Өзбекстан алғаш рет БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік кеңесіне мүше болды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Тұңғыш рет Өзбекстан Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің құрамына енді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

өзбекстан
Фото: Pixabay

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сай, республиканың аталған кеңес құрамына енуі бойынша сайлау өткен аптаның соңында Нью-Йорк қаласында өтті. Оның нәтижесі жасырын дауыс беру арқылы анықталды.

«Өзбекстан президентінің басшылығымен жүргізіліп жатқан жүйелі реформалар халықаралық қоғамдастық пен БҰҰ-ға мүше мемлекеттер тарапынан қең қолдауға ие болып келеді. Соның нәтижесінде біздің еліміз БҰҰ-ның осы негізгі органына сайланды», — делінген Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Өзбекстан 2025-2027 жылдар аралығында аталған кеңестің мүшесі болады.

Айта кетейік, Экономикалық және әлеуметтік кеңес — БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік салалар қызметін үйлестіру жөніндегі бас органы саналады.

Оның құрамына 54 мемлекеттің өкілі кіреді.

Қоса кетсек, Қазақстан аталған кеңеске 2022 жылдан бері мүше.

Соңғы жаңалықтар