Өз жеріңнің жемісі тәтті: Павлодарда бақша баптау тиімді ме
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда 5 сәуірден саяжайларға дейін қоғамдық көлік қатынайды. Ал бау-бақша десе, ішкен асын жерге қоятын тұрғындар өздеріне тиесілі 6 сотық жерін әлдеқашан ретке келтіре бастаған. Дейтұрғанмен жыл өткен сайын кәнігі бағбанбардың саны азайып келе жатқанын байқауға болады.

Раиса Богомолова өзіне тиесілі 6 сотық жерден ала жаздай шықпайды. Бақшасында өңіріміз үшін әдеттегі өнім болып саналатын картоп, сәбіз, қияр, қызанақты, құлпынай мен алманы егіп қана қоймайды, жүйектерден өрік ағашы мен шабдалыны да кездестіруге болады. Айтуынша, кейбір танысының бақшаларында көкжидек, мүкжидек, қызыл ырғай, қызылжидек те өседі.

Бірақ қаупі мол егіншілік аумағында мұндай жемістерді өсіру ол үшін ойға сыймайтындай. Бағбан әлгіндей өнімдерді жайқалтып отырғандардың еңбегі зор деп санайды.

— Бақшаларда экологиялық жағынан таза көкөністер, жемістер-жидектер өсіріледі. Дәмдік сапасы жағынан алғанда біздің бақшаларда өніп шыққан өнімдер оңтүстіктен жеткізіліп, сатылып жатқандардан ондаған есе артық. Оның үстіне фермерлер өз егістіктерінде көкөніс өсіру кезінде арамшөп шығармау үшін түрлі гербицидтер сеуіп тастайтыны да белгілі. Ал біз сияқты бағбандар өз учаскелерімізде гербицид дегенді қолданбаймыз, арамшөпті қолмен жұламыз. Себебі біз өз балаларымыз бен немерелеріміздің таза тағамдар жеп, сау болуын қалаймыз, — дейді бағбан.

Раиса әжей үшін бау-бақша сапалы азық өнімдерін алатын жер ғана емес, өмірін ұзартуға себеп болатын пайдалы ермек. Көптеген қарт адам жүріп-тұрудың қиындап бара жатқанына қарамастан саяжайға келіп еңбектенеді. Егер ондай зейнеткерлер үйде отырып қалса, сырқаттары үдеп, өздерін қоярға жер таппас еді.
Дейтұрғанмен бағбандар бау-бақша ұстау жыл өткен сайын қымбатқа түсіп бара жатқанын айтады. Тұқымдар мен көшеттердің, құралдардың бағасы үсті-үстіне өсуде. Саяжайлардағы тарифтер мен мүшелік жарнаны да ұлғайтып жатыр. Негізінен ол кооператив қатысушыларының санына байланысты және қазіргі күні жарнаның мөлшері 6500 теңгеден басталып, 9000 теңгеге дейін жетіп тұр. Кейбір бағбан бау-бақшасына төнетін қауіпке қарамастан саяжайды бақылаушылар мен күзетшілер қызметінен бас тартып, мүшелік жарнаны арзандатуға ұмтылатыны да жасырын емес.
— Ақшаға шаққанда бау-бақшамыз өзін ақтамайды. Жол шығынына, жалға төлейміз. Биыл баға тағы көтерілгеніне байланысты көбі бақшаларын тастап кетуге шешім қабылдады. Кейбірі қайтадан оралып жатыр. Адамдарға қымбатшылық ұнамаса да амалсыздан төлеп, өз жер телімдеріне келеді. Электр жарығына қатысты мәселе бар. Электр жүйесін тартып беруге 300 мың теңге сұрайды, бұл өте қымбат. Қазір уақыт белдеуінің ауысуына байланысты кеш тез қараяды. Жұмыстан шығып бақшаға келетіндер үшін суаруға уақыт тапшы. Ал қараңғыда барлық жүйек пен жеміс ағаштарын деріне жеткізіп суару мүмкін емес. Оның үстіне бақшамызға құбыр бойымен ағып келетін суға қатысты да мәселе аз емес, құрғыр кейде тоқтап қалады. Егер жаздың аптап ыстығында су келмей қалса, қаншама уақыт баптаған өнімдеріміз қурап қалуы мүмкін, — деп қынжылады бағбан Гүлжанат Табылдина.

Оның айтуынша, бау-бақша ұстаушыларда тәуекел аз емес. Қазір өрт қауіпті кезең басталды. Иесіз тұрған саяжайлар өрттің тез таралуына негіз болады. Ал ондаған жыл бойы өздері еккен көшеттерінің жемісін жеп келе жатқан бағбандар оның зардабын тартады. Ендеше, бұл мәселені жергілікті әкімдік өз бақылауына алуы керек деп есептейді зейнеткер. Яғни, бос тұрған 6 сотық жерді қала тұрғындарына тегін таратып берсе болар еді. Есесіне билік өрт оқиғаларының алдын алады, әрі тұрғындардың өздерін сапалы көкөніспен, жеміс-жидекпен қамтамасыз етуіне мүмкіндік туатыны даусыз.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бау-бақшалардағы өрт оқиғалары жыл өткен сайын үдеп келе жатқанын айтады. Кейбір жылы бір ғана өрт оқиғасы 500-600 жер телімін жайпап өткен жайттар кездескен.
— Өткен жылы саяжайларда тіркелген өрттердің барлығы қалдықты, қурап қалған өсімдік сабақтары мен ағаш бұталарын өртеуден пайда болған. 2024 жылы саяжайлардың 250 телімінде жану деректері анықталды. Биыл біздің барлық әрекетіміз оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталып отыр. Қалдық пен қурап қалған өсімдік сабақтарын арнайы жерлерде өртеу керек. Егер ондай жерді өзіңіз дайындайтын болсаңыз, ол көлемі бір текше метрден көп емес шұңқыр немесе темір ыдыс болуы тиіс. Әрі ол өрт қауіпті жерлерден белгілі бір қашықтықта ұсталғаны абзал, — дейді төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рустамбек Амрин.

Құтқарушылар жыл сайын саяжайларды аралап, ережелерді түсіндіретін парақшаларды таратады, рейдтер мен бақылау іс-шараларын жүргізеді. Алайда өрт шыға қалған жағдайда оған жол берген адамды анықтау, тіпті, мүмкін емес.
Бағбандардың бас ауруына айналған тағы бір мәселе — ұрлық. Металдан жасалған заттар, темір қоршаулар, ала жаздай өсірген бақша өнімдері жиі қолды болады. Павлодарлық полицейлер тонаушылармен күресу үшін бірнеше жыл бұрын атты патруль қызметін ұйымдастырған. Қазір олардың қарауында 15 ат бар. Арнайы патруль саяжай маусымы басталғалы саяжайларды бақылауға алды.

— Атты патруль бау-бақшаны бақылауда ыңғайлы болып тұр. Автөкөлік жүре алмаған жерден жылқы оңай өтіп кетеді. Полиция қызметкерлері саяжайлар аумағында заңсыз жүргендерді анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдке шығады. Сондай-ақ, құрылыс нысандары, салынып жатып тоқтап қалған немесе иелері тастап кеткен ғимараттар, саяжай телімдері тексерілді. Әдетте тәртіп сақшылары бау-бақшалардан қара металл жинап жүрген бөгде адамдарды қолға түсіріп жатады. Оларды тергеп-тексеру үшін автопатрульге тапсырамыз, — дейді кавалериялық взвод командирі Бердібек Даяндах.

Жоғарыда аталған қиындықтарға қарамастан Ертіс-Баян өңіріндегі бау-бақша кооперативтері өз жұмыстарын жалғастырып келеді. Зейнеткерлер бағбаншылық ісіне жастар да қызығушылық танытатынын айтады. Алайда саяжайға келіп, бел жазбай еңбек ететіндердің арасында жастар өте аз.
Мысал үшін Павлодар қаласында тұратын Денис Трофимов жергілікті жылу-электр стансасында жұмыс істейді. Әйелі медицина саласында еңбек етеді. Олардың отбасында бір қыз бала бар. Кейде ата-аналары саяжайға шақырғанда Денис олардың көңілін қалдырмауға тырысады екен. Бірақ ол 6 сотық жерді сатып алып, көкөніс пен жеміс өсіру ешқашан өзін ақтамайтын, еңбегі еш, тұзы сор жұмыс деп есептейді.

— Меніңше, бау-бақша өсіру қаржылық жағынан тиімді емес. Көлік отынына, жолға, бақшаны ұстап тұруға шығындану керексің. Жұмсаған ақшаңды жинаған өніміңнің есебінен шығара алмайсың, тіпті шығыны бірнеше есе асып түседі. Оның үстіне бақшаны баптауға көп уақыт жұмсау керек, ол біз сияқты жас отбасыларда уақыт деген тапшы. Баланы түрлі үйірмелерге, ағылшын тіліне, биге, өзге де дамытатын орталықтарға тасуын керексің. Күн сайын қимылда болғандықтан, саяжайға барып еңбектенуді уақыт тығыздығы көтермейді, — дейді Денис Трофимов.
Жас отағасының ойынша, бақшадағы өнім қашан піседі деп төзіміңді тауысқанша, үй жанындағы дүкен сөрелерінде самсап тұрған көкөніс пен жемістерді сатып ала салу — ең дұрысы. Сайып келгенде уақытты да, ақшаны да үнемдейсің.
Еске сала кетейік, былтыр Павлодар саяжайларында тариф бірден 50 пайызға қымбаттаған болатын.
Ал 2023 жылы Павлодарда 527 саяжай учаскесі жанып кеткен.