Өзбекстан Бахрейн, Кувейт және Оман азаматтары үшін 30 күндік визасыз режим енгізбек
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан 1 маусымнан бастап Бахрейн, Кувейт және Оман азаматтары үшін 30 күндік визасыз режим енгізеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Тиісті жарлыққа президент Шавкат Мирзиёев қол қойды. Құжатқа сәйкес, жыл соңына дейін шетелдік туристер санын 15,8 миллионға, ал саяхатшыларға көрсетілетін қызмет экспортын 4 млрд долларға дейін жеткізу жоспарланған.
Сонымен қатар өзбек тарапы биыл ішкі туристердің санын 40 миллионға дейін арттыруға ниетті. Аталған межеге қол жеткізу үшін 378 жаңа туроператордың қызметі жолға қойылады.

Қоса кетейік, 2024 жылы ресми Ташкент 2,2 млн қазақстандық туристі қабылдауды жоспарлаған еді. Дегенмен былтыр 11 айда Өзбекстанға 1,3 миллионнан астам отандасымыз келген.
Ал биыл қаңтарда Өзбекстанға 100 мыңнан астам қазақстандық саяхаттап келді.