Өзбекстан басшысы Президент Әкімшілігінің жаңа құрылымын бекітті

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімділік пен нәтижені арттыруға бағытталған шаралар туралы» жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Шавкат Мирзиёев
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Өзбекстан басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадовтың мәліметінше, Президент Әкімшілігінің жаңа құрылымы бекітілді. Яғни, қызмет бағыты бір-біріне ұқсас 284 штат жойылып, лауазымдар оңтайландырылды.

Жарлықта жазылғандай, енді Президент Әкімшілігі басшысының 5 орынбасары болады. Олар білім беру, кәсіпкерлік сала, сот-құқық жүйесі, денсаулық сақтау мен су ресурстары бағыттарындағы жобалардың іске асуын қадағалайды. Мұнымен бірге, стратегиялық даму және сыртқы саясат жөніндегі президент кеңесшілері лауазымы енгізілді.

Сондай-ақ қаржы технологиялары, цифрландыру және жасанды интеллект, креативті экономика, қоғамдық қауіпсіздік, президенттің аймақтарға жасайтын сапарына орай талдау материалдарын әзірлейтін коммуникациялар департаменттері құрылды.

Еске салайық, биыл 23 маусымда Шавкат Мирзиёевтің жарлығымен Президент Әкімшілігінің басшысы лауазымы қайта жасақталды. Тиісінше, оны бұрын мемлекет басшысының көмекшісі болған Саида Мирзиёева иеленді.

Нақтылай кетейік, Шавкат Мирзиёев 2023 жылдың тамызында Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің құрылымына реформа жасады. Кейін Президент Әкімшілігінің басшысы лауазымы жойылды. Сәйкесінше, президент көмекшілерінің қатары көбейді. 2022-2023 жылдар аралығында Президент Әкімшілігін Сардор Умурзаков басқарған еді.

Соңғы жаңалықтар