Өзара түсіністік, бірін-бірі сыйлау: ШҚО-дағы қос ұстаздың шаңырағындағы қағидалар қандай

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында тұратын Қыдырхановтар отбасы 4 бала тәрбиелеп отыр. Отағасы Аслан Базарбекұлы еңбек пәнінің ұстазы, қолөнер шебері. Түрлі-түсті металлдан сәнді бұйымдар жасайды. Жұбайы Ардақ Әуелбекқызы математика пәнінің мұғалімі.

Қыдырхановтар отбасы
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Екеуі де өз мамандықтары бойынша республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Қыздары Арна биыл «Алтын белгі» иегері атанған. Шаңырағына шаттық ұялаған жанұя жақында ШҚО бойынша өткен «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды.

Kazinform тілшісі Аслан Базарбекұлын әңгімеге тартып, отбасы бақытының құпиясы қандай екенін біліп көрді.

- Әңгімемізді жұбайыңызбен қалай танысқандарыңыздан бастасақ...

- Жан жарым Ардақпен мектепке іс-тәжірибеден өтуге келгенде таныстық. Таныстығымыз сезімге ұласып, 2003 жылы шаңырақ көтердік. Отбасымыздың босағасы берік, ішінің жайлылыққа толуында қосағымның еңбегі зор. Өзі қолөнерден алыс емес, ісмер жан. Жұмыста ісіне жауапты қызметкер. Ал үйде отбасымыздың ұйытқысы, балаларына мейірімді ана. Үй шаруасы мен жұмысты тең ұстап, бәріне үлгеруге тырысады. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да математика білім беру бағдарламасы бойынша білім алған. Қазір мектепте математика пәнінің мұғалімі. Жарымның әкесі темірден түйін түйген шебер, анасы да ісмер адам. Жұбайым жұмысыма бағыт беріп, ісіміздің өнімді болуына себепкер.

- Өзіңіздің қолөнерге деген қызығушылығығыз қалай байқалды ?

- Қолөнерге бала кезімнен қызықтым. Әкем мен атам он саусағынан өнер тамған шебер кісі болған. Асқар тауымның қасынан қалмай істеген ісін жадыма түйіп жүрдім. Әкем жоқта құралдарын алып, абайсызда әртүрлі жарақаттар алғаным әлі есте. Тырнағымды да талай кестім, аяғымды да балтамен ұрып жарақаттаған кездерім болды. Соған да қарамастан қолөнермен айналысуды жалғастырдым. Мектеп кезінде астау, орындық, үстел, төсек, домбыра жасадым. Өзім домбыра шертпегеннен кейін, оны жасауды қойдым. Темірден де түйін түйген кездерім болды. Темірден пышақ жасауды жетілдіріп, шарықтау шегіне жеткенде одан да қол үздім. Жиһаз жасаумен де айналыстым. Үйдегі әртүрлі шкаф, төсек, үстел басқа да жиһаздар өз қолымнан шыққан.

Қыдырхановтар отбасы
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

 

Сөйте келе, қолөнердің ішінен жаныма жақынын таптым. Қазір түрлі-түсті металлдан сәнді бұйымдар жасауға бет бұрдым. Асқан қырағылықты талап ететін зергерлік өнерде білімімді тереңдетіп жатырмын. 2018 жылы Астанаға барып шеберлік сабағын алдым. Қосымша кітаптар сатып алып өз бетіммен де ізденіп жүрмін.

Қолөнердің барлығын әкем үйретті, арғы аталарымыздан келе жатқан өнер десек те болады. Ол кісілер былғарыдан аяқ киім де тіккен екен. Былғарыдан қамшы өруді әкемнің ағасынан үйренгенмін.

- Балаларыңыз жайлы толығырақ айтып өтсеңіз...

- Жарым екеуіміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Арна, Дана есімді егіз қыздарымыздың біреуі мектепті «Алтын белгі», біреуі «Үздік атестатқа» бітірді. Арна Семей медициналық университетінде, Дана С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да информатика пәні мұғалімі мамандығын оқып жатыр. Екеуі де мектепте озат, халықаралық байқауларда жүлдегер болған. Үшінші ұлым былтыр 5 сынып оқып жүргенде аудан, облыс деңгейінде ғылыми жоба қорғаған. Балаларымның жетістігі №9 мектеп ұстаздарының жемісі деп білемін. Ұлым да сурет салғанды, ағаш жонғанды жақсы көреді. Төртінші қызым биыл даярлық тобында оқып жатыр. Оның да мектепте үздік оқып, өз жолын тапқанын қалаймыз.

- Отбасы бақытының формуласы қандай деп ойлайсыз ?

- Отбасының бақытты болуы қандай да бір формулада деп айтпас едім. Бірақ әр шаңырақтың өзіндік қағидалары бар деп ойлаймын. Біздің отбасымыздың бақытының сыры – татулығында. Балаларымыздың, туыстарымыздың арасында ынтымақтастық, ауызбіршілік болғанын насихаттаймыз. Бір-бірімізге сыйластық танытып, керек кезде қол ұшын созуға даярмыз. Шаңырағымыздың қағидасы ретінде бекітіп қоймасақ та, анасы екеуіміз перзенттерімізге үнемі ісімізбен де сөзімізбен де үлгі болуға тырысамыз. Өзіміз де біз үлкенбіз демей балалардың пікіріне құлақ асып, тыңдап отырамыз. Олар да осыны үлгі етіп, бір-бірін тыңдап, сыйлап тұрады. Қазақтың «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген ұстанымына келетін тәрізді. Қалжың сөз айтса да өтірік айтпауларын үнемі еске салып отырамын.

- Отбасы мүшелерімен уақытты қаншалықты бірге өткізесіздер ?

- Жұмыстан келгеннен кейін арқа-жарқа болып әңгімелесіп, бірге отырып ас ішеміз. Кішкентай балаларыммен бірге ойнап, көңіл бөліп, әкелік мейірімімді көрсетуге тырысамын. Жазда судың жағасында демалғанды ұнатамыз. Жалпы отбасының беріктігі бірге көп уақыт өткізуінде де жатқан болса керек. Себебі басымыз қосылған сәтте ашық сөйлесіп, ойымызбен бөлісіп жақындықты сеземіз.

- «Мерейлі отбасы» байқауына қатысу туралы ой қайдан келді ?

- «Мерейлі отбасы» байқауы туралы мектеп директорынан естідік. Ол кісі осы байқауда бақ сынап көруге ұсыныс жасады. Жарым да қызығушылық танытып, қатысуға бел будық. Сайыс талаптарын орындап, портфолио жасауда жарымның еңбегі зор. Отбасымыздың өмір тынысын жақсы жеткізе білді. Аудандық байқауда жеңімпаз атанғанда жүрегімде ерекше сезім болды. Әрі қарай облыс бойынша да үздік атандық. Осы байқауға қатысқан әр жанұяның өзіндік ерекшелігі, басымдығы бар. Қазақстанның әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болсын!

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар