Өзбекстан президенті 523 адамға рақымшылық жасады
АСТАНА. KAZINFORM - Шавкат Мирзиёев Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің 34 жылдығы қарсаңында «Жазасын өтеп жатқан, жасаған ісіне шын өкінген және түзелу жолына нық қадам басқан бір топ азаматқа рақымшылық жасау туралы» жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ӨР президентінің баспасөз қызметі.
Жарлыққа сәйкес, Өзбекстан Республикасы Конституциясының 109-бабы 23-тармағына негізделе отырып, жазасын өтеп жатқан және жасаған ісіне шын өкінген әрі түзелу жолына нық қадам басқан 523 адамға рақымшылық жасалды.
Рақымшылық жасалғандардың ішінде 195 адам негізгі жазадан толық босатылды, 147 адам жазасын өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды, 87 адамның бас бостандығынан айыру жазасы жеңілірек жазаға ауыстырылды. Сондай-ақ 94 адамның бас бостандығынан айыру мерзімі қысқартылды.
Кешірілгендердің қатарында 8-і шетел азаматы, 45-і әйел, 31-і жасы 60-тан асқан ер адам, 220-і жастар (оның ішінде 1 кәмелетке толмаған). Сондай-ақ 15 адам тыйым салынған ұйымдар қызметіне қатысқандар құрайды.
Жарлықтың орындалуы аясында кешірілген азаматтарды отбасына және жақындарының қасына қайтару, қоғамға бейімделіп, пайдалы еңбекпен айналысуы, салауатты өмір салтын жолға қоюы және қоғамда лайықты орын табуына көмек көрсету бойынша тиісті министрліктер мен ведомстволарға нақты тапсырмалар берілді.
Еске сала кетейік, Өзбекстан басшысы Ораза айт қарсаңында 488 адамға рақымшылық жасағаны жайлы жазған едік.