Өзбек-тәжік шекарасында 90 келіге жуық есірткінің ауыр түрлері тәркіленді
Өзбекстан мен Тәжікстан шекарасында ірі көлемде есірткі тасымалдау фактісі анықталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мәліметіне сай, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Шекара әскері қызметшілерімен бірлесіп, Сұрхандария облысында Тәжікстаннан әкелінген есірткінің ірі партиясы тәркіленді.
«Сарыасы ауданы Чашма елді мекенінің аумағы арқылы өтетін өзбек-тәжік мемлекеттік шекарасының учаскесінде 39 келі 409 грамм героин, 35 келі 745 грамм апиын, 14 келі 545 грамм гашиш анықталды», - делінген Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мәліметінде.
Ведомстводан атап өткендей, бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 246-бабының 2-бөлігі (Контрабанда) бойынша іс қозғалған. Қазір жалпы салмағы 89 келі 699 грамм болатын есірткінің кімге тиесілі болғанын анықтау бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.