Өзбекстан мен Мажарстан стратегиялық әріптестік декларациясына қол қойды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбан Будапештте шағын құрамда кездесіп, екі елдің келешек ынтымақтастығын талқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан мен Мажарстан стратегиялық әріптестік декларациясына қол қойды
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Тараптар әуелі бірлескен инвестициялық жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, олардың құны бүгінде 500 млн долларға жетті. Алдағы уақытта ресми Ташкент пен Будапешт 1,5 млрд еуроға бағаланатын жаңа жобаларды іске асырмақ.

Бұған қоса Шавкат Мирзиёев пен Виктор Орбан биыл шілдеде Будапештте өтетін үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына дейін инвестициялық әріптестік бағдарламасын әзірлеуге уағдаласты. Сондай-ақ, таяуда өзбек-мажар іскерлік кеңесі өз қызметін қайта бастайды.

Будапештте өткен кездесу қорытындысы бойынша бірнеше бірлескен құжат қабылданды. Атап айтқанда, Шавкат Мирзиёев пен Виктор Орбан Кеңейтілген стратегиялық әріптестік қарым-қатынас орнату декларациясына қол қойды.

Мұнымен бірге азаматтарды өзара экстрадициялау шарты, табиғи апаттардың алдын алу және жою саласындағы ведомствоаралық уағдаластық пен атомды бейбіт мақсатта қолдануды көздейтін келісімдер бар.

Қоса кетсек, биыл наурызда Өзбекстан президентінің Францияға мемлекеттік сапары барысында Шавкат Мирзиёев пен Эмманюэль Макрон стратегиялық әріптестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойған еді.

Бұған қоса биыл ақпанда Өзбекстан мен Пәкістан стратегиялық серіктестік кеңесін құруға уағдаласты.

Соңғы жаңалықтар