Өзбекстан ардагерлері қазақстандық интернационалист жауынгерлерді құттықтады

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай Өзбекстан Республикасының «Ардагер» жауынгер-интернационалистер қауымдастығының төрағасы Талат Мурадов Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының көптеген жауынгерлері Ферғана, Шыршық және Термез қалаларындағы оқу орындарынан аттандырылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзбекстан ардагерлері қазақстандық интернационалист жауынгерлерді құттықтады

Ардагердің айтуынша, 15 ақпан ауған жауынгерлері үшін әрі мерекелік, әрі қасіретті күн.

«Ауғанстан арқылы Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен 750 мыңға жуық солдаттар пен офицерлер өтті. Құрама командалар Ауғанстанға жіберілмес бұрын Ферғана, Шыршық және Термездегі оқу жаттығуларынан өтті. Бұл соғыс талай адамның өмірін қиды, тек Өзбекстаннан осы 9,5 жыл ішінде 1545 адам қаза тапты. Сол уақыттан бері біз соғыстан алған жарақат пен дерттен көз жұмған тағы 6 мың адамнан айырылдық», – дейді Талат Мурадов.

Ол өмір мен өлім арасында арпалысқан интернационалист-жауынгерлер Парыз, Намыс, Достық сөздерінің мағынасын терең түсінетінін айтып өтті. Ардагерлер әлі күнге ТМД елдерінде және алыс шетелдерде тұратын қарулас жолдастарымен тұрақты байланыста.

«Қазақстанда бірнеше ардагерлер ұйымы бар, біз олармен достық байланыстамыз. Солардың бірі – менің досым әрі әріптесім, Қазақстандағы ауған жауынгерлері ұйымының төрағасы Шәріпбай Өтегенов. Ол сондай-ақ ТМД елдерінің жауынгер-интернационалистер істері жөніндегі комитетінің бірінші орынбасары. Өткен жылы қазақ достарымыздың Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан ардагерлерінің біріккен автошеруін ұйымдастыруы өте қызықты акция болды. Олар Ферғанадан шығып, Ташкентке, одан кейін Шымкентке, Түркістанға, Қызылордаға барды», - деді ардагер.

«Біз бұл достықты өте жоғары бағалаймыз. Әйелім түркістандық болғандықтан, мен қазақ еліне күйеу баламын. Қазақстанға жиі барамын, жауынгерлік достармен жиі бас қосамыз. Біздің бар күшіміз көпұлтты отбасылық достығымызда. Осы сәтті пайдалана отырып, Қазақстандағы барша жауынгер жолдастарымды осыдан 34 жыл бұрын соғысты тастап, бейбіт өмірге қадам басқан мерекелерімен құттықтағым келеді. Алла халықтарымызға тыныштық пен бақ-береке берсін», - деп Талат Мурадов қазақстандық интернационалист жауынгерлерді құттықтады.

Шара аясында Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Соңында ардагерлерге әскери әндер концерті ұсынылып, жауынгерлік дастархан жайылды.

Еске сала кетейік, 15 ақпан - Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылған күні. Осы оқиғаға орай Астанада қаза тапқан ауған жауынгерлеріне арналған ескерткіште митинг өтіп, гүл шоқтары қойылды.