Өзбекстан 2030 жылға дейін көлеңкелі экономиканың көлемін 2 есе қысқартуға ниетті
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев елдегі көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартуға бағытталған жұмыстардың барысымен танысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Кеңесте мәлім болғандай, кейінгі жылдары көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы және аумақтық комиссиялардың қызметі жолға қойылды. Салық және кеден органдары тиісті талдау жүргізілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы екі жылда бақыланбайтын экономиканың үлесі 35 пайыздан 23 пайызға дейін төмендеді. Тиісінше, бюджетке қосымша 38 трлн сум ($3,1 млрд) түсті. Сонымен қатар ресми жұмыспен қамтылғандар 8,5 миллионнан асып, орташа жалақы мөлшері 6,5 млн сумға жақындады.
Дегенмен бұл ретте көлеңкелі экономиканың үлесі әлі де жоғары. Осыған байланысты Шавкат Мирзиёев жауапты ведомство басшыларына 2030 жылға дейін оның көлемін екі есе қысқартып, ресми жұмыспен қамтылған халық санын 14 миллионға жеткізуді тапсырды. Бұған қоса көршілес елдің үкіметі онлайн төлемдердің үлесі 75 пайызға дейін жеткізуге ниетті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда шетел валютасына сұраныс 20,1 пайыз өсті.
Сондай-ақ, 18 маусымда Өзбекстанның Орталық банкі базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады.