Өзбекстан 2027 жылға қарай картоп импортына тәуелділіктен арылуға ниетті

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — 2027 жылға қарай Өзбекстан ішкі нарықты картоппен толық қамтамасыз ете алуы тиіс, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Картоп
Фото: АШМ

Диқандарды қолдау мәселелері қаралған кеңесте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жауапты органдарға осындай тапсырма берді. Қазіргі таңда республика қажеттілікті импорт есебінен жауып отыр.

Өзбекстанда 290 мың гектарға картоп өсіріледі. Дегенмен фермерлер жоғары өнім ала алмай отыр. Осыған байланысты Шавкат Мирзиёев жергілікті климатқа бейімделген картоп сұрыпын шығаруды тапсырды.

Кеңес нәтижесінде белгілі болғандай, биыл Ауыл шаруашылығын қолдау қоры картоп алқаптарын кеңейту үшін 400 млрд сум (шамамен $30,8 млн) қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, импортталатын тұқымдық картоп кедендік баждан 3 жылға босатылады.

Еске салайық, былтыр 11 айда Өзбекстан 52,6 млн доларға 627 мың тонна картоп импорттады. Ресми Ташкентке бұл көкөністің 74 пайызын Қазақстан экспорттады. Сонымен қатар, Өзбекстан Қырғызстан мен Пәкістаннан картоп сатып алды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 28 қаңтардан бастап Қазақстаннан өзге елдерге картоп шығаруға тыйым салынды.

Соңғы жаңалықтар