 39 мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңадан ашылған бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбекақыларын төлеу шығындарына бағытталды. Бұдан басқа бұрын өткізілген білім бөлімі бойынша 62806 мың теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бойынша 21034 мың теңге шамасында түзетулер нақтыланды. Депутаттар бюджетті нақтылауды мақұлдады, соның нәтижесінде белгіленген өзгертулер есебінен қалалық бюджет 31720241 мың теңгені құрайды.
Халық қалаулылары келесі кезекті сессияның төрағалығына Дархан Қадралиевті сайлады.
Айым Төлеуғали «Міндетті медициналық сақтандыру жайын түсіндіруде» деп жазады:
Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды жүзеге асыру жөніндегі республикалық штабтың мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Құрал Құрақбаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында Орал қаласының тұрғындарымен кездесіп, міндетті медициналық сақтандыру туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамын іске асыру шеңберінде Елбасының бес институционалдық реформасын және денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ҚР 2016-2017 жылдарға арналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі жол картасы бекітілген болатын. Штаб мүшесі ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері бойынша медицина қызметкерлері арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысының бірінші кезеңі аяқталып, халықпен кездесетін екінші кезеңнің басталғанын айтты.
– Мiндеттi медициналық сақтандыру Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау жөнiндегi олардың мүдделерiн әлеуметтiк қорғаудың нысаны болып табылады. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар, «Алтын алқа,» «Күміс алқа», «Батыр ана» белгісімен марапатталған көп балалы аналар, ҰОС ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернатта тәрбиеленушілер, жоғары оқу орнында оқитын студенттер, жоғары білімнен кейінгі білім алушылар, декреттік демалыстағы әйелдер, зейнеткерлер мен жазасын өтеп жүргендер үшін медициналық сақтандыруға үкімет есебінен қаражат бөлінеді, – деді Құрал Құрақбайұлы.
1990 жылдары қолға алынған алғашқы міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің сәтсіз аяқталғаны көпке мәлім. Алдағы уақытта аталмыш жүйе алғашқы жүйенің кебін кие ме деген қорқыныш туады. Осы орайда бұл жүйені талай уақыттан бері қолданып келе жатқан басқа елдердің озық тәжірибесіне сүйене отырып жүргіземіз, – деген профессор тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Дәл сол күні Құрал Құрақбайұлы «Нұр Отан» партиясының ғимаратында ҮЕҰ және кәсіпорын ұжымдары, жеке компаниялардың жетекшілері және бюджеттік мекеме қызметкерлерімен де осы тақырыпта кездесті.
Темірболат Әнуарұлы «Шаһар басшысының марапаты» деген ақпаратта Орал қалалық әкімдігінде Қала күні мен Еңбек күнін қорытындылаған іс-шара өткенін тілге тиек еткен. Оған қала әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
- Елбасымыздың 2013 жылғы Жарлығына сәйкес жыл сайын Еңбек күні аталып өтіледі. Шаһарымыздың көркеюіне барынша атсалысып, еңбек етіп жүрген азаматтарымыз аз емес. Барлығы да мадақ пен марапатқа лайықты. Қала күнінде де өз үлестеріңізді қостыңыздар. Еңбек еткен адамның әрдайым еңбегі бағалатынын осы шарада көрсеткіміз келеді, - деген қала әкімі Нариман Төреғалиұлы «Үздік еңбек әулеті» байқауының «Өндіріс» аталымы бойынша Павлычевтар әулетін, «Кәсіпкерлік» аталымы бойынша Шаховтар әулетін, «Көлік» аталымы бойынша Сәтбаевтар әулетін, «Денсаулық сақтау» аталымы бойынша Мұқан-бетқалиевтар әулетін, «Білім және ғылым» аталымы бойынша Траисовтар әулетін, «Құқық қорғау органдары» аталымы бойынша Сейітжановтар әулетін марапаттады.
Сондай-ақ қала имиджін қалыптастыруға үлес қосқаны үшін және қаланың үздік логотипі байқауында жеңімпаз атанған Наталья Дурманова мен бейнеклип жасаушы Максим Кулов марапатқа ие болды. «Жасыл қала» байқауының «Үлгілі аула» аталымы бойынша «Жамбыл» пәтер иелері кооперативі мен БҚО әкімдігі білім басқармасының «Облыстық экологиялық-биологиялық орталығы» МКҚК «Үздік мекеме» деп танылды. «Үздік жеке үй» аталымы Мақсот Бергенге бұйырса, «Өндірістің үздік жас маманы» болып Ербол Бертілеуов анықталды. Ал «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша Сергей Катиба шаһар басшысының қолынан сыйлық алды.
- Мекемеміз құрылыс саласы бойынша қызмет етеді. Компаниямызда жеңіл көліктерден бастап, құрылыс техникасына дейін 1000-нан астам техника бар. Ұжымымызда 1500 адам қызмет жасайды. Қалалық әкімдіктің қолдауымен марапатқа ие болып жатқанымызға қуаныштымыз, - дейді «Uniserv» ЖШС-ның бас директорының бірінші орынбасары Дінмұхамбет Сәтбаев.
Шара барысында өткен концерттік бағдарламаға көрермендер қошеметін білдіріп отырды.
Ақжайық ауданынан Шынар Абзал «Тоқсан бестің төрінде» деген ақпаратында «Соғыс және еңбек ардагері Рафхат Ғалимуллин жуырда өзінің 95 жасын қарсылады», дейді.
Бүгінде Орал қаласында тұратын қарияны Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов арнайы барып құттықтады.
Жаңақала ауданында дүниеге келген Р. Ғалимуллин еңбек жолын Жәнібекте мұғалімдіктен бастайды. Ұлы Отан соғысы кезінде алғы шептегі атқыштар батальонында штаб басшысы, кейін 36-шы Қызыл тулы Неман корпусында байланыс офицері ретінде талай қанды майдан жорыққа қатысты. Ал бейбіт кезеңде Ордадағы әскери комиссариатта, орта мектепте қызмет істеді. Рафхат Ғалимоллаұлының бұдан кейінгі еңбек жолы Ақжайық ауданында аупартком хатшысы, халықтың бақылау комитетінің төрағасы қызметтерінде жалғасып, қарымды істерімен халық құрметіне бөленді. Бертін келе аудандық газетте көп жыл ре-дакторлық қызметте болып, журналистика саласына да сүбелі үлес қосты.
Аудан басшысы ғұмыры ғибратты абзал жанға игі тілегін арнап, оған және зайыбы Роза Есмағұлқызына естелік сыйлықтар тапсырды. Биыл жұбайлық өмірлеріне 70 жыл толған қариялар еліміздегі ынтымақты өмірге ризашылықтарын білдірді.
Ал Сырым ауданынан Мүтәлі Төреғали «Абыройға бөлене бер, азамат!» деген мақаласында замандасы жөнінде сыр шертеді.
Адам баласы өмірде жемісті, табысты ғұмыр кешуді әрі бақытты болуды армандайтыны шындық. Дегенмен жемісті еңбек етіп, жан-жақты жетістікке қол жеткізгендерді бақытты десек, қателесуіміз мүмкін. Себебі жетістік пен бақыт егіз ұғым емес.
Еңбекте жеміске қол жеткенімен, жеке бастың бақытына қол жеткізе алмағандарды көріп жүрміз. Солай бола тұра, жетістік пен бақыттың арасында бір байланыс барын жоққа да шығара алмаймыз.
«Жетістік – адамның қалағанына қол жеткізуі, ал бақыт - қол жеткізгенін қалауы» деген тәмсіл бар. Бақыт та еңбегімен көгеріп, ертеңіне ұмтылғандарға үйір. Сонда ғана соңында жарқын із қалады, айналасына нұрын шашады.
Мақаланың кейіпкері, менің досым Құсайын Бақтиярұлы - еңбегімен қоса адамгершілік қасиетімен, басқаның қайғысына қайғырып, қуанышына қуана білетін, көпшіл, спортқа, әсіресе, қазақ күресіне, қазақтың ұлттық ат спортына, сөз өнері мен айтысқа жанашыр болуды және соған жөн сілтеп, өзіндік ойын айта білер, сын көзбен қарап, саралай білетін дәрежедегі азамат.
Кейде адалдық, адамдық, біреудің жетістігіне қуана білу алдыңғы буын мен біз қатарластардың бойында ғана тұмардай сақталып қалған ба деген ойда боламын. «Өмір – күрес» деген сөзге мен түбегейлі қарсымын, жоқ жерден жаға жыртысып, бірін-бірі аңдып, қызылкөзденіп, өмірді күреске айналдыруға болмайды. Мен айтар едім, өмір – еңбек. Күреспей-ақ үнсіздікпен атақ-даңқ өзі келеді. Есігі емен, көңілі бірде шөл, бірде көл, ат шаптырым кабинеттердегі үлкен бастықтарды жағаламай-ақ, өзіндік дәрежесі бар, ортасында ағайын-тума, достардың арасында өзіндік орны бар Құсайын - қарапайым жүргізушіден басшылық деңгейге көтерілген азаматтардың бірі.
Құсайын алғашқы еңбек жолын сол уақыттағы «22-партсъезд» кеңшарында 1972 жылы жүргізушіден бастады. Кейін 1973-1975 жылдары Кеңес әскері қатарында болды. 1975-1980 жылдары сол кеңшарда жүргізуші болып еңбек етті. 1980 жылдан бастап аудандық тұтынушылар мекемесінде дайындаушы, 1984 жылдан аудандық тұтынушылар одағында автобаза директоры болды. Әрине, білім керектігін түсініп, 1984-1986 жылдары Орал-дағы кооператив техникумын, 1989-1994 жылдары Мәскеудің сауда университетін бітіріп, экономист мамандығын алып шықты.
1990-1995 жылдары аудандық тұтынушылар одағында басшының орынбасары болып қызмет атқарғанда Бұлдырты ауылдық сауда бөлімінің басшысы болғаны, әсіресе, адамдармен қоян-қолтық жұмыс жасауда көп көмегін тигізді.
1995 жылдары Орал қаласына қоныс аударып келгесін «Бекбау» жеке кәсіпорнын басқарып, 2000-2002 жылдары «Казвторчермет» мекемесінде басшылық қызмет атқарды. Ал 2002 жылы «Алим Транс Контракт» ЖШС-ын құрып, осы мекеменің гүлденуіне, облыстағы іргелі кәсіпорынға айналдыруда өзіндік үлесін қосты. «Алим», «КСС» мекемелерін дамытуда, жұмысын жолға қоюда аутокөлік саласын басқара отырып, сан салалы үлкен компанияға айналдыра білді.
«Нан болса, ән де болады» деген Брежнев заманында өскен ұрпақ болсақ та, «Ән болса, нан да болады» деген ұғымға жүрегі бұрыңқырайтын Құсахаң өнердің жанашыры. Облыстың өнерсүйер, өнерлі жандары - Құсайынға өте жақын адамдар.
«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, спорт, әсіресе, қазақ күресі түрі - Құсайынның сүйетін өнері. Астанаға дейін барып, қазақ палуандарын тамашалаумен қатар, сыни тұрғыда саралап, өз ақылын айтудан жалыққан емес.
Кейіпкерімнің жақсы көретін тағы бір өнері – ұлттық ат спорты. Жай жақсы көріп қана қоймай, осы саланың облыстағы бірден-бір жанашыры болып жүр. Тәубешіл, ырымшыл халықпыз ғой, көз тигенге сенетін Құсайынның ұл-қызы туралы көп нәрсе айтпай-ақ қоялық. Тәрбиелі, өздеріне сын көзбен қарайтын, білімді, кәсіпкер, тамаша ұрпақ өсіріп отыр менің досым.
Адам бір мақсатпен мағыналы өмір сүруге тырысады. Сол үшін жоспар құрады. Жоспарсыз бір нәрсе бар, ол – өзіңнің сүйген жарыңа ұнатып қосылу. Жақсы көріп қосылу мәңгі. Жоспармен, есеппен қосылған жұбайлардың ерлі-зайыпты өмірі көбіне ұзақ болмайды немесе азаппен өтері даусыз. Есеппен емес, сүйіп қосылған Құсайынның сүйген жары Мәрзия – адал сүт емген жанның бірі. Адал жар, құрсақты ана, қонақжай, көпшіл, дастарқаны кең, тамағы нәрлі, қазақ әйелдерінің эталоны деуге болады. Қай уақытта да тамағы әзір Мәрзия ағайын-тумаға сыйлы, қуаныш пен қайғысына ортақтасуы Құсахаңа пара-пар.
Намазы бұзылмаған, оразасы үзілмеген, Алланың сүйген құлы, мекемесінің абыройлы басшысы, немерелерінің сүйікті атасы, адал жар Құсайын Бақтиярұлы Бақтияров 63-ке, яғни пайғамбар жасына келіп отыр. Зейнеткерлікке шығуы, шартты меже ғана. Еңбек майданында әлі алар асуы бар екендігі шүбәсіз. Сондықтан абыройлы еңбек ете бер дегім келеді.
Газет тілшісі Серік Иқсанғали «Ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл» деген материалында «Қазақ даласында жалындап өткен ұлт-азаттық көтеріліске биыл 100 жыл толды. Тарих бетіне қанды әріппен жазылған осы арпалыс жайында қаншама көп жазылса да, әлі де көмескі қалған тұсы көп. Таяуда Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада атаулы күнге арналған «1916 жыл: ұлт-азаттық көтерілістің ақтаңдақтары мен себептері» атты дөңгелек үстел өтті. Оған ғалымдар, мектеп ұстаздары, студенттер және кітапхана ұжымы қатысты», деп жазады.
Басқосуды ашқан кітапхана директорының орынбасары Сара Кенжебаева күн тәртібіндегі мәселенің тек тарих қана емес, ұлттық рухтың қалыптасуы мен сақталуы үшін де маңызын айта келіп, сөз кезегін тарихшы ғалымдарға берді. БҚИТУ-дың оқытушысы, ғылым кандидаты Самат Құрманәлин ең алдымен аталмыш көтерілістің тарихи тағылымын атап өтті. Орыстың соңғы патшасы Екінші Николайдың 1916 жылғы «бұратана» ұлттардан сол кезде жүріп жатқан бірінші дүниежүзілік соғыстың тыл жұмысына адамдар алу жөніндегі жарлығы - көтерілістің себебі емес, түрткісі іспеттес. Қазақ ұлтының ғасырлар бойғы кемсітушілік пен отарлық езгіге қарсы ашу-ызасы шиқандай жарылып, сыртқа шықты. Сонымен қатар қазақтан басқа, ұйғыр, өзбек, қырғыз, түрікпен сынды бауырлар да қолына қару алып, кейде қарусыз да қарсылық көрсетті. Алайда қазақ жеріндегі көтеріліске тең келе алған жоқ.
- Әдетте 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі десек, бірден есімізге Торғай және Жетісу өңіріндегі жанкештілік түседі. Дұрысында, байтақ еліміздің барлық аймағында дерлік, көтеріліс деңгейіне жетпесе де, дүмпулер аз болған жоқ. Көптеген қазақ зиялылары ел-жұрттың қолына қару алып, көтеріліске шығуын мақұлдамады. Өйткені есепсіз адам шығынынан, әсіресе, жазықсыз әйел, бала-шаға, кәрі-құртаңның қырылып қалуынан сақтандырды. Өкініштісі сол, кейін солай болды да. Бір жылдай уақытқа созылған көтерілістің нәтижесінде 900 мың қазақ қаза тапты немесе бас сауғалап, Қытайға, көршілес түркі бауырларына көшіп кетіп, паналады. Әрине, ұлт-азаттық кө-терілісін мүлдем нәтижесіз деуге болмайды. Сол кездегі ресми билік қазақ даласынан майданның қара жұ-мысына 500 мың ер-азаматты алуды жоспарласа, іс жүзінде 280 мың адамды «қанағат» тұтты. «Бала өлгенше, шал өлсін!» деген ел арасындағы ұран сол жылдары халық арасында кеңінен қолдау тапты. Бізді қынжылтатыны - осы аса маңызды тарихи оқиғаның күні бүгінге дейін Отанымызда кеңінен атап өтілмеуі. Әзірге тек Торғай мен Жетісу өңірінде көтеріліске қатысты мазмұнды шаралар жүріп жатыр, - деді сөзін түйіндеген Самат Құрманәлин.
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың тарихшы ғалымы, ғылым кандидаты Есқайрат Хайдаров мазмұнды әңгімесінде 1916 жылы жазда өңірдің Бөрлі мен Орда, Шыңғырлау аумағында болып өткен толқуларға тоқталып өтті. Жымпиты өңірінде де қарсылық болғаны туралы деректер бар. Бірақ патша жарлығына қарсы Жайық өңіріндегі бой көтеру хақында тиянақталған толымды ғылыми еңбек әлі жоқ. Тек академик тарихшы Т. Рысбековтің көлемді туындысы мен Ғ. Қарабалиннің мақаласынан басқа тұшымды зерттеу болмай отыр.
- Соның өзінде біз қазір тек аудан ғана емес, Орал қаласының іргесіндегі Барбастау, Тихомиров сынды елді мекендерде де бой көрсету болғанын біліп отырмыз. Ал Орда, Жаңақала аумағындағы халықтың наразылығын Сейітқали Меңдешев пен Исатай батырдың немересі Өтепқали Дінбаянұлының басқарғаны күні бүгінге дейін кеңінен танылмай келеді. Сондықтан төл тарихымыз, соның ішінде 1916-1917 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі әлі де насихатқа ділгер, - дейді Е. Хайдаров.
Ал облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы, тарихшы С. Ғиззатовтың айтуынша, жаратылысынан еркіндік сүйгіш болғаны үшін және орыс тілін білмегендіктен, патша қазақтан әскерге адам алмаған. Әйтпесе, татар және башқұрт ағайындар ғасырлар бойы патша әскерінде болды ғой.
Әрі қарай ғалым Шыңғырлау өңіріндегі қарсылықты Б. Сарбалаев басқарғанын, бой көтерушілер қара жұмысқа алынатындардың тізімін сұрағанда, бергісі келмеген болысты өлтіргенін тілге тиек етті. Алайда соңынан Мордвинов жетекшілік еткен жазалаушылар келіп, бәрін қуып, сегіз адамды дарға асқан. Ал С. Меңдешев Астрахан түрмесінде жатып шықты. Соның өзінде өңірде қара жұмысқа алынуы тиіс 50 мың қазақ жігітінің 35 мыңы ғана еріксіз батысқа аттанды. Кәнігі тарихшы аталмыш тақырыпқа әлі күнге дейін жас ғалымдардың мойын бұрмай отырғандығына қынжылыс білдірді. Әрі жыл сайын 25 маусым күнін 1916 жылғы ұлт-азаттық кө-терілісінің басталуы мерзімі ретінде мемлекеттік деңгейде атап өту жөніндегі ұсынысын айтты.
Биыл Батыс Қазақстан облысында мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың 90 жылдығы кеңінен аталып өтілді. «Ел есіндегі еңселі тұлға» деген мақалада осы жөнінде айтылады.
«Ұрпақ ұлыларды ұмытпайды», міне, осындай ортақ атаумен өткен сенбі, жексенбі күндері көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың туғанына 90 жыл толуына орай облыс орталығы мен Жәнібек ауданында мерейтойлық шаралар өтті. М. Ықсанов кезінде Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары және әр жылдары Жамбыл, Қызылорда, Орал облыстарын басқарып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан қайраткер тұлға.
Ол үкімет басшысының орынбасары ретінде кезінде республикамызда қалалық елді мекендердің кең қанат жайып, гүлденуіне, өнеркәсіптің өркендеуіне, сон-дай-ақ Алматы қаласын селден қорғау құрылымдарының қалыптасуына, ал еліміздің жоғарыда аталған үш облысын басқарған кезде ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласына қоса, суландыру жүйесінің күрт дамуына тікелей ықпал етті. Сол себепті ел есіндегі еңселі тұлға Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың өмірге келгеніне 90 жыл толуына орай облыс орталығы мен Жәнібек ауданында өткен мерейтойлық шараларға Жайық жұртының ықыласы ерекше болды. Мерейтойлық салтанатқа облыс жұртшылығымен қатар, ҚР Парламентінің депутаттары, М. Ықсановтың қарындасы Хашия және қызы Гүлнәр қатысты (Өздеріңізге мәлім, Гүлнәр Мұстақымқызы Ықсанова бүгіндері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты). Мерейтой барысында ғылыми-танымдық конференция, Ықсановтың өмірі мен қызмет жолынан мол мағлұмат беретін қос кітаптың таныстырылымы өтті. Осы шараларға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, сөз сөйледі.
Сенбі күні Орал қаласында өткен шаралар 1975-86 жылдары М. Ықсанов обкомның бірінші хатшысы болып қызмет істеген кезде облыстық партия комитеті, ал бүгінгі облыстық мәслихат ғимаратының қабырғасына орна-тылған ескерткіш тақтаны ашудан басталды.
- Кеңес одағы кезінде көп мәселе тек орталық арқылы ғана шешілетін. Бірақ Мұстақым Біләлұлы қажет кезде батыл шешім қабылдай алатын қайраткерлердің қатарынан еді. Ол - Орал өңірінде құрылыс саласы мен суландыру жүйесін дамыту бойынша айшықты қолтаңбасын қалдырған тұлға. Байырғы Оралдың бүгінгідей гүлденген қалаға айналуы, суландыру жүйесінің жақсы жолға қойылуының арқасында жайылым мен шабындық мәселелері оң шешім тауып, Ақ Жайық атырабында асыл тұқымды мал шаруашылығының жаппай ілгерілеуі Мұстақым Ықсанов бастап, жасампаз еңбекке жұмылған аға толқынның еңбек майданындағы еңселі биігі, асқаралы асуы. Асыл ағаның ел есінде қалуы да өзі талай іргелі іске ұйытқы болған жасампаз еңбегінің нәтижесі, - деді өңір басшысы салтанатты шарада. Облыс әкімі Алтай Көлгінов пен ҚР Парламентінің депутаты Гүлнәр Ықсанова ескерткіш тақтаны ашу рәсімін жасады. Ел-жұрттың назары еңселі тұлғасы сәтті мүсінделген М. Ықсановтың жарқын бейнесіне ауды. Іле-шала ескерткіш тақта алды гүл шоқтарымен көмкерілді. Қарымды қайраткердің қызы Гүлнәр Ықсанова әкесі туралы тағылымды естеліктерге ерік беріп, Мұстақым Біләлұлына құрметі еш кемімейтін Жайық жұртына шынайы ризашылығын білдірді. Облыс орталығындағы еңселі білім ошағы №36 орта мектепке М. Ықсанов есімінің берілгеніне де біраз жылдың жүзі болды. Мерекелік шара осы оқу орнында жалғасты. Осы мектептің алдында, М. Ықсановтың мүсіні жанында өткен шарада Мұстақым Біләлұлының қарындасы Хашия Сырғабекова ағасының есімін құрметтеп, ұлықтаған еліне және мектеп ұжымына алғыс айтты. Облыс әкімі А. Көлгінов және Г. Ықсанова бастаған топ қайраткер тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп, аталмыш білім ошағындағы М. Ықсановқа арналған көрмемен танысты. Олардың қатарында ҚР Парламентінің депутаттары Бірғаным Әйтімова, Зағипа Бәлиева, Гүлжан Қарағұсова, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев, Жамбыл, Атырау, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген меймандар да болды.
Облыстық қазақ драма театрында әуелі облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан алынған М. Ықсановтың өмірі және еңбек жолы туралы сыр шертіп, мағлұмат берер суреттер мен құжаттар қойылған көрмені тамашалаған жұртшылық содан соң «Ұлы тұлға» және «Ғасырдың асылы» атты қос кітаптың тұсаукесеріне қатысты. Бұл шара «Ұрпақ ұлыларды ұмытпайды» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияға ұласты. Облыс әкімі Алтай Көлгінов ашып, жүргізіп отырған конференцияда өңір басшысы баяндама жасап, Мұстақым Біләлұлының жасампаз еңбек жолын айшықты мысалдармен жұрт жадында жаңғыртты. Ал сенатор Бірғаным Әйтімова тағылымға толы естелік өрбітті. «Қазақстан РТРК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары, М. Ықсанов туралы «Ғасырдың асылы» атты кітаптың авторы Қайнар Олжай Мұстақым ағамыздың әкесі соғыстан оралмаса да, атасының көп жыл қамқорлығында болып, ұлт рухымен суарылған адам екеніне айрықша мән берді. Әрі асыл аға атасын қария өмірден өткенше қасынан тастамапты. Атасы ұдайы намаз оқып, қасиетті ислам дінінің жоралғыларын қатаң ұстанса да, немересінің мансаптық өрлеуіне еш кедергісі болмаған. Қызылордада күріш шаруашылығына қатысты ғылыми-зерттеу институтын ашқан, жер сілкінуден күйзелген Тараз қаласын екі рет көтерген, өзге де қыруар еңбегі бар Мұсекеңді ұлтының ұмытуы мүмкін емес.
Тіпті оған көршіліс өзбек ағайындар да көшенің атын берген екен.
ҚР мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері Жамбыл облыстық кә-сіподағы комитетінің төрағасы, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Оңласын Есіркепов облыс әкімі Алтай Көлгіновке Жайық жұртшылығы үшін сый-кәде ретінде әкелген жүз жасаған Жамбыл бейнеленген кілемді сыйға тартты. Ал Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов Сыр елінің ықыласын жеткізіп, жерлестері атынан Қорқыт бабаның портретін ұсынды. Оңтүстік Қазақстан облысы мақта шаруашылығы тарихы музейінің директоры Асқар Тәжібекеев, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсенбаев, Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық бөлімшесі жанындағы аналар кеңесінің мүшесі Роза Көжекова Біләлдің Мұстақымы туралы ғибратты естеліктер тиегін ағытты. Осы жиын барысында М. Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Асқар Атаев Мұхтар Әжіғұлов, Хамза Сафин, Роза Көжекова, Рахметолла Егізбаев сынды ардагерлерді мерейтойлық медальмен марапаттады. Мұндай марапатқа ие болғандардың арасында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және біраз жыл Мұстақым Біләлұлының кіндік қаны тамған ауыл-аймағы Жәнібек ауданының әкімі болған, қазір Теректі ауданының әкімі Мұрат Мұқаев секілді атқамінер азаматтар да бар.
Бұдан соң жұртшылық облыстық қазақ драма театрына жиналып, Мұстақым Біләлұлының өмірбаяны мен еңбек жолы негізінде құрастырылған «Туған жердің түтіні» атты бейнебаянды тамашалады. Бейнебаяннан туған еліне еселеп еңбегін сіңірген тау тұлғалы азаматтың ғибратты ғұмырына қанығасыз. Сонымен қатар бір кездері Ықсановтың өзі басқарған өңірлердің қазіргі басшыларының бейнебаянда бедерленген ой-пікірлері де қайраткердің еліне сіңірген өлшеусіз еңбегін жарқырата түседі.
Шара «Ел есінде – ер Мұстақым» атты концерттік бағдарламаға ұласты.
***
Ақ Жайық өңірінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың 90 жылдық мерейтойы өзінің кіндік қаны тамған ауыл-аймағы Жәнібек ауданының орталығында да тойланды.
Мұстақым Біләлұлының мерейтойына Жәнібек жұртшылығы тайлы-тұяғына дейін қалмай қатысты десек, артық айтпаспыз. Шара барысында Жәнібек колледжінің алдында қайраткердің мүсіні ашылды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, Мұстақым Ықсановтың қызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Ықсанова және ҚР Парламентінің депутаттары Бірғаным Әйтімова, Рашит Ахметов, Гүлжан Қарағұсова, Шафхат Өтемісов, сонымен қатар кезінде Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында қайраткермен қызметтес болған ардагерлер мен елімізге танымал біраз тұлға қатысты. Алғаш болып сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов шараның мән-маңызына тоқталып, ел-жұртқа игі тілегін арнады.
- Құрметті халайық! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сара басшылығының арқасында Тәуелсіз Қазақстанды барша әлем танып, мойындады. Тәуелсіздігіміздің биыл атап өтілетін ширек ғасырлық мерейтойында қол жеткен табысымыз мол. Осы жылдар ішінде тек облысымыздың аумағында 59 мектеп, 40-қа жуық балабақша салынып, пайдалануға берілді. Жолдар салу жұмыстары да жүйелі жалғасын табуда. Жәнібекте де бүгінгі таңда жол салынып жатырғанына өздеріңіз куәсіздер. Осындай игі істердің барлығына да тұрақтылықтың, халықтың бірлігінің нәтижесінде жетіп отырмыз. Жерлесіміз Мұстақым Ықсановтың мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келуімен барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын. Қашанда өткенге салауат айтып, болашаққа аманат жүгін қалдырған халықпыз. Ел мүддесі үшін тынымсыз еңбек етіп, ортақ мақсатқа жету жолында бар күш-қайратын жұмсаған азаматтарды ел-жұрты ұмытпай, мәңгілік есінде сақтайды. Соңына өшпес із қалдырған қайраткер тұлғалардың бірі Мұстақым Біләлұлы Ықсанов екендігі хақ. Осыдан тоқсан жыл бұрын Жәнібек ауданында өмірге келген Мұстақым Ықсанов барлық саналы ғұмырын халықтың игілігіне жұмсап, елінің жарқын келешегіне арнады. Ол - өзінің өнегелі өмірімен, жасампаз еңбегімен, ұлтжанды мінезімен ел жадында мәңгілік қалған тұлға. Мұстақым Біләлұлы біздің облыстың өркендеуіне, жаңаша дамуына, облыс жұртшылығының берекелі де бақуатты өмір сүруіне айрықша еңбек сіңірді. Жайық өңірінің ырыс-берекесінің артуына тікелей ықпал жасады. Бүгін міне, осындай абзал азамат Мұстақым Біләлұлының есімін ұлықтау үшін аудан орталығындағы Жәнібек колледжін М. Ықсановтың атымен атап, оқу орнының алдында мүсінін ашып отырмыз. Мұның өзі ел өзінің азаматының қадірін, оның елге сіңірген еңбегінің бағасын білгендігінің белгісі, - дей келе, облыс басшысы жиналған қауымды мүсіннің ашылуымен құттықтады.
Салтанатты шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Уәлиев сөз алып, облыс, аудан жұртшылығының қайраткерге көрсеткен құрметіне ризашылық білдірді.
Өңір басшысы Алтай Көлгінов пен Мұстақым ағамыздың қызы Гүлнәр Ықсанова қайраткер тұлғаның мүсінін салтанатты түрде ашқан соң гүл шоқтары қойылды. Жиналғандар бұдан әрі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың есімі берілген колледж ғимаратына еніп, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Қайраткерге арналған өлеңді мәнерлеп оқыған осы колледждің шәкірті Рауан Болатовқа Алтай Сейдірұлы мен Гүлнәр Мұстақымқызы өте разы болып, жас дарынның қолын алып, лебіздерін білдірді. Бұдан әрі меймандар Мұстақым Біләлұлына арналған көрмені тамашалап, ардақты азаматтың атындағы сыныпты көріп шықты.
Қарымды қайраткердің мерейтойына арналған мерекелік шаралар түстен кейін дала қызықтарымен жалғасты. Аудан орталығының солтүстік-батыс беткейінде орналасқан алаңда 8 киіз үй тігілген. Ауылдық округтер мен аудан орталығындағы мекемелердің мұрындық болуымен құрылған киіз үйлерде меймандар мен Жәнібек жұртшылығына қазақ халқының меймандостық салтына сай дастарқан жайылып, ас мәзірі тартылған. Көп кешікпей дала қызықтары да басталды. Шара басталар алдында шаршы топтың алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толу мерейтойына арналған шаралар аудан бойынша бекітілген жоспарға сай өтуде екендігін, бүгін сол жоспардың ауқымында жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың 90 жылдығы аталып өтуде екендігін айтып өтті.
Шарада алдымен халқымыздың ұлттық ойындарының бірі аударыспақ сайысы болып, мұнда бірінші орынды жәнібектік Алмат Оразбай жеңіп алса, екінші, үшінші орындар да тиісінше Мирас Берікбаев, Мейірім Меңдіғалиев секілді жерлестеріміздің қанжығасында кетті. Қыз қууда да жерлестеріміз Марина Жанапанова мен Ғалым Мақсоттың мерейі үстем болды. Теңге ілу ойынында да Ертай Жұмабаев, Әлімжан Мамаев, Мирас Берікбаев сияқты жәнібектіктер сәйкесінше жүлделі орындарды иемденді. Ал үш шақырымдық тай жарысында болашақта аламанда шабатын жас тұлпарлар бағын сынады. Бір айналымдық үш шақырымға шапқан тұлпарлардың сайысында жәнібектік Мерей Исиннің тұлпары бірінші, көршілес Қазталов ауданының Көктерек ауылынан келген Еркенже Егінбаевтың аты екінші, қазталовтық Әділбек Айтболатовтың жүйрігі үшінші орынға ие болды. Сол сияқты бозкілемде қазақ күресінен белдесу қызу жүріп жатты. Бұл ұлттық сайысты тамашалап тұрған жұртшылықтың қарасы да өте көп. Бірнеше сағатқа созылған палуандар белдесуінің нәтижесінде «Түйе палуан» атағын жәнібектік Ниязбек Оңайәлиев жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды сәйкесінше жәнібектіктер Сырым Байысов, Тұрарбек Мырзағалиев иеленді.
Ал 30 шақырымдық аламан бәйгеге ауыздығымен алысқан 35 сәйгүлік қатысты. Бәрі де нөмірленіп, қаз-қатар сапқа тұрған. Бағы да, бабы да келіскен сәйгүліктің ғана көмбеге бірінші келері анық. Бәйге барысында алғашқы айналымда топтала шапқанымен, одан кейінгі айналымдарда біртіндеп аралары сирей берді. Ақыр соңында алғашқы айналымдарда-ақ алдына қара салдырмай баққан Тайпақ ауданынан келген «Наурыз» атты Ермұхан Бал-ғабайдың сәйгүлігі көмбеден бірінші болып өтті. Одан кейін Орал қаласынан Дастан Тұржановтың тұлпары өтті желдіртіп. Үшінші болып жәнібектік Мерей Исиннің арғымағы өте берді. Бас бәйгеге жеңіл автокөлік, екінші орынға мотоцикл, үшінші орынға тоңазытқыш тігілді. Аламан бәйгенің жеңімпаз-жүлдегерлеріне салтанатты жағдайда сыйлықтары тапсырылды. Алдында айтылған тай жарысы және ұлттық ойындарда алғашқы сатылардан көрінгендерге де арнайы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ волейболдан өткізілген жарыста көршілес Ресейдің Волгоград, Саратов, Волжск, Николаевка, Красный Кут қалаларынан және өзіміздің Орал қала-сынан, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарының командалары қатысты. Алыстан ат арылтып келген Волжск қаласының волейболшылары жүлделі бірінші, Орал қаласының ойыншылары екінші орын алса, Жәнібек ауданының волейболшылары үшінші орынды місе тұтты.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Біләлұлының Жәнібектегі мерейтойы кешкісін орталық алаңда аудандық мәдениет үйі мен облыстық филармония әншілерінің тартымды концертіне ұласты. Мерейтой жұлдызжауынмен мәреге жетті.
«Дәрісхана ашылып, шәкіртақы тағайындалды» деген ақпаратта елі үшін аянбай еңбек етіп, артында өшпес із қалдырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері М. Ықсановтың 90 жылдығына арналған еске алу шаралары аясында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің машина жасау факультетінде Мұстақым Ықсанов атындағы дәрісхана ашылып, атаулы шәкіртақы тағайындалғаны айтылған.
Салтанатты шараға қайраткердің әріптес-замандастары, еңбек ардагерлері, профессор-оқытушылар құрамы мен машина жасау факультетінің студенттері қатысты. Кездесуде сөз алған университет ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев болашақ инженерлер мен құрылысшыларға М. Ықсановтың өнегемен өрілген өмір жолы туралы әңгімелеп берді. Барлық саналы ғұмырын еліміздің, соның ішінде Жайық өңірінің экономикасы мен мәдениетін дамытуға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арнаған Мұстақым Біләлұлының Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор. Шалғай ауылдардан келген жастардың алаңсыз білім алуына қамқорлық танытып, қала шетінен Студенттер қалашығының құрылысын бастаған. Жұмыстың сапалы жүргізілуін өзі тікелей қадағалап, студенттерге арналған 800 орындық акт залын салу үшін мамандарды Мәскеу қаласынан арнайы шақырып алдырған.
Нар тұлға ел есінде ең алдымен қажырлы еңбегімен, табиғат тарту еткен талантымен, ерекше мінезқұлқымен қалған жан. Ол асқан өмір асулары өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи белестерінің айқын көрінісі іспетті. Мұстақым Біләлұлымен ұзақ жыл қызметтес болған еңбек ардагері Роза Көжекова оның инженер мен құрылысшыларды өз өңірімізде дайындасақ деген асқақ арманының бүгінде лайықты жүзеге асқанына қуанатынын жеткізді. Қатардағы құрылысшы мамандығынан бастап, көрнекті мемлекет қайраткеріне дейін көтерілген Мұстақым Біләлұлының білімді жастарды қолдап, ғылымға бағыттап, аспирантураға жолдама бергенін де тілге тиек етті.
М. Ықсанов атындағы қоғамдық қор төрағасы Асқар Атаев қайталанбас тұлғаның тындырған сан алуан бағдарын жастарға үлгі-өнеге ету мақсатында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. М. Б. Ықсанов атындағы атаулы шәкіртақыға ие болған машина жасау факультетінің 4-курс студенті Жалғас Ұзақбаев өзіне зор сенім артқаны үшін университет басшылығына алғыс айтты.
Газеттің 6 қазан күнгі санында ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымовтың «Талай тұлғаны қанаттандырған» деген мақаласы ерекше көзге түседі. Онда 175 жылдығы аталып өткен Жәңгір хан мектебінің тарихы баян етілген.
Жәңгір ханның туған топырағында еуропалық білім беретін бастауыш мектеп ашу ниеті 1826 жылдың өзінде басталған. Орынбор шенеуніктеріне, әдейі Орынбор әскери губернаторы П. Эссенге Ордада қазақ балаларына арнап орыс тілінде білім беретін мектеп ашу қажеттігін дәлелдеп, әлденеше рет хат жазған. Жәңгірдің ойынша, ондай мектеп қазақ балаларын Қазан университеті мен Орынбордағы Неплюев кадет корпусына, Ресейдің басқа да оқу орындарына түсіп оқу үшін дайындық тиіс-ті. Алайда Жәңгірдің мектеп ашу жөніндегі арманы тек 15 жылдан кейін барып жүзеге асты. Иә, сонымен 1841 жылы 6 желтоқсанда қазақ даласында қазақ балалары үшін тұңғыш мектеп ашылды. Ол мұрағат (архив) құжаттарында училище деп жазылғанмен, халық арасында «Жәңгір мектебі» аталып кетті.
Қарағайдан қиып салынған мектеп Ордадағы еңселі ғимараттың бірі болған. Оқушылардың партасы, мұғалім үстелі мен орындығы, класс тақтасы, шығыс мәнеріндегі оймыш буылтық ағаш бағанасы мектеп ішінің жоғарғы эстетикалық талғаммен безендірілгенін көрсетеді. Жәңгір хан бұл мектепті 1841 жылдан өз қарамағына алып, барлық материалдық қажеттерін өзі қамтамасыз етіп отырған. 1905 жылы осы екі сыныптық мектеп төрт сыныптық (қазіргі жүйе бойынша 9-сыныптық білім беретін) қалалық мектепке айналып, жанынан мұғалімдер даярлайтын педагогикалық курс ашылады. Мектепте шекті аспаптар оркестрі, хор және бай кітапхана болған.
«Егемен Қазақстанның» тілшісі Тілекқабыл Боранғалиев 1991 жылы Орда мектебінің 150 жылдық мерейтойына орай осы газет бетінде жариялаған «Алыптарға әліппе үйреткен» атты мақаласында: «Жастайынан зиялы қауымның арасында болып, білім нәрімен сусындаған Жәңгір билікке қолы жеткен күннің ертеңінде-ақ өз ордасында мектеп ашып, халқына білім нәрін себуді армандайды. Оған дәлел 1826 жылы қазан айында Қазан қаласына барған сапарында Қазан университетінің ректоры Фукспен екі арадағы болған әңгімесі. Университетті аралап, оның бай кітапханасымен танысып, ғылыми жетістігіне қаныққан Жәңгір Фукске өз ордасында мектеп ашып, ғылымға қазақ баласының да қолын жеткізуге бастама жасау ниеті бар екенін білдіреді. Жәңгірмен сұхбатында жақсы әсер алған Фукс ол туралы «Өзінің жас кезінде, хандығының бас кезінде, тіпті Ордада әлі бірде-бір үй тұрғызылмаған кезде, оның білімнің пайдасы жөнінде осы бастан ойлауы қандай ғанибет» деген сипаттағы пікірде болған деп жазған-ды.
…1841 жылы қазан айының 10 жұлдызында Жәңгір сұлтан-правитель Шүке Нұрәлиевке жазған хатында ғылым, білімнің пайдасын жан-жақты дәлелдей келіп: «Биылғы жылы мен өз ордамда мектеп ашуды ойлап, өз балаларын орташа ақымен оқуға беруге тілек білдіргендердің бәрі маған өтініш жасай алады. Сізді қарауындағы халықты, әсіресе, сұлтандарды балаларын мектепке оқуға беруге үгіттейді деп сенемін» депті.
Сөйтіп, арада екі ай өткеннен кейін, 1841 жылы 6 желтоқсанда қазақ даласында қазақ балалары үшін ашылған оның тұңғыш ғылыми негіздегі мектебі ашылды. Жәңгір оны өз қаражатына салдырып, барлық шығынын өзі көтерді. Шәкірттерге орыс мұ-ғалімі дәріс беретінін, орысша оқытатынын естіген ата-аналар «Шоқынып кетеді, орыс болып кетеді» деп балаларын мектепке беруден бас тартады. Мұны көрген Жәңгір олардың ойының негізсіз екенін дәлелдеу үшін өзінің екі бірдей баласын оқуға беріп, үлгі көрсетеді. Олардан басқа мектептің алғашқы лектегі 25 шәкіртінің ішінде ауқатты отбасылардың балалары Ахметкерей Хансұлтанов, Мұхаметше Байтүшенов, Бажақов, Шомбалов, Ысмайыл дегендер болған көрінеді. Ал олардың бір-бірінен жас алшақтығы 9 бен 22 жас аралығында екен. Қарағайдан қиып салынған мектеп үйі Махамбет айтқандай, «еңсесі биік ақ орданың» еңселі үйінің бірі болғанға ұқсайды. Терезелері түстік бетке қараған мектептің іші кең де жарық екі үлкен бөлмеден тұрған. Оның бірі класқа, екіншісі жатақханаға арналып жабдықталған. Тұңғыш оқу ошағының үйі біздің кезімізге жеткен жоқ, тек фотосуреті сақталған. Бірақ орны белгілі – ол қазіргі амбулаторияның түстік бетінде, көкорай жағында. 25 оқушының 18-і үйден келіп, жетеуі жатақханада жатып оқыған.
Мектепте діни дәріспен бірге орыс тілі, арифметика, тарих, жағырапия сияқты негізгі ғылыми пәндер оқытылған. Дінтануды және шығыс тілдерін Садриддин Әминов оқытқан екен. Мектеп меңгерушісі әрі мұғалімі болып жоғары білімді мал дәрігері Константин Петрович Ольдекоп деген кісі істеген. Оған мұғалімдікпен қатар тәрбиешілік міндет қоса жүктеліпті. Кейін 1852 жылы Ольдекопты Потанин ауыстырады.
Музей қорындағы Бөкей ордасы мектептерінің альбомында Ольдекоп туралы «Инспекция архивіндегі ханға берген ұқыпты есептерінен оның өз жұмысын аса білгірлікпен атқарғандығын, оқу ісін жүйелі жолға қойғанды-ғын, ыждағаттылығын, өз ісіне шын ниетімен берілгендігін аңғару қиын емес. Ол осы мектепте он жылға жуық еңбек еткен кезінде орысы бар, қазағы бар жергілікті жердің қарт тұрғындары арасында игі ісімен өзі туралы ізгі естелік қалдырды» делінген. К. Ольдекоп бірыңғай қазақ балаларына орыс тілін қапелімде меңгеріп кету қиынға түсетінін байқады. Сондықтан оны неғұрлым тезірек меңгеріп, жетік білу үшін мектепке орыс балаларын да қабылдап, араластырып оқыту керек деп есептеді. 1848 жылы ол қазақ балаларымен бірге ставкадағы орыс тұрғындарының балаларын ешқандай ақы алмастан тегін оқытуға ниеті бар екенін білдіріп, Уақытша кеңестен рұқсат сұрап, келісімін алады...
Бөкей ордасынан, Жәңгір мектебінен шыққан, халқына адал қызмет жасаған қайраткерлер, ғалымдар, мұғалімдер мен дәрігерлер, заң қызметкерлері мен агрономдар көптеп саналады. Жәңгір мектебінде оқып, кейбіреулері кейін оқуын орыс жеріндегі жоғары оқу орындарында, әскери училищелерде жалғастырып, дарындылығымен, іскерлігімен көзге түсіп танылған зиялы азаматтар, қайраткерлер, оқымыстылар аз болған жоқ. Олардың есімдері, тындырған істері тарихи деректерде сақталып, халықтың жадында қалған. Кейбіреулерін атап өту орынды. Мәселен, Дәулеткерей Шығайұлы – Бөкей хан өлгеннен кейін Уақытша орданың ханы болған Шығай сұлтанның баласы, атақты домбырашы, төкпе күйдің атасы. Сұлтандар ортасынан шықса да, бар ғұмырын күйге, өнерге арнаған. «Қоңыр», «Бұлбұл», «Топан», «Жігер» деген күйлері бәрімізге таныс. Дәулеткерей сонымен бірге біраз әкімшілік қызметтермен де айналысқан. Бірақ айналасына жиі-жиі әнші-күйшілерді, өнерпаздарды жинап, ойын-сауық құруды ұнатқан сал-сері. Жәңгір хан мектебінде оқыған, хан әулетінен шыққан, Жәңгірдің Жүзім деген әйелінен туған үлкен ұлы Сейіткерейдің баласы Шәңгерей Бөкеевтің аты, ісі, өнері дүйім қазаққа таныс: тамаша ақын, ойшыл-философ, аудармашы. Хан сарайы жөнінде:
«Сол айтылған Нарында,
Нарынның қызыл құмында,
Ай белгілі ақ мешіт,
Алпыс бөлме, жүз есік,
Салынған екен көк орда...», – дейді ол.
«Ай белгілі ақ мешітті» Жәңгір хан 1835 жылы салдырғаны белгілі. Хан сарайын «алпыс бөлме, жүз есік» деп сипаттауы ақындық әсерлеу болса керек. Сол кездегі мәліметтерге қарағанда, сарайда 23 бөлме болғанға ұқсайды. Осы сарайда Шәңгерей 1847 жылы тамыз айында дүниеге келіпті. Бес жасында ата-анасынан айырылып, материалдық жағынан болмаса да, рухани, адами тұрғыда жетімдіктің зардабын тартады. Шәңгерейдің өлеңдерінің мұңлы, шерлі болып келетіні содан болса керек...
Шәңгерей әуелі Жәңгір мектебінде оқып тәрбиеленіп, кейін кейбір деректерге сүйенсек, Орынбордағы кадет корпусына түсіп, екі жылдай оқиды. Бірақ одан соң оқуын жалғастырмай, елге оралып, серілік құрады, саятшы болады, шығармашылыққа ден қояды. Өздігінен ізденіп оқып, арабша, орысша таза сөйлейтін, дін ілімін жетік меңгерген өте сауатты адам болып шығады. Өлеңдері философиялық ойға толы болып келеді.
Оқыса өнер-ғылым көңіл ашар,
Ашылып көңіл көзі, зейін тасар.
Мас болған ақылына кейбір жастар,
Жерлерге ақыл жетпес аяқ басар.
Бұл дәурен алпыс асып, бізден қалған
Шын бақыт, тура жолға өзің бастар!
Апыр-ау кімге аян бұ жаһанның
Өлшеусіз ұлылығы асқар, асқар!
Өлеңдерінің негізгі тақырыбы уақыт, заман, аумалы-төкпелі дүние, өмір, өнер, ғылым, махаббат туралы. Шәңгерейден тәлім-тәрбие алған ақын, ағартушы, философ Ғұмар Қараш ұстазы жөнінде:
Әкім де емес, хан да емес,
Хандардан бағың кем емес.
Кем еместің белгісі,
Тыңдалар сөзің әр жерде,
Ешбір адам ләм демес, - дейді.
Білім әлеміне жорығын Жәңгір хан мектебінде бастап, Орынбордың Неплюев атындағы кадет корпусын бітіріп, Батыс өңірінде, Орда жерінде Шоқан сияқты жанжақты білімді, танымал тұлға – Мұхамед-Салық Бабажанов. Ол – Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей ордасын басқару үшін құрылған уақытша кеңестің кеңесшісі, кейін Орданың бір әкімшілік бөлімін басқарған, Ресей жағырапиялық қоғамының мүшесі. Ресеймен тығыз байланыста болған, орыс мәдениетімен, орыс әлемінің озық қоғамдық ойымен таныс болған, көптеген орыс ғалымдарымен, шығыстанушыларымен, саяхатшыларымен жүйелі қарым-қатынаста болған. Орыс тілінде таза сөйлеп, апталық газет-журналдарда көптеген ма-қалалары жарық көрген. Мұхамед-Салықтың жазбаларына қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси ахуалы, қазақ тарихы мен тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен мәдениеті негіз болған. Осы еңбектері үшін ол ресми марапатталған (М-С. Бабажанов - Ресей жағырапиялық қоғамының күміс медаліне ие болған тұңғыш қазақ). Бөкей ордасы ауданындағы бір мектеп бүгінде Мұхамед-Салық Бабажановтың атында. Туған халқына қал-қадерінше қамқор болған МұхамедСалық дүние салғанда Дәулеткерейдің «Салық өлген» деген күй шығарғаны мәлім.
Орда топырағының тағы бір төл перзенті – Бекмұхамедов Мақаш (Мұхамбетжан). Ол да Жәңгір мектебінің түлегі, Орынбордағы Неплюев кадет корпусын бітірген. Бөкей ордасына қарасты округтерде әкім болған, халық арасында «Мақаш-правитель» атанған. Ағартушы-ғалым, қоғам қайраткері. Ел ішінде шешендігімен, алғырлығымен, әділдігімен аты шыққан тұлға.
Жәңгір хан мектебі, Бөкей ордасы туралы әңгіме болғанда бірден ойға оралатын тұлғалардың бірі – Бақтыгерей Құлманов.
Оның есімі қазақ тарихына алтын әріппен жазылатын адам. Жәңгір мектебін бітіргеннен кейін Санкт-Петербургтегі император университетінің шығыс факультетіне түсіп, табысты аяқтаған, Шығыс тілдері бойынша қазақтан шыққан тұңғыш ғылым кандидаты (бұл атақты 1887 жылы алған). Бөкей ордасының Қамыс-Самар бөлігін басқарған. Бірінші және Екінші мемлекеттік Думаға Орда қазақтарынан депутат болып сайланған. Бөкей ордасындағы уақытша үкіметтің комиссары болған.
Ордадағы мектепте сауатын ашып, кейін Петербургтегі императорлық паж корпусында оқыған, ұзақ жыл әскери қызметте болған қазақтан шыққан тұңғыш генерал-лейтенант Жәңгір ханның кіші баласы Ғұбайдолла Жәңгіров. Орыс-түрік соғысына қатысып, көзге түсіп, Ресейдің көптеген жоғары марапаттарына ие болған. Патша үкіметі Ғұбайдолланы лауазымы биік қызметке шақырып, империяның телеграф департаментіне бастық етіп қояды. Ол Петербургте жүріп, қазақтың мұң-мұқтажына көп көмектеседі. Университетте, гимназияда оқыған жастарға қамқоршы болады, қызметке орналасуын қадағалайды.
Жәңгір мектебінен білім алған жүзден астам ғалым-зерттеушілер шыққан. Олардың ішінде Асан Тайманов сынды жиырмадан астам академик бар.
Жәңгір хан – өзінен бұрынғы ата-бабасының алмаған білімін кейінгі ұрпақтарына дарыту бағытында орасан зор еңбек сіңірген адам. Ол өзі өлгенге дейін мектеп шәкірттерінің ұлттық құрамын берік сақтаған. Жәңгір өлгеннен кейін оның мектебін 1848 жылы мемлекет өз қарамағына алып, жыл сайын қажетіне 1404 сом ақша бөліп тұрған. Осы жылдан бастап мектепте орыс балалары да көптеп оқи бастаған. Міне, Ордадағы Жәңгір хан атындағы мектеп сол уақыттан бері оқу-тәрбие жұмысын аралас мектеп ретінде жүргізіп келеді. 1848 жылы мектеп салықтан түсетін қазына қаражатына көшіріліп, Халық ағарту министрлігінің қарамағына беріледі. Кезінде айтылып, кейін көңіл аударылмай келген нәрсе – 1841-1848 жылдары аралығында бұл оқу орны халық арасында «Жәңгір мектебі», ал Бөкей ор-дасын басқару жөніндегі уақытша кеңес шенеуніктері арасында «Джангировское училище» аталуы. Өйткені мектеп Жәңгірдің көзінің тірісінде және қайтыс болғаннан кейін де үш жыл бойы ханның жеке қаржысы есебінен жұмыс істеді. Кешегі Кеңес өкіметі Жәңгір есімін зердемізден өшіруге қанша тырысқанымен, оның халқына сіңірген еңбегін тарихи сана бәрібір ұмытпапты.
Үшбу мектептің тұңғыш түлектерінің бірі, ғалым-этнограф М-С. Бабажанов өз естелігінде ұшқан ұясы туралы былайша еске алады: «Біз Жәңгір мектебінде тәрбиелендік. Бұрынғысынша ол қазір де кадет корпусы үшін даярлық класы іспетті. Бір күні біз ханның алдына шақырылдық және оның бізден корпусқа түсуге деген ықыласымызды білгісі келетіндігі алдын ала ескертілді. Ханның үйінде біздің жасымызға лайықтап дастарқан жайылған екен. Ол жылы қарсы алып, біздің ойымызды сұрай бастады. Үзіліс кезінде біріміздің алдымызға біріміз түсіп, өзіміздің ризалығымызды және оқуға баруға әзір екендігімізді білдірдік. Осыдан кейін ол бізге уыстап ұсақ күміс ақша үлестірді де қоя берді. Бұл 1845 жылдың басында болған еді...» Бұдан әрі Жәңгір мектебінің алғашқы түлегі, болашақ ғалым М-С. Бабажанов сол жылдың жазында бір топ сыныптастарымен бірге кадет корпусына оқу үшін Орынборға жол тартқанын, зиялы хан оларды біраз жерге дейін шығарып салып, қимай қоштасқанын сөз етеді. Иә, бұл оның өмірінің соңғы жылы болатын. Сол 1845 жылдың тамылжыған тамыз айының он екінші жұлдызында Тарғын өзенінің бойындағы жазғы резиденциясында реформатордың жүрегі соғуын біржола тоқтатты...
Жәңгірдің еңбегі еш кетпей, мектеп табалдырығын аттаған шәкірттердің бәрі дерлік жақсы оқыған. Мектепті аса үздік бітіргендердің көбі Орынбор, Петербург, Саратов, Қазан, Омбы қалаларындағы жоғары оқу орындарын бітіріп, мамандықтары бойынша басым көпшілігі туған топырағында еңбек етсе, кейбіреулері империяның басқа да өңірлерінде қызмет етті. Жәңгір хан кейде үздік оқыған шәкірттерді шетелге оқуға жіберіп, оларға өз қазынасынан арнаулы стипендиялар төлеп тұрған. Мәселен, жеті шәкірт Стамбулдағы діни семинарияны бітіріп шығады. Ал Ғабдолғазиз Мұсағалиев деген жас азамат Мысыр қаласындағы университетті бітіріп, шығыстағы сегіз елдің тілін меңгерген. Үндістан, Пәкістан, Индонезия сияқты елдерде болып, олардың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен, мәдениетімен танысқан. Қазақ-татар тілдеріндегі басылымдарда қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, қоғамдық-саяси мәселелері жөнінде мақалалар жазады.
Ордада ашылған жоғары бастауыш училищені бітіріп, Кеңес одағы кезінде әскери қайраткер болып қалыптасқан генерал-майор Шәкір Жексенбаев та құм Нарынның аты мәшһүр бір перзенті. Азамат соғысына, Ұлы Отан соғысына қатысқан генерал Жексенбаев көптеген орден-медальмен марапатталған. Қазіргі Бөкей ордасы ауданының бір мектебі генерал Жексенбаевтың атында.
Жәңгір өз мектебін тек ақсүйектердің балалары үшін ғана ашпаған. Шәкірттердің арасында өз ұлдарын орташа ақымен оқыта алатын отбасылардың да балалары болған. Қарапайым халық ішінен шыққан білімге құмар, зерделі жастардың оқуына жол ашып, кейбір менмен шонжарлардың «Қара сирақ (кедей) қазақ балаларына оқу сән бе?» деген сыңаржақ пікірлеріне қарсы болған. Мектепте негізінен арифметика, жағырапия, тарих, орыс тілі, физика т.б. пәндер оқытылған. Сонымен қатар шығыс халықтарының мәдениеті мен өнерінің тарихы, араб, татар тілдері оқытылған, діни дәрістер тыңдалған. Қазан, Орынбор, Петербург, Астрахан (Әжітархан) қалаларынан білімді ұстаздар шақырылып, оларға хан толықтай жағдай жасаған. Сол кездегі құжаттар мен деректерге сүйенсек, Жәңгір хан мектептегі оқу сапасын, тәртіп, тәрбие жайын үнемі бақылап, жөн сілтеп отыруды, шәкірттердің сабақтарына, емтихандарына қатынасуды кішілік санамай, кісілікпен зор ықылас қойған. Жәңгір хан ордалықтарға оқу-білімнің пайдасы жөнінде өзінің ойын жеткізіп, олардың ұмтылыстарын кеңінен қолдап, шәкірттер мен ұстаздарды ынталандыруға қаржысын аямаған. Кейін мектепте 30 бала Орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алған.
Жәңгір хан Ресейдің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен де байланыс жасап тұрғандығын жоғарыда баян қылдық. Соның арқасында Жәңгір мектебі Орынбордағы Неплюев кадет корпусының дайындық курсына айналып, 1845-1851 жылдарда осы кадет корпусын Бөкей ордасынан сегіз өрен тәмамдаған. Солардың бірі Жәңгірдің өз баласы Зұлхарнай. Әрине, хан баласын Петербургке т.б. қалалардағы үлкен оқу орындарында оқытуға мүмкіндігі болғанына қарамастан, басқа балалар кадет корпусына барудан айнып қала ма деп өз баласын да солармен бірге жіберуі оның терең түсінігін және қамқорлығын көрсетеді. Балалардың басым көпшілігінің жас шамасы 10-12 жас арасында болған. Осы жерде айта кететін бір жәйт, кейбір тарихшыларымыз бен журналист-публицистеріміз оқу барысында Зұлхарнайға бас-көз болып Махамбет Өтемісұлы жүрген деген пікір айтады. Болса болған болар, бірақ бұдан басқа балаларға қамқорлық жасалған жоқ деп айтуымызға моральдық құқығымыз да, нақтылы дерек-дәлеліміз де жоқ. Ақиқаты, Орда балаларына қамқоршы болып, жағдайларын жасауға хан ел ішінен өз өкілін жіберіп, сол арқылы қадағалап отырған.
Ел аузында осындай сенім артқан Махамбет Өтемісұлын хан жақпас қылықтары үшін қуып жіберген деген де пікір бар. Бұның тарихи дерегі жоқ. Ойлап қарайықшы, өзі сенбейтін, сыйламайтын адамды ханның мұндай жауапты іске жіберуі де екіталай емес пе? Мұның мәні екі адамның арақатынасынан гөрі тереңде жатқан сияқты. Соған қарағанда, Махамбеттің елге қайтуына мынадай себептер болғанға ұқсайды. Біріншіден, Махамбет Орынборда болған кезінде патша және жергілікті үкіметтердің әділетсіздігі мен озбырлығын, отарлау саясатын түсініп, ханмен ой бөлісуі де мүмкін. Ол ханға ұнамай жергілікті үкіметпен ауызша келісіп, жария етпей, Ордаға шақырып алуы немесе Орынбордағы жергілікті үкімет Махамбеттің ниетін сезіп, Жәңгір ханға оны елге алуды ұсынуы да ықтимал. Сөйтіп, хан мен ақынның арасына от тастап, үкіметке қарсы адам, ханға да қарсы деп үгіттеуі де шындыққа жанасады. Екіншіден, Орда ішінде Жәңгір хан мен Махамбеттің арасындағы сыйластық пен сенімділікті, олардың жақсы қарымқатынастарын көре алмаған қара ниетті ағайындар екеуінің арасына өсек-аяң жіберіп, араздық тудырды ма деген де ой келеді.
Жәңгір хан бұл дүниеден өткеннен кейін де ол ашқан білім бұлағының арнасы кеңейіп, көптеген қазақ зиялылары осы мектептен білім алды. 1849 жылы Орал (Бөкей ордасы) облысында 44 болыстық қазақ-орыс мектебі жұмыс істеді. Оның жетеуі «Жәңгір мектебінің» негізінде жаңадан ашылды. Оқушылардың жалпы саны 20 мыңға жеткен. 1879-1880 оқу жылында «Жәңгір мектебі» аты өзгертілмей, Халық ағарту министрлігінің қарамағына өтіп, екі сыныптық ауылдық училище болып қайта құрылды. Халықтың білімге деген құштарлығы жыл сайын артып, бұрынғы оқу орындары тарлық жасап, жаңадан тағы да мектеп ашу қажеттігі туды.
1895 жылы «Жәңгір мектебінің» негізінде ашылған мектептердің саны 14-ке жетті.
Орда мектептеріне бақылау мен басшылықты одан әрі жақсарту мақсатында оқу ісі инспекциясы құрылып, оның басшылығына ғалым А. Алекторовтың тағайындалуы Ордадағы халық ағарту ісінің жедел қарқын алуына үлкен әсер еткен. 1883 жылы Ордада, қазақ даласында тұңғыш рет Хұсни-Жамал Нұрлыханова басшылық еткен қазақ қыздары үшін бастауыш училищенің ашылуына көп еңбек сіңірген де осы А. Алекторов болған. Бұл училищеде 1883-1889 жылдар арасында оқыған қыздардың саны мынадай: 1883 жылы 7 қазақ қызы, 15 орыс қызы, 1885 жылы 6 қазақ қызы, 16 орыс қызы, 1886 жылы 4 қазақ қызы, 14 орыс қызы, 1888 жылы 4 қазақ қызы, 14 орыс қызы, 1889 жылы 3 қазақ қызы, 13 орыс қызы. Жеті жыл ішінде барлығы 96 қыз оқыса, оның 24-і – қазақ қызы, 72-сі – орыс қызы.
«Қазақ қыздарының оқуға деген қабілеті, ынта-зейіні, үлгерімі керемет болды» дейді кейіннен Орда мектептерінің бақылаушысы болған Вознесенский. Бұл қыздар мектебінен шыққан түлектер арасынан қоғам қайраткерлері – Аққағаз Досанова, Алма Оразбаева, тұңғыш металлургия инженері Мәдина Бекәлиева, тұңғыш жоғары білімді дәрігер Мүбина Ниязова сынды қазақ қыздары халқына қалтқысыз қызмет еткен. Жоғарыда аталған оқу орындарынан басқа, 1898 жылы 4113 оқушысы бар 198 медресе жұмыс жасаған.
Жәңгір ханның қазақ балаларын ресейлік оқу орындарында оқытуға үгіттеу хан саясатының ерекше бір бағыты болды. Кадеттік корпустар сол кезеңдегі ең беделді білім ордалары болып саналатын. Хан өзінің беделімен орман институтынан, жол қатынасы, инженер даярлайтын институттардан орын алып отырған. Осындай оқу орындарынан 1844 жылдан бастап, жыл сайын Бөкей хандығына 10 орын бөлініп отырған көрінеді. Әлгіндей оқу орындарына түсетіндер Ордада әдейі дайындықтан өткен.
Қазақстанда алғашқы мектепті Ыбырай Алтынсаринге дейін ешкім де ашпаған, мектеп болмаған деген пікір қалыптасқан. Ал Ы. Алтынсариннің өзі «Жәңгір мектебі» ашылған жылы дүниеге келген. Торғайдағы Ыбырай ашқан мектеп 1864 жылы 23 жылдан кейін қазақ тілінде оқитын қазақ балалары үшін ашылған. Осыдан келіп төмендегідей ой туады. Алтынсарин мектеп ашу жұмыстарымен Орынбор әскери генерал-губернаторлығына барып-келіп жүргенде, Жәңгір ашқан мектептің оқу-бағдарламасымен, құрылымымен, оқу базасымен танысып, оның тәжірибелерін пайдалануы әбден мүмкін.
Өкінішке орай, Ыбырай Алтынсарин да Жәңгір мектебі туралы ешбір дерек қалдырмаған секілді. Мүмкін кеңестік үкімет тұсында ол деректерге көңіл бөлінбеген болар немесе олар жарияланым көрместен жоғалып та кетуі мүмкін. Сөйтіп, қазақ даласында қазақ балаларын алғаш рет оқу-білімге шақырған ұстаз Ыбырай болып қалды.
Әрине, оған шек қоюға, шүбәлануға болмайды, бұл да шындық. Бірақ Жәңгір ашқан мектептегі шәкірттердің басым көпшілігі дерлік қазақ балалары екенін ескерсек және ханның да көздеген мақсаты қазақ балаларын оқу-білімге тарту сияқты ізгі ниет болғанына түсінікпен қарасақ, сайып келгенде, Жәңгір ханды да қазақ даласында білім таратушылардың бірі деп түсініп, қазақ балалары үшін алғашқы орыс тілінде оқитын мектеп ашқан, кең байтақ қазақ сахарасының бір қиырында білім дәнін сепкен деп тарихи шындықты мойындағанымыз абзал. Бұл Ы. Алтынсариннің де, сол тұстағы басқа да ағартушылар мен зиялылардың да беделін бір мысқал төмендетпейді.
Биыл Жәңгір мектебінің табалдырығынан 25 оқушының алғаш аттағанына 175 жыл толады. Бұл аз уақыт емес. Өкінішке орай, кеңестік шектеу кезінде Ордадағы алғашқы ашылған мектеп Жәңгір ханның тікелей беделімен, жеке қолдауымен ашылып, халық аузында «Жәңгір мектебі» деп аталғандықтан, кеңестік идеология оның атын шығармай қойды. Жәңгірді қазақ жерінде мектеп ашқан алғашқылардың санатына жатқызбаудың да басты себебі оның хандық лауазымы болса керек.
Жәңгір мектебі 1930-1935 жылдары колхозшы жастар мектебі болып өзгертілсе, 1936-1939 жылдары орталау мектеп болып, 1936 жылы бұл мектепке Максим Горький аты берілді. 1991 жылдан бастап Орда орта мектебі деп аталды. Тек 1999 жылдың желтоқсан айынан бастап Жәңгір хан атындағы жалпы білім беретін орта мектеп болып өзгертілді.
Жәңгір хан атындағы жалпы білім беретін орта мектеп бүгінде Бөкей ордасы ауданындағы қос тілде білім беретін білім ошағы. 175 жылдық тарихы бар мектептің Олжас Сатқанғалиұлы Түсіпқалиев 2013 жылдан бері директоры. Биылғы оқу жылында осы тарихи мектепте 445 оқушы білім нәрімен сусындауда. Мектеп шәкірттерінің білім, өнер, спорт салалары бойынша аудан, облыс, республика көлемінде қол жеткізген нәтижелері мектеп ұжымын ғана қуантып қоймай, ауылдың мерейін үстем етуде.
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі журналист, ақын Сатыбалды Дауымов Орда мектебінің 150 жылдығына орай «Орал өңірі» газетінде жарияланған (1991 жылғы тамыз-дың 17 және 20 күнгі сандарында) «Жәңгір мектебі» атты мақаласында 1864 жылы Ыбырай мектебі ашылғанға дейінгі 23 жыл ішінде «Жәңгір мектебі қазақ даласына білім сәулесін түнектегі жалғыз шамдай жеке-дара шашып келгенін» айта келіп, «шәкірттер мен оқытушыларды қолдап, демеп отыру үшін марқұм хан өзінің ақшасын да, күш-жігерін де аямай, білімнің пайдасы туралы ордалықтардың құлағына құюмен болды» деп мақаласын мынадай үш шумақ жыр жолдарымен түйіндеген екен:
Мектебім, «жаз!» деп, өзің қолға берген,
Отырмын қаламыңмен толғап өлең.
Жыр жебеп, өзің демеп, кірдім барып,
Баяғы хандар кірген Ордаға мен.
Бабамның ұқпақ болып мұң, арманын,
Беттерін шежіреңнің мың аудардым.
Білмеймін, күтті ме, әлде күтпеді ме?
Туар деп орнынан ол бір аунар күн.
Іргеңнің кеткен өзі тасын құйып,
Кім одан заманында асырды иық?
Саған да, сені ашқызған бабама да,
Мың мәрте еттім тағзым басымды иіп!
Құт қонып, кие дарыған Бөкей ордасында білім мен ғылымның, өркениет пен мәдениеттің дәнін сеуіп отырған Жәңгір мектебі туралы ақыннан асырып не айтуға болады?!
Нөмірде сондай-ақ Г.Жолдығалидың белгілі ғалым-басшы Шалқыма Құрманалинамен «Әжем мені «Бір өзі он ұлға татитын қыз» деп еркелететін» деген сұхбаты жарияланған.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Хайроллақызы Құрманалина педагогикалық еңбек жолын лаборанттық қызметтен бастап, оқытушы, директордың орынбасары, колледж директорына дейін көтерілген. Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж ұжымын білікті маман дайындауда нәтижеге бағытталған білім мен тәрбиелеу жолдарын жоғары деңгейде ұйымдастырған, республика көлеміне танымал ғалым-әдіскер, қоғам қайраткері.
Шалқыма Хайроллақызының бастамасымен колледжде ғылыми-эксперименттік жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде бастауыш сыныпқа арналған алғашқы қазақстандық математика оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері жасақталып, жаңа мамандықтар ашылды.
- Шалқыма апай, бәрі де балалық шақтан басталады ғой. Өзіңіздің туған ауылыңыз, өскен ұяңыз туралы айтып өтсеңіз...
- Мен Ақтөбе облысына қарасты Октябрь ауданының Жұрын ауылында өмірге келдім. Кішкентай кезімнен ата-әжемнің қызы болып өстім. Атам Нұртай Құрманәлин мешіт ұстаған молда, әрі сол кездегі ауқатты, бай адам болыпты. 1937 жылы атамды бай деп ұстап алып кеткен. Кейіннен ақталып шықты. Ол кісінің артында әжеммен бірге Хайролла деген ұлы мен Шалқия деген қызы қалған. Мен сол атамның жалғыз тұяғы Хайролланың үлкен қызымын. Жанұяда төрт қыз, үш ұл өстік. Әжем Ажар «майор кемпір» атанған ақылды, қайратты адам болды. Ауылдағы ұрыс-керіс, дау-дамайларды шешіп, бүгінгінің әкімдері сықылды, ылғи ел ортасында жүретін. Ауылдың адамдары әжемізді төбесіне көтеріп, сыйлайтын еді. Осы күнгі «қайырымдылық акциясы» дегенді мен ең алғаш әжемнен көрген екенмін. Ауыл адамдарының мұң-мұқтажын, жоғын түгелдеп, бәріне көмектескенше тыным таппайтын. Содан да болар, дүйім ауылдың адамдары иіліп сәлем беретін. «Нұртайдың көзі» деп, әкеме де ерекше қарайтын. Бір отбасының, бір әулеттің емес, бүтіндей бір ауылдың анасына айналған әжем мені еркелетіп өсірді. Менің шешем төрт қызды дүниеге әкелді. Қазақта қызды көп жарата бермейді ғой. Ал әжем мені «Бір өзі он ұлға татитын қыз» деп еркелететін. Өзім әже болсам да, әжемнің кей сөздері әлі күнге дейін құлағыма келеді. Ол кісі мені «Сен кереметсің, сен ақылдысың, сенің қолыңнан бәрі келеді» деп жігерлендіріп өсірді. Негізі үлде мен бүлдеге орап, дегенін жасап өсірген балалар ерке болып өседі ғой. Мен керісінше, ынжық, бір орыннан қозғалмайтын, үндемейтін, тұйық бала болыппын.
- Балалық шағыңызды еске алсаңыз, көз алдыңызға қандай көрініс келеді? Бүгіндері биік белестерді бағындырған бала Шалқыма қандай еді?
- Бала болып ойнап көрмеппін. Ылғи жерге жатып, ақ қағазды шимайлап жаза беретінмін. Әкем теміржолда қызмет жасайтын. Үйге көп газет алып келетін. Сол газеттің алғашқы бетіндегі «Правда», «Гудок» деген сөздерді ақ қағазға өзім жазып үйрендім. Сонда өзімнің не жазып жатқанымды да білмеймін. Әріптерді үйреніп жүрген түрім ғой. Әжем мені «Осы қызым оқымысты болады» дейтін. Тағы бір есімнен кетпейтіні, мектепке барғым келуші еді. Мен үшін мектепке баратын балалар бір ғажап ертегі әлеміне барып жүргендей көрінетін. Содан жылап қоймағасын, әжем мені бес жасқа толар-толмастан мектепке алып келді. Сол жылы қабылдамай қойды. Еңіреп жылап, үйге қайттым. Алақандай ауылдағы шағын мектепке келесі жылы бүкіл әріптерді танып, 100-ге дейін санауды біліп, әжеммен тағы бардым. Алғашқы мұғалімім Мұхамбетжан ағай маған сұрақтар қойды, мен тақылдап жауап бердім. Әрі сол жылы бірінші сыныпқа келетін ешкім жоқ. Бары екі-ақ оқушымыз. Оның бірі - ауылдағы бір апамыздың жыл сайын мектепке бармаймын деп жылайтын сегіз жасар қызы. Ол «оқымаймын» деп жылайды, ал мен «оқимын» деп еңіреп тұрмын. Осы бір сәт ұмытылмастай көз алдымда, жадымда жатталып қалыпты. Бірінші сыныпта екі оқушы, шағын жинақталған мектепте барлығы 12 оқушы болдық. Кейіннен шағын мектептің проблемасы туралы көп зерттедім.
- Мұғалім болсам деген арман қай кезде пайда болды? Осы мамандыққа деген қызығушылық қалай басталды?
- Ауылдағы бастауыш мектепті бітірген соң, мен әкемнің апасы Шалқияның қолында оқыдым. Ол кісі қазақ тілі мен әдебиетінен, оның жұбайы физикадан сабақ беретін. Әжем де менің жанымда болды. Бұл үйдегі аура бөлек еді. Үй толған кітап. Мен шетінен алып, кітап оқи беретінмін. Олар менің екінші әке-шешемдей болып кетті. Шалқия апамның өз баласы болмағасын, мен сол үйдің қызы болып есептелдім. Апам үйге толтырып 9-10 сыныптың мазмұндама дәптерлерін әкеліп, түнімен тексереді. Мен қызығамын. Дәптер тексергім келеді. Өзі жоқта жайлап тексеріп, іштей қателерін шығарып қоямын. Бір күні апама дәптер тексергім келетінін айттым. Ол алғашында тексерткісі келмеді. Сосын «қателерін шығарып бере ғой» деп рұқсат берді. Кейіннен менің сауатты тексеретінімді білген соң, апам маған осы жұмысты сеніп тапсыратын болды. Мұғалім болсам деген арман осы кезден басталды. Сондай-ақ апам бізді жұмсап өсірді. Бірақ мен жұмсауды күтпей-ақ, үй тірлігін өзім жасай беретінмін. От жағып, су тасып, үлкен кілемдерді мықшыңдап сыртқа шығарып, қағып-сілкіп, керім шаруа жасайтынмын. Өзім кіп-кішкентай болып сол кілемдерді қалай көтердім екен деп қазір ойлап қоямын...
- Шалқыма апай, сіздің жұбайыңыз Жетібай Жолдасұлы - өңірімізге белгілі азамат. Ағаймен қалай таныстыңыз?
-11-сыныпты мен Ақтөбедегі дарынды балалар мектеп-интернатына оқитын болдым. Апамның жұбайы «Өз-өзіңді дәлелде» деп маған сол мектеп-интернатқа оқуға кеңес берді. Мен сабағыма өте тыңғылықты дайындалатын едім. Сабаққа әзірлік кезінде сынып жабылғанша отыра беремін. Әзірлік біткесін, бес-алты кітабымды құшақтап, интернатқа кетемін. Жетібай ағаң осы мектеп-интернаттың түлегі екен. Мені сол кезде сырттай көріп жүріпті. Мектеп бітірген соң екінші әке-шешемнің қалауымен Қ. Сәтбаев атындағы политехникалық институттың автоматика-телемеханика факультетіне оқуға түстім. Ол кезде 7 қараша мереке ретінде тойланып жүрді. Сол мерекеге орай ақтөбелік студенттер бір үйді жалдап, бас қостық. Құрбыларыммен дастарқан жасап, жүгіріп жүрдік. Олардың арасында сыныптастарым да болды. Кілең ақ көйлек киген жігіттер келді. Сол кездегі жастардың арасында бір тазалық бар еді. Сондай басқосуларды біз ән шырқап, керемет әсерлі, көңілді өткізетінбіз. Мен ылғи әр түрлі орталарда ән айтып үйреніп қалғанмын. Жиналғандардың ән айтып жатқанын естіп, жүгіріп, шеттегі ақ көйлек киген сыныптасымның иығынан ұстап, әнге қосыла кеттім ғой. Ән аяқтала бере маған жалт қарағанда, шошып кеттім. Басқа жігіт. Ұялғаным соншалық, тұрып, кетіп қалдым. Кейіннен жаттығу залына келіп-кетіп жүргенде, біздің бөлмеге жиі келгіштеп жүрді. Сөйтсем, ол маған келіп жүр екен ғой. Жұбайыммен таныстығымыз осылай басталды.
- Қандай келін болдыңыз? Сіз босағасын аттаған әулет туралы айтып берсеңіз?
- Мен Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Жарқамыс ауылына, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған жерге келін болып түстім. Алғаш келін болып түскен жылдары басымызға орамалымызды салып, жез самаурынмен отыз-қырық кесеге шай құйып жүрдік. Ауыл адамдары жүріс-тұрысымызға, іс-қимылымызға сын көзбен қарайтын. Осындай қазақы жердің сынынан өтуіме маған әжемнің берген тәлім-тәрбиесі көмектесті. Ауылда үлкендердің қолында тұрған жоқпыз. Бірақ он күнге ауылға барғанда өзімнің келіндік міндетімді мінсіз атқаруға тырысатынмын. Бір аулада ағалы-інілі екі отбасы тұратын. Кейіннен біз сол екі үйдің балаларының бәрінің өмірден өз орнын табуына көмектестік. Қазір үлкен қайын ағамыз бар, өзіміз де екі әулеттің үлкені болып қалдық.
- Сіз ғалымсыз, біраз жыл қалалық мәслихаттың депутаты болдыңыз, іргелі білім ордасының басшысысыз. Оған қоса бір шаңырақты шаттыққа бөлеп отырған анасыз, әжесіз. Жалпы, қазір ажырасудың көбеюіне не себеп? Ұяны бұзбау, шаңырақты шайқалтпау үшін жастарға не айтасыз?
- Әйелдің қолында үлкен құдірет бар. Аталарымыз «Ер адам - бас, әйел - мойын» деп бекер айтпаған. Мойын қайда бұрылса, бас сонда жүреді. Сондықтан отбасындағы жарасым, ырыс-несібе, береке-бірлік – бәрі әйелдің қолында. Ер адамның тапқан табысын келістіріп, пайдалы жұмсау, жанұядағы сыйластық пен шуақты сақтай білу - бәрі әйелге байланысты. Әйелдердің тыныс-тіршілігі туралы көп мақала жаздым. Осы бағытта әжемнің атымен «Ажар» қоғамдық бірлестігін аштым. Ақылды әйел ұяның бұзылуына жол бермеуге тырысады. Отбасында әкенің беделін биік ұстап, абыройын жоғары көтеру әйелдің қолында. Ол ең алдымен «Әкеңе айтамын, әкеңмен ақылдас, әкеңнің рұқсатынсыз ештеңе айта алмаймын» деген сөздерді балаға жиі айтудан басталады. Келеңсіз жағдайлар екі жастың тіл табыса алмауынан болады. Біздің шаңырақ құрғанымызға биыл 51 жыл. Өткен жылы алтын тойымызды өткіздік. Менің ойымша, отау құрған жастардың арасында ең бірінші сезім, махаббат болуы керек. Сонда ғана олар бір-біріне ынтызарлықпен қарап, ұяны бұзбай, сақтай алады.
- Отбасында қыздарыңызға қатал болдыңыз ба? Сіздің лауазымдық қызметтерді абыроймен атқарып жүргеніңіз ел-жұрттың көз алдында. Ал үйде қандайсыз?
- Отбасында менен гөрі жұбайым балаларға қатаң болды. Алланың берген төрт қызын өсірдік. Олардың бәрі де өздерінің таңдаған саласы бойынша ғылым кандидаттары атанды. Кенже қызым әлі отбасын құра қойған жоқ. Үшеуінен алты немерем бар. Менің бүгіндері өз арман-мақсатыма жетуіме отбасымның да қосқан үлесі зор. Егер жанұямда сүттей ұйыған береке-бірлік болмаса, онда менің де ісім алға баспас еді. Осы жолда маған отағасы мен қыздарым көп қолдау танытты. Үйде жайлылық пен жылылықты, айналамды жарқыратып қойғанды жақсы көретін әйелмін. Ең алғаш біз екі бөлмелі кішкентай үйде тұрдық. Сонда жыл сайын терезенің пердесі мен төсенішімді, төсекжаппамды бірдей етіп ауыстыратынмын. Соның өзінде ұядай үй, одан әрі жайнап, құлпырып кететін. Өзім жүрген жерімді жарқыратып жүргім келеді. Гүлді өте жақсы көремін. Қазіргі үйімде гүлдер, аулада жеміс ағаштары өте көп. Әйел адам барынша жан-жағын жайнатып жүруге ұмтылуы керек.
- Әңгіме басында екінші әке-шешеңіздің қалауымен инженерлік мамандықты таңдағаныңызды айттыңыз. Мұғалім болам деген мақсатыңызға қалай жеттіңіз? Танымал тұлға ретінде сізден көмек сұрап келетін адамдар да аз емес шығар...
- Үшінші курста жүргенімде жұбайымды жолдамамен Орал қаласына жіберді. Менің мамандығыма үйлесетін сол кездегі Орал пединститутында инженер-педагог деген факультет бар екен. Жерден жеті қоян тапқандай қуанып, құжаттарымды сол факультетке тапсырып, оқып шықтым. Менің арманыма жетудің жолдары осылай басталды. Осы колледжде 1970 жылдан бері қызмет етемін. Біздің колледж ұжымы білікті мамандар дайындау жолында бір атаның баласындай ұйымшылдықпен еңбек етіп келеді. Біздің ұжымдағы педагогтардың жартысына жуығы оқулық жазған авторлар. Олар шығарған оқулықты республикамыздағы өзге колледждер пайдаланады. Мен басшы ретінде, ғалым ретінде өзімді бірінші орынға қоймай, ұжымымды алға сүйреуге күш салып келемін. Ұжымымдағы ұстаздардың әрқайсысын оқулық, бағдарлама, стандарт жаза білуге үйреттім. Жұмыста қатаң басшымын. Ұжымыма қатал талап қоямын және сол қойылған талапты ең бірінші өзім орындап, үлгі болуға тырысамын. Қалалық мәслихаттың депутаты болған кезімде менің алдыма көмек сұрап келетін адам өте көп болды. Көбі үй сұрап келетін. Бұл мәселеге қатысты ақыл-кеңесімді айтып, бағыт-бағдар беретінмін. Кейбірі жұмыс сұрап келеді. Кейде осы студенттерімнің ата-аналары жағдай айтып келеді. Мұндай жағдайда қиналып келген адамдардың кейбіреуін өзіме кіші қызметкер қылып жұмысқа алып, көмектестім. Енді біріне моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп, апалық, аналық ақылымды айтамын. Өмір болған соң әр түрлі жағдайлар болады ғой. Мен алдыма келген адамға бар білгенімді айтудан, қолымнан келгенше көмектесуден жалыққан емеспін.
- Республика көлеміне танымал ғалым-әдіскер, қоғам қайраткерісіз. Сіздің жасап жүрген жарқын істеріңізді жалғастыратын әріптестеріңізге не айтасыз?
- Мен өз мамандығымды, жұмысымды шексіз жақсы көремін. Жалпы, өзім «Зейнетке шықсам болды, бір күн тұрмас едім» дейтін замандастарымды түсінбеймін. Жұмысын жақсы көретін адам бұл сөзді айтпауы тиіс. Менде идея өте көп. Сол идеяларды жүзеге асырамын деп жүргенімде жетпіске қалай келгенімді байқамай қалыппын. Алла денсаулық берсе, мен өзімнен кейінгі осы жерге келген адамға қолымнан келгенше көмектесемін. Жапондықтар зейнетке кетерде өзінің соңына мұра қалдырып кетеді екен. Сондықтан мен де өзімнің өмір бойғы ізденісім мен жүзеге асырған жарқын істерімді колледж ұжымына мұраға қалдырып кетемін. Біздің мұрамыз - байлық емес, ғылым мен білім. Бұл мұраның құны материалдық байлықтан жоғары. Оны менің әріптестерімнің әрі қарай абыроймен жалғастыратынына сенемін.
«Әлеуметтік желі белсенділерінің басқосуы» деген ақпаратта өңірдегі әлеуметтік желі белсенділерінің «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында бас қосқаны хабарланған.
Емен-жарқын кездесу барысында аталмыш мекеменің бас директоры Жантас Сафуллин «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің алдағы жылы болатын 100 жылдық мерейтойына орай қолға алынған жаңа жобалар туралы әңгімеледі. Ол сондай-ақ өзі басқаратын мекеменің қоғам үшін маңызды бастамаларын қолдап, www.zhaikpress.kz сайтындағы материалдарға пікір білдіріп, көпшілікпен бөлісіп отыратын әлеуметтік желі белсенділеріне алғысхат пен облыстық газеттерге үш мәртеге дейін ақысыз бере алатын құттықтау және алғыс айту абонементін табыс етті. Сонымен бірге оларға Махамбет, Жұбан, Қадыр сықылды күллі қазақтың мақтанышына айналған ақындардың шығармалары жинақталған кітаптарды сыйға тартты.
«Жайық Пресс» ЖШС-ындағы ақпарат орталығының басшысы Нұрлыбек Рахманов жиылғандарды www.zhaikpress.kz сайты-ның жаңаша құрылымымен, әлеуметтік желідегі парақшаларының жұмысымен кеңірек таныстырды. Нұрлыбек Нұрланұлының айтуынша, сайттың фейсбук парақшасын бір айдың ішінде 300 мыңдай адам қарап отырады екен. Ал ондағы ақпараттармен күніне 1500-дей тұтынушы таныс болады. Сайт жаңалықтарын таратуда өзге де әлеуметтік желілер кеңінен пайдаланылады. Жаңалықтар мәтін түрінде, сондай-ақ оның аудио және бейненұсқалары да мүмкіндігінше қатар жарияланып отырады. Мұнда «Орал өңірі» және «Приуралье» облыстық газеттерінің және 12 аудандық газеттің электронды нұсқасы да толықтай топтастырылған. Соңғы уақытта WhatsАpр желісіне тіркелген 8-707-808-48-55 телефон нөмірі облыс көлеміндегі өзекті мәселелер мен оқырмандардың өздері куә болған оқиғаларды «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің редакцияларына неғұрлым тез жеткізуге қолайлы мүмкіндік беруде.
Онда заңгер Абзал Құспан:
- «Жайық Пресс» медиахолдингінде өткен бүгінгі жиынның жөні бөлек болды. Мекеме басшысы Жантас Набиоллаұлы өзі бас болып, әлеуметтік желіде отырған белсенді азаматтардың басын қосып, еліміздің болашағына қатысты ортақ мәселелер-де бірлесіп әрекет етуді ұсынды. Фейсбук сияқты әлеуметтік желіде айтатын сөзіміз, жазатын дүниелерімізге жауаптырақ қа-рап, жеңіл-желпі әңгімелерге берілмей, елдік мәселелерді көтеру, сауатты жазу туралы айтылды. Өйткені біздің жазған пікір-леріміз, жариялаған посттарымыз белгілі бір дәрежеде қоғамдық сананы қалыптастыруға әсерін тигізеді, - десе, қоғамдық белсенді Нұрлан Сәдір: - Біздің тұрмыс-тіршілігіміздің бір бөлігіне айналғанына көп болмаса да, әлеуметтік желі қоғамның әлеуеттік күші болып қалыптасып келеді. Кез келген күш-құдіреттің жақсы-жаман жағы болатыны белгілі, оның қандай болмағы кімнің қолына түсіп, кімнің мүддесінде жұмыс істейтіндігінде. Егер әлеуметтік желідегі артында елі бар, аузы дуалы азаматтар жекелеген топ, ру тағы басқалардың сойылын соғып кетпей, ел мүддесі үшін тірлік қылса, әлеуметтік желінің біздің қазақ мемлекеті мен қоғамы үшін берері көп болмақ. Шәкәрім атамыздың мынадай өлең жолдары бар:
- Тамам жанның мінін айт,
Жалған айтпай, шынын айт.
Аяп, ішің жылып айт,
Адамды бастыр ілгері!
Әлеуметтік желідегі ақпарат, әсіресе, сыни сипаттағы дүниелер осы талаптарға сай болса деймін. Әсіресе, «аяп, ішің жылып айт» ұмыт қалмаса екен. Бізге осындай пікірлерімізбен бөлісу үшін арнайы алаң ұсынған «Жайық Пресс» мекемесінің басшылығына ризашылығымды білдіремін, - деген пікірін білдірген.
Айгүл Ахметова «Тасқа басылған нәрсе ешқашан өшпейді» деген материалында Астанадағы шара жөнінде хабарлаған.
Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 100 жыл толуына орай журналистика, филология және тарих факультеттері студенттері мен магистранттары арасында арнайы байқау жарияланған болатын. Байқаудың мән-маңызы, шарттары туралы кеңінен түсінік беру мақсатында «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында журналистика, тарих факультеттерінің студенттерімен және магистранттарымен кездесу өткізді.
Кездесуді әдебиет тарихшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы кіріспе сөз сөйлеп ашты.
- «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы» кітаптары тарихымыздың өте бір дұрыс кезеңін көрсетеді. Бұл еңбектердің ішінен барлық ғылым өкілдері өздеріне керегін табады. Жинақтардың маңыздылығы – тасқа басылған нәрсенің ешқашан өшпейтіндігінде. Кітаптың қадірі кітапханада тұрғанда білінеді. Бұл жинақтар – біздің кітапханамыз үшін үлкен олжа, баға жетпес байлық. Сондықтан кітабын арқалап келіп, бізді рухани байытып кеткені үшін Жантас Набиоллаұлына студенттердің, университет басшылығының атынан зор алғыс айтамын.
- Құрметті студенттер, бұл кітаптар сіздерге үлкен ой тастауы тиіс. Әр өлкенің, әр облыстың өз газеті бар. Күні ертең оқу бітіріп, қызметке араласқанда, барған басылымдарыңның тарихын зерделеп, кітап етіп шығаруға еңбектенеді деп сенемін. Ендеше, қазірден бастап бәйгеге қатысып, бақтарыңды сынауға мүмкіндік туып тұр, - деген Дихан Қамзабекұлы сөз кезегін Жантас Сафуллинге ұсынды.
- 2017 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 100 жыл толмақ. Бұл басылымдар бастауын 1917 жылы 28 шілдеде бұрынғы Хан ордасы қаласында шыққан «Ұран» газетінен алады. Кейіннен «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда», «Дұрыстық жолы», «Қызыл ту» т.б. болып атауы сан өзгерген бұл газеттерде қазақ баспасөзін қалыптастырушы қайраткерлер Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ахмет Мәметов, Халел Есенбаев, Нұғман Манаев т.б. сынды Алаш арыстары қызмет еткен.
100 жылдықты мазмұнды қарсы алу мақсатындағы жұмыстарымызды біз ең алдымен газеттердің тарихын зерттеуден бастаған едік.
Тынымсыз ізденіс пен ерен еңбектің нәтижесінде біз газеттеріміздің алғашқы сандарын Мәскеудің, Санкт-Петербургтің мұрағаттарынан тауып, олардың көшірмелерін елге әкеліп, Қазақстан мұрағаттарындағы сандарын да жинақтап, араб қарпінен қазақ тіліне аударып, кітап етіп басып шығардық.
Бүгінгі таңда медиахолдинг жанынан құрылған баспасөзді зерттеу орталығында облыстық қос басылымның бір ғасырлық тігіндісі жинақталып, электронды және қағаз бетіндегі нұсқалары дайындалуда.
Алғашқы боп жарық көрген «Қазақстан» газеті. 1911-1913» (2012) және «Ұран» газеті. 1917-1918» (2013) кітаптарының таныстырылымын бұған дейін дәл осы жерде өткізген болатынбыз. Міне, бүгін сіздерге қазақ баспасөзінің тарихынан сыр шертетін «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда», «Дұрыстық жолы» кітаптарын әкеліп отырмын, - деген Жантас Набиоллаұлы кітаптарды кітапхана меңгерушісінің орынбасары Жанар Мамаеваға табыс етті.
Бұдан кейін ғасырлық торқалы тойға жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарын тілге тиек еткен медиахолдинг басшысы қолға алынып жатқан шараларға кеңінен тоқталды.
- Газеттердің логотиптері мен дизайны жаңартылды, оқырманмен тікелей байланысуға мүкіндік беретін арнайы WhatsApp нөмірі іске қосылды. Жаңалықтарды аудионұсқа, бейнежаңалық түрінде www.zhaikpress.kz сайтында жариялай бастадық.
Сонымен қатар Ғұмар Қараштың екі томдық шығармалар жинағын, қос басылымның деректіжылнамалық жинағын, «Тәуелсіздік жылнамасын» шығаруды, республикалық ғылыми-практикалық конференция, Қайрат Жұмағалиев атындағы шығармашылық байқау т.б. шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз.
Осынау шаралардың ішінде өздеріңіздей студенттер мен магистранттардың арасында жарияланған арнайы байқаудың орны бөлек. Мақсатымыз - қазақ баспасөзінің даму тарихы тақырыбын насихаттау, осы мәселеге жас ғалымдардың көңілін аударып, қызығушылығын арттыру, ЖОО басшыларының, тиісті кеңестердің назарын қазақ баспасөзі тарихына бағыттау, сол арқылы қазақ баспасөзі тарихын, оның ішінде Қазақстанның батыс өңірінде шыққан басылымдардың даму жолын, баспасөз бастауында тұрған тұлғалардың өмір жолы мен қызметін студенттердің курстық, дипломдық және магистрлік зерттеу жұмыстары тақырыбына айналдыруға ықпал ету.
Байқауға еліміздің барлық жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары қатыса алады. Байқауға жіберілетін жұмыстарға қойылатын талап – жоғары оқу орнындағы курстық, дипломдық және магистрлік зерттеу жұмыстарымен бірдей. Қазылар алқасы жүлдегерлерді анықтаған кезде, соны тақырып, тың зерттеулерге басымдық береді. Ең үздік курс жұмысына – 50 мың, ең үздік диплом жұмысына – 100 мың, ең үздік магистрлік жұмысқа 150 мың теңге көлемінде жүлде тағайындалған.
Байқауға арналған жұмыстар 2015_kb@mail.ru электронды поштасына 2017 жылдың 30 маусымына дейін қабылданады. Байқау қорытындысы 2017 жылдың 28 шілдесі қарсаңында қорытындыланады. Қазақ баспасөзінің тарихы сіздер сияқты білімпаз жастардың ғылыми-зерттеу нысанына айналады деген үміттемін, - деп сөзін аяқтаған Жантас Набиоллаұлы кездесуді ұйымдастыруға қолдау білдірген университет басшылығына алғыс білдірді.
Келесі кезекте «Дала уәлаяты», «Қазақ» газеттерін құрастыруға еңбек сіңірген Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақтың пікірі де жастарға үлкен ой тастап, жаңа биіктерге жетелегендей әсер қалдырды.
- Газет тарихын зерттеудің нәтижесінен елдің, жеке тұлғалардың тарихы шығады. Тәуелсіздік алғаннан кейін төңкеріске дейінгі шындықты айтуға мүмкіндік алдық. Батыстағы әріптестеріміздің ізденісімен кітап болып шыққан мына газеттер алғаш рет ғылыми айналымға еніп тұр. Бұл дегеніңіз – кітаптағы әрбір мақаланы оқып, талдап, терең зерттеп, ондағы құндылықты, тарихи деректерді халыққа жеткізу. Бұл кітаптарға тек тарих деп қарамауымыз керек, олардың бүгінімізді танып, болашағымызды болжау үшін де маңызы зор. Өткен жолы «Қазақстан» газетімен қауыштыңыздар. Бұл құнды еңбектер халқымыздың жоғын бүтіндеп жатыр деп ойлаймын.
Қазіргі таңда үлкен жұмыстың бастауында тұрмыз. Әлі зерттелетін тақырып көп. Бір байқағаным, сол кездегі қаламгерлердің көпшілігі бүркеншік атпен жазған. Бұған сол заманның саясаты мәжбүр еткен. Шығармаларын, мақалаларын зерттеу арқылы біз үшін жұмбақ болған сол есімдердің кім екенін анықтау – басты парызымыз.
Биылғы дипломдық жұмыстардың, магистрлік диссертациялардың тақырыптары бекітіліп қойылды. Алайда ІІІ курс студенттері мына тақырыптарды курстық жұмыс ретінде алып, әрі қарай дипломдық жоба, диссертациялық тақырып етіп алып кетсе, маңызы зор болар еді.
Ресейлік архивтерден қолымыз жетпей, таба алмай жүрген құнды дүниелерді, қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, көктен тілегенімізді алдымызға әкеліп беріп отырғаныңыз үшін алғысымды айтамын.
Ұлт үшін жасап жатқан қызметтеріңіз жалғасын таба берсін! Мұраларымызды тауып, бізге жеткізіп келе беріңіздер. Газеттеріңіздің 100 жылдық тойына біздің факультеттің жас зерттеушілері де үлес қосады деп ойлаймын, - деді әдебиет тарихшысы.
Тағылымды кездесу соңында сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім редакторы, жазушы Сүлеймен Мәметтің кітаптағы тарихи деректердің құндылығын, оны одан әрі зерттеу қажеттігін атап айтқаны жиналған жастарға жаңа міндет жүктегендей болды.
- Біз кейде «тарихты тасқа жазған халықпыз» деп Күлтегіннің ескерткіштерін айтып жатамыз. Сонау Мәскеудің, Питердің архивтерінен әкелінген мына кітаптар да – тасқа жазылған тарихтың тағы бір көрінісі. Өз басым осы кітаптардың ішінен қазақтың жоғалып кеткен, ұмытылған керемет құдіретті сөздерін таптым. Ғұмар Қараш қолданған сөздердің көпшілігін біле бермейміз.
Заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың «Тәуелсіздік алдық деп біреуіміздің шалқайып, біреуіміздің қайқайып жүруге қақымыз жоқ. Тәуелсіздік үшін қызмет етуіміз керек!» - деген сөзі бар. Ғылым дегеніміз де – ұлтқа қызмет ету деген сөз. Өйткені ғылымы дамыған ел ғана алға шыға алады! – деді ол.
«Қазақстан-Ресей: Келісімдер көкжиегі» деген материал «Егемен Қазақстан» газетінен алынған.
Астанада Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық ХІІІ форумы өтті. «Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық әлеуетті дамыту» тақырыбын қамтыған бұл форумның жұмысына қос мемлекеттің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысты.
Екі елге де пайдалы форум
Жалпы, мұндай тұрпаттағы кездесулер 2003 жылдан бері үзіліссіз, нақтылай айтқанда, жыл сайын екі елдің өнеркәсібі өркендеген өңірлерінде кезектесе өткізіліп келеді. Нәтижесінде екі елге де пайдалы, тиімді жұмыстар атқарылуда. Сондықтан да бұл алқалы жиынды Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының нығая түсуіне жоғары деңгейде ықпалын тигізіп отырған беделді, салиқалы басқосу деп есептеуімізге әбден болады.
Қазақстан мен Ресей мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік ортаның 1300-ден астам өкілі бас қосқан, инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылған бұл ХІІІ форум барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте Ресей Федерациясы еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын атап өтті.
– Біз кең ауқымды бағыттар бойынша өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты жүзеге асырып келеміз. Оған осы өңіраралық форум да септігін тигізетін болады. Биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда-саттықтың көлемі 6 миллиард долларға жуықтады. Сонымен қатар дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 30 пайызға төмендегені байқалады. Көп жағдайда оның қарқыны бәсеңдеуі сыртқы жаһандық ахуалдарға байланысты болып отыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға серпін беру қажеттігін айтты.
– Бізде Ресеймен бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Мұнай химиясы, тау-кен металлургиясы кешені сияқты көптеген салада екіжақты инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта бізде құны 20 миллиард доллар болатын 60-тан астам жоба бар. Олардың іске асырылуына қолдау көрсетілетін болады, - деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимыл аясын кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екеніне назар аударды.
– Біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс жүргізіп отырмыз. Еркін сауда жөнінде Вьетнаммен келісімге қол қойылып, осындай келіссөздер Қытаймен, Оңтүстік Кореямен және Сингапурмен жүргізіліп жатыр.
ЕурАзЭҚ-пен ынтымақтасуға Үндістан, Мысыр, Иран, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының мүшелері және басқа да елдер ниет білдіруде. Біз мақсатты түрде барлық өндірушілер мен инвесторлар үшін ортақ айқын ережелер қалыптастырудамыз. Қазақстанның экономикасына қаражат құя отырып, Ресей бизнесі мұнда өздерін «үйіндегідей» сезінетін болады. Еуропа мен Азия арасындағы қуатты көлік-логистика инфрақұрылымын қалыптастыру мәселесінде елдеріміздің ортақ мүддесі тоғысып жатыр, - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикадағы инвестициялық ахуалдың жақсарып, экономиканың әртараптандырылуына күш-жігер жұмылдырылып жатқанына да назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жандандыру саласындағы, соның ішінде салық режімін ырықтандыру, ауқымды жекешелендіру ісінің келесі кезеңін жүзеге асыру және Астана мен Алматыда инновациялық екі кластер құру бағытында мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы айтып өтті.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы алдағы уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылып, «ЭКСПО-2017: болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетінін еске салды.
Қазақстан - Ресейдің ең сенімді серіктесі
Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин қарқынды даму үстіндегі Астана қаласының талай игі істерге ұйытқы болып келе жатқанына тоқтала келіп, бүгінгі ауқымды шараның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отырғанына екпін берді. Сондай-ақ ол екіжақты дәстүрлі байланыстардың өз нәтижесін көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды одан әрі дамыта түсуге мүмкіндіктер мол.
– Қазақстан - Ресейдің ең сенімді серіктес елі. Біздің елдердің экономикасы өзара бір-бірімен тығыз байланысқан. Ресей Қазақстанмен көпжоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасқа басымдылықпен қарайды. Біз өндіріс пен энергетика, ауыл шаруашылығындағы ауқымды жобаларды бірге жүзеге асырып жатырмыз. Технологиялық кооперацияны қолданып, ортақ көліктік инфрақұрылым құрылуда, – деді Ресей Президенті.
Одан әрі В. Путин Ресей үшін Қазақстанның ТМД мемлекеттері арасында екінші сауда әріптесі екеніне екпін түсірді.
– Қазақстанда бүгінде 9 млрд. доллар ресейлік капитал жинақталған. Ал Ресейге Қазақстаннан 3 млрд. доллар инвестиция салынған. Бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын құрылған. Ең бастысы, экономиканың барлық секторларында бірлесе іс-қимыл жасау жүйелі жолға қойылған. Қазақстан Ресейдің ТМД елдері арасындағы сауда әріптестері ішінде екінші орын алады. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ілгері жылжытуға әбден болады, – деді Владимир Путин.
Бұдан бөлек Ресей басшысы екі мемлекеттің өзара әріптестігін нығайта түсетін шаралар көп екенін, барыс-келіс пен ынтымақтаса жұмыс істеудің тәжірибесі мол екенін айта келіп, өткен жылдың өзінде Қазақстанға ресейлік кәсіпорындардың 150-ге жуық делегациясы іссапармен келгенін жеткізді. Ресей басшысының сөзіне қарағанда, екіжақты ынтымақтастықты ұлғайту мақсатында Ресей субъектілері мен Қазақстан әкімдіктері үлкен рөл атқарып отыр. Сонымен бірге ол Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азияның негізгі сауда жолында орналасқанын, сондықтан осы мүмкіндікті орнымен пайдалану қажеттігін жеткізді. Осы орайда В. Путин бұл бағыттағы жұмыстарды тиімді жүзеге асыру үшін көліктік инфрақұрылымды бірлесіп құрып, дамыту керектігін атап өтті.
Сөзінің соңында В. Путин Қазақстан мен Ресей ынтымақтаса жұмыс істеуін жалғастыра беретін болса, соның нәтижесінде екі елдің де ұлттық экономикасы ілгерілеп, халықтарының тұрмысы жақсара түсетініне сенім білдірді.
Көлік саласы – экономиканың қозғаушы күші
Бұдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин екі елдің мемлекеттік органдары мен іскерлік орта өкілдері жиналған пленарлық отырысына қатысты.
Жиында Мемлекет басшысы осындай пішімдегі жыл сайынғы кездесулердің екіжақты қарым-қатынасты дамытуда зор маңызы бар екендігін атап өтті.
– Бүгін біз күн тәртібіне көлік пен логистиканың өзекті мәселелерін шығарып отырмыз. Қазақстан мен Ресейге тән ортақ ерекшелік – олардың аумағының кеңдігі мен географиялық орны. Осыны бәсекелік тұрғыдағы артықшылыққа айналдыра білу керек. Атап айтқанда, біздің елдер транзиттік тасымал саласында зор әлеуетке ие. Бұл бағытта біздер бәсекелес емес, стратегиялық әріптес екенімізді ерекше атап айтқым келеді. Сондықтан көлік-логистика жүйесін бірлесе дамыту қажет. Көлік саласы екі ел экономикасы өсімінің қозғаушы күшіне айналуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың бүгінгі таңда Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың негізгі буыны болып отырғанын айтты.
– Экономикалық саясатымызды үйлестіру қажеттігі туралы таяуда өткен G20 саммитінде де айтылды. Дәл осы іс-шарада біздің «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық бағдарламамыз бен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты бастамасын ұштастыру жоспарына қол қойылғаны да бекер емес. Біз жобаларды Ресеймен қатарласа отырып, бірлесе жүзеге асырғанымыз дұрыс болар еді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті еліміз жүзеге асырған, халықаралық көлік дәліздерінің конфигурациясын оңтайландыруға мүмкіндік берген ірі инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды.
– Бірін-бірі толықтыратын түрлі бағдарлар түзілді. Соның барлығы халықаралық транзитті теңізден құрлықтағы бағдарларға қайта бейімдеуге тиіс. Бұл орайда күш-жігерімізді жұмылдырып, осы бағыттағы жұмысымызды үйлестіру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы форум барысында талқыланған мәселелерді ескере келіп, екі ел үкіметіне көлік-логистика жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимылды үйлестіру жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырма беруді ұсынды.
– Жүк тасымалының, ең алдымен транзиттің көлемін түбегейлі өзгерту үшін барлық жағдайды жасау қажет. Әкімшілік рәсімдерін оңтайландыру керек, өзара сауда-саттық барысында рәсімдердің барынша жариялылығы мен рәсімдеудің жеңіл болуы қажет. Сондай-ақ Ресейдің көлік инфрақұрылымына қолжетімділік мәселесі де қозғалды. Осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдардың аталған мәселелерді өзара тиімді негізде шешкені маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев біріккен көлік-логистика компаниясының қызмет аясын кеңейту қажеттігін айтып, Еуразия Даму банкі жұмысының аспектілеріне де тоқталып өтті.
Соңында Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық барысында Ресейдің бірқатар өңірімен меморандумдарға қол қою жоспарланып отырғанын еске салды.
– Форум аясында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы мен Омбы, Түмен, Астрахан, Свердлов және Орынбор облыстарының, Алтай және Татарстан республикаларының басшылары арасында меморандумға қол қойылатын болады. Көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді деп жоспарланып отырғандықтан, логистиканың дұрыс жолға қойылуы маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Ынтымақтастықта өңірлердің рөлі жоғары
Президент Владимир Путин өз сөзінде Ресейдің Қазақстанмен көп жоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасын дамытуға басты назар аударылатынын жеткізді.
– Елдеріміздің экономикасы бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Біз өнеркәсіпте, энергетикада, ауыл шаруашылығында ауқымды жобаларды бірге іске асырудамыз. Технологиялық кооперацияны тереңдетіп, ортақ көлік инфрақұрылымын салып, нығайтудамыз. Екіжақты ынтымақ-тастықты кеңейтуде өңірлер ең белсенді рөл атқарады, – деді Ресей Президенті.
Сондай-ақ В. Путин көлік қызметі нарығын дамыту мәселесінің өзектілігін атап өтті.
– Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы негізгі сауда жолы тоғысында орналасқан. Бізде ортақ кедендік шекара бар және теміржол мен автокөлік жолдарының тармақталған желісіне иелік етіп, тасымалдаудың жоғары деңгейдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз, - деді Ресей көшбасшысы.
Сонымен бірге Ресей Президенті көлік-логистика саласы үшін мамандар даярлауда өзара іс-қимылды күшейтетін бірқатар халықаралық көлік жобаларына елдеріміздің бірлесе қатысуына назар аударды.
Соңында В. Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей тарапының «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жұмысына белсене қатысатынын және оның бағдарламасындағы 100-ден астам іс-шараны бірге ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.
Іс-шара қорытындысы бойынша көптеген құжаттарға қол қойылды.
Осылайша форум жұмысы табысты аяқталды. Жиын барысында мемлекеттер басшыларының келісімімен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық XIV форумы Челябі қаласында өтетін болып ұйғарылды.
Өз кезегінде сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов былай деді:
- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Владимир Владимирович, біздің облыста Ресей өңірлерімен ынтымақтастық белсенді түрде дамып келеді. Біздің облыс Ресей Федерациясының бес аймағымен 1,5 мыңнан астам шақырым шекаралас орналасқан. Екі ел арасындағы тауар айналымы осы жылдың өзінде 200 миллиард теңгені немесе 40 миллиард рубльді құрап отыр.
Өңірде 160 кәсіпорын ресейлік қаражаттың қатысуымен жұмыс жасап отыр және туризм саласы белсенді түрде дамып келеді.
Бұл жерде бір ұсыныс жасағым келіп отыр. Біздің өңір аумағында 25 бақылау-өткізу пункттері орналасқан. Олардың біреуі әуе кемесінің, екеуі теміржол, алты автомобиль және 16 жеңілдетілген бекеттер. Екі ел интеграциясын жақсарту мақсатында біздің тұрғындардың өтініші бар. Облыстың оңтүстік аудандарындағы екі бекеттің мәртебесін жеңілдетілген өткізу бекетінен гөрі автомобиль бекетіне ауыстырса деген ұсынысым бар. Ол - Қазталов ауданы мен Саратов облысының Александров Гай ауданы арасындағы және Бөкей ордасы ауданы мен Астрахан облысының Ахтуба аудандары арасындағы бақылау-өткізу бекеттері. Бұл мәселені сол өңірдегі әріптестеріміз - облыс губернаторларымен бірнеше мәрте талқыладық. Осы жағдай оңтайлы шешімін тапса, екі ел арасындағы тауар айналымы мен тұрғындардың өзара қарым-қатынасының жақсартуына жол ашар еді.
Нұртай Алтайұлы «Бұқаралық билікті күшейтуге қам жасалуда» деген ақпаратта: «Елбасымыз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ауылдық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу қажеттігін атап өткен болатын. Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы қоғамда кеңінен талқылануда. Осы орайда кеше облыстық мәслихаттың мәжіліс залында аймақтық көшпелі кеңес өтті», деп бастайды.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева ашқан соң, ҚР Ұлттық экономика министрлігі өңірлік саясат, өңірлерді талдау және бағалау департаментінің директоры Жайық Шарабасов сөз алды.
– Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу үшін халықаралық тәжірибе ескерілуде. Сондай-ақ Қазақстан Рес-публикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасына сәйкес қажетті шаралар алынуда. 2018 жылы екі мың тұрғыны бар, 2020 жылы барлық ауылдық округте жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізіледі. Бұл бюджет салық түсімдерімен, айыппұлдармен және аудандық бюджет трансферті есебінен толығатын болады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджет шығысы он екі бағытта жұмсалады. Оның қатарында мектепке дейінгі ұйымды материалдық тұрғыда қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру, ауыз су нысандарының жабдықтарын және автожолдар құрылысын жүргізу, күтіп-ұстау енгізілген. Коммуналдық меншік тұтқасы қолына берілген ауыл әкімшілігі қаражатты жергілікті қауымдастық өкілдерінің келісімі арқылы жаратады. Жалпы, заң жобасы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының экономикалық және қаржылық мүмкіндігін кеңейтуге, сол арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге, оған тұрғындардың ықпалын күшейтуге бағытталған, – деді ол.
Жиында ҚР Әділет министрлігіне қарасты Заңнама институтының жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты Мереке Ғабдуалиев аталған тұжырымдама бойынша Еуропалық хартия үлгісі ұсынылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар ауылдық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала әкімдері аппаратының жергілікті өзін-өзі басқарудағы орны, коммуналдық меншік маңызын айта келіп, алдағы уақытта қолданысқа енгізілген кезде кей мәселелердің туындау мүмкін екенін жасырмады. Мәселен, тұрғындарды айыппұлға тарту, оған жауапкершілікпен қарау тұрғысынан түсініспеушіліктер туында-мас үшін алдымен құқықтық түсіндірме жұмыстары қолға алынғаны жөн.
Кеңесте Зеленов ауданындағы Переметный ауылдық округінің әкімі Аян Халауетдин 2014 жылы жергілікті өзін-өзі басқарудың арнайы шоты ашылғанын, содан бері жергілікті бюджет трансфертінен, жарнамадан және мемлекеттік мүлік есебінен (жалға беру) түскен 16 млн. 825 мың теңге кіріс қаржысының жұмсалу жайын баяндады. Оның айтуынша, оның ішінде 818 мың теңге елді мекенді абаттандыру және көгалдандыруға, 9 млн. 461 мың теңге көшеге шамдар орнатуға, 360 мың теңге оқушыларды тасымалдауға, 124 мың теңге тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар ол мемлекеттік сатып алу порталын жетілдіру керектігін жеткізді.
Жиында біздің өңірмен қатар, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан келген аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Оларға министрлік өкілдері кеңінен жауап беріп, заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде тағы да талқыланатынын, соған орай ұсыныстарын жеткізетінін айтты.
Сәкен Әбілхалықов «Ешкім далада қалмайды» деген мақаласында: «Ақсай техникалық колледжі жатақханасының ғимаратына биылғы тамыз айында «Құрылысконсалтинг» АҚ БҚО бөлімшесі техникалық тексеру жүргізген. Нәтижесінде ғимарат апатты жағдайдың V санатына жататыны анықталған», дейді.
Осыған орай жергілікті атқарушы билік тарапынан тиісті шаралар қолға алынуда. Яғни жатақхана тұрғындарын көшіру жөнінде түсіндіру жұмыстарын бастады. Соның нәтижесінде 16 отбасы өз бөлмелерін босатты. Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халеловтың төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтіп, онда жаңа жатақхана салу үшін жер телімі мен ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау үшін аудандық бюджеттен 18 млн. теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Аудан әкімінің өкімімен жатақхана тұрғындарын көшіру комиссиясы құрылды. 3 қазанда 9 отбасы (29 адам) БСЖМ мен аудандық демалыс орталығы жатақханаларына көшуді бастады. Ал қалған тұрғындар үшін уақытша мекендеуге бос тұрғынжайлар іздестірілуде. 6 қазан күні Ақсай техникалық колледжінде осы тұрғындармен кездесу ұйымдастырылмақшы.
Айта кетейік, 1981 жылы салынып, екі жылдан соң пайдалануға берілген бес қабатты аталмыш жатақханада бүгінге дейін 76 отбасы тұрып келді. Тұрғындардың жалпы саны 200 болса, олардың 67-сі тіркеуде тұр. Мемлекеттік санитарлық және өртке қарсы қызмет органдарының талаптары бойынша облыстық ауданаралық экономикалық сотының 18.07.2003 жылғы және 03.02.2005 жылғы шешімдерімен бұл жатақхананың қызметі тоқтатылған болатын. Мерзімінің өтуіне байланысты бұл шешімдер күшін жойды. Өткен жылдан бері жатақханада колледж студенттері тұрмайды.
Жатақханадан қоныс аударатындарына риза болмаған он шақты тұрғын сейсенбі күні Оралға келіп, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановпен кездесті. Жатақхана тұрғыны Клара Түркенбаеваның айтуынша, олар 1998 жылдан бері осы ғимаратта тұрып келеді. Оны ертең жаңа қоныстанған жерге төлейтін төлем жағы мазалайды екен. Ал кезінде қызымен бірге жатақханаға тиісті жөндеу жүргізіп кірген зейнеткер Баян Жүнісова жергілікті атқарушы биліктің уақытша қоныстану үшін ұсынып отырған вахталық қалашыққа көңілі толмайды. Жатақханада он бес жылдан бері тұрып келе жатқан Нұрсұлтан Қажығалиев жатақхана ғимаратын жекешелендіруге жағдай жасауды сұрады.
- Сіздер жандарыңызға батқан мәселемен келіп отырғандарыңызды түсінемін. Өздеріңіз айтқан жайттың бәрі заң жүзінде шешілетінін мәлімдеймін. Ақсай техникалық колледжінің жатақханасын мен жақсы білемін. Кезінде облыстық білім басқармасының басшысы болған кезде онда бірнеше рет болдым. 2010 жылы барғанымда, жатақхананың жертөлесіне түстім. Ол жерге су жиналғанын көрдім. Соның себебінен болса керек, жатақхана ғимаратының бір жағы кішкене шөккені байқалды. 1-қабат пен 2-қабаттың арасындағы қабырғалардың тастары сол кезде үгітіліп жатқан еді. Қазір тіптен нашарлаған шығар. Мұның бәрі өте қауіпті. Сол кезде жатақхананың есігіне ілінген хабарландырудан ғимаратының апатты жағдайда тұрғандығы, сақтық шараларын сақтау керектігі туралы өзім оқыдым. Яғни бұл әңгіме бүгін туындап отырған жоқ.
Бұған қаражат бөлу жағын да қарастырғанбыз, алайда ғимарат апатты жағдайда болғаннан кейін ол мүмкін болмады. «Құры-лысконсалтинг» компаниясының техникалық тексеру қорытындысы бойынша ғимарат апатты жағдайдың V санатында тұр. Яғни жағдай мәз емес. Сол себепті жергілікті атқарушы билік тарапынан жатақханадағы ахуалыңыздан төмен емес деңгейде жағдай жасалатын болады. Яғни басқа жатақханаға ма, тұрғынжайға ма, уақытша қоныс аударасыздар. Ешкім далада қалмайды, уайымдамаңыздар. Комиссия құрылып, бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Жалпы, бұл мәселе облыс әкімінің бақылауында тұр.
Егер сіздердің коммуналдық төлемге қаржыларыңыз жетпесе, қажет құжаттарды жинап, тиісті мекемелерге барып, материалдық көмек алуларыңызға болады. Жалпы, аудандық бюджетте тұрғынжайларды жалдау ақысы қарастырылған.
Жаңа жекешелендіру жөнінде сұрап жатсыңыздар, бұл ғимарат облыстық білім басқармасының теңгерімінде тұр. Ол Үкіметтің 24.10.2000 жылғы №1587 қаулысына сәйкес жекешелендіруге жатпайды. Себебі ол студенттерге арнап салынған жатақхана. Ал егер техникалық жағдайы жақсы, иесі жоқ отбасылық үлгідегі жатақхана болса, онда жекешелендіруге мүмкіндік туар еді.
Қазіргі таңда Бөрлі ауданының басшылығы сіздерге қандай ғимараттарды беру керектігін қарастырып жатыр. Бейсенбі күні кешкілік уақытта, яғни көпшілік жұмыстан келген соң өтетін кездесуде бұл мәселе өз шешімін табады деп ойлаймын. Онда тұрғынжайға қатысты әрбір отбасының жағдайлары жеке қаралатын болады, - деді Марат Лұқпанұлы.
Газет «Батыс Қазақстан облысы: Тәуелсіздік жылдарының жылнамасы» деген тақырыппен тәуелсіздік жылнамасын жариялап келеді.
1992 жыл
30 ШІЛДЕ
Ақсай қаласында ҚР Энергетика және жылу ресурстары министрінің орынбасары Н. Бекбосыновтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Оған Бөрлі ауданының әкімі Қ. Төлебаев, Қарашығанақ газ өнеркәсібі басқармасының бас директоры С. Камалов, «Қарашығанақгазпром» концерні бас директорының орынбасары В. Нупов, «Интергазстрой» тресінің басқарушысы Н. Қуанышәлиев қатысты.
Баспасөз мәслихатында Қарашығанақ кен орнын одан әрі дамыту, аймақты абаттандыру мәселелері сөз болды. Бұл жұмысқа шетелдік мамандардың қызметін пайдалану қажеттігі айтылды.
1 ТАМЫЗ
Облыстық асыл тұқымды мал бірлестігінің бастамасымен, Жаңақала ауданының «Бірлік» асыл тұқымды мал зауыты базасында еділбай тұқымды жоғары класты қойды сатуға байланысты аукцион өткізілді.
Екі күнге созылған сауда бәсекесіне Павлодар, Торғай, Шымкент, Атырау өңірлері мен облыстағы он шақты шаруашылықтың өкілдері қатысты. 7070950 сом қаржыға 1517 қой сатылды. Әрбір қой шамамен 15 мың сомға өтті. Мамандардың айтуы бойынша, аукцион ойдағыдай болды, нәтижесінде шаруашылыққа үлкен кіріс кірді.
11 ТАМЫЗ
Орал қаласында Ресей Федерациясының Самара облысы және Батыс Қазақстан облыс басшыларының кездесуі болды. Оған Самара облыстық кеңесінің төрағасы О. Анищев және облыс басшысының орынбасары Г. Задыхин, біздің облыстан халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы Н. Мордасов және облыс әкімінің бірінші орынбасары А. Есенғалиев қатысты.
Кездесу барысында екі жақтың өзара ынтымақтастығына қатысты біраз мәселелер талқыланды. Соның ішінде, Самара облысының жанар-жағармайды үздіксіз жеткізу жөніндегі келісімді жыл аяғына дейін орындау мәселесі қаралды. Батыс Қазақстан облысы өкілдері өз кезегінде құрама жем және астық өнімдерін жеткізетіндіктеріне кепілдік берді. Екі жақ алдын ала Самара және Орал қаласында екі облысаралық банк операциясын жетілдіру мақсатында корреспонденттік пункттер ашуға келісті. Сонымен қатар екі облысты жалғастыратын жол бойында МАИ қызметінің жауапкершілігін арттырып, ретке келтіруге қол жеткізді.
Екі жақ өкілдері ежелден қалыптасқан көршілік қарым-қатынасты жақсартып, адамдардың бір-біріне деген сенімдерін арттыру үшін экономикалық, сауда, мәдени байланысты кеңейтіп дамыту жөнінде пікірлерін білдірді.
17 ТАМЫЗ
Облыстық әскери комиссариатта жергілікті горнизон және азаматтық қорғаныс штабтары офицерлермен кеңес өтті. Онда ҚР Қорғаныс министрлігі кадрлар басқармасының бастығы С. Тауланов офицерлерге ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен тағайындалған облыстық әскери комиссар Г. Мұқатаевты таныстырды.
18 ТАМЫЗ
Елбасы егін орағын тікелей өзі бақылауына алып, республиканың әр аймағын аралап жүр. Осы мақсатпен Орал қаласына келген Президент әуежайдан бірден егінжайға жол тартты. Бірінші Теректі ауданының Аманкелді атындағы колхоздың егінжайына келді. Шаруашылықтың үшінші бригадасы алқабында болып, диқандардың тұрмысы, астық шығымдылығы, еңбекақы төлеу барысы туралы әңгімелесті. Комбайнмен егін орып жүрген Ақсуат орта мектебінің оқушылары Ерболат Омаров және Владимир Чистяковпен жүздесті. Егін орағы кезінде облыс бойынша олар сияқты көптеген оқушылар ел ырысын төкпей-шашпай жинап алуға көмектесуде.
Келесі кездесу Мичурин атындағы колхоздың егіс алқабында болды. Олар орта есеппен әр гектардан 20,5 центнерден өнім жинауда. Колхоз ұжымы қазірдің өзінде мемлекеттік тапсырысты орындады. Колхоз басқармасының төрағасы Виктор Нагурный, бригадир Валерий Чуприн, комбайнер Александр Булавинцев, тағы басқаларымен болған әңгімеде өтпелі кезеңдегі өткір проблемалар, ауыл шаруашылығын басқаруды өзгерту, жекешелендіру барысы туралы ашық-жарқын пікір алмасты.
- Жинаған астықтарыңыз өздеріңізге қаржы болып құйылады. Мемлекет бірде-бір тиындарыңызды шашу шығармайды. Астықты жоғары бағамен сатып, өздеріңізге қажетті, қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып аласыздар, - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы бұдан кейін Қарашығанақ кен орнына бағыт алды. Жолшыбай Бөрлі орман шаруашылығы тәжірибелік-өндірістік мекемесіне соқты. Мұнда да кәсіпорын ұжымы мен жергілікті тұрғындармен кездесті. Шарауашылық мәселесімен Бөрлі ауданында жүрген РФ Орынбор облысының Елек ауданының басшысы Павел Арьковпен емен-жарқын сөйлесті.
«Бөрлі» арнаулы шаруашылық бірлестігінің диқандары республика басшылығы жүргізіп отырған сыртқы және ішкі саясатын қолдайтындықтарын айтып, әлі де аграрлық секторға көбірек көңіл бөлу керектігін жеткізді.
«Қарашығанақгазпром» мемлекеттік мекемесінің бас директоры Сухан Камалов ел Президентіне табиғат байлығын игерудің барысы туралы айтып берді. Мемлекет басшысы осында бірнеше жылдан бері жұмыс жасап жатқан «Брно» өнеркәсіп құрылысы» фирмасының директорының өкілі Вацлав Рогликпен әңігімелесті.
19 ТАМЫЗ
Мемлекет басшысы мен Премьер-министр Сергей Терещенко Тайпақ ауданына барды. КСРО-ның 50 жылдығы атындағы совхоздың Қосмармақ қыстағында ауданның ақсақалдар алқасы мүшелерімен кездесті. Еңбек ардагері Тобанияз Табылдиев, шопан Ұзақбай Жұмашев және тағы басқалары шалғай ауылдың шешілмеген проблемаларын ортаға салды. Жергілікті тұрғындар ауыз су, азық-түлік тапшылығын сезінуде. Көлік қатынайтын жол жоқ. Бірақ мұның бәрі өтпелі кезеңдегі қиындық екенін жақсы түсінеді. Жалпы, ауыл тұрғындары республика басшылығының саясатын қолдайтындарын жеткізді.
19 ТАМЫЗ
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оралда Башқұртстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Мұртаза Рахимов пен Татарстан Республикасының Президенті Минтимер Шаймиевпен кездесті.
Келіссөз барысында біріккен Комюнике қабылданды. Үш республика басшылары Абхазиядағы жағдайға байланысты мәлімдеме қабылдады. Содан соң үш ел басшылары баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
20 ТАМЫЗ
Облыс әкімі Нәжімеден Есқалиев ұлттық-мәдени орталықтар басшыларымен кездесу өткізді. Ол ҚР Президентінің облысқа сапарының қорытындылары және Қазақстан, Татарстан, Башқұртстан Республикалары басшыларының аймақтарды мекендеген халықтардың достығы мен байланыстарын нығайту туралы келіссөз туралы әңгімеледі.
21 ТАМЫЗ
Облыс орталығынан 30 шақырым жерде Жайық өзенінің жағасынан адамдардың сүйектері табылды. Бұл кімдердікі? Оны анықтау ісімен ұлттық қауіпсіздік органдары, прокуратура, ғалымдар айналысты. Профессор Г. Кушаевтың басшылығымен жұмыс жасаған ғалымдар бұл жерде 1937-1939 жылдардағы сталиндік қудалаудың құрбандары жерленгенін анықтады.
Соған орай қалалық зиратта жерлестеріміздің сүйектерін қайта жерлеу рәсімі болды. Оған қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты.
25 ТАМЫЗ
Орал қаласында республикалық монополияға қарсы комитетінің көшпелі отырысы өтті. Онда шағын бизнес орталықтарын құру, кәсіпкерлікті қолдау, бәсекелестікті дамыту және сарапшылар кеңесін құру мәселелері талқыланды.
Отырыста республикалық монополияға қарсы комитеті төрағасының орынбасары Н. Ростовец, кәсіпкерлікті қолдау және бәсекелестікті дамыту қорының директоры М. Ержанов және аумақтық комитеттердің төрағалары сөз сөйледі.
28 ТАМЫЗ
Каменка ауданының аумағында Саратов облысы мен Батыс Қазақстан облысының өкілетті делегациялары кездесті. Саратовтық делегацияны облыс басшысы Ю. Белых бастаса, өңіріміздің құрамына облыс әкімі Н. Есқалиев жетекшілік етті. Екі елдің мемлекеттік жалауларымен безендіріліген қазақтың киіз үйі ішінде көршілер өзара экономикалық және мәдени ынтымақтастық, достық туралы келісімшартқа қол қойды.
7 ҚЫРКҮЙЕК
Париж – Москва – Пекин халықаралық трансконтинеталдық автомарафонға қатысушылар Қазақстан аумағына келіп жетті. Олар Каменка және Зеленов аудандары арқылы өтіп, Орал қаласының әуежай маңындағы тігілген лагерьге демалуға аялдады.
Бұл автомарофонның жалпы ұзындығы - 16042 шақырым. Бір апта ішінде Парижден Оралға дейін марафонға қатысушылар 8 мың шақырымдай жолды артқа тастады. Осылайша Орал қаласы бұл марафонның өзіндік экваторы болды.
8 ҚЫРКҮЙЕК
Орал қаласында Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары тұрғындарын біріктіретін «Нарын» қоғамдық қозғалысының құрылтай конференциясы болып өтті. Оған қатысушылар сонау 1949 жылдан бері ядролық қаруларға жасалған сынақ облыс тұрғындарының саулығын нашарлатып, өңірде экологиялық ахуалды тығырыққа тірегенін ашына айтты. Олар аталған сынақ полигондарын жауып, өңірді экологиялық аймақ деп жариялау қажеттігін сөз етті. «Нарын» қоғамдық қозғалысының конференциясына қатысушылар ҚР мен РФ Президенттеріне үндеу қабылдады. «Нарын» қоғамдық қозғалысының Жарғысы бекітіліп, басқарма жетешілігіне К. Көбейсінов сайланды.
«Қазақстаннан» Қазақстанға» деген айдармен «Қазақстан» газетінде жарияланған ақпараттар берілуде.
Кімге міндет
Барлық мұхтаждық осы күні қазақдың басында: мұнда жер жоқ, мұнда ғылым жоқ, мұнда өнер жоқ. Осындай өздері мұхтаж, өздерінің және бұл мұхтаждықбен ісдері жоқ, рахат, һиш нәрсе ойламайды, ойламағансын жарлық да, надандық да білінбейді. Түсініселікші, осы мұхтажды қайғырту кімнің міндеті, һәр кімнің өзіне міндет бе: болмаса бұ халықдың да мұндай міндетді алуға лайықды адамдар бар ма?!. Меніңше, бұл міндет – шаруаның міндеті емес, бұл міндет – бас адамдардың міндеті, мұсылманша болсын, орысша болсын оқыған адамдардың міндеті.
Тауарихға қарасаңыз, халық басдан бұзылады, басдан түзеледі екен, дүниада өзі өзінен қарадан қараб түзеб ілгері кеткен халық жоқ, бәрі де бас адамдарының басшылық етіб, халқын қызғандықбен ілгері кеткен. Оңған халық айтады; «баласы уақытында атасы менен анасының баласы, балиғ болыб болғансын халқының баласы, отанның баласы» деб.
Халықдың баласы қанша болса да бар, мұнда шек жоқ, тек бірін бірі көре алмай біле алмай жүр.
Оу, халықдың баласы, отанның баласы! Қанша болсаңыз да, Алла риза болсын көрініб шығыңызшы, көрініб шықғаныңыз сол болсын, аты-жөндеріңізні жазыб, «Қазақстанға» жіберіңіз.
Күтіб қалушы
«Қазақстан»
Хабарлар
Трполидан келген депутат айтады: Трполи жителлары Италлианнанның еткен зорлығына һәм берген жәбіріне арланыб, бірден бірге дұшмандығын өсі-ріб тұр, аларның бұ күндегі хиалына қарағанда көрші түрік бітіседі, италиаланлар менен татушылығы болмаса керек, түбі өскен жері үшін қанын төгуге байланған көрінеді. Түрік менен мраблар 650 жыл керуен білан азық айғанлар.
Трполи қасындағы Сали базар деген жерде болған соғыста түрік пен ғараб ғаскерлері Италианларны берік тыңнан шығарыб, 4 чуламатларын және 2 қаруын алубды. Италиан тарафынан 100 кіші өлінді.
(«Қазақстан» газетінің 1911 жыл, 15 қараша күнгі №1 санынан)
«Пробация қызметіне өзгерістер енбек» деген ақпаратта облыстық әкімдіктің кіші залында «Үкімет ашық диалогта» айдарымен «Пробация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылаған дөңгелек үстел өткені айтылады.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жүргізген жиынға БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, сот пен прокуратураның, өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
- Бүгінгі жиынымызда бір ғана мәселе талқыланбақ. Еліміздің ішкі істер министрлігінде «Пробация туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жобалар жасақталуда. Бұл Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-қадамы аясында атқарылып жатқан істердің бірі. Осы заң жобасына қатысты ақылдасып, өз ұсыныстарымызды Ішкі істер министрлігіне жіберу – бүгінгі жиынымыздың басты мақсаты, - деді Марат Лұқпанұлы.
Жиында БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіндегі пробациялық қызметке жетекшілік ету бөлімінің бастығы Мәриям Якубова «Пробация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымын жасады. Оның айтуынша, жаңа заңнамадағы пробация қызметіне айтарлықтай өзгерістер енгізілген. Мәселен, пробациялық бақылау шартты түрде сотталғандарға ғана емес, бас бостандығы шектелгендерге де жүргізілетін болады. Әкімшілік қадағалаудан босатылғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілуіне ықпал жасау енгізілген. Сондай-ақ қылмыстық-атқару инспекциялары пробация қызметі болып қайта құрылған. Аталмыш заң жобаларын дайындау және оны Парламенттің қарауына беру мерзімі үстіміздегі жылдағы қазан айының алғашқы онкүндігіне белгіленген.
«БҚО балалар үйі және мектеп-интернаттары тәрбиеленушілері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алексей Жансейітов сотқа дейінгі пробацияның енгізілуіне қатысты түсініспеушілік пікірін білдірді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта сотталғандарға қатысты пробация қызметінің жұмысы тиісті деңгейде жолға қойылмаған. Алдымен сот ешкімнің ықпалынсыз өзінің әділ шешімін шығаруға тиісті. Айыпталушыны қорғау үшін адвокат бар. Бұдан өзге жиын барысында шектен шыққан азғындық әрекеттерімен айыпталғандар үшін пробация қызметі көрсетілмейтіні айтылды.
«Өрт қауіпсіздігін сақтау басты назарда!» деген ақпаратта (Л.Шағатай) аталмыш мәселе сөз болады.
Биыл өткен жылмен салыстырғанда төтенше жағдайлар салдарынан адам өлімі көбейген. Былтыр төтенше оқиғалардан төрт адам қаза тапса, биыл жеті адамның өмірі қиылған. Осыған орай қалалық басқарма және аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері мен өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, газ, электр құралдарын тексеріп, түсіндіру жұмыстарын күшейтуде.
Бұл туралы сейсенбі күні Қазақстан орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалының алаңында өткен баспасөз брифингінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Таубеков хабарлады. Сондай-ақ брифингке өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиев, Орал қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Мәрлен Сәрсенғалиев қатысып, алдағы жылыту маусымына дайындалу және өрт қауіпсіздігі шаралары туралы баяндады.
- Бүгінгі таңда қалалық басқарма және аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері қызметкерлерінің күшімен және өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамымен 9953 тұрғын үйге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде газ жабдықтарын, электр жылыту құралдарын, жылыту пештерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау туралы жадынамалар таратылды. Осы кезге дейін 1100 адамның қатысуымен 28 жиын өткізіліп, өрттің алдын алу мақсатында 84 дәріс оқылды. «Сити Центр» ойын-сауық орталығының басшысымен бірлесіп өрт қауіпсіздігі тақырыбында бейнебаяндар көрсетілді. Сонымен қатар төтеншеліктермен бірге сауда үйі әкімшілігімен «Қауіпсіздік әр үйге» акциясы өткізілді. Саяжай серіктестеріне, ПИК төрағаларына және Орал қаласы бойынша маршрут автобустарына қызмет көрсететін автокөлік кәсіп-орындарына жадынамалар жолданды. Әсіресе, әлеуметтік бейімделмеген азаматтардың және тұрмысы төмен отбасылардың да мекен-жайлары назардан тыс қалмай, олардың тұрғылықты жерлері бойынша 30 рейд ұйымдастырылды. Өйткені көп жағдайда өрттің тұтануына ішімдік ішіп, бейәдеп қылықтар жасайтын адамдар кінәлі болып жатады. Сондықтан оларға ескертулер жасалуда. Бұл іс-әрекеттің барлығы жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүргізіледі, - деген Нұрлан Сейдаханұлы, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, биыл өңірде тіркелген өрттің саны 163-ке азайып, 441-ді құрағандығын, алайда 9 айдың ішінде тілсіз жаудың кесірінен 7 адамның құрбаны болғанын атап өтті. Сондықтан басқарма басшысының айтуын-ша, қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін төтеншеліктер қауіпсіздік жөніндегі шараларын күшейткен.
Брифинг соңында жиынға қатысушылар журналистердің сауалдарына жауап берді.
«Орал өңірі» газетінің 8 қазан күнгі санында «Пойыздарға шекаралық бақылау жүргізілмейді» деген ақпаратта Астанада өткен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық форумы аясында 1996 жылғы 18 қазандағы ҚР мен РФ Үкiметтерiнiң арасындағы темiржол көлiгi кәсiпорындарының, мекемелерi мен ұйымдарының қызметiн құқықтық реттеудiң ерекшелiктерi туралы келiсiмге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылғаны жөнінде хабарланған. Бұл жөнінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми интернет-ресурсында (www.mid.gov.kz сайты) жазылған.
Құжатқа сәйкес, тараптар РФ аумағындағы ҚР теміржол учаскелерінде және ҚР аумағындағы РФ теміржол учаскелерінде жолаушылар және жүк пойыздарының мемлекеттік шекара арқылы өтуін бақылау рәсімдерін жүргізбей, соның ішінде шекаралық бақылауды жүргізбей өткізуге келісті. Бұл облысымыз бен еліміздің орталық, оңтүстік өңірлері арасындағы жолаушылар тасымалының уақытын 10 сағаттан аса мерзімге қысқартуға мүмкіндік береді.
Қол қойылған хаттама ратификацияланғаннан кейін «АстанаОрал» және «Алматы-Орал» бағытында жолаушылар үшін жүрдек пойыз қатынасы ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
«Депутаттыққа үміткерлер тіркеуден өтті» деген ақпаратта (Н.Оразаев) Батыс Қазақстан облысы мәслихаттарының шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес кандидаттарды тіркеу мерзімі ағымдағы жылдың бесінші қазанында аяқталғаны айтылады.
Бұл туралы бейсенбі күні Қазақстан орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалының алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Жасұлан Нұрғожин хабарлады.
- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 101-бабына сәйкес мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау наурыз айының немесе қазан айының соңғы жексенбісінде өткізілуі тиіс. Осыған орай, Сырым ауданында шығып қалған депутаттың орнына сайлау 2016 жылдың 30 қазанына тағайындалып отыр. Жоғарыда аталған қаулымен бекітілген іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бойынша үміткерлерді ұсыну, тіркеу 2016 жылғы 31 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін жүргізіліп, 5 қазанда аяқталды. Айта кетейік, Сырым аудандық мәслихатына Сарой сайлау округі бойынша депутаттыққа сайланған Серік Мүтиев өз еркімен өкілеттілігін тоқтатқан болатын. Бүгінгі таңда бос депутаттық орынға төрт адам ұсынылып, тіркеуден өтті. Олардың үшеуі өзін-өзі ұсынған болса, бір кандидатты «Нұр Отан» партиясы ұсынып отыр. Олардың төртеуі де Сырым аудандық мәслихатының депутаттығына үміткер ретінде тіркелді. Округтік сайлау комиссиясы өзінің хаттамасымен үміткерлердің ҚР Конституциясында қойылған талаптарға сәйкестігін анықтады. Сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары 6 қазанда басталып, 28 қазан күні түнгі сағат 24.00-де аяқталады. Үгіт-насихат жұмыстарына Сырым аудандық әкімдігінің қаулысымен арнайы орындар белгіленді. Барлық үміткерлерге өздерінің сайлаушыларымен кездесулер өткізу үшін тең дәрежеде жағдайлар жасалған. Сайлау Сырым ауданының №6 Сарой сайлау округі бойынша өткізіледі. Сайлауға үш учаскелік, бір округтік, бір аумақтық және бір облыстық сайлау комиссиялары қатысады, - деді Жасұлан Сәкенұлы.
«Сара апай жүрген сара жол» деген хабарда Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, жазушы Сара Ләтиеваның «Сара апай жүрген сара жол» атты кездесу кеші өткені сөз болған.
Аталмыш шараға жиналған жұртшылық «Әркімге өзінің шыққан тауы биік» атты көрмемен танысты. «Мен соғысты көргем жоқ», «Бұлбұл», «Тарлан» атты кітаптардың авторы Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында дүниеге келген. Жәнібек ауданының орталығындағы орта мектепті бітіргеннен соң, Алматыдағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдап, кейін осы салада қызмет жасады.
Кездесуде белгілі ақын Айтқали Нәріков сөз алып, өлең оқыса, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, ақын Ғайсағали Сейтақ, прозашы Мира Шүйіншалиева жүрекжарды тілектерін жеткізді. Әнмен әрленген әдемі кештің иесі жеке өмірінен сыр шертіп, қазақтың әйгілі әнші қызы Күләш Байсейітова мен халық әртісі Хадиша Бөкеева туралы естеліктерімен бөлісті. Кездесу барысында көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға Сара Шәріпқызы тұшымды жауап беріп, жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
Сахнада ән салған Ақбаян Таймұханова, Нұртілеу Болат, Гүлзада Ахметова сияқты жас өнерпаздар кештің ажарын аша түсті. Кездесу соңында аталмыш мекеменің басшысы Бауыржан Халиолла кеш иесіне алғысхат табыс етті.
«Бөкей ордасындағы жер үшін күрес» - жаңа кітап осылай аталады (А.Төлеуғали). Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Құрмет грамотасының және Үздік жас ғалым» аталымының иегері Саялбек Ғиззатовтың «Бөкей ордасындағы жер үшін күрес» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Кеш басында көрерменнің назарына жас ғалымның өмірі мен еңбегінен сыр шертетін бейнебаян ұсынылды. Саялбек Махамбетұлы М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ды тарих, құқық және экономика негіздері мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде облыс әкімдігіне қарасты дін істері басқармасында дінтану сараптамасы, мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы болып қызмет етуде. Сонымен қатар ол «Қазақстан-Орал» телеарнасындағы «Ғибрат» бағдарламасының жауапты редакторы әрі жүргізушісі қызметін атқарып жүр.
- Бұл монографияда Бөкей ордасының құрылуы, ондағы жер мәселесінің маңызы, Ресей Империясының Ішкі ордада жүргізген аграрлық реформалары, отарлаушылардың көздеген мақсаты баяндалған. Ел билеушілері Бөкей мен Шығай Нұралыұлдарының көшпелілердің экономикалық мүддесі үшін күрескендігі, Орданың тұтастығын сақтауға ұмтылғандығы нақты деректермен зерделенген, тың мұрағат құжаттары арқылы кешенді түрде зерттелген, - деді М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов.
Аталмыш жиынды жеке шығармашылық кеш емес, Бөкей ордасының 215 жылдығына арналған шара деп қабылдауды өтінген автор жүргізушінің қойған сауалдарына жауап беріп отырды.
Шара барысында Саялбек Махамбетұлын Атырау мұнай және газ университеті ғылым орталығының бас ғылыми қызметкері Ұлжан Ахметова, Бөкей ордасы ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Әжіғалиев құттықтады. Сонымен қатар «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес, Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры Нұртаза Абдоллаев, Қалмақ мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі Петр Кольцов және Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері Нұрхат Жакиевтің бейнежазба арқылы жолдаған құттықтау лебіздері көрсетілді.
Кеш соңында кітап иесіне облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың атынан алғысхат табысталды.
«Азаттықтың ақ таңы» (Г.Жолдығали) деген ақпаратта Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының «Қадыр жолымен» жобасы аясында Жастар мәдениет үйінде «Азаттықтың ақ таңы» атты облыстық ақындар айтысы өткені айтылған. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткізілген айтысқа өңіріміздің жас ақындары қатысты.
Қ. Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы, айтысты ұйымдастырушы Бауыржан Халиолланың айтуынша, бұл айтыс алдағы қараша айында Орал қаласында өтетін аламан айтысқа ақындарды шыңдау мақсатында өткізіліп отыр. Бұл айтыстың ерекшелігі - бес жұп болып айтысқан он ақынға жүлделі орындар берілмейді.
Көптен бері айтысты сағынған көрермен сөз жарыстырған ақындарды қолдап, қиқу салып, дем беріп отырды. Жұптардың ішінде Бауыржан Ширмединұлы мен Айнабек Бисенғалиевтің, Жансая Мусина мен Талғат Мықидың айтысы сәтті шықты. Сондай-ақ сөз додасына қатысқан жас ақын Орынбек Меңдіқұловтың ұтқыр ұйқастары көпшілік көңілінен шықты. Жас ақындар «Азаттықтың ақ таңы» деп аталған тақырыпты толықтай ашты деген ой қалдырғаны кәміл. Алайда олар тіршілік түйткілдері, қоғамдағы жат қылықтар, тіл мәселесі, жат діни ағымдар, рухани құндылықтар туралы орамды ойларын ортаға салды. Әр ақынның өз орны, шығар биігі бар. Әйтсе де жеке бастың проблемасын айту, баяғы Жансаяның күйеуге шықпағанын жырға қосу, Талғат Мықидың он жылдан бері бітпей жатқан үйі, Мұрадым Мирлановтың жұмыссыз жүргені, оның «Өзім бармай жүрмін» деп шалқайып, белгілі азаматтарды жасы кіші бола тұра, атымен атауы сахна этикасына сай емес деп ойлаймын. Сахна киелі орын болғандықтан, орта буындағы ақындар соңдарынан еріп келе жатқан, бірте-бірте бауырын жазып, аламан айтыстарға қатысатын жас ақындарға сыйластықтың шынайы үлгісін көрсетіп, алдыңғы буын аға-апаларына інілік ізет танытуы тиіс.
Жалпы, үш жарым сағатқа созылған айтысты жиылған жұртшылық тапжылмастан тамашалады. Осы айтыста сөз көрігін қыздырған бірнеше ақын қараша айында өңірімізде өтетін республикалық айтыста бақ сынамақ. Айтыс соңында жеті ақын шығып, «Құлмамбет» айтысын жасады. Ұмытылып бара жатқан айтыстың бұл түрі облысымызда жас ақындарға сынақ ретінде бірінші рет өткізілді. Жас ақындар тосылған жоқ. Бір-бірін іліп алып, сөз саптады. Айтысты жүргізген танымал журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин әр жұптың айтысынан кейін талдау жасап, өзіндік көзқарасын білдіріп, ақындарды қолдап-демеп, бағытбағдар беріп отырды. Әзілмен шымшылаған бұл айтыс ақындардың аламан айтыс алдындағы бір-бірін қамшылауы деп ұғындық.
Бойлап енді сөйлейін тереңге мен,
Құлындар айтысады деп дөненменен.
Бірақ та кей кісілер келмей қалды,
«Билет қымбат қой» деген желеуменен.
Мың теңге қайда ғана кетпей жатыр,
«Ақша - қолдың кірі» ғой дегенменен.
Айтысқа келген жұрттан айналайын,
Қолдың кірін кетірем деп өлеңменен, - деп жас ақын Орынбек Меңдіқұлов көрерменге сәтті шумақтарын арнады. Шынында да, айтысты сағынып келген көрерменге ақындарымыз рух сыйлайтындай өрелі ойға тұнған жыр ұсынса екен.
«Тәуелсіздікке тағзым» деген ақпаратқа (Т.Тоқмамбетов) Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде өткен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тағзым» атты ардагер ұйымдарының фестиваль-байқауының гала-концерті арқау болған.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған бұл шараға жұртшылық көп жиналды. Гала-концерттің шымылдығы Шыңғырлау ауданынан келген «Асыл қазына» ардагерлер хорының орындауындағы «Жасай бер, қазақ» әнімен ашылды. Оралдық украин хоры «Степь» әні мен Зеленов ауданынан келген ардагерлер ұжымы хореографиялық композиция орындаса, «Тәуелсіз елім Қазақстан» әнін Қазталов аудандық ардагерлер хоры сахналады. Сонымен қатар ақ жаулықты аналарымыз сахнаға шығып мың бұрала билегенде, жиналған қауым ризашылықпен қол соқты.
- Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған фестивальге қатысып, өз бақтарын сынағалы отырған ардагерлерімізге мың алғыс. Барлық аудандардан облыс орталығына келіп, өз өнерлерін ортаға салып, жас ұрпаққа үлкен өнеге көрсетіп отырсыздар. Еліміздегі мәдениетіміздің дамуына әлі күнге дейін өз үлестеріңізді қосып жүргендеріңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұдан да басқа шараларға да ардагер аға-апаларымыз белсене қатысып келеді. Отбасыларыңызға амандық тілеймін және ортамызда ұзақ жыл бірге жүрулеріңізге шын жүректен тілектеспін, - деді шара барысында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.
Байқаудың қорытындысы бойынша Қазталов аудандық ардагерлер хоры суырылып алға шықса, жәнібектік Уахит Сариев эстрадалық вокалдан үздік деп танылды. Бөрлілік Мұхит Біранов «Халықтық музыка» аталымы бойынша үздік шықса, теректілік Мағзом Нуменов аспапта орындаудан шеберлігін көрсетті. Авторлық шығармаларды орындаудан бірінші орын Роза Бейісхановаға (Тасқала ауданы) бұйырса, сырымдық Гүлбаршын Нариева көркем сөз оқудың шебері атанды. Бөкейордалық «Нарын» әжелер ансамблі «Хореография» аталымынан алдарына жан салмады.
Жастар мәдениет үйінің сахнасында өз өнерлерін ортаға салған ардагерлеріміз тамаша көңіл күймен тарқасты.
«Инновацияға құштарлар «ЭКСПО - 2017»-ге қатысады» деген хабарда (Г.Дыбысқалиқызы) Оралдағы «Алгоритм» технопаркі» ЖШС-да облыстық білім беру басқармасының қатысуымен оқушылар мен студенттер арасында өткізілген инновациялық жобалар «INNOVA - 2016» байқауының қорытындысы шығарылғаны сөз болады.
Жылда өткізілетін бұл байқаудың басты мақсаты – инновациялық дамуға құштар шәкірттер мен жастарды анықтау, оларды ғылыми, техникалық мамандықтарға бағыттау, жаңа жобаларды одан әрі дамытуға жөн сілтеу. Байқаудың бас демеушісі – мұнайгаз саласына сервистік қызмет көрсететін «RT-Alliance» ЖШС компаниясы.
Жиынды ашқан облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Ниетқалиевтің айтуынша, индустриалдық-инновациялық даму саласындағы мұндай байқауды өткізудің маңызы зор. «Бізге еліміздің тұрғындарының өмір сапасын жақсартатын жаңа озық жобалар қажет. Осы байқауда қызықты жобалар іріктеліп алынып, «ЭКСПО - 2017» көрмесінің павильонына өңірімізден ұсынылатын жобалар қатарын толықтыратын болады. Қазірдің өзінде ондай жобалардың саны 40-қа жуық», - деді ол.
- Байқаудың 1-кезеңі 5-28 қыркүйек аралығында өткізіліп, онда қатысушылардың жобалары іріктеліп алынған. Байқауға 31 жоба түссе, соның 17-сі мектеп оқушыларының, 14-і студенттердің жұмысы. Оқушылар жобаларының жартысына жуығы Назарбаев зияткерлік мектебінен, ал аудандардың белсенділігі төмен. Жобалар жаратылыстану, инженерлік ғылымдар, мұнайгаз саласы, робототехника, IT-технологиясы бағыттарын қамтиды, - деді аталмыш технопарктің бөлім басшысы Павел Проскурин.
Радиоқабылдағыштың көмегімен қоршаған ортаны таза ұстауға шақыратын, өзі де жолында кездескен қоқыс қалдықтарын жинайтын роботы «Тукс универсал» деп аталатын жобасымен байқауға қатысушы Тасқала ауданынан Қ. Сәтбаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Темірлан Мәулен. «Мектебімізде робототехника сабағына балалардың ынтасы күшті. Бір топ оқушым радиациялық қоқыс жинайтын робот жобасымен Астанаға, Индияда өтетін халықаралық байқауға қатысу үшін іріктеуден өтуге кетті», - деді Темірланның ұстазы Бақытжан Мәуленов.
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ұсынған «Әмбебап үй» жобасындағы үйдің ерекшелігі қажет кезінде үйдің ауданын екі есеге дейін ұлғайтуға болады. «Құрылымы жылжымалы, рельстің үстіне орнатылады. Қыста үйдің қабырғалары жинақталып, қалыңдай түседі, сондықтан жылы болмақ», - деді үй макетімен таныстырған 10-сынып оқушылары Тайыр Мырзағалиев пен Әлихан Шәріпов.
Байқау қорытындысы бойынша «Үздік студенттік инновациялық жоба» аталымы бойынша Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенті Ольга Плахотнюктің «Керамзит өндірісі технологиясын жетілдіру» жобасы 1-орын (50 мың теңге), ҚИИТУ студенті Диана Құрманбекованың «Су балдырларының негізінде биостимуляторлар алу» жобасы 2-орын (30 мың теңге), БҚАТУ-лық Сенім Қадырова мен Әлия Талғатованың «3 д принтері үлгілерінде басылым өнімділігін арттыру» жобасы 3-орын (20 мың теңге) алды. Ал мектеп оқушылары арасынан Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері Талғат Молдашев пен Мерхан Мерғалиевтің атмосфералық ауадан электр қуатын алу қондырғысы жобасы 1-орын, №42 «Ақ ниет» гимназиясының оқушысы Әлихан Таласбаевтың «Экзоскелет» жобасы 2-орын, №8 дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектептен қатысушы Әбілхан Әділбеков «Ақ Жайықтың інжу-маржаны» жобасымен 3-орын алды және оларға сәйкесінше ақшалай сыйлықтар берілді. Сонымен қатар байқаудың жеңімпаз-жүлдегерлеріне дипломдар, сертификаттар және ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
«Қарияларға сый-құрмет» деген ақпаратта (Т.Тоқмамбетов) Орал қаласындағы «Әсем» мейрамханасында Халықаралық қариялар күніне орай дастарқан жайылғаны хабарланған.
БҰҰ Бас ассамблеясының шешіміне сәйкес 1991 жылдан бастап 1 қазан Халықаралық қариялар күні болып тойланып келеді. Аталмыш мейрамда табыс-кірісі аз жандар, қариялар, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер басты назарда болып, оларға әлеуметтік-тұрмыстық және материалдық көмектер көрсетіледі. Бұл күн елімізде «Қариялар күні» деп аталады. Ағымдағы айда өткізілетін «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы аясындағы іс-шаралар жоспарына сәйкес, мүгедектер мен зейнеткерлерге арналған әлеуметтік орталықтың ұйымдастыруымен «Әсем» мейрамханасында қарттарға арналып дастарқан жайылды. Онда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Сәуле Шоланбаева қатысып, келген қонақтарды мерекелерімен құттықтады.
- Қарттарымызды құрметтеу - біздің басты парызымыз. Оларға әрдайым көңіл бөліп отыруымыз қажет. Осындай мейрам күндерін пайдаланып, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне дастарқан жайып отырмыз. Бір-бірімен дастарқан басында кездесіп, көтеріңкі көңілмен отырғандарын көріп, біз де қуанышқа бөлендік. Қарияларымызға арналған шараға демеушілік білдірген «Әсем» мейрамханасының меңгерушісі Зайра Хамитоваға алғысымды білдіремін. Қарттарымыз әрдайым аман жүрсін, - дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектер мен зейнеткерлерге арналған аумақтық әлеуметтік орталығының директоры Арман Дәулетов.
- Біз сияқты үлкендерге құрмет көрсетіп жатқан ұйымдастырушыларға көп рақмет айтамын. Тәтті тағамдардан ауыз тиіп, өнерпаз балаларымыздың әндерін тыңдап марқайып отырмыз. Зашаған кентінде тұрсам да, осындай игі шарадан қалғым келмеді. Замандастарыммен әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - дейді зейнеткер Социал Пұсырман.
Шара барысында жастар мәдениет үйінің әншілері мен «Ақжелкен» балалар аула клубының жас өнерпаздары қариялардың алдында ән шырқап, көңілдерін бір серпілтті. Демеушілер атынан қарттарға сый-сияпат көрсетілді.
«Ырыс алды – ынтымақ» деген ақпаратқа (Н.Набиоллаұлы) облыс орталығындағы Достық үйінде «Ырыс алды - ынтымақ» атты танымдық-тағылымдық шара өткені өзек болған. Ерекше мазмұнда өрбіген әсерлі кеште түрлі ұлт өкілдерінің құрметті ақсақалдары сахна төрінен орын алды. Олар жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жоғары, тағылымға толы өмір өткелдерін терең тебіреніспен әңгімелеп берді.
- Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл форум – ұрпақтар сабақтастығының жарқын мысалы. Шара барысында аға буын өкілдері тарапынан айтылатын ғибратты әңгімелер жастардың болашағына оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Тағы 25 жыл өткенде тұтас Қазақстан жұртшылығы мемлекеттік тілде еркін сөйлеп қана қоймай, еліміз шын мәнінде әлемдегі озық отыз мемлекеттің қатарынан көрінсін деген тілегімді жеткізгім келеді, - деді форумның салтанатты ашылуында құттықтау сөз алған облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Александр Ажғалиев.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясына қарасты ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахметолла Сүйербаев шараға жай ғана ақсақалдар емес, қоғамға зор еңбегі сіңген зиялылар келіп отырғанына тоқталып өтті.
Хамза САФИН, Ұлы Отан соғысының ардагері, татар этномәдени бірлестігінің өкілі:
- Бәріміз ата-анамыз және еліміз үшін еңбек етуге міндеттіміз.
Бүгін мен қазақстандық патриотизм жайлы сөз қозғағым келеді. Бұл ұғым жайлы күнделікті өмірде жиі әңгімелейміз. Бірақ патриотизм үстел басында отырып насихаттайтын іс емес. Қазақстансыз біз ешкімбіз. Ұлтымыз қандай болса да, Қазақстан халқының өкіліміз. Мұны айта берудің өзі артық шығар. Елге жақсылық жасау деген ой біздің әрқайсымыздың әрдайым ойымызда болуы керек. Мысалды алыстан іздемей-ақ, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан, осыдан төрт жыл бұрын Украин жерінен сүйегі әкелінген қаратөбелік жерлесіміз Баянқожа Қабашевты немесе үш батыр қызымыз – Әлия, Мәншүк, Хиуазды Отанының патриоты ретінде үлгі етуге болады. Біз осындай жандардың жерлесі бола тұра, елімізді сүймеуге хақымыз жоқ. Нағыз қазақтарша айтқанда, патриот болу үшін «Жүрегіңді халқыңа бер, жаныңды Құдайға тапсыр, намысыңды өзіңе қалдыр».
Сәуле, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің студенті:
- Құрметті Хамза Әбдірахманұлы, адам баласына тән мінездің қандай қырларын бағалайсыз және кісіні қандай қасиетіне қарап сыйлайсыз?
Хамза САФИН:
- Уәдеге беріктік, еңбексүйгіштік, қызметіне адалдық және табандылықты бағалаймын. Міне, осындай қасиеттері бар адамдарды сыйлаймын.
Мұхтар БОҚАЕВ, Ақсай қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы, жазушы, шешен ұлтының өкілі:
- 1944 жылдан бастап күні бүгінге дейін қазақ жерінде өмір сүріп келемін. Қазақстанға келуімнің себебін айтайын. 1944 жылы, 23 ақпан күні шешен-ингуш халқын бір түнде тұрғызып, жылы төсектен, жылы үйден айдап шықты. Сыртта – 30 градус аяз еді. Бәрімізді бір алаңға жинады. Одан үш-төрт күн жаяулатып жол жүрдік. Өлгендер жолда шашылып қалды. Қалғандарымызды тауар таситын вагондарға тиеп, «Сен халық жауысың» деген айдар тағып, жат жерге айдаған болатын. Ол кезде мен бес жасар бала едім. Әкем және оның ағасы соғыста жүрді. Жол-жөнекей өлгені қалып келе жатқанда, екі халықтан тірі қалғандарының ат басын тіреп, тоқтаған жеріміз – қасиетті қазақ жері, қазақтың сайын даласы, қазақтың асқар таулары, Алатау мен Қаратау, Ұлытау тоғысқан жерлер екен. Сондықтан біз қазақ халқына, жеріне шаш етектен қарыздармыз. Екі ұлтты бірдей паналатып, қазір Кавказда екі республика болып күн кешіп отырған еліне аман-есен өргізген қазақ жері, қазақтың қонақжайлығы. Қазақтар көшіп келген кезімізде жалаңаштық, аштық, қайғыны бірдей көріп отырса да, бізге көмек қолын созды. НКВД оларға біздің халыққа жолауға қатаң тыйым салған болатын-ды. Соған қарамастан Сары деген қарт бізді паналату үшін қой қорасының жартысын бөліп берді. Сонда ол ел аяғы басылғасын, түн ішінде келіп, анама: «Менде үш сиыр бар. Соның бірін саған тапсырдым. Оны күндіз барып саума, түнде сауып, сүтін пайдалан. Үш балаң аман қалсын» деп ақ дәмін беріп отырған кездер болды. Осындай қайырымдылықты қалай ұмытарсың. Айта берсе, ондай мысалдар көп...
Григорий ТЕ, кәріс этномәдени бірлестігінің өкілі:
- Біріншіден, өңірдегі құрметті адамдардың қатарында болғаным үшін бүгінгі күніме алғыс айтамын. Өмірімнің сексен екінші жылында облыстық форумның төрінде отырғаным жанымды тебірентеді. Яғни осы өмірді текке сүрмеген екенмін. Адам жарық дүниеге артына із, болашақ ұрпағына өнеге қалдыру үшін келеді деп ойлаймын. Менің мамандығым – жол салушы. Бір кездері Сайқын, Жаңақала, Жаңақазан, Чапаев ауылдарының арасын жалғайтын жолдарды салғанымызды мақтан тұтамын. Оны салу кезінде ата-бабаларымыз жүрген керуен жолдарының сүрлеуін басты негізге алдық. Өйткені бұрынғы өткен бабалар жол салудың дұрыс бағыттарын білген. Қарамағымдағы қызметкерлермен бірге Орал қаласына да бөгеттер салдым. Қаламызда мен салған жолдармен жүріп көрмеген тұрғындар кемде-кем шығар. Сондықтан бұл қалада мен өзімді кішкентай ғана қожайын ретінде сезінетінім бар. Өйткені осы жерде өстім, маңдай терімді төгіп еңбек еттім. Бұл жер маған ыстық. Өзім үшін Орал қаласынан асқан шаһар жоқ. Жастарға мынаны айт-қым келеді. Адам қай жерде жұмыс жасаса да, немен айналысса да, сол жұмысты сүюі тиіс. Еңбегіңді өзге адам қайта өңдемейтіндей, таза атқару керек. Өмір тамаша және қызықты. Оның қызығы таусылмауы үшін барлық күш-жігерің мен біліміңді сарқып, өзіңнен кейінгілер үшін игілікті іс жасауың керек.
Василий БАЕВ, орыс этномәдени бірлестігінің өкілі:
- Мен Орал қаласында туып-өстім. Бүгінде осы жерде тұрамын. Қазақстанда тұрғанымды мақтан етемін. Жастарға мынаны айтқым келеді. Біз адамдарды әдемі сөздері үшін немесе ұлтына қарап бағаламаймыз. Біз үшін тұлға еңбегімен, оның адамдарға деген ақ пейіл қарым-қатынасымен бағалы. Адамға өмір қымбат. Ал өмір сүрген адам үшін білім қымбат. Білімдеріңді әрдайым жетілдіріңдер. Ол – баға жетпес капитал. Білім оңайлықпен келмейді. Бірақ қазіргі уақытта білім алу жолында еңбектенуден аянбаңдар. Адам білім жолындағы жеткен жетістігіне қай уақытта тоқмейілсіп тоқтаса, сол уақыттан бастап оның кері кеткені. Ақылды және іскер адам қай уақытта да сұранысқа ие. Мен математика пәнінің мұғалімі ретінде математикалық білімдеріңді жетілдіріңдер, ол сіздерге барлық уақытта пайдаға асады деп айтқым келеді.
Баршаңызға денсаулық пен бақыт тілеймін.
Қазақтың қара домбырасының шанағынан төгілген күй, мектеп оқушыларының ынтымақ, еңбек, елдік тақырыбындағы өлеңдері әдемі кештің көрігін одан әрмен қыздыра түсті. Ғибраты мол шара Камалиден Айтбаевтың орындауындағы «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
«Ән-дария – Илья аға» деген көлемді хабарда (Б.Қосжанұлы) сексеннің сеңгіріне шыққан, мерейтойы еліміздің жер-жерінде аталып өтіп жатқан әйгілі композитор, музыкатанушы, қаламгер, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Илья Жақановтың Чапаев ауылының қадірлі мейманы болғаны айтылады.
Қалың жұрт еңбегі алысқа мәлім Алаштың ардақты азаматын облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, аудан әкімі Әділ Жоламанов, өңіріміздің өнер, мәдениет шамшырақтарымен бірге ең алдымен Жұбан Молдағалиев ескерткіші жанында қошеметпен қарсылады.
...Жыр – Жұбан – Ақжайықтың ақберені,
Алашқа әйгі болған текті өлеңі.
Илья-Жұбан, Еділ-Жайық, егіз ұғым,
Ендеше, Илья аға, қош келеді! - деп ақын Сағынтай Бисенғалиев ашқан осы алаңдағы поэзия сағатында жырлары исі қазаққа ұран Жұбан Молдағалиев туралы шығармаларын оқыған ақындар Тілес Жазықбай, Үзілдік Елеубайқызы, Қадыр Мырза Әлінің «Жұбан рухымен сырласу» атты өлеңін оқыған Біржан Кухаев тура осы күні туғанына 96 жыл толған ақиық ақынның жарқын бейнесін жаңғыртты.
Өңіріміз шежіресіне мәңгілікке жазылар осындай күнмен жиналғандарды және ғұмырлы әндердің, жауһар мұраның иесін құттықтап, аудан әкімі Ә. Жоламанов сөз сөйледі.
– Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген Илья ағамыздың мерейтойы қуанышымызды еселей түсті. Ағамыздың Кеңес Одағы күркіреп тұрған уақытта еш тайсалмай «Мен қазақпын!» деп өткен Жұбағаңмен шығармашылық байланыста балып, Алаштың айбынын асырғанын біз ерекше мақтан тұтамыз, - деді ол.
– Осы заманның Махамбеті болған Жұбанның ел ішінде алар орны ерекше. Ол бізге рух сыйлады. Осы рухты қастерлеп, ақиық ақынның ескерткішін ауылдың қақ ортасына орнатқан ауданның басшы-қосшы азаматтарға алғыс айтып, басымды иемін, - деді И. Жақанов.
Осыдан кейін С. Бисенғалиев алдыңғы күні өткен дәстүрлі аудандық «Жұбан оқулары» байқауының жүлдегерлері Гүлханат Мұхитов, Дәурен Қуанышев, Гүлназ Патшағұлова, Назерке Мағзом сынды мектеп оқушыларына өзі жетекшілік ететін «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының мүшелік билеттерін табыстады.
Шара өнердегі рухани жан-дүниесі жарасқан Ж. Молдағалиев пен И. Жақановтың шығармашылық шабытынан туған «Еділ-Жайық» әніне арналған композицияның ашылуымен жалғасты. Илья аға мен облыс әкімінің орынбасарыБағдат Азбаевтың толқыны тайдай тулаған айдын төсіндегі қанатын жайған аққу бейнеленген бұл туындының ақ жамылғысын түсіруі талай жылдан бері бүкіл жұртымызды тебірентіп, сазы мен сөзі, әні мен өлеңі бір-біріне үйлесіп, қиюласып, айрықша мақтаныш сезімімен тербеп келе жатқан әннің ауыл төріне ескерткіш болып жайғасқанын әйгіледі.
Аудан әкімінің бастамасымен орнатылған бұл туындының авторы өз ауданымыздың түлегі – Асқар Отарғалиев. Мұнда Еділ деп еңіреген Қазтуған жырау мен Жайық деп жандасқан Махамбеттің ұлы арманы анық көрініс беріп, Еділ-Жайық бір арнада тоғысқандай, бірлік пен достыққа шақырып тұр. Композиция көңіліңді асқақтатып, шалқыған сезімнің ақ жауынына қарсы жүгіргендей боласың.
Үлкен аудан жұртының атынан Илья ағаға ақбоз ат мінгізілді. Ол және басқа да жиналғандар алаңға ондаған түп қарағай отырғызды.
Аудандық өлкетану мұражайында тума дарынға арналған бөлім ашылды. Мұнда оның кітаптары, оның еңбегін әйгілейтін жылдар жүзіндегі фотосуреттер, домбырасы, басқа да құнды дүниелер орналастырылған.
«Мерей» мәдени-демалыс орталығында «Сырлы жүрек пернесі» атты үлкен кездесу өтті.
Осында ұлы өнерге өлшеусіз олжа салып келе жатқан кесек тұлғаның халық арасында танымал «Асылым», «Жайлаукөл кештері», «Оралдың ерке самалы», «Жәмиланың әні», «Әселім», «Толағай», «Ағады Жайық», басқа да әндері, «Екі жирен», «Бірінші концерт» секілді әңгімелер жинағы, «Ықылас» романы, сондай-ақ Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Мәди, Естай, Әсет, Кенен сияқты аса дарынды өнер саңлақтарымен қатар Сүгір, Ақбала, Қайыпназар, Төлеген Момбеков, т.б. күйші-композиторлар туралы сүбелі еңбектері хақында керемет баяндалды. Ақын Сағынтай Бисенғалиев арнауын толғады.
Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, Жаңылсын Хасанова, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Жаскелең Ғайсағалиев, Еркін Өтегенов, Дария Бақытова, Венера Нұрғалиева композитордың әсем сазды әндерін шырқады. Әнуар Нұрғалиев пен Света Сұлтанова орындаған «Еділ-Жайық» әнімен мәреленген концерт И. Жақанов шығармашылығын ұлттық сарынымен, қоңыр бояуымен жүректерге жеткізді. Сылдыр қаққан бұлақ пен жусан исі аңқығандай... Олай болуы заңды да. Өйткені музыканы өміріне арқау еткен талантты жан бала жасынан дала әуеніне елтіп өсті. Оның шығармашылығынан үнемі табиғат-ананың құлаққа жағымды әуезді үні сезіліп тұратыны да сондықтан.
Облыс әкімінің орынбасары Б. Азбаев мерейтой иесіне облыс әкімі Алтай Көлгіновтің құттықтау хатын табыстап, аудан әкімі Ә. Жоламанов шапан кигізіп, жары Тиыш апаның иығына камзол жапты.
И. Жақанов осындай тамаша күн үшін баршаға жүрекжарды алғысын арнады. Ол өзі сүйіп оқитын авторлардың 20-ға тарта кітабын орталықтандырылған кітапханаға сыйлады.
«Еңбекпен есейген» деген мақалада (Т.Жазықбай) еңбек ардагері Ғ.Хаймулдин жөнінде баяндалады. Балалық шағын соғыстың от-жалыны ораған Ғазиз Хаймулдиннің өмір жолы – еңбек жолы. Талай қиындық көрді. Құмаршықтың да дәмін татты. Бірде аш, бірде тоқ бола жүріп, 1944 жылы Орда ауданының Талап ауылында алғаш мектеп табалдырығын аттады.
Әкесі Усағали қалың құм ішінде жылқы бақты. Одан шашау шығарған жоқ. Себебі соғыс заңы өте қатал. Кезегінде семіз, әлді жылқыларды майдан үшін Басқұншаққа, теміржолға айдап апарып тапсыратын. Одан әрі соғыс қажетіне жұмсалды. Әке тәрбиесінің алғашқы шешімі де бала Ғазиздың көкірегіне орнай бастады. Ол қоғамшыл, адал кісі болатын. Анасы Үлпеш те үйде отырған жоқ. Ол да ел үшін еңбегін аямады, шөп шапты, егін орды, майданға азық-түлік қамдады, дала қосында аспазшы болды. Сөйтіп, бейнет бастан асатын. 7-8 жастағы балалар да осы шаруаның шылбырына оралып, шыбыртқымен өгіз айдады. Үлкендердің атқаратын жұмысын да ауыр санамады. Осының бәрі соғыс кезінің балаларын сынады. Өмірдің өзі отаншылдыққа, туған жерге адалдық тұғырына баурады.
1952 жылы Нарын құмында Капустин Яр сынақ айлағы ашылғандықтан, мұндағы ұжымшарлар таратылып, мал-жан Чапаев, Жымпиты, Фурманов аудандарына, Қазақстанның оңтүстік облыстарына дейін көшірілді. Туған жерді қимастық сезім қанша мазаласа да, Мәскеудің жарлығына ешкім қарсы тұра алмады. Сөйтіп, халқы көшкен аймақ әскерилердің құзырына берілді. Олар Чапаев ауданына келді. Жас жігіт ауылдағы шаруаға білек сыбана кірісті. «Коммунизм» ұжымшарында жұ-мысшы болды. Қой бақты, құдық қазды, қора тұрғызды, қырман көтерді. Әйтеуір, «Мынау менің қолым емес» деп айтпады. Осындай тындырымды азамат ел көзіне бірден ілікті. Білім алуды да кейінге қалдырмады. 1957 жылы Саратов мемлекеттік малдәрігерлік-зоотехникалық институтына түсіп, оны ойдағыдай бітірді. Сөйтіп, ол облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жолдамасымен Тайпақ ауданының «Есенсай» кеңшарына бас ма-ман болып келді.
Қашанда еңбекке ынтасы жоғары жанның үлкен шаруаның тізгінін ұстауы да мансапқа ұмтылыс емес, мақсатқа ықыластың ажарын ашты. Еңбек адамдарымен амандасудан бастап, қоштасуға дейінгі аралықты тек шаруа жайын сөз еткеннен гөрі, қатардағы жанның күйініш-сүйінішіне көңіл бөліп, оның қол жеткені мен қол жетпегенін талдап, таразылап алғанды жөн санады. Олардың барына разы, жоғына жоқшысы болуды жөн көрді. Сөйтіп, еңбек адамының көңілінен шығуды уақытша деп қарамай, өмірлік жол тұтты. Мұнысы көп кешікпей өзін ақтады. Себебі сенім білдіріп, айтқан уәдеңді жұтпасаң, саған да сенетіндер қатары көбейеді екен. Осылай Ғазақаң алғашқы тәжі-рибесін еңбек адамдарымен бөлісті.
- Есенсайда ол кезде партком хатшысы Мәди Мусин еді. Ауыл шаруашылығының мықты маманы болатын. Төрт түліктің жайын жетік білді. Жаз жайлау, қыс қыстау сияқты малшының қамы мен мал қамы ол үшін әр кез биік тұратын. Малды асылдандырудың шығыны мен берер «шырынын» ауызша есептеп беретін тамыршыдай тапқырлығы қызықтырды. Егіннің жайын да жақсы болжайды. Жердің өңіне қарап, шығымының шамасын айтатын, - дейді ол туралы Ғазиз ағамыз.
Тайпақ ауданында көп жыл аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болған, ардагер ұстаз Мағаз Бекқайыров төмендегідей ой білдіреді.
- Ғазиз кейін Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, Құрмет белгісі ордендерін алды. 1980-1985 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Осының бәрі оның ұйымдастырушылық қабілетін, осы бағыттағы еңбегінің жемісін ұқтырады. Кезінде Азынабай-Тайпақ суландыру жүйесінің іске қосылуы, Тайпақ ауданына көгілдір отынның жүргізілуі, Калмыковта (қазіргі Тайпақ ауылы) жаңа кәсіптік-техникалық оқу орнының бой көтеруі, үлкен аурухананың салынуы, еңселі мәдениет үйінің қатарға қосылуы сынды аудан өмірі үшін ең өзекті буындардың басы-қасында жүрді. Демек, осының бәрінде замандасымның ерен еңбегі бар.
Осындай атқарылған оң істерді, жарқын жаңалықты білетін ағамыздың замандастары мен өкшелес іні-қарындасы аз емес. Жақсыны жақсы деу де парыз.
- Басында «Есенсай» кеңшарына зоотехник, кейін директор болған іскер басшы Ғазиз ағамыздың еңбегін араласа жүріп көрдік. Көп оқитын, тәжірибе жинайтын. Кеңшардың малын асылдандыруды бірден қолға алды. Мал басын іріктеді. Бұрын аралас жүретін қойдың да қаракөлін бір бөлек, биязы жүнді қойды бір бөлек жинақтады. Қой тоғытуды жеңілдету үшін жартылай механикаландырылған орын салынды. Мал бордақылау алаңдары іске қосылды. Шаруашылықта республикада тұңғыштың бірі болған комсомол жастардың қой өсіруші бригадасы ұйымдастырылды. Соның бір мүшесі – мен. Арамыздан Райхан Мамаева сияқты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты шықты, - дейді есенсайлық еңбек ардагері Ақаташ Қуанышова. Азаматтың еңбек жолы еш болған жоқ. Жастарды ел басқару ісіне тартты, жол көрсетті. Олар: Нұрлан Бекқайыр, Серікқали Бақманов, Уәли Құбашев, Ғиззат Ихсан, Мәлік Ілиясов, Аманжол Сәлімов, Күләш Өтеулі, Назым Қуанышова, Қамбар Досмұханбетов, Боранбай Қыдырғожин сияқты аға тәрбиесін жалғастырып келе жатқан еліне танымал жандар.
Оның Тайпақ ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Тайпақ ауданы атқару комитетінің төрағасы, облыстағы кейбір жетекші салаларда үлгілі қызмет еткені де жадымызда. Бүгінде ол сексен жасқа толып отыр. Ақкенже апамыз екеуі ұрпақ өсірді. Оларға кемел тәрбие берді.
«Арбаның» жай-күйімен танысты» деген ақпаратта Орал қаласындағы «Арба» қоғамдық бірлестігінде «Болашаққа көзқарас» атты шара өткені хабарланған. Оған облыстық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы билік пен этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.
Қайырымдылық айлығы аясында өткен шарада Гүлжан Бижанова «Еркем-ай» әнін домбыраның сүйемелдеуімен орындап берді. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі жандардан құрылған ансамбльге жетекшілік ететін Асқар Жұмағалиев, музыкалық аспаптардың жеткіліксіз және сахналық киімдердің тапшылық ететіні жайлы айтып, жуырда Атырау қаласында өтетін байқауға дайындалып жатқанын тілге тиек етті.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев, облыстық мәслихаттағы «Ынтымақ» депутаттық тобының жетекшісі Максим Пак, облыстық мәслихат депутаты Аветик Амирханян, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов бірлестіктің компьютерлік бөлмесін, тігін цехын, шеберханасы мен массаж бөлмелерін көріп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
«Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова әлі күнге шешілмей келе жатқан мәселелерге тоқталды. «Қазіргі күнде I, II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру өзекті мәселеге айналып отыр. Көбінесе мүмкіндігі шектеулі жандардың «Арба» қоғамдық бірлестігінің кеңсесіне жетуі физикалық тұрғыда қиынға соғады. Жүзі жылы жандар келіп, ешқандай ақысыз көмектесіп тұратынын айта кету керек. Тігін цехында жасайтын қыздарымыз құлшына жұмыс жасап жүр. Бірақ тапсырыстың аздығы – үлкен мәселе. Болашақта қоғамға пайдамызды тигізуге барымызды саламыз», - деді ол кездесу барысында.
Төрайымның бұл ұсынысына құлақ асқан халық қалаулылары қолдарынан келгенінше көмек көрсетілетінін айтты.
- «Қайырымдылық» жобасы аясында біз, депутаттар тобы «Арба» қоғамдық бірлестігіне келіп, қазіргі таңда олардың алдында қандай мәселелер тұрғандығына көз жеткізуді жөн санадық. Негізінен біздер бұрыннан да жақсы қарым-қатынастамыз. Қолымыздан келген көмекті көрсетуге әрдайым дайынбыз, - дейді «Ынтымақ» депутаттық тобының жетекшісі Максим Пак.
Шара соңында дәрігер Виталий Ан «Арба» қоғамдық бірлестігіне қысқа толқынды пешті сыйға тартты.
«Бірыңғай белгі тағылмақ» деген хабарда (А.Өтебәлі) «ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» РММ қызметкерлерінің «Даму» қорының аймақтық филиалының ғимаратында техникалық реттеу және метрология мәселелері бойынша аймақтық штаб отырысын өткізгені мәлім етілген.
Отырысқа облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлері мен құрылыс саласының мамандары, асыл тасты және қымбат бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын кәсіпкерлер қатысты. Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментінің директоры Салтанат Қамешева жүргізген шара барысында ағымдағы жылдың 14 қаңтарында қа-былданған «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» ҚР Заңының талаптары түсіндірілді. Жиын барысында асыл тастар мен қымбат бағалы зергерлік бұйымдар саласындағы өзгерістер слайдтар арқылы көрсетілді. Мысалы, өткен жылы бағалы металдар мен асыл тастарды пайдалану және оны тарату бойынша арнайы заң болмаса, биыл «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бұрын бағалы металдар мен асыл тастарға сараптаманы тек қана «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ ғана жасаған болса, енді жаңа заң бойынша оларға сараптама жасауға бәсекеге қабілетті ортаның басқа да қатысушыларының құқы бар. Бұрындары асыл тастан және қымбат металдан жасалған зергерлік бұйымдарда оны өндірушілердің белгісін, бұйымдардың пробасын тағу міндеттелмейтін. Бүгінде жаңа заңға сәйкес мұндай қымбат зергерлік бұйымдарға өндірушінің белгісі мен бұйымдардың пробасы міндетті түрде салынуы керек. Бұл ретте Қазақстан Республикасы бойынша бірыңғай проба (единая пробирная клейма) белгіленді. Сондай-ақ биыл ЕАЭО аумағындағы ішкі нарықта асыл тастан және қымбат металдан жасалған зергерлік бұйымдарға қатысты операциялардың ерекшелігі жөніндегі келісім жобасы жасақталды. Енді ЕАЭО құрамына кіретін елдердің өкілдері асыл тастан және қымбат металдан жасалған зергерлік бұйымдарға қатысты операцияларды осы жоба бойынша жасайтын болады. Салтанат Қамешеваның сөзінше, осы шаралардың барлығы да зергерлік бұйымдар нарығын реттеу мақсатында және өз ісіне адал, тәртіп бұзбайтын кәсіпкерлерді қолдау үшін ұйымдастырылған.
Бұдан кейін «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры Айман Удишева сөйлеп, Кеден Одағының «Автомобиль жолдарының қауіпсіздігі» техникалық регламентінің талаптарын түсіндірсе, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолда-ры басқармасының бөлім басшысы Медет Шақаев аталмыш талаптардың сақталуын қадағалау жөнінде өз ұсыныс-пікірін жеткізді.
Газеттің 11 қазан күнгі санында «Үш шаһарда өткен велошеру» деген ақпаратта ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 игі іс» акциясы аясында «Bolashak Bike Ride» атты қалалық велошеру өткені хабарланған. Оған «Болашақ» халықаралық оқу бағдарламасының түлектері мен қала тұрғындарынан еріктілер, спортшылар, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Бұқаралық спорттық шара сол күні «Болашақ» қауымдастығының мұрындық болуымен Алматы және Шымкент қалаларында да ұйымдастырылды. Жобаға «Нұрбанк» АҚ демеушілік жасады.
Орал қаласында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дан басталған велошеру «Ақжайық» футбол клубының стадионында мәреге жетті. Жүздеген шабандозды біріктірген велокеруен қала ішінде 10 шақырымнан астам жол жүріп өтті. Кейін стадионда велошеру құрметіне салтанатты шара басталып, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі, Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев пен «Болашақ» қоғамдық қорының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Салтанат Тұманбаева сөз сөйледі. Олар ел еншісіне тиген егемендіктің елеулі мерейтойы аталып өтілетін жылда жаңа спорттық нысандар көптеп қолданысқа беріліп жатқанын айтты. Сондайақ сахнада Рио олимпиадасына қатысқан жерлесіміз Алексей Дергунов та лебіз білдірді. Стадионда велошеруге қатысқандар арасында ұтыс ойыны ұйымдастырылып, бағы жанғандар су жаңа велосипедке ие болды. Айта кетерлігі, «Болашақ» қауымдастығының құрылғанына 15 жыл толып отыр. Биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясының 700 иегері шетелде білім алмақ.
«Жасыл желек молайды» деген ақпаратта (Т.Әнуарұлы) Орал қаласындағы Достық үйі мен жаңа алаң маңында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай көгалдандыру акциясының аясында 250-ден астам көшет отырғызылғаны паш етілген.
Көшеттерді отырғызуға этномәдени бірлестіктері өкілдері, ардагерлер, жастар, мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері қатысты.
“Жайық таза қала” ЖШС басшысының орынбасары Әбілқайыр Әмірбаевтың айтуынша, бұл күні жаңа алаңда 98 жалпақ жапырақты ағаштың көшеті, Достық үйінің айналасына 45 шырша ағашы мен басқа да тал-теректер егілді. Жалпы, бүгінгі шарамызда 250 көшет отырғызылу көзделуде, - деді ол.
Шаһарымызға жеткен “Экспедиция-25” тобының мүшелеріне де акцияға үн қосу бұйырыпты. Айта кетейік, Қазақстанның әр өңірінен журналистер мен блогерлер құрамына енген бұл экспедиция тобы Тәуелсіздік тойына орай Елордамыз Астана қаласынан аттанған болатын. Жоба жетекшісі Әділет Есекеевтің сөзіне қарағанда, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына орай «Хабар» телеарнасы Қазақ географиялық қоғамы мен «Арша Медиа» студиясымен бірлесіп ұйымдастырған экспедиция құрамына еліміздің әр өңірінен журналистер мен әлеуметтік желі белсенділері енгізілген.
Бұл өзіндік реалити-шоуға саяхатқа құмар кез келген адам қосыла алады. Басты мақсат - қазақстандықтарға еліміз табиғатының ғажайып көріністерін, қалалардағы қайталанбас сәулет және тарих ескерткіштерін көрсету, тың деректерді жинастырып, таныстыру. Осымен үш өңірде болған экспедиция 108 күн ішінде Қазақстанның барлық қалаларын аралап өтпекші. Аутожорықтың жалпы ұзындығы - 25 мың шақырым. Экспедиция мәреге жеткеннен кейін көрме ұйымдастырылып, оған әр өңірден ең әдемі де көрнекті жерлер түсірілген 25 фотосуреттен қойылатын болады.
Қала тұрғындарымен бірге көгалдандыру шарасына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов экспедиция мүшелерімен емен-жарқын әңгімелесіп, оларға ақ жол тіледі. «Сіздер Оралға сапарларыңызды осындай маңызды шарамен бастадыңыздар. «Атаңнан мал қалмаса да, тал қалсын» деп бабаларымыз айтқанындай, қаламыз бен ауылдарымыз жасыл желекке оранып, көркейе берсе, одан бәріміз де ұтамыз.
Қазақстанның басты байлығы да - тәуелсіздігіміз бен ел бірлігі. Ел егемендігін баянды етуге үлес қосу - бәріміздің абыройлы борышымыз. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай бүгін егілген тал-терек ертең жайқалатын болады», - деді әкім.
- Қаламыз әуелден жасыл желекке жомарт шаһар екені баршаға белгілі. Қаламызды одан әрі көркейту үшін біз бүгін жұдырықтай жұмылып, тал-терек егу шарасына қатысып отырмыз. Өңірдегі барлық ұлттың басын қосып отырған ортақ шаңырағымыз – Достық үйінің айналасы көктемде жасыл желекпен жайнай түсуі үшін көшеттерді отырғызуға шықтық, - дейді Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, “Вайнах” шешен-ұңғыш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов.
Айта кетейік, облыстағы күзгі абаттандыру айлығы аясында 50 мың ағаш отырғызылады деп жоспарлануда.
«Былтыр бір директор, бір меңгеруші шаталды» деген ақпаратқа (С.Ихсанғали) «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын» іске асыру бойынша Жол картасының орындалуы туралы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі қоғамдық кеңес және партиялық бақылау комиссиясының біріккен отырысы өткені арқау етілген.
Басқосуда Орал қалалық білім беру бөлімінің ағымдағы жылдың 9 айында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және білім саласында парақорлық жағдаяттарын болдырмау жөніндегі хабарлама тыңдалды. Отырысты ашқан комиссия төрағасы, Орал қалалық газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты Серік Мұхамбетәлиев сөз кезегін қалалық білім бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратоваға берді.
Хабарламашының айтуынша, бөлімде күн тәртібіндегі мәселе бойынша белгілі бір жұмыстар тындырылып келеді. Арнайы бекітілген жоспар негізінде ұжым ішінде сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа қарсы заңдылықты түсіндіруге арналған сабақтар өтуде. Барлық мектеп, мектептен тыс және оған дейінгі мекемелерде, оқушылар арасында тақырыптық кездесулер, сурет сайыстары және басқа шаралар өткізіледі. Осы жылдың сәуірінде мектеп директорларының қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру жөнінде семинар өтті. Ағымдағы жылдың тоғыз айында мемлекеттік қызмет көрсету және сатып алу жұмысының барысында білім беру бөлімінде жемқорлық жағдаяттары кездескен жоқ. 2016 жылдың сәуір, мамыр айларында жекелеген мектеп директоры ауыстырылды және аталмыш жұмыс әлі де жалғасын табуы тиіс. Алайда мұның бәрінен бөлім мүлдем олқылықтан ада деген ұғым тумауы керек. Былтыр №45 орта мектептің бұрынғы директоры пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, зор мөлшерде айыппұл төлеп құтылды. №20 балабақшаның бұрынғы меңгерушісінің мемлекет қаржысын жымқырғаны анықталып, жазаланды.
Серік Хайырұлы жемқорлық сынды кеселге төзімсіздік ахуалын қалыптастырудың маңызын атап өтті және Ж. Төремұратованың жұмысына оң баға берді. Бақылау комиссиясының мүшелері, «Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері қауымдастығының» төрайымы, Орал қалалық мәслихатының депутаты Әлия Сәлиева, «Қазақтелеком» АҚ облыстық телекоммуникация директорының орынбасары Владимир Ткачев та хабарламаны мақұлдады.
«Қарасораны өртеді» деген ақпаратта Зеленов ауданының Дариян ауылы маңында екі мың түпке тарта қарасора және 132 келі кептірілмеген марихуана өртелгені хабарланған. Бұл шара облыстық ішкі істер департаменті басшылығымен және есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының, тергеу, анықтау салаларының және облыстық прокуратура қызметкерлерінен құралған комиссияның, БАҚ өкілдерінің қатысымен іске асты.
Қыркүйек айының 24-інде Зеленов ауданының Шолпан ауылынан бірнеше шақырым жерде Жайық өзенінің жағалауындағы орман алқабынан бірнеше қашықтықта БҚО ІІД-ның есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері заңсыз қарасора өсірумен айналысқан үш азаматты анықтап, қолға түсірген болатын. Олар Қызылорда қаласының 1951 және 1962 жылы туылған, Орал қаласының 1964 жылы туылған П. есімді тұрғындары болып шықты.
Тексеру кезінде полиция қызметкерлері 1965 түп қарасора және 132 келіден астам марихуана есірткі затын тәркіледі. Сонымен қатар тергеп-тексеру барысында күдіктілерден қарасораны өсіруге арналған құрал-саймандар тәркіленді. Сараптамашылардың пікірінше, тәркіленген есірткі заттардың құны, түптерді санамағанда 50 миллионнан астам теңгені құрайды.
Қазір есірткі жасаушылар Орал қалалық ІІБ-ның уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-ның 300-бабы 2-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
«Жылыту маусымына дайынбыз ба?» деген ақпаратта қыс кезінде көгілдір отынды пайдалануда сақтық керек екендігі ескертіледі.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің деректері бойынша соңғы үш жылда газдан уланған, газ жабдықтарының жарылуы мен ақаулы болуынан 318 адам зардап шегіп, оның 82-сі қаза тапты. Қазақстанда аптасына екі рет газбен байланысты төтенше жағдай орын алады, оның әрбір үшіншісі адам өлімімен аяқталады.
Бұл қасіреттің себебі неде, қандай жағымсыз жағдайлар көгілдір отынмен байланысты болуы мүмкін, осындай төтенше жағдайлардан қалай құтылуға болады?
Жеке секторлардың тұрғындары үшін ең қауіптісі - газдың өзінің де, оның өнімдерінің де толық жанбай шығып кетуі болып табылады. Соңғысының иісі болмайды және ол тұрғын үйге өте тез тарап, қандағы гемоглобинге байланысты адам ағзасына бірден әсер ете бастайды. Оны сезу мүмкін емес, сондықтан халық оны «тілсіз жау» деп атайды. Уланудың салдары – ауыр жүйке жүйелері мен тыныс алу жолдары ауруларына әкеп соқтырады, ал дер кезінде жәрдем көрсетпеу - өліммен аяқталады. Осындай уланулардан бүкіл отбасы опат болатын жағдайлар өте жиі кездеседі.
Көппәтерлі үйлерде табиғи газбен байланысты төтенше жағдайлардың жиі болу себебі – газдың шығып тұруы, ол өрттің шығуына, жарылыс пен улануға әкеп соғады.
Жоғарыда сипатталған қауіп-қатерді болдырмау үшін барлық газ аспаптарын дұрыс қолдану қажет, өйткені оларды тиісті дәрежеде қолданбағанда, газдың шығып тұру себебі байқалмайды. Бірнеше міндетті ережелері бар:
1. Барлық газ жабдықтарын сертификатталған жеткізушілердің мамандандырылған дүкендерінен ғана сатып алу керек.
2. Барлық газ жабдықтарын монтаждау, газ құралдарына жүргізілетін болмашы жөндеу жұмыстарын коммуналдық газ қызметінің бақылауымен тек мамандар ғана жүзеге асырады.
3. Жылына ең аз дегенде екі рет мұржа мен желдеткіштердің жай-күйін тексеру, түтіннің тартылуын қамтамасыз ету үшін оларды тазарту қажет.
4. Дабыл беретін заманауи техника бар. Сондықтан қауіпсіздік автоматикасымен басқарылатын газбен жылыту аспабын орнату қажет, бұдан басқа табиғи және тұншықтырғыш газ иісінің шығып тұруын тоқтататын және белгі беретін құрылғылары бар жылытқыш пештердің конструкциясымен қамтамасыз еткен жөн. Түтіннің тартпауы немесе иісті газ белгілері пайда болған жағдайда пеш жабдықтарының автоматты түрде ажыратылуына және қатты дабыл беруіне мүмкіндік береді. Бұл – қауіп-қатерден құтылуға мүмкіндік беретін жалғыз кепілдік. Мұндай жабдықтар бағасы жағынан қолжетімді және маманданды-рылған дүкендерде сатылады.
Құны жағынан арзан, бірақ сапасыз техниканы өз бетімен қосу немесе орнату, бұл, әсіресе, жылыту және су ысыту жүйелеріне байланысты үлкен қауіпке әкеп соқтыруы мүмкін. Газдың шығуы, түтіннің тартпауы, жарылыс қаупі және көптеген басқа жағдайлар газ аспаптарын қосу кезіндегі өзіндік әрекеттің нәтижесі болуы мүмкін.
Бұрын газ жабдықтарына қызмет көрсететін слесарь-бақылаушылар жылына екі рет үйлер мен пәтерлерді аралап, мұржа мен желдеткіш арналарының жай-күйін тексеретін, сондай-ақ тұрмыста газды қауіпсіз қолдануды қадағалайтын, ал бүгінгі күні бұл функциялар бәсекелестік ортаға тапсырылған және толықтай үй иелерінің жауапкершілігінде. Сондықтан жеке басының қауіпсіздігін сақтау мақсатында өз бетінше қызмет көрсетуге арналған шарт жасасу немесе мұны ПИК-тен (пәтер иелерінің кооперативтері) талап етуі қажет.
Жылыту кезеңінің басталуына да аз уақыт қалды. Сондықтан жазда осыны істеп үлгермегендер үшін үйдегі газ жабдық-тарына, түтін тартқыштар мен желдеткіштерге толық профилактика жасайтын, дабыл беру жүйесін орнататын кез келді. Қауіп-қатерді елемеу, ақыр аяғында адам үшін ең қымбаты – өз өмірін қиюға әкеп соқтыратынын естен шығармаңыз!
«Талпақ танаудан табыс тапқан» (Н.Оразаев) деген мақалада шошқа шаруашылығын дамыту мәселесі сөз болады.
Осыдан біразырақ бұрын Бөрлі ауданында болған іссапар барысында «Ақсай астық өнімдері комбинаты» ЖШС-ында болып, кәсіпорынның бүгінгі жайымен танысқан едік. Аталмыш комбинат мал шаруашылығына арналған құрама жем және шошқа етін өндіретін өңіріміздегі ірі кәсіпорын саналады.
Бүгінде Роман Герасимчук басшылық ететін комбинаттың іргетасы сонау тоқсаныншы жылдары қаланған. Алғашында астық өнімдерін өңдеген кәсіпорын кейін заман ағымына байланысты өндіріс бағытын бірнеше мәрте өзгерткен. Мүйізді ірі қараға, шошқаға және үй құстарына арналған құрама жем шығаратын зауыт тәулігіне 420 тонна жем өндіруге қауқарлы. Күні бүгін кәсіпорын жүздеген адамды жұмыспен қамтып отыр.
Шошқа өсіретін орында болғанымызда, комбинаттың өндіріс жөніндегі басшысы Омар Ширавов бізге комбинаттың тыныс-тіршілігі турасында жан-жақты баяндап берді.
- Бұл комбинатта көп жылдан бері жұмыс жасаймын. Осы жерде өңірдің шошқа етіне сұранысының 90 пайызы өндіріледі. Комбинатта бір маусымда бес мыңға жуық шошқа өсіріліп, жылына 10 мың бас сойылады. Комбинатта бір жыл ішінде орташа есеппен 50 тонна ет өндіреді. Негізінен тәулігіне 30-35 бас шошқа сойылып, жөнелтілуде. Шошқаны сырттан сатып алмаймыз. Барлық өсіп-өну үрдісі осы жерде жүреді. Комбинатта 500 басқа жуық аналық мегежін бар. Оларды қолдан ұрықтандыру арқылы торайлар аламыз. Торайлар 28 күнге дейін мегежіндердің қасында болады. Содан соң 80 күнге дейін бөлек орында бағылады. Кейін торайларға 120 күн толғанша алғашқы бордақылау алаңында жемделеді. Сосын екі ай мерзімге Пугачев ауылында орналасқан бордақылау алаңына жөнелтіледі. Туғаннан бастап 180 күн немесе 6 ай уақыт өткенде шошқалар сойылады. Комбинат жанында еттің сапасын бақылайтын зертхана да бар. Өндірілген етті нарыққа шығаруда еш қиындық жоқ. Ресейдің Саратов, Самара, Орынбор облыстарынан да сұраныс тұрақты. Болашақта тек шошқа ғана емес, ірі қара өсіру де жоспарымызда бар, - дейді Омар Ширавов.
Осы автордың «Орал өңірі» оқырмандар көзімен» деген жазбасында газетке жазылу мәселесі сөз болады.
Осыдан біразырақ күн бұрын облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында болып, оқырмандармен кездесу өткізді.
Бөрлі ауданындағы іссапар барысында басылымның бас редакторы Ақсай қаласындағы №6 жалпы орта білім беретін мектебі ұжымымен кездесу өткізіп, бірқатар өндіріс нысандарын аралап, Пугачев ауылдық округінде болды.
Газет оқырмандарымен өткен кездесулерде Б. Ғұбайдуллин ғасырға аяқ басқан басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып өтті. Сонымен қатар қоғамда орын алған келеңсіз оқиғалар, олардың алдын алу мақсатындағы басылым беттеріндегі жарияланған мақалалар, жаңадан ашылған арнаулы беттердің мұрат-мақсатына тоқталып, редакцияның алдағы жоспарларымен бөлісті.
Емен-жарқын өткен басқосуларда газет оқырмандары көкейлеріндегі сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін айтты. Ақсай қаласындағы №6 жалпы орта білім беретін мектепте өткен кездесуде мұғалімдер қауымы балауса бойжеткендер мен бозбала-ларға, әсіресе, мектеп бітірушілерге рухани және кәсіби бағыт-бағдар берер мақала-материалдар жиі жарияланса деген пікір білдірді. Сонымен қатар отандық ақын-жазушылардың тағылымы мол шығармалары мен олардың сыр-сұхбатын жиірек оқы-сақ деген тілек те айтылды.
Шыңғырлау ауданында жалғасын тапқан іссапар жаңарған орталық саябақты, құрылысы аяқталып, жақында пайдалануға бе-рілетін 290 орындық «Болашақ» бөбекжайын, мемлекеттік бағдарлама аясында іске қосылған өндіріс нысандарын аралаудан басталды.
Аудан орталығындағы «Нұр Отан» партиясы ғимаратында және Ақбұлақ ауылдық округінде өткен тұрғын-дармен кездесуде де бірқатар өзекті мәселелер жайы сөз болды. Басқосуда айтылған оқырманның ойын, ұсыныс-пікірлерін санамызға түйіп, қойын кітапшамызға түртіп алған болатынбыз. Солардың бірқатарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Сабыр СӘМИЕВ, Шыңғырлау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Өз басым «Орал өңірін» үзбей оқитын, тұрақты жаздырып алатын оқырманның бірімін. Сіздердің мерейтой қарсаңында ауылға келген сапарларыңызға сәттілік тілеймін. Облыстық басылым сан алуан тақырыпты көтереді, көпшілік үшін қажетті ақпараттарды ұсынып отырады, яғни біздің рухани сұранысымызды өтейді. «Орал өңірі» бір жағынан тәрбие мектебі, өнеге таратушы әрі кем-кетікті түзеуге де бағыт беріп, ақыл қосады. Сондықтан да біз бір ғасырлық бай тарихы бар газеттің қоғамдық мән-маңызын жоғары бағалаймыз. Өзекті мәселе тақырыбындағы оқырманға ой салар мақалаларыңыз көбейе берсін. Еңбектеріңізге жеміс тілеймін!
Темір ЖАНТАСОВ, зейнеткер:
- Облыстық басылымның көп жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Соңғы жылдары газеттің безендірілуі, тақырыптық мазмұны өте жоғары дәрежеде деп санаймын. Айтарым – еліміздің, өңіріміздің, қала берді ауыл-аймағымыздың өсіп-өркендеп, бүгінгідей дәрежеге жетуі жолында тер төккен еңбек майталмандарының өмір жолдары, атқарған істері көбірек жазылса, өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор болар еді. Жалпы, жарасты отбасы, ұрпақ тәрбиесі, діни теріс ағымдардан аулақ болу туралы жазылған мақалаларды көп оқимын. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі ширата түсу керек деп есептеймін.
Ғайса ҚАНАФИН, еңбек ардагері:
- Менің айтпағым, қарапайым ауыл халқын қымбатшылық қысып барады. Сауда орындарындағы азық-түлік бағасы ша-рықтап тұр. Ең аяғы күнделікті тұтынатын нан бағасының өзі жүз теңгеден асып барады. Алып-сатарлық кең етек алды. Бір орыннан сатып алған затты екінші жерге апарып басқа бағамен сату әбден үрдіске айналды. Осыны бақылайтын құзыретті орындар бола ма? Баға қашан тұрақтанбақ?
Бақытжан САПАРОВ, зейнеткер:
- Қазақта бала басты тәрбиені алтын діңгек қара шаңырақтан алады деген қасиетті ұғым бар. Сондықтан қара шаңырақтың қасиеті туралы көбірек жазсаңыздар екен. Өзінің шыққан тегін, қара шаңырағы, жеті атасын санасына сіңіріп өскен баладан болашақта дұрыс адам қалыптасады деп ойлаймын. Сондай-ақ қазіргі қоғамда жастардың негізінен кемшілік жағын айту қалыптасқан. Ал олардың жеткен жетістіктері жиірек насихатталса, құба-құп. Осы бағытта да біраз жұмыстану керек сияқты. Аз да болса, жастардың алған асуын, бағындырған биігін жариялап отырсақ, бұл өзге өрімдей жастарға керім үлгі емес пе?!
Айзада ЗЕЙНУЛЛИНА, жас маман:
- «Орал өңірі» газетінен бір-бірінен айырмашылығы шамалы ағымдағы жиналыстардан гөрі, өмірде болған оқиғалар туралы көбірек оқығымыз келеді. Соңғы жылдары осы бағыттағы мақалалар сиреп кеткендей... Өмірдің қыр-сырынан мол мағлұмат беретін аға-апаларымыздың мазмұнды естеліктері жиірек жарық көрсе, жастарға үлгі-өнеге берер еді.
Баян ДӘУЛЕТҚАЛИЕВА, кітапханашы, Ақбұлақ ауылдық округі, Тасмола ауылы:
- «Орал өңірінің» бас редакторының өзі алыс аудан, шалғай ауылдарға барып, жергілікті оқырмандармен жиі кездесетіндігін газеттен оқыған сайын, «Апырым-ай, бұл кісінің біздің ауылға жолы түспей қойды-ау...» деп жүретінмін, жақсы келдіңіз. Менің алдымен айтпағым, біздің ауылға шағын да болса, мәдениет үйі керек. Наурыз мейрамы, Құрбан айт, Жеңіс күні, Жаңа жыл секілді мерекелерде ауылымыздың үлкен-кішісі болып бас қосатын ортақ шаңырақ жоқ. Кей ауылдарда мектеп оқушылары мен ауыл жастары мереке-мейрамдарда концерт қойып, би кешін өткізіп, мәре-сәре болып жатады. Ал бізде ауылымыздың кешін көңілді қылатын ондай мүмкіндік жоқ. Сізбен кездесіп отырған бүгінгідей жиналыстың өзінде ауылдың кәрі-жасы аядай мектепке келіп тығыламыз. Осыны жоғары жаққа жеткізгейсіз...
Самиғолла ӨРЖАНОВ, Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі, Шыңғырлау ауданы:
- Тасмола ауылына клуб керектігінен ауданның жаңа басшысы хабардар. Таяу болашақта қаржының ыңғайына қарай кө-рерміз деген. Бір ыңғайы келгенде тағы есіне салармын.
«Орал өңірі» газеті осыдан екі-үш жыл бұрын Ресеймен шекаралас аудан-ауылдардың мәселесін көтеріп, біраз мақала жа-риялап еді. Ол материалдарда ел шетіндегі елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық ахуалына қоса, демография мәселесі де орынды қозғалған-ды. Бүгіндері біраз ауыл көгілдір отын мен таза судың игілігін көріп отыр. Осындай игіліктен біздің ауыл да шет қалған жоқ. 2012 жылы ауылымызға табиғи газ келсе, ендігі жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша сапалы ауыз су жетпек. Алайда осындай жақсылықтарға қарамастан жастардың ауылдық жерлерден үдере көшуі ойландырады. Ал шекараға таяу аумақты ел-жұртсыз қалдырмау жөнінде Елбасы талай айтты емес пе?..
«Таңы арайлы шаһар» деген ақпаратта (Л.Шағатай) қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Жайық Орал казактарының одағы» мәдени бірлестігінің «Город малиновых зорь» («Таңы арайлы шаһар») атты мәдени-көпшілік шарасы өткені сөз болған. Оған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов арнайы қатысты.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен шараның негізгі мақсаты ынтымақты нығайтып, ел бірлігін сақтауға бағытталған.
- Елімізде жүзеге асырылып отырған «Бес институционалды реформаның» төртінші бағыты - біртектілік пен бірлікті сақтау. Бұл бағытта еліміз үшін аса маңызды шаралар жиі ұйымдастырылуда. Түрлі этномәдени бірлестіктер мен мемлекеттік органдардың ынтымақтастық жобаларының іске асуы соның айғағы деуге болады. Бүгінгі мәдени шараның ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өтуі де мемлекетіміздегі түр-лі ұлттар арасында татулық пен бірліктің, берік достықтың орнағандығын білдіреді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде «Біздің ең басты қуатымыз – бірлікте», - деп атап өткен болатын. Елдегі ынтымақ пен бірліктің арқасында Қазақстан 25 жылдың ішінде үлкен жетістіктерге жетіп, биік шыңдарды бағындырып үлгерді. Лайым, еліміздің аспаны ашық болып, отандастарымыздың достығы нығая берсін, - деген облыс әкімінің орынбасары Марат Лұқпанұлы жиналған көпшілікті мерекелерімен құттықтады.
Мәдени шарада аталмыш бірлестіктің өнерпаздары өнерлерін ортаға салды. «Малиновые зори» фольклорлық-этногра-фиялық ансамблінің сүйемелдеуімен әнші Светлана Волкова «Ехали казаки домой», «Ой калина, ой малина» әндерін сәтті орындаса, «Яикушка» ансамблінің сүйемелдеуімен «Шашку бери» әнін шырқаған әнші Елизавета Захарова көптің көңілінен шықты. «Малиновые зори» балалар би ансамблі мен Орал қалалық мектептен тыс жұмыс орталығының «Жұлдыз» би ан-самблі, сондай-ақ «Сударушка», «Уралка» ансамбльдері, өнерлерін ортаға салып, жиналған қауымның көңілін көтерді. Бұдан бөлек казактар ұлттық тағамдарынан жәрмеңке ұйымдастырып, қала тұрғындарына тарту етті.
«Жайық Орал казактарының одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Вячеслав Солодилов шараға атсалысқан барша ұжымға алғысын білдірді.
«Облыс прокуроры қоғамдық қабылдау өткізді» деген ақпаратқа облыс прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сапарбек Нұрпейісов Бөкей ордасы ауданында болып, қоғамдық қабылдау өткізгені арқау болған. Біз де облыс прокурорының қабылдауында болып, кәсіпкерлер палатасының Бөкей ордасы аудандық филиалы бойынша кәсіпкерлердің мүддесін қорғау барысында атқарған жұмыстарымен таныстырып, көкейкесті мәселелерді шешу жайында ой бөлістік.
Қабылдау барысында Сапарбек Айтуұлы кәсіпкерлікті дамытуға қатысты Елбасының берген тапсырмаларына, сонымен қатар биыл қыркүйек айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты міндеттер жүктегеніне тоқталып өтті. Басты міндеттердің бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды жақсарту белгіленген. Облыста кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға, кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мән беріліп отырғаны мәлім. Солай бола тұрғанмен, кәсіпкерлікке санэпидемиологиялық қызмет, халыққа қызмет көрсету және ветеринария бөлімдері тарапынан әкімшілік кедергілер ұшырасады. Әңгіме төркіні осы жайына ойысқанда, облыс прокуроры түйткілді мәселелердің заң аясында шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Облыс прокурорының ел-жұртпен емен-жарқын бұл кездесуі Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында өтіп жатқаны аян. «Көршілес Ақтөбе облысында кәсіпкерліктің дамуы қарқынды, республика бойынша бірінші бестікке кіреді, соған орай БҚО-да осы көрсеткішке жету үшін жұмыстануымыз керек,» - деп атап көрсетті Сапарбек Айтуұлы. Сонымен қатар ол кәсіпкерлікті дамыту барысында, кәсіпкерлердің мүддесін қорғауда аудан прокурорымен бірлесе жұмыстану қажеттігін айтып, жергілікті кәсіпкерлер тарапынан туындаған мәселелерді кейінге қалдырмай, тез арада орындауды тапсырды.
«Шыңғырлаудағы шырайлы шара» деген хабарда (А.Шотпанов) Шыңғырлау ауданының қалай өткені мәлім етілген.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен аудан күніне орай ұйымдастырылған шараларға шыңғырлаулықтар белсене атсалысты. Жыл бойы бел жазбастан еңбек еткен жандардың бір серпіліп, демалуына мүмкіндік туғызған мерекеде еңбек майталмандары марапатталды.
Мерекелік шара «Тәуелсіздікке тарту» атты флэшмобпен басталды. Содан кейін далада әдемі құрылған сахна төріне көтерілген аудан әкімі Альберт Есәлиев жұртшылықты айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады. Жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен қол жеткен табыстарға тоқталған ол мұның бәрі халықтың ынтымағы мен жасампаз еңбегінің арқасы екенін атап өтті. Альберт Темірболатұлының айтуынша, шыңғырлаулықтардан ауданның бұрынғы басшысы Алдияр Халеловке «Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныс түскен. Ауданға біраз жыл басшылық жасаған кезде А. Халелов игі істер мен іргелі шаруаларға ұйытқы болған-ды. Соның арқасында Шыңғырлау әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алға басты. Соған орай сахна төріне Алдияр Халелов шақырылып, оған құрмет көрсетілді.
Аудан әкімі жыл бойы еселі еңбектерімен ауданның дамуына үлес қосқан жандарды да марапаттады. Мәселен, «Айгөлек» бөбекжайы үздік балабақша деп танылса, Г. Қуанаева үздік кітапханашы, С. Ульяров үздік басшы, Е. Телегенов үздік ауыл шаруашылығы қызметкері, Т. Дүйсебаев үздік бапкер, Р. Тұрмағамбетов білім саласының үздігі, М. Завгородный орман саласының үздігі, М. Есқайыров құрылыс саласының үздігі, Г. Ботанова үздік журналист, Д. Ерболова қаржы саласының үздігі, А. Мирманова үздік өндірістік оқыту шебері, К. Әдиева үздік әлеуметтік қызметкер, Ж. Қанафин үздік ішкі істер қызметкері, Р. Қамзаев үздік кәсіпкер, Л. Жұмәлиева үздік салық төлеуші болып танылды.
Шараның көркін көкпар қыздырды. Ауданымызда алғашқы рет өткізілген көкпарға Орал қаласының «Ақжайық», Бөрлі ауданының «Бумакөл» және жергілікті «Торыатбасы» командалары қатысты. Көрермендер жігіттердің епті қимылдарына, аттардың әбжіл әдістеріне риза болды. Нәтижесінде оралдықтар екі ауданның командаларын басымдылықпен ұтып, жеңіске жетті.
Халықтың тағатсыздана күткені тұлпарлар бәйгесі еді. Биылғы бәйге үш қашықтықта ұйымдастырылды. Бас бәйгеге автокөлік, қомақты ақшалай сыйлықтар тігілгесін, әрісі Атырау мен Ақтөбеден, берісі облысымыздың аудандарынан тұлпарларын жетектеген көптеген атбегілер арнайы келді. Құнан бәйгеде лубендік С. Қоңырбаевтың бағы жанса, екінші, үшінші болып Б. Әбдірахманов (Зеленов) пен А. Ізбасаровтың (Ақтөбе) сәйгүліктері келді. Тек қана жабы тұқымдас жылқылар қатысқан 12 шақырымдық топ бәйгеде белогорлық Е. Тасқынғалиев бас жүлдегер атанса, шыңғырлаулық Е. Толыбаев пен ащысайлық Р. Айсиев қалған жүлделі орындарды қанжығаларына байлап, жеңіс тойын тойлады. Ал аламан бәйгеге 20-ға жуық арғымақ қатысты. Бәйге басталған бойда Атыраудан келген «Көк сұңқар» ныспылы тұлпар суырылып алға шықты. Алғашқы айналымда өзгелерден оқ бойы ұзап кеткен сәйгүлікке көпшілік шаршап қалмас па екен деп алаңдаушылықпен қарады. Алайда шабандозы шебер екен. Артта қалған топты күтіп алады да, әр айналым аяқталған сәтте-ақ ұзап кете барады. Бәйгеде «буып тастап озды» деген тіркес бар. Бұл соның көрінісі болса керек. Осылайша Атырау облысының Махамбет ауданынан келген «Көк сұңқар» топ жарып, иесі Айдос Хайруллинге автокөлік алып берді. Оның артынан Адайбек Ізбасаров (Ақтөбе) пен Бекбарыс Тілегеновтің (Ақжайық) тұлпарлары келді. Жарысқа қатысқан жалғыз шабандоз қыз Әйгерім Ғұмарова (Сырым ауданы) мәре сызығын бесінші болып қиып, арнайы сыйлыққа ие болды.
Мерекелік шара барысында білекті жігіттер додасы, яғни гір тасын көтеру де өтті. 14 жігіт бақ сынаған сайыста бас жүлде ардагер спортшылар арасындағы облыс чемпионы шыңғырлаулық Дәулет Ғалиевке бұйырды. 2-орынды гір көтеруден спорт шебері болып табылатын Жұбаныш Түймешов алса, 3-орынды Ақбұлақ ауылынан келген спорт шебері Данияр Кабидуллиев еншіледі.
«Дархан дала төсіндегі дүбірлі той» деген репортажда (Т.Бисен) зеленовтықтардың аудан күнін атап өткені жазылған. Тәңсәріден жамағат қуанышты сәттердің куәсі болуға асыға жиылды. Айтулы күннің жоғары дәрежеде өтуіне аудан тұрғындары тегістей атсалысып, алыс-жақыннан «Құтты болсын!» айтып келген меймандарға қонақжайлық көрсетті.
Мерекелік шараға Ресей Федерациясынан арнайы келген делегация өкілдерін аудан әкімі Кәрім Жақыпов қабылдады. Ашық-жарқын жүздесу барысында Кәрім Кәрімоллаұлы өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен өркендеуі туралы айтып өтті.
Мұнан кейін меймандар ҚР Тәуелсіздік жылдары ашылған аудан орталығындағы Қасым Аманжолов атындағы білім ошағына бет бұрды. Аталмыш мектептің директоры Роза Тасанова келген қонақтарға мектеп ішін аралатып, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған мектеп музейімен таныстырды. Сонымен қатар меймандар аудан орталығында жаңа кейіпке енген орталық алаңды аралап, аудан күніне орай ашылған «Әсем-ай» әйелдерге арналған фитнес орталығының тұсаукесеріне қатысты.
Бұдан соң мерекелік шара дүбірлі тұлпарлар жарысына жалғасты. Ат жарысқа ауылдастармен қатар алыстан ағайындар да келіп, баптаған сәйгүліктерін бәйгеге қосты. Облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған атбегілер сұлу да жүйрік жануарларын баптап әкелген екен.
Алдымен 12 шақырымға бет алған құнан жарысына оннан астам қылқұйрық қатысты. Бұл жарыста Забродин ауылынан келген Жасұлан Көбеевтің «Бөкен қасқа» атты сәйгүлігіне ІІІ орын бұйырса, ІІ орынды Жұмаш Ізбасаровтың «Арабская принцессасы», ал І орынды Берік Есенғалиевтің «Аймаңдайы» еншіледі.
24 шақырымдық аламан бәйгенің қызығы жұртты одан сайын баурап алды. Өңірімізден ғана емес, көрші облыстардан келген ауыздығымен алысқан арғымақтардың жарыс қорытындысында ІІІ орын Ақжайық ауданынан келген Құбайдолла Биғазиевтің «Наурыз» атты тұлпарына бұйырса, ІІ орынға январцевтық Халық Меңдіғазиевтің «Санди-Глориі» тұяқ тіреді. Ал бас бәйге мен аламанның жеңімпазына тігілген жеңіл автокөлікті Маңғыстау облысынан арнайы келген Әбдіғали Таңатаровтың «Тұмар» атты сәйгүлігіне бұйырды. Жарыста үздік шыққан сәйгүлік иелеріне аудан әкімдігі тағайындаған бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Аудан күніне жиналған халық басқа да спорттық ойындарды тамашалады. Алдымен епті жігіттер «Бөренеге өрмелеу» сайысына түсті. Одан соң білекті жігіттер қол күресіне шықты. Бірінен бірі асқан мықтылар жарысында оралдық Ақан Қазиев жеңімпаз атанды. Ал белділер бәсекесі саналатын гір тасын көтеру жарысында талай сайыста жүлде алып, аудан намысын қорғап жүрген Переметныйдың мақтанышы Расул Төлеуов қарсыластарынан оқ бойы озық болса, балалар күресінде Трекин ауылынан келген Бекзат Қайырғалиев, жасөспірімдер арасында өткен қазақ күресі бәсекесінде тағы бір трекиндік палуан Дияс Әдиетоллаевтың мерейі үстем болды.
Аудан күні өткен спорттық жарыстардың көркін «Түйе палуан» бәсекесі кіргізді. Ымырасыз тартысқа толы болған палуандар бәсекесінің қорытындысында «Түйе палуан» атағы мен қомақты қаржылай сыйлықты Шыңғырлау ауданының тумасы, қазіргі таңда ауданымыздың Дариян ауылында тұратын Әлібек Әлмағанбетов жеңіп алды.
Ұлы дала төсінде өткен «Шаттыққа толы жас өлке» атты мерекелік концерт «Нұр-ай» би ансамблінің орындауындағы «Тәуелсіздікке тағзым» атты тамаша композициялық қойылыммен ашылды.
Шара барысында көршілес Ресей Федерациясынан, облыс, ауданнан келген қонақтар құттықтау сөз алып, осынау мерекеге жүрекжарды лебіздерін жолдады.
Ауданымыздың әл-ауқатын жақсартуға, ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген бір топ еңбеккерлерді аудан басшысы Кәрім Жақыпов марапаттады. Олардың қатарында «Асан-ауыл» ЖШС комбайншысы Б. Есмағұлов, жұмысшы А. Курмаев, «Пермское» ЖШС-ның механизаторы А. Голяк, «Шонайбеков» шаруа қожалығының зоотехнигі С. Жұмағұлов сынды еңбек озаттары болды.
Аудан күніне жиналған халық ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен сыр шертетін «Жасыл өлке» көрмесін және ауыл шаруашылығы көрмесін тамашалады. Сондай-ақ бұл күні ауыл шаруашылығы өнімдерінің және сауда-саттық жәрмеңкесіне қойылған сапалы тауарлар бағасы да көңіл көншітерліктей болды.
Мерекелік шара «Жеңіс» кинотеатрында балаларға арналған көркем фильмге, аудан жастарына арналған би кешіне ұласты. Ал қараңғылық қоюлана ауылдың алқаракөк түнгі аспанын жұлдызжауын көмкерді.
Газеттің 13 қазан күнгі нөміріндегі «Әңгіме арқауы – медициналық сақтандыру» деген ақпаратта (Н.Набиоллаұлы) облыстық мәслихатта облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың қатысуымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі жиын өткені айтылады. Оған медициналық, өзге де мекеме-ұйым өкілдері мен жоғары курс студенттері, қала тұрғындары қатысты.
Бүгінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамын іске асыру шеңберінде 2016-2017 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жөнінде Жол картасы әзірленіп, бекітілген. Осыған орай тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысының екінші кезеңі ағымдағы жылдың үшінші қазанынан басталған. Келер айда бизнесқұрылымдар мен жұмыс берушілер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының үшінші кезеңі жүргізілмек.
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймырзиева көпшілікке міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың басты ерекшеліктері туралы баяндап берді.
- Облысымызда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы түсінік жұмыстары жалғасуда. Бұл орайда бұқара тарапынан туындап отырған көптеген сұрақтар бар. Ол сұрақтар негізінен тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы, жарнаның пайыздық мөлшері жайында болып отыр. Бүгінгі таңда мұндай түсіндіру жұмыстары аудандарда да жүргізілуде. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы болашақта дәрігерлердің жетіспеушілігі, тұрғындардың кезек күтуі жойылады. Ал халық жарна төлегендіктен, сапалы медициналық көмек алуға қол жеткізеді. Бұл әлемдегі жоғары дамыған мемлекеттердің тәжірибесінен алынып отыр, - дейді Мәншүк Құдайбергенқызы.
Жиын барысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Бекмырза Ілиясов және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймырзиева тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
«Сәулетті баспана – ауыл ажары» деген ақпаратта (Г.Қадырова) Бөкей ордасы ауданында жаңа үйлердің берілгені хабарланған.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Сайқын ауылының арқа бетінен бой көтерген жаңа баспаналарға қол жеткізген алты отбасы қоныс тойын тойлады.
Бұл тұрғын үйлер «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында салынған. Жаңа пәтерге қол жеткізіп, мәре-сәре болғандардың арасында көп жыл баспана қиындығын кешіп келген Гүлбаршын Нұрғалиева сынды жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі сәби тәрбиелеп отырған отбасылар да бар. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов тұрғындарға жаңа пәтер кілтін табыс етіп, «Қоныс құтты болсын!» айтты.
Жәнібектік «Символ» ЖШС жүргізген құрылыс жұмысы ойдағыдай аяқталыпты. Аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Қоблан Жанғалиевтің айтуынша, бұл ғимараттарды тұрғызуға 40 миллион 250 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Осы төңіректен тағы да 10 үйдің іргетасы қаланып, құрылысшылар қызу іске кіріскен.
«Еңбек адамының құрметіне ұйымдастырылған турнир» деген көлемді хабарда (С.Мұратұлы) Бұлдырты ауылында еңбек ардагері, КСРО-ның «Еңбек даңқы» ордендерінің иегері Рахмет Ержановты еске алуға арналған волейболдан аудандық турнир өткені паш етілген. Оған Сырым ауданының ауылдық округтерінен келген командаларға қоса, қаратөбеліктер де қатысты.
Ел тәуелсізігінің 25 жылдығы аясында өткен шараның ашылу салтанатында сөз алған аталмыш ауылдың әкімі Ерлан Мақашев Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясында айтылғандай, ұлт саулығын нығайту, қазақстандықтардың өмір жасын ұзарту, салауатты қоғам құру және еңбек адамдарын құрметтеу бағытында ауылда іргелі істер атқарылып жатқанына тоқталды. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қален Ахметқалиев кезінде кеңшардың экономикасын дамытуға, даңқын арттыруға үлес қосқан жандардың бірі болған Рахмет Ержановты бұлдыртылықтар қашан да мақтан тұтатынын жеткізді. Рахмет Ержановтың зайыбы Моншақ Темірбекованың сөзіне қарағанда, кезінде уақытпен санаспай елге адал еңбек еткен жолдасы КСРО Жоғарғы Кеңесінің медальдарымен, құрмет грамоталарымен марапатталған, ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерін алған, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атанған. Оның 70 жылдық мерейтойы қарасаңында айтулы шараны ұйымдастырғаны үшін Ержановтар отбасы аудандық «Қайсар» спорт клубына, жергілікті атқарушы билік органдарына, ағайын-туысқа өз ризашылықтарын білдіреді. Ал осы турнирдің өтуіне тікелей мұрындық болған облыстық авиация спорты бойынша мектеп директоры, Рахмет Ержановтың жиені Ерген Орынбасаров нағашысы кеңшардың қарбалас жұмысында жүрсе де, спортты жанына серік еткенін айтты. Волейбол, футбол ойнап қана қоймай, велоспортпен де жүйелі түрде айналысып, жарыстардан олжалы оралған. Ел үшін еңбек еткен ерлердің есімдері осындай шаралар арқылы жас ұрпақтың санасына сіңеді. «Қайсар» спорт клубының директоры Бауыржан Ихсанов мұндай жарыстар ауданның әрбір ауылдық округіндегі соғыс және еңбек ардагерлердің құрметіне орай ұйымдастырылып келе жатқанын мәлімдеді. Енді бұл жарыстар дәстүрлі түрде өтетін болады.
Тартысты өткен жарыста Қаратөбе ауданы мен Аралтөбе ауылынан келген командарлар әдемі ойын өрнегімен ерекшеленді. Жоғары дайындықпен келген қос команда қарсыластарынан басым түсіп, ақтық сында кездесті. Көпшіліктің де күткені осы ойын еді. Сол сенім ақталды. Қос команда да епті, мықты, жылдам екендерін көрсетті. Көз сүйсінер әдемі ойын ұсынды. Дегенмен де сайдың тасындай жас жігіттерден құралған қаратөбеліктер өз айласын асыра білді. Үшінші орын бұлдыртылықтарға бұйырды. Ал аталымдар бойынша қаратөбелік Ерасыл Биғалиев «үздік шабуылшы», аралтөбелік Ерген Біләлов «үздік қорғаушы», бұлдыртылық Рақымбек Қайырғалиев «үздік ойыншы» деп танылды. Жеңімпаздар мен аталым иелері бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Әбдіхамит ДАБАРОВ, спорт ардагері:
- Кезінде бұлдыртылықтар волейболдан мықты болды. Қыздар командасы облыстық жарыстарда жеңімпаз, жүлдегер атанып жүрді. Ол кезде мектепте волейбол секциясы жұмыс істейтін. Қазір бұл бағытта ауылымызда жүйелі жұмыстың жоқ екеніне бүгінгі жарыста тағы да куә болдық. Қаратөбеліктер мен аралтөбеліктердің дайындығы да, жеңіске деген ынталары да зор. Жалпы, волейбол командалық ойын ғой. Сол себепті команда мүшелері бір кісідей жұмыла ойнаулары керек. Қазір бұл ойынның ережелері, тактикалары өзгеріп жатыр. Спортшыларға шапшаңдық қажет. Өкінішке орай, жарысқа қатысқан кейбір командарлардан мұндай қасиеттерді байқай алмадық. Командалар, құзырлы мекеме басшылары алдағы уақытта осындай олқылықтарға жол бермесе екен деймін.
Гүлжиһан БЕГАЙДАРОВА, ауыл тұрғыны:
- Волейболдан жарыс ұйымдастырып, ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлап жатқан «Қайсар» спорт клубына, Қазақстанның құрметті спорт қайраткері, жерлесіміз Ерген Орынбасаровқа алғыс айтамыз. Көптен бері мұндай спорттық шара болған жоқ еді. Ауылдың жас-кәрісі мектептің спортзалына келуі де содан деп ойлаймын.
Осы сәтті пайдаланып, бір ұсыныс айтқым келеді. Дәулетті азаматтар кезінде елге танымал болған, бүгінде есімдері ұмытыла бастаған еңбек адамдарына арнап, жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп, мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Асланбек БӘУЕН, Қаратөбе командасының капитаны:
- Ауданымызда спорт кешенінің салынуы ауыл спортының дамуына көп үлес қосуда. Осы турнир болатыны жөнінде жақында ғана естіп, оған жөнді дайындалмастан келдік. Алайда бос уақытымызды спорт кешенінде өткізіп жүргендіктен, жарыста көп қиналмастан жеңімпаз атандық. Егер ауданымыздағы спорт кешеніне мамандар шақырылса, көптеген спорт түрі бойынша топ жарамыз деп ойлаймын.
«Киік саны 70 мыңнан асты» деген хабарда Батыс Қазақстан облысында киік саны көбейгенімен, оны заңсыз аулау қылмысы да тыйылмай отырғаны айтылған.
ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевтің айтуынша, биыл 19 адамға қатысты 18 қылмыстық іс қозғалып, соның 9-ы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Сот үкімімен 5 адамға 1 жылдан 2 жылға дейін шартты мерзім кесілсе, бір адам 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Жануарлар әлеміне келтірілген залал 13 млн. 374,5 мың теңгені құрады. 3 мотоцикл, 6 аңшы мылтығы, тасымалданатын 2 рация, 13 киік төшкесі, 484 мүйіз тәркіленді.
Киікті заңсыз аулаушылар қатарында жергілікті браконьерлер ғана емес, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарының тұрғындары да кездеседі.
Жалпы, киік қорғау шаралары да күшейтілуде. Биыл «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің филиалы Оралда (бұрын Ақтөбеге қарайтын) құрылып, қазір онда 30 адам жұмыс жасауда. Олар Қазталов ауданында 15 күннен вахталық әдіспен еңбек етеді. 10 техникадан бөлек, киікті тікұшақпен бақылауда. Киік негізінен Қазталов, Жәнібек аудандары аумағын мекендейді. 2010 жылы 12 мың, 2011 жылы 500 киік қырылғанымен, жалпы санының өсіп келе жатқаны қуантады. Мысалы, өткен жылы 51 мыңдай болса, биылғы көктемгі санақ кезінде шамамен 70200-ге жетті. Күні бүгін Қазақстанда киік ең көп таралған аумақ Батыс Қазақстан облысы болып отыр.
«Киікті мүйізі үшін аулайтыны белгілі. Оны содан кейін заңсыз жолдармен Қытайға асырады. Қазіргі кезде сот шешіміне сәйкес тәркіленген мүйіздер жойылады. Біздің ойымызша, осыны фармацевтикалық бағытта жаратудың жолдарын іздестіру керек секілді. Осыған орай заң тетіктерін қарастыру жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс жасадық», деді Қ. Қадешев.
Айта кетейік, киікті заңсыз аулағандардың ісі қазіргі таңда Қазталов аудандық сотында қаралу үстінде.
«61 жыл құжатсыз жүрген» деген ақпаратта Ақжайық ауданында тұратын 61 жасар Қайырлы Ізбасарованың жеке басын куәландыратын құжатсыз ғұмыр кешкені сөз болады.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қызы Талжібек Жұмашева Ақжайық ауданының прокуратурасынан анасының жеке басын анықтайтын құжат алып, зейнетақысын рәсімдеуіне көмек көрсетуін өтінген. Прокуратура қызметкерлері нақты жұмыстар жүргізіп, 1955 жылдан бастап мұрағаттық құжаттар қаралды. Қ. Ізбасарованың болжамды жасын анықтау үшін медициналық клиникалық тексеру жүргізілді. Сондай-ақ Алғабас ауылдық округі ақсақалдарының қатысуымен жиын өткізіліп, куәлардан жауап алынды. Соның нәтижесінде жеткілікті негіздермен және жиналған құжаттармен аудандық сотқа талап-арыз берілді.
Аудандық сот прокурордың талабын қанағаттандырып, Қайырлы Ізбасарованың 1955 жылы 12 мамырда дүниеге келгендігі анықталды. Енді ол туу туралы куәлігін, жеке куәлігін алуға құқылы және жасына байланысты зейнетақы рәсімдей алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын дәл осы Ақжайық ауданында тұратын, сексен жыл бойы құжатсыз өмір сүрген Мәдина Сансызбаеваның да прокуратураның араласуымен 1936 жылы 16 наурызда дүниеге келгені туралы заңдық дерегі белгілі болған еді.
«Күн тәртібінде мектеп формасы» деген ақпаратта ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері жөніндегі комитеті хиджабқа байланысты түсінік берген.
Бүгінгі таңда кейбір мектеп оқушыларының хиджаб (араб елдерінде мұсылман әйелдердің денесін жасыру үшін киетін киімі) киюі қоғамда жиі талқыланатын мәселелердің біріне айналды.
Әсіресе, хиджаб киген оқушылардың сабаққа қатысудан бас тартқан оқиғалары мәселені одан сайын ушықтырған болатын. Бұл мәселеге қатысты дінтанушылар, мектеп ұстаздары мен ата-аналар, құзырлы органдардың мамандары түрлі пікір айтуда.
Соңғы үш-төрт жылда қоғам назарына іліккен «хиджаб мәселесі» мектеп басшылығының оқушылардан бірыңғай мектеп формасын талап етуінен туындады. Мектеп формасы әр мектептің ішкі жарғысымен бекітіледі. Алайда бұл талаппен келіспейтін кейбір ата-аналар «Құран мен сүннетте мұсылман әйелдің бүркеніп жүруі міндеттелген» деп уәж келтіреді.
Осы тұста кейбір азаматтарымыз еліміздің 25 жылдан бергі зайырлылық ұстанымын әлі де жақсы түсінбейтіндігін және құқықтық, діни сауаты төмен екендігін аңғартады. Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп айқын көрсетілген.
Зайырлы Қазақстанда оқушы формасын әр мектеп өз жарғысымен бекітеді. ҚР «Білім туралы» Заңының 43-бабының 3-тармағына сәйкес «ішкі тәртіп ережелерін әзірлеу және бекіту білім беру ұйымдарының құзыретіне кіреді» және 47-бабының 15-1-тармағына сәйкес «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті». Яғни оқушылар мектеп басшылығы бекіткен форманы сабақ барысында киюге міндетті болып табылады.
Сонымен қатар ҚР Конституциясының 30-бабының 1-тармағына сәйкес «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті» деген талап негізінде ҚР азаматтары орта білім алуға міндеттелген. Яғни қандай уәж болса да, орта білім алудан бас тартуға жол берілмейді.
Дін тұрғысынан да білім алу – парыз. Оны сауатты дін ғұламалары жақсы біледі. Бұл жайында еліміздің сарапшы-дінтанушылары діни ұстаным мен білімді қатар қойғанда білімнің үстемдігін алға тартады.
Бүгінгі жасөспірім - Қазақстанның ертеңгі болашағы. Сондықтан Қазақстанның жарқын болашағы жолында кемел парасат пен жоғары руханият негізінде тәрбиеленген білімді ұрпақ өсіру - заман талабы. Руханият саласында асыра сілтеушілікке бой ұруға, білім алудан бас тартуға жол берілмеуі тиіс. Азаматтарымызды қоғам игілігі үшін алға қойылған талаптарды дұрыс түсінуге шақырып, бірбеткейліктен арашалап қалуымыз шарт.
«Қоржында тағы бір қола!» деген ақпаратта «Спортmail.ru» ғаламторлық желісі қазақстандық ауыр атлет Денис Улановтың Рио-де Жанейро олимпиадасының қола жүлдегері болып ресми түрде танылғандығы жөнінде ақпарат таратқаны мәлім етілген.
Бұған дейін үшбу байрақты бәсекенің 85 келі бойынша қола жүлдегері болып румыниялық зілтемірші Габриэл Синкраян саналғанды. Бірақ оның допинг пайдаланғаны әшкереленіп, енді қола жүлдегер ретінде біздің отандасымыз танылып отыр. Олимпиадалық бәсеке барысында бұл екі атлеттің екеуі де 390 келі нәтиже көрсеткен еді. Бірақ «біздің баланың» дене салмағы қарсыласынан ауырлау болғандықтан, ол жолы қола жүлде румынның мойнына ілінген-ді.
Енді, міне, «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейдіге» куә болып отырмыз. Осылайша биыл жаз Бразилияда өткен жазғы олимпиадада біздің елдің спортшылары 18 медальға қол жеткізді. Бұл – қазақстандық олимпиада құрамасының тарихындағы әзірше ең үздік көрсеткіш.
«Желаяқ қария» деген ақпаратта Н.Оразаев қыркүйектің соңында іссапармен Ақсай қаласына барғанда бір ерекше көріністің куәсі болғанын тілге тиек етеді.
Күздің қоңыр салқын күні. Таңертеңгі мезгіл. Күннің райы қабағын түйіп, жаңбыр бүркіп тұрған еді. Үстімізде күртешеміз болса да, аз-маз тоңғанымыз жасырын емес. Көлігімізден түсіп, қызмет бабымен бір кеңсеге бару үшін көше бойлап келеміз. Бір мезетте жол жиегімен жүгіріп келе жатқан қарияны көзіміз шалғаны. Үстінде киім атаулыдан шолақ шалбар мен спорттық аяқ киім ғана. Менің таңғалғанымды байқаған ақсайлық қосшы жігіт те «Бұл - біздің спортшы атамыз. Бала кезімнен бұл кісінің көшеде жүгіріп жүргенін көріп өстім» демесі бар ма? «Жақсыны көрмекке» демекші, жалма-жан атайдың артынан жүгіре қуып жеттім. Қатарласып бірге келеміз. Жәймен амандасып, жағдайын сұрай түстім. Бағымызға орай, қария да әңгімешіл екен. Өзін Ғазиз Ақжанов деп таныстырған атамыздың жасы жетпістің бесеуінде. Ресейдің көршілес Саратов облысында дүниеге келген, мамандығы инженер. Сол жақта ұзақ жыл еңбек етіп, Кеңес өкіметі тараған соң елге оралып, Ақсай қаласына қоныстаныпты.
- Тоқсаныншы жылдардың басында жүрек талмасы ауруына шалдығып, үш ай ауруханада жаттым. Кішкене сауығып, бетім бері қараған соң спортпен шұғылдана бастадым. Алғашында 2-3 сағаттан жүгіруші едім. Қазір жас ұлғайғасын күніне екі мезгіл, таңертең және кеште 30-40 минут жүгіремін. Оның сыртында түрлі спорттық жаттығулар жасаймын. Әзірге жүрегім сыр беріп көрген жоқ. Жалпы, денсаулығыма да кінәрат тақпаймын, - дейді қария.
Қыстың қытымыр аязды күні де тек бас киім, шолақ шалбар, қолғап киіп ап, көше бойлай жүгіретін Ғазиз ақсақалды танымайтын ақсайлықтар кемде-кем болып шықты.
- Мен үшін ауа райының қолайсыз күні болмайды. Бұл жиырма бес жыл бойына қалыптасып қалған жеке дағдым. Жүгірген өзіме ұнайды. Денсаулығыма да пайдалы. Мен өзім ешкімге ақыл-кеңес айтпаймын. Тек сен сияқты көшеден жаяу немесе машинамен тоқтатып алып сұрастырған жандарға ғана спорттың пайдасы жөнінде кеңес беремін. Себебі әр пенде өз өмірінің иесі, өз тағдырының қожасы, - дейді кейіпкеріміз күлімсіреп.
Желаяқ атайды суретке түсіріп алып, алғысымды айтып қала бердім. Бабымен ақырындап жүгіріп бара жатқан қарияның соңынан қызыға, ұзақ қарап қалыппыз...
«Ұшты-күйлі жоғалған» деген ақпаратта (М.Айташев) Сырым ауданында биылғы жылдың 5 қазан күні Жымпиты ауылдық округіне қарасты Өлеңті ауылының тұрғыны, 1962 жылы туған Абай Мағырашұлы Әнесовтің үйінен шығып кеткеннен оралмағаны хабарланады.
Әуелі отбасы мүшелері, ағайындары болып тиісті орындарға хабарламастан, екі күн бойы өздері жан-жақтан іздестіріп көрген.
Ешқандай нәтиже болмағандықтан, еңселері түскен олар бұл жағдай туралы аудандық ішкі істер бөліміне, аудандық төтенше жағдайлар бөліміне хабардар етіп, іздеуге көмек сұраған.
– Суыт хабарды ести сала, тиісті орындардың қызметкерлерінен жасақталған құрам 7-9 қазан күндері атқа қонып, Абайдың жоражолдастары, ауылдастарының қатысуларымен Өлеңті өзенінің жағалауларын, сай-салаларды, Жымпиты ауылының аумағын түгелдей сүзіп шыққандарымен, еш нәтиже болмады. Тіпті облыстық төтенше жағдайлар басқармасынан жедел құтқару жасағы келіп, Абайдың бас киімі табылған Өлеңті өзені жағалауынан екі күн бойы іздестіру жүргізгенімен, ешбір дерек таба алмады. Бүгінде хабарсыз кеткен адамды іздеу жұмыстары одан әрмен жалғасуда, - дейді Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әлихан Тілекқабылов.
Иә, айдың-күннің аманында ұшты-күйлі жоғалған А. Әнесовті іздестіруді аудандық ішкі істер бөлімі, аудандық №12 өрт сөндіру бөлімі мен төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері одан әрі жалғастыруда. Тіпті Абайдың ағайындары қазақы дәстүрмен болжам жасаушыларға, көріпкелдерге барып, ақыл-кеңестер де сұрауда. Әзірге көңіл көншітерліктей нәтиже жоқ.
– Інім Абай – адам баласына қылдай қиянаты жоқ, момын жан.
Осындай ауыр жағдайға ұшырағаннан бері өзімнен де, отбасымнан да береке кетті. Үміт үзбейміз, бір жерде, белгісіз біреулердің арбауына түсіп қалды ма деп ойлаймыз. Іздемеген жеріміз жоқ, әбден шаршадық, - дейді көкірегі қарс айырылған апасы Райса Мағырашқызы.
«Батыс Қазақстан облысы: ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНЫҢ ЖЫЛНАМАСЫ»
1992 жыл
23-24 ҚЫРКҮЙЕК
Орал қаласына ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник С. Нұрмағамбетов келді. Ол облыс әкімі Н. Есқалиевпен кездесіп, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту мәселесін талқылады.
«Зенит» зауытында, облыс аумағында орналасқан әскери бөлімдерде болғанда, министр сарбаздар мен сардарлардың тұрмысы, жергілікті билік органдарымен өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударды. С. Нұрмағамбетов сонымен қатар облыстық әскери комиссариаттың башылығымен, бөлім басшыларымен және офицерлерімен кездесті.
24 ҚЫРКҮЙЕК
ҚР Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы болған Сырым Датовты есте қалдыру мақсатында Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданына оның есімі берілді.
6-7 ҚАЗАН
«Зенит» зауытының мәдениет сарайында кіші жүздегі ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырушы Сырым Датовтың 250 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті. Оған Қазақстанның 12 облысынан және РФ көрші облыс-тарынан делегациялар келді.
Салтанатты жиналыста С. Датовтың өмір жолы мен ұлттық қозғалыстағы рөлі туралы жазушы Қажығали Мұқамбетқалиев баяндама жасады. Белгілі ақын, жерлесіміз Қадыр Мырзалиев, ақын Ақұштап Бақтыгереева, атыраулық ақын-драмтург Б. Қорқытов, Орынбор облысының басшысы П. Арьков, Сырым Датұлының ұрпағы Х. Лұқпанов, Көкшетау облысы әкімінің орынбасары М. Жанәділов, Сырым ауданының әкімі Е. Әжібаев, Ақтөбе педагогикалық институтының оқытушысы Б. Баймұқанов сөз сөйледі. Атырау облыстық қазақ драма театры әртістері Сырым Датұлы туралы театрландырған көрініс қойды.
Шара барысында ақындар айтысы, қазақша күрестен жарыс өтті. Қала шетіндегі ипподромда «Аламан бәйге», «Жорға жарыс», «Қыз қуу», «Көкпар», «Теңге алу» т.б. ұлттық ойындар болды.
Салтанатты шараға ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы С. Әбділдин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары М. Жолдасбеков, ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы И. Тасмағамбетов, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Ә. Кекілбаев қатысты.
8 ҚАЗАН
Сырым Датовтың 250 жылдығына арналған шара батырдың туған жер Жымпиты ауылында жалғасты. Ұлттық дәстүр бойынша алыстан келген қонақтарға сый-сияпат жасалды. Алдымен құрметті қонақтар М. Жолдасбековтің, С. Әбділдиннің, Қ. Мырзалиевтің, Ә. Кекілбаевтың иықтарына шапан жабылды. Ал ақын А. Бақтыгерееваға сырымдықтар сәйгүлік мінгізді.
Биік шатырлы сахна төрінде театрландырылған көрініс қойылды. Мереке қызығы одан соң өнерпаздардың үлкен концертіне ұласты.
16 ҚАЗАН
Қарашығанақ кен орнын игеру бойынша шетелдік компаниялар арасындағы байқаудың жеңімпаздары - Ұлыбританияның «Бритиш газ» және Италияның «Аджип» компанияларының жетекшілері мен Қазақстан газ саласы басшыларының жұмыс барысында кездесуі өтті. Оған ҚР атынан Премьер-министрдің орынбасары - Энергетика және отын ресурстары министрі К. Байкенов, «Қазақгаз» ұлттық газ компаниясының президенті Е. Әзербаев, «Қарашығанақгазпром» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры С. Камалов, облыс әкімінің орынбасары А. Маючий қатысты.
20 ҚАЗАН
1992 жылдың егін орағының қорытындысы шығарылды. Оңтүстік аудандар ауа райының қуаңшылық болуына байланысты егін өсіре алмады.
Соған қарамастан облыс бойынша тым-тәуір астық жиналды. Дәнді дақылдар көлемі 1 млн. 400 гектар алқаптан орылды. Гектарына орта есеппен 11 центнерден өнім алынды. Мемлекетке 630,6 мың тонна астық тапсырылды. Шаруашылықтар өздерін қажетті тұқыммен, құрама жеммен қамтамасыз етті.
23 ҚАЗАН
«Зенит» зауытында шағын наубайхана шығарыла бастады. Ол тәулігіне 500 келі нан өнімдерін шығарады. Бұл наубайхана қысқа мерзімде құрастырып іске қосуға және кез келген жерде пайдалануға болады. Тек электр қуаты және су желісі болса болғаны.
1993 жыл
3 ҚАҢТАР
Орал тері комбинатының жеке балабақшасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді (мердігер «Трансстрой» кәсіпорны). Ақ тастан қаланған екі қабатты ғимарат ағаштан ойып жасалған карниздермен безендірілген. Балабақша меңгерушісі Г. Доронина қазіргі қиын-қыстау кезеңде бұл балалар мен олардың ата-аналары үшін жағымды жаңалық, үлкен сый екенін жеткізді.
13 ҚАҢТАР
Сырым ауданының Алғабас ауылында асфальт зауыты бой көтерді. Оны №9 жол-көпір құрылысы тресіне қарасты №27 жол-көпір құрылысы басқармасының мамандары бір айда салды. Шағын зауыт үш жылда 40 мың тонна асфальт шығаруға қауқарлы. Бұл республикалық маңызы бар жолдардың қайта жаңғыртылуына өз үлесін қоспақ.
15 ҚАҢТАР
Шыңғырлау ауылында ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға арналған жабық павильон пайдалануға берілді. Енді тұрғындар жылдың кез келген мезгілінде өз өнімдерін сата алады. Павильонның қасына орман шаруашылығы, аудандық тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты, кәсіптік-техникалық училищесі және тағы басқа кәсіпорындар мен мекемелердің сауда орындары қойылған. Мұнда көршілес Орынбор облысының тұрғындары да өздерінің тауарларын әкеледі.
16 ҚАҢТАР
Жәнібек ауданы әкімшілігі Ғұмар Қараштың шығармалар жинағын баспадан шығару үшін «Арыс» қорына 250 мың сом қаржы аударды. Оның есімі бүгінге дейін көпшілікке белгісіз болып келді. Біздің жерлесіміз – ақын, публицист және философ. Ол 1921 жылы қарақшылардың қолынан қаза тапты. Оның шығармашылығы мүлдем ұмыт қалды. Жақында ғана «Талов» совхозы аумағында Ғұмар Қараштың қаза болған жері анықталды. «Арыс» қоры жерлесіміздің еңбектерін іздестіріп, шығармашылық жинағын шығаруды қолға алды.
19 ҚАҢТАР
ҚР Президентінің Жарлығымен Қабиболла Жақыпов Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.
22 ҚАҢТАР
Орал қаласында «Қазақгаз» ұлттық газ компаниясының газ саласы ғылыми-зерттеу және жобалау институты құрылды. Ол Батыс Қазақстан өңірінде көмірқышқыл шикізаты кен орнын игеру проблемаларын ғылыми негізде жасақтау, аймақтың мұнай-газ кешені құрылысын және басқа да нысандарды, құбырларды жобалауды жүзеге асырады. Оның бас директоры болып белгілі геолог, Қарашығанақ кен орнын ашқан жандардың бірі, геология- минералогия ғылымдарының докторы Сухан Камалов тағайындалды.
27 ҚАҢТАР
«Т және МП» ұжымдық кәсіпорны жасап шығарған жаңа үлгідегі электр сүттартқышқа «Фермер» деген атау берді. Мамандардың айтуы бойынша, мұндай аппарат біздің республикада, тіпті ТМД елдерінде жоқ. Оның бұрынғы шығарылған машинадан айырмашылығы «Фермер» сағатына 100 литр сүтті өңдейді. Бұрынғының қуаты 50 литр болатын. Жаңа аппарат Челябі облысындағы бір зауытпен ынтымақтастық нәтижесінде шығарылды. Таяуда кәсіпорын жаңа өнімдерін сериялап шығара бастайды. Жаңа сеператор фермерлердің, сүтті бағыттағы мал өсіретін кәсіпкерлердің сенімді көмекшісі болады.
30 ҚАҢТАР
Деркөл ауылындағы 180 пәтерлік үйге көгілдір отын қосылды. Ауылда сондай-ақ жаңа балалар емханасы пайдалануға берілді.
1 АҚПАН
ҚР Жоғарғы Кеңесінің шешіміне сәйкес облыс және қала мектептеріндегі бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылатын болды. ҚР Қаржы министрлігі әр оқушыға күніне құны 35 сом мөлшерінде сәйкес келетін тамақ беру үшін қажетті қаржы бөлді. Мұны ата-аналар қуанышпен қабылдады. Себебі бұған дейін олар тамақ шығынын өз қалталарынан төлеп келген болатын.
6 АҚПАН
Зеленов ауданының Переметный ауылында 40 адамға арналған қайырымдылық үйі ашылды. Енді жалғызбасты адамдар осында келіп медициналық көмек алатын болады. Қайырымдылық үйіне бұрынғы қонақүйдің ғимараты беріліп, демеушілердің қаржысына жөнделіп, жабдықтар берілді. Аудан әкімі Ф. Пашко бұл әлеуметтік нысан ауданның шаруашылықтары мен кәсіпорындарының демеушілігімен ұсталатынын айтты.
9 АҚПАН
Атақты сазгер әрі орындаушы Ғарифолла Құрманғалиевтің туған жері - Қаратөбе ауданының әкімшілігі музыкалық білім беретін оқу орындарында оқитын үздік студенттерге арнап атаулы стипендия тағайындады. Ғ. Құрманғалиев атындағы стипендияға Құрманғазы атындағы саз училищесінің 1-курс студенті Зухра Өтепқалиева ие болды. Табиғатынан дарынды қыз домбырада шебер ойнайды, училищенің мәдени өміріне белсене араласады.
«Қазақстаннан» Қазақстанға»
Сұлтан Бақытжан Қаратаев Шідерті болысының бас адамы Андижан Жұбаналиев «Қазақстан» ғазетасына қазақға керек затды жазыб тұрмақшы болды.
Нефті (лампа май)
Үйшік ойазындағы Ембі деген жылғаның қасындан нифті (лампа май) шығыб, жаздан хызмет басталуға тұр. Нифті бар жердің барлық айланасы 18000 шақырым бар дейді, бұл жерде 8 болысдың елі бар екен.
Теке хабарлары
Пішеннің бұты 30 тиын, жүклеб 5 сом
Еті бар мал жер қатқандан бері көтерілді. Қой етінің қадағы 7-8 тиын, сиыр еті 7-9 тиын.
Тері:
Үлкен сиыр терісі 4 сом 50 тиындан 5 сомға қадары, тайөгіз 3 сомдан 3 сом 50 тиынға қадары, жылқы терісі 4 сом.
Жәрдем
Орал облысының қазағына өздерінің жинаб салған ақшасынан жәрдем бере тұруға мәслихат болған.
Орыс мектеблерінде қазақ балалары
Текеде риальный училишеде 30 бала оқиды, римисленныйде 30 бала, селски хазастуенниде 20-лаб бар, медреселерде 30 шамалы бар.
Көкшетау медресесі
Көкшетау қаласындағы ноғайлардан Халилолла есімлі бір бай 1910-нші жылы бірінші сынтабірден бастаб бір медресе салдыруға кірісіб еді. Медресе салыныб тәмам болды, 3000 сомға түсді. Он бір болыс қазақдың ортасындағы жалғыз мешітінің медресесі тозыб еді. Қазақ байлары жәрдем қылмаған соң, әлгі бай һамад қылыб медресені салыб бітірді, Алла тағала сауабын көб қылсын.
«Айқаб»
(«Қазақстан» газетінің 1911 жылғы 1 желтоқсан, №2 санында)
Журналист Т.Жазықбайдың «Атбегілікті қастерлейтін әулет» атты мақаласында еңбекқор әулет туралы баяндалады.
Таңатжан Сатыбалдиев 1952 жылы 8 маусымда Тайпақ ауданы Сармантөбе ауылының Құмқұдық-Аю деген жылқышылар қосында дүниеге келген еді.
Әкесі Сатыбалды Байғазиев бала кезінен-ақ киелі жылқы малының жалына жармасып, құлағында ойнайтын. Құйрығын өзі түйетін. Қамшы мен құрықтың бауларын, шідер мен өрені өріп, былқылдақ былғарыдан ат-әбзелдерді өзі жасайтын. Өгіздің терісін илеп, одан таспа тілетін. Созып кептіріп, жүген, тұсау, делбе, үзеңгі бау, ердің тартпасы сияқты үзілмейтін мықты, жылқышыларға ең қажетті бұйымдарды жіптіктей етіп шығаратын. Жайық бойының солқылдақ көкталынан шетен өретін, кептіріп, түрлі қол құралдарына сап жасайтын. Қыстық көлік шана құрастыратын. Осылайша істің жүзін көрікті ете білетін жан еді. Ел азаматы Ұлы Отан соғысының бел ортасында болды. Сатыбалды ақсақал соғыс жылдарының өшпестей белгісі болған Қызыл Жұлдыз және II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орде-ндерін кеудесінен тастамайтын. 1994 жылы қайтыс болды.
Жасынан әкесінен көріп өскені бар, өзінің түйсігіне түйгені бар, Таңатжанның жылқыға деген құштарлығы осылай қалыптасты. Бес-алты жасынан бастап атқа жайдақ мініп, жылқышылармен бірге жаз жайлауда, қыс қыстауда жүріп, осы бір жануардың жайына қаныға түсті. Тебіндегі жылқының терістігінен келмей, орғытып, орай бақылайтын. Жанай өтіп, топтап санап үлгеретін. Саяқ жүргендерді қуаламай, құрықпен бағыттайтын. Үйірдегі айғырлардың аңдысын аңдитын. Олардың мінез-құлықтарын жадынан шығармайтын. Содан болар, әр жылқының қай айғырдың тұқымынан екенін тап басатын. Түрлеп-түстеп білетіндігі де жүктің, болмаса бәйгенің жарауы екенінен жаңылыстырмайтын. Сөйтіп, оның атбегілік қасиеті бала кезінен-ақ қалыптаса бастады. Сондай-ақ өзінен үлкен бауырлары Қадыр, Қанат, Қайрат та әкеден үлгі алған малжанды азаматтар болды. Ұрпақ өсірді, тәрбиеледі, ұстаз атанды, техниканы меңгерді. Бір әулет бірінен-бірі көріп, бірінен-бірі үйреніп, түрлі мамандыққа дағдыланды. Қылқұйрықтының тегін тануды, қасиетін асыруды әр кез абырой етті. Еңбектері жанды. Үлкен ағасы Қадыр Байғазиев кеудесіне Еңбек Қызыл Ту орденін қадады. Ортаншысы Қанат Байғазиев Құрмет Белгісі орденіне ие болды.
1965 жылы ауданымыздың (ол кезде Тайпақ ауданы) оңтүстігіндегі жаңадан құрылған «Зауральный» кеңшары (қазіргі Сарытоғай ауылдық округі) жылқы өсіруде республикаға танымал болатын. Ол кезде осы малдың саны да, сапасы да артқан еді. Атақты Социалистік Еңбек Ерлері Әбу Сенбаев, Жөкен Берғалиев сияқты жылқышылардың даңқы атырапқа мәлім еді. Сондай-ақ Биғали Қоқақов, Бозекен Рашев, Ораз Нұрмашев еңбектері көпке танылды. Таңатжан осы жылқышылардың ісін көрді, өнегесін түйді.
Сол кезде осы шаруашылықты басқарған директор Кукаш Насипов, партком хатшысы Қалам Арыстанғалиев сияқты басшылардың ұйымдастыруымен Ұлы Октябрь Социалистік революциясының 48 жылдығына арналған той өткізілді. Қазақтың тойы аламан бәйгесіз болған ба?! 34 жүйрік шапқан отыз шақырымдық додада Таңатжан өзінің «Қостанайкөк» сәйгүлігімен топ жарды. Осы аламанға көршілес Гурьев облысының (қазіргі Атырау облысы) Қызылқоға, Индер аудандарынан он шақты жүйрік келген еді. Соның бәрінен озған жас өскіннің еңбегін ел көрді. Сол-ақ екен, жас шабандоздың өзіне деген сенімі артты, атбегілік танымы үстеді. Жас бала «Ер қанаты – ат» деп бағалаған ұлтымыздың кесімді сөзін керегелей білді, жүрегіне түйді. Жылқы туралы көп оқыды.
Кезінде қазақтың салт-дәстүріндегі, ауыз әдебиетіндегі төрт түлік мал туралы бай мұралар ел аузында молынан кездесетін. Соның ішінде жылқы туралы білем деген кісіге есті сөз де, айшықты ақиқат та мол болатын. Тайбурыл, Керқұла, Жиренкөк, Көктұйғын, Шабдаркөк т.б жараулар тарихы танымал батырлар мен би-болыстардың, серілердің ел алдындағы абыройын биіктететін. Әйгілі Ақан серінің Құлагері тап сондай жануар болатын. Осының бәрінен мол хабары бар Таңатжан атбегілікке дендеп кірісті. Сыншылдық қасиет танытты.
Ат жарату оңай емес. Алдымен жүйрікті тану да үлкен білгірлікті талап етеді. Оны өзіне үйрету, оған жем-су беру де мұқияттылықтан тұрады. Ащы терін алу, таң асыру, суыту, қаңтару – бәрі-бәрі мүлтіксіз атқарылатын шаруа. Шідер, тұсау, өре салмай, шылбырмен бос жіберу де жылқының еркіндігін ашады. Құйрық-жалын тарау да жылқыға сән беріп қана қоймайды, шапқанда сусыған қалып танытып, екпінге екпін қосады. Осының бәрін тапжылтпай орындайтын. Жарату жақсы болса, бәйгеден жүлдесіз қалған кезі жоқ. Ол көршілес Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына, Ресейдің көршілес Астрахан, Орынбор облыстарында талай бәйгеге қатысты. Әрине, бәрінде жүлде алды десек, ағаттық болар. Еңбегінің еш болғаны да бар. Бірақ алған бетінен танған жоқ. Жылдар жүзінде өзі баптаған «Тобылғы», «Жиренқасқа», «Бәйгеторы» сияқты жараулары талай жерде тайсалмай оза шапты.
Тағдырға айтарың жоқ. Таңатжан 2010 жылы 18 қарашада кенеттен дүниеден озды. Соңында жылаған бала-шағасы, жоқтаған ел-жұрты қалды. Суымаған ізі, атбегілік қасиеті қалды. Дәлірек айтар болсақ, баласы Қитар Таңатжанұлы қазір әкесінің жолын қуып, атбегілік қасиетті иектенуде. Оның да жылқы танығыштығы ел аузына ілікті. Төңіректегі аудан-ауылдарда өтіп жатқан бәйгелерден баптаған жүйріктері көріне бастады. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығының аясында Тайпақ, Индер ауылдарында өткен аламан бәйгелерде жүйріктері көпшіліктің көзіне түсті. Ал Қитардың баласы Ерген Таңатжанов та шабандоздықты қалаулы етіп жүр. Бәйгеде атқа отыру, астындағы жануарға дем беру, желге қарсы шапқанда қолданар өзіндік тәсілдері бойында молынан қалыптасып келеді. Жануардың тершіген маңдайын, көзін әлсін-әлсін жұмсақ орамалмен сүртіп отыру да жеңіске кепіл.
Таңатжанның жары Сағима да - жылқыға әбден бауыр басқан жан. Ері ат жаратуға кіріскенде одан да тыныштық кетеді. Атжабу, тоқым, терлік сияқты керектерді алдын ала әзірлеп, бәйек таппайды. Жайық жағасындағы Байболған қыстағында отырғанда талай рет қыстаудың бір бөлмесін босатып, жылқыны соған кіргізіп, аттың ащы терін алуға өзі бастап мұрындық болатын. Сондай-ақ дәмді қымыз ашытудың маманы. Қазы-қарта сүрлеудің, бау-бақша өсірудің шебері.
Кейін олар оң жағалаудағы Шабдаржап (қазіргі Тайпақ ауылдық округінің бөлімшесі) ауылына ауысты. Бұл ауыл осы әулеттің үрдісінен үлгі алғандай атбегілік дәстүрді кең қолдап отыр. Оның басы-қасында Харькин орта мектебінің ұстазы, елжанды азамат Әлібек Қайырғалиев жүр. Ат спортын дамытуды көздейді. Жас шабандоздар мектебінің көшін ойластыруда. Оның жылқыға деген құштарлығына қызығасың. Соңғы екі-үш жылда жаз бойы бие байлап, қымыз өндірді. Жылқының жайын жетік біледі. Таңатжанды өзіне ұстаз санайды.
Мұнда Еламан Жәрдемов, Бектас Азаматов, Жамбыл Хамидуллин, Елжас Көшенов, Қайсар Ізғалиев, Қалы Файзолла сияқты жеткіншектер ат жалын тартып мінгеннен осы қасиетті өнегеге ден қойды. Ендеше, атбегілікті қастерлейтін әулеттің, ауылдың өнегесі жансын делік.
С.Ихсанғали «Дауыс көтеріп көргенім жоқ» деген мақаласында ұстаз Б.Сапиев туралы жазған.
Орал педагогикалық колледжінің тәжірибелі ұстазы Біржан Сапиев тәрбиелі де текті отбасынан шыққан. Ол – аяулы жар, асқар таудай әке.
Биыл 55 жасын еңсерген азамат бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Өсірді деуіміз де орынды. Өйткені үш қызы өмірде ғана емес, тұрмыста да лайықты орнын тапты. Тұла бойы тұңғышы Зарина бухгалтер, кәсіпкер отағасы Еркінмен бірге Ақсай қаласында түтін түтетуде. Жиендері Гүлзира мен Арслан өз жұрты ғана емес, нағашы ата-әжесінің де бауыр еті. Онан кейінгі қызы Гүлмира екі «қызыл» дипломның иесі, күйеу баласы Айғали «Қазтелекомның» ортан қолдай маманы болып еңбек етеді. Қыздың кенжесі Жаңылсынның да тұрмысы қалыпты. Өзі облыс орталығындағы бір мекемеде кадр бөлімінің меңгерушісі, ал жұбайы Айдос - құрылысшы. Сүт кенжесі Қуанжан - мұнай-газ саласының маманы.
- Абзал әке ұл-қызға қамқоршы, әрі өмірлік бағыт-бағдар берер басты ақылманы болуы тиіс.
Айтуға оңай болғанымен, мұның өзі кез келген ер-азаматтың қолынан келе бермейді. Нәтижесінде жанұяда ашу-ыза мен наразылық, алауыздық туады. Мұндай жағдай жақсылыққа апармайды. Бұл - бір. Екіншіден, балаға ұрса беру де тиімсіз. Өзім ешқашан басқа түгілі, балама дауыс көтеріп көргенім жоқ. Өйткені өзім өскен ортада ардақты әкемнің бір ұрыс-қанын естімеппін. Оның бізге сынай қараған көзқарасы жарап жатыр. Нағыз қазақы отбасында өскеніме әлі күнге дейін ризамын. Ауылда тұрса да, әкем Кәрім ұжым басшысы болғасын, үнемі далада жүрді. Балалықпен ағат қылыққа барсақ, анамыздың «Әкеңе айтамын!» деген бір ауыз сөзінен жасқанып, жұмсаған жеріне қарай жылжып жүре береміз. Міне, сол әке-шешенің тәрбиесі санамызға сіңіп, ол әрі қарай заңды жалғасын табуда, - дейді отағасы.
Біржан Кәрімұлының пайымдауынша, әке үшін ұлдың да, қыздың да айырмасы болуы мүмкін емес. Себебі екеуі де бауыр еті, ұрпағы. Әсіресе, қызға қатал қарауға, оған әкесінің ұрсуына үзілді-кесілді қарсы. Оған тек анасы, әжесі немесе әпкесі ғана ұрса алады немесе оғаш қылықтан тыяды. Қыз баланың кез келген шаңырақтың уақытша қонағы екенін естен шығармау қажет. Әдетте ұлды әкесі тәрбиелеуі тиіс. Бірақ ұрсу немесе қол көтерумен емес. Әрине, қатаң талап қою өте орынды.
- Бақытыма орай, жұбайым Ботакөз көп балалы отбасынан болып шықты. Ол – Ақтөбе облысының тумасы. Төрт ұл, жеті қыз өскен шаңырақта әкенің беделі өте жоғары екен. Сондықтан жан жарым да мені тек азамат ретінде ғана емес, аяулы әке ретінде сыйлап, ұл-қыздарымның алдында төрдегі басымды босағаға сүйреп көрген емес. Міне, 32 жыл бойы тату-тәтті, өзара сыйласып өмір сүріп келеміз. Сол үшін оған өте ризамын.
– Отбасының беріктігінде атаенемен бірге тұрудың да маңызы ерекше. Өкініштісі сол, бүгінгі келіндер, әсіресе, өңіріміздің қыздары ата-енемен бірге тұрудан қашқақтайды. Бұл – қате ұстаным. Керісінше, ата-енемен бір шаңырақтың астында ғұмыр кешу – өмір мектебі. Әрі үлкендердің жанашырлық қамқорлығы мен көмегін пайдаланып, перзенттерін өсіріп алудың өзі бір ғанибет, - дейді ол ұрпақ тәрбиесі жөніндегі әңгімесін сабақтай түсіп. Біржанның пайымдауынша, ата-енесімен бірге тұрғаннан жас келіннің ұтары көп. - Баламның үлкені ата-әжесінің бауырында болды. Өзімшіл боп өскен дара баладан ата-әжесінің бауырында болған ұл-қыз әрі есті, әрі епті, әрі әдепті болады ғой. Мәселен, біздің әкеміздің үйінен қонақ арылған емес. Қанша кісі әкелсе де, анамыз қабағын шытқанын көрмеппін. Сол бағытқа жұбайымды да баулыды. Меніңше, жас келін кемінде үш жыл бойы ата-енесінің қолында тұруы тиіс. Мұндай жағдай жас келінді үй шаруасына ширатып, әрі әулеттегі жарасымды сыйластыққа жол ашады, - дейді Біржан.
Ата-анасынан бөлек шыққаннан кейін Біржан жан жары Ботакөзбен бірге бұрынғы Тайпақ ауданының ауылдарында мектеп басқарды. Екеуінің әріптес болғандығының (Ботакөз - математика пәнінің мұғалімі) да пайдасы тиді. Бірін-бірі тек сөзбен емес, қасқабағынан түсінетін ерлі-зайыптылар әрі қарай тату-тәтті өмірін жалғастырды. 1998 жылы Орал қаласына қоныс аударды.
- Адамға сенгішпін, ешкімнен ешқашан да жамандық күтпеймін. Әрине, бұл қасиетімнің кейде «ақауы» да бар. Бірақ «Аққа Құдай жақ» деп алаңсыз жүре беремін. Үш қызымның зайыбын күйеу емес, ұлым деп есептеймін. Қазақта «Пайғамбар да күйеуін сыйлаған» деген қанатты сөз бар ғой. Халық сөзінің дұрыстығына бүгінде көзім жетті. Ал «Аталап» жаныңнан шықпайтын жиеннен қалай айналмайсың?! Жалпы, өзім ұл-қызым есейгенше қазақтың ертегі, аңыз, тағылымды хикаяларын жинап, оқып, олардың сұрақтарына жауап қайтарғанды жаным сүйетін. Өйткені өте кітапқұмармын, мамандығым биолог-географ болса да, әдебиетке жаным жақын. Жақсы кітап, шығарма, тіпті газет-журналдағы қызықты мақала болса да, ұлыма, қыздарыма, күйеу балаларға, онан қалса, жұбайыма ұсынамын.
Математик болса да, ол да оқуға құштар. Айтпақшы, өзімнің алғашқы оқыған әдеби кітабым - «Менің атым Қожа». Қазір деректі, тарихи және өмірбаяндық кітаптарға ерекше бүйрегім бұрады, - дейді ойын түйіндеген азамат.
Бұрын «Әу» деп ән айтпаған қазақ болмаған. Сол сияқты Біржан да Шәмшінің, Әсеттің әндерін сүйсіне тыңдайды. Реті келсе, өзі де әуелетіп айтады. Кезінде әкесі де, ағасы да домбыраның құлағында ойнапты. Қазір қолы қалт етсе, домбыраға аңсары ауып тұрады. Жігіт кезінде гитара мен мандолинада шебер ойнап, талай жастық жиынның көркі болды. Отағасының өнерге құштарлығы ұл-қызына да дарыған.
Г.Әжігереева «Жергілікті сүт өнімдері молая ма?» деген мақаласында өңірдегі сүт өнімдерін өндіру мәселесін көтерген.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60-қадамындағы «Сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту» мақсатына орай облысымызда біркелкі жұмыстар атқарылуда. 2016 жылдың 1 қыркүйегіне облыстағы шаруашылықтардың барлық санаттары бойынша 171218,6 тонна сиыр сүті өндірілген және бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңіндегі өнідірілген өнім көлемімен салыстырғанда 4,1%-ға жоғары. Жалпы, алдағы уақытта Ақ Жайық өңірінде сүт өнімдерін өндіру және өңдеу ауқымы ұлғая түспек.
Тауарлы сүт фермалары құрылуда
Өңірдегі бірқатар шаруашылық сүтті мал шаруашылығымен айналысуға, соның ішінде тауарлы-сүт фермасын құрып, сүттен бұлақ ағызуға ықылас білдіруде. Өйткені елімізде сүтті-тауарлы фермаларды дамыту мақсатында өткен жылы «Ырыс» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама бойынша сүтті бағыттағы асыл тұқымды аналық мал басы мен қажетті техника, құрал-жабдықтарды сатып алуға жеңілдетілген несие беріледі.
Облыс орталығы Оралға таяқ тастам жердегі Зеленов, Теректі және Тасқала, Бөрлі аудандарында сүт өндіру бағыты жақсы дамыған. Енді мамандар Оралдың маңындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сүт фермаларын құру жайында бағыт-бағдар, кеңес беруде. Биыл өңірде «Ырыс» бағдарламасы аясында 300 басқа арналған (100 басқа арналған екі, 50 бас малға екі шағын сүт кешендері) шағын тауарлы сүт фермаларын құру жоспарланған. 2014-2015 жылдары облысымыздағы бес шаруашылық 326 асыл тұқымды сүтті бағыттағы ірі қара мал сатып алған және осы мал үшін 40997,2 мың теңге мемлекеттік субсидия төленді.
Облыста жеті шаруашылық асыл тұқымды сүтті бағыттағы мал өсіреді. Бұл шаруашылықтарда 1241 ірі қара мал («Нұр» ШҚ-да 147, «Шамұрат» ШҚ-да 51, «Валентина» ШҚ-да 162, «Покатиловка» ШҚ-да 25, ««Ақас» агрофирмасы» ЖШС-да 639, «МТФ-ОП Ақжайық» ЖШС-да 50, «Кубеев» ШҚ-да 167 бас) болса, соның ішінде сауын сиыры 775 басты құрайды. Биыл тауарлы сүт фермасын құру үшін Тасқала ауданының «Луч» шаруа қожалығы өз қаржысына асыл тұқымды 51 голштин тұқымының қашарын сатып алып, мемлекеттік қолдау бойынша 7854,0 мың теңге субсидия алды. Зеленов ауданындағы «Шканов» шаруа қожалығы Ресейден голштин тұқымды 100 қашар сатып алып, субсидиялауға құжаттарын тапсырды және 50 бас малға субсидия алды. Зеленов ауданының «Кубеев» шаруа қожалығы 100, Бөрлі ауданының «Евраз ЛТД» ЖШС 185 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды шетелдік ірі қара малының аналықтарын «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы сатып алу үшін жұмыстануда.
Тұрғындардан сүт жинайды
Сүт өндіру негізінен қалаға іргелес аудан-ауылдарда белсенді жүруде. Облыс орталығынан шет жатқан аудандарда сүт өндіру ісі кешеуілдеп қалған. Олай болатын жөні де бар, шалғай аудан-ауылдардың басым бөлігі етті бағыттағы ірі қара малын өсіреді. Сондықтан етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды тауарлы малға қосу арқылы тұқымдық түрлендіру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесіндей өңірдегі мал басы саны жыл санап өсіп келеді. Енді оңтүстік аудандарда сүтті мал шаруашылығын жандандыру мақсатында алдымен несиелік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары қолға алынған. Оңтүстік аудандардың ішінде Жаңақала ауданының «Шамұрат» шаруа қожалығы, Бөкей ордасы ауданының «Жұмағұлова» жеке кәсіпкерлігі сүтті бағыттағы мал өсіруді бастады. Жәнібек ауданының «Ұлан» шаруа қожалығы сүтті қайта өңдейтін кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр.
Дегенмен де өңірімізде ет өндіру кооперативтері көбірек құрылып, сүт өндіруші кооперативтер құру ісі кенжелеп қалған жоқ па деген сауалымызды сала басшылығынан іркіп қала алмадық.
- Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігімен жаңа бағыт жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру және жұмыспен қамту мақсатында сүт өндіріп, жинап өткізуді дамыту үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалары бөлімдері арқылы несиелеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Зеленов ауданы бойынша 2 сүт қабылдау пунктін ашу және 4 сүт тасымалдайтын автокөлік сатып алу жоспарланып, қазіргі таңда «Каверин» жеке кәсіпкерлігі Дариян ауылында күніне 20 тонна сүтті қайта өңдейтін кәсіпорынның 380 шаршы метр аумағын әрлеп, коммуналдық жүйелерді өткізу жұмыстарын аяқтады. Қажетті құрылғылар мен жабдықтар (танкер, пастерлеуші аппарат, сүт тартқыш машина, ірімшік дайындайтын аппарат және өзгелері) 62 млн. теңгеге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның несие қаржысы арқылы сатып алынады деп жоспарлануда, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков. Оның айтуынша, қазан айында аталған кәсіпорынды жөндеп, жабдықтап іске қосқаннан кейін Железнов ауылында сүт қабылдау қосынын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда «Каверин» ЖК Зеленов ауданының ауылдарынан сүт тасымалдайтын 4 автокөлігімен сүт жинап, Орал қаласындағы өзінің сүтті қайта өңдейтін кәсіпорнына жеткізуде.
Ауылдардағы жұмыссыздықты азайтуға сүт өндіру жөніндегі жеке және заңды тұлғалардың тұтынушылар кооперативтерін құрудың септігі тиетіні сөзсіз. Сондықтан мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау бағдарламаларын түсіндіру жұмыстары облыстық және ауданаралық жиындарда әр ауданда бөлек-бөлек жылына бірнеше рет өткізілуде.
- Егер ауыл-аудандарда сүт өндіру кооперативтері құрылған жағдайда, оның иелеріне сатып алған әрбір отандық асыл тұ-қымды мал басы үшін 154 мың теңге демеуқаржы беріледі. Ал асыл тұқымды ірі қара шетелден әкелінсе, онда бір бас үшін 118 мың теңге демеуқаржы төленеді. Сонымен қатар жалпы табындардағы сиырларға асыл тұқымды бұқа қосқаны үшін шаруашылыққа 104 мың теңге субсидия беріледі, - деді Марат Оңғарбеков. Аталмыш басқарма басшысының айтуынша, бұл мәселеге қатысты ешқандай қиындықтар туындамаған. Тек күні бүгінге дейін Ресейдегі эпизоотиялық жағдайға байланысты ол жақтан мал кіргізуге шек қойыл-ған. Сонымен қатар Ресейдің облысымызға жақын аймақтарында сүтті бағыттағы малдың құны жоғары болып отыр.
Сүтті қайта өңдеген тиімді
Мамандардың айтуынша, облыста жыл сайын 200 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Өндірілген сүт халықтың сұранысына ие және ол арнайы 11 кәсіпорында қайта өңделеді. Сүт өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың ірілері «Береке» АҚ, «Каркула» ШҚ, «Жастық» ЖШС, одан басқа сүтті тереңдете қайта өңдеумен «Каверин» ЖК, «Сары-Бел» ЖШС, «Ақас» ЖШС айналысады. Өткен жылы осы өңдеушілермен 883 тонна сүт және кілегей, 441 тонна сары май және тағы басқа 440 тонна сүт өнімдері өндірілді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 1230 тонна өңделген сұйық және кілегей сүт өнімдері, 151 тонна (2015 жылдың осы кезеңінде-36 тонна) сары май, 129 тонна (2015 жылы- 30 тонна) ірімшік және сүзбе өнімі және тағы басқа 296 тонна сүт өнімдері өндірілген.
Алдағы уақытта облыста сүтті қайта өңдеу саласы қарқынды дамымақ. 2020 жылға қарай өңделген сұйық және кілегей сүт өнімдерін өндіруді 4300 тоннаға дейін, сары май өнімдерін шығару көлемін 500 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Соның бір мысалындай болып, Тасқала ауданында орналасқан «АгроАДМ» ЖШС-да (басшысы А. Перниеев) базасында сүт өңдеу цехы ашылмақ. Бүгінде цехқа арналған ғимарат сатып алынып, оған жөндеу жасалуда. Сүт өңдейтін жабдықтар жеткізілген және оларды құрастыру, орнату биылғы қазан айына жоспарланған. Кәсіпкер сүт өңдеуге арналған жабдықтарды Атырау облысынан 10 млн. теңгеге сатып алды. Цехтың қуаттылығы тәулігіне 1000 литр сүт өнімдерін (500 литр сүт, 50 литр қаймақ, 400 литр айран және 50 литр йогурт шығарады) өндіруге қауқарлы. Сүтті Тасқала ауданының тұрғындарынан сатып алу жоспарланған.
Өндірілетін өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату мақсатында сүт өңдеуші кәсіпорындар жаңа технологияларды өндіріске енгізуде. Шикізатты тереңдете қайта өңдеу бойынша жаңа желілердің қолданысқа енгізілуі ішкі тұтыну нарығында отандық азық-түлік өнімінің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Дегенмен облыс нарығына айтарлықтай көлемде сүт өнімінің импорты жеткізілетіні белгілі. Кеден одағы мен ТМД елдерінен әкелінетін өнімдердің көп болуы, жергілікті кәсіпорындардың технологиялық жабдықтарының тозуы, қайта өңдейтін кәсіпорындардың шикізатты сақтайтын қойманың және тасымалдайтын техниканың болмауына байланысты қайта өңдеу саласының дамуы әлі де баяу. Бүгінде «Береке» ЖШС-ның сүт және қышқыл сүтті өнімдер шығару бойынша өндірістік қуаттылығы орташа 30-35%-ды, «Жастық» ЖШС-да 40%-ды, «Каверин» ЖК-ның өндірістік қуаттылығы 50-60%-ды құрайды.
Елбасымыз Қазақстанның ет пен сүт өнімдерін шығару бойынша ірі аймақтық экспортерге айналуы тиістігін бірнеше рет атап көрсеткен болатын. Мемлекет те ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілерге барынша қолдау-көмек көрсетуде. Мамандардың айтуынша, 2015 жылдан бастап «Өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете өңдеп, өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама бойынша май өндіру үшін сатып алынатын 1634 тонна сүтті демеуқаржылауға 34,3 млн. теңге бөлініп (нормативі 1 литрге 21 теңге), «Каверин С.В.» ЖК-ге және «Береке өнімдері» ЖШС-ға субсидия берілді. Ал 2016 жылы бұл мақсатқа 24,3 млн. теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасы аясында сүт-тауарлы ферманың құрылысы кезінде жұмсалған шығындардың 50%-ын субсидиялауға мүмкіндік бар. Сондықтан сүтті мал өсіремін, сүтті терең өңдеймін дейтін іскер, шаруа баққан азаматтарға мемлекеттің тарапынан көрсетілетін қолдау баршылық.
Шыңғырлау ауданынан Қ.Елемесов «Мәселені «Болашақ» шешіп берді» деген репортажында жаңа балабақшаның ашылғанын хабарлаған.
Жуырда Шыңғырлау ауданы тұрғындарының көкейкесті тілегіне айналған балабақша мәселесі түбегейлі шешіліп, жаңа 290 орындық «Болашақ» балабақша-бөбекжайы халық игілігіне берілді.
Аудан бойынша бүгінгі күнге дейін тұрғындарға қызмет көрсетіп келген балабақшалар түгел ыңғайластырылған ғимаратта орналасып, мектеп жанынан да ұйымдастырылып келген еді. Бұлардың өзі ішінің тарлығы, орынның тапшылығымен халық сұранысын толық өтей алмайтын. Аудан орталығының өзіндегі жыл сайынғы балабақшаға тұрған балалар кезегі бір жылдан екінші жылға ауысып, мейлінше көбейген болатын. Міне, осы мәселенің барлығы бір-ақ сәтте шешіліп, аудан орталығындағы барлық мектепке дейінгі балалар түгел балабақша қызметімен қамтылатын болды.
Республика бюджетінен қарастырылған қаржыға екі қабатты, заманауи және барлық құрал-жабдықтар, медициналық кабинет, асхана жабдықтары қамтылған үлгі жобадағы балабақша ғимараты салынды. Құрылысты жүргізген «Алтим» құрылыс фирмасы өз жұмысын сапалы және уақтылы орындап шықты.
Балабақшаның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева қатысты. Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесі қарсаңындағы бұл толағай тартуға құттықтау тілегін жеткізген М. Тоқжанов облыс басшысы А. Көлгіновтың атынан компьютерлік сынып, яғни 10 ноутбукпен қамтылған кешенді сынып құралдарын сыйлады.
Қос қабатты ғимараттың жалпы көлемі 13050 шаршы метрді құрап, балаларға қажеттінің барлығын ұсына алатын жағдайға келтірілген. Бүгінгі таңда балабақша толық қуатында жұмыс жасап тұр. Атап айтқанда, 80 орынды 1-3 жас аралығындағы бөбектер толтырып, 165 орынға 3-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер қабылданған. Бұған қосымша екі топ, барлығы 45 бала мектепалды даярлық тобында тәрбиеленуде. Даярлық тобындағы балалар түске дейін даярлық сыныбы бағдарламасымен оқып, түстен кейін балабақша режимінде тәрбиеленеді. Білім саласының «мектепке дейінгі ұйымдар стандартында» көрсетілгендей, 1-6 жасқа дейін әрбір бүлдіршін балабақшада бола алады, осыған орай даярлық сыныбының екі тәрбиеші-мұғалімі де балабақшаның штаттық кестесіне енгізіліп, жұмыстануда. Сондай-ақ балабақшада үш тілділік бағытындағы «Достық» тобы жұмыс жасап тұр.
Балабақша-бөбекжай жалпы саны 12 топқа есептелген, сабақ оқу бөлмелері, жатын жай, сантехникалық тораптар мен ғима-рат сыртындағы арнайы ойын алаңдары да қамтылған. Нысанда 84 маман жұмыс жасауда. Дефектолог, логопед, психолог маман кейбір сөйлеу қабілеті төмен балалармен жұмыс жасап, диетолог және медбике қызмет көрсетеді.
А.Жомартқызы «Кондуктор неге мырс етті?» деген мақаласында қаладағы оқиға жөнінде баяндайды.
Жуырда қалаішілік автобусқа мінгенмін. Кондуктор жасы қырықтардың шамасындағы кісі екен. Бір қолында алма, екінші қолымен тиын санап отыр.
- Қайтарым ақшаңызды ала қойыңыз, - деп тиындарды сылдырлатып, алақаныма салды. Қолымда сусыннан босаған кішкене бөтелке бар еді.
- Әкел қолыңдағыны, - деді есік ашылған кезде.
- Оны қайтпексіз?
- Далаға лақтырып жіберейін. Ұстап тұрасың ба не?
Ересек адамның бұл сөзіне не күлерімді, не жыларымды білмедім.
- Жоқ, болмайды. Түскен соң қоқыс жәшігіне лақтырамын, - дедім ренжіңкіреген кейпімді танытып. Орынсыз сөйлегені үшін өзі де қысылды-ау деймін, артынша мырс етті де, басын шайқады.
Мұндай жайттар күнделікті өмірде жиі кездеседі. Қаладағы өзге көшелерді айтпағанның өзінде, Еуразия, Достық секілді негізгі даңғылдардың бойынан бос бөтелке, темекі тұқылы, алманың қалдығы секілді қоқыстарды жиі көруге болады. Әсіресе, «City Center» сауда орталығының айналасында орналасқан аялдамалардың маңында автобус билеттері шашылып жатады. Көліктен түскен соң, билетті арнайы жәшікке тастай салудың түк қиындығы жоқ қой. Асығып бара жатсаңыз, үйіңізге кірген соң қалтаңыздан шығарсаңыз да болады. Бір жапырақ қағазды умаждап келіп, жерге атып ұрып, сұмдық тірлік тындырғандай шырт түкіретіндерге не дерсіз?!
Түкіру дегеннен шығады. Біз тұратын тұрғын үй беріде ғана қаланған. Әйткенмен, подъездің ішіне кірсеңіз, терезе алдында ішімдіктің бос құтысы, темекі қорабы, целлофан қапшықтары үйіледі де жатады. Бұл жермен күніне қанша жеткіншек өтеді, оларға көрсете алған үлгіміздің осы болғаны ма?! Сәби түгілі, ересек адамның өзі дәл мұндай көріністен жиіркенері кәміл. Ал лифтіге мінсеңіз, едендегі қақырық-түкіріктен жүрегіңіз айнып, жоғары қабатқа дейін зорға шыдайсыз. Ойыңды басқаға бөлгің келіп, қабырғаға қарасаң да соған ұқсас жайт. Құдды бір есімін тарихқа алтын әріппен қалдырғандай қырнап, «Здесь был Алишер», «Я тебя люблю, Саида», «Димка крутой» сықылды сөздерді жазып кеткені. Таланттары тасып бара жатқан «Пабло Пикассолар» да бар әлгілердің арасында. Лифт ішіндегі «жұпар иістің» жыры бір бөлек.
Тура осындай түсінігімізбен Батысқа барсақ, өміріміз айыппұл төлеумен өтетін тәрізді. Өйткені ол жақта заң қатал. Бұзақылығың бос қалмайды. Мәселен, Германияда «қоқыс детективтері» қызмет атқарады. Франкфурт қаласындағы күзет фирмасының қызметкерлерін осылай атайды. Олар халық көп жиналатын орындарды қадағалап, тазалықты талап етеді. Кімде-кім жерге қоқыс тастай қалса, шырт еткізіп суретке түсіріп алады. Айыппұлды төлегісі келмесе, тәртіп бұзушының жаңағы суреті сотқа жіберіледі. Айтпақшы, немістердің айыппұлы қоқыстың түріне тікелей байланысты екен. Мысалы, асфальтқа лақтырылған темекі тұқылы, орама қағаз немесе бөтелке үшін 20 евро, шайналған сағыз, тамақ өнімдерінің қалдығы үшін 35 евро төлеуіңізге тура келеді. Ескі жиһаз және техниканы көшеге тастауға болмайды, ал бұлай болған жағдайда 150 мен 600 евро аралығында айыппұл өтейсіз. Римде қалдықты абайламай басқа контейнерге лақтырсаңыз, сізге 300 евродай айыппұл төлетеді. Өйткені мұнда қағаз, полиэтилен немесе пластмасса қалдықтарының әр-қайсысына бөлек жәшік орнатылған.
Ал елімізде қолданысқа енгізілген жаңа Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша мұндай құқықбұзушылық үшін 10 АЕК, яғни 19820 теңге көлемінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке дейінгі мерзімді қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза көзделген. Соған қарамастан, облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері қаламыздағы қоғамдық орындарды ластау туралы 1271 дерек тіркеліпті.
«Бәрі де адамзаттың қолында! Сондықтан қолдарыңды жиі жуып жүріңдер!» депті бір австриялық жазушы. Қолымыздан бастап жалпы айналамызды тазалықта ұстауға әдеттенгеніміз жөн-ау.
Л.Шағатай «Бағбан әже» мақаласында жасы келсе де, бағбандықты тастамаған тұрғын жөнінде сыр шертеді.
Биыл бағбандар үшін нағыз қолайлы жыл болғаны даусыз. Өйткені жауын-шашынның көптігінен егін мен бау-бақша өнімдерінің түсімі мол.
Жасы сексенді алқымдаған Батырова Нәсіпханым әже бау-бақша өсірумен айналысады. Әжейдің отбасы 2007 жылы Қазталов ауданының Талдықұдық ауылынан көшіп келіп, содан бері қала іргесіндегі үйінің ауласын жеміс ағаштарына толтырып үлгеріпті. Қалған жеріне бау-бақша егуді тұрақты кәсіптеріне айналдырған. Аулаға кіре бергеннен-ақ алма ағашының бірнеше сұрпы, сары өрік (абрикос), қара өрік, шие ағаштары, құлпынай, қарлыған (крыжовник), таңқурай, қара қарақат көздің жауын алады. Одан бөлек қыза-нақ пен қияр, бұрыш пен қызылша, асқабақ, жүгері, қауын-қарбыз жылдағыдан көп өнім берген екен. Төккен тер, тынымсыз еңбегінің арқасында бау-бақшаға жан бітірген Нәсіпханым әже енді жеміс-жидектер мен көкөніс өнімдерін қысқыға дайындаудың қамына кіріскен. Ол бізді қасына ерте жүріп, бақша күтімі туралы тәжірибесімен бөлісті.
- Бақша егуді ауылда тұрған кезімізде бастадық. 1978-79 жылдары болу керек, отағасы бақша егуді қолға алды. Талдықұдық ауылының топырағы сазды әрі қатты болатын. Соған қарамастан қи мен күлді қара топыраққа араластырып, қопсытып, жерді бір жыл бұрын дайындадық. Келер жылы көктемде бақшаны шағын ғана жерге салып көрдік. Ауылдың жанында ескі су арнасы болатын, бақшаны сол арқылы суаратынбыз. Еңбегіміз еш кетпей, сол жылы біраз олжалы болдық. Бақша егудің кәдімгідей пайдасын көріп, енді бұл істі жыл сайын жалғастыруды әдетке айналдырдық. Алғашқы жылдары қиярқызанақ, пияз секілді көкөністерді ексек, жыл сайын олардың түрі мен қатарын көбейте түстік. Тіпті бір жылы қызанақты 200 түпке дейін отырғыздық. Пайдасы көлкөсір болды. Ауылда қарапайым жұмысшы болдық, таңнан кешке дейін диірменде бидай тарта жүріп, жұмыстан кейін түн батқанша бақша баптаймыз. 41 жасымда 8 баламен жесір қалдым. Үйдің кенжесі небәрі жас жарымда болатын. Қандай қиын болса да, ешкімге алақан жаймадым, жоқ деп жыламадым. Тіпті заманның аумалы-төкпелі тұсында да бізге шынайы жаны ашыған адамдар сирек болды. Сонда да мойымай, күндіз жұмыста, кеште бақшаның шаруасымен алысып жүріп, бәрін де аяқтандырдым. Содан қалаға қоныс аударып, өзіміздің жиған-тергенімізбен жаңа баспана салдық. Сөйтіп, жаңа қонысқа жеміс ағаштарын егуді қолға алдық. Бұл жердегі екі қанаттағы көршілерімнің екеуі де орыс ұлтынан еді. Бағбандықтың шаруасын өте жақсы біледі. Теректерді баптауды, кесуді, суаруды, қопсытуды, топырақ жаңалауды, жерді демалтуды солардан үйрендік. Міне, бізге тілектес болған азаматтардың арқасында аз ғана жылда айналамызды ағашпен көмкеріп, жаз бойы жемістің рақатын көріп отырмыз. Теректі тал кезінен қалай баптап өсірсең, жемісін де солай береді. Біреулер жас шыбықты қалай болса солай еге салады, ағаш отырғызатын жердің тереңдігін дұрыс қазбайды, артық бұтақтардан арылтпайды, түбін әктемейді, айналасындағы арам шөптерін отамайды. Мұның барлығы ағаштың жылдам тамырланып кетуіне кедергі келтіреді. Өйткені артық бұтақтары кесілмесе, жеміс ағаштарының бойы аласа, шашыраңқы өседі. Жемістері сирек әрі уақ болады. Ал арам шөптердің арасында зиянкес жәндіктердің көп болатынын білеміз, олар ағаштың жапырағы мен тамырын жарақаттап, өсуіне зиян-залалын тигізеді. Жалпы, жаңадан отырғызған көшеттерді аптасына кемінде үш рет суарған жөн. Ал күзгі мезгілде жауын-шашын аз болса, аптасына төрт рет суару керек. Сары өрік (абрикос) жиі жер ауыстырғанды (пересадка) жақсы көреді, бұл әдісті үш ретке дейін қайталауға болады. Тез жерсінеді. Ал алма ағашының жерінің диаметрі 80-90 сантиметрден кем болмауы керек. Бақша егу еріккеннің ермегі емес, бұл адам мен табиғаттың үндестігі деуге болады. Әрі еңбек етесің, әрі табиғатты аялауға үйренесің, - деп сөзін түйді бағбан әже.
Нәсіпханым әже - бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, сегіз баладан өрбіген немере-жиеннің қызығына кенеліп отырған, үлкен әулеттің мәуелі бәйтерегіне айналған бақытты ана. Әттең, тек отағасы тым ерте кетті... Бағбан-әженің сексенді алқымдаса да, өз жасынан әлдеқайда тың көрінуі табиғатты ерекше сүйгендігінен шығар деп топшыладық. Әженің бұл ісі тек сол шаңыраққа ғана емес, исі қазаққа үлгі деп білеміз.
Газеттің 15 қазан күнгі санында «Зенитке» 75 жыл!» деген ақпаратта (А.Өтебәлі) елге танымал зауыттың 75 жылдығы аталып өтілгені баян етілген.
Жұма күні ««Зенит» Орал зауыты» АҚ-ның ұжымы өз кәсіпорындарының 75 жылдығын атап өтті. Зауыт жанындағы мәдениет сарайында өткен мерейтойлық салтанатқа зауыт басшылығы мен жұмысшылары, еңбек ардагерлері, кәсіпорынның серіктес компанияларының жетекшілері, облыс әкімдігінің өкілдері мен ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко қатысты.
Салтанатты шараға келгендер ең алдымен зауыт өнімдерінің эскиздері қойылған көрмемен танысты. Содан кейін зауыт ұжымы мен қонақтар кәсіпорын жөніндегі бейнебаянды тамашалады. Бұдан соң ««Зенит» Орал зауыты» АҚ-ның бас директоры Вячеслав Валиев сөйлеп, кәсіпорынның жетістіктері жайлы баяндады.
- Зауыт сонау сұрапыл соғыс жылдары қоршауда қалған Ленинград қаласынан Қазақстанға көшірілген. 1941 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын еліміздің қорғаныс қызметіне қажетті құрал-жабдықтар мен газ-мұнай және ауыл шаруашылығына арналған жабдықтарды жасап шығаруда. Ұлы Отан соғысы жылдарында зауыт Кеңес әскері мен әскери теңіз флотын қажетті жабдықтармен үздіксіз қамтамасыз еткені үшін І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталды.
Зауыттың инженер мамандары мен жұмысшыларының біліктілігінің және кәсіпорынның қуаттылығының арқасында компания соңғы жылдары азаматтық мақсаттағы өнімдермен қатар әскери теңіз күштеріне арналған арнайы техникаларды да шығара бастады. Кәсіпорын ҚР Қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің тапсырысымен тәуелсіздік жылдары 25 дана кеме жасап шығарды, - деген Вячеслав Хамзиевич осындай үлкен жетістіктерге қол жеткізген ұжымына ризашылығын білдіріп, әріптестеріне алғысын айтты.
Шарада сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов кәсіпорын ұжымын өндіріс ошағының 75 жылдық мерейтойымен құттықтады.
- Кәсіпорынның 75 жылдық мерейтойы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келуде. Бұл зауыттың еліміздің қорғаныс саласына қосқан үлесі зор. Жыл сайын бір кеме жасап шығарып отырған зауыт биыл 25-ші кемесін даярлап, егемен елімізге үлкен сыйлық жасады. Сонау тоқырау жылдарында қиыншылықтар туындап, тоқтап қала жаздаған зауыттың қайта жандануына Елбасымыздың ықпалы көп болды. Ол кісі елге пайдалы зауытты әрқашан назарында ұстап, үлкен қолдау көрсетіп отырды. Нәтижесінде ««Зенит» Орал зауыты» АҚ еліміздегі кеме жасау ісімен айналысатын бәсекеге қабілетті іргелі кәсіпорынға айналды.
Бүгінде осы зауыттан шыққан «Барс КМ» жобасының зымыранды артиллериялық кемесі, «Диверсияға қарсы катер», «Көп атқарымды» әмбебап кемесі еліміздің қорғаныс қызметінде кеңінен пайдаланылуда. Ел игілігіне 75 жыл бойы үздіксіз қызмет етіп келе жатқан кәсіпорынның өндіріс көлемі соңғы кездері екі есеге дейін артты. Алдағы уақытта зауыт өндіріс көлемін бұдан да арттырып, су сыйымдылығы 700 тоннаға дейін жететін алып кемелерді жасауды жоспарлап отыр. Өнімді еңбектің нәтижесінде кәсіпорын мемлекет бюджетін молайтып, үздік салық төлеуші мекеме атанды. Серіктестік үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын ретінде республикалық «Парыз» байқауына жыл сайын қатысады. 2003 жылы аталмыш байқауда ««Зенит» Орал зауыты» АҚ республика бойынша «Үздік ұжымдық келісімшарт» аталымын жеңіп алды. Бұл кәсіпорында еңбек заңдылығының жақсы сақталатынын көрсетеді. Қазіргі таңда кәсіпорын мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Мұндағы берекелі тірліктің негізін қалаған осы зауыттың алғашқы басшысы Петр Атоянның есімін әр кез жадымыздан шығармай, құрмет тұтуымыз керек. Осы кәсіпорында 56 жыл бойына еңбек еткен П. Атоян мұнда еңбек династиясын қалыптастырып кетті. Сондай еңбекқор жандардың ісін жалғастырып жүрген Вячеслав Валиевке және ұжымға мықты денсаулық пен толағай табыс тілеймін, - дей келе Алтай Сейдірұлы кәсіпорын ұжымына ризашылығын білдіріп, бірқатар еңбек озатын облыс әкімдігінің алғысхатымен марапаттады.
Салтанатты кеш мерейтой иелеріне арналған концерттік бағдарламаға ұласты.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі «Жастар басқармасында жаңа басшы» тағайындалғанын хабарлаған.
Аян Қажимерұлы Сакошев конкурстық негізде Батыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы болып тағайындалды. Кеше облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жаңа тағайындалған жастар жетекшісін аталмыш ұжымға таныстырды.
***
Аян Қажимерұлы Сакошев 1987 жылы туған, білімі жоғары, Л. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетін экономика мамандығы бойынша үздік бітірген. Қазақ гуманитарлық заң университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің менеджмент мамандығы бойынша магистрі.
ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында, «Нұр Отан» партиясының саяси менеджмент мектебінде оқығаны туралы сертификаттары бар.
2006-2010 жылдары «Қазақстан жастарының конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінде бас сарапшы, сараптама және жобалар бөлімінің басшысы болып істеді.
2010-2013 жылдар аралығында «Нұр Отан» партиясының орталық аппараты «Жас Отан» жастар қанаты Атқарушы хатшылығының жастар жобалары бөлімінің сарапшысы, кеңесшісі, меңгерушісі қызметін атқарған.
2013 жылдың ақпанынан бастап «Нұр Отан» партиясының орталық аппараты «Жас Отан» жастар қанаты хатшылығының басшысы.
Жастар саясатын дамыту мәселелерімен, жастарға арналған жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырумен айналысқан, басқарушылық жұмыста іс-тәжірибесі бар.
Н.Оразаев «Жасампаз еңбек мерекесі» деген репортажында Орал қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шаралар аясында Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өткенін жазған. Бұл мерекелік шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
Мерекеге орай таңсәріден қала орталығындағы М. Ықсанов көшесі бойында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ашылды. Қала тұрғындарына арналып ұйымдастырылған жәрмеңкеге өңір аудандарындағы және қаладағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер өз тауарларын қолжетімді бағамен саттыққа шығарды.
Облыстық «Нұр Отан» партиясы ғимаратында аталмыш мерекеге орай салтанатты шара өтті. Мерекеге жиналғандар ғимарат дәлізінде орнатылған теледидарлар арқылы әр ауданның экономикалық дамуы мен жетістіктерінен сыр шертетін бейнебаяндарды тамашалады.
Салтанатты шараға жиналған ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері мен ардагерлерін облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.
- Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл шаруашылығы қиын кезеңдерді бастан өткерді. Бүгінгі таңда өңіріміздің агроөнеркәсіп кешені айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Кеше ғана мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты еліміздің агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне құттықтау жолдады. Елбасы құттықтауында ауыл шаруашылығындағы жетістіктерге тоқталып өтіп, «Осының барлығы мейлінше мол тер төгуді, ұдайы қамқорлықты, зор қажыр-қайратты, білім мен тәжірибені талап ететін саланың бірі – егін шаруашылығының табысты дамып келе жатқанын даусыз дәлелдейді. Бұл саладағы азаматтардың бәрін құттықтап, бірден жеміс бере қоймайтын жер төсіндегі бейнетті еңбектері үшін» деп алғыс білдірді. Сонымен қатар ел Президенті «Біз Қазақстанда диқандардың адал еңбегі барынша бағаланып, ауыл шаруашылығы инвестицияға қолайлы, жаңа жобаларға, жастарымыздың күш-қуатына өріс ашатын келешегі кемел салаға айналуы үшін барлық жағдайды жасаймыз» деп атап өтті. Халқымызда «Ауылдың амандығы – елдің амандығы» деген ғибратты сөз бар. Расында да, ұлтымыздың тамыры – ауыл, тағдырымыз да соған байланысты. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту – бұл 443 ауылдық елді мекенді өркендету, облыс тұрғындарының жартысынан астамын қолдау болып табылады. Мемлекет тәуелсіздік жылдары бұл салаға айрықша назар аударып, ерекше көңіл бөліп келеді. Тек 2016 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 8,3 млрд. теңге қаражат жұмсалды. Сонымен қатар 2016 жылы ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 3,6 млрд. теңге «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы несие ресурстары тартылды. Біздің өңіріміз – асыл тұқымды Көшім жылқысы, қазақтың ақбас сиыры мен Еділбай қойының отаны. Соңғы 20 жылда ірі қара мал басы 30, қой мен ешкі – 50, жылқы – 60, құс саны 130 пайызға артты. Еуразиялық экономикалық одақ аясында және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі шаруаларымыздың аяғына нық тұруына, бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруға «Агробизнес – 2020» бағдарламасы шеңберінде барлық жағдай жасалуда. Үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларындағы есеп бойынша ауыл шаруашылығының ішкі тауарайналымы 14,4 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде экспорт 2,4 миллиард, импорт 12,0 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда өңіріміз ірі қара малы мен қой етін, балық, астық пен астық өнімдерін, майлы дақылдарды сыртқы нарыққа шығарып отыр. Бізде Ресей, Испания, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Өзбекстан мен Украина секілді елдермен сауда-саттық саласы мықты дамыған. Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласына деген қолдаудың, ауа райының қолайлы болуының және диқандар мен жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында биылғы жылы егін шаруашылығынан мол өнім алдық. Ағымдағы жылы өңіріміз бойынша дәнді дақылдан түскен өнім 318 мың тоннаны құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 35 есеге көп. Мол өнімге қол жеткізген шаруашылықтар қатарында Зеленов ауданындағы «Алтын бидай», «Матевосян», «Достық» шаруа қожалықтары бар. Олар әр гектар егістен 52,3 центнерден бастап 41 центнерге дейін өнім алды. Бұл – біздің өңір үшін үлкен жетістік.
- Біз бүгінгі мейрамда ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға және ардагерлерге, барлық диқандар мен мал өсiрушiлерге ерекше алғысымызды және ризашылығымызды бiлдiремiз. Сiздер қажырлы еңбектерiңiзбен елiмiздiң экономикасының дамуына ғана емес, қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып келесiздер. Егер биыл маңызды оқиға – ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы болса, келесі жылы Астана қаласында өтетін «EXPO – 2017» бүкіләлемдік көрмесі халықаралық қоғамның назарын өзіне аударады. Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлері көрменің ұйымдастыруына атсалысады деген сенімдеміз. Барлықтарыңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай келе, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, дастарқандарыңызға береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін, - деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.
Бұдан соң облыс басшысы ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбек етіп жүрген бір топ сала мамандарын марапаттады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Жаңақала ауданынан сала ардагері Жанболат Семенов, Теректі ауданы «Приречный» шаруа қожалығының жетекшісі Федор Савичев, Шыңғырлау ауданындағы «Усмангалиев» шаруа қожалығының жетекшісі Оразбай Османғалиев марапатталды.
Ал ақжайықтық Қанат Досқалиев, қазталовтық Өтепберген Бекжанов, бөкейордалық Исатай Ғабдуллин, сырымдық Болат Тасқалиев, жаңақалалық Тілеген Мусин, Жәнібек ауданынан Абай Жаманқұлов сықылды шаруа қожалықтарының жетекшілері ми-нистрліктің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Сонымен қатар салтанатты шарада бір топ қожалық жетекшілеріне министрліктің Құрмет грамотасы табысталды. Олардың қатарында Қазталов ауданынан Мұрат Хасанов, Қа-ратөбе ауданынан Айгүл Баянова, Тасқала ауданынан Ержан Хаиров сияқты еңбек адамдары бар.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығының әр саласы бойынша үздіктер анықталып, олар жекелеген аталымдармен марапатталды. Атап айтсақ, Зеленов ауданынан Сергей Шунайбеков «Үздік асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылық», Ақжайық ауданынан Ерболат Құрманғалиев «Үздік асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын шаруашылық», Ерболат Аткеев «Үздік асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын шаруашылық», Теректі ауданынан Вячеслав Балакиев «Үздік бау-бақша шаруашылығы» аталымымен марапатталды.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне арналған салтанатты шара «Ауылым – асыл мекен» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Бұдан соң облыс әкімі бастаған басшы азаматтар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап, тұрғындарға ұсынылған тауарлар бағасымен танысып, тұтынушылармен пікірлесті. Өңір басшысы аудан-ауылдардан келген шаруа адамдарына жәрмеңкеге атсалысқандары үшін алғыс айтты.
Мерекелік шара Зеленов ауданы Трекин ауылында өткен дала қызықтарына жалғасты. Шараға қатысушыларға арналып асыл тұқымды мал шаруашылығы және жаңа ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесін тамашалады.
Н.Алтайұлы «Төлем жүйесі зашағандықтардың «зарына» айналды» деген мақаласында коммуналдық қызмет үшін төлеудің қиындығын мәлім еткен.
«Жақында редакциямызға телефон шалған оқырманымыз Зашаған кентіндегі коммуналдық төлемақы төлеу нысанындағы кассалар алдында ылғи шұбатылған кезекке реніш білдірді», делінген онда.
«РЦКУ-Уральск» ЖШС-ның абоненттік учаскесі 25-Чапаев дивизиясының көшесінде көп қабатты тұрғын үйдің астында орналасқан «ҚазТрнасГазАймақ» АҚ филиалының кеңсесін жалға алған екен. Біз барғанда, кассалар алдында ығы-жығы халық, адам қарасы қалың екенін көрдік. Жұрт, алдымен, бөлек бөлмеге барып, газ шығынын есептетіп алып шығып жатты. Кейін кассалар алдына оралды. Онда электр қуаты мен көгілдір отын тұтынғаны үшін есеп айырысып жатқандар екіге жарылған.
- Басқа кабинетке кіріп, газға төлейтін ақыңды есептетіп жатқанда, осылай бірнеше кезек пайда болады. Коммуналдық төлемді сағат 17.00-ге дейін ғана қабылдайды. Сол үшін жұмыстан ерте сұрануға тура келеді. Яғни маған өте қолайсыз. Таңғы уақытта және түскі астан кейін жиналғандардың қарасы көп болады, – деді өзін Антонина деп таныстырған толықша келген егде әйел.
«РЦКУ-Уральск» ЖШС учаскесінің басшысы Қуаныш Нұрышев бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Ол бұл қызметке жаңа орналасқанын айтып ақталды. Жалпы, серіктестік «Батысэнергоресурсы» ЖШС, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ және «ОралТазаСервис» ЖШС үшін бірыңғай коммуналдық төлем түбіртегін ұсынады. Соған сәйкес Зашаған кентіндегі учаскеде біріктірілген касса жүйесі орналасқан. Мәселен, газға төлемді осындағы «Қазпошта» АҚ филиалының кассасы үстеме комиссия ақысымен қабылдайды.
Қуықтай бөлме ішінде сапырылысқан жұрт кезектің ретінен қайта-қайта жаңылысып әуре. Әсіресе, төрт-бес жасар қызын құшағына алған жігіт кезек тәртібін әлсін-әлсін сұраумен болды. Жиналғандардың бәрі де асығып тұрғандығын жүздері аңғартқандай.
– Сен кімнен кейін тұрсың?
– Жаңа бір әйелден кейін екі кісі қатарынан кезек алып еді.
– Мен мұнда бағанадан бері тұрмын.
– Біз де күтіп тұрмыз...
– Кезек соңындағы кісі қайда?
Осындай сарындағы диалогтар үзіліссіз жүріп жатты. Толласыз келіп жатқандар көбейіп, есеп айырысып шығып бара жатқандар сирей түсті. Бір тәмсілде «кірген із бар, шыққан із жоқ» деп айтылғандай күй кешеді екенсіз.
«Бұл мәселені өте орынды қозғадыңыздар. Зашаған кентіндегі он алты шағынауданның тұрғындары коммуналдық төлемді құрқылтайдың ұясындай учаске кеңсесіне келіп төлеуде. Соған қатысты әкімшілікке түсіп жатқан арыз-шағым көп. Ғимаратта жағдай жасалмаған. Кейде кезекке тұрғанда, кассирлер компьютер бағдарламасының баяулағанын айтып, ұзақ күттіретіндері рас. Жалпы, коммуналдық төлем алатын мекеме-кәсіпорындар кассаларына қатысты мәселелер баршылық. Мәселен, Арман шағынауданында «Батысэнергоресурсы» ЖШС коммуналдық төлем үшін дүкенге терминал құрылғысын орнатты. Бірақ аядай орын өте тарлық етуде. Ал «РЦКУ-Уральск» ЖШСның коммуналдық төлемді қабылдау қызметінің сапасы нашар екені бесенеден белгілі. Біз бұл мәселені бұлай жолда қал-дырмаймыз», – деді біздің сауалымызға орай тіл қатқан Зашаған кенті әкімінің орынбасары Ақеділ Бекжанов.
Осы автор «Құлагер тағдыр» деген ақпаратында Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығында «Құлагер тағдыр» тақырыбында дарынды суретші, жерлесіміз Мұратбек Жоламановты еске алу кеші өткенін хабарлаған.
Оның еңбектері қойылған көрме залында ҚР Суретшілері одағының облыстық филиалының төрағасы Қайыр Оразғалиев, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов сөз сөйлеп, суретші шығармашылығының ерекше қырларын айрықша атап өтті. Оның «Ауыл», «Ақбота», «Қарбалас», «Көрші» туындыларынан туған жерге деген зор сүйіспеншілік анық аңғарылса, «Күз», «Жаңбырдан кейінгі кеш» картиналары табиғаттың тылсым сырын шертеді. Сондай-ақ «Хан көтеру», «Керей-Жәнібек», «Күлтегін мен Білге туралы жыр», «Еділ мен Жайық» сынды асыл мұраларынан тарих тұңғиығына терең бойлап, ұлттық болмыс бояуларын анық та қанық бергені қылқалам шеберінің терең білім-білігін айқындайды. Шарада тележурналист, ақын Мұнайдар Балмолда арнау өлеңін оқыды. Кейін концерт залында Мұратбек Тауфихұлы туралы деректі фильм көрсетілді. Терме төгіліп, ән шырқалды. Жылы естеліктер айтылды. Еске алу кешіне марқұмның отбасы мүшелері, тума-туысқандары қатысты. Суретшінің анасы Мәрия өнер жолында өр рухымен табандылық танытқан қайсар ұлы туралы толғана келіп, оның мерейтойына орай игі шараны ұйымдастыруға мұрындық болғандарға алғыс айтты. Жасы отыздан асқан кезде қыршынынан қиылған таланттың көзі тірі болса, биыл елуді еңсерер еді. Екі қызын мейірлі жүрек жылуымен аялап өсірген, мұраларын да көзінің қарашығындай сақтап бүгінге дейін бүтін жеткізген асыл жары Гүлжәміштің де еңбегі зор екені «Құлагер тағдыр» кешінде айтылды. Шығармашылығының шырайы ерекше суретшінің отыздан астам туындысы, «Қазақтар» атты циклдық картиналарының 100 шақты эскизі қалды. Оның туындылары Түркия, Польша, Англия, Корея т.б. елдердің қорларында да сақталған. Шарада мәлім болғанындай, алдағы уақытта туған жері Сырым ауданында Мұратбек Жоламановтың кеудемүсіні қойылып, ол оқыған мектепте арнайы сынып ашылмақ. Ғажайып картиналары жеке жинақ ретінде шығарылмақ.
«Бәріміз де бірдейміз, кемсітуді білмейміз” деген ақпаратта (Л.Шағатай) облыстық қазақ драма театрында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай және “Мейірбандық күндері” атты қайырымдылық айлығы аясында “Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мүмкіндіктері шектеулі жандар арасындағы “Бәріміз де бірдейміз, кемсітуді білмейміз” атты облыстық фестиваль өз мәресіне жеткені баяндалады.
Байқаудың негізгі мақсаты мүгедектігі бар адамдардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға, олардың қоғамға етене араласуына, ой-өрісін кеңейтуге қолдау көрсетіп, барынша жағдай жасау болатын. Биыл 18 рет қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі шараның аудандық, қалалық кезеңдеріне 215 үміткер қатысқан. Өзгелерден оза шапқан 39 жеңімпаз облыстық кезеңге жолдама алып, «Үздік орындаушы» (18 жасқа дейін), «Үздік орындаушы» (18 жастан жоғары), «Үздік көркемсөз оқу шебері» және «Үздік жасампаз» аталымдары бойынша бақтарын сынады.
Фестивальдің қорытынды кешінде театр фоэсінде қолданбалы өнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылып, гала-концерт өтті. Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көңіл бөлініп, жағдай жасалып жатқандығына тоқталып өтті.
- Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік саясаттың басты бағыты әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөлініп келеді. Өйткені бұл сала Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауында нақты тапсырма ретінде белгіленген болатын. Бүгінгі күні мемлекеттік тұрғыдан барлық мүгедектер мен халықтың әлжуаз топтарына зейнетақы мен жәрдемақылар уақтылы төленуде. Сондай-ақ мұндай жандарға әлеуметтік және медициналық көмек көрсету де жүйелі жолға қойылған. Әлеуметтік саясаттың басты мақсаты - әр адамның өз мүмкіндіктерін толық пайдалануға мемле-кет тарапынан жағдай жасау. Біз оларға жан-жақты көмек көрсетуге қашанда әзірміз, - деп атап өткен облыс әкімінің орынбасары фестивальге қатысушыларға алдағы уақытта да жетістіктер тілеп, жеңімпаздарды арнайы алғысхаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтарды табыс етті.
- Дәстүрге айналған бұл фестиваль 1998 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келеді. Шараның жас ұрпақтың тәрбиесіне беретін маңызы зор. Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамда өздерін шетқақпай сезінбеулері керек. Осындай шаралар арқылы дос-жаран тауып, бір-бірімен тілдесуге, сахнада өз қабілеттерін ашуға жиірек мүмкіндік туса, олардың өмірге деген құштарлығы артары сөзсіз. Біз оларға мүгедектігі бар адамдар деп қарамаймыз, керісінше оларды өнерпаз адамдар деп қабылдаймыз, өнеріне баға береміз. Алайда олардың қасында өнерге баулитын арнайы мамандардың жетіспеуінен біраз кемшіліктерге жол беріп жататыны анық. Дегенмен олардың айналадағы адамдардан жасқанбай, ерік-жігерін жинап, көптің алдына шыға білуі ерлікпен пара-пар дер едім. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра, шығармашылықпен айналысуларына уақыт тапқандары бізді қуантады, - деген БҚО мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов облыс көлемінде 24 мыңнан астам мүгедек жандардың 11 мыңы Орал қаласында тұратынын атап өтіп, олардың әрқайсысына қолдау көрсетілсе деген шынайы тілегін жеткізді.
Фестиваль қорытындысы бойынша 18 жасқа дейінгілер арасынан «Үздік орындаушы» аталымында Айнұр Өтегенова (Бөкей ордасы ауданы) озық шықса, 18 жастан жоғарылар арасынан Қайрат Жұбандықов «Үздік орындаушы» (Қаратөбе ауданы) ата-лымын жеңіп алды. Ал сырымдық Бану Ысқақова «Көркемсөз оқу шебері», зеленовтық Арман Айтбаев «Үздік жасампаз» аталымына лайық деп танылды.
«Су мәселесі алаңдатуда» деген ақпаратта (А.Бақтығали) Теректі ауданындағы су мәселесі сөз болған.
Жуырда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық департаменті мен «Теректі – Таза су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері аудан тұрғындарымен кездесті.
«Теректі – Таза су» ЖШС-ның директоры Ж. Каримов демеуқаржыланған нысандардың тізіміне енбеген, әлі күнге дейін 1 текше метрге 676 теңге 70 тиын төлеп отырған 7 округ (Шағатай, Ақсоғым, Богданов, Приречный, Ақжайық, Аңқаты, Бозай) тұрғындарының мәселесін министрлікке хат жолдау арқылы жеткізгенін атап өтті. Оның айтуынша, кезінде бұл округ тұрғындарының құжаттары түгел болмаған. Соның кесірінен тұтыну ақысын бірнеше есе артық төлеп отырған тұрғындар наразы көрінеді.
- Бүгінде «Теректі – Таза су» ЖШС тазартып, таратқан суды 8555 адам тұтынады. Сонымен қатар 35-ке жуық ұйым мен кәсіпорын да тізімімізді толықтырды. Қазіргі таңда жергілікті су құбырларының ұзындығы – 170 028 метр. Ағымдағы жылдың 14 шілдесінен 1 қазанына дейін өнеркәсіптер мен ұйымдарға 60234,03 текше метр су берілді. Сондай-ақ биыл Қабылтөбе, Ұзынкөл, Төңкеріс, Сарыөмір және Приречный ауылдарының су құбырларын ауыстырдық, - дейді «Теректі – Таза су» ЖШС-ның экономисі Оксана Аябова.
Шараға қатысқан ауыл тұрғындары көкейіндегі сұрақтарын қойды. Ауданымыздың құрметті азаматтары С. Кукашев пен А. Попов халықты сабырға шақырып, түйіні шешілмейтін мәселе болмайтынын, төзімділіктің арқасында бәріне қол жеткізетінімізді ескертті.
«Дала төсіндегі той» деген репортажда (Ш.Молданиязова) Сырым ауданы күнінің қалай өткені жария етілген.
Сырым ауданы күнінің алғашқы шарасы Сырым Датұлы атындағы саябақтан бастау алды. Мұнда ауданға ұзақ жылдар еңбек сіңірген ардагерлер бас қосты. Олар батырдың рухына тағзым етіп, аудан әкімі Абат Шыныбековпен бірге ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Жылдан-жылға абаттандырылу ауқымы кеңейіп, көркейіп келетін Сырым саябағында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ардагерлер аллеясы» ашылды. Аллеяға 25 түп көшет отырғызылды.
Аудан күнінің шаралары ауыл іргесіндегі тойтөбеде жалғасты. Тойтөбені сырттай қарағанда, бір қауым ел тұратын ауыл дерсің. Ақ қанатты киіз үйлер алыстан айдынға қонған аққудай менмұндалап тұр. Жиылған халықтың да қарасы қалың. Қара күздің сызына дес беретін емес, елдің еңсесі көтеріңкі. Тойтөбенің айналасына тұрақтаған көліктерде де есеп жоқ. Дала сахнасының алдына үлкендер жағы жайғасыпты. Жастар жағы иісі мұрынды жаратын кәуап, қуырдақ пісіп жатқан жәрмеңке жақты жағалап жүр. Енді бір жерде бәйге алуға асыққан арғымақтар құлақтарын қайшылап, тыпыршып тұр.
Дала сахнасында «Тәуелсіздікпен түлеген мекен» атты салтанатты шара өтті. Мұнда аудан әкімі Абат Шыныбеков елді Тәуелсіздіктің ширек ғасырға аман жетуімен, аудан күнімен құттықтап, ақ тілегін төгілтті. Елдің ширек ғасырда басынан өткен қиындықтары мен күш біріктіруі арқылы бағындырған биік белестерін атап, тойға жиылған қауымның көз алдына әкелді. «Бүгінгі шараның басты мақсаты – қасиетті де шежірелі, Алаштың ақ Ордасы атанған Сырым елінің жыл бойы қол жеткізген жетістіктерін әкелген еңбек адамдарына алғысымызды білдіріп, үлкендерімізге құрмет-ілтипатымызды, жастарымызға үлгі көрсету, халқымызға мерекелік көңіл күй сыйлап, тұғырлы Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміздің жеткен жетістіктерін паш ету», - деді аудан басшысы дүйім жұрттың алдында. Абат Абайұлы ауданның ауыл шаруашылығы саласының үздіктерін, жазғытұры басталып, әр сенбі сайын ұйымдастырылып келетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне өнім шығаруға белсене қатысқан тұрғындарды марапаттады. Шолақаңқаты ауылдық округіндегі «Нұрдәулет» ШҚ жетекшісі Қайырбек Мырзағалиев – «Ең үздік шаруа қожалығының жетекшісі», Жетікөл ауылдық округіндегі «Атамекен» ШҚ-ның аға шопаны Жұмалы Нұрғалиев – «Ең үздік шопан», Жетікөл ауылдық оругінің «Байқадам» ШҚ-ның жылқышысы Қасым Төреғалиев – «Ең үздік жылқышы», Сарой ауылдық округінің «Серік» ШҚ-ның аға малшысы Мақсот Қуанышәлі «Ең үздік малшы» аталымдарымен марапатталды. Жымпиты ауылдық округінің «Жібек жолы» ШҚ-да инженер-механик болып жұмыс жасайтын Ерген Жұмағожиев – «Ең үздік ауыл шаруашылығы маманы», «Көгеріс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі – «Ең үздік ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі», Жымпиты ауылдық округінің мал бақташысы Қайрош Райымов «Ең үздік жекелердің мал бақташысы», Жосалы ауылдық округінің мал дәрігері Тілеген Сағидуллин «Ең үздік мал дәрігері» атанып, аудан басшысының қолынан алғысхат пен бағалы сыйлық алды.
Пайғамбар жасына келген Құсайын Бақтияровты зейнеткерлікке шығуына орай аудан әкімі марапаттап, иығына шапан жапты. Сырым ауданындағы ат спорты федерациясының президенті Мүтәлі Төреғали құнан бәйгенің Құсайын Бақтиярұлының атына тігілетінін айтты.
Құнан бәйгеде қаратөбелік Исақұлов Қадоктың Сымбат есімді сәйгүлігі мәрені бірінші қиса, көздіғаралық Қ. Үбішевтің Телжирені екінші, бұлдыртылық Н. Байырғалиевтің Тыртық атты қылқұйрығы үшінші келді. Құнан бәйгеге Құсайын Бақтияров алпыс үш жасына орай 63 000 теңге тікті.
Дала төсін дүбірге толтырып, аламанда жеті айналыммен қазақы аттар шапты. Мұнда бәйге алған жосалылық А. Ақшолақовтың Мырзаторысы болса, екінші орында Найзағайы келді. Ал аламанның үшінші бәйгесі ақжайықтық Н. Нұртаеваның Тауторысына бұйырды.
Ал таза қанды түлпарлардың бәйгесінде ақжайықтық Қ. Берғазиевтың Балақасқасы бірінші жүлде алды. Қаратөбелік Ғ. Мақановтың қызыл тайы екінші, аралтөбелік М. Төреғалидың Думанторысы үшінші келді. Бәйгеден орын алған аттардың иелері тоңазытқыш, теледидар, кір жуғыш мәшине сынды бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Сырым жастары» ЖҚБ мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен лотерея ойындары ойнатылды. Ұтысқа тұрмысқа қажетті бұйымдар, ауыл шаруашылығы өнімдері, ұялы телефон бірліктері және ең басты ұтысқа қой тігілді.
Қазақ күресінен Талдыбұлақ ауылының палуаны Темірлан Көлбаев жауырынын жерге тигізбей, түйе палуан атанып, 100 000 теңгені иеленді. Ал екінші орын алған жымпитылық палуан Темірлан Ғаббасов - 70 000, өлеңтілік Айбол Оразғалиев үшінші орын және 50 000 теңгеге қол жеткізді. Қой көтеруден Т. Ғаббасов жеңіске жетіп, сол қойдың иесі атанды. Сондай-ақ ұлттық ойындар қатарында арқан тартудан, қол күресінен жарыс болды.
Тойға жиылған қонақтарға тігілген ақшаңқан киіз үйлерде қонақасы берілді.
Аудан күні түстен кейін аудандық мәдениет үйіндегі «Тәуелсіздік – тірегім, азаттығым – айбыным» атты облыс ақындарының айтысына ұласты. Айтыс сахнасының шымылдығы Бауыржан Халиолланың әні мен сөзіне жазыл-ған «Жымпитым» әнімен ашылды. Он ақын – бес жұп болып, сөз қағыстырып, айтыс өнеріне шөліркеген халықтың сусынын қандырды. Айтысты сағынған жұрт қолдарын қаттырақ соғып, қошеметтерін білдірді.
Бұл айтыста ақындарға жүлде бөлінген жоқ, бәріне тегістей аудан әкімінің алғысхаты мен сыйақы табыс етілді.
Кешкісін жастарға арналған қорытынды концерт болып, аудан күніне арналған жоғары деңгейдегі шара жұлдызжауынмен мәресіне жетті.
БҚО Суретшілер одағының төрағасы Қ.Мәдір белгілі суретші Болат Досжановтан «Ұрпақ отаншыл болсын десек...» деген тақырыпта сұхбат алған.
Болат Досжанов - Қазақ бейнелеу өнеріндегі танымал тұлғалардың бірі. 1945 жылы Алматы облысына қарасты Іле ауданында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, республикалық және халықаралық көрмелердің лауреаты. В. Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген.
Монументалды мүсін өнерінде көптеген туындыларды дүниеге әкелген, ол мүсіннің қоршаған ортамен жарасымды үйлесімділігін, жарықтың түсуін басты назарда ұстайды, шығармаларына классикалық үлгіге тән пластикалық ерекшелік береді. Оның шығармаларындағы тарихи тұлғалар образдары нақты табылған кескін-келбеті мен дұрыс өлшемді шешімі, кеңістіктегі орны, қазақ мүсін өнерін классикалық деңгейге көтерді.
Жақында Болат ағамыз Орал қаласына арнайы келді. Сол сапарында аз-кем әңгіме-дүкен құрып, ол былайша өрбіген еді.
- Болат Сапарұлы, Ақ Жайық атырабына қош келдіңіз! Сіз қазақтың мүсін өнерінде айрықша орны бар тұлғасыз. Әуел басында бәрі қалай басталып еді өзі?
- Балалардың барлығы да кішкентай кезінде сурет салуға әуес болады ғой. Сол сияқты мен де бала жасымнан шимайлап сурет салатынмын. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде, сынып безендіру жұмыстарына жақсы араластым. Мұғалімдердің берген тапсырмаларын қалтқысыз орындап, мейрам сайын қабырға газеттерін шығаратынмын. Күні кешегідей әлі көз алдымда, жоғары сыныптарға көшкен кезім еді, біздің мектепке қазақтың кәсіби тұңғыш мүсіншісі, Қазақстанның халық суретшісі Наурызбаев Хакімжан аға келді. Менің салып жүрген жұмыстарымды көріп, өзінің шеберханасын көруге шақырды. Шеберханадан көптеген жұмыстардың эскиз, макеттерін көрдім. Қызығушылығым артты, ағайдың ықпалы да шығар, хирург боламын деп жүрген арманымнан айнып, мүсінші болам деп шештім сол жерде. Алматы сурет училищесін бітірген соң, Мәскеудегі В. Суриков атындағы көркемсурет институтынан білім алып, монументалды мүсін өнерінің маманы болып шықтым.
- Мәскеу мүсін мектебі дүниежүзіне белгілі ғой, тәлім берген ұстаздарыңыздан кімдерді атар едіңіз, студенттік жылдардағы шуақты сәттерді жадыңызда жаңғыртып көрсеңіз?
- «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген сөз бар, әрбір суретші белгілі бір шебердің қолынан тәрбие алып шығады.
Өйткені әр шебердің артында үлкен бір мектеп, дәстүр тұрады. Мәскеуде Михаил Федорович Бабуриннен білім алдым, ол әлемге аты мәшһүр мүсінші Александр Терентьевич Матвеевтен, ал Матвеев есімі аңызға айналған тұлға - Мансурдан білім алған екен. Сондықтан өзімді Мансурдың «шөбересімін» деуге құқым болар.
Мәскеудегі дипломдық жұмысымның тақырыбы «Құрманғазы» еді. Ұстазым осы тақырыпты алғанымды онша қаламады. Бірнеше рет өтініп сұрап көріп едім, келіспей қойды. Менің миымнан Құрманғазы образы мүлдем шы-ғар емес. Не істеу керек? Біраз толғанып, Бабамыздың шығармаларын бұл кісіге тыңдатып көрсем деген ой келді. Сол үшін пойызбен арнайы Алматыға келіп, күйтабақты тауып, Мәскеуге апардым. Ұстазыма «Сарыарқа» күйін тыңдаттым. Дана адам ғой - Михаил Федорович күйді бар жан-тәнімен тыңдады, біраз үнсіздіктен соң – «Бұл адам жай музыкант емес, үлкен философ екен, жұмысыңды баста» - деді де шығып кетті...
- Керемет, ғажап көрініс екен. Сол алғашқы бағдаршамыңыздай болған «Құрманғазы» аталатын дипломдық жұмысыңыздан басталған кәсіби шығармашылығыңыздың өрісі кең екенін білеміз, тарқатыңқырап айтсаңыз.
- Құрманғазыдан басталған, тарихи тұлғалар бейнелері менің негізгі тақырыбыма айналды. Оның бәріне тоқталу мүмкін емес шығар, тек соңғы жылдарда жасаған еңбектеріме тоқталайын. 1999 жылы Петропавл қала-сында А. Пушкиннің туғанына 200 жылдығына арнап мүсін ашылды. Мүсін екі метрден аса гранит мәрмәр тұғырдың үстіне қойылған, жалпы биіктігі үш метрден асатын монумент. Осы қаладағы тағы бір мүсін – Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған композициялық шығарма. Бұл ескерткіш Погодин атындағы орыс драма театрының алдына, яғни театр алаңына қойылды. Қоладан құйылған ескерткіште қазақтың хас батырлары Ағынтай мен Қара-сай иық тіресіп тұр.
Тарихи деректерге сүйенсек, Қарасай мен Ағынтай арасындағы достық олардың талай жеңіске жетуіне себеп болған. Қашан да адамды жеңіске жетелейтін мызғымас достық екендігі белгілі. Талай жауға бірге шапқан, айырылмас дос болған қос батыр ерліктерін осы композицияда барынша көрсетуге тырыстым. Сәтті шыққан туынды болса керек, аталмыш батырлар бейнесінің сувенирлік түрі шығарылып, қазір елге келген сыйлы қонақтарға тарту ретінде ұсынылып жүр.
2010 жылдың жазында Астанада жеті метрлік тас тұғырда аспанмен астасқан алып тұлға, қазақтың ұлы ақыны Абайдың мүсін ескерткіші ашылды. Мұны қажырлы шығармашылық ізденістің, еңбектің жемісі деп білемін. Және бір айтарым, бұл бүгінгі таңдағы еліміздегі ең үлкен ескерткіш болып табылады.
2011-2012 жылдары Елордада «Қазақ елі» монументі өмірге келгенін білесіз. Бұл мүсінде қазақ тарихындағы батырлар мен хандар, жазушылар мен ақындар, аналар мен арулардың бейнесі кең көрініс тапқан. Осынау авторлар ұжымының ортақ ізденісімен дүниеге келген үлкен композицияда қолтаңбамның болғандығына қуанамын.
- Сіздің бұл қасиетті өңірге алғаш келуіңіз емес қой, бізді қаламызда орнатылған мүсін һәм ескерткіштер туралы көзқарасыңыз қызықтырып отыр.
- Орал – көрікті, әсем қала. Өзіндік сәулет өрнегі бар, даму үдерісі жақсы. Өз әдетіме салып, келісімен қала саябақтары мен аллеяларына, ғимараттар алдына, көшелерге көрік беріп, көпшіліктің көзайымы болып тұрған ескерткіштердің барлығын қарап шықтым.
Ұлы Абай айтады ғой: «Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса, кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау»-деп. Қаладан композициялық шешімі төмендеу ескерткіштер мен шағын пішінді мүсіндерді көрдім. Кейбір мүсіндерді алып, кәсіби тұрғыда дамытып, қайта жасап қойса болар еді. Оған өзім бар жинаған тәжірибем мен ақыл-кеңесімді беріп, тіпті ақысыз жасап беруге де көмектесер едім. Қаланың жаңа ауданында үлкен алаң ашылыпты, енді соның әдемілігін жоймау керек. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, талғаммен, кәсіби шеберлермен, суретші-мүсіншілермен кеңесе отырып шешу қажет барлығын. Өзің төрағалық етіп отырған «БҚО суретшілер одағы» осы мәселелердің басы-қасында болғаны дұрыс дер едім.
- Болат аға, енді бұл жолғы іссапарыңыздың негізгі мақсатына қарай ойыссақ...
- Иә, Оралға мен соңғы уақыттарда жиі келетінді шығардым. Осы жолғы келуімнің себебіне қысқаша тоқталайын, биылғы жаз айында Исатай мен Махамбет ескерткішіне мүсіншілер арасында республикалық конкурс жарияланды. Ол «Егемен Қазақстан» газетінің 22 маусым күнгі нөміріне шықты. Ескерткіш Орал қаласын-да орнатылмақ. Исатай-Махамбет тұлғасы көкірегінде патриоттық сезімі бар, ұлтты сүйетін, оның тарихын бағалайтын мүсіншінің қай-қайсысын да мазалап жүрген тақырып. Мен де аталмыш тақырыпты көп жылдан зерттеп, зерделеген, жүректен өткізген жандардың бірімін. Сондықтан байқауға қатысуға бірден бел будым.
«Шілде айының аяғына таман байқаудың облыстық кезеңі өтіп, менің мүсіндік-композициям жоғары бағаланды. Таяуда Астана қаласында, Мәдениет министрлігінде ескерткіштер жөніндегі мемлекеттік ко-миссияның қорытынды отырысы болды. Сол жиында Исатай-Махамбет ескерткішіне байланысты менің жасаған жобам үздік деп танылды. Ұрпақ отаншыл болсын десек, осындай жобаларды көбірек қолға алып, қолдаған дұрыс. Келгендегі мақсатым сол ескерткіштің техникалық мәселелерін тағы бір рет нақтылау еді», деген Б.Досжанов сұхбатының соңында.
Н.Оразаев «Жылыту маусымына толық дайын» деген көлемді хабарда қысқа дайындық мәселесін сөз етеді.
«Бейсенбі күні орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз мәслихатында 2016-2017 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы және атқарылған жұмыстардың жай-күйі талқыланды», делінген онда.
Брифингке БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев, «Жайық-жылуқуат» акционерлік қоғамының бас директоры Мұрат Байменов қатысты.
- Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес облыста 2016-2017 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары біркелкі жүргізілуде. Соңғы күндері күннің күрт суытуына орай «Жайықжылуқуат» АҚ қазан айының он екісінен бері жылыту маусымын бастады. Ағымдағы жылы дайындық жұмыстарын жүргізуге, сонымен қатар сұйық және қатты отынды сатып алуға 6,9 миллиард теңге бағытталды. Өңіріміздегі елді мекендердің табиғи көгілдір отынмен қамтылуы көмір және сұйық отынға деген сұранысты едәуір төмендетіп отыр. Алдағы жылыту маусымына бюджеттік мекемелердің қажеттілігі 4,4 мың тонна көмір және 1,4 мың тонна сұйық отынды құрады. Күні бүгін барлық отын түрлері қажетті орындарға жеткізілді және жылыту маусымына дайын. Бұл жұмыстарға 323,4 миллион теңге қаражат жұмсалды. Бүгінгі күні 645 білім беру, 407 денсаулық сақтау, 379 әлеуметтік нысандар, сонымен қатар 1269 көп қабатты тұрғын үй маусымға толықтай дайындалып, жылыту жүйесіне қосылды. Республикалық бюджет қаражаты, сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындардың өз қаражаттары есебінен 12,5 шақырым жылу желілерін, 15,8 шақырым су құбырлары және кәріз желілерін, 666 шақырым электр желілерін, «Жайықжылуқуат» АҚ жылыту қазандықтары мен жылу желілерін салуға, жөндеуге және қайта жабдықтауға 295,7 миллион теңге қарастырылған болатын. Күні бүгін 141,4 миллион теңге қаражатқа 7,9 шақырым жылу желілері күрделі жөндеуден өтті. Жылу электр орталығын жөндеуге 154,2 миллион теңге қарастырылып, бүгінде барлық жөндеу жұмыстары аяқталды. Кәсіпорынның теңгерімінде 19 қазандық бар. Күні бүгін барлық қазандықтар тексеруден өтіп, жылыту маусымына толықтай қосылды, - деді Ға-лым Орынғалиев.
Қайрат Мұхамбетқалиевтің айтуынша, күннің күрт суытуына орай 783 көп қабатты тұрғын үй жылыту жүйесіне қосылған болса, қалған үйлерге де бір-екі күнде жылу берілмек. Коммуналдық шаруашылық бойынша осы жылға жоспарланған барлық жұмыстар өз уақытымен толық аяқталған. Көктем айларында жылу құбырларының ақауын анықтау мақсатында бірқатар тексерістер жүргізілген. Жылу құбырларын жоғарғы қысыммен тексеру барысында сексенге жуық ақаулар анықталып, толық жөнделген.
- Қысқы жылыту мерзіміне жүз пайыз дайынбыз деп толықтай айта аламын. Қыс мезгіліндегі жол тазалау жұмыстарына да техникалар толық дайындықтан өтіп, жанар-жағармайлар да алынып қойылды. Сонымен қатар бұл жұмыстарға жыл соңына дейін он арнайы техника сатып алуды жоспарлап отырмыз. Жолдардағы көк тайғақты болдырмау үшін тұзды-құмды қоспа да әзірленді, - деді Қайрат Қуанышқалиұлы.
Сондай-ақ брифингте сөз алған «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамының бас директоры Мұрат Байменов атқарылған істермен қатар жұмыс барысындағы түйткілді мәселелерге де тоқталып өтті.
- Биылғы жылыту маусымына біздің мекеме бойынша 311 миллион теңге қаражат қарастырылып, бүгінгі таңда толықтай игерілуде. Осы қаражат есебінен жылу орталығына 106 миллион теңге қаржы бөлініп, күрделі және ағымдағы жөндеулер жүргізілді. 476 миллион теңге қаражат жылу жүйелерін жөндеуге жұмсалды. Бұл қаржыға Т. Масин, Әбілқайыр хан кө-шелеріндегі магистральды жылу жүйелері жөнделіп жатыр. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары 95 пайызға орындалып, ішінара жылу берілді. Қалған жұмыстар бір-екі күнде толық аяқталады. Айта кететін жайт, «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамының «ҚазТрансГазАймақ» мекемесіне күні бүгінгі берешегі 481 миллион теңгені құрап тұр. Бұның сыртында қала тұрғындарының біздің мекемеге бережағы 300 миллион теңгені құрады. Кейбір тұрғындар тіпті бес-он жыл бойына пайдаланған жылу үшін қаражат төлемей отыр. Қазіргі таңда қолымызда берешек тұрғындарға шығарылған 100 мыңнан астам сот шешімдері бар. Қарызды қайтару мақсатында көптеген шаралар қолданып көрдік. Жылуға бережақ тұрғындардың пәтерлеріндегі жылу батареяларын кесіп алып тастау шарасына дейін бардық. Бірақ әзірге нәтиже болмай отыр. Ендігі жерде заң бойынша жазаның қатаң түрлерін қолдануға мәжбүр боламыз, - дейді Мұрат Болатұлы.
Баспасөз мәслихатына қатысушы сала басшылары журналистердің бірқатар сауалдарына да жауаптар қайтарды. Қаржылық жағдайдың күрделілігіне қарамастан, жылудың бағасы алдағы бес жылда қымбаттамайды деп сендірді сала басшылары. Тұрғындардың тұтынылған коммуналдық қызметке төлеген артық төлемдері келесі есептеулер кезінде ескерілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ соңғы жылдары пәтерлерге орнатылып жатқан жылу есептегіш құралдары тұрғындар үшін тиімді екені айтылды. Ал «Жайықжылуқуат» АҚ кәсіпорнының мемлекеттік сатып алу бөлімінің бұрынғы басшысы Бакир Каримовтен 349 миллион теңгені өндіру сот шешіміне сәйкес жүзеге асырылмақ.
«Қос мерекені атап өтті» деген ақпаратта Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Бөкей хандығының 215 және Жәңгір хан мектебінің 175 жылдығы аталып өтілгені хабарланған.
Мерекелік шаралар алдымен Жәңгір хан іргесін қалаған білім ордасында басталды. Осында мектептің алғашқы меңгерушісі Константин Ольдекопқа арналған ескерткіш тақта ашылды. Әр тараптан жиналғандар мектеп мұражайын тамашалады.
Содан кейін ауылдық мәдениет үйінде «Шежіре тұнған құт мекен» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Онда аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов ел тарихын түгендеу туған өлкеден басталатынын айтып, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген осынау шараның маңыздылығын атап көрсетті.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов өңір басшысы Алтай Көлгіновтің атынан құттықтап, игі тілегін жеткізді. «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» дегендей, бүгінгі таңда біз ұлттық таным-тарихымызды зерделеп, ертеңгі күніне нық қадам басқан тәуелсіз елміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев кезінде тарихи Бөкей ордасына арнайы ат басын бұрып, елдің дәмін татты. Президенттің қолдауы арқасында аудан мен мектептің тарихи атауы қайтарылып, киелі орындар жаңғыртылды. Таудан аққан бұлақтың теңізге ұласатыны секілді, ата-бабаларымыздың ерлік дәстүрі мен елдік ғибраты бүгінгі буын бойынан табылып, жалғасып жатса, қандай ғанибет! Бөкей хандығының қос бірдей мерекесін атап өтудің де тәрбиелік, тағылымдық-танымдық мәні зор. Ұлы дала төсіндегі ерен еңбек көші тоқтамай, алға баса берсін. Мәңгілік елге бет алған жолда мақсат-мұратымыз да бір болсын», - деді Д. Құсайынов.
Конференцияда астаналық ғалым Ғизат Табылдин, Қазан қаласынан келген Маргарита Бадтрутдинова Шыңғыс хан шежіресі, одан тараған ұрпақтар, Қазан университетімен тығыз байланыста болған Жәңгір ханның ағарту саласына, ғылымға қосқан үлесі туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар басқа тарихшы-ғалымдар да Бөкей хандығына байланысты тың деректермен бөлісті.
Мерейтойлық шаралар ақындар айтысы және мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Газеттің 18 қазан күнгі санында бас редактор Бауыржан Ғұбайдуллин Шыңғырлау ауданындағы «Шоқайтерек» жөнінде жазады.
Шыңғырлау ауданындағы жетпіс түтінді Шоқтыбай ауылынан екі-үш шақырым қашықтықта бес адамның құшағы зорға жететін алып терек өсіп тұр. Біраздан естіп жүрген табиғаттың бұл таңғажайыбын өткен айда үшбу ауданда іссапарда жүргенімізде арнайы барып көрдік.
Жергілікті жұрт оны Шоқайтерек дейді екен. Бірақ неге бұлай аталғандығы жөнінде ешкім нақты мағлұмат айта алмады. Біреулер Шыңғырлау өңірінде бұрындары Шоқай деген батыр болған-мыс десе, енді бірі алыстан шоқайып көрінетіндіктен, «Шоқайтерек» атанып кеткен десті. Алайда табан тірер тиянақты дерек жоқ.
Елбасымен кезінде металлургия саласындағы еңбек жолын бірге бастаған, тіпті Нұрсұлтан Әбішұлымен жалын жастық жылдарында Украинаның Днепродзержинск қаласындағы №8 кәсіптік-техникалық училищеде металлург мамандығының қыр-сырына бірге қаныққан бүгіндері Астанада тұратын еңбек ардагері, техника ғылымдарының док-торы, академик, Қазақстан Республикасының техника мен ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қабидолла Сәрекеновтің кіндік қаны Шоқайтеректің төңірегінде тамған екен. Бүгіндері ғұмыр жасы 75-ке таянған Қабидолла ақсақал ара-тұра туған жеріне келгенде, әлгі маңда әлі күнге дейін салт атпен серуендегенді жақсы көреді деседі. Сондай сәттерде қария айналаға сарқылмас перзенттік сағынышпен қарап, «Бала кезімізде талай асыр салған жеріміз ғой. Мына Шоқайтерек біздің ойын баласы кезімізде алып ағаш еді. Әлі жайқалып тұр екен жарықтық!» деп сүйсінеді екен. Бізге мұны Шыңғырлау орман шаруашылығының орманшысы Қаймолдинов Аталық ағамыз айтып берді. Осы азамат «Шоқайтерекке шамамен 150 жыл» деген уәж айтты. 150 жыл – бір жарым ғасыр, оңай ма, сірә?! Былтыр Шоқайтерекке найзағай түсіп, діңінің түбін жарықшақтандырып жіберген. Зады, содан болса керек, ұшар басына таяу бірді-екілі бұтағы биыл жапырақ жаймапты...
Шыңғырлау аудандық «Серпін» газетінің редактор-директоры Адақ Шотпановқа «Бәлкім Шоқайтеректің атауының Мұстафа Шоқайға бір қатысы бар шығар?» деген төл болжамымызды айтып көріп едік, өзі сол ауданда өмір есігін ашқан, бүгіндері жасы алпысты алқымдап қалған әріптесіміз әлгіндей жорамалға негіз болар ел ішінде еш дерек жоқ екендігін алға тартты. Сонымен Шоқайтеректің атауына қатысты біздің әзірге бар айтарымыз осы, қадірлі оқырман. Ал енді Елек өзенінің жағасына жақын өскен Шоқайтеректің айналасында ағаштың неше түрі бар. Тораңғы, шегіршін, емен, үйеңкі, тал, ақтерек, көктерек дейсің бе, тіпті ішінара бірен-саран қайың мен қарағай да көзге шалынды. Бірақ бір ғажабы олардың бірде-біреуі Шоқайтеректей ерекше емес. Көрер көзге кәдімгі бірі-бірінен еш айырмашылығы жоқтай көрінетін орман «тұрғындары». Ал Шоқайтерекке Алланың рахымы неге айрықша түсіп, неліктен оны елден ерек, жұрттан бөлек қылып жаратты екен? Бұл сірә, адамның ой-санасы жетпес табиғаттың бір тылсымы болса керек...
Айтпақшы, Шоқайтеректен қарға адым аттасаң болды, орман-орыстың елі, Ресейдің жері басталады. Шоқайтерек құдды, ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке ие бол-ған Қазақстанның шекарасын кірпік қақпай қырағы күзетіп, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған қазақтың нағыз алып батыры тәрізді.
Сен аман бол, Шоқайтерек!
Н.Набиоллаұлы Бөкей ордасында өткен мерейтойлық шаралар жөнінде «Шежіре тұнған құт мекен» деген мақаласында баян етеді.
Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында Бөкей ордасының құрылғанына 215 жыл және Жәңгір мектебінің ашылғанына 175 жыл толуы салтанатты түрде атап өтілді.
Мерекелік шаралар легі Жәңгір хан атындағы жалпы орта білім беретін мектептің ауласында орналасқан Жәңгір хан мүсініне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мұнан кейін Жәңгір хан мектебінің тұңғыш мұғалімі, меңгерушісі Константин Ольдекопқа арналған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрия Гайтбаева, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, ақын Ғайсағали Сейтақ, Хан ордасы ауылының тұрғыны, ардагерұстаз Сисен Байзунов және аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов құттықтау сөз алып, ауданның бай тарихына тоқталып өтті.
1841 жылы Орда жерінде бой көтерген Жәңгір мектебі сол кезде көрнекілігімен көз тартқан еңселі ғимараттардың бірі болған. Мұндағы екі сыныптық мектеп 1905 жылы төрт сыныптық қалалық мектепке айналып, жанынан мұғалімдер даярлайтын педагогикалық курс ашылған. Жәңгір хан мектебі шекті аспаптар оркестрі, хор, сондай-ақ бай кітапханасымен де ерекшеленіп тұрған.
Құттықтаулар легі ауылдық мәдениет үйінде өткен «Шежіре тұнған құт мекен» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда жалғасын тапты.
- Бөкей ордасындағы Жәңгір мектебінен түлеп ұшқан таланттар бүкіл қазақ мемлекетінің құрылуына еңбек сіңірді десек, еш артық айтқандық емес. Өйткені осы кезге дейін қазақ даласында тұңғыш мектеп ашты деп келген Ыбырай Алтынсарин бабамыздың өзі Жәңгір хан мектебі ашылған 1841 жылы дүниеге келген болатын. Сондықтан Жәңгір мектебінің орны бөлек. 1826 жылы осы жерге Хан ордасының шыбығын шаншыған кезде-ақ, Жәңгір хан мектеп ашуды ойлаған екен. Бұл өлке тұңғыштар мекені деп текке айтылмаған. Орда жерінде Шәңгерей Бөкеев, оны ұстаз тұтқан Ғұмар Қараш, сегіз тіл білген Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ресей географиялық қоғамының медалімен марапатталған тұңғыш қазақ Мұхамед-Салық Бабажанов, сондай-ақ Мақаш правитель, Бақ-тыгерей Құлманов секілді мықтылар тәрбиеленген. Күні кеше өткен Тайыр Жароков, Жанғали Набиуллин, Қайрат Жұмағалиев сынды ағаларымыз шыққан өлкеде әлі де талай талантты ұлдар дүниеге келе берері анық. Тың деректер тарих бетіне енді-енді қалқып шығып жатыр. Соның бірі батыстағы баспасөз ісі дер едік. Сонау 1911 жылы Шәңгерей Бөкеев бастаған, Ғұмар Қараш қостаған зиялыларымыз патша үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған мезгілінде «Қазақстан» деген атаумен тұңғыш рет газет шығарғаны белгілі. Ол кезде Қазақстан атауы мүлде айтылмайтын. Оны тұңғыш рет ресми қолданысқа енгізген де осы біздің бабаларымыз. Біз оны ешқашан ұмытпауымыз керек. Сол үрдісті жалғастырып әкеткен Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1917 жылы 28 шілдеде «Ұран» газетін ашқан екен. Бұрын облысымыздың қос басылымы – «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері 1918 жылы 17 қарашадан бастап шықты делінді. Соңғы деректерге байланысты бұл газеттердің шыққан уақытын «Жайық Пресс» ұжымының шешімімен «Ұран» газетінен бастауды жөн көрдік. «Жайық Пресс» ЖШС соңғы жылдар бедерінде «Қазақстан», «Ұран», «Қазақ дұрыстығы» секілді бірнеше кітап шығарды. Міне, осының арқасында біз келер жылы газеттеріміздің 100 жылдығын атап өткелі отырмыз. Соған байланысты көптеген шаралардың бір-екеуін осы Бөкей ордасы жерінде өткізуді көздеп отырмыз. Осы жерге біздің газеттеріміздің жанашырлары жиналып отыр деп есептейміз. Соңғы кезде газеттеріміздің түр-келбеті, дизайны, логотипі жаңа-руда. Сондықтан газет бетінде де жиі-жиі қауышып тұрайық, қадірлі ағайын! – деген «Жайық Пресс» ЖШС директорының орынбасары, ақын Ғайсағали Сейтақ туған жері Бөкей ордасына арнаған өлеңін оқыды. Ол өзі түлеп ұшқан мектебіне Махамбет ақын, өзге де белгілі тұлғалардың шығармалары топтастырылған кітаптарды тарту етті. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Ләззат Нұркеева, сондай-ақ көршілес аудан өкілдері де құттықтау тілектерін жеткізіп, сый-сияпаттарын табыс етті.
Конференцияға Қазан, Астана, Орал қалаларынан келген ғалымдар қатысты. Олар Бөкей орда тарихын зерттеуге қосқан үлесі үшін Бөкей ордасы ауданы әкімінің алғысхатымен марапатталды. Татарстандағы «Қазан қа-лалық есептеуіш техникасының тарихы» музейінің директоры Маргарита Бадрутдинова, Астана қаласындағы Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері, академик Ғизат Табылдин және оралдық ғалымдар Шыңғыс хан шежіресі, сондай-ақ Жәңгір ханнан тараған ұрпақтар, олардың еңбектері туралы баяндамалар жасады.
- Жәңгір ханның қызы Зылиханың, оның қызы Гүлсімнің Қазақстанда бұрын соңды жарияланбаған фотосуреттері бүгінгі конференцияда алғаш рет көрсетілді. Ал оралдық жас ғалым Саялбек Ғиззатов өзінің баяндамасында осы жерді алу үшін Бөкейден бұрын және кейін арыз берген тұлғалар туралы айтып берді. Бұл тың деректер осы конференцияның басты жаңалықтары болды, - дейді конференцияның модераторы, тарих магистрі, «Ғылыми зерттеулерді қолдау» жеке қорының қызметкері Айболат Құрымбаев.
«1801 жылдан бастап Кіші жүз қазақтарының кейбір тобы патшадан ішкі тарапқа түпкілікті орнығу үшін арнайы рұқсат сұраған. Алғаш болып ноғай руының старшыны Ислам Құрманқожаев 100 шаңырақпен өтуге ниет танытқан екен. Ізінше 1801 жылы 11 ақпанда Кіші жүздегі Хандық кеңестің төрағасы Бөкей сұлтан Орынбор губернаторы Н. Бахметевке емес, Грузия және Астрахан губерниясының басшысы К. Кноррингке Ресей бодандығын қабылдау, Жайық пен Еділ өзендері аралығында көшіп жүру жөнінде өтініш білдірген. Бөкей Нұралыұлымен бір мезгілде Кіші ордадағы кердері руының старшыны Тілеп Қайбашев Астрахан маңындағы далаға орнығуды жоспарлаған. Ол тек басқаша жолмен, яғни Орал әскери кеңсесі арқылы қимылдаған. Кіші жүз қазақтарының Қосөзенге осындай қарқынмен ұмтылуы жоғарыда көрсетілген үш билеушіден басқа «ресми рұқсат» сұрағандар санының көп болғандығын болжауға мүмкіндік береді.
Жайық өзенінің оң жақ бетіне өтуге ноғай руының старшыны Ислам Құрманқожаев алдымен рұқсат алғанымен, жетекшілік рөлді ірі көшбасшы Бөкей Нұралыұлы иеленген болатын. Бірнеше айға созылған тыңғылықты дайындығынан соң сұлтан 1801 жылы 20 желтоқсанда негізінен өз туысқандарынан тұратын 183 шаңырақты ішкі тарапқа бастап өтеді. Зерттеуші И. Бирюковтың келтірген мәліметі бойынша осы көште 740 адам, 1366 ірі қара, 24 түйе, 3300 жылқы, 1250 қой есепке алынған» деген еді «Бөкей ордасындағы жер үшін күрес» ат-ты жаңа кітаптың авторы, оралдық жас ғалым Саялбек Ғиззатов өз баяндамасында.
Түстен кейін облыс ақындарының қатысуымен айтыстан көрініс және мерекелік концерт болды. Ақын-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбатыр Сейтақ пен айтыскер ақын Жансая Мусинаға «Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Бұдан кейін Жәңгір хан атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде аталмыш аудан оқушылары арасында оздырылған «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойыны би кеші және мерекелік отшашуға ұласты.
С.Ізбасарұлы «Ағаларын аңсаған ардагер» деген мақаласында еңбек ардагері Х.Салахиев жөнінде сыр шертеді.
«Таяуда редакцияға бір қария келді. Ол осыдан 75 жылдай уақыт бұрын Отанын қорғап, мәңгілікке көз жұмған екі ағасын аңсап, көкірегіне сыймаған сағынышын бөлісуге келген екен», делінген онда.
Теректі ауданындағы Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылының тұрғыны, 88 жастағы Хамит Салахиевтің ата-анасының үш ұл, үш қызы болған екен. Өзі – ұлдың кенжесі. Алдындағы асқар таудай екі ағасы Темір мен Ихсан Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Жаңақала ауданының тумасы, 40 жыл бойы ұстаздық еткен қария соғыстан кейін ұзақ уақыт бойы ағаларынан қандай ма болсын хабар-ошар күтіпті. Алайда «Хабар-ошарсыз кетті» және қаза тапқаны туралы «қара қағаздан» басқа тұшымды дерек жоқ. Ағаларынан үрім-бұтақ қалмағаны да Хамит ақсақалдың жүрегін сыздатады.
Енді білім беру ісінің үздігі, еңбек және тыл ардагерінің қос ағасының жайына кеңінен тоқталайық. Үлкені Темір 1916 жылы туған. Арнаулы білім алып, мектепте математика пәнінің мұғалімі болып қызмет істепті. Ол 1938 жылы әскер қатарына алынып, украин жерінде азаматтық борышын өтеп жүргенде, соғыс басталып кетеді. Содан төрт жылдай майданда жүріп, Украинада қаза тапса керек. Бірақ «Хабар-ошарсыз кетті» деген ресми құжаттан басқа қолына ештеңе түспеген Хамит үлкен ағасының дерегін іздестіріп, талай жерге сұрау салыпты. Алайда іс нәтижесіз.
Екінші ағасы Ихсан 1918 жылы дүниеге келіп, тетелес туған ағасы сияқты 1938 жылы әскер қатарына алынып, сонау солтүстіктен бір шығады. 1939-1940 жылы орыс-фин соғысына қатысып, елге қайтуға жиналып жүргенде, 1941 жылдың 22 маусымында неміс басқыншылары бұрынғы Кеңес одағына лап қойды. Тағы да соғыс... 68-гвардиялық атқыштар дивизиясы сардарының көмекшісі (адьютант), лейтенант Ихсан Салахиев әуелі атышулы Ленинград құрсауын басынан өткерген. Кейін эстон жерін азат етуге қатысады. «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталып, «Ленинградты қорғағаны үшін» медаліне ие болған сарбаз 1944 жылы 1 тамызда ерлікпен қаза табады. Сүйегі Ленинград, бүгінгі Санкт-Петербург қаласының төңірегіндегі бауырластар зиратында жатыр. Соны өткен ғасырдың ортасында аталмыш қалада милиция оқуында болған туған жиені Тілекбай Нұрғалиев тауып, көзі көрмеген нағашысына тәу етіпті. Әрі көзі тірі нағашысына да хабарласқан.
1947 жылы бір азамат елдегі Хамитке келіп: «Менің бір танысым, соғыс жылдарында Украинада сіздің ағаңыз Темірмен госпитальда жатыпты. Содан кейін білгені, ол сонда қаза болған екен. Өйткені госпиталь жау қоршауына түсіпті. Оның жау қолынан немесе кездейсоқ, бомба не снарядтан қаза тапқаны белгісіз» депті.
Хамит қария ерлікпен қаза тапқан ағаларына қарағанда, бақытты өмір сүрді. Марқұм кемпірі Жұмазиямен бірге төрт ұл, төрт қыз өсірді. Қазір немережиендерінің қызығын көріп отыр. Тек анда-санда ағаларын аңсап, жан дүниесінің күйзелетені бар. Оның бүгінгі бейбіт заман үшін майдан даласында мәңгіге қалған қос ағасына деген сағынышы сарқылар емес...
А.Өтебәлі «Қабырғасы жарылған үй қауіпті ме?..» деген мақаласында жаңадан салынған үйдің сапасына назар аударады.
Орал қаласының «Жаңа орда» шағынауданындағы №9 үйдің қабырғасы шытынапты. Мұны сол үйдің тұрғындары кездейсоқ байқап қалып, бірден тиісті орындарға хабарлаған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа үй қабырғасының жарыла бастауы жұртшылықты, әрине, бейжай қалдырмады.
Өйткені қаланың солтүстігіндегі көп қабатты жаңа үйлерде көбінесе жас отбасылар тұрады. Жоғарыдағы жайсыз хабардың анық-қанығын білу үшін жақында аталмыш үйге бардық. Көп қабатты үйді бірнеше мәрте айналып шыққанымызбен, қабырғалардан көзге ұрып тұрғандай үлкен жарықты байқай қоймадық. Үйге кіріп, тұрғындарды әңгімеге тарттық.
- Осы үйдің №20 пәтерінде тұрамын. Аты-жөнім – Нұрбол Дүйсенғалиев. Қоныстанғаныма екі жыл болды. Негізі, үйіміз жаман емес, жылу жүйесі жақсы жұмыс істейді. Бірақ үйіміздің едені салқын, қыста үй ішінде қалың кебіс киіп жүреміз. Біз көшіп келгенде, үй ішінің электр желілеріндегі розеткалар салбырап, қауіпті жағдайда тұрды. Бөлмелердің есіктері дұрыс жабылмайтын. Мен сол жылы «Болашақ-К» компаниясының басшыларына барып, осы жағдайларды айтып, жазбаша арыз қалдырдым. Обалы не керек, аталмыш компания басшылығы сол бойда мамандарын жіберіп, кемшіліктерді қалпына келтіріп берді. Бірақ мына терезелердің арасы бітелмеген күйінде қалды, жел соқса, болды, үйіміз гулеп, ысқырып кетеді. Бәріміз бір бөлмеге жиналып, сол жерде тамақ ішіп, сол бөлмеге ұйықтаймыз. Оның үстіне үйіміз жылдан-жылға «отырып» бара жатқан сияқты, өйткені асүй мен балконның қабырғалары жарыла бастады, - деген Нұрбол бізге қабырғалардағы сызаттарды көрсетіп, бұл сызат бара-бара ұлғайып, қабырғалардың құлап кетуіне әкеп соқпай ма деген қаупін де жасырмады. Көп қабатты жаңа үйдің отырып бара жатқанына дәлел ретінде ол асүйдің қабырғасына бекітілген құбырдың сырланған жері мен сыр-ланбаған бөлігін салыстырып, осы екі аралықтың 6,0 мм шамасында айырмашылығы бар екенін көрсетті. Осы жерде бір айта кететін жәйт, асүйдегісі жәй ғана сызат секілді болса, балкондағы жарықтың аражігі кәдімгідей үлкен. Біз көргенде қабырғаның жарылған жерінен күн сәулесі сығалап тұрды.
Нұрбол мен Әлияның айтуынша, «Болашақ-Т» компаниясының жұмысшылары жақында жоғарғы қабат тұсындағы жарылған жерді жөндеп кеткен. Бірақ жұмысшылар, неге екені белгісіз, жарылған тұстан жоғары тұрған тастарды ауыстырған. Ал жоғарғы қабаттың жарылған жерін цементпен майлап қана қойған. Мұны тұрғын-дар өздерінің ұялы телефондарына суретке түсіріп алыпты. Біз бұл әңгіменің шындыққа қаншалықты жанасымды екенін біле алмадық. Өйткені жетінші қабаттан жоғары тұрған жарықтың қалай бітелгенін жәй көзбен анықтау мүмкін емес.
Бұдан соң Нұрболдың төменгі қабатта тұратын көршісі Әлияның үйіне бардық. Сегізінші қабатта тұратын Әлияның айтуынша, балкон әйнектелгеніне қарамастан, жаңбыр жауған күні суға толады. Оның ойынша, жаңбырдың сыртқа ағуына жағдай жасайтын балконның жоғарғы жағындағы қондырғы дұрыс орналаспаған немесе шұрқ тесік болуы мүмкін. Ол сондай-ақ өздерімен жапсарлас тұратын көршілерінің төбесінен үнемі су ағатынын айтты. Мұны өз ауыздарынан есту үшін, көршілерінің есігін қағып көріп едік, іштен ешкім жауап бермеді.
Осы тақырыпта төменгі қабаттағы пәтерлердің тұрғындарымен де сөйлесіп көрдік. Олар пәтерлерінің жылы да жайлы екенін, әзірге үй сыртындағы сызатқа байланысты ешқандай жайсыздықты сезінбегендерін айтса, кейбіреулері бұл мәселе жөнінде пікір айтудан ат-тондарын ала қашты.
Түс қайта қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Марат Молдашевқа жолығып, жоғарыдағы мәселе жөнінде пікірін сұрадық.
- Бұл үйді «Болашақ-Т» ЖШС монолитті құрылыс әдісімен жүргізген. Үй 2012 жылдың желтоқсанында тапсырылған. Ал енді үйдің жоғарғы бөлігінде пайда болған сызат жөнінде айтар болсам, бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, сызаттың пайда болу себебін анықтады. Комиссияның қорытындысы бойынша жарық немесе сызат үйдің көше жақ бетін әрлендіру үшін жасалған кірпіштердің арасының ашылуынан пайда болған. Үй құрылысын жүргізген кезде құрылысшылар әдетте әр қабаттың үстін плитамен жабады. Көп қабатты үйдің бетон қабырғаларын кірпішпен қаптау үшін осы плиталардың арасына бұрыштама темірлерді дәнекерлеп салады. Бұл бұрыштама темірлер жалаң қабат кірпіштерді ұстап тұру үшін керек. Комиссия жоғарыдағы келеңсіз жағдайды осындай бұрыштамалардың дұрыс дәнекерленбеуінен болуы мүмкін деп отыр. Нақтырақ айтсақ, дұрыс дәнекерленбеген темір бұрыштамалар уақыт өте келе сөгіліп кетіп, соның кесірінен тастың қалауы бұзылған. Үйдің негізгі қабырғасы қалың бетон қабырғалардан құрастырылған, сыртындағы жалаң кірпіштердің жарылғанынан келетін қауіп жоқ. Оны қалпына келтіруге болады. Ең бастысы, үйдің қабырғасы дін аман. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Қазіргі уақытта мердігер компания қабырғаның жарылған тұсын жөндеп, қалпына келтірді. Тәртіп бойынша мердігерлер тұрғын үй құрылысына жеті жылға дейін кепілдік береді. Сондықтан тұрғындар осы мерзім аралығында құрылыс жұмысына қатысты кемшіліктерді байқаса, бұл жөнінде үй құрылысын жүргізген компанияның басшылығына айтуы керек. Негізі, «Болашақ-Т» компаниясы – жұмысты адал істейтін ұқыпты компаниялардың бірі, сондықтан олар орын алған кемшіліктерді тез қалпына келтіреді деп ойлаймын, - деген Марат Төлеуғалиұлы тұрғындардың жарықты жөндеу жұмысына қатысты пікірлерінің ескерілетінін жеткізді. Біздің көзімізше мердігер компанияның басшысы Қайдар Қощановпен хабарласқан Марат Молдашев онымен аталған үйге қайта барып, жөндеу жұмысының сапасын тағы бір мәрте тексеріп шығуға келісті. Бұдан соң «Болашақ-Т» компаниясының басшысы Қайдар Жасенұлымен хабарласқанымызда, ол кісі де қалалық құрылыс бөлімі басшысының пікірін мақұлдап, таяу күндері аталмыш мәселені қайта қарайтынын айтты. Оның сөзінше, көп қабатты үйдің қабырғасында пайда болған жарықтың себебі әлі де зерттеуді қажет етеді. Себебі түпкілікті анықталған соң, оны қалпына келтіру жөнінде тағы да қосымша шешім қабылданбақ.
Т.Тоқмамбетов «Даладағы думан» деген репортажында Зеленов ауданының Трекин ауылында Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы күндеріне орай дала қызықтары өткенін мәлімдейді.
Шараға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов, алдымен асыл тұқымды мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа техникалар көрмесін аралап, өңіріміздің әр ауданынан келген шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесті. Іргелі шаруа қожалықтары өрістегі мал басының түрлерін көрмеге арнайы әкеліпті. Қаз-қатар тізілген озық үлгідегі су жаңа техникалар шараның шырайын кіргізіп тұрды. Сән-салтанаты келіскен даладағы думанға жиналған жұртшылық алыстан менмұндалап тұрған ақшанқан киіз үйлерді тамашалап, алтыбақан тепті. Одан әрі исі қазақтың делебесін қоздыратын «Топ бәйге», «Құнан бәйге» және арбадағы желіс аттар жарысы ұйымдастырылып, шараның көркін қыздырды.
- Дала қызықтарының өзіндік ерекшелігі бар. Аударыспақ, қазақ күресі, аламан бәйге сияқты ұлттық спорт ойындарын тамашалауға келген жұртшылықтың қарасы қалың. Астана, Ақтөбе және Ақтау облысынан келген атбегілер ауыздығымен алысқан сәйгүліктерін бәйгеге қосуда. Бұл додаға қатысып, өз бақтарын сынап жат-қандардың арасынан Сырым, Тасқала аудандарының шабандоздары жақсы дайындалғанын байқадық, - дейді ұлттық спорт мектебінің директоры Дастан Мырзағалиев.
- Биыл ауа райының қолайлылығына байланысты егініміз бітік шығып, жақсы өнім алдық. Мал басы да көбейіп келеді. Енді алдымызда тұрған мақсат өңдеу өнеркәсібін іске қосу мәселесі. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу арқылы одан әрі дамыта аламыз. Өңірімізге жыл сайын 10 мың тонна құс еті шеттен әкелінді. Осы жағдайды ескере келе, жылына 6 мың тонна құс етін шығаратын құс фабрикасы, сонымен қатар тері өңдеу цехын іске қосу жөнінде жеке инвесторлармен келісім бар. Цех іске қосылған кезде жылына 120 мың ірі қара малының және 600 мың қой-ешкі терісі өңделетін болады. Бұл алдағы уақыттың еншісінде. Ағымдағы жылы облысымызға 8 млрд. теңге демеуқаржы бөлінді. Оның өзі үлкен қолдау деп есептейміз. Ауылдық жерде жұмыс орнын ашып, мал басын көбейтіп, егін егіп отырған барлық ауыл шаруа-шылығы саласының мамандарын мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Мерекелік шараның ең қызығы, ат бәйгесі болды. Қос бәйгеде де бейнеулік Қобыланды Таңатаров баптаған сәйгүліктер мәрені бірінші болып кесіп, бағалы сыйлықтарға ие болды. Отыз бір шақырымдық аламанда оза шапқан «Джекпот» есімді жүйріктің иесіне облыс әкімі Алтай Сейдірұлы «Шевроле Нива» аутокөлігінің кілтін табыс етті. Қазақ күресінен апай төс, атан жілікті кіл мықтылар боз кілемге шығып, өзара бақтарын байқасты. Ақырғы сайыста биылғы «Қазақстан барысына» қатысушы жас палуан Олжас Сүлейменов жеңіске жетіп, түйе палуанға тиесілі 150 мың теңгені еншіледі.
Аталмыш мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Тынымсыз еңбектің жемісін көріп жүрген ауыл ең-беккерлеріне арналған шараға жиналғандар тамаша көңіл күймен тарқасты.
Газеттің 20 қазан күнгі санында «Жемқорлықтың түбі – қорлық» деген көлемді ақпаратта (Л.Шағатай) ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың қатысуымен «Қазақстанның жемқорлыққа қарсы күрес саясаты. Батыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің жай-күйі» тақырыбында кеңес өткені айтылады. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов төрағалық етті.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен жиынға мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, үлкендікішілі білім беру нысандары мен балабақша басшылары, БАҚ қызметкерлері қатысты.
Жиынды ашқан өңір басшысы Алтай Көлгінов облыс бойынша жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды.
- ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» кәсіби мемлекеттік аппарат құру реформасына ерекше көңіл бөлініп келеді. «Ұлт жоспарында» көрсетілгендей, мемлекеттік қызмет этикасын арттыру, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту шараларын жүзеге асыруда көптеген қадамдар жасалуда. Жылдың басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы жаңа заңдар, мемлекеттік қызметкерге арналған жаңа Әдеп кодексі қабылданған болатын. Аталмыш заңнамалардың уәкілетті орган қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыруда үлесі зор деп білеміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және оны аймақтарда жүзе асыруда облысымызда дөңгелек үстелдер мен жиындар, кеңестер тұрақты ұйымдастырылуда, - деп атап өтті Алтай Сейдірұлы.
Сосын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев Қазақстандағы жемқорлық және онымен күрес жөнінде баяндады.
- Елбасымыздың Жарлығымен қабылданған «Ұлт жоспарына» сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қатысты елімізде 59 заң қайта қабылданып, кейбіріне өзгерістер енгізілді. Сонымен қоса «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы» қабылданды. Заңдармен қоса әр түрлі бағдарламалар, соның ішінде «2006-2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік бағдарламасы», «2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы салалық іс-қимыл бағдарламасы» нәтижелі жүзеге асуда. Егер бұрындары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты қозғалған қылмыстық істердің саны мен олардың салдарын жоюмен бағаланса, қазіргі таңдағы іс-әрекет жемқорлықтың себеп-салдарын анықтау мен құқықбұзушылыққа итермелейтін жағдайлардың алдын алуға бағытталған, - деп атап өтті. Сондай-ақ өткен жылдың тоғыз айымен салыстырғанда биыл жемқорлық көрсеткіштерінің төмендеп келе жатқандығын алға тартты. Алик Жатқамбайұлының айтуынша, еліміздегі барлық қабылданған заңдар мен бағдарламалардың азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, жемқорлық көрсеткішін азайтуға бағытталған. Бағдар-ламалардың ішінде, ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық заңнамаларды жетілдіру және жемқорлықтың жолын кесу басты міндет етіп қойылған.
Алик Шпекбаев өз баяндамасында сыбайлас жемқорлық туралы нақты деректерге де түсінік берді.
- Қазақстан сыбайлас жемқорлық бойынша әлемде 168 мемлекеттің ішінен 123 орынды иеленіп отыр. Бұл – біздің қоғамға қауіпті әрі жоғары көрсеткіш. Қазақстан жемқорлық әрекеттер бойынша Ресей мен Қытайдың қатарында тұр. Сондықтан біз жемқорлығы жоқ немесе мұндай факті өте сирек ұшырасатын Канада, Германия және Финляндия секілді мемлекеттердің қатарына қосылуға ұмтылыс жасауымыз керек. Елімізде жемқорлық қауіптілігі бойынша Солтүстік Қазақстан төмен деңгейді, ал Батыс Қазақстан облысы ортаңғы деңгейді көрсетіп тұр. Соңғы тоғыз айда еліміз бойынша 614 лауазым иесі қызметін дұрыс атқармағандығы үшін айыппұл төлесе, 837 қызметкердің мүлкі тәркіленді. 1107 тұлғаға өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға тыйым салынды. Ал жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысы бойынша Орал қаласында 38 іс, Зеленов ауданында 35 іс, Теректі ауданында 22 іс қозғалды. Бұл қуантарлық көрсеткіш емес. Кезінде осы залда жиналғандармен иық тіресіп қызмет істеп, өмірдің барлық қиындықтары туралы ой қозғаған кейбір батысқазақстандық шенеуніктердің бас бостандығынан айырылуы бәрімізге өкінішті әсер қалдырады. Осы орайда лауазымдық қызметіңізді пайдаланып, тағдырыңызды сынаққа айналдырудың қажеті жоқ, отбасыңызды, балашағаңыз бен ағайын-туысыңызды ойлаңыздар, - деген Алик Жатқамбайұлы өз сөзінің дәлелі ретінде жемқорлыққа қатысты үлкен қылмыстарды айғақтайтын бейнетаспадан үзінділер көрсетті. Жазбада еліміз бойынша істі болған бұрынғы лауазым иелерінің қылмыстық істері мен олардың түрмедегі тірліктері көрініс тапқан.
Алик Шпекбаев өз баяндамасында басым бағытты әкімдік қызметкерлерінің моральдық-этикалық ұстанымдарды (принциптерді) қатаң сақтау керектігіне, әсіресе, Әдеп кодексінде қабылданғандай, сыйлықтың кез келген түріне тыйым салынғандығына баса көңіл бөлді. «Құқықтық статистика мәліметіне сүйенсек, жемқорлықтың ең көп тараған ошағы ішкі істер органдары, оның ішінде жергілікті полиция қызметі, мемлекеттік кіріс органдары мен мектеп және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жиі кездеседі. Сондай-ақ лауазым иелерінің арасында ішімдік ішу, алдау және пара алу да жиі кездеседі», - деп тоқталып өтті.
Кеңес жиынға қатысушылардың сұрақ-жауап алмасуларымен аяқталды.
Н.Оразаев «Қайбалиев Елбасының талабын естімеген бе, әлде ел-жұртты елемей ме?..» деген мақаласында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мекемесін сынға алған.
«Сейсенбі күні жұмыс уақыты басталар-басталмастан Зашаған кентінің екі тұрғыны редакциямызға қоңырау шалып, кешеден бері пәтерлерінде көгілдір отынның жоқ екендігін хабарлаған болатын. Қарапайым қала тұрғындарының мұң-мұқтажына орай тиісті сала басшыларына қоңырау шалдық», делінген онда.
Зашаған кенті әкімінің орынбасары Ақеділ Бекжановтың айтуынша, қысқы мезгілде төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында газ құбырларына жауапты мекеме алдын ала тексеру шараларын жүргізуде екен. Іле-шала шағымданған тұрғындарға коммуналдық қызмет көрсететін «Үміт» пәтер иелері кооперативімен сөйлестік. Олардан да дәл сондай жауап алдық.
- 17 қазан күні медколледж аумағында газ қысымын тексеру мақсатында көгілдір отын болмады. Сол себепті көп қабатты тұрғын үйлер жылусыз қалды. Кешкі мезгілде тексерістен өткен құбырларға көгілдір отын беріле бастады. Тек ішінара тексеріліп үлгермеген үйлерге ғана газ қосылған жоқ. Егер тексеріс аяқталса, бүгін тұрғын үйлер толықтай көгілдір отынмен де, жылумен де қамтылатын болады, - деді кооператив басшысы Қайырғали Сиықов.
Құба-құп. Қылышын сүйретіп келіп қалған қыс мезгілінің алдында оқыс оқиғаны болдырмау үшін тексерістен өткізу де керек шығар. Бірақ сол жұмыстарға алты ай жаз жетпеді ме? Әлде жұмыс тәртібі солай ма деген сұрақтар мазалап, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мекемесіне телефон соғып, көкейдегі сауалға жауап іздедік. Аталмыш мекеменің ғаламторда орналасқан дерек парақшасындағы қаз-қатар тізілген телефон нөмірлерінің зорға дегенде біреуінен жауап естідік. Қабылдау бөліміндегі хатшы болса керек. Тірі жанның дауысын естігенімізге қуанып, сауалдарымызды жаудыра жөнелдік. Ол біздің сұрақтарымызға мекеме басшысының жауап беретінін, дегенмен ол кісінің әзірге қолы босамайтынын айтты. Оқырмандарымызды алаңдатқан сауалға нақты жауап таппай біз де отыра алмадық. Қоғамдық көлікпен аталмыш мекемеге бет алдық.
Мекеменің дәлізінде отырған күзет қызметшісіне келген себебімізді айтып, кәсіпорын басшысының орынбасарына жолықтыруын сұрадық. Ол кісі әлдекімге телефон шалды. Тұтқаның арғы жағындағы дауыс кім екенімді, не шаруамен келгенімді тәптіштеп қайта-қайта сұрап алды. Бәрін баяндап, енді ішке енетін шығармын деп тұрғанда, күзетші ағамыздан «Ол кісі әзірге босамайды, күтіңіз» деген жауап естідім. Дәліздегі орындықтың біріне жайғасуға тура келгені. Жарты сағат уақыт өткенде кәсіпорын басшысының орынбасары Асылбек Қайбалиевтің сырт киімін киіп, жұмыс орнынан шығып бара жатқанын көрдім. Отырған орнымнан тұрып, келген себебімді айттым. Ол «Бәрінен хабардармын, бүгін түске дейін газ береді» деп жүре бара қысқа жауап қатты.
Мен болсам тұрғындардың редакциямызға газ бен жылудың жоқтығын айтып, қоңырау шалғандығын, көгілдір отынның сөндірілу себебі туралы жедел ақпарат беруді өтіндім. Бұл өтінішіме деген мекеме басшысы орынбасарының жауабы тым шолақ болды.
- «Жайық Пресс» мекемесінен келіп тұрсаңыз, сол мекеме атынан бізге қатынас қағаз жолдаңыз. Газдың болмау себебін сосын ғана жазбаша түрде қайтаратын боламыз, - деген Асылбек Қайбалиев бізден теріс айналып, жөніне кете барды.
Жеке басымыздың емес, оқырманның сауалына тұшымды жауап алармыз деп барған үмітіміз су сепкендей басылды. Екі тілді араластырып сөйлейтін лауазым иесі біздің қойған сұрағымызды түбегейлі түсінбеді ме, әлде түсінгісі келмеді ме деген оймен құзырлы мекеме есігін сыртынан жаптық. Күздің қара суығында үйлерінде не жылу жоқ, не шайын қайнатып, тамағын пісірер көгілдір отын жоқ қалың оқырманның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап барғанда, естіген жауабымыз осы болды. Мәселенің мән-жайын білу үшін қатынас қағаз жолдау керектігін, оған жауапты кемі үш күн күту керектігін, газ бен жылусыз отырған тұрғындарға түсіндіріп көріңіз. Мұндай жағдайда мәселенің шұғыл екенін түсініп, қағазбастылықты ысырып қойып, «Сізден өтініш, тұрғындарға жеткізіңіз, жөндеу жүріп жатыр, ел-жұрттың сәл сабыр сақтауын сұраймыз, көп кешікпей көгілдір отынды қосамыз» деп мәселенің мәнісін жеткізу қиын болды ма екен?
Елбасымыз үлкенді-кішілі билік тізгінін ұстаған атқамінерлер бас қосқан алқалы жиындарда қандай қиын жағдай болмасын, ел-жұртқа етене жақын болып, халықтың мұң-мұқтажына сергек қарау қажеттігін жиі айтады. Сонда Қайбалиев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлгіндей талабын әлі күнге дейін естімеген бе немесе бұл сабазың ел-жұртты елемей ме? Бәлкім екеуі де...
Негізі, Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының бесінші тарауының 20-бабында «Журналистiң ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға; мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға, құжаттар мен материалдардың мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар үзiндiлерiн қоспағанда, олармен танысуға рұқсат алуға және алынатын ақпараттың дұрыстығын тексеруге құқығы бар» делінген. Демек, Қайбалиевтың «БАҚ туралы» заңнан да хабарсыз болғаны ма?..
Г.Жолдығали өз ақпаратында облыс әкімінің «Өнер майталмандарын қабылдағанын» жария еткен.
«Сәрсенбі күні түстен кейін облыс әкімі Алтай Көлгінов ҚР халық әртісі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, әнші-термеші Қажыбек Бекбосын, «Мәдениет майталманы» белгісінің иегері, әнші-термеші Хайдар Өтеғалиев, республикалық байқаулардың жеңімпазы Қайрат Кәкімов сынды өнер майталмандарын арнайы қабылдады», делінген онда.
Облыс басшысы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген Мұхит бабамыздың 175 жылдығына орай ұйым-дастырылған мәдени шараларды өткізуге қолдау танытып, арнайы келген өнер қайраткерлеріне шынайы алғысын білдірді.
Біз кездесуден соң «Сары дала сағынышы – сал Мұхит» республикалық дәстүрлі әншілер байқауының қазылар алқасының төрағасы Қажыбек Бекбосыннан байқаудың қай деңгейде өтіп жатқанын сұрадық. Белгілі әнші-термеші өз ойын былай жеткізді:
- Жалпы, еліміз бойынша дәстүрлі ән байқауының деңгейі жыл өткен сайын жақсарып келеді. Біз біраз жылдан бері осы өнердің басы-қасында жүрміз ғой. Бұрын осындай байқауларға қатысушылар он адамнан аспайтын. Қазір олардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Байқау тартысты өтті деуге болады. Осы байқауға еліміздің әр түкпірінен жас таланттар келіп қатысуда. Мұхиттың әндерін кез келген адам айта алмайды. Оның әндерін шырқау үшін кең диапазонға қоса, тебіреніс, үлкен күш-қуат керек. Бірақ біз жастарымыздың талпынысына риза болдық.
С.Ихсанғали «Ардагерлердің алқалы жиыны» деген ақпаратында облыстық ардагерлер кеңесі, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен Ғ. Құрманғалиев атындағы филармонияның мәжіліс залында салтанатты шара өткенін жазған. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қайырымдылық айлығы аясында өткен алқалы жиынға соғыс және еңбек ардагерлері қатысты.
Филармония өнерпаздарының концертімен басталған шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, - БҰҰ-ның шешімімен 1 қазан көп жылдан бері Қариялар күні ретінде аталып келеді. Соның аясында ай бойы қайырымдылық шаралары өткізіліп, аға ұрпақ өкілдеріне қамқорлық пен құрмет көрсетіледі. Биыл тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отырған еліміздің сан алуан жетістіктерінде сіздердің үлестеріңіз мол. Өмірлік тәжірибелеріңізбен бөлісіп, жас ұрпаққа көрсетіп жүрген үлгі-өнегелеріңіз үшін рақмет! - деп қарияларды құттықтады.
- Арамызда өңірдің ең сыйлы қариялары отыр. Олар сонау 1945 жылы Мәскеу қаласындағы Жеңіс шеруіне қатысқан Иван Гапич, сол шеруде атақты «Катюшаның» тетігінде отырған М. Әбдірахманов, майдангер әрі елімізге танылған құрылысшы Хамза Сафин. Бәріңізді атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын. Қариялар құрметке ғана емес, қамқорлыққа да зәру. Былтыр 40 мың ардагерге 112 миллион теңгенің көлемінде көмек көрсетілді. Олардың ішінде соғыс және еңбек ардагері, нацистік өлім орындарының тұтқындары, Ленинград құрсауынан аман қалғандар барын атап өткім келеді. Мұндай қамқорлық биыл да жара-сымды жалғасын табуда. Қазір кез келген ардагердің үйінде «Өмір желісі» телефон байланысы орнатылған. Сол байланыс бойынша «Жедел жәрдем» қызметі жасы жеткен жандарға қашанда көмек қолын созуға даяр. Бұдан басқа барлық ұжымдарға өз ардагерлерін ескеріп, қамқорлық жасау тапсырылды. Мереке құтты болсын! - деді облыстық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы М. Мұхамбетов. Ол сондай-ақ аталмыш шараның демеушісі «Конденсат» АҚ-ның басшылығына және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, облыстық филармония ұжымына алғыс айтты.
Г.Әжігереева «Өз бастарын қатерге тіккендер» деген мақаласында құтқарушылардың тыныс-тіршілігін баян еткен.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өзге өңірлердегі салалық құрылымдар сықылды 2014 жылдан бастап ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінің қарамағына өтті. Департаменттің құрылымында азаматтық қорғаныс, өрттің алдын алу және оны сөндіру, апаттар және төтенше жағдайлар, құтқару мәселелерімен айналысатын барлық қызметтер кіреді.
Мұндай қызмет түрлерін жұдырықтай жұмылтып, бір құрылымға біріктіру саладағы қызметтің сапасы мен жеделділігін арттыруға жол ашты. Бүгінде аталмыш департаменттің құзырында 13 аумақтық бөлімше, соның ішінде 12 аудандық бөлім және төтенше жағдайлар бойынша қалалық басқарма, 24 өрт сөндіру және үш арнайы өрт сөндіру бөлімі, бір өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Өңірімізде құтқарушылар күнін бір мыңнан астам адам мерекелейді.
- Кәсіби мерекемізге орай атқарылған жұмыстар жайына тоқталар болсақ, биылғы тоғыз айда облыс бойынша 54 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тіркелді. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 30,1 пайызға төмен. Соған орай материалдық шығын көлемі 17 миллион 684 мың теңгені (2015 жылы – 135 млн. 036 мың теңге) құрап, өткен жылғыдан 86 пайызға төмендеді. Көктемде су тасқыны болмай, апатсыз өтті. Бес-алты қала тұрғынының ауласына қызыл су жинала бастағаны жөнінде ақпарат түсісімен күш-құралдар дер кезінде жұмылып, қатердің беті қайтарылды. Биыл Қостанай облысының аумағындағы Тобыл, Аят өзендері тасып, ауылдық жерлерін су басу жағдайларына байланысты біздің бөлімшелерден 51 төтеншелік судан зардап шеккендерге көмек көрсетуге барды. Олар 20 күн бойы тасқын суды басқа арналарға бұрды, сорғы аппараттарымен және техникалармен жұмыстанды, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді.
Сонда өрт сөндіруші Тұрлан Ғаббасов жүкті әйелді тасқын суға кетуден құтқарып, ҚР Ішкі істер министрлігінің алғысхатымен марапатталды. Қостанай облысының әкімдігінің батысқазақстандық төтеншелік топты алғысхаттармен марапаттап, алғыс айтып, жолға шығарып салуы да көп нәрсені аңғартса керек. Осының барлығы біздің жігіттердің кәсіби деңгейінің жоғарылығын көрсетеді, - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ақылбек Ахметжанов.
Жалпы төтенше жағдайлар саласына қарасты бөлімдердің атқарған шаруалары көп.
Жыл бойына, 24 сағаттан тұратын тәуліктің ішінде, қандай да болмасын төтенше жағдайлар бола қалғанда немесе болуы ықтимал жағдайларда әбжіл қимылдап, күн-түн демей жолға шығатын жігіттердің жұмысын бір мақала шеңберіне сыйғызу қиын. Бірақ олар сандық сипаттағы көрсеткіш үшін емес, өз бастарын қатерге тігіп, адамдардың өмірін құтқаруға қызмет етеді.
Сала мамандарымен судағы қауіптің алдын алу шаралары тұрақты жүргізілгенімен, биылғы суға шомылу маусымында 20 адам құрбан болды.
Су құрбандарының ішінде тоғыз жасөспірімнің болуы – алаңдатарлық жайт. Мамандар мұндай өкінішті оқиғалардың ата-аналардың, ересектердің өңірдегі үлкенді-кішілі су қоймаларына балаларды жалғыз жіберуінен, ал ересектердің көбінесе ішімдік ішіп, суға түсетінінен орын алатынын айтады. «Оралдың өзінде ұл-қызды суға жүзуге үйрететін орындар аз. Жүзу бассейніне ұл-қызын жіберуге көп ата-ананың қалтасы көтермейді. Сондықтан нақ осы мәселеге қатысты өз ұсыныстарымызды жергілікті атқарушы органдарға жолдадық. Биыл өңірдегі 12 жазғы лагерьдің жетекшілерін жинап, судағы қауіпсіздік және балаларды жүзуге үйрету жайы оқытылды. Су айдыны жағасындағы лагерьлерде ұл-қыздар суға жүзуге үйренді. Құтқару шаралары, алғашқы көмек мәселелері де қамтылды», - деді Ақылбек Қосманұлы. Оның айтуынша, биыл дала, орман өрттері өткен жылғыдан үш есе азайған. Бұған табиғаттың өзі де қарасқандай, жауын-шашынның молдығы өрттің азаюына септігін тигізді.
Жақында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі облыстық комиссиясының отырысында қысқы маусымға дайындық барысы пысықталды, тиісті орындарға тапсырмалар берілді. «Біздің жақта көбіне жолды қар басып, адамдар мен техника қар құрсауында қалады. Одан басқа ауылдық жерлерде мал өсіріп отырған ағайындар «Қыстың көзі – қырауда» екеніне қарамас-тан, жоғалған малын іздеп шығып, хабарсыз кететін жағдайлар болады. Өткен жылы төрт адам жоғалып, олардың біреуінің кейін сүйегі табылды. 1974 жылғы азамат Бұлдырты өзенінен арғы бетке өтпекші болғанда, жұқа мұз ойылып кетіп, қаза тапты. Жол көктайғақ болған кездерде жол-көлік оқиғалары жиілейді. Сондай-ақ үй жылыту жүйелерінің дұрыс жұмыс істемеуінен түрлі қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Осындай жағдайларды болдырмау, қытымыр қысты қалыпты өткізу бағытында жұмыстанудамыз. Биыл 15 қыркүйек – 15 қазан аралығында өрттің алдын алу айлығы өткізілді. Қызметкерлер тұрғындарға жадынамалар жазылған парақшалар таратты, түсінік жұмыстарын жүргізді. Осының барлығы адамдардың өмірін сақтау, төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында жүргізілетіні белгілі. «Сақтансаң сақтаймын» демекші, алдымен әр адам өзінің, отбасындағы, айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін естен шығармаса дейміз», - деді Ақылбек Қосманұлы.
Аса қиын жағдайларда өңірдегі төтеншеліктерге жедел көмекке ТЖ комитетіне қарасты «Қазавиа құтқару» АҚ-ның тікұшақ, ұшақ түрлері келеді.
Ондай әуе кемелері көршілес Ақтөбе, Атырау қалаларына шоғырланған. Қазіргі уақытта Орал әуежай аумағында салынып жатқан үлкен ангардың құрылысы аяқталған соң, сонда бір тікұшақ әскери кезекшілікке қойылмақшы. Қыс кезінде қарды, батпақты талғамай жүретін жалғыз техниканы маңдайына басқан департаменттің құтқарушылары шалғайдағы ауылдарға жеткенше, уақыттан ұтылып жатады. Сондықтан төтеншеліктер аудандарға жаңа заманауи техника алуды көздейді. Қыс маусымындағы облыс аумағында болуы ықтимал төтенше жағдайларды жоюға 713 техника, 1836 адам тартылады. Департаментте жедел топтар құрылған.
Ақ Жайық өңірінің құтқарушылары шетінен шымыр, сайдың тасындай мықты. Жылда Қапшағай көлінің жағасындағы «Тамғалы тас Астана» полигонында өтетін «Қазқұтқару» халықаралық жиын-семинарда біздің құтқарушылар биыл үшінші жыл қатарынан Ресей, Қытай сықылды сегіз мемлекеттен және аймақаралық, өңірлік барлық командалар арасынан суырылып шығып, бірінші орын алды. Әсілі, төтенше жағдайлар саласында рухы мықты, шыныққан шымырлар жұмыс істейді. Құтқарушылардың дайындығы жоғары болса, қиын-қыстау жағдайда абдырамай, қиындықтан шығар жол табу оңайға түседі. «Дружбы» кубогы және «Золотая штурмовка» сыйлығы үшін Ресейдің Подольск және Норильск қалаларында өткізілген халықаралық жарысқа екі батысқазақстандық өрт сөндіруші қатысты. №4 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Дмитрий Агафонов штурмдық сатылармен көтерілуден Қазақстанда жаңа рекорд орнатты.
Ақжайық ауданында жас құтқарушылар мектебінде жас толқын құтқарушылық қызметтің қыр-сырына қанығуда. Олар да екі жыл қатарынан халықаралық және республикалық жас құтқарушылар арасындағы жарыстан бірінші орынды иеленді. Жас өрт сөндірушілердің үшжақты халықаралық слеті Оралда бірінші рет өтіп, оралдық өрт сөндірушілер бәрінен озық шықты.
- Құтқарушылар, жалпы төтенше жағдайлар саласындағы мамандар күнделікті тірлікте болып жататын түрлі қиын жағдайларды бастан кешеді. Олар да ет пен сүйектен жаратылған адам, қаншама психологиялық тұрғыдан мықтымын дегеннің өзінде біздің жұмыста санаға салмақ, жүрекке ауыр тиетін, күйзеліске түсіретін жайттар жиі ұшырасады. Сондықтан да барлық бөлімшелердегі психолог мамандар тек қиын жағдайға тап болған жандармен ғана емес, өзіміздің құтқарушылармен, қызметкерлермен де жұмыстанады. Кейбір жігіттеріміздің өздері дайын психологтар десек, артық айтқандық емес. Құтқарушылар өз бастарын қатерге тіге отырып, білім-біліктерін жарық дүниедегі ең бағалы адам өмірін құтқаруға, сақтауға жұмсайды.
Сөзімнің соңында барлық әріптестеріме департамент басшылығы атынан төл мерекемен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін, - деді аталмыш департамент бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінен биыл «800-ге жуық жас әскер қатарына аттанатыны» хабарланған.
Қазір еліміздің барлық аймағында күзгі шақырылым науқаны басталды. Осыған орай облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде сала мамандарының нұсқаулықәдістемелік жиыны ұйымдастырылып, облыстық жинақтау орнында азаматтарды медициналық куәландырудан өткізу бойынша комиссия өз жұмысына кірісті.
Қыркүйек айынан басталған алдын ала зерделеу кезеңінде қалалық және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім мамандары әскерге шақырылатын контингентке тексеру жұмыстарын жүргізді. Әскерге шақырылушылардың жеке істерін сапалы тексеру жұмыстарына Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер органдары, денсаулық сақтау ұйымдары мен әлеуметтік қорғау мекемелерінің өкілдері тартылды.
Биыл әскерге шақырылушыларға қатысты заңнамаларға өзгерістер енгізілген жоқ. Әскери қызметті өткеру мерзімі бұрынғыша бір жылды құрайды. Әскери бөлімдерге іріктеу және тарату кезінде әскерге шақырылушының әскерге дейінгі мамандығы есепке алынатындығын ескерген жөн.
Биылғы жылдың көктемгі шақырылымында облысымыздан 800-ге жуық бозбала Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған болатын.
Күзгі шақыру науқанында да дәл осы межені бағындыру көзделуде.
Соның ішінде Қарулы күштеріміздің қатарын облысымыздың 400-ге жуық әскерге шақырылушысымен толықтыру жоспарланып отыр. Қазан айының 5-інде басталған күзгі шақырылымға күні бүгінге дейін 70-ке жуық бозбала ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөліміне аттанды.
Г.Әжігереева «Кірісі аз отбасылар саны 180-ге азайды» деген көлемді хабарында Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалының алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жанат Асантаевпен брифинг өткенін мәлім еткен. Онда жұмыссыздықты азайту, кіріс-табысы аз тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту бағытындағы атқарылған жұмыстар жайында әңгімеледі.
Оның айтуынша, 2016 жылдың тоғыз айында облыс бойынша жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналасу үшін 17167 адам жолыққан. Ресми түрде жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту органдарында 2526 адам тіркелген, бұл облыстағы экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,8%-ын құрайды. Облыста жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін 2016 жылға арналған халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бекітілген. Осы кешенді жоспар бойынша 16025 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланды. Биылғы жылдың 1 қазанына 15291 адам (95,4%) жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды (13968-і – жұмыссыздар (91,3%), 1323-і – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (8,7%), 1161 адам бағдарламалар бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларға жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруға 801 адам жіберіліп, нысаналы топтағы адамдарды жұмыспен қамту мақсатында 902 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. «Оқу орындарын бітірген түлектердің арасында «Жастар тәжірибесі» кеңінен таралған. Бұл жастардың алғашқы тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік беріп, еңбек на-рығында бәсекелестікке қабілеттілігін арттырады. Бүгінгі күнге 1161 адам «Жастар тәжірибесіне» жолданды», - деді Жанат Асылханұлы.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында тұрмысы жағынан аз қамтылған азаматтарға үкімет тарапынан басты әлеуметтік төлем түрлері қарастырылған. Биылғы тоғыз айда 520 отбасыға (2027 адам) 51,1 млн. теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек, аз қамтылған 8267 отбасының (18 жасқа дейінгі 20586 балаға) балаларына 318,5 млн. теңге мемлекеттік балалар жәрдемақысы төленген. Биылғы есепті мерзімде өңірдегі аз қамтылған отбасылар саны өткен жылмен салыстырғанда 180 отбасыға кеміп, биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша 546 отбасы, оның ішінде 2185 адамды құрады. Сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында әлеуметтік көмектің атаулы сипатын күшейту жолымен оңтайландырудың жаңа бағыты – «Өрлеу» жобасы іске қосылғаны мәлім. Өңірде бұл жоба өткен жылдан бастау алып, аудандар түгелдей қатысуда. Жоба бойынша қазіргі уақытта 244 отбасы, оның ішінде 1265 адам әлеуметтік келісімшартпен қамтылған.
- 2015 жылғы 28 қазанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң 2018 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді. Жаңа заң мен қолданыстағы заңның өзгешелігі мынандай: атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін кедейшілік шегін ең төменгі күнкөріс деңгейі 40%-дан 50%-ға дейін көтерілді. Жаңа заң әлеуметтік саладағы екі ма-ңызды өзгерісті көздейді. Біріншісі азаматтардың кейбір санаттарына берілетін әлеуметтік төлемдерге қолжетім-ділікті арттыруды қарастыратын трансформация шаралары болса, екіншісі аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейту көзделеді. Аталған заң аясында қазіргі таңдағы қолданыстағы әлеуметтік жәрдемақылар, яғни көпбалалы отбасыларына арнайы мемлекеттік жәрдемақысы, аз қамтылған отбасыларына арналған 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы, аз қамтылған үй шаруашылығына берілетін атаулы әлеуметтік көмек түрлері жойылып, орнына бір реттік жәрдемақы ретінде жаңа атаулы әлеуметтік көмек қабылданды, - деді Ж. Асантаев.
Оның айтуынша, облыстағы мүгедектер саны 24201 адам, бұл өңірдегі барлық халық санының 3,8 пайызын құрайды. Биыл жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы жанынан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналып 40 орындық жартылай стационарлық үлгідегі бөлімше ашылды. Облыс бойынша әлеуметтік саладағы өзекті мәселелердің бірі – ересектерге арналған психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік ме-кемелерге орналасуға өтініш білдірушілер санының күн санап артуы. Бүгінде психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерге орналасу кезегінде 198 мүгедек есепте тұр. Осыған орай әлеуметтік саладағы өзекті мәселенің шешімін табу мақсатында 2016 жылдың 13 қазанында Ақсай қаласы мен Ақжайық, Қазталов аудандарында 50 орынға арналған 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар мүгедектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын ашу жөнінде облыс әкімінің қаулысы қабылданды. Бүгінгі күні аталмыш мекемелердің құжаттары әділет органдарында тіркелуде.
Брифингте Жанат Асантаев халықты әлеуметтік қолдау әрдайым назарда болатынын, бұл бағыттағы жұмыстардың жіті қадағаланып отыратынын айтты.
Н.Текебаев «Бес жылға бекітілген су бағасы өзгере ме?» деген мақаласында баға мәселесін қозғайды.
«Батыс су арнасы» ЖШС-ның директоры Есенжан Шонаевтың айтуынша, қаладағы және шаһар маңындағы шағынаудандардағы су тарату және кәріз желісі қысқы маусымға толық дайын. Коммуналдық төлем бойынша жыл ішінде тұтынушылар толық есеп айырысқан. Еліміз бойынша есептеу құрылғысымен қамтылған тұрғын үйлердің ең көбі Орал қаласында екен. Шаһарда 67 су бөлетін колонка бар. Бірақ олар уақыт өте көшелерден алынып тасталмақ.
Кәсіпорын 427 шақырым су құбырын, 363 шақырым кәріз құбырын күтімге алған. Күні бүгінге оның 69 пайызға жуығы тозған. Биыл «ҚПО б.в.» компаниясы бөлген 1,5 млрд. теңге қаржыға «Альтаир» ЖШС 4370 метр су құбырын, 1320 метр кәріз құбырын жөндеген. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жеті жоба қолға алынған. Оның бесеуі шаһардағы жер асты су құбырларын жөндеуге, екі жоба кәріз сорғысы және су құю стансаларының құрылысына бағытталған. Бағдарлама аясында 1 млрд. 308 млн. теңге жұмсалыпты. «Ең бастысы, құбырларды жөндегенде тұрғын үйлерге келетін ауыз суды айырмадық», – дейді «Батыс су арнасы» ЖШС-ның директоры Есенжан Шонаев. Биыл жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында барлық су көтеру стансаларына заманауи неміс қондырғылары орнатылған.
Сонымен қатар құбыр желісі өтетін жер асты құдықтары қақпақтарының жоғалуы да өзекті мәселеге айналып отыр. Әсіресе, көктемгі қар суын тазалау, қоқыс тасымалдау жұмыстарынан кейін ауыр техника құдық қақпақтарын жарамсыз қылады не күресінмен бірге әкетеді. Сондай-ақ қасақана қолды қылатындар көбейіп отыр.
Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері ұрлыққа қатысты екі-үш деректі ғана анықтай алған. Бұл коммуналдық жүйені күтумен айналысатын мекеме-кәсіпорындарға ортақ мәселе болып отыр. Биыл «Батыс су арнасы» ЖШС бес жүздей шойын қақпақты қайта жасатуға тапсырыс берген. Тұрғындардан құдықтың аузы ашық жатқаны туралы тәулігіне он шақты хабарлама түседі екен.
«Судың тарифтік құны 2020 жылға дейін тұрақты бекітілген. Бірақ басқа кәсіпорындар тариф бағасын көтерсе, мәселен, электр қуаты қымбаттаса, бағаны қайта қарауымыз мүмкін», – деді Есенжан Темірболатұлы. Атауы Өлшем бірлігі ҚҚС есебі бойынша 2016 жылдың 1 қаңтарынан бері Су Кәріз жүйесі Қорытынды Тұрғындар 1 текше метр 50 52,07 102,07 Бюджеттік мекемелер 387,9 542,96 930,94 Басқа тұтынушылар 300,73 289,25 589,98 Осы автор «Ғұмырын ғылымға арнаған» деген мақаласында белгілі ғалым Д.Меңдәлиева жөнінде жазады.
Осы анықтама жерлесіміз, химия ғылымдарының докторы Дина Меңдәлиеваға қаратылып айтылғандай көрінеді маған. Кеңестік кезеңде Орда, Чапаев, Жалпақтал аудандарында партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған, қоғам қайраткері Кенжебек Меңдәлиевтің есімі өңір жұртшылығына кеңінен таныс. Абзал азаматтың шаңырағында екі ұл, үш қыз өсіп жетілген. Солардың ішінде Дина 1953 жылдан бастап Чапаев ауылындағы Абай атындағы мектеп-гимназиядан білім алады. 1962 жылы әкесінің қызметі ауысуына байланысты оқуды Жалпақтал ауылындағы мектепте жалғастырады.
«Отбасында тәртіп қатал болды. Әсіресе, оқу үлгерімімізге айрықша көңіл бөлінді. Анам Гауһар, негізінен, бастауыш сынып мұғалімі болғанымен, есепке жүйрік, математика пәнінен біліктілігі мығым еді», - деп еске алады Дина Кенжебекқызы. Зерек те алғыр қаршадай қыз мектеп бітірместен бұрын арман-мақсатын көңіліне нық бекітіп алған болатын. Яғни көптің жүрегі дауаламайтын химия ғылымы әлеміне қанат қағуға құштар еді. Отбасында ата-анасы бұл талабын қош көрмесе де, қайсар қыз табандылық танытып, 1964 жылы Алматы қаласындағы С. Киров атындағы ҚазМУ-дың химия факультетіне түсуге тәуекел етеді. Бір орынға 13 талапкер бақ сынаған байқаудан сәтті өтеді. Сөйтіп, университетте ҚазКСР ғылым академиясының академигі Михаил Козловский, кейін профессор Александра Зебрева жетекшілік еткен аналитикалық кафедрада оқуды тағдыр нәсіп етеді. Бұл кафедра химия саласынан білікті мамандар дайындайтын таңдаулы төрт кафедраның бірі еді.
Университетті тәмамдаған соң, 1970-1973 жылдары Орал педагогикалық институтында, қазіргі М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да оқытушы болып қызмет етеді. Cол кезде химия кафедрасының ұжымында ұлты қазақ жалғыз маман өзі болған еді. Кейін С. Киров атындағы ҚазМУ-дың аспирантурасынан жоғары білім алады. 1976 жылы электрохимия мамандығынан диссертация қорғайды. Жас маманға химия ғылымдарының докторы, профессор Валерий Гладышев жетекшілік етеді.
Дина Кенжебекқызы өзі оқыған оқу ордасында еңбек жолын жалғастырады. Университетте жоғары активті заттардың қатысуымен жүретін түрлі электродтардағы үдерістің механизмі мен кинетикасын зерттейтін жас ғалымдар тобында болады. Сол топқа жас ғалымдардың бірі, кейін әлемге танымал болған Михаил Наурызбаев жетекшілік жасаған.
Дина Меңдәлиева 1977 жылы аналитикалық кафедра жанындағы радиохимия мен талдаудың электрохимиялық әдістері зертханасының кіші ғылыми қызметкері ретінде жұмысқа орналасты, одан әрмен аға ғылыми қызметкер болды. 1996 жылы физикалық химия мамандығынан докторлық диссертация қорғады. 1997-2004 жылдары аналитикалық химия кафедрасының доценті, 1997-2004 жылдары аналитикалық химия және сирек металдар химиясы кафедрасының профессоры дәрежесінде тынымсыз еңбек етті. Дина Меңдәлиеваның болмысындағы бір ерекшелік – мінезі өткір. Сынға келгенде, әр сөзін қаққан қазықтай қып тура айтады. Оның бойындағы осы қасиеті университетте кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің, ҚР Жоғары аттестаттау комиссиясының мүшесі болғанда айрықша байқалды. Осы орайда ұстаздарының, ұжымдағы аға буын әріптестерінің берген барлық ақыл-кеңесін кәдеге жаратты. Байыппен сараптап, әділ баға беруге дағдыланды. Сондай-ақ мектеп оқушылары арасында өтетін ғылыми байқауларға, химия пәні бойынша республикалық олим-пиадаларға қазылық етті.
Ғалым – 300-ден астам ғылыми мақаланың, тоғыз авторлық куәліктің, одан бөлек мектептерге және жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдарының, бағдарламалардың авторы.
2004 жылы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да мұнайхимия және мұнай, газ және көмірқышқылдың химиялық технологиясы атты мамандық бойынша студенттер қабылданатын болған соң, сол кездегі ректор Қ. Бозымовтың өтінішімен келіп, университетте бес жыл еңбек етеді. Сол мерзім ішінде оның бастамасымен магистратура дәрежесінде органикалық заттардың химиялық технологиясы және бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы атты тағы да екі мамандықты оқыту жүйесі ашылады. 2009 жылдан бастап, ғалым М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ға қызметке орналасады. Осы оқу ордасында да жоғарыда аталған мамандықтар негізінде магистратурада оқу базалары ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта университеттің химия кафедрасының ұжымы Қазақстан мен Ресейдегі жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды.
Дина Кенжебекқызы бірқатар ғылыми жобаларды жүзеге асырған авторлық ұжымдарда белсенді еңбек еткен, бірқатарына жетекшілік жасаған. Мәселен, әскери өнеркәсіпке қажет аса таза металл алу жолын көрсететін ғалымның жасаған теориялық негіздемелері Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты мен Шымкент қорғасын зауытында өндіріске енгізілген. 2009 жылдан бастап облысымызда «ҚПО б.в.» компаниясының қар-жыландыруымен карбонатты бұрғылау қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату әдістемесін зерттеген топқа жетекшілік етеді. Жобаны іске асыруға «Перспектива КАН» ЖШС мен Саратов мемлекеттік университетінің мамандары атсалысты. Ғылыми зерттеу нәтижелі болып, бұрғылау қалдықтары жол құрылысына пайдаланылды.
Әрине, отандық химия саласында сара соқпақ салған Дина Кенжебекқызының ғылыми еңбектерінің маңызын бір мақалада тарқатып айту мүмкін емес. Оның бүгінге дейін талай мықты мамандарды тәрбиелеп шығарғанын, еліміздің түкпір-түкпірінде ғылыми дәрежесі жоғары шәкірттері тынымсыз қызмет етіп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайтыны анық. Ғалымның қарапайымдылығы сол, барлық табысқа өзім ғана қол жеткіздім дейтін менмендіктен болмысы түгелімен ада, керісінше ұжымдық еңбектің, бірлесудің арқасында болғанын, алдыңғы аға буынның тәлімі айрықша әсер еткенін айтудан жалықпайды. Дина Меңдәлиева мектептерде химия пәнін оқытуға байланысты кейбір өзекті мәселелерге мейлінше алаңдайды. «Оқу жылының екінші жартыжылдығында тест тапсыратын (11-сыныптарда) пәндерге ғана баса көңіл бөлініп, қалған сабақтың сағаттарында тестке дайындық жүргізіледі. Кейін олардың жоғары білімді ала алмайтыны, міне, осыдан туындап жатады. ...Біздің елімізде өңдеу және ұқсату жағы әлі де кенжелеп келе жатқан сала», – деп қалам тербеген ол маман даярлау сапасындағы түпкі кемшілікке назар аудармай, іс бітпейтінін алға тартады.
– Біз ескермей келе жатқан тұлғалар көп. Мәселен, Жәнібек ауданының тумасы Тайыр Шомбалов фитохимия құпиясын жетік білген марқасқа болса, Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында дүниеге келген Ердан Әзірбаев органикалық қосылыстарды зерттеумен өмір бойы шұғылданды. Екеуі де – өздері еңбек еткен салада қазақ арасынан шыққан тұңғыш химия ғылымдарының докторлары. Туған жерлеріндегі мектеп танымал ғалымдарымыздың есімдерімен аталса, олардың еңбегін жас ұрпаққа насихаттасақ, - деген Дина Кенжебекқызы жергілікті мәслихат депутаттарына ұсыныс түсірмек ниетте екенін айтып, одан әрмен бастаманы қолдау бағытында еліміздегі көзі тірі ғалымдар тарапынан қоғамдық пікір ұйымдастыра алатынын жеткізді.
Ғылым мүддесін әрдайым жеке өмірінен биік қойған Дина Меңдәлиева биыл жетпіс жастың бел ортасына келді. Тынымсыз ізденіс жолында ғалым денсаулығын «құрбан еткенін» біреу біліп, біреу білмес. Бірақ бойындағы ерекше ерік-жігер әрдайым биікке алып шықты. Өзіне тән ширақтық пен қатал болмысы өмір бойы жігерін өзі шыңдағанын дәлелдеп тұрғандай. Күлімсіреген кезінде жанарынан төгіле қалатын мейірім сәулесі аяулы ұстаз бойына дарыған терең пайым мен парасаттылықтың, ізгі ілтипаттың жылуы екенін түйсігі бар жан бірден аңғаратыны анық.
«Алма піс, аузыма түс...» деген мақалада (Л.Шағатай) алма ағашын өсірудің жай-жапсары сөз болады.
Алманың пісіп, ауызға түскенге дейінгі машақатын көп адам біле бермейді. Олай болса, біз бүгін күз мезгілінде алма көшеттерін отырғызу және алманы қысқа қалай сақтау керектігі туралы айтатын боламыз. Осы жолы көп жылдан бері бағбандықты серік еткен Ермек Абдулов ақсақалдың айтқандарына жүгініп, кәсіби тұрғыда кеңестер алдық.
Алма көшетін қашан отырғызған дұрыс?
Алма көшеттерін отырғызу және оны баптау тұрғылықты жеріңіздің климаттық ерекшеліктеріне тікелей байланысты. Тәжірибелі бағбандар алма көшетін отырғызуға күз мезгілі қолайлы екенін айтады. Ал біздің жерге ең қолайлы уақыт - қазан айы. Өйткені күз – ылғалдың ұзақ сақталуына, көшет тамырларының тез күш алуына, жақсы өнім беруіне оң ықпалын тигізеді.
Орын әзірлеу
Алма ағашын егуде оның орны мен топырағының құнарлығы маңызды рөл атқарады. Сізге не істеу керек? Ең тиімдісі, шұңқырды кем дегенде 2-3 ай бұрын, тіпті бір жыл бұрын дайындаған жөн. Өйткені қазылған топырақ күннің жылуын бойына сіңіріп, қажетті элементтерді сіңіріп үлгереді. Әрі топырақ демалады. Ең бастысы, алма көшеті егілетін жерде бұрын-соңды жеміс ағаштары егілмеген болуы шарт. Ал қазылатын шұңқыр неғұрлым терең болса, соғұрлым жақсы. Әр шұңқырдың тереңдігі 50-70 сантиметрден, ал диаметрі бір метрден кем болмағаны дұрыс. Алдымен шұңқырдың ең астыңғы бөлігіне 20-30 см көлемінде қара топырақ төсейсіз немесе түбіне бір уыстай селитра (арнайы тыңайт-қыш) себесіз. Бұл әдіс тамырдың жылдам өсуіне жәрдемдеседі. Сонымен қоса ағаштың күлі, шымтезек, жылқы мен сиырдың кепкен тезегін жақсылап араластырып, саласыз. Ал шұңқырдың бетін жабар кезде топырақтың бетіндегі шөптерін жерге қарата көмген жөн, өйткені шөптер, оның арасындағы құрттар мен микроорганизмдер топырақта қарашіріктің түзілуіне жақсы әсер етеді.
Көшетті қалай таңдау керек?
Алдымен көшеттің жасы біржылдық немесе екіжылдық болғанына мән беріңіз, екіншіден, кез келгеннің қолынан емес, арнайы мамандандырылған жеміс ағаштары тұқымбағынан (питомник) таңдаңыз. Өйткені көшет-тердің сұрпын көзбен таңдау өте қиынға соғады.
- Қысы аязды, жазы ыстық біздің климатымызға Ресейдің Самара, Саратов, Орынбор облыстарынан әкелінген көшеттер тез жерсінеді. Бұл жердің көшеттері көбіне «Дина» гипермаркеті мен «Зенит» мәдениет үйі маңында болатын жәрмеңкеде сатылады. Ал орталық базарда сатылатын көшеттердің бәрі бірдей керемет деп айта алмаймын. Мен екі рет алдандым, содан қайтып ол жерге жоламайтын болдым. Екіншіден, орталық базарда Ресейден әкелінген көшеттер өте сирек, ол жерде көбіне Шымкенттен әкелгенді сатады. Ал оңтүстіктің ағаштарының бізге «бауыр» басуы өте қиын, климатқа төзімсіз. Әрі кетсе, 2-3 жыл ғана жеміс береді, ғұмыры қысқа болады. Кейбір адамдардың түсінігінде көшеттің «жасы» неғұрлым үлкен болса, алма соғұрлым тезірек жеміс береді деген қате түсінік бар. Керісінше жас көшеттер жылдам өскіш, түрлі аурулар мен жыл мезгілдеріндегі ауа температурасына төзімді келеді.
Қазіргі таңда біздің өңірімізге ең қолайлы алманың сұрпы «колонналық» түрі болып отыр. Бұрын мұны көп ешкім білмейтін, қазір күннен-күнге қызығушылық артуда. Өте сәнді, шағын өлшемді, көп өнім беретін алма сұрпы. Шағын аулаға арасын бір метрден сақтай отырып, бірнеше көшетін отырғыза бересің. Өскенде бұтақтары айналаға жайылмайды, тіп-тік болып өседі. Артық орын алмайды, әр ағашы кем дегенде 70-80 кг-ға дейін жеміс береді. Бұл жеміс ағашы 1964 жылы Канаданың Калонна деген жерінде өсірілген, - дейді Ермек ақсақал.
Егу амалдары
Алма ағашын шағудан да шығаруға болады, бірақ оны қанша баптасаң да, «жабайы» болып кетеді, сондықтан оны теліп өсіреді. Яғни кез келген алманың көшетіне жақсы сұрыпты алманы телиді. Содан кейін көшеттің ескі талын кесіп тастайды.
Алма көшетін отырғызбастан бұрын 24 сағатқа дейін оның тамырын суда ұстаған жөн. Ол ылғалды бойына сіңіріп, тез тамырлануына көмектеседі. Алма көшетінің қай жағында бұтағы көп болады, сол жағын оңтүстікке қаратып егу керек. Егер бұтақтары жоқ болса, тамырларына қарап айырасың. Тамырлар күнді қуалап өседі, полярлықты сақтайды.
Көшеттің тамырын шұңқырға көмерде топырақ сепкен сайын төменнен жоғарыға қарай жәймен көтересіз. Сонда көшет жерге берік орналасады. Ал алманың телінген тұсы жердің бетіне 5-8 см шығып тұру керек. Жерге көмілсе, тұншығып қалады. Көшеттің жанына міндетті түрде қазық қағылып, көшет байлану керек, әйтпесе жас шыбықтың сынып кетуі ғажап емес. Сөйтіп, әбден суық түскенше аптасына 1-2 реттен қанғанша суарған жөн.
Көшетті баптау тек оны отырғызу емес, оның артық өсінділерін қиып, уақтылы суаруға да байланысты. Көшет егілгеннен екі жылдан кейін ерте көктемде оның артық, өлі және жарақаттанған бұтақтарын кесіп тастайсыз. Бұл жеміс ағашының өнімділігін арттыра түседі. Көшеттеріңіз неғұрлым тез әрі жемісті болсын десеңіз, жаз мезгілінде 3-4 шелектен аптасына 4 реттен суарған жөн.
«Еврей Жаңа жылы – «Рош-а-Шана» деген ақпаратта (А.Өтебәлі) қаладағы Достық үйінде «Ламед» еврей этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен еврей халқының жаңажылдық мерекесі тойланғаны хабарланады.
Еврей Жаңа жылы – «Рош-а-Шана» мерекелік шарасына облыс әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Александр Әжіғалиев пен Ресей Федерациясының Оралдағы бас консулы Саид Забитов және өңіріміздегі ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері қатысты. Шараға келгендер ең алдымен еврей халқының салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдары жөнінде мағлұмат берер көрме деректерімен танысты.
- Биыл еліміз егемендігіміздің 25 жылдығын тойлайды. Осы жылдар ішінде тәуелсіз Қазақстан қай салада болмасын, үлкен табыстарға қол жеткізді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында елімізде түрлі ұлт өкілдері өзара тату-тәтті өмір кешуде, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін ынтымақтаса еңбек етуде. Бүгінгі мерекелік шара да ұлттар арасындағы татулық пен достықтың бір үлгісі іспетті. Осы шара арқылы бүгін біз еврей халқының тарихымен, мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысамыз. Бұл шара облыс әкімдігінің қолдауымен «Этностар мәдени күні» жобасының аясында қазақстандық патриотизмді нығайтуға ықпал ету, ұлттық дәстүрлерге құрметпен қарау, азаматтарды біріктіру және топтастыру, достық пен халықаралық бірлікті, ынтымақтастықты насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Халықтар достығы мен ұлтаралық жарасымды нығайту – біздің басты міндетіміз. Шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы да үлкен қолдау көрсетті, - деді өзінің құттықтау сөзінде «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Александр Әжіғалиев.
Бұдан соң сөйлеген Саид Забитов еврей халқының өкілдерін елшілік атынан Жаңа жылдарымен құттықтап, қашан да жақсылыққа ұмтылған еврей халқына бақ-береке тіледі. Мерекелік құттықтауды одан әрі «Айдана» ЖШС директоры, армян мәдени-ұлттық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Аветик Амирханян, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов, «Ламед» еврей ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Ольга Дергачева жалғастырды. Оның айтуынша, еврей орталығы 1989 жылы 16 желтоқсанда құрылған. Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысын 1500-ден астам еврей ұлтының өкілдері мекен етіп, қоғамның барлық саласында еңбек еуде.
- Еврей Жаңа жылы – «Рош-а-Шана» еврейлердің тишрей күнтізбесі бойынша қыркүйек, қазан айларының алғашқы күндері тойланады. Жаңа жылда еврей халқы өткен жылдағы өміріне ой жүгіртіп, істеген жұмыстарын сарапқа салып, жаңа жылға таза ниетпен, үлкен ықыласпен аяқ басады. Қазақстан діни сенім-наным бостандығын қамтамасыз етіп, ұлтаралық жарасым саясатын дәйекті түрде жүргізіп келеді. Елбасыныңосындай саясатының арқасында Қазақстанда тұратын барлық ұлтұлыстар өздерінің салт-дәстүрлерін, тілдері мен діндерін сақтауда. Мемлекеттің бұл саясаты халықтар достығын жоғары бағалауы деп түсінеміз. Біртұтас ел ішіндегі мейрамдардың қай-қайсысы дабаршамызға ортақ болып саналады. Олай болса, барша жұртты бейбітшілікке, ынтымақтастыққа шақыратын еврей Жаңа жылы – «Рош-а-Шана» мерекесі құтты болсын! - деген Ольга Дергачева жиын соңында жиналғандарды еврей халқының ұлттық тағамдары қойылған достық дастарқанына шақырды. Шара еврей қызының орындауындағы «Егемен Қазақстан» әнімен аяқталды. Шараның жоғары деңгейде өтуіне мерекелік кешті жүргізген «Ламед» еврей этномәдени қоғамы жетекшісінің орынбасары Феликс Баюканский мен оның көмекшісі, кешті таза қазақ тілінде жүргізген №26 орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ирина Жиликтің үлкен ықпал еткенін айта кеткен орынды.
«Үндістанға аттанбақ» - бұл ақпаратта (Н.Оразаев) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның ұйымдастыруымен жақында Астана қаласында робототехника олимпиадасы өткені баяндалады. Еліміздің әр өңірінен жиналған 200-ден астам оқушы халықаралық робот олимпиадасының ережесі бойынша төрт бағытта сынға түсті.
Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары аталмыш додадан олжалы оралды. Атап айтқанда, ересектер санатында 11-сынып оқушылары Әділет Бекетов пен Ербол Абай, орта жастағылар арасында 8-сынып оқушылары Жәңгір Баянов пен Данияр Серік және студенттер арасында 11-сынып оқушысы Шынболат Тінәлиев бірінші орынды иеленді. Олимпиада жеңімпаздары атанған жас өнертапқыштар қараша айында Үндістанның астанасы Дели қаласында өтетін халықаралық жарысқа жолдама алды. Сондай-ақ шығармашылық санатында Динара Алманова, Айдана Асанғалиева және Ділназ Қуанова сықылды мектептің 10-сынып оқушыларынан құралған командаға екінші орын бұйырды. Олар суда қоқыс қалдықтарын жинайтын робот құрастырған болатын. Ал Орал құрамасында болған тасқалалық оқушылар да шығармашылық санат бойынша үшінші орын иеленді.
Г.Әжігерееваның «Қызыл сызықты» неге ескермейді?..» деген мақаласында қаладағы техникалық стансалар, автокөлік жуу орындары сияқты түрлі нысандардың дұрыс орналаспағаны сыналады.
Еуропа мен Азия құрлықтарының әрі Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің тоғысқан тұсындағы Орал – ерекше қала. Сән-сәулеті келісті байырғы шаһардың кескін-келбеті бұрынғыдан мүлдем өзгеріп барады. Соңғы жылдары қалада жаңа саябақтар, сыртқы қас беті сан алуан көрікті материалдармен көмкерілген жаңа нысандар бой түзеуде. Алайда зәулім ғимараттар мен көкке ұмтылған жаңа үйлер салынған қаланың шағынаудандары кең далаға көсіліп, далиып бара жатқандай әсер етеді. Сәулетшілер қала құрылысы бас жоспарға сәйкес жүргізілуде деуден танбаса да, қаланың жаңа және көне құрылыс нысандарынан өзара үйлесімділік, сәулетінен өзіндік ерекшелікті табу қиын. Мысалға, өзіміздің Атырау жақтан және Ресейдің Самара қаласы жағындағы күре жолмен қалаға кірген кезде самсаған техникалық стансалар, автокөлік жуу орындары «кеуде соғып» қарсы алады. Соларға орын оқшалау жерден неге «бұйырмады» екен? «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей, еліміздің батыс қақпасы Орал сырттан келушілерді осындай сұрланған, сұрқы келіссіз нысандармен қарсы алады емес пе?!
- Самара күре жолы жағындағы техникалық стансалар, көлік жуу орындары Зеленов ауданының аумағында орналасқан. Нобайлық жобаны жобалау мен келісуде сәулет жоспарлау тапсырмасын беру үшін сәулетшіге қойылар басты талап – құрылыс салу жолағы мен құрылыстың шекарасын реттейтін қызыл жолақты ескеру. Осы тұрғыдан алып қарағанда, жаңағы нысандар күре жол белдеуінен 15 метрден кем емес қашықтықта орналасқан, - деді Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанболат Үмбетқалиев.
Қазір Оралда аяқ бассаң, тойхана, мейрамхана, түнгі клубтар және сауда үйлері алдыңнан атойлап шығады. Тұрғын үй аулаларына тығылыстыра салынған құжыра-құжыра дүкен, көп қабатты үйлердің 1-қабаттарына жап-сарлас біткен дәмхана, шаштараз сықылды кәсіпкерлік нысандары онсыз да шағын аулалардың тынысын тарылта түседі. Ол аз дегендей, тұрғын үйлердің аулалары тұрақты көлік тұрақтарына айналған. Әсілі, көлік тұрақтары ауладан тысқары салынуы тиіс емес пе? Бұл жағын сәулетшілер де, құрылыс нысанына тапсырыс берушілер де, сол үйлердің тұрғындары да елеп-екшеп жатқан жоқ. Оралдың Жаңа орда шағынауданындағы Қызылжар көшесіндегі сауықтыру кешенінің ғимараты жаяу жүргінші (тротуар) жолына әжептәуір шығып кеткен. «Байқамай» артық жер өлшеген мамандар бұл күндері жұмыстан кетіп қалған, ал жеке кәсіпкер заңды түрде алған жерінде кәсібін жалғастыруда.
Сәулет құрылыс талаптарының және қызыл сызықтың сақталмауы көріністерін қаланың кез келген бұрышынан қиналмай-ақ табуға болады. Бірде «Нұр Отан» партиясының Орал қалалық филиалында қалалық мәслихаттың депутаты Жантас Сафуллинге қоғамдық қабылдауға келген Наталья Акунишникова есімді қала тұрғыны да осындай нақты фактіні депутаттың алдына тартты. Оның айтуынша, Мұхит көшесіндегі Л. Толстой аялдамасы қасындағы көп жылдардан бері жабық тұрған дүңгіршек автокөлік бөлшектерін сататын орын ретінде ашылып, сауда жасауға кіріскен. «Бұл дүңгіршек көлік жүретін жолға тиіп тұр. Дүңгіршектен шыққан адам қабырғаны жағалаймын деп нөпір көліктің астында қалуы мүмкін. Сауда жасауға аутокөлікпен келген адам машинасын жол үстіне қаңтарады, бұл да жол қозғалысына бөгет әрі жол-көлік оқиғаларына жол беруі мүмкін. Бұдан бұрын дәл осы шамада жол-көлік оқиғасы орын алып, кішкентай қызым ауыр жарақат алып, мүге-дек болып қалды. Содан кейін ғана бұл көшеге жаяу жүргіншілер жолы, жүріс жолағы бойындағы жасанды кедергі (лежащий полицейский) салынды. Сондықтан мені ана ретінде жол қозғалысы қауіпсіздігі, адамдар өмірінің қауіпсіздігі алаңдатады», - деді Наталья Дмитрийқызы.
Зашаған шағынауданында мұндай келеңсіз құрылыстар жетерлік. Мысалға, «Жазира» сауда үйінің маңы ешбір талғамға сай келмейтін, қиюластырып сала берген шағын кәсіпкерлік нысандарына, дүңгіршектерге толы. «Медколледж» аялдамасындағы сауда дүңгіршегі жол жиегінен «шыға жаздап» қалған. Әрлі-берлі ағылған көліктер жолына өте жақын орналасқан. Тіпті жүргіншілер автобусқа міну үшін дүңгіршектің шаң басқан қабырғасын жағалап жүргені. Тура осындай жағдайды Құрманғазы көшесінің бойындағы “Азиза” сауда үйі маңындағы аялдамадан да байқап жүрміз. Мұндай жағдай басты байлығымыз – адам өміріне қауіп туғызады, бірақ жобалау кезінде мәселенің осы жағы қалай ескерілмеген? Осы мәселеге қатысты сұрақты қаланың сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанболат Үмбетқалиевке қойғанбыз. «Бұл аялдамада қоғамдық көлік тұрағы үшін «қалта» қаралмаған және ескерілмеген. Қазір аялдама иелері автобус көліктерінің тұрағы үшін «қалталар» құрылысымен көлік өтетін бөлігіне қатысты алаңқайды ығыстыру қажеттігі туралы ескерту алды. Берілген нұсқаулар орындалмаған жағдайда кәсіпкерлерге жер телімдерін жалдау мерзімі ұзартылмайтын болады», - деді ол.
С.Жәрдемұлы «Жаңажол қашан жаңарар екен?» деген мақаласында Қазталов ауданы Жаңажол округіндегі жетіспестіктерді мәлім еткен.
Кеңестік дәуірде мал шаруашылығын өркендетудегі ерен еңбегімен талай мәрте көзге түскен «Ақкөл» кеңшары тәуелсіздік алған жылдардан бері Жаңажол ауылдық округі деген атауға ие. Кезекті іссапар барысында Чапаев – Қазталов күре жолына таяу орналасқан округ орталығын асықпай аралап шықтық. Өйткені бұл мекеннің ішкі жолдарымен жүру ауа райының жауын-шашынсыз кездерінде ғана мүмкін екендігіне әлденеше рет келгенде куә болған едік. Қараөзен бойына қоныс тепкен ауылда дені жатаған үйлер болғанымен, тұрғындары көштен қалмақ жоқ сыңайлы. Аулаларына заманауи үлгідегі қоршаулар орнатып, қайсыбірі тұрғын үйлерінің сыртын суық өткізбейтін пенопластпен қымтап қойыпты. Бау-бақша өсіргендері некен-саяқ. Ресейлік көршілердің таяуда су жібергендігін аңғартқандай, Қараөзеннің толқындары жағаны ұрып-ақ тұр. Округ орталығында бас-аяғы екі көше. Ал осы қос көшенің жолдары жыл он екі айдың кемі жартысында ми батпақ болатындығы ойға түскенде, тұрғындардың жанкештілігіне қайран қалмасқа шара жоқ. Әйтсе де, еліміз егемендік алғалы мұнда жаңа мектеп, балабақша, мәдениет үйі мен шағын мешіт бой көтерген.
Әкіммен аз-кем әңгіме
- Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында 47 шаруа қожалығы, бір несие серіктестігі жұмыс істеуде. Соның ішінде 12 шаруа ірі қара малын асылдандырумен айналысса, бір шаруа «Құлан» бағдарламасының шапағатымен жылқы өсіруде. Ірі қара малын асылдандыру мақсатында екі кооператив құрып, тегін бағым ұйымдастырып отырмыз. Сегіз бақташы бар.
Ауылдың тыныс-тіршілігі турасында осылайша әңгіме бастаған аталмыш округ әкімі Арман Алдабергенов алдағы жұмыс жоспарларымен де бөлісті.
Тұрғындарды толғандырып жүрген ауыз су мәселесі, «Таза су» бағдарламасы бойынша 2008 жылы орнатылған қондырғылар жөнінде газетімізде үш жыл бұрын жазылған болатын. Жаңажолдықтардың дені әлі күнге ауыз суды Бәйжиен елді мекенінен тасымалдап отыр екен. «Ақбұлақ» мембағдарламасына қосылу үшін 209 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, 2014 жылдың көктемінде мемсараптамадан да өткен. Алайда тиісті мекемелерден әлі күнге нақты жауап келмепті.
Чапаев – Қазталов күре жолына қатқыл табанның төселіп жатқаны көпшілікке мәлім. Дәл осы жолдың маңындағы Жаңажол ауылына және ауыл ішіндегі екі көшеге қатқыл табанды жол тарту мәселесі ауданның даму тұжырымдамасында көзделген.
Жуырда «Ақжайық» ЖШС барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізіп кетіпті. Жобалық құжаттары да дайындық үстінде.
- Көгілдір отыны кіріп тұрған ауылдың әр үйіне «Ақбұлақ» арқылы таза ауыз су тартылып, көшелеріне қатқыл жол төселсе, тіптен тамаша емес пе?! Еңбек етіп, бала-шағасын тәрбиелеп, денсаулықтары мен бау-бақшасын күтуден өзге не қалады?..
Бейнелеп айтқанда, жаңажолдықтарды «өркениеттің қақ төріне апарып қойғанымдай» сауалыма округ басшысының сәл жымиып алып, кібіртіктеп қалғандай сыңай танытқаны. Бұл жәйдің мәнісіне байыппен үңілсек, ауылдағы амбулаторияның ахуалы тіптен сын көтерместей жағдайда болып шықты.
Ақ желеңділер ашулы
Округ әкімдігі ғимаратының оң жақ бүйірінде орналасқан дәрігерлік амбулаторияға келдік. Ақ желеңділердің қызметіне жүгінушілердің аз еместігі көрініп-ақ тұр. Мизам шуағы болғанымен, ғимарат дәлізіне енгенімізде, суықтан денеміздің тітіркеніп кеткені. Әйтсе де, қалыптасқан ережеге қоса әдеп сақтап, сыртқы киімімізді шешіп, аяқ киімді ауыстырдық. Көне кеңсенің суық дәлізіндегі жұпынылау орындықта - кезек күтушілер. Тозығы жеткендігін «шықырлаған үнімен» аңғартқан сол жақтағы есік арқылы ішке еніп, амбулатория қызметкерлерінен сұхбат беруді өтіндік.
- Емдеу мекемесінің ашылғанына 30 жыл болды. Екі мейірбике, акушер, әлеуметтік қызметкер, кіші қызметкер мен көлік жүргізуші жұмыс істейді. Ауылда 1800 тұрғын болса, оның 400-ге жуығы – 14 жасқа дейінгілер. Арнайы есепте тұратын 300-ге жуық науқас тегін дәрі-дәрмектерін уақтылы алып жүр. Айына кемі 15-20 адам үйіне шақыртып, көмек алады. Сондай-ақ ай сайын кемі 30 адам күндізгі (стационарда) бөлімде ем қабылдайды. 1972 жылы салынған кеңсенің әбден тозығы жеткендігін көріп отырсыздар ғой. Қысқы маусымда тіптен қиын – бәріміз бір бөлмеге жиналып, сырқаттарды қабылдаймыз, - дейді Жаңажол дәрігерлік амбулаториясының тәжірибелі дәрігері Светлана Жұмақаева.
Амбулаторияның аядай ғана екі бөлмесінде науқастар қабылданса, екі кереуеттік төргі бөлме күндізгі бөлімге арналыпты. Мұндағы медициналық құрал-жабдықтар 2007 жылдан бері жаңартылмаған. «Жедел жәрдемге» он жыл бұрын бөлінген ескі «УАЗ» аутокөлігінің жүруінен тұруы көп.
Қазіргі уақытта бұзылған бұл көлік жүргізуші Асхат Ахметовтің үйінің ауласында тұр екен. Ауыр науқастарды амбулатория қызметкерлері жеке аутокөлік жалдап, Жалпақтал ауруханасына жеткізуде. Кеңседе компьютер құрылғылары болғанымен, ғаламтор желісі жоқ. Ақ желеңділер атқарған жұмыстары туралы мәліметтерді күнбе-күн бес-алты шақырым қашықтықтағы Жалпақтал ауылындағы емханаға аяқтай апаруға мәжбүр.
- Қысы-жазы күнбе-күн өзеннен су тасып, оны электр қуатымен жылытамын. Жұмыстағы жағдайымыз ауыр болса да, түбі бір жақсылық болар деп үміттенеміз, – дейді аталмыш мекеменің тазалықшысы Гүлсара Рахматуллина.
Міне, ескі кеңсенің бір бөлігін 20 жылдан бері паналап жүрген ақ желеңділердің жағдайы дәл осындай.
Оқырмандар – оптимист
Айналасы қоршалып, жасыл желекке көмкерілген ауылдық мәдениет үйіне таянғанымызда, әлгіндегі жабырқау көңіліміз сәл болса да, сейіле түскендей. Сән-салтанаты келісті мәдениет ошағының кең залы лық толмаса да, ауылдың үлкен-кішісі – «Орал өңірінің» шынайы оқырмандары жиылыпты.
Алдымен ғасырға жуық тарихы бар басылымның бүгінгі һәм келешектегі қам-қарекеттерінен хабардар болған ауылдың жайсаң жандары көкейіндегі сауалдары мен ұсыныс-пікірлерін іркілмей айтты. Емен-жарқын жүздесуде имандылық, патриоттық пен ұрпақ тәрбиесі, еңбекті және еңбек адамдарын дәріптеу мәселелерімен қатар, ауылда сирек болса да, орын алатын тәртіпсіздік, мал ұрлығы сықылды келеңсіздіктер де әңгіме арқауына ілікті.
Зейнет жасындағы Бақтылы есімді оқырманымыз «сыбайлас жемқорлық туралы жазғанда атын атап, түсін түстеуімізді» өтінсе, мектеп мұғалімі Мұхит Ермағанбетов «ауыл балаларының шығармашылығына әлде де жиірек көңіл бөлсеңіздер» деген пікірде.
Оқырмандар сондай-ақ мектеп бітірушілердің болашақ мамандығын таңдауына әсер ететін мақалаларды газет беттерінен ұдайы көргілері келетіндіктерін, ауылдағы ғаламтор желісін жүйелі жолға қоюды уақыттың өзі талап етіп отырғандығын паш етті.
Ауылдағы ақжарқын ағайынның әңгімесінен біраз жайттарды ұғынып, көңілге түйгендейміз. Жаңажолдықтар «Ақбұлақ» пен қатқыл жолдың ауыл ішіне кіретіндігіне бек сенім артуда. Ал дәрігерлік амбулаторияға жаңа ғимараттың салынуы мен ғаламтор желісінің соны үлгідегі әдіспен тартылуын таяу уақыттың еншісіне қалдырып отыр. Оптимист оқырмандардың пейіліне ризашылық сезіммен келесі ауылға аттандық.
«Батыс Қазақстан облысы: ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНЫҢ ЖЫЛНАМАСЫ»
1993 жыл
10 АҚПАН
Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты жанынан аспирантура ашылды. Ол ауыл шаруашылығы өндірісін басқару және экономика тақырыбында тоғыз мамандық бойынша ғалымдар даярлайтын болады. Оқыту күндізгі және сыртқы бөлім арқылы жүргізіледі.
17 АҚПАН
Орал қаласында ҚР Ұлттық Академиясы Батыс Қазақстан бөлімшесінің су және биологиялық проблемалар бойынша ғылыми орталығы құрылды. Орталықтың директоры болып, белгілі ғалым, геология және минералогия ғылымдарының докторы Роберт Құрманғалиев тағайындалды.
3 НАУРЫЗ
Желаев астық өнімдері комбинаты өздерінің қызметкерлері үшін бірден он пәтер сатып алды. Сөйтіп, жұмысшыларды тұрғын үймен қамту жөніндегі әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асыру басталды. Тағы да 50 пәтердің құрылысын қаржыландыру жоспарлануда. Баса айта кету керек, бұл мекеме - өз қызметкерлеріне қамқорлық жасап отырған бірден-бір кәсіпорын. Мұнда қызметкерлерге көмір, астық және тағы басқа күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар жеңіл бағамен беріледі. Әрбір қызметкерге түскі асқа қосымша 50 сом төленуде.
6 НАУРЫЗ
Алматы қаласында біздің жерлесіміз, белгілі жазушы Хамза Есенжановтың мемориалдық мұражай-үйін жасақтау қолға алынды. Бұл жұмысты ұлы Әлихан қолға алды, оған жазушының кезіндегі достарының ұрпақтары мен жанашырлары көмектесуде.
10 НАУРЫЗ
Батыс Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясы телевизиялық қазақ тілі сабағын беруді бастады. Оны өткізудің әдістемесін мұғалімдер білімін жетілдіру институтының қазақ тілі және әдебиеті кабинеті әзірледі. Көрермендер үшін 80 сағатқа арналған қолжетімді материалдар беріледі. Оны меңгергендер ешбір аудармашысыз қазақ тілінде еркін сөйлесе алады.
3 СӘУІР
Батыс Қазақстан облысының әкімі Қабиболла Жақыпов бастаған делегация үш күн бойы РФ Астрахан облысында болды. Келіссөздер қорытындысы бойынша Астрахан және Батыс Қазақстан облысы өзара экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімшарт қабылданды.
29 СӘУІР
«Уральснефтегазгеология» өндірістік кәсіпорнының Шаған экспедициясы Приурал ауданы аумағынан Чинарев кен орнын ашты. Геологтардың болжамы расталды. Екінші бұрғылау қондырғысы 5 мың метр тереңдіктен жоғары дебитті газ конденсат қорын тапты. Зерттеу жұмыстары одан әрі жалғасуда. Геологтардың бағалауынша жаңа кен орнының болашағы зор.
8 МАМЫР
Переметный ауылында Ұлы Отан соғысында қаза болған жерлес-жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылды. Оның құрылысына қаржы бірнеше жыл бойы жиналды. Арнайы ашылған есепшотқа ауданның шаруашылықтары, кәсіпорындары мен ұйымдары, жекелеген адамдар қаржы аударды. Сөйтіп, Жеңістің 48 жылдығы қарсаңында зеленовтықтардың арманы нақты іс жүзіне асты.
Ескерткіштің ашылу салтанатында қолдарына қару алып, Отанды қорғауға аттанған ата-бабаларының ұрпақтары құрметті қарауылға тұрды, ауыл тұрғындары лек-легімен ағылып, бейбіт өмір үшін жанын пида қылғандардың рухына тағзым етті.
22 мамыр
Облыстық әділет басқармасында Ғұмар Қараш қоры тіркеуден өтті. Қордың мақсаты мен міндеті - ақын, философ Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығын кешенді зерттеу және өлкеміздің басқа да қоғам қайраткерлерінің еңбектерін жарыққа шығару, Ақ Жайық өңірінің шынайы тарихын жасақтауға қатысу. Қор президенті - белгілі ғалым-ғұмартанушы Мақсат Тәжімұратов.
27 МАМЫР
Батыс Қазақстан облысының қой өсірушілері елеулі табыстарға ие болды. Көктемгі төл алу науқанын ұйымшылдықпен өткізіп, 900 мыңнан астам қозы алды. Бұл өткен жылғыдан едәуір көп. Барлық аудан жоспардан артық төл өргізді. Тасқала ауданы әр жүз аналықтан – 104, Чапаев ауданы – 98, Сырым 96 қозы алды. Облыс бойынша орташа көрсеткіш – 93.
Облыс әкімі Қабиболла Жақыпов Жаңақала, Жәнібек, Жалпақтал, Қазталов, Сырым, Тайпақ, Тасқала, Орда, Чапаев және Шыңғырлау аудандарының шопандарын қол жеткізген табыстарымен құттықтап, жеделхат жолдады.
29 МАМЫР
Орал қаласында жастар арасында шахматтан ел біріншілігі өтті. Онда жерлесіміз, спорт шеберіне кандидат Мұртас Қажығалиев сегіз мүмкіндіктен 7,5 ұпай жинап, тамаша жетістік көрсетті. Ол бас жүлдегер атанып, Бразилияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.
30 МАМЫР
Нью-Иорк штатының Колгайт университетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Марта Брил Олкотт бірнеше күн Орал қаласында болды. Ол көп жылдан бері қазақтардың көшпелі өмірін зерттеу проблемасымен шұғылданып келеді. Оның «Қазақтар» атты монографиясы ғалымдардың жоғары бағасын алды. Қазір ғалым тәуелсіз жас мемлекетіміздің қазіргі шынайы өмірін зерттеумен айналысуда. Марта Брилл Олкотт облыс әкімі Қ. Жақыповпен, бірқатар саяси партиялар мен қозғалыс жетекшілерімен кездесті. Теректі ауданында болды.
3 МАУСЫМ
Бұрынғы металл бұйымдары зауытының ұжымы мемлекеттік кәсіпорынды сатып алып, металл және пластмасса тауарларын шығаратын жабық акционерлік кәсіпорынға айналғаны туралы куәлік алды. Қазір 460 мүшесі бар ұжым өндіріс қожайыны болды. Кәсіпорын директоры П. Камышев шаруашылық жүргізудің жаңа әдісіне көшу арқылы мекеменің экономикалық жағдайы түзеліп, жұмысшылардың материалдық жағдайы жақсаратынына сенімді.
10 МАУСЫМ
А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты мен «Уральскнефтегазгеология» бірлестігінің автокәсіпорны ұжымдары бұрын-соңды болмаған су тасқыны зардабын шеккен Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары тұрғындарына көмек беру жөнінде үндеу тастады. Республиканың барлық халқына, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп кәсіпорны, жоғары оқу орындары ұжымына арналған үндеуде нарықтық қатынасқа көшу барысындағы өтпелі кезеңдегі қиындықтар, инфляция күн санап өсіп отырған жағдайда халықтардың бірлігі мен ынтымағы керектігі айтылған. Сондықтан бастарына қиындық туған жандарға қолұшымызды созуға шақырады.
26 МАУСЫМ
А. Островский атындағы орыс драма театрында агроөнеркәсіп кешені проблемаларына арналған облыстық кеңес өтті. Кеңесте «1992 жылдың қорытындылары және облыстың ауыл шаруашылығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі міндеттер, алда тұрған науқандық жұмыстарды ұйымдастыру туралы» облыс әкімі Қабиболла Жақыпов баяндама жасады.
6 ШІЛДЕ
«Неведа – Семей» атом сынағына қарсы халықаралық қозғалысы атқару комитетінің төрағасы М. Ерімбетов, осы комитеттің «Радиация. Экология. Денсаулық» комитетінің төрағасы Д. Қайырғалиев, бір топ журналистер мен фототілшілер ядролық сынақ аймағына айналған Орда ауданында және Азғыр, Капустин Яр полигонында болды. Олар осы аймақтағы экологиялық жағдаймен, әлеуметтік-экономикалық проблемалармен, тұрғындардың денсаулығын нығайту барысында қолға алынып жатқан шаралармен танысты.
27 ТАМЫЗ
Облыстық Қызыл Крест қоғамы алыстағы Жапониядан емшектегі баланы тамақтандыруға арналған 20 тонна жасанды сүт өнімін алды. Құрамында 25 компонент бар сүт өнімдері алыстағы аудандарға және қаладағы арнаулы балалар мекемелеріне бөлінеді.
2 ҚЫРКҮЙЕК
Орал ет комбинаты ауданында жаңа №33 қазақ мектебі ашылды. Облыс бойынша бес қазақ мектебін ашу жоспарлануда. Статистика мәліметі көрсеткеніндей, жыл сайын қазақ сыныптарындағы оқушылар саны екі пайызға өсіп отыр.
7 ҚЫРКҮЙЕК
Облыстық байланыс кәсіпорнына жаңа басқару құрылымы енгізілді. Облыста өз алдына бөлек мемлекеттік байланыс қызметі және облыстық мемлекеттік телекоммуникация кәсіпорны құрылды. Бұл нарық жағдайына көшуге және аталмыш саланы басқару жүйесін жетілдіру үшін жасалды. Әрбір құрылымға әлеуетті тұтынушылармен жұмыс істеу мүмкіндігі берілді.
16 ҚЫРКҮЙЕК
Батыс Қазақстан облыстық тілдер басқармасы құрылды. Облыс әкімі Қ. Жақыповтың шешімімен басқарма бастығы болып Мырзағали Мұхамбетов тағайындалды.
2 ҚАЗАН
Жаңақала ауданының орталығында жаңа сауда орталығы ашылды. Азиялық үлгіде, ұлттық нышандармен безендіріліп салынған жабық базар есігін айқара ашты. Енді жаңақалалықтар қажетті тауар үшін қалаға бармайтын болды.
«Қазақстаннан» Қазақстанға
Жымпиты (Қызыл үй)
Жымпиты (Қызыл үй һәм Қосба) Қызыл үй менен Қосбаның арасы он сегіз шақырым шамасы. Екеуінде де кішірек кіне мектеб бар. Қосбада мектеб кішкене болғанменен де үлкен шәкіртдер де бар. Қосбадағы мектебнің басталғанына 20-30 төмен етерге мүмкін. Ама Қызыл үйдегі мектебнің басталғанына он екі-он үш сана. Бұл мектебдерің басында болған (тұрған) адамдарны жазбай қалдыру хианат болар: Қосбада Қуанай нам ишан, әмме Қызыл үйдегі мектеб басында Ғабидолла нам халфе.
Бұл адамдар һәр екеуі де халық үшін файдалы адамдар һәм оқымысды адамар. Хасуса Қуанай хазірет ғиртлы адам.
Бұ мектеблерге төте оқыту әлі кірген жоқ. Алайда жақын арада төте оқытуны қабыл етулері үмид етіледі.
Бұ күнде төте оқыту қазақ ішінде де жайыла бастады. Бізің тарафда үш орында қазақ ішінде төте оқыту менен оқытылады.
Мер Ғазез ЗИННУРОВ
Басшылық
Қостанай ойазының Қарабалық уолысының упрауителі Сәлім мырза Құдиаров 1912-ші жылда перуай ғинуарда уолосной уизныйларды жинаб ысхутда халықға айтыб түсіндіріб, оушестуаның жиын ақшасынан бір жүз сом «Айқаб» журналының файдасына беруге приғоуор жасатды. Бұл хызметі үшін Сәлім мырзаға рахмет айтамыз. Осындай мұхтаж уақытда білім жеткен, сөзі өткен ағалардан һәр қайсыларының жәрдем етулерін тілейміз.
Жамаладдин
Мұхтарам оқушыларымызға
Ишанғали Меңдіғалиев деген азамат «Қазақстанға» 30 падписшик тауыб, бір жүздей ақша жіберіб еді. Жаткадан Билаш Шолтыров деген бір азамат «Қазақстанға» 10 кісі падписшик тауыб, 30 сом жіберібді. Бұның екеуі де өз ақшаларыны беріб, типоғрафиа сатыб алуға бұрын да жәрдем еткен азаматдар еді.
Һәр оублысдан да осындай жәрдем болыб тұр. Соның үшін шығарушылар айға үш иаки дөрт шығарушылықдың лажын көздеб жатыр.
Е.Б.
Г.Жолдығали «Сары дала сағынышы – сал Мұхит» деген ақпаратында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония¬¬да халық композиторы, әнші-ақын Мұхит Мерәліұлының 175 жыл¬ды¬ғына арналған «Сары дала са¬ғы¬нышы – сал Мұхит» атты рес-пуб¬ликалық дәстүрлі әнші¬лер бай¬қауы басталғанын мәлім еткен.
ҚР Тәуел¬сіз¬¬дігі¬нің 25 жылдығы аясында об¬лыс¬тық мә¬¬де¬ниет, мұрағат¬тар және құ¬¬жат-тама басқармасы¬ның қо묬¬дବуы¬¬¬мен, облыстық халық шы¬ғар¬¬ма¬шы¬¬¬лық орталығы, Қара¬төбе аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдас¬тыруы¬¬мен өткен ша¬ра-ның мақсаты – өнер әлемінде өзін¬дік орны бар біртуар тұл¬ға, әнші-композитор Мұхит Мерәлі¬ұлы¬ның ән мұрасын жұрт жадында жаңғырту және дәстүрлі ән мектебінің ұлы көшін үзбей, жаңа есімдерді ашу.
Ән байқауына Астана, Алма¬ты, Семей қаласы, Оңтүстік Қазақ¬стан облысы, Атырау, Ақтөбе, Маң¬ғыс¬тау облы¬сы жә¬не Ақ Жайық өңі¬рінен 22 үміткер қବты¬су¬да. Олар Мұ¬хит Мерәліұлы, Ға¬ри¬фо묬ла Құр¬ман¬ғалиев, Жаяу Мұса, Салғବра Жәң¬кіс¬ұлы, Ақан сері секілді хବ-лық ко쬬¬по¬зиторларының әндерін орындау¬да.
Байқауға арнайы келген облыс әкі¬мінің орынбасары Марат Тоқжанов еліміздің батыс өлкесінде дәс¬түр¬лі ән мек¬тебінің негізін қалаған Мұхит мұра¬сы¬ның рухани құндылы¬ғын атап өтіп, бай¬қауға қаты¬сушы өнер¬па第дар¬ға сәт¬ті¬лік тіледі. Ән ба鬬қа¬уы¬на Түр¬кі¬стан қала¬сы-нан ҚР хବ¬лық әртісі, Қожа Ахмет Яссауи атын¬¬¬¬да¬ғы халық¬ара¬лық қазақ-тү¬¬рік ун謬¬вер¬¬си¬теті¬-нің оқы¬ту¬шысы, профес¬сор, ән¬ші-терме¬ші Қа¬жы¬¬бек Бек¬босын, Ақ¬төбе қа¬ла¬сы¬¬нан «Мә-дениет майталма¬ны» бел¬гі¬сі¬нің ие¬ге¬рі, әнші-термеші Хай¬дар Өт嬬ға¬лиев, Атырау қаласынан рес¬пуб¬ли¬калық бай¬қаулардың жеңім¬пазы Қайрат Кәкі¬мов, ҚР еңбек сіңір¬¬¬ген мәдениет қызметке¬рі, ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев жә¬не өңірі¬міз¬дің өзге де өнер майтал-мандары қазы¬лық етуде. Екі күнге со¬зылған байқаудың бас жүлдесі Ақ¬жайық ауданынан кел¬ген Данияр Елеуовке бұйырды. 1-орын мен М. Мерәліұлы атындағы дипломды алматылық Нұ¬рым Асқанов ал¬ды. Ал 2-орынды орал¬дық Ернар Өмір¬әлі мен Бейбіт Қа-жығалиев еншіледі.
Газеттің 22 қазан күнгі саны «Құрманғазы мен Динаға ескерткіш ашылды» деген ақпаратпен (Г.Жолдығали) ашылды.
«Жұма күні Орал шаһарындағы Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісова атындағы көшелердің қиылысар тұсында күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаның композициялық ескерткіші ашылды», делінген онда.
Шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, белгілі өнер қайраткерлері Орынбай Дүйсенов, Айтжан Тоқтаған, Айтқали Жайымов, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты. Ескерткішті салтанатты ашу рәсімі облыс әкімі Алтай Көлгінов пен ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, күйші-домбырашы Айтжан Тоқтағанға ұсынылды.
- Бүгінгі оқиға – тарихи оқиға деп айтуға болады. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» деп Қадыр ағамыз айтқандай, домбыра - қазақтың жан-жүрегі. Осынау ұлы даладан қаншама ұлы тұлғалар шықты. Міне, бүгін күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаға арнап ескерткіш орнаттық. Биыл Дина Нұрпейісованың туғанына 155 жыл. Біз зиялы қауым өкілдерімен, халықпен ақылдаса келе Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісова атындағы көшелер қиылысатын осы демалыс алаңына Дина анамызға ескерткішті ұстазымен бірге қойғанды жөн санадық. Құрманғазы атамыз бен Дина әжеміз өз шығармаларында еркіндікті аңсап, тәуелсіздікті армандаған. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ашылып отырған бұл ескерткіш – ұрпақ үшін өнеге, - деді салтанатты шарада сөйлеген облыс басшысы Алтай Көлгінов. Шарада театрландырылған көрініс қойылып, Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалды.
- Құрманғазы бабамыз бен Дина шешемізге арналған ескерткіштің бой көтергені - біз үшін үлкен қуаныш. Бұл ірі мәдени жаңалық деуге болады. Құрманғазы бабамызға арналған ескерткіш ең бірінші Атырау қаласында ашылды. Кейіннен Астана, Алматы қалаларында бой көтерді. Бүгін Орал шаһарындағы салтанатты шараға келдік, - дейді Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов.
Мәдени шара түстен кейін облыстық қазақ драма театрында өтекен Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрі, Атырау облысының Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі және Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрлерінің біріккен «Күй дүлдүлдерінің дүбірі» атты концертімен жалғасты.
Н.Текебаев «Екі жүзден астам өтініш ескерілмеген» деген көлемді хабарында БҚО әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша өңірлік комиссия мен облыс прокуратурасы алқасының бірлескен отырысы өткенін баяндаған. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов төрағалық етті.
- Елбасымыз азаматтардың құқықтық сауатын арттыру керектігін айтты. Осы орайда прокуратура органдарының ықпалы айрықша екені мәлім. «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» ҚР заңына өзгерістер енгізілгеніне қарамастан, мемлекеттік органдар тарапынан өтініштерді қарау тәртібіне қатысты елеулі кемшіліктер жіберілген. Десек те, облыс әкімдігі мен оның құрылымдық бөлімшелеріне жолданған арыз-шағым, өтініштер саны жыл сайын азайып келеді. Мысалы, 2011 жылы 324 мың, 2015 жылы 71 мың өтініш түсті. Яғни бұл көрсеткіш 4,5 есеге қысқарған. Биылғы сегіз ай ішінде 41 мыңнан астам өтініш қаралған. Барлық мемлекеттік орган қызметшілері есепке тіркелген кез келген өтініштерді қараусыз қалдырмаулары және уақтылы жауап берулері қажет. Сонымен қатар облыста тұрмыстық қалдықтарды орналастыру, өңдеу жайы да күрделі болып отыр, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Алқа отырысында баяндама жасаған БҚО прокуратурасының басқарма басшысы Жаннұр Ахметбектің айтуынша, сот органдары биылғы тоғыз ай ішінде мемлекеттік органдар шешіміне наразылық білдірген 79 азаматтың арызын мақұлдаған. Мұндай мәселелермен прокуратура органдарына жыл сайын жүздеген тұрғын жолығады екен. Шағымдардың көпшілігі тұрғын үй, жер телімін иелену, еңбек дауы, қылмыстық тергеу, көші-қон түйткілдері және салықтық тексеру мен медициналық қызмет сапасына қатысты. Жалпы, жергілікті атқарушы органдарда жүргізілген тексеріс нәтижесінде биыл арыз иелеріне жолданған хатқа сол тілде жауап бермеуіне байланысты 60 дерек, өтініштерге салғырт қарауға қатысты 200-ден астам дерек анықталды. Мәселен, облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма еңбекақысын алмаған бірнеше жұмысшының арыздарын негізсіз себептермен қараусыз қалдырған. Облыстық ішкі істер департаментінде ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 104, 105-баптарына сәйкес жолданған өтініштер уәкілеттігі жоқ лауазымды тұлғаларға, соның ішінде арызда сыналып отырған қызметкерлерге тапсырылған. Ал сот актілерімен келіспеген А. Әзбергеновтің облыс әкімінің аппаратына жолдаған шағымы 29 күн өткен соң қаралған. Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөліміне түскен 39 арызға мерзімі өткен соң барып назар аударылған. Жаннұр Ахметбек мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігіне қатысты сын айтты. Оның уәжінше, тұрғындарды жеке қабылдауды жүйелі ұйымдастырмау, ақпаратпен уақтылы қамтамасыз етпеу, әкімшілік кедергілер жасау, мамандар біліктілігінің төмендігі, жауапты басшылардың құлықсыздығы, тиісінше кінәлінің тәртіптік жазаларға тартылмауына қатысты деректер мемлекеттік қызметтегі салғырттыққа себеп болуда.
БҚО бойынша табиғатты қорғау прокуроры Асылан Жанатауов облыстағы тұрмыстық қалдықтар орындарына қатысты ахуалды баяндады. «Облыстағы 415 қоқыс тасымалданатын жер телімінің 405-інің қоршаған ортаға шектеулі зиян төлеміне (эмиссияға) рұқсаты жоқ. 176 елді мекен маңындағы қоқыс үйінділерінің орны арнайы жабдықталмаған және құжаттары әлі күнге заңдастырылмаған. 2012 жылдан бері Орал қаласы және Зеленов, Бөрлі аудандарының аумағында өндірістік қалдықтардың заңсыз төгілуіне байланысты 16 қылмыстық іс тіркелді. Нәтижесінде бюджеттен 1,7 млрд. теңгеден астам қаржы шығын болғаны анықталды. Күні бүгінге айыппұлдың 1 млн. теңгесі өндірілген. Бір мұнай компаниясының және тасымалға жауапты үш кәсіпорынның басшысы сотталған. Ақсай қаласынан басқа, барлық аудан орталығында кәріз суын қабылдайтын нысандар жоқ, сол себепті тұрмыстық су қалдығы вакуумдық көліктермен арнайы белгіленбеген аумаққа төгілуде. Орал қаласының маңындағы Деркөл ауылы, Зашаған кенті, Ескі әуежай, Курени және «Самал - 1, 2, 3» ықшам аудандарындағы, Желаев трассасының бойындағы тұрғын үйлер орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы «Урал Ойл энд Газ» ЖШС-нан 2 млрд. теңге салық төлемін өндірді. Алдағы уақытта облыстық прокуратура «Табиғатты бірге сақтайық» жобасын мүдделі органдар назарына ұсынбақ. Облыстық экология департаментінің жаңа басшысы Ербол Қуанов аталған мәселелерді шешумен айналысуға бар күш-қайратын жұмсайды деген үміттемін», – деді Асылан Жанатауов.
Шарада прокуратура өкілдері күн тәртібінде көтерілген мәселелерге сәйкес шағын бейнесюжеттерді назарға ұсынды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов күрмеулі түйткілдерге байланысты алқа отырысына қатысқан жергілікті атқарушы орган басшыларына сауалдар қойды. «Қазіргі уақытта қоқыс тасымалымен айналысатын жеке кәсіпорындармен құрылыс қалдықтарын тасымалдауға тариф бағасын бекіту үшін келісімшарт жасалуда. Тұрғындардың жағдайын ескеріп, қоғамдық кеңестердің қатысуымен түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. «ОралТехСервис» ЖШС қазіргі кезде жекешелендірілуде. Бұдан қосымша мәселелер туындайтыны белгілі. Қалада санитарлық-экологиялық шаралар тұрақты ұйымдастырылып жатыр. Зашаған кентінде полигонның жанып, тұрғындардан шағым түсуіне байланысты жауапты тұлғамен сот арқылы әкімшілік іс қозғалды. Алдағы уақытта барлық кемшілікті жоюмен шұғылданамыз», – деді Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев.
– Биыл фин компаниясы Орал қаласы маңындағы полигон қалдықтарын өңдеуге кіріседі. Инвестор алдымен полигон астындағы биогаз қорына барлау жүргізеді. Егер бар екенін анықтаса, табылған шикізаттан электр қуатын өндірмек. Екінші кезеңде қалдықтарды іріктеу, келесі кезеңде өңдеу жұмысы қолға алынады, – деді қала әкімінің сөзін толықтырған облыс басшысы Алтай Сейдірұлы.
Алқа отырысында облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин қоғамдық орындардың ластануына байланысты 18 мыңнан астам әкімшілік заңбұзушылық анықталғанын жеткізді. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов шаһарда бейнебақылау камераларын көбейтуді ұсынса, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов тәртіп сақшыларының қажетті шаралар жүргізуге құлықсыздық танытып отырғанына тұрғындардың шағымдануы жиілегенін ескертіп, қазіргі кезде облыстық ішкі істер департаментінде арыздарды қарау тәртібіне қатысты прокуратура өкілдері тексеріс жүргізіп жатқанын, алдағы уақытта заңбұзушылықтар дерегі БАҚ-тарда жарияланып, кінәлі деп танылған басшы-қосшы қызметкерлер жауапқа тартылатынын жеткізді. Жиында өңір жетекшісі жергілікті атқарушы органдардың басшыларына мемлекеттік қызметтің сапасын күшейтіп, қоғамға ашықтық қағидатын нақты қамтамасыз етуді тапсырды және болашақта облыстық прокуратурамен өзекті мәселелерді талқылайтын екіжақты мәжіліс жиі өтіп тұратынын жеткізді. Ал облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жолында зор жауапкершілік жүктегенін айта келіп, заңның үстемдігі жүйелі бақылауға алынатынын тілге тиек етті.
Е.Бимұханов «Мұхитты тыңдау үшін үлкен жүрек, Мұхитқа шырқау үшін дала керек...» деген репортажында Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығы туған жері Қаратөбеде қалай тойланғанын жазады.
Халық композиторы, ақын әрі әнші, дала бұлбұлы Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына орай облыс орталығынан бастау алған «Сары дала сағынышы - сал Мұхит» атты мәдени-көпшілік шаралар легі бабамыздың туған жері Қаратөбе өңірінде жалғасын тапты.
Шара қонақтарын аудан әкімі Асхат Шахаров бастаған топ құрметпен қарсылап алды.
Меймандардың қатарында Түркістан қаласынан арнайы келген ҚР халық әртісі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, әнші-термеші Қажыбек Бекбосын, Ақтөбе қаласынан келген «Мәдениет майталманы» белгісінің иегері, әнші-термеші Хайдар Өтеғалиев және ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев бастаған өңірімізге белгілі әнші-термешілер болды. Олар Саралжын ауылдық округіндегі Ақбақай қорымына ат басын бұрып, Мұхит баба кесенесіне зиярат етті. Саралжын ауылдық округінің орталығы Қарақамыс ауылындағы Мұхит Мерәліұлының ескерткішіне аялдап, гүл шоқтарын қойды.
Сал Мұхиттың кіндік қаны тамған Ақбақайдан аудан орталығына оралған қонақтар Мұхит баба атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне саяхат жасады.
Бабамызды ұлықтауға арналған мәдени-көпшілік шаралар жазира дала төсінде салтанат құруымен ерекшеленді.
- Мұхит бабамыздың 175 жылдығы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық болмысымызды сақтап, салтдәстүрімізді насихаттап, ақындарды ардақтап, батырларымызды ұлықтаудан жалықпайтын халқымыздың мәртебесі қашанда биік. Қазіргі таңда ұрпақтарының қолы жеткен азаттықты аңсап өткен ұлы бабаларымыз аз болмаған. Соның бірі өнер саласында өшпес із қалдырған жезтаңдай әнші, халық композиторы, кең байтақ даламыздың бұлбұлы Мұхит Мерәліұлы екендігі анық. Оның өлмес мұрасын насихаттау арқылы біз мәңгілік елге бағыт ұстап, нық қадаммен алға баса беретін боламыз, - деді шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Асхат Шахаров.
Ұйымдастырушы тараптан мәдени шараның құрметті меймандарының иықтарына шапан, камзол жабылып, естелік сыйлықтар табыс етілді.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, ҚР халық әртісі Қажыбек Бекбосын, сал Мұхиттың ұрпағы Әсия Мұхитова Үш жүзден ән оздырған бабамыздың мерейтойымен жиылған көпшілікті құттықтады.
Сахна төрінде еліміздің өзге аймақтарынан келген әншілер Мұхит әндерін шырқады.
Алыстан менмұндалап көз тартар той ауылының бір шетінде спорттық ойындар ұйымдастырылды. Оның ішінде қазақ күресі, аударыспақ, кір тасын көтеру, қой көтеру, қол күресі сынды спорттық ойындар шара шырайын аша түсті.
Қазақ күресі бойынша жеңімпаз атанып жүрген қаратөбелік Бауыржан Шүрменнің мерейі осы жолы да үстем болды.
Кір тасын көтеруде ақтайсайлық Әли Орынғалиев, қой көтеруде сырымдық Темірлан Ғаббасов алдына жан салмады. Темірлан 60 келілік қойды 3 минуттың ішінде 50 мәрте көтерді.
Марапаттау салтанатында қазақ күресінен жеңімпаз Б. Шүрменге 100 000 теңге ақшалай сыйлық, кір тасын көтеруден жеңімпаз Ә. Орынғалиев пен қой көтеру сайысының жеңімпазы Т. Ғаббасовқа бір-бір қой сыйға тартылды.
Қол күресі өнерінде аудан аумағына чемпион ретінде танылған жас спортшы Фархат Қалиев жеңіс тұғырына көтеріліп, арнайы сыйлықты иеленсе, аударыспақ ұлттық ойынында Мағжан Серіковтің бәсі биік болды. Жиырма бес шақырымдық аламан бәйгеге көршілес Ақтөбе облысының Ойыл ауданынан, облыстың Сырым, Теректі аудандарынан, ауданның ауылдық округтерінен барлығы он екі ат қосылды. Мәре сызығын бірінші болып Сырым ауданы Көздіқара ауылының тұрғыны Серік Мүтиевтің Бақторысы кесіп, 1 млн. теңге ақшалай сыйлықты жеңіп алды. Қаратөбелік Ғабит Мақановтың Қызылтаңы екінші келіп, жүлдеге тігілген тоңазытқышты еншіледі. Ал сырымдық Серік Мүтиевтің тағы бір тұлпары – Байшұбар үшінші орыннан көрініп, кіржуғыш мәшинені иеленді.
Үш шақырымдық тай жарысы бойынша бірінші, екінші, үшінші орындарға сәйкесінше елу, отыз және жиырма мың теңге тігілді.
Сулыкөлдік Қадірберген Исақұловтың тайы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті.
Аламан бәйге, тай жарысының жүлде-сыйлықтарын аудан басшысы А. Шахаров, ҚР халық әртісі Қ. Бекбосын және сал Мұхиттың ұрпағы Ә. Мұхитова табыс етті.
Баспасөзге жазылу науқанына байланысты «Орал өңірі» оқырмандар көзімен» атты материал берілген.
Осыдан бірер апта бұрын «Орал өңірі» газеті редакциясының бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин Ақжайық ауданының үш ауылдық округінде жергілікті оқырмандармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікіріне құлақ түріп қайтқан-ды. Осы әңгіме-дүкен барысында облыстық газетте көтеріліп жүрген және көтерілуі тиіс көкейкесті тақырыптар жөнінде ел-жұрт пен редакция басшылығы арасында емен-жарқын рәуіште пікір алмасу өрбіді. Жайықты жағалай қонған ауыл-аймақтың үлкен-кішісі ортаға салған көзқарас-тілектердің арасында барша оқырманымызға ортақ мәселелер де баршылық. Ендеше, ден қойып, зер салып көріңіз.
Алдаберген СӘРСЕКОВ,
М. Әуезов атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі, Чапаев кенті:
- Соңғы жылдары тарихи тақырыптағы дүниелерді жиі беріп жүрсіздер. Бұл, әрине, құптарлық қадам. Бірақ биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай «Орал өңірінде» бар болғаны үш-төрт материал ғана шықты. Өздеріңізге мәлім, келер жылы қазақтың ұлттық мүддесі үшін бастарын оққа байлап, жандарын пида еткен ерлер құрған «Алашорда» қозғалысына 100 жыл толмақ. Міне, осы тақырыпты тарихи тұрғыдан барынша толыққанды қамтуға тырыссаңыздар екен.
Жұмағаным МАШТАҚОВА,
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Жаңабұлақ ауылдық округі:
- Маған «Орал өңірі» газетінің үлкен-кішіні бірдей адал еңбек арқылы ырыздық табуға, дәулет құрауға үнемі үндейтіндігі ұнайды. Бүгіндері «жұмыс жоқ» деп қарап отыру – тек жалқаулардың ғана айтатын сылтауы. Айналаңа ойлы көзбен қарасаңыз, билік кәсіпкерлікке ауқымды қолдау көрсетуді жүйелі жолға қойғалы бері қаншама адам өмірге қоса, еңбек нарығынан өз орнын тапты. Еңбек еткісі келген адамның бірі мал басын көбейтіп, бірі пластикалық есік-терезе жасап, енді бірі монша салып, монша жағып, бірі балық аулап сатып, бірі шаштараз, бірі бағбан, бірі фотограф, бірі етікшілікті кәсіп қылып, алға ұмтылуда. Тіпті ауылдық жерде тұрып-ақ қазақтың қыз-келіншектерінің кейбірі шілдехана мен құдалық, той-мерейтойларға қоса, баршаға ортақ мереке-мейрамдарда торт-пирог, пицца пісіріп сатуды кәсіпке айналдырғаны мені қуантады. Бүгіндері іші кірсе-шыққысыз, патшаның сарайындай, ханның ордасындай сәулетті тойханалар қалаға қоса, ауылдық жерлерде де жиі салына бастады. Осының өзі-ақ халықтың тұрмысының оңала бастағандығын көрсетпей ме?! Тек әркім өзінің қарым-қабілетіне қарай ерінбей, еңбек етсін деңіз.
Ғазиз АБАТОВ,
еңбек ардагері, Жаңабұлақ ауылдық округі:
- Біз кезінде мыңғыртып мал да, жайқалтып егін де өсірген «Родник новый» деген миллионер колхоздың ізіндегі ауыл-аймақпыз. 1937-38 жылдары біздің жаққа депортациямен (мәжбүрлеп қоныс аударумен) келіп, осы жерде күріш өсірген кәрістерді өз басым бала болсақ та, көре қалдық. Біздің ауылдың айналасында күріш өсірген әлгі кәрістердің бірі – Хван әулеті күні кешеге дейін осы біздің ауданның орталығы Чапаевта тұрды. Бәлкім, олардың үрім-бұтағы Чапаевта әлі тұратын шығар. Өзіміз үлкейіп, жүріс-тұрысымыз қиындағандықтан, ол жағынан бейхабармын.
Жаңа еңбек ету туралы орынды әңгіме қозғалды. Ауылымыздың тұрған жері шаруаға керім қолайлы. Іргеде орманымыз, өзен-көліміз бар. Мойыл-бүлдірген тересің бе, балық аулайсың ба, сай-салаға бақша салып, картоп егесің бе, өз еркің. Тек «жұмыс жоқ» деп қарап отырмау керек. Кезінде біздің қатарымыз колхоз-совхоздың бірі-біріне ұласып жататын, өмірі бітпейтін науқандық жұмысынан көз ашпады, бас көтере алмады. Ал қазір рақат қой, жыл-он екі ай бойы күндіз-түні жеке шаруаңды күйтте, кім қой деп жатыр?!
Мәдениет үйіміз жөнделуде, ауылға газ, су келіп тұр. Біздің ауылдан аудан орталығы да, облыс орталығы да қашық емес, яғни қатынас жөнінен қиындық жоқ. Тек тиімді шаруаның көзін тауып, еңбек ету керек деп есептеймін. Осындай мазмұнда, яғни ел-жұртты адал еңбекке үгіттейтін мақалалар «Орал өңірінде» әлсін-әлсін шығып тұрады, бұл өте дұрыс.
Тасболат ОСПАНОВ,
мектептің шаруашылық меңгерушісі, Жаңабұлақ ауылдық округі:
- Жаңа көпті көрген, көңіліне көп нәрсені түйген Ғазиз ағай өте орынды әңгіме айтты, қазаққа бос сөзді қойып, еңбек ету керек! Ел ішінде «Ер адам – байрақ, әйел адам – қайрақ» деген сөз бар, ерлі-зайыпты екеуі тіл табысып, тізе қосып еңбек етсе, қазақ ауылында береке-бірлік те, ырыс-ынтымақ та болады. Оның үстіне ерінбей еңбек еткен ерлі-зайыптылардың ұл-қыздары қаршадайынан адал еңбекпен ауызданып, бүкіл өміріне жетер дұрыс бағыт-бағдар алады.
Жайнагүл ӨТЕШҚАЛИЕВА,
қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі, Жаңабұлақ ауылдық округі:
- Маған «Орал өңірі» газетінің Ауғанстандағы соғысқа қатысқан жерлестеріміздің ерлігі туралы жиі жазатындығы ұнайды. Осы тақырыпқа соңғы екі-үш жылдың көлемінде «Жазылмайтын жара», «Ауғанстаннан кейін Ангола жұмақтай көрінді», «Басына 1 миллион ауғани тігілген қазақтың қыраны», «Патриоттық тәрбиесіз елжанды тұлға қалыптастыру мүмкін емес» деген атаумен бірі-бірінен өткен өте тартымды мақалалар бердіңіздер. Мен мұны ерлікке тағзым және жүйелі патриоттық тәлім-тәрбие деп қабылдаймын.
Ғайни МАШАЕВА,
зейнеткер, ардагер ұстаз,
Бударин ауылдық округі бойынша әйелдер кеңесінің төрайымы:
- Менің ойымша, «Орал өңірі» – үлкен-кішіге бірдей керек басылым. Өйткені облыстық газетте қай тақырып бойынша да оқитын дүниелер баршылық. Дұрыс дүниетаным, орнықты көзқарас қалыптастыру үшін, жақсылықтан үйреніп, жамандықтан жирену үшін жастарды «Орал өңірі» газетін тұрақты оқуға тартайық. Тіпті біздің ауылдағы әр үй «Орал өңірін» жаздыртып алса, рухани тұрғыдан олжаға кенелері даусыз.
Хамит САҚАУОВ,
педагогика саласының ардагері, зейнеткер, Бударин ауылдық округі:
- «Орал өңірінің» көп жылдан бергі оқырманымын. Бірақ соңғы жылдары газет уақтылы қолымызға тимейді. Облыс, аудан орталығынан дер кезінде жеткізілгенімен, халыққа үлестірілмей, «Қазпоштаның» ауылдық округ орталығындағы кеңсесінде жатып қалады. Мұндай жағдай көптеген ауылға тән екендігін газеттеріңізден оқыдық. Ал енді меніңше, халық болып, билік болып осы «Қазпоштаға» ықпал етіп, оның жұмысын бір жүйеге келтіретін уақыт жетті.
Жаңа Бауыржан інім, өзіңіз «Ауылдағы ағайынды қалаға асығыс-үсігіс көшуден сақтандырайық. Себебі соңғы жылдары облыс орталығында үйсіз-күйсіз, азып-тозып жүрген түрі қазақ қаңғыбастар көбейіп кетті. Тіпті олардың арасында әйел заты да баршылық» дедіңіз. Айтып отырғаныңыз, рас әңгіме, әлгіндей келеңсіздікті қалаға барғанда көріп жүрміз. Мысалы, біздің ауыл көгілдір отын, сапалы ауыз су деген коммуналдық игіліктердің рақатын көріп отыр. Бұған қоса ауылымыз үлкен жолдың үстінде. Аудан орталығына да, облыс орталығына да қатынау проблема емес. Міне, осындай елді мекенде тұрып, жеке малыңды көбейтіп, бау-бақшаңды жайнатып, жеке кәсіпкерлікке ебің болса, оны өрістетіп, артылған өніміңді сатып, күйлі тұрмыс кешуге болмай ма?! Меніңше, халықтың біраз бөлігі, соның ішінде жастардың дені еңкейіп еңбек етуден қашықтап кетті-ау...
Гүлсім ШАЯХМЕТОВА,
Бударин ауылдық округінің тұрғыны:
- Қазір қаншама қымбатшылық қысып барады дегенмен, ауыл қазағы жиі қонақ шақырудан тартынар емес. Сондай-ақ дастарқанға арақ-шарап қоюдан да айылымызды жия қойған жоқпыз. Сол арақ-шарапқа кететін ақшаға үлкен-кішіге бірдей дұрыс әңгіме айтатын газет-журналға жазылғанымыз жөн. Сосын жаңа халықты, әсіресе, жастарды салауатты өмір салтына жаппай тарту жөнінде сөз болды. Ол үшін ауыл мектептеріндегі спорттық құрал-жабдықтарды молайтып, әрі оларға ауыл халқының қолжетімділігін арттыру керек.
Светлана САБЫРОВА,
Жаңабұлақ жалпы орта білім беретін мектебінің директоры:
- Егер «Орал өңірі» газетінен «Мұғалім» деген арнайы бет ашылып, кемі айына бір рет әр ауданнан бір мұғалім туралы жақсы мақала-очерк шығып тұрса, бұл редакцияның мұғалімнің беделін көтеруге қосқан нақты үлесі болар еді деп ойлаймын.
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
«Орал өңірі» газетінің бас редакторы:
- Орынды ұсыныс-пікірлеріңізге бек рақмет. «Орал өңірі» газетін шығарушы редакция ұжымы болғанымен, облыстық газет – облыс халқының рухани ортақ игілігі. Сол себепті біз оқырман қауымның көңілге қонымды талап-тілегін барынша ескеруге үнемі мүдделіміз. Мәселен, жаңа ғана айтылған «Мұғалім» арнайы беті туралы орынды ұсынысты неге жүзеге асырмасқа. Тек мынаны ескерейік, «Орал өңірінің» мәртебесі (статусы) облыстық қоғамдық-саяси газет. Демек, біз педагогикалық бағыттағы салалық басылым емеспіз. Сол себепті сіз болып, біз болып, айына бір рет «Мұғалім» атты арнайы бет шығарайық. Бірақ қай ауданнан қай мұғалімнің шығатындығын әр ауданның білім бөлімі өздері ұсынсын. Сонда болашақ «Мұғалім» беті ұстаздарға арналған облыстық деңгейдегі «Құрмет тақтасы» іспетті болады.
«Бас дәрігердің былығы» деген ақпаратта ірі көлемде қаржы жымқырған бас дәрігердің сотталғаны жария етілген.
Зеленов аудандық №2 сотының 18 қазандағы үкімімен облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Қарағайлы» облыстық туберкулезден емдейтін шипажайдың бас дәрігері Айман Мұқашева ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 361-бабы 1-бөлігі, 366-бабы 1-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігі 2, 3-тармақтарына сәйкес айыпты деп танылып, 58-баптың 3-тармағы қолданыла отырып, оған түпкілікті жаза – мүлкін тәркілеумен бірге жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтеу белгіленді.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол сонымен қатар өмір бойына мемлекеттік ұйымдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сот талқысында белгілі болғанындай, А. Мұқашева қызмет бабын пайдалана отырып, 2013 жылдың 1 қаңтары мен 2015 жылдың 30 қыркүйегі аралығында аса ірі көлемде қаржы қымқырған. Атап айтқанда, науқастардың медициналық карталарын жалған толтыру, стационардағы төсек-күн санын жасанды көбейту жолымен аурулар үшін тамақ пен дәрі-дәрмек алуға бөлінген 26 млн.-нан астам теңгені иемденген.
Оған қоса сотталушы қарауындағы қызметкерлерден жалақылары қате аударылып кетті деген желеумен сол ақшаны өзіне қайта алып отырған. Сөйтіп, 2013 жыл мен 2015 жылғы қыркүйек аралығында облыстық денсаулық сақтау басқармасына 4 358,5 мың теңге материалдық залал келтірген.
Мұнымен қоймай, 2011 жылдан 2015 жылдың қыркүйегіне дейін санитарлық қызметкер Х.-ны өз үйінің қызметшісі ретінде ұстап, оған 4 386 525 теңге жалақыны негізсіз төлеген.
Бұған қоса өзінің күйеуін күзетші ретінде қызметке алу туралы бұйрық шығарған, ал ол жалақы алғанмен, шын мәнісінде, бұл жұмысты атқармаған.
Сонымен қатар медбике Т. мен санитарлық қызметкер С.-дан жұмыс уақыты кезінде арақ ішкені үшін жұмыстан қумаймын деп, олардың әрқайсысынан 15 мың теңгеден пара алған.
Ақыры 2015 жылдың қыркүйегінде су сорғысын алуға қажет деп, қарауындағы қызметкерлерден қаржы жинап, 110 мың теңгені өз қажетіне жұмсаған.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
«Рухани келісім – халықтар бірлігіне бастар жол» деген ақпаратта (С.Мұратұлы) Рухани келісім күніне орай таяуда қаламыздағы Достық үйінде дөңгелек үстел өтті. Оған мемлекеттік құрылымдар, діни бірлестіктер мен этномәдени орталықтардың, сондай-ақ ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жиналғандарды Рухани келісім күнімен құттықтап, қазақстандықтар үшін бұл мерекенің маңызы зор екенін атап өтті.
- 1992 жылдың 18 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Бүкіләлемдік рухани конгресс өткені белгілі. Сол кезден бастап бұл күн Рухани келісім күні ретінде аталып өтіліп келеді. Елбасы өз Жолдауларында және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсеткендей, біздің басты мақсатымыз – бұл ұлтаралық жарасым мен жасампаз еңбек, бірлік пен біртектілік, - деді Марат Лұқпанұлы.
Облыстық ассамблеяның хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов бұл мереке ел бірлігін, ұлтаралық, дінаралық татулықты одан әрі дамытуға үлес қосып келе жатқанын жеткізді. «Елімізде әрбір ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, жетілдіру, өздерінің төл мерекелерін атап өту үшін барлық жағдай жасалған, - деді Ғайса Қамидоллаұлы. - Бұл облысымызда да кеңінен көрініс тауып отыр. Осы бағытта өтетін түрлі шараларға барлық этномәдени орталық өкілдері ұйымшылдықпен қатысады. Содан болса керек, ұлтаралық байланысты нығайту турасында тұрғындар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға қатысқан батысқазақстандықтардың 91 пайыздан астамы өңірдегі ұлтаралық жағдайды оң бағалады».
Жиын барысында облыстық мешіттің найб-имамы Марат Асанов, Орал епархиясының өкілі протоиерей Владимир, рим-католик приходының Орал қаласындағы филиалының басшысы Петр Сакмар, христиан-пресвитериан шіркеуінің басшысы Светлана Крайникова атаулы күнге орай өз құттықтауларын жеткізді.
Дөңгелек үстелде сөз алған БҚО кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы Максим Пактың айтуынша, кезінде қазақ халқының құшақ жая қарсы алуынан және қазіргі Мемлекет басшысының салиқалы саясатына байланысты Қазақстандағы түрлі ұлт қазір жақсы өмір сүруде. Сол себепті олар жергілікті ұлтқа деген алғыстарын сөз жүзінде ғана емес, нақты іспен көрсетулері керек. Мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын шараларға, әсіресе, қайырымдылық бағытындағы шараларға белсене қатысқан жөн.
Этномәдени бірлестік жетекшілері арасынан, сондай-ақ ЯикОрал казактарының одағының төрағасы Вячеслав Солодилов, «Грамада» беларус мәдени орталығының жетекшісі Михаил Беляев сөз сөйлеп, достық пен татулық, қазақстандық патриотизм жөнінде өз ойларымен бөлісті.
Жиын соңында дөңгелек үстелге қатысушылар атынан үндеу қабылданды.
«Кентау Ақ Жайықта» деген ақпаратта елімізге белгілі әнші, композитор Кентау Назарбектің шығармашылық кешімен Ақ Жайық өңірін аралап жүргені айтылады.
Жалпақ жұртқа «Мен – қазақпын», «Қазақ елі – байтағым», «Ас¬¬қақтай бер, Алашым», «Сый¬ластық» әндерімен кең танылған композитор Кентау Назарбек – Семей өңірінің тумасы. Елі¬міз¬дің мәдениет саласында жауап¬ты қыз¬меттерді атқарып жүрген ол – жүзден астам әннің авторы. Снымен қатар Қазақ ұлт¬тық әдет-ғұрып, салт-дәстүр акаде¬мия¬¬сы¬ның профессоры. Ол – ұлы Абайдың 150 жылдығына ар¬на묬ған республикалық бай¬қау¬лар¬дың жүлдегері және көп¬те¬ген рес¬¬пуб¬ли¬ка¬лық ән бай¬қау¬¬лବры¬¬ның жеңімпазы. Оның шы¬ғар¬ма-шылығына ұстазы, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Теміржан Базарбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, акаде¬мик Мырзатай Жолдасбеков, театр жә¬не өнер сыншысы, қоғам қай¬рат¬кері Әшірбек Сығай сынды бел¬гілі тұлғалар жоғары баға берген.
Композитордың Ақжайық, Сырым, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарын аралаудан басталған өнер сапары 25 қазан күні Орал қала¬сындағы Ғарифолла Құрманға¬лиев атындағы облыстық филармонияда өтетін шығармашылық кешімен қорытындыланбақ. Ком¬позитормен бірге айтыскер ақын Әсем Ережеқызы, әншілер Есет Сәдуақасов және Жасұлан Мұ¬са¬ғали кеш иесінің шашбауын кө¬теріп, ел аралап келеді.
Газеттің 23 қазан күнгі нөмірінде қалада «Жаңа веложол» пайда болғаны хабарланған.
Өткен сенбіде Шаған өзенінің оң жағалауындағы веложолақта 2001-2002 жылы туғандар және одан да кіші жасөспірім велошабандоздардың қалалық ашық біріншілігі өтті.
Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған шараға қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев қатысты.
Шаған өзенінің оң жағалауындағы веложолдың ұзындығы – 2,7 шақырым. Жаңадан салынған велосипед жолағына 250-ден астам велошабандоз бен роллер тебушілер көпшілік серуендеуге қатысып, керемет әсер алды.
– «Марасант» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс алаңы екі кезеңге бөлінеді. Аталмыш құрылыстың алғашқы кезеңі 214 миллион теңгені құрады. Балаларға арналған 400 метрлік орта және кіші веложолдары бар. Мұнда келушілер қыс мезгілінде де серуендей алады. Құрылыстың екінші кезеңінде Зашаған кенті бағытынан тас жолдар төсеп, қалалық демалыс саябағын қамтитын қуатты электр желілері мен жарық шамдарын орналастырамыз. Жаңа алаңды қоршауға алып, абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Ересектер мен балаларға арналған жолдарда ролик, скейт, роллермен серуендей алады.
Ағаш көшеттерін отырғызатын боламыз, - дейді қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Алмас Пішенбаев.
Тоғыз айналымдық жарыста велошабандоз Николай Карпухин жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ барлық жеңімпаз-жүлдегерлерге диплом және медальдар табыс етілді.
«Туберкулезден сақтанайық!» - бұл ақпаратта жұқпалы аурудың алдын алу мәселесі қозғалады.
«Жуырда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында «Бизнес құрылымдары басшыларының туберкулез, АИТВ жұқпасының алдын алу мәселелері жөнінде хабардарлығын арттыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті», делінген онда.
«Медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау» республикалық қоғамдық бірлестігі мен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен өткен жиын «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберіндегі іс-шаралар» жобасы аясында қолға алынған.
Жиында «Батыс Қазақстан облысындағы туберкулез ауруы бойынша эпидемиологиялық хал-ахуал және 2016 жылдың 9 айы ішінде туберкулез ауруымен сырқаттанушылық» тақырыбында облыстық туберкулезге қарсы диспансер директорының эпидемиологиялық мәселелер жөніндегі орынбасары Татьяна Новокрещенова, «Заманауи сыртқы жарнама құралдары арқылы бизнес құрылым басшыларының, қызметкерлердің, тұрғындардың туберкулез, АИТВ жұқпасының алдын алу шаралары бойынша хабардарлығын арттыру» тақырыбында облыстық СӨСҚ орталығының әдістемелік-ұйымдастырушылық бөлімінің меңгерушісі А. Нұрланбаева, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы, БҚО азаматтық альянсы, облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес орталығы мамандарының қатысуымен баяндамалар оқылды. Мамандар жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, слайдтар көрсетіп, ақпараттар жазылған үлестірмелі материалдарды таратты.
Н.Оразаев «Көзайым саябақ» деген ақпаратында Шыңғырлау ауданындағы саябақ жөнінде ой қозғайды.
Өткен айда Шыңғырлауда іссапармен болғанымызда аудан орталығындағы жаңғырып, жаңаша күйге енген сая-бақты көріп, көңіліміз бір марқайып қалғаны.
Аудандық мәдени-демалыс саябағының негізі өткен ғасырдың сексенінші жылдары қаланған. Алғашында «Мереке» мәдениет үйі (бүгінде БЖСМ спорт кешені) ғимаратының жанынан бой көтерген саябақ сол кездің өзінде көпшілік серуендейтін орын болыпты. 2011 жылы ресми түрде аудандық «Мәдени демалыс орталығы» МКҚК теңгеріміне берілген саябаққа 2013 жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, бүгінде аудандағы ең көрікті орынға айналған. Айта кету керек, саябақтың жөндеу жұмысына сол кездегі аудан әкімі Алдияр Халелов зор ықпал етіпті.
Бүгінде тұрғындардың күндізгі және кешкі серуендейтін сүйікті орнында бүлдіршіндерге арналып әткеншек, айналма алаңша сықылды көптеген ойын жабдықтары орналастырылған. Сонымен қатар келушілерге арналып әсемделіп жасалған демалыс отаулары қойылған. Олардың бәрі де аудан шеберлерінің қолынан шыққан қолөнер туындылары. Саябақ ортасынан орын тепкен арнайы алаңда ересектер мен балаларға шахмат, дойбы, үстел хоккейі секілді ойындарға арналып отаулар қойылған. Теннис пен футболға арналған алаңдарды да осы маңнан табасыз. Тіпті балалардың көз жауын алатын роликті конькилер, гироскутерлер, самокат-сырғанауық, роликті скейборд сықылды заманауи жабдықтарды жалға беру де ұйымдастырылған.
Саябақта дәстүрлі әндердің үздік орындаушысы Қалампыр Рахимоваға арналып ескерткіш орнатылған. Демалыс орнының сәнін аша түсетін символикалық шаңырақ астындағы қос аққудың мүсіні отау көтерген жас жұбайлардың тәу ететін махаббат мүйісіне айналған.
Іші-сырты гүлзарлармен көмкерілген саябақтың келбетін жайқала бой түзеген шырша тұқымдастар да көркейте түскендей. Қақ төрде орналасқан сәнді сахна – түрлі мерекелер кезінде және өңірге келген өнер жұлдыздарының аудан халқына ән-күйден шашу шашар шаршы алаңы. Тұрғындарға тамаша демалыс пен түрлі ойын-сауық бағдарламаларын ұсынатын би алаңы аптаның демалыс күндері қызықты думанға толы.
- Бұл – жылдар бойғы тынымсыз еңбектің, үздіксіз күтімнің жемісі. Алдағы уақытта саябақ аумағын кеңейтіп, қылқанжапырақтыларды көптеп егу жоспарымызда бар. Болашақта бұл аумаққа ұлылықтың ұлы тұлғасы – Ұстаз мүсінін орналастырып, «Мұғалімдер аллеясы» жасақталады деп отырмыз. Бұл орынды аудан тұрғындарының мақтанышы болатындай ең сәнді де жайлы демалыс саябағына айналдыруға бар күш-жігерімізді жұмылдырамыз, - дейді мәдениет саласында көп жыл еңбек етіп келе жатқан Сайын Ажғалиев.
Расымен де, әсемдікті үлгі еткен саябақтың жасарып-жайқалуына мәдени демалыс орталығының директоры Сайын Асанұлымен ол басқарған ұжымның сіңірген еңбегі зор. Әр тал-теректі балғын бүлдіршіндей баптап, саябақ ішінде айнадай тазалықты сақтау оңай шаруа емес.
БҚО ТЖ департаменті «Құтқарушы күніне Орал қаласында ағаштар егілгенін» хабарлаған.
Оралдықтардың ең сүйікті демалу орны: Киров атындағы мәдени және демалыс саябағының орталық саяжолында Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті гарнизонының жеке құрамының қатысуымен ағаштар отырғызылды. Жедел құтқару жасағымен ұйымдастырылған акция Қазақстан Республикасының құтқарушы күніне арналған санлақтар тобын жалғастырды.
Іс-шара алдында сөз берілген Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Нұржан Амангелдіұлы Қажкенов:
- Облысымызда ағаш егу рәсімі салт-дәстүрге айналғанымен қуантады. Әрбір есте қаларлық оқиғаның алдында құтқарушылар өздерінің үлесін қосады. Бірнеше жылдан соң саяжолдағы ағаштар біздің құтқарушылардың көздерінің жауын алатынына шын жүректен сенімді екенін - атап бағалады.
Тал егу акциясы өте маңызды іс екені сөзсіз. Тал- бейбітшілік нышаны, табиғаттың нәзіктілігі және оны қорғау қажеттілігін еске түсіретін белгі. Еккен талдар қаланың экологиялық жай-күйін жақсартатынына сөз жоқ.
Егілген ағаштар тамыр тартынына сенімдіміз, өйткені олар әрқашан көмекке келетін адамдармен егілді.
«Жалған кәсіпкерлік тыйылмай тұр» деген ақпаратта (Л.Шағатай) облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде жалған кәсіпкерлік тақырыбында баспасөз брифингі өткені айтылады. Жиынға аталмыш департаменттің көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Серік Елгезеков пен бас маман Алтай Ғұмаров қатысып, көлеңкелі экономика, жалған кәсіпкерлік және заңсыз ойын бизнестері туралы мәлімет берді.
Облыстық кіріс департаменті жұмысының ең басты бағыты – түрлі себептермен салықтан жалтарған тұлғаларды анықтап, оларға бұлтартпау шараларын қолдану. Соған орай жымысқы әрекеттері арқылы салық төлеуден бас тартып, мемлекетке ірі көлемде шығын келтірген кез келген тұлға жалған кәсіпкерлікті жүзеге асырушы болып табылады. Ал кәсіпкерлік әрекет пен банк қызметін жүзеге асыру ниетімен емес, азаматтар мен мемлекетке зиян келтіретін тыйым салынған әрекетті жасап, жалған жолымен несие алу, салықтан жалтару (құтылу) секілді ниетпен коммерциялық ұйым құру, сондай-ақ бұл іс-әрекеттің салдарынан азаматтар мен мемлекетке ірі көлемде шығын келтірілсе (азаматтар үшін ірі шығын – 1000 АЕК, мемлекет үшін 20000 АЕК), ҚР Қылмыстық кодексі бойынша жалған кәсіпкерлік болып танылады.
ҚК-ның 216-бабына сәйкес, мүліктік пайда алу мақсатында іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша жекелеген әрекеттерді жасаған кәсіпкерлік қызметті тұрақты жүзеге асыратын және жүйелі сипаттағы құқыққа қарсы мақсаттарды көздемейтін адамдарды жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызу керек. Жалған кәсіпорынды құрған (иемденген) және бұл ретте бірлі-жарым (бірнеше) жарамды мәмілелерді жасау жолымен ғана адал кәсіпкерлік қызметті имитациялаған адамның әрекеттері ҚК-ның 215-бабы бойынша жазаға тартылады.
Мемлекеттік кіріс департаментінің экономикалық зерттеу қызметінің қорытындысы бойынша елімізде жыл басынан бері 2 582 (өткен жылы 2 204) іс тексерілсе, оның 1304-і тіркеуге алынған. 866 іс аяқталып, 818 іс сотқа жолданған екен. Ал облысымызда жалған кәсіпкерлік бойынша 49 іс қозғалып, оның 24-і аяқталған. Аталмыш құ-қықбұзушылықтан келген шығын 806,1 млн. теңгені құраса, кепілге алу арқылы мемлекетке 87,5 млн. теңгесі қайтарылды. Қазіргі таңда жалған кәсіпкерлікті іске асыру бойынша алты қылмыстық іс, оның екеуі ұйымдасқан қылмыстық топ құру фактісі бойынша қозғалып, тексеру амалдары жүргізілуде.
Жалған кәсіптің тағы бір түрі - заңсыз ойын бизнесі, бұл құмар ойындарды ұйымдастырумен тікелей байланысты. Қазақстан Республикасында ойын бизнесі ретінде казино, ойын автоматтары залы, букмекерлік кеңсе және тотализатор жүзеге асырылады. Бірақ электронды және интернет казиноға, кәсіпкерлік мақсатта ойын құралдарын пайдалануға тыйым салынады. «Ойын бизнесі туралы» заңның 11-бабына сәйкес, казино мен ойын автоматтарын орналастыру Қазақстан бойынша тек Алматы (Қапшағай) және Ақмола облыстарына (Щучинск ауданы) ғана рұқсат етіледі.
Бүгінгі таңда біздің өңірімізде 18 ойын мекемесі заңды тіркеуден өтсе, оның 18-і букмекерлік кассалар болып есептеледі. Салық заңнамасы бойынша әрбір кассадан ай сайын бюджетке 150 АЕК көрсеткіш есебінде ақша төленіп тұруы қажет.
Облысымызда экономикалық зерттеу қызметінің тексеру жұмыстары барысында 2015-2016 жылдары заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша 41 факт тіркелді. Оның 18-і заңсыз букмекерлік кеңсе, 22-сі заңсыз «лотерея терминалдарын» ұйымдастыру және бір казино қызметі анықталды.
Бұл заңсыз айналымдардан 77 ойын автоматы, 29 телевизор, 15 процессор және мемлекетке 4,5 млн. теңге өндіріліп, 18 адамның ісі сотқа жолданды.
Осындай қабылданған шараларға қарамастан «лотерея терминалдарының» саны азаяр емес, керісінше үлкен сұраныс туғызуда. Осыған орай мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, халықтың ұсынысы бойынша ағымдағы жылдың 9 сәуірінен бастап ҚР «Лотерея және лотереялық қызмет туралы» заңы қабылданды. Бұл заң лотерея қызметін реттейтін болады. Ал 2016 жылдың 2 қарашасынан бастап лотереяның операторы болып табылмайтын кез келген тұлғаға лотерея ойындарын ұйымдастыруға қатаң тыйым салынады. Сондықтан аталған мерзімнен бастап барлық «лотерея терминалдарына» (сары-жасыл аппараттар) қандай да болсын, рұқсат етілген құжаттарға (лицензия, агенттік келісім, сенімхат) қарамастан рұқсат етілмейді.
Қабылданған шаралардың барлығы еліміздегі көлеңкелі экономиканың жолын кесуге бағытталған.
«Сот жүйесіндегі жаңалық» - бұл ақпаратта (Н.Набиоллаұлы) облыстық сот ғимаратында ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған сот төрелігінің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткені баян етілген.
Брифингте облыстық соттың төрағасы Бек Әметов бесинституционалдық реформаны жүзеге асыру аясында атқарылып жатырған істер туралы баяндап берді.
- Өздеріңізге белгілі 100 нақты қадамның «Заң үстемдігі» деп аталатын екінші тарауы, оның ішіндегі 11 қадамды сот өз тарапынан іске асырып отыр. Сот жүйесінің ең басты мәселелері осы 11 қадамның ішіне топтастырылған. 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының барлық сот жүйесі үш деңгейдегі сот жүйесіне көшті. Яғни аудандық, қалалық және оған теңестірілген соттардың барлығы бірінші саты болып есептеледі. Егер іске қатысушы тараптардан наразылық немесе шағым жасалатын болса, бұл іс екінші сатыда, яғни облыстық сотта апелляциялық тәртіпте қаралады. Облыстық соттың апелляциялық алқасының шешімі де қанағаттандырмаған жағдайда тараптар Жоғарғы соттың құзыретіндегі кассациялық сатыға жүгінуге құқылы. Бұл біздің бүгінгі таңда қол жеткізген жетістігіміздің бірі деп айтуға болады. Судьялардың қызмет бабымен өсуі және басқа лауазымдарға ауысуы да жаңа тәртіпке көшті. Судьялыққа үміткер тұлға осы қызметке келуі үшін ең басты қойылатын талап – оның бес жылдық заңгерлік өтілінің болуы. Ал сот, прокуратура немесе адвокатурада қызмет жасамаған заңгер тұлғалардан он жыл заңгерлік өтілінің болуы талап етіледі. Және судьялыққа тағылымдамадан өту мерзімі бұрынғыдай үш, алты, тоғыз немесе он екі ай көлемінде емес, нақты бір жыл болып бекітілді. Тағылымдамадан өтуші тұлғаға стипендия, яғни судьяның жалақысының 70 пайызы төленіп отырады. Бұл кезде тағылымдамадан өтуші бұрынғы жұмысынан түпкілікті шығып, кәдімгі сот қызметкерлері сықылды еңбек етеді. Ал бұрын судьялыққа үміткер прокуратура қызметкері болса, ол өзінің қызметін атқарумен қатар сотқа келіп тағылымдамадан өтуі керек болатын. Бұдан тағылымдаманың сапасы мен мәнісі жоғалып отыратынын көріп отырдық. Елбасымыз «100 нақты қадам» жоспарын қабылдағанда атап көрсеткені де осы мәселе болатын. 2016 жылдың 18 шілде күні облысымыздан 40 судья біліктілік деңгейі емтиханын тапсырып, өздерінің қызметтеріне сай екендіктерін дәлелдеп шықты. Қазіргі таңда барлық сот мәжілісі залдарына бейне-дыбыс жазу құралдары қондырылған. Бұрын біздің тәжірибемізде сот мәжілісінің хаттамасына байланысты ескерту беру, оны қарау, онымен дауласу, келіспеу, «хатшы айтқанымды дұрыс жазбаған» немесе «судья айтқанымды түсінбеген» деген мәселелер кездесетін. Бейне-дыбыс жазу құрылғылары орнатылғалы бері мұндай бірде-бір мәселе талқыланбайды. Бұл құрылғының ерекшелігі – ол тікелей Астанамен байланыста. Жергілікті судья немесе маманның оның жұмысына араласуға, не тоқтатуға, жа-зылған дүниені өзгертуге мүмкіндігі жоқ. Осының нәтижесінде сот мәжілісіне қатысушылардың тәртібі дұрысталды. Судьялар да өздерінің сот ісін жүргізу әдебі мен тәртібін бір жолға қойды деп айта аламыз, - деді Бек Әметұлы.
«Чернобыльдықтар біраз өкпесін айтты» деген ақпаратта (Н.Оразаев) «Нұр Отан» партиясы ғимаратында «БҚО жаңа толқын» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Құтқарушылар күніне орай Чернобыль атом электростанциясында болған апат зардаптарын залалсыздандыруға қатысқан ардагерлердің конференциясы өткені хабарланған.
Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша ұйымдастырылған шараға денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының мамандары қатысты.
Конференцияда «БҚО Чернобыль мүгедектері мен ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Тайманов аталмыш апаттың зардабын жоюға қатысқан ардагерлердің қоғамдағы орны, құқығын қорғау, сауықтыру мақсатында атқарылып жатқан бірқатар істерге тоқталып өтті.
Шара барысында ардагерлер өздеріне көрсетілетін қамқорлықпен қатар шешімін таппай жүрген түйткілді мәселелерді де сөз етті.
Атап айтсақ, мемлекет тарапынан көрсетілетін көптеген жеңілдіктердің соңғы жылдары алынып тасталуы, кейбір денсаулық сақтау мекемелерінде дұрыс көзқарастың болмауы, ұзын-сонар кезекке тұруы, дәрі-дәрмек пен емшараның уақтылы берілмеуі, көп жылдан кезекте тұрса да, тұрғын үй берілмеуі, сол апатты жоюға қатысқан ардагерлердің нақты тізімінің болмауы секілді бірқатар мәселелер сөз болды. Сонымен қатар конференцияны ұйымдастыруға ұйытқы болған қалалық ішкі саясат басқармасынан бірде-бір өкілдің өздері аталмыш шараға қатыспауы да ардагерлердің наразылығын тудырды.
Басқосуда айтылған бірқатар өзекті мәселелерге денсаулық сақтау басқармасының герантологы Айгүл Елемесова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Миргүл Құрманбаева түсінік берді.
ҚР Дін істері министрлігі және азаматтық қоғам министрлігінің дін істері жөніндегі комитеті «Зайырлы мемлекетте қоғам заңға мойынсұнады» деген ақпаратта мектеп киіміне байланысты түсінік берген.
Зайырлы мемлекет қызметі мен діни құндылықтардың бағыт-бағдары мен талабының әр түрлі болуы қазіргі әлем елдерінің басым көпшілігіне тән. Мемлекеттік жүйе қоғамда барлық азаматқа бірдей мүмкіндік ұсынады. Ал діни қағидаттар белгілі бір дінді ұстанушыларға ортақ міндеттер жүктейді. Соған сәйкес соңғы бірнеше жыл қатарынан мектепте діни үлгідегі киім киюге қатысты екіұшты пікір қалыптасып, бұған қатысты түйткілдер туындауда.
ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына сәйкес мектеп үлгісіне қойылатын талаптар «білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған». ҚР «Білім туралы» заңының 47-бабының 15-1-тармағына сәйкес «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Өзге білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті». Сондықтан министрліктің мектеп формасына қатысты талап-тарын түсіністікпен қабылдаған жөн. ҚР Конституциясы мен заңдары азаматтарға барынша кең құқықтар берумен қатар, олардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін де айқындап берген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Біз мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырамыз. Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес. Өйткені елімізде орамалға түбегейлі тыйым салынбағанын түсінуіміз керек. Тек орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында шешім қабылданған» деп, аталмыш мәселеге қатысты өз ресми ұстанымын білдірген болатын. Кейбір діндар азаматтар мектеп жасындағы қыздарын зайырлы оқу орындарында білім алуға жібермей, оларды діни оқу орындарға тапсырумен шектелмек. Мектеп ережесіне сәйкес белгіленген мектеп формасын кигізуден бас тартқан ата-аналардың өз қыздарын сабаққа жібермей жатқандары белгілі.
Яғни «хиджаб» мәселесі алға шығуда. Дегенмен Ислам дінінде жан-жақты білім алу және мемлекет заңына мойынсұну парыз саналады.
Қазақстан Республикасы барлық азаматтарға, оның ішінде мұсылмандарға да сенім бостандығы сақталатынына кепілдік береді. Мектептен басқа жерлерде орамал тағуға тыйымның салынбағандығын естен шығармаған жөн. Парасатты ұрпақ санасына білім мен рухани тәрбиені қатар сіңіре білуге тиістіміз. Мектепте ортақ киім үлгісін қалыптастыру – ұлт болашағы мен тұтас ұлттық сана-сезімнің дамуы үшін рухани қажеттілік екені сөзсіз.
Елдің саналы азаматтары «хиджабқа» қатысты қайшылықты пікірді желеу етіп жүрген кейбір топтардың арандату әрекетіне тосқауыл бола білуі қажет. Тұрақтылық пен руханиятты дамыту жолында асығыстық пен күйгелектікке бой бермей, ортақ мәмілеге келіп, ынтымағымызды жаңғырта білгеніміз жөн.
Г.Жолдығали «Театрлар фестивалі басталғаны» жөнінде оқырмандарды хабардар еткен.
Сенбі күні облыстық қазақ драма театрында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық “Алаш” және тәуелсіз “Платиналы Тарлан” сыйлықтарының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайып Иранбек Әбітайұлының “Мәңгілік елдің алтын адамы” атты республикалық театрлар фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Фестивальге Семей қаласынан Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Оңтүстік Қазақстан облысының орыс драма театры және өзіміздің облыстық қазақ драма театрлары қатысуда. Өнер додасына Иранбек Оразбаевтың төрағалығымен белгілі жазушы, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев, “Қазақстан - Орал” телеарнасының редакторы, “Ақпарат саласының үздігі” төсбелгісінің иегері Мұнайдар Балмолда, Моңғолия елінен келген ақын, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Сұраған Рахметұлы, антикалық драма театрының актеры, “Стоби - 2016” антикалық драма фестивалінің директоры, Македониядан келген Зоран Льтуков және өзге де еліміздің өнер қайраткерлері қазылық етпек. Фестивальдің ашылуына арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов өнер мерекесіне сонау Моңғолия, Македония, еліміздің Оңтүстігі мен Шығыстан, Орталық Қазақстаннан келген меймандар мен барша өнерсүйер жұртшылыққа ризашылығын білдірді.
- Бүгін – өңірімізде үлкен мереке. Алыс-жақыннан осы мерекеге арнайы келген өнерсүйер ағайынға талай ұлы тұлғаларды елімізге танытқан Ақ Жайық еліне қош келдіңіз дейміз. Өңірімізде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған үлкен шаралар өтуде. Биыл біз ақын әнші сал Мұхиттың 175 жылдығын атап өтудеміз. Осы мерекеге орай Әбіш Кекілбаев ағамыз «Драматургияның альпенисі» атаған Иран-Ғайып ағамыздың жазған «Ән Мұхит» атты қойылымын тамашалайтын боламыз. Бұл жасалып жатқан игі істердің бәрі келер ұрпақ үшін - өнеге болмақ, - деді облыс басшысы Алтай Сейдірұлы.
Сондай-ақ шарада Македония мемлекетінде өткен “Стоби - 2016” антикалық фестивалінде бас жүлдені иеленген театр ұжымына және “Үздік режиссура” аталымына ие болған Қуандық Қасымов пен “Үздік әйел образы” аталымын иеленген актриса Бибігүл Исалиеваға арнайы дипломдарды Македониядан келген антикалық драма театрының актеры, “Стоби - 2016” антикалық драма фестивалінің директоры Зоран Льтуков табыстады.
Фестивальдің ашылу салтанаты белгілі ақын-драматург Иран-Ғайып Иранбек Әбітайұлының “Ән Мұхит” атты премьерасымен жалғасын тапты. Бұл драма дастан халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхиттың өмір жолынан ғана емес, шығармашылығынан да терең сыр шертеді.
Мұхит Мерәліұлының әншілік өнерінің сан қырлы жаратылысын, табиғатын ашатын драмалық туынды көпшілік көрерменнің көңілінен шықты. Қойылымнан соң сахнаға көтерілген «Ән Мұхит» драмалық дастанының авторы Иран-Ғайып Ақ Жайық жұртшылығына шексіз ризашы-лығын білдіріп, «Оралым» атты өлеңін оқып берді. Қойылымның қоюшы режиссерлары – ҚР-ның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов пен театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов. Ал Мұхит ролін сомдаған театрдың белді әртістерінің бірі, әнші Мұсағали Бектенов Мұхиттың терең тебіреніске толы ішкі иірімдерін көпшілікке шебер жеткізе білді.
«Уақыт іздері» деген ақпаратқа Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен ҚР Журналистер одағының мүшесі, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, қарымды қаламгер Базарғали Қуатовтың «Уақыт іздері» атты шығармашылық кеші арқау болған.
Базарғали Сәниұлы кездесуде қазақтың арқалы ақыны Жұбан Молдағалиев жөнінде тағылымды әңгіме тарқатты. Оның адами қырларымен қатар, өзіне мейлінше қамқоршы аға болғанын айтты.
- Жұбан өмірінде үш рет ерлік жасап, соңына тек жарқын істерін қалдырып кетті. Оның ең біріншісі, соғыс жылдарында қолына қару алып, Отанын қанқұйлы дұшпаннан қорғады. Екіншісі, отаршылдық өктемдіктің қы-лышынан қаны тамып тұрғанда, осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын «Мен - қазақпын!» атты өршіл де өжет поэма жазып, туған ұлтын дүйім әлемге танытты. Үшіншіден, оның осыдан отыз жыл бұрын Қазақстанды билеп-төстеген Г. Колбинның алдында қасқая қарсы тұрып, желтоқсан көтерілісінде аяусыз жанышталған қазақ жастарын жанұшыра қорғауы оның ісі мен сөзінің арасында ешқандай алшақтық, қайшылық болмағандығын дәлелдейді, - деді ол. Кеш иесінің замандасы, еңбек ардагері Нұрлан Ізтілеуов оның шығармашылығына шолу жасап, лебізін білдірді. Құттықтау легін Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев, оның ұлы, айтыс ақыны Айнабек жалғастырып, арнау тілектерін білдірді. М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың филология факультетінің студенті М. Орынғалиев кеш иесінің «Мен алпысқа толған күн» атты өлеңінен үзінді оқыса, әншілер Мұратжан Османов пен Баян Өтениязова қаламгер құрметіне ән шырқады.
ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген Б. Қуатов еңбек жолын ұстаздықтан бастап, кейін қаламгерлік саласына ауысқан. Университетте оқып жүргенде, қазақтың жайсаң жазушысы Ғабит Мүсіреповпен болған кездесу сәті жөніндегі Базекеңнің естелігін тыңдағанда, жиналғандар ризалықпен қол соқты.
– Ғабеңмен кездесуіме себепші оның жазушылық шығармашылығы жөніндегі бір тақырып бойынша диплом қорғауым еді. Ең әуелі, Жұбан ағамның үйінен ағамызға телефон шалдым. “Жақсы, менде шаруаң болса, ертең сағат онда Жазушылар одағына кел!” - деп әңгімені қысқа қайырды. Айтылған жерге уақытында келіп күттім. Сәл жүрексінгенім де бар. Қанша дегенмен, ұлы тұлға ғой. Керісінше, ол мені сыпайы қабылдап, бірден іске көшті: “Тақырып бойынша жоспарыңды айт. Әрі қарай ақылдасайық”, - деді. Көңілім орнына түсіп, әңгімелеп бердім. Сөйтіп, сөзіміз жарасып кетті. Мұның өзі дипломдық жұмысымды сәтті қорғауыма септігін тигізді, - дейді Базекең.
Сонау жылдары “Орал өңірі” газетінде бас редактордың орынбасары, кезінде бұрынғы Ақжайық аудандық газетінің редакторы болған Б. Қуатовтың көрермендер қойған сауалдарға жауаптары мен оның бір топ дос-жолдастарының қаламгер туралы ой толғаулары жүзде-судің көрігін қыздыра түсті.
Г.Жолдығалидың «Қолғанат» мақаласында кішкентайынан еңбекке араласқан бала жөнінде мәлім етілген.
Ол «Өскесін көп малым болса... ауылдан үлкен қожалық ашып, мал шаруашылығын дамытсам...» деп армандайды. Қала шетіндегі «Арман» шағынауданының 10 жасар тұрғыны Айқан Ғайнеденді Жәңгір хан көшесінің бойындағы №65 үй мен одан әрірек орналасқан үйлердің тұрғындары жақсы біледі. Өйткені ол сол үйлерде тұратын тұрақты клиенттеріне сүт, сүзбе, айран, қаймақ сатады. Сөзге сараң, шаруаға тастай біздің кішкентай кейіпкеріміз ылғи ерте тұратынын айтады. Ұйқыдан тұрысымен малды жайылымға шығарып, ата-анасына көмектеседі. Ол үйдегі төрт сиыр, төрт бұзау, алты ешкіні көзінен таса қылмай, бағып, өсіруге қолғабыс болып жүр. Айқан түске дейін мектепке барады. Сабақтан келген соң, түскі асын ішіп, бірден үй тапсырмасын орындауға отырады. Сосын сыртқа шығып, малды қарап келеді, қора-қопсыны тазалайды. Осы екі аралықта жүгіріп, мектепке келіп, күрес үйірмесіне қатысады. Үйірмеден келген соң, далада жайылып жүрген малды айдап келеді.
- Кешке таман анам сиырларды сауа бастайды. Сиыр саууға бір сағаттай уақыт кетеді. Мен осы кезде уақытты босқа өткізбей, сабағымды тағы қайталап шығамын. Анам сиыр сауып болған соң, малды бір-екі сағат далаға жайып аламыз. Осы аралықта анам мен ағам екеуі сүт, қаймақ сатып келеді. Сабағым орташа. Өзім әдебиет, математика пәндерін жақсы көремін, - дейді Айқан.
Олардың отбасында бес бала өсіп келеді. Айқанның ағасы 16 жаста, өзінен кейін үш қарындасы бар. Оның айтуынша, оның ағасы да еңбекке ерте араласыпты.
- Мен анама көмектескенді жақсы көремін. Оның сүт таситын арбасын әкеліп беремін. Сүт сұраған үйлерге мекенжайы бойынша жеткізіп тастаймын. Біз сүт, айран, сүзбе, май, қаймақ сатамыз. Қазір сиырдың сүті азайып кетіп, май сатып жүрген жоқпыз. Мал тез өсіп кету үшін оны дұрыс бағу қажет. Жоғалтып алмау керек. Былтыр малға 5-6 тіркеме (прицеп) шөп жинасақ, биыл 7-8-ін алдық. Бұл шөп алты ай қысқа жетуі керек, - дейді шаруа бала.
Айқан қатарластары сықылды гаджеттерге көп қызыға бермейді. Ұялы телефон тек ағасында ғана бар. Ол жаз бойы мал бағып, сүт сатып, тынбай еңбек етіпті.
- Мен жазда да ерте тұрамын. Мал шығарып, оны далада бағамын. Үйге келіп, тамақ ішіп, тағы да мал бағуға кетемін. Біздің үйдің сиырлары Жақсы ауылдың шетіндегі сайда жайылады. Олар кейде көзден таса болып кетеді. Ондай кезде жүгіріп іздеймін. Көбіне Құс фабрикасы жақтан тауып аламыз. Жазда атам екеуміз қораны кеңейтіп салдық. Атаммен шөп шабуға бардым. Сосын оны «УАЗ» көлігіне тиеп, тасып алдық, - дейді ол.
Айқан қаламыздағы №47 орта мектептің 5-сыныбында оқиды. Сынып жетекшісі Гүлім Маратқызының айтуынша, сабағы орташа. Кішкентай ғана қара бала ертеден қара кешке дейін еңбек етіп, ата-анасына қолғанат болып жүр. Ол өскесін үш қарындасына, әке-шешесіне көмектесуді алдына мақсат етіп қойған.
Анасы Тұрсын 6-7 жасынан бастап қасында жүріп, көргенін көңіліне түйіп, өзінің қолғанатына айналған ұлына дән риза.
- Біз ең бірінші бұзау алып асырадық. Алғашында мал ұстау оңай болған жоқ. Бірақ кейіннен бәрінің көзі үйрене бастады. Бес бұзау асырап, оны сиырға айналдырдық. Сосын төрт сиыр сауып, сүт сата бастадық. Осы жұмыстардың бәрінде Айқан – менің оң қолым. Бұрын үлкені көмектесетін. Ол қазір спорттық жарыстарда жүреді. Сондықтан малды сайдағы жайылымға апарып бағу, айдап әкелу, тапсырыс бойынша сүт өнімдерін жеткізуге Айқаным көмектеседі, - дейді Тұрсын апай.
Осы мақаланы жазу барысында жасөспірім кейіпкерімізбен сөйлесу үшін оны арнайы мектепке іздеп баруға тура келді. Өйткені алты күн бойы ертеден кешке дейін мектепте болатын Айқан демалыс күндері де әкесімен далаға алқапқа барып, көкөніс жинауға көмектеседі екен.
Жастайынан еңбектің дәмін сезген қаланың қатпа қара баласының қолынан келмейтіні жоқ. Ал «Жұмыс жоқ, көп балалымын» деп ешкімге алақан жаймай, бес баласын еңбекке баулып, адал еңбегімен нәпақасын тауып жүрген Айқанның ата-анасы да көпке үлгі боларлық жандар. Әңгіме соңында Айқан әкесінің аяғын ауыртып алғанын айтып, сәл мұңайып қалды. Бір қарағанда біртоға, өзімен-өзі маңқиған бала сияқты көрінгенімен, біз оның еңбекқорлығымен қоса, бауырмал, елгезек, отбасын ерекше жақсы көретін мейірімді екенін байқадық.
«Ұлы дала тынысы» деген ақпаратта Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында әнші-композитор, халықаралық жә¬не республикалық байқаулардың лауреаты, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті музыкалық білім және вокал кафедрасының доценті Қуаныш Қисметов¬тің тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала тынысы» атты шығармашылық кеші өткені айтылады.
Жәнібек ауданында туып-өсіп, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алып, осында он бес жылдан астам уақыт бойы қызмет атқарып келе жатқан Қуаныш Қисметов әншілігімен қатар композиторлық қырымен танылып келеді. Әр жылдары республикалық Ә. Бейсеуов атында¬ғы «Армандастар» (Орал-2006), халықаралық Ш. Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» (Шымкент-2004), «Ялта-2006» (Украина), «Мир под Кычером-2009» (Польша) байқауларының лауреаты атанған Қ. Қисметовтің өз шәкірттері де талай додаларда оза шауып, жүлде алып жүр. Жастарды әншілікке, соның ішінде акапелла жанрына баулып жүрген Қуаныштың жары Раушан Қуанышәлиева да әнші әрі осы университетте ұстаз. Бес бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты әншілердің ұл-қыздары өнерлі болып өсіп келеді. Бұған өздерімен бірге Айсана, Айсара есімді қыздарының сахнаға шығуы дәлел.
Шығармашылық кеште Қ. Қисметовтің әр та¬раптан жиналған шәкірттері де өз өнерлерін көрсетті. Соның ішінде Алматыдан келген рес¬публикалық «Жас қанат» байқауының күміс жүлдегері Дәуренбек Мерғалиев, астаналық «Тауан» тобының әншісі Армат Амандықов, «Қорған», «Дарын», «Батыс Star» топтарын атауға болады. Ақтаудан дос-әріптесі, республикалық байқаулардың лауреаты Ерлан Жылқыбаев арнайы келді. Қуаныштың, әсіресе, Дариға Мұш¬танова, Мұнайдар Балмолда, Жансая Мусина сынды ақындардың патриоттық тақырыпта жазған «Ақұштабы Алаштың», «Сарбаз хатта¬- ры», «Ұстазға арнау», «Майдангерлер», «Ержүрек Мәншүк», «Астана», «Ұлы дала тынысы» іспеттес әндері жақсы әсер қалдырды. Кеш авторын БҚО әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі (дирижері Асхат Хасанов), М. Өтемісов атын¬дағы БҚМУ хоры сүйемелдеп, қолдау көрсетті.
М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың оқу ісі жө¬ніндегі проректоры Ғалия Жүсіпқалиева Қуаныш Қисметовтің талай шәкіртке қанат бі¬тірген ұстаз ретіндегі еңбегі мол екендігін атап өтті. Сондай-ақ БҚО мәдениет, мұрағаттар жә¬не құжаттама басқармасы, Орал қаласы әкім-дігі атынан алғысхат беріліп, тарту-таралғылар жасалды.
«Ақ Жайық төрінде алғаш рет өткізіп тұрған осынау шығармашылық кешімді ұлы мәртебе¬- лі тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерей¬тойына арнадым. Егер біз табысқа жетсек, со¬ның бәрі – азаттық таңын аңсап өткен баба¬ларымыздың ерлігі мен еңбегінің арқасы. Сон¬дықтан ұлы дала тынысын кейінгі жас ұрпақ сезініп өссе дейміз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз жарқын бола бергей!», – деді Қуаныш Қисметов.
Газеттің 27 қазан күнгі санында «Тіл мәселесін талқылаған жиын» деген ақпаратта (Г.Жолдығали) облыстық әкімдіктің кіші залында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының» орындалуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесі өткені айтылады. Кеңесте Ақжайық, Шыңғырлау аудандары мен денсаулық сақтау саласындағы тіл заңдылығының сақталу мәселесі талқыланды.
Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың айтуынша, аудандағы барлық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 100 пайызды құрайды. Аудан халқының саны - 42307, оның 95 пайызы - қазақтар, қалған бөлігі - өзге ұлт өкілдері. Ауданда 339 көше бар. 2010 жылы жергілікті ауылдық округ әкімдерінің шешімі бойынша 46 көше атауы құжаттандырылды. 2014 жылы облыстық ономастикалық комиссиясына 213 көшеге жаңа атау беру және қайта атау туралы ұсыныс беріліп, оның 179-ы аталған комиссияның оң қорытындысын алды. Қазіргі уақытта 114 көше атауы, төрт елді мекен (Бударин, Коловертное, Первомай, Чапаев) және сегіз мектеп атауы өзгертуді қажет етеді. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асырудың негізгі индикаторларын орындау мақсатында 2013 жылы 109, 2014 жылы 80, 2015 жылы 130 мемлекеттік қызметкер «Қазтест» сынағынан өтіп, 41 мемлекеттік қызметкер сертификатқа ие болған.
Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиевтің баяндауынша, ауданда мемлекеттік тілдің тұғырын биіктету үшін 2014 жылы 1064,0 мың теңге, 2015 жылы 1149,0 мың теңге бөлінген. Ауданда 15325 тұрғын болса, олардың 13062-сі өзге ұлт өкілдерін құрайды. 2013-2016 жылдар аралығында аудан бойынша «Қазтест» жүйесімен оқытылған мемлекеттік қызметшілер мен азаматтық қызметшілердің саны - 227, ал «Қазтест» байқау сынағынан өткендердің саны - 120. Аудандағы 97 мемлекеттік қызметшінің 66-сы сертификатқа ие болған. Өткен жылы мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдерінің арасында өткен облыстық «Абай оқулары» байқауынан Алена Катькал екінші орын алса, «Ең үздік аудармашы» байқауына қатысқан Дәнегүл Аймурзиева біліктілік пен сауаттылық танытқаны үшін бас жүлдеге ие болыпты. Үстіміздегі жылы М. Мақатаев оқуларына қатысқан шыңғырлаулық Жұлдыз Зданова 1-орынға ие болған. Сондай-ақ аудан әкімі «Батыс Қазақстан облысы аумағын дамыту бағдарламасы» мен «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы» мақсатты индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында жергілікті жердің бюджетінен 369,0 теңге қаражат бөлініп, 15 мемлекеттік қызметкер үшін ағылшын тілі курсы ұйымдастырылғанын атап өтті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзиева өңіріміздегі денсаулық саласында «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» денсаулық сақтау саласында кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2015 жылдан бастап әр аптаның сәрсенбісі «Мемлекеттік тіл күні» болып бекітілген. Сонымен қатар мекемелердегі маңдайша жазулары, кабинеттердің сыртқы тақтайшаларындағы атаулар, мемлекеттік тілде жазылып, облыстағы барлық медицина ұйымдарында іс-қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуі қамтамасыз етілген. 2013 жылдан бері денсаулық саласының 800-ден астам қызметкерлері «Қазтест» жүйесінің сынағына қатысып келеді. Ағымдағы жылы 53 маман аталмыш емтиханға қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен. Бағдарламаның тиімді іске асуының нәтижесінде кіріс құжаттары 92 пайыз, шығыс құжаттары 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіліп келеді. Сондай-ақ Мәншүк Құдайбергенқызы медицина мамандарының мемлекеттік тілдегі басылымдарға жазылу көрсеткішінің жылдан-жылға артып келе жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, денсаулық сақтау саласының мамандары үстіміздегі жылы «Егемен Қазақстан» газетіне 800 дана, «Орал өңірі» газетіне 904 дана, «Жайық үні» газетіне 1232 дана жазылған.
- Кей аудандарда тіл саласын математик, эколог, физиктер басқарып келеді. Менің ұсынысым тілдің айналасында тілдің мән-жайын білетін мамандар отыруы керек. Сонымен қатар мекемеге хат жіберерде, сол хатты басшылар оқып барып, қол қойып, жолдаса екен. Өйткені бізге кейде сөйлемі аяқталмаған хаттар келіп жатады. Жалпы, әр мекемеде сол жердегі басшының тілге деген көзқарасы оң болуы керек. Тілге құрмет - елге құрмет екенін ескерсек, ең бірінші басшылардың өзі тілге құрметпен қарауы керек, - деді облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Әлжанова.
Осы жиында білдей бір ауданды басқарып отырған аудан әкімдерінің балабақшада жоспар бойынша өтуі тиіс «Қуыр-қуыр, қуырмаш» сынды шаралар мен кітапханадағы кітаптың санын түгендеп тұрғаны бізге де қызық көрінді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Марат Лұқпанұлы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына осы мәселе бойынша жүргізілетін жұмыстарды әлі де ширату қажет екендігін қадап айтты.
С.Жәрдемұлының «Н20: Құбыр / Құдық = ?» деген мақаласында Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылында ауыз сумен қамту мәселесі сөз болады.
Құм Нарынның жиегіндегі Бисен ауылдық округінің орталығына «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы ауыз су тартылғанына екі жылдан асыпты. Бүгінде ауылдағы 377 тұрғын үйдің 300-ге жуығының ауласына ауыз су кіріп те тұр. Әйтсе де, тұрғындардың дені ауласына, тіпті қайсыбірінің үйіне дейін тартылған суды ішуге жарамсыз деп отыр.
Оқырмандарымызға ұғынықты болуы үшін ауыл тұрғыны Әбілғазы Шыңғалиевтің редакциямызға жолдаған хатынан үзінді келтірейік.
«... 2006 жылы «Таза су» бағдарламасы бойынша ауылдан екі шақырым жерден жер асты су қоры табылып, екі скважина қазылды. Су мұнарасы орнатылып, бассейні бар тұрғындарға автокөлікпен су тасылып тұрды. 2014 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауылішілік құбырлар тартылып, әрбір үйге су кіргізілді. Ауыл тұрғындары бұл суды ауыз су ретінде пайдаланбайды, тек ыдыс-аяқ жууға, мал суаруға, моншаға, яғни техникалық су ретінде пайдаланады. Бұл суды тұрғындардың он пайызы ғана (мүмкіндігі жоқ кәрі адамдар, мектеп-интернат балалары) пайдаланып отырса, тоқсан пайыздайы ауыз суды бұрынғыша құдықтан тасып ішіп отыр. Бұл жөнінде бірнеше рет облыс әкіміне хат та жаздық, бірақ ол хаттар өңір басшысына жетпейтін сияқты. Өйткені біздің хатымызға берілетін жауап, ести-ести жауыр болған «судан сынама алынып, зертханада тексеруден өтті, су ішуге пайдалы» деген сыңайлы аудан әкімінің жауабын қайталау ғана. Халық ішпейтін суды зертхана арқылы зорлап ішкізгісі келеді. Біздің сұрайтынымыз, бұрын кеңшардың екінші бөлімшесі болған Жиекқұм ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша «Хамза» су қорынан су берілген болатын. Ондағы су қоры Бисен ауылын қамтуға жететін көрінеді. Соған қосуды сұрап жүрміз, бірақ оған жергілікті билік құлақ асатын емес.
Бауыржан Файзоллаұлы! Ауыл тұрғындарының ауыз суға байланысты көріп отырған қиыншылығын жоғарғы билікке жеткізу үшін сіздің газеттен көмек сұраймыз. Ол үшін ауылға халықтың ауыз суға деген ой пікірі мен көзқарасына көз жеткізу үшін журналист (тәуелсіз журналист) жіберуіңізді сұраймыз.
Кездесуден кейін газет бетінде жарияланса, облыс әкімінің назарына ілігер еді. Бұл біздің соңғы үмітіміз. Мәселе облыс әкімі тарапынан қолдау тауып жатса, тұрғындар ауыз су азабынан құтылып, шелектеп су тасымас еді. Қазіргі жағдайда «Ақбұлақ» бағдарламасы бисендіктер үшін «көзбояушылық» болып отыр.
Қажет болып жатса, журналистің жолақысын көтеруге де әзірміз, әңгіме біздің жағдайымызды көлемді мақала етіп газет бетіне шығарса болғаны, келіп жатса, хат иесіне жолықсын.
Сәлеммен тұрғындар атынан: зейнеткер,
оқырман Әбілғазы Шыңғалиев,
Бисен ауылы, Бөкей ордасы ауданы
8. 08. 2016 жыл.
Кезекті іссапар барысында Бөкей ордасы ауданының әкімі Н. Рахымжановқа аталмыш хаттың көшірмесін ұсынып, пікірін сұрап көргенбіз.
- Иә, біз бұл мәселеден хабардармыз. Хат иесі сіздерден бұрын облыс басшысына, ҚР Парламентінің депутаттарына да осы мәселені қаузап жазған болатын. Жиекқұм мен Бисеннің арасы 25 километр, мұндай қашықтыққа ауыз су тартқызу көп қаржыны қажет етеді. Оның үстіне Бисенге «Ақбұлақ» бағдарламасы 2014 жылы ғана қосылған. «Ақбұлақ» қондырғысында апатты жағдай орын алып, бірер күн су тоқтап қалғанда, тұрғындар бізге хабарласты. Яғни ол судың да қажет болып тұрғаны. Әрине, тұп-тұщы деп айта алмаймын, бірақ ішуге келетіндігін сала мамандары әрдайым растауда, - дейді аудан басшысы.
Аудан басшысының пікірін білген соң Бисен ауылындағы «Ақбұлақ» бағдарламасына баланатын құбыр суының адам ағзасына қаншалықты зиянды-зиянсыздығын білмек оймен мамандарға жолықтық.
- Негізі тәртіп бойынша судан тоқсан сайын сынама алуға тиіспіз. Ал біз ай сайын бактериологиялық және санитарлық-химиялық сынама алып, сараптама жүргізіп отырамыз. Бисендегі құбыр суының сынамасын да жиі тексерудеміз. Сараптама көрсеткіштері қалыпты. Бисендік тұрғындар шағымданған соң, Орал қаласындағы зертханаға жіберіп, тексерістен өткізіп алдық. Облыстағы мамандар да біздің сараптаманы растады, - дейді аудандық тұтынушылар құқығын қорғау бөлімшесінің жетекші маманы Ерлан Жұмағалиев.
Аудан орталығынан шығып, Бисенге жол тарттық. Округ әкімі Қайырсапа Саматов қызмет орнында екен. Ауылдың тыныс-тіршілігімен аз-кем құлағдар болған соң, келген шаруамызды жайып салдық.
- Е-е, сіздерге де жазған екен ғой. Осы мәселені жиналыс сайын тұрғындарға түсіндірудеміз. «Ақбұлақ» суының денсаулыққа залалын сезгенім жоқ, өзім де сол суды ішіп жүрмін ғой, - деді налыған кейіптегі округ басшысы.
Редакцияға жолданған хаттың иесі Әбілғазы Шыңғалиев бізді көргенде құдды алыстағы нағашысы келгендей қуанғаны. Жүріс-тұрысы ширақ қарт алдымызға түсіп алып, үй-үйді аралатты. Тұрғындарға қойған сұрағымыз, қандай суды пайдаланасыз және неліктен деген екі-ақ сауал.
Әсия ӘЛЕСОВА: - Тамақ пісіруге, шайға құдық суын тасып ішеміз. «Ақбұлақтың» суы шайға да түспейді, ащы.
Шолпан БІРМАНОВА: - Су үйімізге кіріп тұрса да, 500 метр қашықтықтағы құдық суын тасып ішеміз. Өйткені құбырмен үйге келіп тұрған су қайнатқанда, қап-қара болып кетеді. Баймұрат ШОМАНОВ: - Құбыр суы үйіме келіп тұр. Бірақ Жиекқұмның суын сатып алып, ауламдағы бассейнге құйдыртамын. Бір цистернасы - 1200 теңге. Сол біразға жетеді.
Ерен МАҒЗОМОВ: - Аракідік қаладан 20 литрлік құтыдағы суды алдыртып ішеміз. Тамаққа негізінен ауылдағы құдық суын пайдаланамыз ғой. Құбырдың суын жеміс-жидекке құйған едік, өнім бермей қойды. Өсіп тұрған таңқурай бұталары қурап қалды.
Темірболат ЕСБОСЫНОВ: - «Ақбұлақтың» игілігін біздің ауыл тұрғындары көре алмай отыр. Сапасы жақсы болса, суарылған гүл солып қала ма? Бізді қойшы, 80-ге таяп қалдық, анау балабақша мен интернаттағы балалардың денсаулығына алаңдаймыз.
Ауылдың шығыс беткейіндегі З. Жиенәлиев көшесі тұрғындарын түгелге дерлік осы тақырыпта сұхбатқа тартқанымызда, жауаптары бір арнаға тоғысып жатты. Естуден жалыққанымызды сездірместен, айтқандарын түгел жазып алуға тура келгені. Содан соң округ әкімімен бірге Бисен ауылдық су құбыры бекетіне бет бұрдық. Аталмыш бекет Арон Кәукешов жетекшілік ететін «Сатыбалды» шаруа қожалығына сенімгерлікпен басқаруға беріліпті.
-Ауыл іргесінен 2-3 шақырымдай жерде екі бірдей су көзі бар. Негізгі су көзі резервуар арқылы осы бекетке айдалады. Арнайы қондырғыларда тазартылған суды құбырларға бөлеміз. Судың сапасын ауданнан келетін мамандар уақтылы тексеріп тұрады, - дейді оператор Қадырболат Шәкенов.
Осылайша аз-кем дидарласып, қондырғыларға көз тоқтатып алғаннан кейін ат басын Жиекқұмға бұрдық. Бисеннен төте жолмен шыққанда, 18 шақырымдай болса керек, бұйда-бұйда құмдарды кешіп өтіп, әп-сәтте діттеген жерімізден табылдық. Бұл елді мекендегі су мұнарасы да, қондырғылары да бисендіктердің бекетіндегідей. Өзін Серікбай Молдашев деп таныстырған жігіт ағасы осы ауылдың байырғы тұрғыны екендігін, құрылғы іске қосылғаннан бері операторлық қызмет атқарып жүргендігін, мекенде 110 тұрғын үй, орта мектеп пен балабақша барын да сұрақ қоюымызға мұрша берместен жайып салғаны.
- Жиекқұмнан жеті шақырымдай қашықтықта «Хамза» деген жер бар. Мамандар сол жерден тұщы су көзін тауып, бес ұңғыма орнатқан еді. Үш жылдан бері сол жерге барып, құдықтардағы құрылғыларды кезекпен қосамыз, қоршауларын тексереміз. Ауыл тұрғындары ауыз суға түгелдей есептегіш қондырған. Пайдаланылған ауыз су ақысын екі айда бір жинаймыз, - дейді ауылдың ақжарқын азаматы.
Келген жолымызбен кері оралып, Бисеннің бел ортасындағы құдық маңына беттедік. Әрбір ауылдағыдай қарапайым құдықтың маңында үш-төрт адам тұр. Оларға жөнімізді айтып, әңгімеге шақырдық.
- Құдықтағы су тез сарқылып қалады ғой. Сондықтан таңғы сағат бестен кезекке тұрамыз. Құбыр арқылы үйімізге келіп тұрған су ішуге жарамсыз. «Ақбұлақ» бағдарламасын қолға алған кезде «Жиекқұмнан» су тарттыруды неге бірден қолға алмағанына таңымыз бар, - дейді ауыл тұрғыны Жұмагерей Арыстанғалиев.
- Құбырдан аққан суды тек мал ішеді. Жерге төксең, сортаң болады. Шелекке құйып қойсаң, тат басып қалады. Интернат балаларына обал ғой. Айтуға да ұят, - деген Асылхан Өтеғалиевтің сөзін ауылдастары қоштай жөнелгені.
Көп кешікпей, иінағашқа шелектерін артқан қыз-келіншектер, ыдыстарын қоларбаға байлаған ауылдың үлкен-кішісі осы маңға жиналып жатты.
Бәрінің айтатыны бір сарында. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген осы шығар.
Менделеевтің химиялық кестесіндегі қос элементтен құралған тіршілік көзіне байланысты Бисен ауылындағыдай жағдайды өзге ауыл-аймақ тұрғындарының да бастан кешіп отырғанын ұмытпайық. Халқымыздың «Көш жүре түзеледі», «Сабыр түбі - сары алтын» деген нақылдарын да естен шығармасақ.
«Фархаттың күміс жүлдесі» - бұл ақпаратта батысқазақстандық жыршы Фархат Оразовтың Башқұртстан астанасы Уфа қаласында 23-24 қазанда өткен бүкілресейлік жыршылар (сэсэндер) фестивалінде күміс жүлдегер атанғаны мәлім етілген.
Көптеген түркі халықтарының өкілдері қатысқан өнер додасында Фархат Махамбеттің толғауы мен «Қарасай – Қази» жырын нақышына келтіре орындап берді.
«23 қазанда фестиваль болып, 24-інде гала-концерт қойылды. Шара барысында тува, хакас, якут, башқұрт, алтай, ноғай, қазақ, қырғыз, қалмақ, карел, орыс секілді халықтардың эпостық жырлары орындалды. Бас жүлдені («Алтын домбыра» төсбелгісі) башқұрт өнерпазы иеленсе, алтын жалатылған күміс белгі қырғыз манасшысы мен ноғай жыршысына, тува мен якут қыздарына бұйырды. Маған күміс белгі берілсе, Батыс Қазақстан облысынан барған тағы бір жыршы Сұңғат Жанаевқа Башқұртстан қурайшылар одағының арнайы сыйлығы табыс етілді. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында осылайша жүлдемен қайттық», – деді Ф. Оразов газет тілшісіне.
Айта кетейік, Фархат Оразов – кең байтақ елімізге танылып келе жатқан жас жыршы-термеші. «Қырымның қырық батыры», қазақтың басқа да жыр-дастандарын, толғау-термелерін көмейінен төгілте орындайтын Фархат түрлі деңгейдегі шараларға үнемі қатысып, халқымыздың өнерін кеңінен насихаттап келеді.
«Шорт-тректен ширақпыз» деген ақпаратта Алматы қаласында шорт-тректен ҚР кубогының екінші кезеңі мәреге жеткені сөз болады.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, алдағы жылы Алматыда өтетін 28-інші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада қарсаңындағы тестілеу жарысы болып есептелетін додада батысқазақстандық шорттрекшілер табысты өнер көрсетті. Ерлер арасында құрамында Әділ Ғалиахметов, Нұртілек Қажығали, Әділ Қырымгереев, Айбек Қадыров, Ғалым Хасанов бар БҚО құрамасы 5 мың метрлік эстафеталық жарыста жеңімпаз атанды.
Ал Анита Нагай, Гүлнұр Ғаниева, Нұржанар Жұмағалиева, Ғалия Жұмағазиева, Жанерке Қадимовадан құралған әйелдер командасы 3 мың метрлік эстафетада екінші орынды еншіледі.
Жекелей сында 500 метрлік қашықтықта Анита Нагай үшінші, Әділ Ғалиахметов екінші орынды иеленді. Ал 2 мың метрлік қашықтықта Әділ Ғалиахметов мәре сызығын үшінші болып қиды.
Батысқазақстандық шорттрекшілерді Максим Лозовой мен Данабек Қайыров жаттықтырады.
Айта кетейік, Орал қаласында шорт-трек спорты жақсы дамыған.
Негізінен батысқазақстандықтардан құралған ҚР ерлер құрамасы Сочи олимпиадасында 5 мың метрлік эстафеталық жарыста бесінші орынға табан тіресе, өткен жылы Анита Нагай Норвегияның Лиллехаммер қаласында жасөспірімдер арасында өткен қысқы олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған болатын.
«Еңбек ерінің мүсіні» деген ақпаратта (Д.Насыр) Зеленов ауданының Шалғай ауылында Социалистік Еңбек Ері, ауданның құрметті азаматы Вардан Чамчиянның туғанына 100 жыл толуы аталып өтілгені хабарланған.
1954 жылдың көктемінде Зеленов ауданына тың және тыңайған жерлерді игеру үшін бір топ жас маман келген-ді. Солардың бірі Вардан Шноркович Чамчиян 1957 жылдан бастап «Пермь» (қазіргі Шалғай) кеңшарының басшылығына тағайындалып, 22 жыл бойы ел үшін еселі еңбек етті.
Шалғай ауылындағы орталық саябақта еңбек ардагеріне арналып қойылған мүсінді ашу құрметі аудан басшысы Кәрім Жақыпов пен Вардан Чамчиянның ұлы Сергей Чамчиянға ұсынылды.
– Біз бүгін ауданымыздың ауыл шаруашылығының дамуына, тың және тыңайған жерлерді игеруге сүбелі үлес қосқан тұлғаның бірі Вардан Чамчиянның 100 жылдығына жиналдық. Осындай азаматтар салған сара жол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын таба берсін. Ауданымыз облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосып келеді. Қажырлы еңбектің арқасында биыл егіннен рекордтық деңгейдегі өнім алдық. Жыл өткен сайын жасампаз еңбекпен жайнай түскен тәуелсіз еліміз мәңгі жасасын! - деді жиында сөз алған Кәрім Кәрімоллаұлы.
Шараға жиналған қауым ауылдық клубтағы «Еңбегімен ерекшеленген жан» атты кітап көрмесімен танысып, аудан өнерпаздарының «Ердің ерлігі – ел жадында» атты концерттік бағдарламасын тамашалады.
«Батыс Қазақстан облысы: Тәуелсіздік жылдарының жылнамасы»
1994 жыл
4 СӘУІР
Облыс әкімдігінің қаулысымен Орал қаласы аумағында Круглоозерный, Зашаған, Деркөл, Желаев поселкелік әкімшіліктері және ауылдық (селолық) округтер құрылды.
19 МАМЫР
Орынбор – Новопсков газ құбырынан Зеленов ауданындағы Үлкен Шаған ауылына желі тартылуына орай ауыл маңында газ алауы жағылды. Алауды ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Қадыр Мырзалиев тұтатты. Бұл аудан ауылдарының көгілдір отынға қосылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы құбыр одан әрі Чапаев, Калмыков ауылдарына тартылып, Жайықтың оң жағалауындағы елді мекендерге газ жеткізіледі.
30 МАУСЫМ
Мемлекеттік меншік жөніндегі Батыс Қазақстан аймақтық комитеті облыс орталығындағы нысандарын сату жөнінде аукцион өткізді. Қысқа мерзім ішінде бастапқы бағасы 1 млн. 613 мың теңге тұратын бірнеше кафе, дүкен, қойма тағы басқа нысандар жалпы сомасы 2 млн. 175 мың теңгеге сатылды. Орал қаласында жеке сауда орындарының иелері пайда болды. Нысандарды сатудан түскен қаржы бюджетке түсіріледі.
7 ШІЛДЕ
Облысымызда етті-жүнді бағыттағы жаңа қой тұқымы жерсіндіріп өсірілуде. Ол биязы және жартылай биязы жүнді қойды Англияның «линкольн» және «ромни-марш» тұқымды қойларымен шағылыстыру арқылы алынды. Әзірге бұл қойлар Тасқала ауданындағы «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы асыл тұқымды совхозы мен «Қазақстан» ассоциациясында өсірілуде.
26 ТАМЫЗ
Өңір басшысы Қ. Жақыпов даниялық «Гила консалтенс» фирмасының президенті Ариэл Розенбергпен кездесу өткізді. Бұл фирма біріккен қазақ-дат «Конденсат» кәсіпорнының құрылтайшысы болып табылады. Кездесу барысында облыстың мұнай өнімдеріне деген тапшылығын тұрақтандыру үшін кәсіпорынды тезірек іске қосу мәселесі әңгіме болды.
27 ҚЫРКҮЙЕК
Қазталов ауылына табиғи газ келді. Бұл қуанышты бөлісуге көршілес
Саратов және Волгоград облыстарынан қонақтар келді. Салтанатты шарада облыс әкімі Қабиболла Жақыпов Елбасы мен Үкіметке су тасқыны зардаптарын жоюға көрсеткен көмектері үшін алғыс айтып, табиғи газ жеткізілуі ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына зор мүмкіндік беретініне тоқталды. Сондай-ақ қолұшын берген Волгоград облысындағы Волжск турбина зауыт ұжымына және көрші Саратов облысы басшыларына да ризашалығын жеткізді. Салтанатты шараға қатысқан Саратов облысының басшысы Ю. Белых екі облыс арасындағы өзара достық, экономикалық байланыс одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
14 ҚАЗАН
Орал қаласында облыстық диагностикалық орталық ашылды. Нысан 4 млн. доллар тұратын қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен қам-тылған. Жыл сайын бұл жерден 30 мыңнан астам адам тексеруден өте алады. Орталықтың тиімді жұмыс істеуі үшін мамандар ТМД және АҚШ-та дайындықтан өтті.
8 ҚАРАША
«Запказэнерго» бірлестігінің Орал филиалында қаланың энергетикалық шаруашылығын басқару электронды жүйеге көшірілді. Бас компьютерге барлық трансформатор станцияларына орнатылған шағын компьютерден кеңейтілген техникалық ақпараттар келіп түседі. Электр желісі бойындағы ақау немесе өшіп қалғаны туралы мәліметтер және пайдаланылған электр қуаты жөніндегі деректер орталыққа келіп түседі және оны ЭВМ жедел өңдейді. Бұл жаңалық кәсіпорын мамандарының жұмысын жеңілдетті.
25 ҚАРАША
Орал ЖЭО-да сағатына 12 мың киловатт электр энергиясын және кәсіпорынның техникалық қажеті үшін 80 тонна бу өндіретін жаңа турбина іске қосылды. Бұл жаңа турбина аймақтың электр қуатына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік берді. Енді Ресей энергожүйесінен қуат айырылған жағдайда өзіміздің ЖЭО өндіретін энергияны пайдаланып, өмірлік маңызы бар аурухана, «Су арнасы» мекемесі, наубайхана, сүт комбинаты тағы басқа нысандар электр қуатынсыз қалмайды.
20 ЖЕЛТОҚСАН
Орал өңіріне танымал коллекционер, филология ғылымдарының докторы, Орал пединститутының профессоры Мәтжан Тілеужанов Мароккода жеке авторлық көрмесін өткізіп қайтты. Қазақ халқының тұрмысында пайдаланылған көне бүйымдарды жинаумен айналысқанына 40 жыл толу мерейтойына орай өткен шарадағы сырға, күміс алқа, ілгек, домбыра, ер-тұрман, құман сынды халқымыздың бірегей көне бұйымдарын шетелдіктер жоғары бағалады.
1995 жыл
14 ҚАҢТАР
Чапаев ауылында мешіт ашылды. Аудан орталығындағы бұрынғы ауылдық кеңестің кеңсесі болған ескі ғимарат жөнделіп, жаңғыртылып, имандылық үйіне айналды. Аудан имамы Құрман Жанұзақов бүкіл мұсылмандар атынан жергілікті билік өкілдеріне ризашылығын білдіріп, бұл жаңа дін орны халықтың рухани дүниесін байытуға үлес қосатынына сенім білдірді.
22-23 АҚПАН
АҚШ-тың ҚР-дағы елшісі Уильям Х. Кортни жұмыс сапарымен Орал қаласына келді. Облыс әкімі Қабиболла Жақыповпен болған кездесуде нарықтық реформаны тереңдетуде батысқазақстандық іскерлер тобының америкалық әріптестерімен өзара ынтымақтастық орнату туралы пікір алмасылды.
2 НАУРЫЗ
Алматыда Үкімет үйінде «Аджип» (Италия), «Бритиш газ» (Ұлыбритания) мұнай компаниялары, «Гапром» акционерлік қоғамы (Ресей) және «Қазақгаз» холдингі Қарашығанақ кен орнын игеру жөнінде табысты бөлу және басқа да тиісті құжаттар туралы келісімге қол қойды.
Өндірілген өнімнің 85 пайызы Қазақстан үлесіне тиеді, қалған 15 пайыз инвесторлар арасында бөлінеді. Жылына кен орнынан 25 миллиард текше метрге жуық газ және 13 миллион тонна мұнай өндіріледі деп болжануда. Бірлесіп игеру 40 жыл мерзімге есептелген. Біріккен концорциум қосымша кен орнының әлеуметтік даму саласына белсене қатысады, сонымен қатар мұнайхимиялық кешенді құруға және инфрақұрылымды сәйкестендіруге қаржы бөледі.
6 СӘУІР
Орынбор қаласында ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған Қазақстан мәдениеті күндері өтті. Мереке Абайдың өмір жолы мен шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференциямен басталды. Одан кейін қаланың мәдениет үйінде, көшелерінде өнер шеберлерінің концерттері, спорт кешендерінде жарыстар, жәрмеңке және ақындар айтысы өтті.
Ақындар арасындағы сайыста жерлесіміз Шолпан Қыдырниязова жеңімпаз болып, тұлпар мініп қайтты.
16 ТАМЫЗ
Орал қаласында ел Президенті Н. Назарбаев РФ Үкіметінің басшысы В. Черномырдинмен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту, Кеден одағын кеңейту, Қарашығанақ кен орнын игеру, тағы басқа мәселелер сөз болды. Кездесу аяқталысымен, Нұрсұлтан Назарбаев пен Виктор Черномырдин ресейлік және қазақстандық журналистердің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатына қатысты.
Сол күні ҚР Премьер-министрінің орынбасары А. Есімов пен РФ Үкіметінің вице-премьері А. Заверюх ауыл шаруашылығы және өңдеу кәсіпорындары саласында өзара ынтымақтастық орнату жөнінде келісімшартқа қол қойды.
2 ҚЫРКҮЙЕК
Облыс әкімі Қабиболла Жақыпов бір топ Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 73 пәтерлік тұрғын үйдің кілттерін табыс етті. Осы шарада сөз сөйлеген облыс басшысы бұл ел Президентінің Отанымызды жаудан қорғаған майдангерлерді әлеуметтік қолдау жөніндегі Жарлығын жүзеге асыруда қолға алынып жатқан істердің бірі екенін атап көрсетті. 6-ықшамауданда берілген бұл үй тұрғындарына арнаулы медициналық қызметкерлер бекітілді. Сол сияқты басқа да коммуналдық қызмет салалары ардагерлерге қамқорлық жасайтын болады.
17 ҚАЗАН
Облысқа Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Иожеф Торма жұмыс сапарымен келді. Оның жұмыс сапарының мақсаты - біздің облыспен жаңа экономикалық байланыс орнату және қазақ халқының тұрмыс-салтымен жақынырақ танысу. Елші филология ғылымдарының докторы болып табылатындықтан, ол халық шығармашылығын зерттеуге ерекше көңіл бөледі. Оның жұмыс жоспарында бірқатар аудандарды аралау, талантты суретші Сәкен Ғұмаровтың шығармашылығымен танысу шаралары бар.
25 ҚАЗАН
Орал қаласының бас алаңында ұлы Абайдың ескерткіші ашылды. Ескерткіштің жамылғысын Орал қаласының әкімі Олег Рахымбердин, қаланың құрметті азаматы Петр Атоян және еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Жайсаң Ақбай түсірді.
7 ЖЕЛТОҚСАН
Тасқала аудандық телекоммуникация және пошта бөлімінің ұжымы тамаша сыйлыққа ие болды. Оларға аудан орталығының ең сәнді көшесіндегі үш қабатты ғимарат берілді. Онда пошта, телеграф, халықаралық және қалааралық телефон станциялары орналасты.
«Қазақстаннан» Қазақстанға
Іс тігетұғын машина
Хатерлеріңізде болсын, іс тігетін машинаның ең жақсысы һәм ең мықтысы «Зингер» атды кампанианың мағазиндарында ғана саналады. Хақдары арзан, 20 сомдықдары да бар, һәм несиеге де сатылады. Айға бір сомнан йаки екі сомнан беріб тұрсаңыз, «Зингер» қарай береді. Және бір файдасы, машине алған адамдардың хатуны иаки қыз балалары кесте тігісін үйренгілері келсе, «Зингер» бір тиын ақша алмай, түрлі әдемі кесте тігулеріні үйретіб шығарады. «Зингернің» мағазиндары барлық шаһарларда бар.
Бухарест
Түрік хабары бойынша Бұлғарилар шеталжедан ауған көрнеді.
Ішкі хабарлар
Орал қазағы падшаһ ағзам хазіретне былай деб телеграм берді:
Орал облысының қазақдары Роман тұқымының үзілмей үш жүз жыл падшаһ болыб келгеніне хайырлы болсын айтыб, падшаһ ағзам хазіретіне телеграм соқды. Және бұндай жақсылықдың құрметіне падшаһ ағзам хазрәтнан жарылқасын үмид етіб үш түрлі мақсұт сұрады: Біреуі – қарашекпенді тоқтата тұрыб, әуелі жерге қазақдың өзін орналастыруға, екінші – падшаһлық думасына қазақ халқынан депутат жіберуге, үшінші – ортамыздан мүфти сайлауға жарылғасын етіңіз дейді.
Хиуа ханы
Хиуа ханы падшаһлық тойының ішінде болмақ үшін Петерборгқа шыққан.
Жаңа казита
Орынбордан нағыз қазақ тілінде «Қазақ» атты казит шықты. Бас жазушысы «Қырық мысалды» жазған атақды ақынымыз Ахмет Байтұрсынов, ақша шығарыб бастырушы Мұстафа Оразаев деген азамат. Газетдің мақсұды қысқа айтқанда қазақға көз, құлақ болу. Газитдің жылдық бағасы 3 сом, жарты жылдығы 1 сом 70 тиын, үш айлығы 1 сом. Әуелгі нөмірі келді, жақсы шығыбты. Барлық міндет мұнда Мұстафа Оразаевта болады. Бұндай ер міндетті халықды қайғыртыб үстіне алғандығы үшін Мұстафаға көб рахмет.
Адрес: Орынбор, «Қазақ» газетінің редакциасы
(«Қазақстан» газеті, Нөмірі 2, 16 хұт, 1331 жыл, №2 16 ақпан 1913 жыл)
К.Тасенова мен Ә.Орынбасаровтың «Теректінің төріндегі той» деген репортажына аудан күні арқау болған.
Теректі жұрты таяуда аудан күнін атап өтті. Мерекеге келген қонақтарды аудан әкімі Мұрат Рахметов қабылдап, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Содан кейін меймандар Достық үйіне келіп, этномәдени орталықтардың өнерлерін тамашалады. Бүгінгі таңда мұнда алты этномәдени орталық орналасқан. Олар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай көптеген игі шаралардың ұйытқысы болып келеді. Келушілер алдында әр этномәдени орталық-тың өкілі өздерінің жылдар бойы атқарған жұмыстары туралы баяндады. Сосын мерекеге келушілердің назары дала қызықтарына ауды. Күннің суықтығына қарамастан дала қызықтарына халық көп жиналды. Ауыл шаруашы-лығы көрмесіне әкелінген асыл тұқымды төрт түлік көпшіліктің назарын тартты. Аталмыш көрме мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәр-меңкесіне ауданымыздағы барлық қожалықтар атсалысты. Олардың арасынан «Чапаев асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС, «Ақас» агрофирмасы» ЖШС, «МТФ-ОП» ЖШС, «Айсұлу», «Махорин», «Жақсымбетов», «Идиятова», «Шарақап» шаруа қожалықтары, «Адилова», «Монич» жеке кәсіпкерлерін атап өтуге болады. Жәрмеңкедегі бағалардың төмендігі халықтың көңілінен шықты. Олар картоптың, пияздың, қырыққабат пен сәбіздің келісін 70 теңгеден, ет өнімдерінің әр келісін 1000 теңгеден саудалады.
Тойға жиналған ағайынның назарын сайын дала төсіндегі үлкен сахна өзіне бұрды. Сахна шымылдығы аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған «Дат» театры дайындаған қойылымымен ашылды. Тойдың басталғанынан хабар берген жаршы, ақындар мен батырлар кейпіндегі өнерпаздар, мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер дүйім жұртты өзіне қаратты.
Шарада сөз алған аудан басшысы Мұрат Мұқаев, барша аудан тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
- Теректі ауданы - талай тұлғаның кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Бүгін осы ауданымыздың мерекесін Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен орайластырып тойлағалы отырмыз. 1933 жылы құрылған ауданымызда 15 ауыл-дық округ, 52 елді мекен, 40 мыңға жуық халық бар. Әр жылы өз жетістіктеріміз арқылы еліміздің гүлденуіне үлес қосып келеміз. Мысалы, биылғы жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 7 млрд. 15 миллион теңгені құрады. Егіннің көлемі 111 мың 343 га жетті. Аудан бойынша 3647 асыл тұқымды мал бар. Оның 3057-сі етті, 590-ы сүтті бағытта. Басқа салаларда да жетістіктеріміз жетерлік. Бүгінгі таңда аудан орталығындағы Бейбітшілік көшесінің жолы жөндеуден өтуде. Сонымен бірге Жайық-Покатилов ауылдары арасындағы жолды ретке келтіру де ойда бар. Бұл жұмыстардың барлығын халық қолдап, құп көріп отыр. Осы жетістіктердің бар-лығы Тәуелсіздіктің арқасы, Елбасымыздың көреген саясатының жемісі деп білеміз, - деді Мұрат Рахметұлы өз сөзінде. Халыққа ақ тілектерін білдіргендердің қатарында әр түрлі жылдары ауданның басшылық қызметтерін абыроймен атқарған А. Попов пен В. Савченко да болды.
Құттықтаулар легінен соң шараны жүргізуші ат бәйгесінің басталатынын хабарлады. Бәйге десе, делебесі қозар қазақ аттың сырын жақсы білетіні бағзыдан белгілі. Тұлпардың құлағында ойнаған шабандоздар сөреге қарай ағылды. Тұяқтары жер тарпып, бір орында тұра алмай тыпыршыған арғымақтар халықтың қиқуынан күш алатындай. Сонымен, 12 шақырымға ұласатын құнан бәйге басталып кетті. Өз жүйріктеріне қолдау білдіргендердің дауысынан құлақ тұнады. Бәйге нәтижесінде Қоғалытүбек ауылынан келген Махамбет Жұбандықовтың «Боран» есімді сәйгүлігі үздік үштікке ілініп, 50 мың теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды. Ал екінші орын мен 100 мың теңгенің сертификаты Федоров ауылының «Аймаңдайына» бұйырса, құнан бәйгенің бірінші орнын ақжайықтық Асқар Аманбаевтың «Қазынасы» еншіледі. Жеңімпазға 200 мың теңге табысталды. Жүйріктің жүйрігі анықталар 24 шақырымдық аламан бәйгеге 10 шабандоз қатысты. Аламанда үшінші орын мен 75 мың теңге сыйақыны ақсоғымдық Алтай Ақшолақовтың «Мырзаторысы» жеңіп алды. Ал Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылынан келген Ғұбайдолла Биғазиевтің «Кермаралы» екінші орыннан көрініп, 150 мың теңгеге ие болса, ал оның «Құлагерінің» шашасына шаң жұқпай, жүйрік атанып, 300 мың теңгені қанжығасына байлады.
Аудан күніндегі спорттық жарыстардың көрігін «Түйе балуан» сайысы қыздыра түсті. Белдесу қорытындысында республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде облыс намысын қорғаған жерлесіміз Олжас Сүлейменовке тең келер ешкім болмады. Жеңімпаз аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжановтың қолынан 100 мың теңгенің сертификатын алды. Қой көтеру сынында аудандық БЖСМ-ның оқушысы, 16 жасар Төлеген Тілепқалиев жеңімпаз деп танылды.
Мерекеге орай аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласында еңбек көрігін қыздырып жүрген озаттарды марапаттады. «Үздік малшы» аталымында Есентемір Мендияров («Ақас» агрофирмасы» ЖШС) және Өркен Тілепбергенов («Чапаев асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС), «Үздік механизатор» аталымында Тынышқали Бекжанов («Бақыт» шаруа қожалығы) және Бауыржан Жанәлиев («Прогресс» шаруа қожалығы), «Үз-дік комбайншы» аталымында Асқар Абдулов («Мәдиев» шаруа қожалығы), Михаил Кортунов («Ақас» агрофир-масы» ЖШС) және Арман Аянғалиевтың («Прогресс» шаруа қожалығы) еңбектері ескеріліп, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Теректінің төріндегі жасампаз еңбек мерекесі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Теректі ауданынан Ж.Есенәлин «Ауылдағы асар» жөнінде хабарлаған.
Теректі ауданына қарасты Әйтиев ауылы Орал қаласына жақын Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Табиғаты өте көркем ауылдың жанынан Орал – Ақсай тас жолы өтеді.
Бұрылыстағы 1,5 шақырымдай автожолдың қатты жабындысының беті тозып, ойдым-ойдым болып жатқанына көп жылдың жүзі болды. Әсіресе, көктемгі және күзгі уақытта сапасыз жолмен жүру тұрғындарға өте қиын тиеді. Сол кезеңде қаламен күніне үш мезгіл қатынайтын №77 автобус та ауылға кірмейді. Тұрғындар мал бағып, ет-сүт өнімдерін қалаға апарып, сауда жасайтынын ескерсек, әсіресе, жасы келген егде адамдар үшін жаяу жүріп қоржын-қаптарын арқалап кету оңай іс емес.
Биыл қазан айында ауылдың белсенді азаматтары бастама көтеріп, Ақсуат ауылдық округінің әкімі Л. Есқалиевадан жолды жөндеуге қолдау көрсетуін сұраған еді. Көп кешікпей ауыл басшысы жолдың шұңқырларына төсейтін әктас пен ескі асфальт қалдықтарын тауып беретінін айтты. Алайда жолды толық жөндейтін техниканың жоқтығы қолбайлау болды. Жеке кәсіпкерлер көмектесуге құлық таныта қоймады. Бірақ ауыл тұрғындарына бұл қиындық кедергі болмады. Ауыл ақсақалдары бас болып, кәрі-жасы түгел жұмылып, бірі әкті арбамен тасып, бірі кетпен-күрегін әкеліп, өз күштерімен жол жөндеуге кірісіп те кетті. Білетіндер әктастың саз секілді езілмей, су тиген сайын сіресіп қата беретінін айтады. Ауыл әкімі тұрғындар сұранысына орай тағы да жол құрылысына қажет материалды тауып беруге уәде етті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп халқымыз бекер айтпаған. Құзырлы мекемелерге телміріп, көмек күтіп отырмай, тау-тау болып үйіліп жатқан әктастарды бірнеше күннің ішінде жол бойына төсеп үлгерген ауыл тұрғындарының бірлігі мен қариялардың көрегендігі қоғамға үлгі ретінде атап өтуге тұрарлық.
«Өркендегі» мал ұрлығы ашылған жоқ…» деген ақпаратта (Н.Набиоллаұлы) орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында «Жергілікті полиция қызметінің қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстық ахуалды қалыпта ұстау бағытында атқарған жұмыстарының барысы» тақырыбында баспасөз-конференциясы өткені айтылады.
Жиында БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллин тақырыпқа сай баяндама жасап, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.
Манарбек Серікқалиұлының айтуынша, жергілікті полиция қызметінің негізгі міндеттері көшеде және басқа да қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу болып табылады. Жергілікті полиция қызметкерлерін өзге функцияларды орындаудан босатудың нәтижесінде кейбір жұмыс көрсеткіштері елеулі түрде жақсарған. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың басынан учаскелік полиция инспекторлары және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспектор-ларының жеке іздестіруімен ашылған қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға (1631-ден 1852-ге дейін), патрульдік жасақтардың қатысуымен ашылған қылмыстардың саны 23,1 пайызға (1466-дан 1805-ке дейін) артқан.
Қылмыстың жалпы саны өскеніне қарамастан, оң нәтиже ретінде ауыр және аса ауыр қылмыс түрлерінің саны 22,9 пайызға төмендегенін атап айтқан жөн.
Оның ашылуы 88,1 пайызды құрап, республика бойынша СҚО-дан кейін екінші болып тұр. Қылмыстардың тіркелуі бойынша бұзақылық 28,1 пайызға, тонау саны 11,1 пайызға төмендеген.
Облыс орталығындағы учаскелік полиция пункттерінің аумағына «Қауіпсіз аула» жүйесі бойынша 103 бейнебақылау камералары орнатылса, ағымдағы жылы облыс орталығына қосымша 172 бейнебақылау камерасын орнату туралы тапсырыс өз қолдауын тапқан. Жергілікті полиция қызметінің басшылығы тарапынан ауылдық округтерге бару арқылы жеке азаматтарды қабылдау іске асырылады. Жыл басынан бері облыстың жергілікті полиция қызметі бастығының қабылдауында түрлі мәселелер бойынша 72 азамат болған. Ауылдық жерлерге бару арқылы азаматтарды қабылдау болашақта да жалғасын таба бермек.
«Банкнотқа байқау» - мұнда ҚР Ұлттық Банкі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының ұлттық ақшасы – теңге банкноттары мен мәнеттерінің үздік дизайн үлгілеріне байқау жариялағаны айтылған.
Байқау ережесі бойынша 6-14 жас аралығындағы балаларға сурет, ал жоғары оқу орындарының студенттеріне эссе байқауына қатысып, бақтарын сынауға болады. Конкурс 2016 жылдың 7 қазан - 15 қараша аралығында өтеді. Конкурстың қорытындылары ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін шығарылады.
Конкурстың мақсаты – ҚР Ұлттық Банк қызметін, оның ішінде Банкнот фабрикасының және Қазақстан теңге сарайының қызметін танымал ету, балалардың білім деңгейін арттыру. Эссе конкурсы студент жастардың Ұлттық Банктің және тұтастай алғанда, қаржы нарығының қызметіне, тәуелсіз Қазақстанның тарихына қызығушылығын арттыру мақсатында өткізіледі. Эссені мынандай тақырыптарға жазуға болады: «Ұлттық валютаның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуындағы рөлі», «Ұлттық валютадағы тұлғалар тарихы», «Қазақстандағы индустрияландыру және экономикалық өсу», «Қазақстанның әлемдік қаржы жүйесіне ықпалдасуы», «Қаржы секторының тәуелсіздік жылдарындағы дамуы және жетістіктері».
Қосымша ақпаратты мына телефондар арқылы алуға болады: +7(727) 2704585, +7(727) 2704697, e-mail: press@nationalbank.kz, www. nationalbank.kz.
Газет тілшісі Сәкен Мұратұлы жазған «Ойыннан шыққан от» деген мақаланы тек 29 қазан күнгі нөмірдегі ғана емес, осы айдағы үздік мақала деуге болады.
Бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, Қазталов ауданындағы Ғ. Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясының екі мұғалімі мен бір оқушысы арасында жанжал шығып, соның нәтижесінде оқушы шаптан ауыр жарақат алған. Соның салдарынан Қазталов аудандық орталық ауруханасына түскен жасөспірім кейін облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізіліп, ота жасалады.
Таяуда зардап шегуші оқушы ауруханадан шығып, ауылына кеткенін естіген соң осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Қараоба ауылына арнайы бардық.
Алаңдағы оқыс оқиға
Аудан орталығынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан Қараоба ауылының 1300-дей тұрғыны бар екен.
Қараобаға келген бойда зардап шегуші, Ғ. Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Еділ Мақсотовтың үйіне ат басын бұрдық.
Есік алдынан бізді Еділдің анасы Ақжан Талпақова (суретте) қарсы алды. Ол Еділдің сабақта, жолдасы Олжастың шаруаларымен қырға кеткенін айтты. Әңгіме барысында өзі де, отағасы да жұмыссыз екендерін білдік. Қалқанша безінің ауруына байланысты Олжасқа бес ай бұрын ота жасалыпты. Қазір ІІ топ мүгедегі. Еділ - төрт баланың үлкені. 2001 жылы дүниеге келген тұңғыштары озат оқушы екен. Спорт десе, ішкен асын жерге қояды.
- Оқиға үш-төрт апта бұрын, яғни 4 қазан күні кешкі сағат 9-дар шамасында болды. Күн сайын кешкілік уақытта Еділ үйіміздің жанында жазда салынған спорт алаңына барып, оқушылар, ауыл жастарымен бірге футбол ойнайтын. Сағат 9-да өзім не анамыз барып, болмаса балалардың бірін жіберіп, Еділді үйге шақыратынбыз. Сол күні кешкілік Еділ жақын жерде тұратын қайын ағама жәрдемдесіп жүрген. Біз сол үйде шығар, қазір келер деп отырған едік. Ал қайын ағамыз кеш түсіп келе жатқасын оны үйге жіберген. Үйге жақындай бергенде, доп ойнап жатқан жігіттердің даусын естіп, ол спорт алаңына бет алыпты. Біз оны білмейміз. Алаңсыз кешкі асымызды ішіп отырғанда «Ақжан апа» деген дауыс шықты. Шықсам, мектебіміздің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Айдос Ғабдулкәрімов пен тарих пәнінің мұғалімі Рауан Хадешев баламды екі жағынан демеп ұстап тұр. «Жаңа доп ойнап жүргенде аяғым байқаусыздан Еділге тиіп кетті. Содан бір жері ауырып кеткен сияқты» - деді Айдос. Мен оның сөзіне сеніп, сол бойда қолтықтап үйге кіргіздік. Осы жерде айта кетейін, Рауанның ішімдік ішкені байқалып тұрды. Сол бойда ауылдағы дәрігерлерге хабарласқанымызда, бірінің телефоны сөндірулі тұрса, екіншісі үйінде жоқ болып шықты. Дәрігер таба алмағасын, бұрын ауылымызда дәрігер болған апайды алдырдық. Ол кісі дәрі егіп болғасын, аудан орталығындағы ауруханаға апаруға кеңес берді. «Жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісіне хабарлассақ, ол жақын жердегі елді мекенге кетіп, сол жақта көлігі сынып қалғанын айтты. Сөйтіп, көлік таба алмай тағы қиналдық. Артынан ауыл әкімдігінің көлігін алып, оған бензин құйып, сонымен кеттік. Аудандық орталық ауруханаға барғанда сағат тілі түнгі бір жарымды (01.30) көрсетіп тұрды. Кезекші дәрігер қабылдап, баламды қарап шығып «Қорқатын ештеңе жоқ» деп, Еділді алып қалатынын айтты. Ертесіне ауруханаға тағы келіп, баламның денсаулық жағдайының жаман емес екенін біліп, ауылға қайттым. Екі күннен кейін енем ауруханаға барып, еңсесі түсіп келді. «Еділдің халі нашар, жүрмек түгілі, орнынан тұра алмайды» дегесін, біз Оралға апару керек деп ұйғардық. Аудандық ауруханаға барсақ, ондағы дәрігерлер, нақтылап айтсам, хирург Тілек Әдиетов қорқатын ештеңе жоқтығын, емдеу курсы жүріп жатқанын айтып, бізді шығарып салды. Сөйтіп, баламызды Оралға алып кете алмай, біраз әбігерге түстік. Қайдан білейін, егер ертерек облыстық балалар ауруханасына апарсақ, ота болмас па еді... Алты-жеті күннен соң, 11 қазанда түс қайта тиісті құжаттарды беріп, баламызды ауруханадан шығарды. Сол күні кешке такси жалдап, жолдасым Еділді Оралға алып кетті. Таңға таман Оралға туысқандардың үйіне барған соң әкесі «Шыныңды айт, не жағдай болды?» деп қатаң түрде сұрағасын, балам болған жағдайды баяндаған. Екі мұғалімнің бірі боқтап, екіншісі шаптан тепкенін жеткізген. Осының бәрін жолдасым маған ұялы телефонмен айтты. Оқыс хабарды естіген бойда мектеп директорына бардым. Директор алаңда болған жағдайдан құлағдар екен. Аталмыш оқиғаға себепші болған мұғалімдер айтыпты. Мен жолдасымнан естігенімді жеткізген соң мектеп басшысы Айдос Ғабдулкәрімов пен Рауан Хадешевті шақырып алды. Шындықтың беті ашылған соң олар ештеңе дей алған жоқ.
Баламды тепкен Айдос - тұрақты түрде ауылымыздағы мешітке барып, намаз оқып жүрген жігіт. Имандылыққа бет бұрған жаннан мұндай әрекет шығады, ол өтірік айтады деген ой болған жоқ. Сол себепті Еділ Қазталовтағы орталық ауруханаға түскеннен соң аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің шақыруымен барып, болған оқиғаға орай ешқандай талабым жоқ деп арыз жаздым. Оқиғаның басқаша өрбігенін естігеннен кейін 12 қазанда аудандық ішкі істер бөліміне қайта барып, бұрынғы арызымды алдым да, баламның айтуы бойынша болған оқиғаны баяндап жазып, кінәлі адамдарға тиісті жазасын беруді талап етіп, жаңаша мазмұндағы шағым түсірдім.
Өздеріңіз білесіздер, Оралда балама ота жасалды. Бір аталық енін алып тастады. Қазір аудандық орталық ауруханадағы хирургке барып қаралып жүр. 25 қазаннан бастап сабаққа қатысуда. Ауырсынып не өзін жайсыз сезініп жүргенін әзірше байқаған жоқпыз. Біз енді оның болашағына алаңдаймыз. Сап-сау баланы осындай күйге түсіргені үшін екі мұғалімге, әсіресе, Айдос Ғабдулкәрімовке ашу-ызамыз қазандай. Олар баламыздың жағдайы ауыр болып, Оралға кеткенін естігеннен кейін барып келді ғой кешірім сұрап. Ата-анасы келді, өзге де ағайын-дар, ауылдастар келіп, кешірім беру туралы өтініштерін айтып жатыр. Біз әлі ойланып жүрміз. Бұрын бұл екі мұғалімді жақсы жақтарынан білетін едік. Бірі Еділге ауыл, ел тарихына байланысты тәлім берсе, екіншісі түрлі әскери-патриоттық бағыттағы байқауларға қатыстыратын. Неге мұндай әрекетке барды? - дейді Ақжан Талпақова.
Оқиға қалай өрбіді?
Мұны Еділдің аузынан естиік деп мектепке келдік. Еділ көзінде оты бар, сүйкімді бозбала екен. Арманы да биік. Мұғалім болғысы келеді. Мектеп директоры Руслан Жұмағұловты өзіне үлгі тұтады. Еділдің айтуынша, ол 4 қазанда кешкі сағат сегіздердің шамасында спорт алаңына футбол ойнауға барған. Ойын енді басталайын деп жатыр екен. «Арнайы спорт киімді киіп шығып, допты ортаға қойып, ойынды бастайын деп жатқанымызда Рауан ағай келді, - дейді ол. - Оның мас күйде жүргені көрініп тұрды. Ол маған жақындап «Екеуміз ауысайық, екінші таймда сен шығасың» дегесін мен келістім де, алаң сыртына шықтым. Екінші тайм басталар тұста ағайға келіп ауысайық дегенімде, ол кісі мені боқтады. Ренжіп кетіп бара жатып, мен де боқтап жібердім. Спорт алаңының есігінен шығайын деп жатқан тұста ту сыртымнан біреудің маған қарай келе жатқанын байқадым. Бетімнен бір соққаннан кейін жалт бұрылғанымда, оның Айдос ағай екенін көрдім. Артынан ол шабымнан бір тепті. Сол сәтте есімнен айырылып қалдым. Есімді жисам, Рауан мен Айдос ағай екеуі демеп, спорт алаңының сыртына шығарып, «Өкшемен секір, отыр, тұр» деп біраз жаттығулар жасатты. Онымен шабымның ауыр-сынуы кеткен жоқ. Қайта жаттым жерге. Көп кешікпей олар дәрігерге апарайық деп Рауан ағайдың көлігіне отырғызып алып, ауылдағы дәрігерлердің үйлеріне бардық. Бірақ олар ауылда жоқ болып шықты. Сосын үйге әкелді. Көлікте келе жатқанда Айдос ағай «Қалай келісеміз? Мен сендерге әлі бір жыл сабақ берем, ешкімге айтпайсың ба?» дегесін, шабымның ауруы кететін шығар деп ойлап, келісімімді бердім. Солай айтпай жүрдім біразға дейін. Оралға келген соң әкем шындығыңды айт дегесін, болған оқиғаны жеткіздім».
«Бізден ағаттық кетті»
Осы оқиғаға себепші болған қос мұғаліммен Қазталов ауылында кездестік. 1987 жылы дүниеге келген Рауан Хадешев мектеп-гимназияда 2008 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Үйленген, үш баланың әкесі. Оқиға болатын күні кешкі сағат 9.15-те спорт алаңына барған. Футбол ойнап жатқан оқушылардың бірі орын бергесін алаңға шығыпты. Ойынның екінші таймы басталар тұста Еділ келіп «Ағай, ауысайық» деген. Ол «қазір 15-20 минут ойнаған соң үйге кетем, сәл шыдасаңшы» деп жауап берген. Сол кезде Еділ мұны боқтап жіберген. Бірақ балағат сөзді Рауан естіген жоқпын дейді. Оны Айдос естіп, намыстанып кетіп «Еділ, сен неге мұғалімдерді боқтайсың» - деп құйрығына тепкен, сол сәтте бала бұрылып қалған, аяқ соққысы жанды жеріне тиген-мыс.
- Өтірік айтпай-ақ қояйын, сол күні үйге қонақ келіп қалып, бір-екі шөлмек сыра іштім. Бірақ мен мас болған жоқпын. Сыра ішіп алып, қоғамдық орынға барған қателігімді мойындаймын. Еділге менің қолым да, аяғым да тиген жоқ. Алаңда Еділ екеуміздің арамызда ешқандай түсінбеушілік орын алған емес. Айдостың Еділді неге тепкенін түсінбедім. Егер оның орнында болсам, мен де солай істер ме едім, қайдам?.. Еділді көлікке отырғызып, дәрігерге алып бара жатқанымызда, оқушымыз бізден боқтағаны үшін кешірім сұрады. «Айдос ағай, әке-шешеме допқа талас кезінде сіздің аяғыңыз тиді деп айтайыншы» - деді. Бала ауруханада жатқанда басында Айдос, артынан мен ауруханадағы хирургпен, таныс дәрігерлермен хабарласып, Еділдің жағдайын тұрақты түрде сұрап тұрдық. Жалпы, бұл оқиғадан соң өзгені айтпағанда, ата-анамның, балаларымның бетіне қарауға ұяламын. Тергеу аяқталып, бұл оқиғаның анық-қанығы шешілгенше жұмыстан шыға тұрайын деп шешім қабылдаған жайым бар, - дейді Рауан Хадешев.
Енді Айдос Ғабдулкәрімовтің сөзіне құлақ түрейік. Сол күні ол ойынға төреші болып тұрған. «Ойынның екінші таймы басталар сәтте зардап шегуші оқушы келіп Рауанға ауысайық дейді. Ол келіспейді. Еділ соған ренжіп боқтап бара жатты, - дейді Айдос. - Мен оны спорт алаңының есігі алдынан тоқтатып алып, мұғалімді неге боқтап бара жатқанын сұрадым. Сөздің шыны керек, оқушының мұғалімге деген дөрекілігіне, ауыл жастарының бізді әжуалап күлгеніне шыдай алмай қалдым. Негізінен оны желкесінен ұстап, есіктен шығарып тастағым келген. Бірақ аяқпен қалай те-уіп қалғанымды өзім байқамай қалдым, ол тепкім кіндіктен төмен жерге тиді. Еділді көлікке отырғызып, дәрігер іздеп жүргенімізде, оған «Үйдегілерге болған жағдайды айт, мына стадионда отыз шақты адам жүр, біреуі болмаса, біреуі түбі айтады ғой» деп ескерттім. Ол да, біз де бұл жарақат ауыр болады деп ойлаған жоқпыз, Еділ айтпай-ақ қояйын дегесін біз келістік. Жалпы, өз кінәмді мойындаймын, ашуымды тежей алмай қалдым. Бізден бір ағаттық кетті...»
«Аталық ен ауылдан жарылып келген»
Қазталовқа келгесін аудандық орталық ауруханаға соғып, Еділге ем-дом шараларын жасаған жас хирург Тілек Әдиетовпен (суретте) де тілдестік. Дәрігердің айтуынша, ауылдан алып келген кезде жасөспірімнің жағдайы ауыр болған. Тексергенде оның оң шап аймағынан жарақат алғаны анықталды. Сол себепті ұманың оң жақ бөлігі ісініп кеткен. Ісінуге байланысты оң жақ аталық безі пальпацияланбаған, яғни ұстауға келмеді. Содан кейін науқасты ауруханаға жатқызып, анализдерін алып, консервативті емдеу шарасын бастаған. Екінші күні де жағдай осы күйде болғасын, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының урологымен телефон арқылы хабарласып, науқастың жағдайын баяндаған. «Осы маманның кеңесі бойынша консервативті емді әрі қарай жалғастырдым, - дейді хирург. - Емдеу барысында ұманың ісінуі біртіндеп кете бастады, бірақ ауырсыну сақталды. Алтыншы тәулікке қараған күні урологпен тағы да кеңесіп, әрі қарайғы емдеу тактикасын облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жалғастыру керек деп шешім қабылдадық. Сөйтіп, науқас Оралға жолданды. Бүгінгі таңда Еділдің жағдайы жақсы. Амбулаториялық бақылауда».
Хирург егер науқас бірден Оралға жөнелтілсе де, ота жасалатынын мәлімдеді. Себебі артынан белгілі болғандай, аталық без ауылдан жарылып келген. Ұманың ісініп тұруына байланысты басында нақты анықтай алмаған. Ауруханаға келген науқастың дертін анықтап алмай, облыстағы емдеу орындарына жолдама бере алмайтындарын да жеткізді хирург. «Мен қолымнан келгенін істедім» - деді ол.
Енді не болмақ?
Қазіргі уақытта ҚР ҚК 106-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл бағытта біз аудандық ішкі істер бөлімінен де, прокуратурадан да мәліметтер ала алмадық.
- Болған оқиғаға орай облыстық білім басқармасында комиссия құрылды. Оның құрамына басқармадағы екі бөлімнің және аудандық білім бөлімінің басшылары енді. Олар Ғ. Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясына барып, орын алған жағдайға байланысты жиналыс өткізіп, мектеп басшысынан, педагогтардан түсініктемелер алды. Осындай тәртіпсіздікке жол бергені үшін мектеп директорына Еңбек кодексінің 64-бабы 2-тармағына сәйкес сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілді.
Мектепте оқушыларға отансүйгіштік, патриоттық бағыттағы тәрбие беретін жауапты қызметкердің бірі – алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. Ал бозбаланың денсаулығына ауыр нұқсан келтірген оқиғаға сол пәннің мұғалімі себепші болып отыр. Соған орай аталмыш білім ұясына инспекторлық тексеру жүргізу жоспарлануда. Онда ата-ана мен мұғалімдер арасындағы байланыс, ата-аналар комитетінің жұмысы, орын алған оқиғаға байланысты оқушылардың көзқарасы және басқа да жайлар қарастырылмақшы. Сондай-ақ таяуда аудандық білім беру бөлімінің кеңесі өтеді. Оның күн тәртібіндегі басты мәселе де осыған арналмақ. Жалпы, бұл оқиға аудан мектептері үшін үлкен сабақ болды деп ойлаймын.
Педагог ретінде мұғалімнің балаға қол көтеруі, нақтылап айтқанда, тебуі дұрыс емес. Бұл жерде баланың құқығы шектелді. Екіншіден, оқиға сабақ кезінде емес, кешкі мезгілде, мектептен тыс жерде орын алған. Яғни ата-ананың баланы қадағаламағаны көрініс беріп тұр. Осыдан-ақ екі жақтың да кінәсі аңғарылады. Бір шүкір дейтініміз, бала отбасына, мектепке, қоғамға қайта оралды. Ертең сот процесі кезінде мұның бәрі ескерілетіні анық. Біз кінәлі деп танылған мұғалім шартты түрде бас бостандығынан айырылады деп болжам жасап отырмыз, - дейді Қазталов аудандық білім бөлімінің балалар құқығын қорғау жөніндегі бас маманы Әділ Мырзағалиев (суретте).
Қайырбай АЛТАЕВ,
Қазталов аудандық орталық ауруханасының директоры:
- Бір аталық енін алғаннан Еділ Мақсотов ешқандай кем болып қалмайды.
Ертең есейгеннен соң отбасылы болып, ер адам ретінде толыққанды өмір сүре алады. Балалары болады. Адам ағзасында екі жұмыртқа, екі бөтеке, екі өкпе сынды жұпты органдар бар. Бірі болмаса, екіншісі оның орнын алмастырады. Бір бөтекемен де, бір өкпемен де адам өмір сүреді емес пе? Сол секілді бір аталық енмен де ешкімнен кем қалмай, өмір сүріп жүрген жандар бар. Солардың бірі - ағамның 1988 жылы туған баласы. Ол крипторхизм деген ауруға шалдыққан. Яғни дүниеге келгенде бір жұмыртқасы іште қалып қойған. Яғни туабітті патология. Бір аталық безбен жүріп сол ініміз үйленді. Қазір бір қыз, бір ұлы бар.
Р.S.
Мақала барысында аңғарылғандай, бұл оқиғаға тікелей қатысы бар жандардың сөздерінде қайшылық бар. Оның ақ-қарасын құқық қорғау органдары анықтар. Біз тергеу жүргізетін құрылым емеспіз. Сол себепті әр тараптың айтқандарын жарияладық. Спорт алаңында орын алған оқиғаға куә болған кейбір азаматтардың да пікірлерін бергіміз келген. Бірақ олар өз ойларын білдіруді жөн көрген жоқ. Ал енді педагогика және медицина саласындағы бірді-екілі маманның «Бір аталық енін алып тастағаннан Еділ ешкімнен кем болып қалмай-ды» - деп жауырды жаба тоқи сөйлеуі бізді қатты тіксіндірді. Біздің ойымызша, Еділдің денсаулығын, әсіресе, ер адам ретінде жетілуін әлі ұзақ уақыт тәжірибелі мамандардың жүйелі қадағалағаны жөн.
Осы автордың «ҮЕҰ-ның белсенділігін арттыруға жете мән берілмек» деген ақпаратында қаладағы «Раrk Hotel» кешенінде біздің облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың форумы өткені айтылған. Оның жұмысына облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
Форум секциялық жұмыстармен басталды.
Онда ҮЕҰ-ның қоғамдық кеңестердегі рөлі мен мақсаттары, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, электронды сатып алуға ҮЕҰ-ның қатысуы туралы мәселелер қамтылды.
Форумның пленарлық мәжілісін облыс әкімі Алтай Көлгінов ашты.
- Үкіметтік емес ұйымдардың облыстық форумы өңіріміздегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың бірі десем, артық айтқандық емес. Ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде өңірімізде азаматтық қоғамның қарқынды дамуы байқалып отыр. Қазіргі таңда үкіметтік емес сектор мемлекетпен бірге халықтың әлеуметтік жағдайының артуына және азаматтық қоғамның дамуына өз үлесін қосуда. Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық көп жағдайда азаматтық қоғамның белсенділігіне байланысты. Өңіріміздегі азаматтық сектор қоғамдағы көптеген мәселені жылдам әрі кәсіби түрде шешетін қоғамдық бірлестіктердің тұрақты жүйесі ретінде қалыптасқан. Елбасы үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктерін терең түсініп, жоғары бағалайды және оларға ерекше көңіл аударып, үнемі қолдау көрсетеді. Жақында құрылған Дін және азаматтық қоғам министрлігі – осыған дәлел.
Бүгінде елімізде 18 мыңнан аса ҮЕҰ тіркелген. Онда 30 мыңнан аса адам қызмет атқарып жүр. Біздің облысымызда 660 ҮЕҰ тіркелсе, оның алтыдан бірі ғана белсенді болып табылады. Осыдан-ақ үкіметтік емес ұйымдардың көпшілігі қағаз жүзінде жұмыс істейтінін көруге болады. Сол себепті бұл бағытта бізге біраз жұмыс істеуге тура келеді. Біз ағымдағы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде ҮЕҰларға 14 бағыттағы 165 әлеуметтік маңызды жобалар бойынша 475 млн. теңгеден астам қаржы бөлдік. Бірақ талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, олардың бұл қаржыны игеру мен осы бағыттағы есептері тиісті талаптарға сай емес. Мұндайға енді жол бермеуіміз керек. Сол себепті мемлекет қаржысын тиімді жұмсаудың жаңа жолдарын қарастырғанымыз жөн.
Елімізде ҮЕҰ-мен бірігіп жобаларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар саны төрт есеге жуық артты. Ал облысымызда бұл көрсеткіш төмен болып тұр. Мәселен, ҮЕҰ-мен бірге жұмыс істейтін 200 бюджеттік бағдарламалар әкімшілері болса, солардың ішінен біздің облыстан тек бес басқарма (2,5 пайыз) бар. Бұл жұмысты жандандыру туралы тапсырма VІ Азаматтық форумда берілген болатын. Соған орай жаңа жылдан бастап осы басқармалардың қатарына облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағат ісі, дене шынықтыру және спорт, дін істері, білім, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму сынды тағы да бес басқарма қосылуы керек.
Жалпы үкіметік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру облыс әкімі жанындағы ҮЕҰ-лардың тәртіптік кеңесі арқылы жүргізілген дұрыс. Сондай-ақ қоғамдық келісім кеңестері мүшелерінің қатарына екі-үш ҮЕҰ өкілдерін қосу қажет, - деді өз сөзінде Алтай Көлгінов.
Форумға арнайы келген «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Нұрлан Өтешов жаңа құрылымның рөлі мен міндеттеріне, ҮЕҰ-ларды гранттық қаржыландыру жүйесіне тоқталды. «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев ұйым әлеуметтік жобаларға жете мән бере бастағанын айтып, бұл бағыттағы ұсыныс-пікірлер ескерілетінін жеткізді.
Жиын барысында сөз алған «БҚО Азаматтық альянсы» қауымдастығының президенті Әлия Сәлиеваның айтуынша, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы ішінде Ақ Жайық өңірінде де коммерция-лық емес сектор, соның ішінде азаматтық альянс жақсы дамып, көпшілікке кеңінен танылды. Соңғы жылдары БҚО Азаматтық альянсы ірі республикалық мемлекеттік жобаларды орындаумен қатар, әлемдік деңгейдегі іс-шараларға да атсалысуда. Олар сондай-ақ ҚР Дін және азаматтық қоғам министрлігімен және БҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментімен серіктес болып табылады. Облысымыздағы ҮЕҰ-лар негізінен экологияны, балалар мен әйелдерді, бизнесті қорғауды, кедейшілікпен күресті, аурулардың алдын алуды, білім мен ғылымды, салауатты өмір салтын дамыту бағытында қызмет етуде.
Жиын соңында белсенді жұмыстарымен танылған ҮЕҰ өкілдері облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.
Атырау облысы Жылыой ауданынан зейнеткер И.Мырзабекұлы «Бопай ханымды ұмытпайық» деп хат жазған.
«Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Хан моласы деген жерде өткен шараға қатысқан едік. Сонда ел азаматтары жиылып, Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай ханымның кемеңгерлік істерін жалпақ жұртқа насихаттау жөнінде ақылдастық.
Әбілқайыр хан - белгілі тарихи тұлға. Кіші жүзді 38 жыл басқарған. Ал оның жұбайы Бопай ханым – қазақ хандарының жұбайлары тарихында ханым дәрежесіне көтерілген екі адамның бірі. Тарихи деректерге үңілсек, одан басқа Шыңғыс ханның жұбайы Бөрте ғана ханым мәртебесін иеленген екен. Бопай ханым қазақ халқының жоғын жоқтаған, мұңын мұңдаған, ақылгөй, дана адам болған. Оны Ақтөбе, Орынбор қаласының салынуына ықпал еткен деседі. Ол жайында Құрал Тоқмырзиннің 1998 жылы Ақтөбе қаласынан шыққан «Әулие Әжібай би немесе дала данышпандары» кітабында толық баяндалған. Бопай ханым орыс патшайымдары Анна Иоанновнамен, Елизавета Петровнамен хат алысқан. Орынбор губернаторы Неплюевпен, елші Тевкелевпен кездесіп, хат алысқанда қазақтың арын арлаған. Жоғары дәрежедегі мәмілегер, күрескер Бопай ханымның халқына сіңірген еңбегін, қайраткерлігін тәуелсіздіктің 25 жылдығы кезінде ұмыт қалдыруға болмайды. Биыл үшінші қыркүйек күні Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облысының белгілі азаматтары, газет тілшілері және телеарна қызметкерлерінен құралған топ болып Бопай ханымның басына тағзым еттік. Ал қазан айының он бірінде оның басына құлпытас орнатып, мазар орнын қоршап келдік. Орынбор облысы, Елек ауданы, Дмитриевка ауылынан отыз шақырым жердегі Бопай ханым жерленген маңай 1929 жылдан бері «Доңыз» әскери полигонына айналған екен. Қорым Бопай сайына жақын биіктеу қабақта орналасқан. Жазушы Александр Сергеевтің 1981-83 жылдары жарық көрген «Петербургский посол» кітабында Әбілқайыр хан және Бопай ханым жөнінде тұшымды деректер келтірілген. Бопай ханым өмірінің соңғы жылдары, оның қайда жерленгені туралы Соколовтың 1906-1908 жылдары жарияланған «Из поездки по степи» атты мақаласында жазылған. «Аңыз адам» журналының 2012 жылғы №2 санында ол туралы көптеген мәліметтер бар. Біз бүгінгі таңда Бопай ханымның жоқшысы, оны жарыққа шығаратын насихатшысы ретінде жұмыстанудамыз. Осыған орай Атырау, Маңғыстау газеттерінде мақалалар жарияланды. Жуырда ғана Ақтөбе облыстық газетінде «Бопай ханымның жоқшылары» атты көлемді материал жарық көрді. Бопай ханым тарихын насихаттауда Батыс Қазақстан облысының да орны ерекше боларын ескеріп, осы шағын мақаламды «Орал өңірі» газетіне ұсынуды жөн санадым», дейді автор.
«Төртінші рет сынама алынды...» деген ақпаратта (Н.Оразаев) Ембулатовка өзенінен тағы бір сынама алынғаны сөз болған.
Жақында Зеленов ауданына қарасты Январцев және Кирсанов елді мекендерінің тұрғындары өз ауылдары маңынан мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салуға наразылықтарын білдірген еді. Сонымен қатар жергілікті халық Кирсанов ауылына жақын маңдағы Емболатовка өзеніне өндіріс қалдықтары төгілді деп те дабыл қаққан болатын.
БҚО экология департаментінің мамандары мен Зеленов ауданының басшылығы аталмыш ауылдарда болып, журналистерге арнайы сұхбат берді.
- «Айбар Ербақыт» ЖШС Кирсанов ауылы маңынан мұнай қалдықтарын қайта өңдеу зауытын салуды жобалаған болатын. Қазақстанның Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес қандай болмасын өндіріс орындары салынбастан бұрын жергілікті халықтың ой-пікірімен санасуы қажет. Ол үшін жергілікті билік өкілдері мен тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдау ұйымдастырылады. Егер тұрғындар құрылыс нысанын салуға наразылық білдірсе, жиналыстың хаттамасы толтырылып, жергілікті басқарушы органдарға жолданады. Ағымдағы жылдың 12 қазан күні «Айбар Ербақыт» ЖШС жоғарыда аталған жобаға сәйкес қоғамдық тыңдау өткізді. Жиынға қатысқан 46 ауыл тұрғыны зауыттың салынуына түгелдей қарсы екендіктерін білдірді, - деді Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев.
-Ал Емболатовка өзеніне өндіріс қалдықтары төгілді деген мәліметке қатысты облыстық экология депар-таментінің басшысы Ербол Қуанов жауап берді. Оның айтуынша, Емболатовка өзеніне қатысты мәселе бір аптадан бері жергілікті баспасөз беттерінде жариялануда. «Ауыл тұрғындары аталмыш өзенге өндіріс қалдықта-ры немесе кәріз суы төгілді деп дабыл қағып отыр. Сол уақытта тұтынушылар құқығын қорғау мекемелері судың сынамаларын алған болатын. Бұған қоса жақын маңда орналасқан мұнай компаниялары да су сынамаларын алып, «Батыс су арнасы» мекемесіне жолдап, сараптамадан өткізген. Біздің департамент қызметкерлері де 18 қазан күні арнайы келіп, өзеннен сынама алды. Бүгінгі таңда барлық сараптаманың қорытындысы экология департаментіне келіп түсті. Дегенмен туындаған мәселенің дұрыс шешімін шығару мақсатында бүгін облысымыздағы БҚМУ жанындағы химиялық талдау жасау зертханасының мамандарын шақыртып, төртінші мәрте сынама алдық. Сараптамалардың нәтижесі туралы алдағы уақытта өтетін баспасөз мәслихатында айтатын боламыз», - деді ол.
Т.Жазықбай «Бағырлайдағы берекелі қожалық» жөнінде қолына қалам алған.
Атамекен ауылының тұсынан Жайықтан бөлініп шығатын Бағырлай өзені – географиялық жағынан аң-құстың өсіп-өнуіне тиімді аймақ. Ұзындығы - 239 шақырым. Көршілес Атырау облысы Индер ауданының аумағындағы Тереңқызыл көліне жетпей, құмға сіңіп, тартылып қалады.
Батыстағы қалың құмның Жайыққа жетер жолын бөгегендей табиғаттың тылсым тілі әлденені аңғартқысы келіпті. Уақытында суы мол болды. Көктемгі тасқын кезінде, кей жылдары Жайықтың қызыл балығы да осы өзенге шығып кететін. Бүгінде мұның бәрі «ертегі» сияқты.
- Көзіміз көрді, Бағырлай бойы табиғи шикізатқа бай болатын. Су, балық, қамыс, көкқұрақ көл-көсір еді. Демек, қазір Жайықта мол су болмаған соң, Бағырлайға да су аз бөлінеді. Суда тіршілік етуге жаралған балық, суы аз арнаға қайдан шықсын. Мұнда қазір тұқыш сияқты тұрқы шағын балықтар ғана бар, - дейді осы жердің иесі, Тайпақ ауылдық округіндегі «Айбар» шаруа қожалығының жетекшісі Нәсіпқали Бисенов. Ол Индерден бері Бағырлайға салынған бетон көпірдің арғы жақ бетінен 1300 гектар жерді жалға алған еді.
2012 жылы осы шаруа қожалығын ашқан Нәкең бұл жерді тектен-тек таңдаған жоқ. Атақоныс аймағы. Қожалықта ірі қара да, уақ жандық та баршылық. Жарамды трактор мен жүк көлігі де жыл он екі ай шаруаға қолғабыс. Шөп шабатын кәшелдері де сайма-сай. Орал – Атырау тас жолы іргеден өтіп жатыр. Жеңіл көліктерімен шаруаларын тындырып жүр. Өткен жылы атақонысқа қыстау тұрғызды, биыл малға кең қора салып алды. Осы жазда 1200 центнер мал азығын дайындап, қазір соны қыстақ басына тасуда. Балалары Нұрлан, Нұрбек, немерелері Айбек, Айбар әрдайым сенімді көмекшілері. Қысы-жазы қолдары қалт еткенде, осы шаңыраққа жиналады. Қолдағы техниканың сынғанын жөндеп, ауыстыратынын ауыстырады. Мал төлдету де маңызды іс. Онсыз басы көбеймейді. Әрине, мал баққан соң қиындықсыз бола ма? Төбеңді тесер ыстық, қара жаңбыр, қарлы боран – бәрі-бәрі осы өңірдің алмасып келер ауа райы. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей қыраулы күз, қызылшақа аяздың талайын көрді. Бірақ туған жерден табан аудармасы анық. «Әкең мал бақса, балаң жан бақпайды екен» дегендей осы әулет түгелімен атакәсіптің бірін екі, екісін төрт етуге ниетті. Тек тері, жүн сияқты мал өнімдерінің қадірінің жоқтығы едәуір қолбайлау. Себебі қойды қырқу керек. Ал қырқылған жүнді қайда өткізесің?
Немере-жиендері бәрі оқуда. Бәріне тамақ, киім-кешек керек. Қала іргесінен үй салу да бүгінгі күннің іргелі шаруасы. Демек, мал өсірудің қиындығы - өзіңе, ал ұрпағыңа үлкен қамқорлықтың басы.
Нәсіпқалидың Құдай қосқан қосағы Ақырыс Жұмақызы да осы әулеттің барын асыруға, жоғын бүтіндеуге жаралған жандай. Нәкеңе екі ұл, үш қыз сүйдірді. Бәрін аяқтандырды. Құда-құдағайларымен әр кез сыйластық төрінде кездеседі. Сондай-ақ оны осы шаңырақтың таусылмас тірлігі әбден баурап алған. Қонағын күтеді.
Сиырын сауып, сүттің қаймағын айырады. Құрт жасау да уақыт алады. Десе де, немере-жиендері үшін ауыздың суын құртар ақ құрттың орны ерек. Ара-тұра ірімшік пен сарысуды да құнттап қояды. Сиыр сүті нәрлі келеді. Сүтті қайнатып, ұннан жұп-жұқа нан илеп, кеспе жасауды да ұмытпайды. Яғни барды ұқсатудың шебері. Осы шаруаның үстіне бұлар үй іргесінен бақша салады.
Шағын сусорғының қызығын көріп келеді. Қауын-қарбыз, асқабақ, қызанақ, қияр т.б. көкөніс пен жеміс-жидектері епті қолдың ізін танытады. Бақшалықты мезгілінде суару, түбін қопсыту, шөптеу т.б. шаруалар кезектесіп келеді. Әйтеуір, жазғы уақытта немерелері бар, өздері бар бау-бақшаның тынымсыз тірлігін бөлісіп атқарады. Сөйткен бейнеттің де зейнетін көруде.
Харькин орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істейтін келіні Жеміс Серікқызының да ұрпақ тәрбиелеудегі тындырымды жұмысына қоса, енесінен көргенін істейтін ұғымталдығын айта кеткен жөн. Бағырлайдан келетін бақша өнімдерін банкіге тұздықтап алуы да білгірлікті ғана емес, қол ұқыптылығын танытатын бейнеті бар жұмыс. Демек, барды баянды ету деген осы. Әр түрлі жеміс-жидектерді қайнатып, тәтті тосаптарды қысқа дайындап алады. Бәрі жетеді. Тек ынта мен құлшыныс болсын де. Ал бұл Жемістің бойынан молынан табылады. Үлкен-кішіге деген сыйластығы, қазақы әдептілігі де адам қызыққандай. Ері Нұрбек екеуі төрт ұл-қыз өсіруде. Сөйтіп, тәрбиелі келін туралы да әп-әдемі ой өруге болады.
- Кезінде жұмыс болмаған соң үйде отырдым. Бірақ сол үйге сыймадым. Бір кірдім, бір шықтым.
Мал да бақтым. Жеке «УАЗ-бен» Оралға, Атырауға жолаушы да тасыдым. Бірақ соның бәріне ішкі дүнием разы болмады. Сөйтіп, қолдағы бар малдың басын құрап, шаруа қожалығын ашып, атақонысқа Бағырлайға бет түзедім. Мұным бекер болмады, - дейді Нәсіпқали Әжімұлы. Десе дегендей, қазір тыным жоқ. Әулеттің бар қамы осы Бағырлайда жүзеге асып жатқандай. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген бар, Нәкең атақоныстың әр жеріне ағаш егіп тастапты.
- Балам Нұрбек көктемде Атыраудан үйректің 40 шақты балапанын әкеліп берді. Тез ет алатын құс екен, өзі күй талғамайды. Күніне бөліп-бөліп бір шелек жем беремін. Басқа шығын жоқ, - дейді еңбекқор жан.
Н.Алтайұлы «Ұстаз. Ғалым. Тұлға» деген ақпаратында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде БҚМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, әдебиеттанушы ғалым Серікқали Шарабасовтың 70 жылдық мерейтойына байланысты бірқатар іс-шара өткенін хабарлаған.
Білім ордасындағы ізгі шара профессор Шарабасов атындағы оқу-әдістемелік кабинеттің ашылу салтанатымен басталды. Университеттің бас ғимаратында ғалымның аты берілген 405-дәрісхана лентасын танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева мен университеттің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов қиды. Оқу-әдістемелік кабинеттің жабдықталуымен университеттің филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев таныстырды.
Кабинетте ұстаздың өмірдерегі, фотосуреттер, ақындардың оған арнаған өлеңдері жазылған тақталар ілінген. Марапат қағаздары бір бөлек орын алса, арнайы сөреге тұтынған бұйымдары қойылыпты. Кабинет қасындағы бөлмеге профессордың және оның әріптестерінің жеке кітапханасынан алынған оқу-әдістемелік құралдар, ғылыми әдебиеттер жинақталған. Осында отырып ғылыми жұмыстармен шұғылдануға магистранттарға рұқсат етіледі.
Шарада Орал қалалық №1 орта мектептің оқушылары ұстаздың ұлағатты сөздерін жатқа айтты. «Жазушы Ғабиден Мұстафин адам баласы түрлі қулық-сұмдық әсерінен жүрегіне көлеңке түсірмей, өмірде қылаудай қиянат жасамай өтсе, мұны ерлікке балайтынын айтқан болатын. Ерекше ұстаз, ерекше оқымысты, ерекше тұлға болған Шарабасовтың болмысы адалдықтың айрықша үлгісіне айналды», – деді Ақұштап Бақтыгереева. Кейін ғалымның отбасы атынан ғалымның ұлы Еділ Шарабасов сөз алып, игі істі ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Университеттің мәжіліс залында «Ұмытылмас есім: ұстаз, ғалым, тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов профессор Серікқали Шарабасовтың қоғамдық шараларда айрықша белсенді болғанын атап өтті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Зинол-Ғабден Бисенғали пайымы зор, парасатты тұлға туралы сыр шертті. «ҚазМУ-дың аспирантурасында оқып жүргенде, жазушы Оралхан Бөкеймен кездесу өтті. Кездесу соңында Секең рұқсат сұрап, қаламгердің көркем әңгімелерінде эссе жанрының ықпалы барын байқағанын айтып, соның себебін кеңірек талқылап беруін сұрады. Жазушының ұзақ ойланып отырып берген жауабына, шән мәнінде, қанағаттана қоймадық. Аудиториядан шыққан соң Секеңе жолығып, екеуміз ұзақ әңгімелестік. Жалпы, ол Оралхан Бөкейді ерекше құрметтейтінін айтып, қаламгермен жеке кездесіп, ой алмасуды армандап жүрді. Серікқали Шарабасовтың кандидаттық диссертацияны қорғауы да нағыз тартысқа айналғанына куәмін. Оның қазақ әңгімелері туралы зерттеуі сынға толы еді. Жазушыларға бұл тіптен ұнамайтыны белгілі. Олар жас ғалымға сұрақтарды жаудырды. Сонда шәкірттерін аса жақтай қоймайтын ғалым-ұстаз Зейнолла Қабдолов үш рет ресми түрде рұқсат алып, Секеңді қорғап сөйледі. Кейін ғылыми кеңестің жетекшісі Серік Қирабаев кандидатты мақтап, одан үлкен үміт күтетінін жеткізді», – деді профессор З. Бисенғали.
Бұдан кейін ҚР БҒМ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты лексикология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева «Қазақ әңгімелеріндегі сөздің лингвомәдени әлеуеті» тақырыбында баяндама жасаса, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр «С. Шарабасов прозасы тілінің лексика-семасиологиялық айшықтарына» тоқталды. Ал М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Махамбет» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев Ақ Жайық өңірінде әдебиеттану және абайтану саласында Серікқали Ғабдешұлына пара-пар ғалым болмағанын атап өтті. Конференцияда облысқа танымал ақын-жазушылар мен зиялылар өз естеліктерімен бөлісті.
Шарабасов шекпенінен шыққандардың ұстазының жарқын мінезін тамсана әңгімелейтіні, өткірлігі, студент десе, ішкен асын жерге қоятын қасиеттері туралы көп айтылды. Атаулы шара барысында биыл ғалымның университет баспасынан жарық көрген «Көкжиек» пен «Ойтолғақ» кітаптарының тұсаукесері өтті. Алғашқы еңбекте профессордың қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрына қатысты ғылыми зерттеулері топтастырылса, екінші кітапқа публицистикалық жазбалары мен ұстаз туралы көзкөргендердің естеліктері енген.
Г.Жолдығали «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты театрлар фестивалінің мәреге жеткенін мәлім еткен.
Облыстық қазақ драма театрының ұжымы сахналаған «Мәңгілік елдің алтын адамы» ең үздік қойылым атанып, «Мәңгілік ел» сыйлығына ие болды. Бұл туралы бейсенбі күні театрда өткен белгілі ақын-драматург Иран Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалінің қорытынды кешінде белгілі болды.
Бірнеше күнге созылып, көрермендерге шуақ сыйлаған фестиваль өз мәресіне жетті. Өзінің бірнеше өлеңін оқып, көрерменді жырмен әлдилеген ақын-драматург Иран Ғайып өнер мерекесінің өтуіне атсалысқан Ақ Жайық жұртшылығына, облыс басшысы Алтай Көлгіновке шынайы ризашылығын білдірді.
«Менің театрмен біте-қайнасып кеткеніме 20 жылдан асты. Қазіргі бар жұбаныш-қуанышым театр десе де болады. Оралда алты күннің ішінде 10 туындым қойылып, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында шығармашылығымның бір кезеңіне есеп бергендей болдым. Сол үшін осы фестивальге қатысқан барлық театрға, бізді құшақ жайып, қарсылаған Ақ Жайық өңіріне ризамын», - деді Иран Ғайып.
Сахнаға көтерілген облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жұртшылықтың көңілін көтеріп, рух сыйлаған өнер иесіне ақжайықтықтардың атынан шынайы алғыс айтты. Қазылар алқасының шешімімен ең үздік қойылым аталымына «Мәңгілік елдің алтын адамы» қойылымы үшін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ие болды. Осы қойылымның режиссері, елімізге белгілі театр және киноактері Мұрат Ахманов «Үздік режиссура» үшін марапатталды. «Үздік әйел бейнесі» аталымына «Фатима» қойылымындағы Фатима бейнесін шебер сомдаған Ғ. Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының актрисасы Ақбота Қаймақбаева мен «Мәңгілік елдің алтын адамы» қойылымында Қазына бейнесінде шыққан Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актрисасы Нұрлыгүл Жұбатова лайық деп танылды. Ал «Үздік ер адам бейнесі» аталымы «Адасқан бақ құсы» қойылымындағы Керікеткен бейнесі үшін семейлік актер Бауыржан Төлековке бұйырды. Фестивальде бақ сынаған театр ұжымдарының өзге де актерлары «Тәуелсіздікке тағзым», «Мәңгілік ел» аталымдары бойынша ақшалай және естелік сыйлықтарға ие болды. Олардың қатарында Батыс Қазақстан об-лыстық қазақ драма театрының бас режиссері Мұқанғали Томанов, театрдың белді актерлары Сердеш Қажымұратов, Мұсағали Бектенов, Ербол Есендосов, театрдың суретшісі Қайыр Оразғалиев те бар. Өнер кешінде ақын-драматург Иран Ғайыптың ұлы ЖайыншаҺ Иранбекұлы, жиені Жанар Дұғалова, қарындасы Рая Оразбаева өнер көрсетті.
БҚО сотының төрағасы Б.Әметовтің «Бітімгершілік рәсімдерін қолданудың тиімділігі байқалды» деген мақаласында осы мәселе кеңінен баяндалады.
Дауларды сотқа дейін баламалы негізде шешудің конституциялық негізгі принципі Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 1-бөлігінде көрсетілген: «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы».
2016 жылдан бастап қолданысқа енген жаңа Азаматтық процестік кодексінде «Сот медиациясы» ұғымы пайда болды. Сот медиациясы - дауды реттеудің судьяның жәрдемдесуімен жүзеге асыратын бітімгершілік рәсімі.
Жоғарғы Сот дайындап, 2015 жылғы 31 қазанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жариялы түрде қол қойған жаңа Азаматтық процестік кодексте дауларды татуластыру рәсімімен шешу тетіктері жан-жақты қарастырылып, дауларды шешу мерзімдерін қысқартуға, тараптардың шығындарын азайтуға септігін тигізетін көптеген баптар енгізілді.
Жаңа Азаматтық процестік кодекске қол қойған сол тарихи сәтте заңнаманың маңызына тоқталған Елбасы жаңа Азаматтық процестік кодекс құқық саласын түбегейлі жақсартатынын айтып, бұл кодексті қабылдау заң үстемдігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді. Шындығында, заңнама аясында барлық негізгі құқықтық институттар қамтылып, осы саланы әлемдік озық стандарттарға жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілген. Әсіресе, азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі сотқа прокурорлардың қатысуын азайту, соттардың қарауындағы істерді оңтайландыру, жаңа мән-жайларға байланысты істі қайта қарау тәсілін енгізу, дауларды татуластыру рәсімімен шешу секілді тетіктер Азаматтық процестік кодекстің маңызын арттыра түседі. Жаңа кодекс дауларды шешу мерзімдерін қысқартуға, тараптардың шығындарын азайтуға септігін тигізеді.
Азаматтық процестік кодекс бітімгершілікке келтірудің бұрыннан бар қағидалары мен рәсімдерін бүгінгі күнге сай жетілдіруімен де ерекшеленіп отыр. Оған дауларды реттеудің соттан бөлек тетіктерін жетілдіру мақсатындағы «Дауларды соттан тыс реттеу» деп аталатын жаңа тараудың енгізгені айғақ. Кодексте дауларды шешудің балама тәсілдері мол қамтылған. Жаңа қағидаларды саралап отырып, дауларды реттеудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібіне, соттағы татуласу рәсімдеріне айрықша көңіл бөлінгеніне көз жеткізуге болады.
Бүгінде азаматтар Азаматтық процестік кодексте белгіленген тәртіпті пайдалана отырып, татуласу келісімін, дауды медиация тәртібімен немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасай алады. Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі уақытта, сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде де жасала береді.
Татуласудың тағы бір артықшылығы, мұнда сот шешімі орындалмай орта жолда қалмайды. Келісімді өзара мақұлдағандықтан, тараптар ондағы шарттарды дер кезінде, белгіленген уақытта орындауға мүдделі. Келісім жасалғанда екінші тарап өзіне міндеттеме алған соң оны орындауға барынша күш салады. Ал орындалмаған жағдайда да талапкердің өтінішхаты бойынша сот бекітіп берген атқару парағы мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Тағы бір ескерерлігі, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым ҚР «Медиация туралы» заңында және Азаматтық процестік кодексінде көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот келісімді бекітпейді. Сот ұйғарымы шағым не наразылық келтіруге жатпайды.
Азаматтық процестік кодекстегі айтулы жаңалықтардың бірі - дауды партисипативтік келісім арқылы реттеу болып отыр. Партисипативтік рәсім – дауласушы екі тарап адвокаттарының келіссөздерді судьяның қатысуынсыз жүргізу арқылы ортақ келісімге келтіруге қол жеткізуі. Келісімге келе алмаған екі жақты бір үстел басына жинап, бітімге келтіру мәселесінде судьяларға қарағанда адвокаттардың мүмкіндігі кең. Құжаттағы татуласу келісіміне қойылатын талаптарға сай, қос тарап арасындағы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың адвокаттары қол қояды. Мұндай жолмен татуласу талап қоюшыны төленген мемлекеттік баждан босататыны да - заңдағы ынталандыру тетіктерінің бірі.
Азаматтық процестік кодекс қолданысқа енгізілгеннен бергі аралықта бітіммен бітетін істердің саны өсе түсті. Жаңа заңнаманың тиімділігін түсінген адвокаттар, медиаторлар, басқа да құқық қорғаушылар дауды бітіммен бітіруге мүдделілік танытып, азаматтарға медиацияның тиімділігін түсіндіруге жаппай атсалыса бастады. Өз мәселесінің бітімгершілік жолдарымен тез шешілгені алдымен олардың өздеріне тиімді екенін көпшілік те ұғына бастағандай. Соттар қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуде бітімгершілік рәсімдерді және медиацияны қолдану әдістерін жергілікті жерлерде кеңінен түсіндірудің жолбасшылық тізгінін ұстап отыр. Атқарушы, өкілді органдармен бірлесе отырып, ауылдық округтер мен аудан, қала, облыс орталықтарында медиация кабинеттерінің ашылуына қол жеткізілді. Соттар медиация кабинеттерінің жұмыстарын ұдайы бақылауда ұстап, жүйелі түрде құқықтық көмектер көрсетіп келеді. Қазіргі кезде медиация кабинеттері мен медиаторлар әр ауылда бой көтере бастады.
Батыс Қазақстан облысындағы барлық аудандық соттарға қарасты аумақтардағы ауылдық округтерден тегістей медиация кабинеттері ашылып, кәсіби емес медиаторлар қатары толығуда. Өткен тоғыз айда облыста татуластыру рәсімдерімен 1061 азаматтық іс қаралып, 180 тарап бітімгершілік келісімге келді. Медиация тәртібімен қаралған 877 істің 610-ы бойынша сот медиациясы қолданылды. 267 дау медиаторлардың қатысуымен шешілді. Небәрі төрт дау ғана партисипативтік рәсіммен реттелді. Сот өндірісінен қысқартылған істер бойынша медиацияның үлесі 64,4 пайыз құрап отыр.
Тағы бір ескеретін жай, соттарда оңайлатылған тәртіпте қаралатын істердің көбейе түскені болып отыр.
Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібі азаматтарға қолайлы, қарапайым және қолжетімді сот процесі. Оның ерекшелігі сол азаматтық іс тек қана жазбаша дәлелдемелердің негізінде қаралады. Ол тараптарды сотқа шақыруды және сот талқылауын жүргізуді талап етпейді. Тоғыз айда 6177 арыз оңайлатылған өндіріс тәртібімен қаралды. Бұл сот бұйрықтарын қоспағанда барлық қаралып біткен істердің 43 пайызын құрайды. Жазбаша құжаттар негізінде қаралатын мұндай істер тараптарға да, сотқа да қолайлы.
Елдегі бірлік пен татулықтың жаймашуақ ахуалы, қоғамның тұрақты дамуы, ізгілендірілген және бітімгершілік заңдарының басымдылық алуы Қазақстанның жаңа мыңжылдықтың орта шеніне дейінгі мақсатты бағдарламаларының жүзеге асуына серпін береді.
Ал қоғамдағы кез келген қайшылық пен дауды азаматтық келісім аясында шешуге қолданыстағы заңнамалардың бітімгершілік рәсімдері мен медиация тәсілдері мол мүмкіндік берері анық. Өйткені сот тәжірибесі татуластыру мен бітімгершілік рәсімдерін қолданудың тиімді екендігін көрсетіп отыр.
«Мәселенің мәнісін білді» деген ақпаратта (Қ.Қуанышұлы) облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жұмыс сапарымен Жаңақала ауданында болғаны жазылған.
Бағдат Оразалдыұлы Құлшық құмынан тартылатын жер асты суы құбырының жай-күйімен танысты. Ауданда тұщы су мәселесі өзекті. Өзен-көлге судың аз мөлшерде түсуінен оған сұраныс артып келеді. Осы мәселе ауданның оңтүстік бөлігінде жиі көтерілуде. Осыған орай Бөкей ордасы ауданымен шекаралас тұста Құлшық құм-дағы жер асты су көзінен (2160 м3/тәулігіне) Жаңақала топтық су құбырын тарту қолға алынды. 2015 жылы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, 2016 жылға ЖСҚ жасақтауға 28766 мың теңге бөлі-ніп, конкурс өткізілді. Нәтижесінде «СПС» ЖШС-мен 58490,460 мың теңгеге келісімшарт жасалды. Екі бригада топографиялық түсірілім жұмысын жүргізді. Жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау әзірленуде. Оны ағымдағы жылдың 20 қарашасына аяқтау жоспарланған. Құрылыс жұмысына 2 801 млн. теңге қаржы қажет. Жұмыс 2017-2018 жылдарға жоспарланып отыр. Тартылатын су құбырының ұзындығы – 151 шақырым, сегіз елді мекенді сумен қамту көзделген. Құбыр іске қосылғанда, ауданның 70 пайызы сумен қамтылады. Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Оразалдыұлы осы саланың білікті маманы ретінде нақты тапсырмалар берді. Бұдан кейін Жуалыой ауылында былтырғы оқу жылының басында пайдалануға берілген 108 орындық мектепті аралап көрді. Мектептің салыну сапасы жайында мектеп директоры Қ. Садырдан сұрап білді. Жаңақазан ауылындағы М. Жүнісов атындағы ЖОББМ-ның мерейтойына орай атқарылатын және қажетті жөндеу жұмысы жайында ауылдық округ әкімі С. Ғұбашевпен арадағы әңгімеден қомақты көмектің болатынын аңғардық. Келесі кезекте аудан орталығында салынып жатқан коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. 2014 жылға республикалық бюджеттен 20 млн. теңге бөлініп, үш үйдің құрылысы салынып, қалған 16 тұрғын үйдің құрылысына 2016 жылға жергілікті бюджет қаражатынан 106 852,0 мың теңге бөлінген болатын. Конкурстық рәсімдер бойынша «Жолаушы-Жол» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, биыл 12 тамызда құрылыс жұмысы басталған еді. Күні бүгін 56 352 мың теңгенің қаржысы игерілді. Барлық 16 үйдің қабырғасы тұрғызылды. Негізгі жұмыстың 80 пайызы орындалды. Мердігерге 1 желтоқсанда құрылыс жұмысын аяқтап, пайдалануға беру міндеті қойылғанын естіп-білген облыс әкімінің орынбасары Б. Азбаев ең бастысы, сапаға көңіл бөлу қажеттігін мұқият тапсырды. Құрылыс нысанын асықпай аралап көргеннен кейін жаз бойы жазылып та, айтылып та жүрген, күрмеуі тек күз болғанда ғана шешімін табатын су мәселесіне қатысты «Коммунал» мекемесіне қарасты су айдайтын орталыққа барды. Онда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Н. Беисов, аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Р. Ибрагимов және «Коммунал» МКК басшысы міндетін атқарушы М. Қайырғалиев, кәсіпорынның бас инженері Т. Байжұмашевпен кездесті. Кездесу барысында су сапасының төмендеп кетуіне халықтың алаңдауының себебін анықтап, қажетті қондырғылар мен қанша қаражаттың қажеттігі жайында тез арада нақтылап, облыс әкімдігінің алдына мәселе етіп қою үшін шұғыл тапсырма берді. Мұнан кейін Б. Азбаев Бірлік ауылына ат басын бұрып, ауылдағы жер телімінің сыртқы инженерлік желілерін (электрмен және газбен жабдықтау) тарту жұмыстарының жай-жапсарына назар аударды. Сосын Қызылоба ауылындағы Е. Орақбаев атындағы ЖОББМ-да жүргізілген күрделі жөндеу жұмысының нәтижесімен танысты. Облыс әкімінің орынбасары жаз айларында жүргізілген Чапаев – Жаңақала - Сайқын автожолының 76-51 шақырым аралығындағы жол жөндеу жұмысының сапасына да зер салды.