Өзбекстан басшысы Дональд Трампқа жасалған қастандықты қатаң айыптады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев АҚШ саясаткері Дональд Трампқа жасалған қастандықты қатаң айыптайтынын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
«Президент Шавкат Мирзиёев Пенсильвания штатындағы сайлауалды баяндамасы кезінде АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа жасалған қастандық туралы хабарды аса алаңдаушылықпен қабылдады. Мемлекет басшысы бұл қастандықты қатаң айыптайтынын мәлімдеді және Дональд Трамптың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді», - деп жазды Өзбекстан басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов.
Қоса кетсек, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ саясаткері Дональд Трампқа жасалған қастандықты қатаң айыптайтынын мәлімдеген еді.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың Пенсильвания штатында сайлауалды акциясы кезінде Дональд Трампқа қастандық жасалғанын жазған болатынбыз.