Өзбекстан президенті мақта теру науқанын сылбыр жүргізген облыстарды сынға алды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мақта жинау науқанын жоспарға сай ұйымдастыра алмаған шенеуніктерді сынға алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан басшысының төрағалығымен өткен кеңесте салаға жауапты жетекшілер есеп берді. Оған сай, биыл республика бойынша 875 мың гектар жерге мақта егіліп, оны жинауға 900-ден астам техника жұмылдырылған. Шаруаларға жанармай мен тыңайтқыштар мемлекет тарапынан жеңілдікпен ұсынылған.
Осыған қарамастан бірқатар өңірде мақта теру қарқыны төмен. Сұрхандария, Хорезм, Ферғана және Андижан облыстарындағы нәтижелер орташа деп бағаланса, Самарқанд, Сырдария және Науаи аймақтарындағы көрсеткіш көңіл көншітпейді.
Тиісінше, президент қысқа мерзім ішінде науқан қарқынына ілесе алмаған аудандарда жедел штаб құрып, өнімді сапалы жинап, шаруалардың түйткілдерін жедел шешуді тапсырды. Бұл міндеттерді орындау үшін Өзбекстан басшысы 10 күн уақыт берді.
Тапсырмалардың орындалуын қадағалауға Бас прокуратура өкілдері де тартылды. Олар науқанның жоспарға сай жүргізілуін және мақта терушілерге төленетін қаражатты бақылайды. Сонымен қатар, жалған есеп ұсынатын компаниялар мен шаруаларды анықтау да тергеу органдарына жүктелді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл техниканың көмегімен жиналған 1 келі мақтаға — 1373 (62 теңге), ал қолмен терілген әр келі үшін 2000 сум (90 теңге) ақша беріліп жатыр.
Қоса кетейік, бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің сынына іліккен Нарын ауданының әкімі контейнерде тұрып жатқанын жазып едік.
Сондай-ақ, таяуда Өзбекстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министріне қатысты сот үкімі шықты. Экс-министр Қылмыстық кодекстің 167-бабы 3-бөлігі бойынша («Аса ірі мөлшердегі қаражатты заңсыз иемдену немесе жымқыру») кінәлі деп танылды.