Өз ұсынысына жеңіл-желпі қарап, айтқанға көне салып, кері қайтарып алып жатқан бірде бір депутат жоқ- Мәжіліс депутаты Т. Ибраев

- Төлеген Тоқтасынұлы, Сіз «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша сайланып, депутаттық қызметіңізге 2010 жылы 22 қыркүйектен бастап кірістіңіз. Яғни, жарты жылдың ішінде Парламент қызметімен жан-жақты таныстыңыз. Өз әсеріңізбен бөліссеңіз?
- Ел арасында «Осы депутаттар не істейді?» немесе «Мына заңды неге олар дұрыстап оқымаған?» деген сияқты және осыларға ұқсас сөздер мен сауалдар бар. Оны депутаттардың өздері де талай естіген, тиісті жауаптарын беріп те жүр.
Жасырарым жоқ, күні кеше «Не істеп жүр?» дегендердің ішінде мен де болғанмын. Болғаныммен тынышталмай, алдыма менен көмек не кеңес, ақыл сұрап келгендердің осындай сұрақ қоюына ұйытқы да болғанмын. Өйткені жұмысымның бабы мен талабы солай еді.
Шамалы уақыттың ішінде үлкен істің қыр-сырына толық қанықтым деп айтуға әлі ерте, жөні де жоқ. Дегенмен көптің көкейіндегі «Не істеп жүр?» деген, мені де біраз толғандырған сауалға, депутаттардың тек қана жұмыс топтарының көлеміндегі істерін көріп, өзім де араласып, жауап тапқандаймын.
Депутаттың жұмыс тобындағы қызметі үлкен де жауапты, ел-жұрт тапсырмасын орындаудағы, халық үмітін ақтаудағы, сайлаушылардың талап-тілегін іске асыру жолындағы жұмыстарының бір бөлшегі, көптің назарынан әлі тыс қалып келе жатқан ауыр қара жұмыс.
- Әуелі заң жобаларының дайындалуы, Мәжіліске келу процесі туралы айтып өтсеңіз?
- Заң - ел ішінде заманға сай әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайды қалыптастыруға арналған, бірақ, әркімнің жеке көкейіндегі ойына әр уақытта сай келе бермейтін, әділдік іздеген адамның мүддесін қорғап, араша түссе, ал біреудің жат іс-әрекетіне қарсы болатын көпке, қоғамға ортақ құжат.
Заң өмірге келер жолында сан қилы зерттеулерден, сараптамалардан, талқылаудан айлап, тіпті жылдап өтеді. Осы деңгейлерде заң жобалары өте мұқият, басқа ұқсас заңдардың баптарын қайталамайтындай, олармен қайшыласпайтындай, үндестікте, бір-бірін толықтыратындай, қолдайтындай деңгейде болу үшін көп мамандардың қыруар еңбегімен білімін қажет етеді.
Республикалық қоғамдық ұйымдар, қауымдастықтар, одақтастықтар, бірлестіктер, палаталар, зерттеу-сараптама институттары, кәсіподақтар әрбір заң жобасына бірнеше парақ ұсыныстарын жазып, мөрін басып, өздерінің зерттеуден кейінгі қорытындыларын заң жобасымен бірге Мәжілістің қарауына береді. Оның ішінде ғылым мен тәжірибеге негізделген, көршілес елдердің заңдарына үйлесімділігін, халық тұрмысына, қоғамға деген болашақ заңның әсері мен ықпалын, экономикада қажет болатын кіріс-шығысы есептеледі. Көргені мен тәжірибесі мол, заң ғылымының «жілігін шағып, майын ішкен» майталман ғалымдар, елімізге танымал, қоғамға елеулі үлес қосып жүрген білгір мамандар өз пікірлерін білдіреді.
Баса айтатын ерекше жағдай - әрбір заң жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсылығы мен төзімділігін арттыру үшін міндетті түрде арнайы сараптамадан өтеді.
- Енді Мәжілісте атқарылатын жұмыстарға тоқталсаңыз?
- Жан-жақты сараптама мен зерттеуден неше дүркін өткен заң жобасы Мәжіліс комитетінің арнайы құрылған жұмыс тобынының мүшелерінің қолына тиеді.
Депутат басқаратын жұмыс тобының құрамында Парламент депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің, министрліктермен олардың әр түрлі құралымдарының, Жоғары Сот, Бас Прокуратура, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің, Экономикалық және сыбайластық жемқорлықпен күрес агенттігінің өкілдері, Мәжіліс аппаратының жауапты қызметкерлері, басқа да атқарушы, басқарушы мекемелерден, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің мамандары болады.
Топтың мүшелері 10-нан 20 адамға дейін, кейде одан да көп болады. Жұмыс тобы аптасына 1-2 рет өз отырысын өткізеді. Барлық тұрақты 7 комитетті қоса есептегенде, бір жұмада 90-нан аса жұмыс тобының отырыстары өткен кездер де болды. Отырыс ұзақтығы да әр түрлі келеді.
Жұмыс топтарының басқа құрылымдардан бір ерекшілігі - топ мүшелері Заң жобасы туралы өз ойларын, пікірлерін ешбір кедергісіз еркін айта алады. Парламент қабырғасында өткен барлық отырыстардың стенограммасы жазылып, міндетті түрде қағаз бетіне түсіріледі. Топ жұмысының ең бір өзгешілігі - егер депутат айтқан пікір немесе ұсыныс жұмыс тобының мүшелерінің қолдауын таппаған жағдайда, депутат ұсыныстарын ешкім де талқылаудан депутаттың ықтиярынсыз, жазбаша не ауызша келісімінсіз күн тәртібінен шығара алмайды.
Әрине, депутаттардың барлық ұсыныстары қаралып отырған жобаға лайық, қажет болуы да мүмкін емес. Өйткені депутат ұсынысы қаншама құнды, талқылау үстіндегі жобаға орынды болғанымен, дәл сондай мағынасы ұштасқан, пара-пар, мәні, күші мен әсері тең бап тақылаудағы жобаға сәйкес басқа бір заңда қабылданылып, өмірде қолданып жүруі де де әбден ықтимал. Ол жағдайды депутат әр түрлі себептермен ескермей қалуы мүмкін.
Осындай жағдайда ұсыныс енгізген депутатпен заң жобасын дайындаған мамандар, сараптамашылар, заң, тіл мамандары, аудармашылар түсіндіру, келісілу, дәлелдеу жұмыстарын жүргізіп бір ымыраға келуге тырысады. Бұл істер де қызу пікірталас үстінде кейде ұзаққа созылып кетіп, комитет бастығының төрелік айтып, бір тоқтамға келуіне дейін барып жатады.
Заң жобасы комитеттерде 4-5 ай, кейбірде одан да көп уақыт жан-жақты мұқият талқыланады.
- Жобаға байланысты депутаттардан түзетулер көп түседі, бірақ бәрі бірдей жұмыс тобында қабылданбайды. Сондай жағдайда депутат не істейді?
- Өз ұсынысын жеңіл-желпі, айтқанға көне салып, кері қайтарып алып жатқан бірде бір депутат жоқ.
Талқылаудағы заң жобасының маңайындағы жұмыс тобы отырысының үстіндегі, не одан тыс жерлердегі пікірталас, түсініктемелер мен сан қилы дәлелдер заңның өмірге келер жолындағы ең бір маңызды, мағыналы, жауапты, эмоциялық немесе әр түрлі өткір сөздерге, тіпті кейде көңілге тиерлік жағдайларға толы кезең болатыны жасырын емес.
Ел арасында естіген, көзімен көріп жүрген жағдайларды өзгерту мақсатында, көрген-білгенін ой елегінен өткізіп, өз тәжрибесіне сүйене отырып енгізген ұсыныстары қолдау таппай жатса, немесе өз ұсынысына қарама-қайшы бір пікірлер түссе, депутаттар: «Азаматтар, елге не дейміз?, Қалай түсіндіреміз?, Келіспейтін қандай себеп бар?» деген сұрақтарын жиі қояды. Халық қамын тек депутаттар ғана ойлайды дегеннен аулақпын.
Депутат тек қана Елбасы алдында Қазақстан халқына берген Антына, өзін сайлаған сайлаушыларға, туа біткен ар-ұятына, өмірден жиған тәжрибесіне басыбайлы, бағынышты, оларға мойын ұсынады.
Халықпен тығыз жұмыс жасағандықтан, үнемі хат алысып, кездесіп тұрғандықтан ел жағдайын, халық қамын, өлке өмірін, шаруа жайын депутаттар өз ұсыныстарына негіз етіп, әр уақытта отырыстарда, Мәжілісте ашық айтып отырады.
Депутаттың өз пікірін, немесе әріптесінің ұсынысын дұрыс деп құптаса, «бел шешіп, білек сыбанып» бар күш-жігерін пайданалып, өзіне жақтас іздеп, ұтымды сөз айтып, орынды сынап, пікірталастан ұтыс іздейтін жері - Заң жобасын талқылау үшін арнайы құрылған жұмыс топтарының отырысы.
Сөз арасында, әділдік, шындық үшін айта кетейін, барлық жұмыс топтарының отырыстары дау-дамаймен, қызу пікірталаспен өтпейді.
Егер заң жобасы мұқият әзірленсе, басқа зандармен үндестікте болса, түсіністікте, биязы, салиқалы талқыланады. Түсіп жатқан орынды ұсыныстар өздерінің лайықты орындарын табады. Топ мүшелері ымыраға тез келеді, ұсақ-түйекке үлкен назар аударылмай, отырыс үстінде түзетіліп, орындалады.
- Парламентшілер қызметі БАҚ-та қалай көрсетіліп жүргені туралы бір-екі ауыз пікіріңіз?
- Ал көрермендеріміз теледидардан көріп жүрген, депутаттар қатысатын әр түрлі жиындар, конференциялар, Мәжілістің жалпы отырыстары маңызы зор, ел өміріне елеулі үлес қосатын күрделі өзгерістерге ықпал жасайтын саяси шаралар екені сөзсіз.
Әрине, жиналысты бейнетаспаға түсіріп, біраз өңдеп, одан кейін көпшілікке көрсету аса қиын емес. Бірақ сол отырыстың қыр-сырын, айтылған пікірлер мен ұсыныстардың мәні мен мағынасын ашып, олардың ел тұрмысына, шаруа жағдайына берер әсері мен пайдасын, қоғамның дамуына ықпалын халыққа түсінікті етіп жеткізу екінің бірінің қолынан келетін оңай іс емес. Оны көпшілігіміз байқап, біліп жүрміз.
Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, әсіресе, депутаттардың ел үшін атқарып жатқан істерін халыққа жеткізерде жұмыстың қыр-сырын, ішкі қым-қиғаш жағдайларына көңіл бөліп, анық-қанығын біліп алғандығы абзал болар еді.
Шүкіршілік, журналист қауымының назарынан тыс қалып жүргеніміз жоқ. Дегенмен де қалам иелерінің ұтымды тұжырымдары халыққа үлкен әсер, күш-жігер беретінін айта келе, тілегіме құлақ салғанын қалар едім. Анда-санда депутаттардың үлкен тербеліс үстінде айтылған ызғарлы, қатаң шыққан дауысы немесе өткір сыны халыққа езу тартарлықтай ғана деңгейде жеткізіледі. Ал «депутатты сондай сөздерді қандай жағдайлар айтқызды, оған не себеп болды?» деп ешкім тіс жарып дұрыс айтпайды.
Бар-жоғы 1-2 минуттік телекөріністен мандытып ештеңені ұғып, түсініп те үлгере алмаған адам, әрине «Не істеп жүр?» деген сауалға жауап таба алмайды.
Мәжілісте қатардағы депутаттардың көбі қатыса бермейтін басқару-ұйымдастыру құрылымдары да бар. Оларға өз басым қатыспасам да, комитет төрағасының немесе комитет бөлімі бастығының айтулары бойынша, ол құрылымдарда Заң жобалары туралы пікіралмасу үнемі болады.
Үлкен іс ортақ нәтижемен аяқталады. Сол нәтижеге жетер жолда әрқилы жағдайлар, уақытында ескерілмеген, назардан тыс қалып қойған ұтымды ойлар мен орынды ұсыныстар, пікір төңірегінде ымыраға келе алмаған сәттер аз болса да бар.
Ел қамы, халық игілігі үшін Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмаларын орындауда, егеменді еліміздің тәуелсіз жылдарында, Мәжіліс депутаттарының үлесі қомақты, атқарған істері маңызды екеніне жұрт куә және қолдайды.
Ақпарат құралдарындағы ел-жұртқа арналған бірауыз газет сөзі, немесе 1-2 минуттық телекөрініс қасқағым уақытта өткенімен, олар тарих куәлері, құнды деректер. Сондықтан тәуелсіз жас мемлекетіміздің тарихы дұрыс, мазмұнды, салиқалы, нақты жазылғаны абзал.
Бұл ойларды мен сияқты Палатаның ішкі дүниесін түсінген адам айтпаса, кім айтады?!
- Рақмет әңгімеңізге.