Өзбекстан Қазақстанмен шекарадағы шектеулерді ұзартады
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, Өзбекстан Республикасының «Дәуіт-ата» өткізу пунктінде жеке тұлғалар мен көлік құралдар үшін шектеулер жалғасады.
- Өзбекстан Республикасы Экономика және қаржы министрлігі жанындағы Кеден комитетінің «Дәуіт-ата» өткізу пунктінде Өзбекстан-Қазақстан мемлекеттік шекарасынан өтетін жеке тұлғалар мен көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы өткізу пункті арқылы жеке тұлғалардың, жеңіл автомобильдер мен автобустардың қозғалысын шектеуді ұзартады. Бұл өткізу пунктін қайта құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, «Дәуіт-ата» өткізу пункті қазақстандық «Тәжен» өткізу пунктімен шектеседі. Бұл кеден бекеті Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы аумағында орналасқан.
Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жүк көліктерінің кептелісі туралы жазған болатынбыз.