Өзбекстан өндірістің төмендегеніне қарамастан газ экспортын арттырып жатыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл қаңтарда Өзбекстанда 3,8 млрд текше метрден астам газ өндірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан газ
Фото: «Тахиаташ ЖЭС» АҚ баспасөз қызметі

Статистика агенттігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3%-ға төмен.

Қаңтар айында Өзбекстан шет елдерге 21,8 млн доллардың газын экспорттады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. Дегенмен бір айда ресми Ташкент газ импортын 5,4 есе арттырып, 27,8 млн долларды көгілдір отын сатып алуға жұмсады.

Еске салайық, 2024 жыл қорытындысы бойынша Өзбекстанда 44,5 млрд текше метрден астам газ өндірілді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға аз. Осы орайда ресми Ташкент импортты 2 есе арттырды.

Көгілдір отын өндірісін ұлғайту мақсатында аталған ел үкіметі биыл 15 учаскеде геологиялық барлау жүргізбек.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2024 жылдың 1 желтоқсанынан биыл 15 ақпанға дейін өзбекстандықтар 133 млн текше метрден астам табиғи газды заңсыз пайдаланған. Тиісінше, мемлекетке 25 млн доллар шығын келді.

Соңғы жаңалықтар