Өз мамандығымды шынайы жақсы көремін – қызылордалық ТЖД фельдшері

фельдшер
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордалық Жазира Досаева 16 жылдан бері Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «Апаттар медицинасы орталығы» филиалының фельдшері қызметін атқарып келеді. Жылдың қай мезгілінде де тыным таппайтын мамандық иелері тосыннан болған апат кезінде алғашқы көмекке ұмтылады. Қарапайым еңбек адамы ретінде елдің алғысына бөленіп жүрген кейіпкеріміз мамандығы жөнінде айтып берді.

- Бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды? Қызметіңіз әйел баласына ауыр соғатын мамандықтың бірі ғой. Жұмыс барысында қандай жауапкершілікті сезінесіз?

- Төтенше жағдай қызметі үлкен жауапкершілік пен батылдықты талап етеді. Бұл салада еңбек ету үшін адамға шыдамдылық, жылдамдық пен қажыр-қайрат қажет. Десе де, бұл мамандықты таңдаған әрбір адам өз жұмысын шынайы сүйіспеншілікпен істейтініне сенімдімін. 
Менің негізгі міндетім - зардап шеккен тұрғындарға шұғыл медициналық көмек көрсету. Жалпы, менің медицина саласындағы еңбек өтілім - 26 жыл. Осы уақыт аралығында түрлі оқиғаны көзбен көріп, науқастарға қолдан келгенше көмек көрсеттім. 2018 жылдан бастап облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Апаттар медицинасы орталығы филиалының» фельдшері және психологы болып қызмет атқарып келемін. Екі мамандықты қатар алып жүргеніме 16 жылдың көлемі болды.

Тосын жағдайға тап болған тұрғындарға психологиялық көмек көрсету оңай емес. Сол сәтте ол азаматқа барынша қолдау білдіріп, қалпына келуіне жағдай жасауымыз тиіс. Әрине, мұндай сәтті ешкімнің басына бермесін. Десе де біз кез-келген уақытта азаматтарға қол ұшын созамыз. Психологиялық тұрғыда көмек көрсетеміз. 

- Еңбек жолыңызда қандай оқиғалар есте қалды? Ол сәтте қандай іс-әрекет жасадыңыз?

- Біздің филиалда 53 штаттық бірлік құрамы еңбек етеді. Біз тек өңірде ғана емес, еліміздің басқа аймағында да орын алған төтенше оқиғаларға аттанып, өз міндетімізді мінсіз атқаруға тырысамыз. 

2020 жылы Мақтаарал ауданында су тасқыны болғаны белгілі. Бұл апаттан сол аймақтың тұрғындары зардап шекті. Сол мезетте жарақат алған азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, 36 балаға психологиялық, арт-терапия мен тренинг өткіздім. Сол еңбегімнің нәтижесінде «ІІІ дәрежелі құтқарушы» төсбелгісімен марапатталдым. Қызмет атқаратын мамандығым қаншалықты қиын әрі жауапкершілік жүгі ауыр болса да бұл сала менің өмірімнің бір бөлшегі. Өз мамандығымды шынайы жақсы көремін.

- Қызмет барысында облыстан жырақ тағы да қандай жерлерде жұмыс атқардыңыздар? 

- Еңбек жолымда Батыс Қазақстан облысының Қазталов, Ақтөбе облысының Хромтау аймақтарында болып қайттым. Қай жерде де өз қызметімізді мүлтіксіз орындап, елдің алғысына бөленіп келеміз. 

- Облыста болған төтенше оқиғалар кезінде филилал мамандары қандай көмек көрсетті?

- Былтыр филиалдың шұғыл әрекет ету бригадалары төтенше жағдай орындарына 280 рет шұғыл шығып, медициналық көмек көрсетті. Жыл басынан бері оқиға орындарында 37 рет қызмет атқардық. Күре жол медициналық құтқару бекетінің мамандары осындай 22 оқиға орнына барды. 

- Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Алған біліміңіз қандай?

- Мен 1977 жылы дүүниеге келдім. 1994 жылы Қармақшы ауданындағы Ақжар ауылындағы №28 мектепте білім алдым 1995 жылы Қызылорда медучилищесіне түсіп, 1998 жылы «Емдеу ісі» мамандығын алып шықтым. 1998-2005 жылдары №2 емханада, 2005-2008 жылдары №4 емханада медбике болып жұмыс жасады. 2008 жылдан Апаттар медицинасы орталығының өңірдегі филиалында фельдшер болып еңбек етіп келемін. 2009 жылы «Болашақ» университетіне түсіп, 2014 жылы «психолог» маманы дәрежесіне ие болдым.

- Әңгімеңізге рақмет.

Соңғы жаңалықтар
telegram