Өзбекстан мен АҚШ «Артемида келісімдерін» жасасты
АСТАНА. KAZINFORM – Самарқандта өткен екіжақты келіссөздерден кейін Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио «Артемида келісіміне» қол қойды. Бұл туралы UzA агенттігі жазды.
Құжатта Айды, Марсты, кометалар мен астероидтарды бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық қағидаттары белгіленген.
Келісімге қол қою Өзбекстанның АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасымен (NASA), сондай-ақ келісімге қатысушы басқа елдердің ғарыш агенттіктерімен ынтымақтастығын кеңейтуге, ұлттық мамандарды даярлауға және ғарыш технологияларын беруге ықпал етуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Өзбекстан «Артемида келісіміне» қол қойған 77-ші мемлекет болды.
Бахтиёр Саидов пен Марко Рубио Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы C5+1 форматындағы министрлік кездесу аясында ұйымдастырылған «Өзбекстан мен АҚШ: ғасырлар мен құрлықтарды жалғаған ортақ тарих» көрмесін де тамашалады.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Өзбекстанға барғанын жаздық. Сондай-ақ еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесті. Онда Марко Рубио Қазақстанға сапарлауы мүмкін екені де айтылды.
Одан дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Самарқандта өткен C5+1 форматындағы министрлік кездесуге қатысқаны хабарланған еді. Жиынға АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер ведомстволарының басшылары да қатысты.