Өз ұлтыңды сүю басқаларды жек көру емес - халық батыры Бауыржан Момышұлы

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Кеңес Одағының және Ұлы Отан соғысының Батыры, даңқты әскери қолбасшы, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлы ұлттық мәселеде де өзінің данагөй ұстанымдарымен белгілі.
None
None

«Ұлттық мақтаныш кеңестік патриотизм сезімінің құрамдас бөлігі. Өз ұлтын құрметтемейтін, мақтаныш етпейтін (мақтаныш ететін нәрсе әр ұлтта да бар) адам - барып тұрған антұрған және қаңғыбас», - деп жазды Бауыржан Момышұлы. - Өз ұлтыңды сүю басқаларды жек көру емес».

Ұлттық мақтаныш және интернационализм туралы ой-пікірлер Б.Момышұлының, шығармаларында, күнделік жазбаларында, замандастарының естеліктерінде жиі кездеседі.

Бүгінде аңызға айналған қолбасшы Б.Момышұлының есімімен аталатын Жуалы ауданы орталығының (бұрынғы Бурное ауылы) тұрғыны Виктор Гончаров атақты жуалылық жерлес3нің мінезіндегі интернационалдық бастаулар оның балалық шағында жатыр деп пайымдайды.

«Бауыржан Момышұлы жеті жасынан, 1917-1918 жылдардан бастап, менің атам Кузьма мен әжем Марияның тәрбиесінде болды. Гончаровтар мен Момышұлының отбасылары егіс даласында бірге еңбек етті. Тағдырдың жазуымен кішкентай Бауыржан Гончаровтардың үлкен де тату отбасында болды. Ол Кузьма мен Марияның он екі баласымен бірге ойнап, ішіп-жеп, бірге өсті. Туғанындай болып кеткен Гончаровтар отбасында ол 7 жыл тұрды».

Егер ұлы халық батырының ғұмырнамасындағы әртүрлі дереккөздерді оқысақ, бұл кезең - жеті жасынан 1929 жылы 9 сыныпты бітіріп, Бурное ауылынан Алматыға оқуға аттанғанға дейінгі өмір жолы мүлдем айтылмаған деуге болады. Мың бұлақтар және мың батырлар мекені» деп аталып кеткен Жуалыдағы Бауыржанның балалық шағы туралы ақпарат жұтаң.

В.Гончаровтың айтуынша, бұдан кейін де Бауыржан өзінің «орыс отбасымен» байланысын үзбеген.

«Соғыстан кейін, даңққа бөленген халық батыры атанған ол туған ауылына үнемі келіп жүрді.70-шы жылдардың ортасында Бауыржан туыстарына тағы да келді, сонда мен алғаш рет Бауыржанмен таныстым, оның туысымдай болып кеткенін талай естігем, - деп еске алады В.Гончаров. - Бәукенің үйімізде болғаны біз үшін үлкен қуаныш болды. Бұл кездесу мәңгі есімде қалды. Бауыржан өзіне сөзбен де, ісімен де қамқор болған Кузьма мен Мария, өзі бірге өсіп, мектепке бірге барған ағам Василий жайлы жылы лебізбен әңгімеледі».

Виктор Гончаров қазір өзі тұратын, кезінде кішкентай Бауыржан жүгіріп жүрген осы үйде тұратынын, бұдан жүз жылға таяу уақыт бұрын халық батыры су ішкен құдықтан өзі де қазір су ішіп отырғанын мақтан етеді. Сонымен бірге В.Гончаровты Бауыржан Момышұлының Гончаровтар отбасында тәрбиеленгенін жергілікті билік танығысы келмейтіні қынжылтады. Б.Момышұлының туғанына жүз жыл толуы қарсаңында ол жергілікті әкімдікке халық батырының құрметіне үйіне мемориалдық тақтайша орнату жөнінде ұсыныс жасаған, бірақ та оны ешкім елемеген.

«Балалар мен ересек адамдар осы үйдің қасынан өткенде бұл үйде боалашақ батыр тәрбиеленгенін көргенін қалаймын. Адамдар осы жерде бір ауыл немесе облыс емес, бүкіл елдің мақтанышы болған адам өмір сүргенін мақтаныш етпей ме?! Ұлтына қарамастан, қайда тәрбиеленсе де, әрбір адам өз елінің батыры бола алады. Өйткені біздің отанымыз ортақ - Қазақстан!» - дейді В.Гончаров.

Қарапайым шаруа отбасынан шыққан Бауыржан Момышұлы 1910 жылы туылған. Соғысқа дейінгі жылдар мұғалім, аудандық атқару комитетінің хатшысы, қаржы қызметкері, милиция бастығы болып жұмыс істеді, Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты бітірді. Ұлы Отан соғысы басталғанда Бауыржан Момышұлы республикалық әскери комиссариаттың аға нұсқаушысы болып, генерал И.В.Панфиловқа Алматыда 316-шы атқыштар дивизиясын жасақтауға көмектесіп, комбат болып тағайындалды және сол күзде Батыс майданының қарауында Мәскеу түбіндегі басты бағытта шайқасқа кірді.

Мәскеу түбіндегі ұрыстарда комбат Момышұлының әскери шеберлігі көзге түсті. Төрт тәулік бойы оның батальоны маңызды тірек пунктті уыстан шығармады, Волоколам тас жолындағы ұрыстардан кейін аға лейтенант Момышұлы жау әскері сан жағынан басым болған қанқұйлы шайқастарда көзге түскен полктың командирі болды.

Гвардия капитаны Момышұлы Мәскеуде қорғау жолындағы 27 ұрысқа қатысты, оның барлығы өзінің «Мәскеу үшін шайқас» деген кітабында жазылған. Осындай ұрыстардың бірінде Бауыржан ауыр жарақат алып, 1944 жылдың наурызына дейін госпитальда болады.

Аяғына тұрған бойда 1945 жылғы қаңтарда Шығыс Пруссия операциясында 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясына басшылық етеді.

Гвардия полковнигі 1942 жылдың басында Мәскеу түбіндегі ұрыстары үшін қолбасшылық оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынғанын білген жоқ. Марапаттау қағазы жоғалып кетті, награда батырды 1990 жылдың 11 желтоқсанында ғана тапты, сонда майдангер-жазушы Бауыржан Момышұлына генералдық шен және Кеңес Одағының Батыры атағы берілген болатын. Бұл атақ оған қайтыс болғаннан кейін ғана бұйырды.

Тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тікелей араласты.

Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы көзге түскен үздік командирлердің бірі ретінде Бас штаб академиясына оқуға қабылданды, ол 250 офицердің арасындағы жалғыз қазақ болатын. Академияны бітіргеннен кейін профессор атағын алып, әскери тактика мен стратегия бойынша лекция оқыды. Момышұлының ең қалың еңбектерінің бірі - «Соғыс психологиясы» монографиясы күні бүгінге дейін әскери философия саласындағы іргелі еңбек болып саналады. Бұдан әрі Бауыржан әскери қызметті тастап, жазушылық өнерге бас қойды.

Оны халық қарапайымдығы мен шындықты бетке айтатын батылдығы, ізгі жаны үшін жақсы көрді. Бірақ та Бауыржаннның тік мінезі сол кездегі билікке онша ұнай қойған жақ, шеніне қарамастан шындықты бетке тіке айтатын шыншылдығын мін көрді - Жеңістің 30 жылдығына Алматыда 28 панфиловшы-батырларға ескерткіш ашу салтанатына оны шақырған жоқ. Бірақ та Отан үшін боздақтарға құрметін білдіру азаматтық борышым дейтін жауынгер-жазушы оған өзі келіп, монумент алдында қаза болғандарға құрметін білдірді және шақырылғандар тізіліп тұрған мінбеге көтерілді. Ешкім де оны тоқтата алған жоқ.

Бүгінде оның есімі мектептерге және әскери интернаттарға берілген, Қазақстан қалаларында Бауыржан Момышұлы атындағы көшелер бар, ол туралы талай естеліктер жазылуда, оның шығармаларын халық сүйіп оқиды. Уақыт бәрін өз орнына қойды, оның қаһармандық даңқын халқы ешқашан да ұмытпайды.

Соңғы жаңалықтар