Өзбекстан көмір өндірісін 22 пайызға арттырады

көмір
Фото: Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан халықтың, әлеуметтік саланың және өнеркәсіптің қажеттілігін ескере отырып, көмір өндірісін 22%-ға арттыруы тиіс. Геология мәселелері талқыланған кеңесте ел президенті Шавкат Мирзиёев жауапты органдарға осындай тапсырма жүктеді.

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, геология саласына жыл сайын 1 трлн сум (36,5 млрд теңге) бөлініп, нәтижесінде 31 мың шаршы шақырым жаңа учаскеге геологиялық барлау жүргізілген.

Сондай-ақ, бұл бағытта 1,7 млрд долларға бағаланған инвестициялық жобалар іске асып жатыр.

Жиын барысында Шавкат Мирзиёев салаға шетелдік технология мен инвестиция тартуды жалғастыру бойынша тапсырма берді.

Оның арқасында геологиялық барлау мен өндіріс тиімділігі арта түспек.

Статистика агенттігінің мәліметінше, былтыр 11 айда Өзбекстанда көмір өндіру көлемі 19,1 пайызға өсіп, 5,73 млн тоннаға теңелді.

Сонымен қатар, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Өзбекстанға жеткізілген қатты отын 1,4 млн тоннаға артып, 3,1 млн-ға жетті.

Ал қырғыз көмірінің импорты 10 айда 2 есеге, яғни 900 мың тоннаға дейін өсті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Өзбекстан Экология министрлігі Ташкенттегі ауаның ластануына ағаштарды заңсыз кесу, көліктер бөлетін зиянды газдар және көмір мен мазут түтіні себеп екенін мәлімдеген еді.

Осыған байланысты ведомство кәсіпорындар мен жылу орталықтарында көмір мен мазутты пайдалануға тыйым салуды ұсынды. 

Соңғы жаңалықтар