Өзбекстан Ауғанстанға 200 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM - Шавкат Мирзиёевтың тапсырмасына сәйкес Наурыз мейрамы мен Рамазан мейрамына байланысты Ауғанстан халқына арналған 200 тоннаға жуық азық-түлік тауарларының кезекті гуманитарлық жөнелтілімі Балх провинциясына жеткізілді.

Бұл туралы Сұрхандария облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Көрші елге жеткізілген қажетті азық-түлік тауарлары Хайратан қаласындағы «Астрас» компаниясының аумағында Өзбекстан Президентінің Ауғанстандағы арнайы өкілі Исматилла Иргашев, Сұрхандария облысының әкімі Ұлықбек Қасымов, сондай-ақ Қорғаныс, көлік, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрліктері, сондай-ақ, Балх провинциясы губернаторы Мұхаммед Юсуф Вафо және екі жақтың ресми өкілдері қатысуымен тапсырылды.

Гуманитарлық көмекке ұн, бидай, макарон өнімдері, өсімдік майы, қант, тез дайындалатын тағамдар, қызыл бұршақ, маш бұршақтары кіреді.
Мазари-Шарифте де екіжақты кездесу өтіп, алдағы ынтымақтастықты дамытуға қатысты мәселелер талқыланды. Әңгіме барысында Өзбекстан тарапынан Ауғанстанда салынып жатқан Имам Бұхари кесенесі құрылысына қатысты пікір алмасу болды.

Ауғанстанның ресми өкілдері Өзбекстан президенті мен халқына көрсеткен көмегі үшін ризашылығын білдіріп, келе жатқан Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтады.
Еске сала кетейік, Өзбекстан 2025 жылы да Ауғанстанға электр энергиясын экспорттайды.