Өзбекстан мен Беларусь өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізбек
ТАШКЕНТ.KAZINFORM – Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев пен Беларусь президенті Александр Лукашенко Ташкентте өткен келіссөз барысында екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық 15%-ға өскен.
«Қос ел үкіметінің алдына осы көрсеткішті алдағы жылдары 1 млрддоллардан асыру міндеті қойылды. Осы мақсатта бірлескен сыртқы сауда компаниясын құру, экспорт пен импортты қолдау тетіктерін және тауарларды сертификаттаудың электрондық жүйесін енгізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», - деп мәлім етті Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар, тараптар жүк тасымалы үшін өзара қолайлы жағдай жасауға, оңтүстік Азияның тиімді нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін мультимодальды дәліздерді ұтымды пайдалануға келісті.
Бұған қоса, кооперациялық байланыстарды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары бірлескен кәсіпорындар саны 4 есеге өсті. Келіссөз барысында мемлекет басшылары кооперацияның ауыл шаруашылығы, жеңіл, тамақ және электротехника өнеркәсібі, фармацевтика мен коммуникация сияқты басым бағыттарын атап өтті.
Екі ел басшылары мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайта түсуге келісті. Тиісінше жоғары және кәсіптік білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт пен туризм саласындағы әріптестікті дамыту бағдарламалары әзірленеді.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Беларусь президенті Александр Лукашенко Ташкентке ресми сапармен келгенін хабарлап едік.