Өзбекстан 2035 жылға дейін ЭЫҰ-ны дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды
Ташкентте өтіп жатқан Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) 16-шы саммитінде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев ұйым алдына қойылған міндеттердің орындалуына тоқталып, бірқатар бастама көтерді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан басшысы 2035 жылға дейінгі ЭЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың негізігі салаларын айқындайтын тұжырымдама қабылдауды ұсынды.
«Өзбекстан ұйымның негізгі құжаты – «Перспективалар – 2025» жобасының қорытындысын шығаруды қолдайды. Сонымен қатар ЭЫҰ-ның басым бағыттарын айқындайтын «Экономикалық ынтымақтастықтың стратегиялық мақсаттары – 2035» тұжырымдамалық құжатын әзірлеуге кірісетін кез келді деп санаймыз», - деді Шавкат Мирзиёев.
Мәлім болғандай, былтыр ЭЫҰ елдері арасындағы өзара сауда-саттық 85 млрд долларға жеткен. Бұл - ұйымға мүше мемлекеттердің жалпы сыртқы саудасының 8 пайызы ғана. Сондықтан Шавкат Мирзиёев елдер арасындағы экспорт пен импортқа қойылатын талаптарды жеңілдетуді ұсынды.
«Әлі күнге дейін кедергісіз сауда платформасын құруда көптеген шектеулер мен проблемалар бар. Біз жағдайға тың көзқараспен қарап, оны ұтымды жаққа өзгертуіміз керек», - деп ұсыныс білдірді Өзбекстан Президенті.

Саммит барысында экономикалық мәселелерден бөлек, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та сөз болды. Мәселен, ЭЫҰ-ға мүше елдердің аумағында ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары тізіміне енген 90-ға жуық ескерткіш бар. Сондай-ақ, аталған ұйым мемлекеттеріне жыл сайын 80 миллионға жуық шетелдік турист келеді.
«Трансшекаралық бағыттардың мол мүмкіндігін ескере отырып, бірлескен туристік маршруттарды ашуды және «Жібек жолы» брэндімен жалпы туристік бағдарламалар санын ұлғайтуды ұсынамын», - деп тоқталды Шавкат Мирзиёев.
Өзбекстан басшысы ЭЫҰ хатшылығы жанынан құрамына туристік әкімшіліктер мен мүше елдердің жетекші сарапшылары енетін Туризм жөніндегі жеке консультативтік комитет құруды ұсынды.

Шавкат Мирзиёевтің айтуынша, аталған комитеттің алғашқы кездесуі келер жылы Экономикалық ынтымақтастық ұйымының туристік астанасы болып жариялаған Шахрисабз қаласында өтуі мүмкін.
Еске салайық, бүгін Ташкентте Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 16-шы саммиті өтіп жатыр. Оған Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Иран басшысы Ибрахим Раиси, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан мемлекетінің басшысы Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Түркия елінің басшысы Режеп Тайип Ердоған, Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайылов, Пәкістан уақытша үкіметінің басшысы Анвар уль-Хак Какар және ЭЫҰ-ның Бас хатшысы Хусрав Нозири қатысып отыр.