Өзбек тарапы өз азаматтарын Таяу Шығыс елдеріне уақытша бармауға шақырды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі қажылық, демалыс және басқа да мақсатта Таяу Шығыс елдеріне баруға ниетті азаматтарға сапарларын кейінге шегеруді ұсынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бірқатар ел өздерінің әуе кеңістігін пайдалануға шектеу енгізді. Осыған байланысты халықаралық рейстер кешігіп, транзиттік маршруттар жабылып жатыр.
Сәйкесінше, министрлік өзбекстандықтарға жағдай тұрақталғанға дейін Таяу Шығыс елдеріне жоспарланған сапарларын кейінге қалдыруды ұсынды.
Бұған қоса, ведомство шет мемлекеттердің аумағында жүрген азаматтарға сақтық танытып, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау керектігін ескертті. Бұл ретте министрлік елшілік мен консулдық мекемелердің қызметкерлерімен тұрақты байланыста болу қажеттігін еске салды.
Еске салайық, 28 ақпанда Израиль Иранға соққы жасады. Сол күні Иран Израильге қарымта жауап ретінде бірнеше зымыран жіберді.
Кеше Иранның IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі елдің Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи қаза тапқанын хабарлады. Бұған қоса, Али Хаменени кеңесшісі — Иран Қорғаныс кеңесінің хатшысы Әли Шамхани мен Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы Мохаммад Пакпурдың көз жұмды.
Кейін Аятолла Арафи Иранның уақытша жоғары жетекшісі болып тағайындалды.
Бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операция қойылған міндеттер толық орындалғанға дейін жалғасатынын хабарлады.
Мұнымен бірге, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық салдарынан мұнай бағасы көтеріліп, акциялар құлдырады.