Өзбекстан президенті инвестиция саласындағы олқылықтар үшін бірқатар шенеунікті жұмыстан шығарды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда инвестициялық саладағы олқылықтар үшін инвестициялар министрінің орынбасары және техникалық реттеу агенттігінің басшысы жұмыстан босатылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Мұндай шешімді 2024 жылға арналған инвестициялар, экспорт және халықаралық ынтымақтастық саласындағы басым міндеттер жөніндегі кеңесте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қабылдады.
«Жүйедегі кемшіліктер мен жобаларды баяу жүргізгені үшін инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Бадриддин Абидов және Техникалық реттеу агенттігінің бас директоры Дилшод Саттаров қызметінен босатылды», - деп мәлім етті Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінен.
Осыған байланысты инвестициялар бағытындағы мәселелерге жауапты премьер-министрдің орынбасары Жамшид Ходжаев тоқсанның соңына дейін жағдайды түзетпесе, жұмыстан шығарылуы мүмкін деген ескерту алды.
Шавкат Мирзиёев шенеуліктерді қызметінен алардан бұрын жүйедегі мәселелерге тоқталды.
Мәселен, соңғы 6 жылда шамамен 50 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылған, бірақ олардың жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ), қосылған құн мен экспортқа қандай әсері бергені тиісті деңгейде талданбаған.
Сондай-ақ, былтыр ЖІӨ мен өнеркәсіп 6%-ға өсті, алайда тауар экспорты жоспарлы көлемге жеткен жоқ. Өңірлерде 8 трлн сумға бағаланған 1000 жоба әлі іске қосылған жоқ, ал оларды қаржыландыру толығымен аяқталды.
Сонымен қатар, бірде-бір елмен Өзбекстан сертификаттарын тану туралы келісімге қол жеткізілмеген. Құны 480 млн доллар тұратын 5 жоба бойынша халықаралық қаржы ұйымдарымен келісім жасалғаннан бері 1-2 жыл өтсе де, бұл қаражатты игеру ісі қолға алынбаған.
«Президент инвестиция бағытындағы жұмыстарға жауапты министрлердің орынбасарлары мен хокимдерді жұмыстан шығаруды тапсырды. Сондай-ақ олардың қызмет тиімділігін бағалайтын KPI көрсеткіштерін анықтап, кейін оларды бір жылдық келісім негізінде қайта жалдауды жүктеді. Жұмыс нәтижесіне байланысты келісім ұзартылады немесе бұзылады», - деп мәлім етті Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінен.