Өзбекстан мен Қытай арасындағы әуе тасымалы аптасына 100 рейске дейін ұлғаяды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан мен Қытай арасындағы әуе тасымалының санын аптасына 100 рейске дейін арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Ташкент аэропорт
Фото: Advantour

Өзбекстан Көлік министрлігінің мәліметінше, тиісті келісімге Қытайдың авиациялық әкімшілігімен бірлесе қол қойылған.

«Келісім тараптар арасында әуе тасымалын аптасына 100-ге дейін ұлғайтуды, екі елдің кез келген қалаларына ұшу мүмкіндігін ұсыну үшін Өзбекстан мен Қытай әуекомпанияларының ұшу географиясын кеңейтуді (қазіргі уақытта ұшу үшін 7 қала белгіленген) көздейді», - деп мәлім етті Көлік министрлігінен.

Ведомство ақпаратына сай, аталған келісім биыл сәуір айында өтетін қосымша кездесудің қорытындысы бойынша күшіне енеді.