Өзбекстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 50 пайызға өсті

Өзбекстан мен Қытай
Фото: president.uz

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Қытайға жасаған мемлекеттік сапары ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цянмен кездесуден бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Әлихан Асқар. 

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлімдегендей, кездесу барысында сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелері қаралды. Бұл ретте өзбек-қытай қатынастары барлық сала мен бағыттарда бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткені атап өтілді.

«Өткен жылы тауар айналымы 50 пайызға өсіп, 14 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткішті 20 млрд долларға дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Өзбекстан экономикасына бағытталған қытайлық инвестициялардың жалпы көлемі 14 млрд доллардан асты», - деп мәлімдеді президенттің баспасөз қызметінен.

Шавкат Мирзиёев пен Ли Цян инфрақұрылымды жаңғырту, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, ауыл шаруашылығындағы технологиялар трансфері және «жасыл» энергетиканы дамыту бойынша ынтымақтастықтың жекелеген бағдарламаларын дайындауды талқылады.

Сонымен қатар Қытайдың қаржы институттарымен өзара іс-қимыл перспективалары және қытайлық компаниялардың Өзбекстандағы жекешелендіру процестеріне қатысуы қаралды.

Еске салайық, 23-25 қаңтар аралғында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қытайға мемлекеттік сапармен баратынын жазып едік. 

Соңғы жаңалықтар