Өзбекстан мен Ресей шабандоздары Астанадағы FEI Әлем Кубогында топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада конкурдан FEI Әлем Кубогы Еуразия лигасының финалы басталды. Жарыстың алғашқы күнінде Өзбекстан мен Ресей шабандоздары жеңіске жетсе, қазақстандық Раиса Соколенко екі маршрутта да жүлделі орынға ие болды.

жарыс
Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Финалға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Грузиядан ең мықты шабандоздар қатысады. Спортшылар FEI Әлем Кубогының Гранд-финалына жолдама үшін бақ сынайды.

Бірінші жарыс күні екі маршрут өтті.

№ 1 жарысқа (125 см) 23 жұп қатысты.

жарыс
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Жеңімпаздар:

1-орын — Алишержон Эркинов (Өзбекстан) / Cool Dancer — 0 айып ұпайы, 59.34 сек
2-орын — Азам Толиббаев (Өзбекстан) / Lady — 0 айып ұпайы, 59.87 сек
3-орын — Ринат Галимов (Қырғызстан) / Kira Van De Laren Z — 0 айып ұпайы, 60.10 сек
4-орын — Раиса Соколенко (Қазақстан) / Uran-Nad Wigrami — 0 айып ұпайы, 60.11 сек
5-орын — Бекзод Курбанов (Өзбекстан) / Santos Hippica — 0 айып ұпайы, 60.69 сек.

Астана
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Біз бұл жарысқа ұзақ дайындалдық. Қазақстанға екінші келуім, бірақ бұл — алғашқы жеңісім. Өте қуаныштымын. Кедергілер маршруты біздің жылдамдық үшін қиын болмады, өте ыңғайлы, — дейді А. Эркинов.

№ 2 жарысқа (145 см) 11 жұп қатысты.

жарыс
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Жеңімпаздар:

1-орын — Дарья Самохина (Ресей) / Chas Pik — 70.99 сек
2-орын — Бекзод Курбанов (Өзбекстан) / Santos Hippica — 71.74 сек
3-орын — Раиса Соколенко (Қазақстан) / Uran-Nad Wigrami — 71.89 сек
4-орын — Олег Соколенко (Қазақстан) / Cinderella — 73.99 сек
5-орын — Бекзод Курбанов (Өзбекстан) / Matts V.G. — 75.15 сек.

— Өз елімнің әнұраны шырқалғанына қуаныштымын. Жарысты жақсы бастадық. Атым кеш келіп, аз жаттықтық. Сол жағына уайымдадым, бірақ бәрі сәтті өтті. Менің атым — менің тәжірибелі серігім. Маған көмектесті. Ризамын. Үлкен финалға жолдама алуға тырысамыз, — дейді Д. Самохина.

Алаңдағы кедергілер орнын сызған курс-дизайнер Мурат Батур ертеңнен бастап бағыттар күрделене түсетінін айтады.

жарыс
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Менің маршрутымның дизайны бірінші күннен соңғы күнге дейін өзгеріп отырады. Бірінші күн әдетте өте қарапайым болады, себебі бұл — жабық арена, сондықтан өлшемдері шектеулі. Біз кедергілер арасындағы қашықтықтарды ұзын әрі көп етіп, бәрін барынша қарапайым жасауға тырысамыз. Кедергілерге бұрылуға көбірек көңіл бөлдік, бірақ ертеңнен бастап кедергілер арасындағы қашықтық тұрғысынан күрделіліктің техникалық жағы шешуші рөл атқарады. Сондықтан ертең бізде әртүрлі қашықтықтағы бірнеше түзу сызықтар болады, олар шабандоздарды өте қатаң сынақтан өткізеді, — дейді жарыс курс-дизайнері Мұрат Батур.

Финалдың салтанатты ашылу рәсімі ертең, 20 қараша күні сағат 15:00–де өтеді. Ашылудан кейін сағат 15:30–да CENTER CREDIT BANK CUP (150 см) басталады.

Айта кетейік, жарыстың бас демеушісі — KAZZINC компаниясы.

Жарыс 22 қарашаға дейін жалғасады. Көрермендерге кіру тегін.

Еске сала кетейік, Астанада тұңғыш рет конкурдан Әлем кубогы Еуразия лигасының финалы өтіп жатыр.