Өзбекстан қатерлі ісіктен болатын өлім көрсеткішін қалай төмендетпек

Өзбекстан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінде (АЭХА) ядролық инфрақұрылым мен медицинаны дамыту, соның ішінде су ресурстарын бақылау үшін тұрақты изотоптар зертханасын құру және жоғары сапалы сәулелік терапия арқылы қатерлі ісіктен болатын өлімді азайту бойынша бес жаңа жобаны бекітті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Олардың үшеуі ядролық саланың инфрақұрылымын дамыту, нормативтік базаны нығайту, ядролық қауіпсіздік және Өзбекстанның зерттеу ядролық реакторын тиімді пайдалануға бағытталған.

Төртінші жоба - су ресурстары мен ластану көздерін бақылау үшін тұрақты изотоптар зертханасын құру. Жобаны орындау Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі жанындағы гидрометеорологиялық қызмет агенттігіне (Өзгидромет) жүктеледі.

«Қатерлі ісікті емдеуге арналған радиациялық медицинаны дамыту және оның қолданыс аясын кеңейту» деп аталатын бесінші жоба Өзбекстанда жоғары сапалы сәулелік терапияны, диагностикалық радиологияны және басқа ядролық медицина технологияларын енгізу арқылы қатерлі ісіктен болатын өлімді азайтуға бағытталған. Жобада шеңберінде сала мамандарының біліктілігін арттыру және аталған дерттің түрлерін анықтау мен емдеу бойынша ұсынымдар әзірлеу көзделген.