Өзбекстан мен БАӘ стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Абу-Дабиге жасаған ресми сапары аясында БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид әл-Нахаянмен шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан мен БАӘ стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойды
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Келіссөз барысында тараптар Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы достық қарым-қатынас пен сан салалы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мүмкіндіктерін талқылады.

Шавкат Мирзиёев пен шейх Мұхаммед бен Заид әл-Нахаян жасанды интеллект, цифрландыру, «жасыл» энергетика, қала құрылысы, инфрақұрылым мен туризм салаларындағы байланысты тереңдете түсуге ниет білдірді. Тиісінше, аталған әр секторды ілгерілету бойынша жұмыс топтары құрылады.

Сонымен бірге, тараптар 2025-2027 жылдарды «Өзбекстан мен БАӘ арасындағы экономикалық әріптестіктің жаңа дәуірі» деп жариялау ұсынысына қолдау білдірді. Оның аясында 2030 жылға қарай өзара алыс-беріс көлемін 10 есе арттырып, инвестиция портфелін $50 млрд жеткізуге бағытталған жоспар қабылданбақ.

Қос ел басшыларының келіссөзі нәтижесінде Өзбекстан мен БАӘ арасында стратегиялық әріптестік орнату туралы декларацияға қол қойылды.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан мен БАӘ Ташкентте деректерді өңдеу орталығын құруға ниетті екенін жазып едік.

Соңғы жаңалықтар