Өзбекстан Грузиядағы ең ірі теңіз портын салу жобасына қатысуы мүмкін

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан Грузиядағы Анаклия теңіз портын салу жобасына қатысу мүмкіндігін зерделеп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

а
Фото: Өзбекстанның Инвестиция министрлігі

Таяуда Өзбекстанның Көлік министрі Илхом Махкамов пен Инвестиция, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Кудратов Грузияның көлік инфрақұрылымымен танысты. Ведомство басшылары Анаклия, Поти және Батуми порттарын аралады.

Ресми мәліметке сай, сапар барысында Грузияның Қара теңіз жағалауында салып жатқан Анаклия теңіз портына ерекше назар аударылды. Құрылыс аяқталғаннан кейін ол барлық үлгідегі кемелерді қабылдауға қауқарлы болмақ.

- Өзбек тарапы Грузиядағы ең ірі терең теңіз портын салу жобасына қатысу мүмкіндігіне ерекше назар аударады. Оны «Қытай - Қырғызстан - Өзбекстан» теміржол дәлізімен жалғауға болады, - делінген Инвестиция министрлігінің хабарламасында.

Қоса кетсеск, таяуда «Қытай - Қазақстан - Өзбекстан - Ауғанстан» бағытында контейнерлік жүк тасымалы жолға қойылды.

Бұған дейін өзбекстандық сарапшы Мурат Бахадиров түркі елдері өзінің географиялық орналасуын геоэкономикалық артықшылыққа айналдырып жатқаны жайлы айтқан еді.