Өзбекстан мен Моңғолия сауда-саттық көлемін 5-10 есе ұлғайтуға ниетті

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында 14 құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстан - Моңғолия
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Ухнаагийн Хурэлсухтың Өзбекстанға сапары «Көксарай» резиденциясындағы ресми күтіп алу салтанатынан басталды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәртебелі мейманды жылы қарсы алды. Мемлекеттік әнұрандар шырқалды, артынша екі ел басшылары ресми делегация мүшелерімен амандасты.

Суретке түсу рәсімінен соң мемлекет басшылары келіссөз өткізді.

Оның барысында елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, Моңғолия мен Өзбекстан алдағы жылдары өзара тауар айналымын 5-10 есе ұлғайтуға мүдделі. Ол үшін сұранысқа ие өнімдердің экспорты мен импортын арттыру жоспарланып отыр.

Осы мақсатта екі ел үкіметіне тауар айналымын ұлғайту бойынша бірлескен жұмыс тобын құру, Ұлан-Батыр мен Ташкентте ресми сауда үйлерін ашу және преференциялық сауда туралы келісімнің жобасын дайындау тапсырылды.

Сондай-ақ, Шавкат Мирзиёев өнеркәсіптік кооперацияның орта мерзімді бағдарламасын қабылдау туралы бастама көтерді. Бұл ретте тараптар ең алдымен геологиялық барлау, шикізатты игеру және қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге мүдделі.

Бұған қоса президенттер «Халал» стандартына сай келетін ет өнімдерін шығару бойынша өндірістік кластер құру бастамасына қолдау білдірді. Мұнымен бірге дайын өнім шығару, жүн мен былғарыны терең өңдеу бағыттарында маңызды жобалар ұсынылды. Ол үшін екі елдің ғылыми-зерттеу институттары арасындағы байланысты дамыту қажет екендігі атап өтілді.

Шавкат Мирзиёев пен Ухнаагийн Хурэлсух ең тиімді әрі қысқа көлік дәліздеріне, соның ішінде Қырғызстан мен Қытай арқылы өтетін маршруттарға бірлескен талдау жүргізуді ұсынды.

Өткен келіссөз қорытындысы бойынша екі ел басшылары бірлескен мәлімдемеге және мемлекетаралық қатынас пен ынтымақтастық туралы 14 құжатқа қол қойды.

Одан кейін Шавкат Мирзиёев пен Ухнаагийн Хурэлсух екі елдің ірі кәсіпкерлерімен кездесу өткізді, мәртебелі меймандар аллеясына ағаш отырғызды және Ташкенттегі Технопарктің жұмысымен танысты.

Енді Моңғолия президенті Хиуа қаласына барып, өзбек халқының бай мәдени-тарихи мұрасымен танысады. Оның Өзбекстанға мемлекеттік сапары 26 маусымға дейін жалғасады.

Еске салсақ, Ухнаагийн Хурэлсух кейінгі рет Өзбекстанға 2022 жылы қыркүйекте ШЫҰ мемлекет басшыларының кеңесіне қатысу үшін келген болатын.

Соңғы жаңалықтар