Өзбекстан мектептерінде жасанды интеллект пәні енгізіледі
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 2026 жылдан бастап өзбекстандық оқушыларға жасанды интеллект негіздерін оқыту жоспарланып отыр. Бұл туралы Өзбекстан президентінің төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Жиын барысында Шавкат Мирзиёев балаларға мектеп жасынан бастап ақпараттық технологияларды үйретудің маңызына тоқталды. Атап айтқанда, ол жауапты ведомство басшыларына келесі жылы 2 000 сыныпты компьютермен жабдықтап, 6 300 интерактивті тақта орнату бойынша тапсырма берді.
Мұнымен бірге, дарынды оқушыларды қолдау мақсатында өңірлерде мамандандырылған мектептердің филиалдары ашылады. Оларда ақпараттық технологиялар, инженерлік бағыт және жаратылыстану ғылымдары бойынша білім берілмек.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан үкіметі жемқорлықпен күрес үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуді жоспарлап отыр.
Қоса кетсек, биылғы оқу жылында Бейжің мектептерінде жасанды интеллект пәні енгізілді.