18:23, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Өз ата-анасын өлтірген ұлдың қылмысы анықталды
АҚТӨБЕ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбелік полицейлер Алға қаласында ерлі-зайыпты зейнеткерлерді өлтірген қылмысты ашты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ілшісі. 86 және 76 жастағы ерлі-зайыптылардың күштеп өлтірілген денесі өз үйінен табылды. Ер адамның денесіне бірнеше жерден пышақ салынған, әйелдің бас сүйегі елеулі зақымдануынан мерт болған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер қайғылы оқиғаға кінәлілерді анықтады. Олар қаза болған шал мен кемпірдің 43 жастағы жұмыссыз жүрген ұлы мен оның 31 жастағы жолдасы болып шықты.Полицейлердің айтуынша, сол күні қарттардың ұлы жолдасымен бірге ата-аналарының үйіне келіп, ақша талап еткен. Сол арада жанжал шығып, ол өгей шешесін шәйнекпен ұрып өлтірген, ал әкесін өлтіруге жолдасы көмектескен. Үйден 60 мың теңгені салып алып, олар таныстарына барып ішімдік ішуді жалғастырған. Келесі күні зейнеткерлердің ұлын полицейлер орта мектептің жанында далада үсіп өлген жерінен тапты. Ішкіліктен кейін жолдастары оны далаға шығарып жіберген. Олар бұл жігіттің өз әкесі мен оның зайыбын өлтіргенін айтты. Енді оның қасында болған күдікті жігіт қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.