Өзбекстан билігі елдің Қорғаныс доктринасына өзгеріс енгізуге ниетті
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Бүгін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Оның барысында көршілес елдің басшысы елдің әскери қауіпсіздігі мен қорғанысын нығайту мәселелері жөнінде бірқатар бастама көтерді. Атап айтқанда, Өзбекстан аталған салаға жасанды интеллектіні және жаңа технологияларды енгізуге мүдделі.

— Біз бүгінде болып жатқан соғыстардың сипаты түбегейлі өзгергенін түсінуіміз қажет. Қазір танк, ұшақ немесе әскердің басымдығымен ғана жеңіске жетуге болады, деп ойлайтын адам қатты қателеседі. Бүгінгі жауынгерлік іс-қимылдар негізінен жасанды интеллект, цифрлық технология және алыс қашықтықтағы нысанға аса жоғары дәлдікпен соққы жасайтын құралдар арқылы жүргізіліп жатыр, — деді Шавкат Мирзиёев.
Осыларды ескере отырып, Өзбекстан президенті «Бір миллион бағдарламашы» және «Жасанды интеллект саласындағы бес миллион көшбасшы» бағдарламаларын іске қосуды тапсырды. Оның аясында оқудан өту үшін жыл сайын Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 5 мың мерзімді әскери қызметші іріктеледі.
Сондай-ақ, өңір қолбасшылығы және министрлік деңгейіндегі сайыстардың жеңімпазы мен жүлдегері атанған сарбаздардың әскери қызмет мерзімі бір айға қысқарады.
Бұған қоса, Шавкат Мирзиёев осыдан 8 жыл бұрын қабылданған Қорғаныс доктринасын және 1997 жылдан бері қолданыстағы Ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасын қайта қарау қажеттігін атап өтті.
— Жаңа Қорғаныс доктринасы еліміздің ешқандай әскери блокқа мүше болмау мәртебесін сақтап қалу стратегиясына негізделуі тиіс. Мұнымен бірге, онда көпвекторлы дипломатия, жоғары технология, әскери дербестік және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған қағидалар ескерілуі қажет. Жалпы, жаңа доктрина армияны технологиялық жаңартуға және озық әскери шешімдерді енгізуге негіз болуы шарт, — деп атап өтті Өзбекстан президенті.
Қоса кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдап, оған әскери және құқықтық тәртіпті күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.