Өзбекстан басшысы «Орталық Азия — Қытай» саммитіне қатысу үшін ертең Астанаға келеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев 17 маусымда «Орталық Азия — Қытай» саммитіне қатысу үшін Астанаға барады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ауқымды іс-шараға өңір мемлекеттерінің басшылары мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қатысады. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндігін талқылайды. Сонымен қатар президенттер өңірлік және халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады.
Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен хабарлағандай, саммит аясында Шавкат Мирзиёев Си Цзиньпинмен екіжақты кездесу өткізеді.
Айта кетейік, «Орталық Азия — Қытай» форматындағы алғашқы саммит 2023 жылы мамырда Қытайдың Сиань қаласында ұйымдастырылған болатын.
Еске салайық, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге сапармен келген Си Цзиньпинді Астана әуежайынан қарсы алды.
Кейін тараптар Ақордада келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге бағытталған 24 келісімге қол қойды.