Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу бойынша тағы үш елмен келіссөзді аяқтады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылу бойынша Өзбекстан Аргентина, Аустралия және Гондураспен келіссөздерді қорытындылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу бойынша тағы үш елмен келіссөзді аяқтады
Фото: Azizbek Urunov/linkedin

Бұл туралы ДСҰ мәселелері жөніндегі Өзбекстан басшысының арнайы өкілі Азизбек Урунов мәлім етті. Оның айтуынша, аталған хаттамаларға көршілес ел Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Саида Мирзиёеваның қатысуымен Женевада өткен келіссөз барысында қол қойылды. 

– Бұл біздің тек ДСҰ-ға қосылуымызға бағытталған мәмілелер емес, сонымен қатар тиісті келісімдер Өзбекстанның әлем елдерімен іскерлік байланыстарды нығайтуына жол ашады, - деп хабарлады Азизбек Урунов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Өзбекстан 29 елмен келіссөзді аяқтады. Енді осындай хаттамаларды растауы тиіс тағы үш мемлекет қалып отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан ДСҰ-ға қосылу келіссөздерін биыл аяқтауға ниетті.

Сондай-ақ ДСҰ-ға қосылу бойынша Қытай мен Өзбекстан арасындағы келіссөзге биыл Астанада нүкте қойылды. 

Соңғы жаңалықтар