Өзбекстан басшысы мемлекеттік органдарға қызметтік шығындарды қысқартуды тапсырды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды бюджет қаражатын қатаң үнемдеуге міндеттейтін қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан басшысы мемлекеттік органдарға қызметтік шығындарды қысқартуды тапсырды
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Құжатқа сәйкес, бюджет тапшылығының шекті деңгейінен (3%-дан көп болмауы тиіс) асып кететін шығындарға қосымша кіріс болған кезде немесе өзге де қажеттіліктерге бағытталатын қаражатты қысқарту есебінен ғана рұқсат етіледі.

Бұл ретте мемлекеттік органдарға жоғары лауазымды шенеуніктердің жалақысын көтеру (ең төменгі жалақы мөлшерін көтеруді есептемегенде), қызметтік көлік пен қымбат жиһаз және кеңсе керек-жарақтарын сатып алу бойынша бастама көтеруге тыйым салынады. Орынды қажеттілік болса, онда қаражат тікелей Министрлер кабинетінің келісімі негізінде бөлінеді.

Сонымен, бюджетті жоспарлау барысында мемлекеттік ұйымдардың жиһаз бен кеңсе керек-жарақтарына арналған шығындарын былтырмен салыстырғанда 10%-ға қысқарту тапсырылды.

Бұған қоса, хокимиятарға жергілікті бюджет есебінен штат санын ұлғайтуға тыйым салынады.

Еске салайық, былтыр желтоқсанда Өзбекстан парламенті елдің 2025 жылға арналған бюджетін мақұлдады. Оған сай, шоғырландырылған бюджет кірісі 431 трлн сум (шамамен $33,4 млрд), шығыстар 480,5 трлн сум ($37,3 млрд) шамасында жоспарланған.

Сонымен қатар, Өзбекстанда жемқорлыққа бейім келетін шенеуліктерді ерте анықтау тәжірибесі енгізілмек.

Соңғы жаңалықтар